Сборник научных статей международной научно-практической конференции


АЛАШ АРДАҚТЫСЫ – ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ



Pdf көрінісі
бет47/71
Дата02.05.2024
өлшемі2,4 Mb.
#201671
түріСборник
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   71
Байланысты:
zh.aymauytuly zhinak 2023 2

АЛАШ АРДАҚТЫСЫ – ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ
Исабек Б.Қ. 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан 
педагогикалық университетінің Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі 
проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты 
Қазақ халқының өткен тарихы 70 жылдан астам қатігез жүйемен ғұмыр 
кешкен кеңестік қоғамда қатты бұрмаланды, бейкүнә халықты адастырды, төл 
тарихымызды 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастап кеткен сәттеріміз де орын 
алды. Қатты бұрмаланған қағидаттардың бірі бүгінгі азат ұрпақ қатты 
құрметтейтін «Алаш» партиясы, алаш қозғалысы, алаштың арда азаматтары 
құрған Алашорда үкіметі жайында да тым теріс, қатаң әрі ауыр айыптауларға 
толы теріс түсінік қалыптастырды. Ұзақ жылдар бойы жас ұрпақты білім нәрімен 
сусындатқан сан алуан оқулықтар мен ғылыми-монографиялық зерттеулердегі 
қилы-қилы қиянаттар бірінен-бір асып түсіп жатты, ең өкініштісі шынайы 
тұрғыдағы ақиқат айтылатын энциклопедиялық анықтамалықтарда да әділетсіз 
пікір, шындыққа сай келе бермейтін дәйексіз дәлелдер келтіріліп отырды. Осы 
ойымыздың 
дәлелі 
ретінде 
«Қазақ 
ССР: 

томдық 
қысқаша 
энциклопедиясындағы» (1-том, 1984.) келесі бір пікірге назар аударып көрейік: 


119 
«Алаш» – буржуазияшыл-ұлтшыл партия. Қазақ аулындағы феодал-байлардың, 
кертартпа дін басыларының және буржуазияшыл-ұлтшыл интеллигенцияның 
оңшыл тобының мүддесін білдірді»,-деп баға берілді [1,56]. Бұл келтірілген 
ешбір шындыққа сәйкес келмейтін әділетсіз байлам, ақиқаттан алыс 
анықтамалар алаш қозғалысы мен олар құрған үкіметіне де дәл осы тұрғыдан 
берілді, халықты жаңылыстырды. Ең өкініштісі сол мемлекеттік деңгейдегі 
анықтамалықтар дәл осылай деп түсінік берді, одан әрі дәл осындай тым жабайы 
түсінікпен бірнеше ұрпақ тәрбие алды, осы түсінікке шексіз сенді. Алаш 
ардақтылары жайында айтылған осындай қиянаттар алпыс жылдан астам 
үстемдік етті. 
Қазақ халқы сан ғасырлар бойы күткен азаттыққа жетті, тәуелсіздікке қол 
жеткізген еліміздегі тарихи ақиқаттар қалпына келе бастады, «ақтаңдақтардың» 
шынайы ақиқаты кеш те болса ашылды, соның ішінде халық зарыға күткен 
«Алаш» тарихына қатысты екені баршамызды қуантады. Дауылды, дүрбелеңді 
болып басталған 1917 жылы құрылған Алаш партиясының өмірге келгеніне 105 
жылдан астам уақыт болды. Алаш қозғалысына қатысты тарихи деректер, ол 
қозғалыстың тарихи мәні жайында тарихшылар көп зерттеулер жазды. Бүгінгі 
біздің айтарымыз алаш ұранды әдебиеттегі ерекше орны бар белгілі тұлға, аса 
көрнекті қаламгер, ағартушы, педагог, журналист, туғанына 135 толғалы 
отырған Жүсіпбек Аймауытұлының қайраткерлік тұлғасы мен шығармашылығы 
жайында.
ХХ ғасырдың бас кезінде, яғни, дәлірек айтқанда 1905 жылдары-ақ 
іргетасы берік қаланып, ғасыр басында орын алған аласапыран жылдары
аумалы-төкпелі төңкеріс кезінде туған елінің жанашыры болып табылған 
алаштықтардың тарихтан алар орны ерекше. Осы кезеңде өздерінің күрескерлік 
рухымен тарих аренасына шыққан алаш қайраткерлерін отаршылдық өктемдігі, 
қатыгез пиғылы патшалық Ресей империясынан да асып түскен большевиктер 
билігі қуғындап, тұншықтырып тастау үшін ештеңеден аянбады. Тағдыры сынға 
түскен арда тұлғалардың дені ұлт мүддесін бәрінен биік қойды, сол жолда 
жанқиярлық іс-әрекеттерімен күрес жүргізді. Бастарын қатерге тікті, өздері жаңа 
биліктің қуғын-сүргінінен көз ашпай жүрсе де әдебиет әлемінде, жауынгер 
публицистика жанрында, енді ғана дамып келе жатқан ғылым саласында мәңгі 
өлмес мұралар қалдырды.
Ендігі кезекте қысқаша болса да жазушы Аймауытовтың өмір жолы мен 
қызметтік сапары жайында тоқталып өтсек. Ұзақ жылдар бойы айтуға, зерттеуге 
тыйым салынып келген тұлғаның өмірбаянына қатысты да алғашқы кезде 
әрқилы деректер болды. Бұл жайында Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығы 
бойынша ең алғашқы болып докторлық диссертация қорғаған ғалым, филология 
ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Сағынбекұлы Тұрысбек былай 
деп пікір сабақтайды: «Ақиқатын айту керек, көрнекті қаламгердің өмірбаяны 
хақында қазірдің өзінде түрлі пікірлер бар. С.Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ 
әдебиеті» (1932) еңбегінде 1893 жылы туды, Ә.Тәжібаев: «Жүсіпбек - 
Баянауылдық, 1896 жылы туған» десе, С.Садуақасовтың сұрақтарына қайтарған 


120 
жауаптарында қаламгердің өзі «Сиыр жылының аяғында (1890)... тусам керек» 
[2,88.] дейді». 
Қазіргі уақытта пікір бір ізге түсті, жазушы ақталған тұстары билік 
жүйесінің басында болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 
қорытындысында 
1889 
жыл 
көрсетіліп, 
осы 
мезгілде 
Қазақстан 
Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы 
Әдебиет және өнер институты әзірлеген бір томдық таңдамалы «Шығармалары» 
(1989), сыншы ғалым С.Қирабаевтың «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітабында 
(1993) да осы пікірге тоқтадық. Сонымен қатар Р.Сағынбекұлы жазушының 
қызы Музаның қолындағы әкесінің қайтыс болғаны туралы куәліктің 
көшірмесінде 1931 жылдың 21 сәуірінде, яғни 41 жасында атылған делінген 
деректерді және алаштанушы ғалымдардың бірі тарихшы Б.Қойшыбаевтың 
«Боздақтардың соңғы суреттері» деген таныстыру хабарламасында да аталған 
мерзімнің көрсетілгенін атап көрсетеді.
Жүсіпбек Аймауытұлы 1889 жылы Семей губерниясының Павлодар 
уезіндегі Қызылтау болысының бірінші ауылында туған (Қазіргі Павлодар 
облысы, Баянауыл ауданы, Ж.Аймауытов атындағы совхоз). 15 жасқа дейін өз 
ауылында болып, ауыл молдасынан сауатын ашады, ескіше едәуір білім алады. 
Содан кейін аз уақыт өзі молдалық құрып, бала оқытады. «Қартқожа» 
романындағы бала молда бейнесінде жазушының өз өмірінің осы тұсы 
суреттелген. 1907 жылы Баянауылдағы орыс мектебіне түседі. Баянда бір қыс 
оқып, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық 
мектебіне түседі. Алайда ұзақ оқи алмай мектеп режимі мен әділетсіздікке қарсы 
бой көтерген балалардың қатарында оқудан шығып қалады. Ауылына келіп бала 
оқытумен айналысады. 1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс-қазақ 
мектебіне орналасады. 1914-1919 ж.ж. Семейдегі мұғалімдер семинариясында 
оқиды. Осы жылдары алашордашылардың ісіне араласып, партия қатарына кіріп 
және «Абай» журналын шығарысады. Семинарияда болашақ академик Қаныш 
Сәтбаевпен, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен танысады, бірге оқиды. Ол 1919 
жылы кеңес өкіметі жағына шығады, партия қатарына кіреді. Семейде, 
Павлодарда партия, кеңес жұмыстарын атқарады. 1921ж. Семей губерниялық 
оқу бөлімінің меңгерушісі, кейін «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады. 1922-
1924 ж.ж. Қарқаралыда мектеп мұғалімі, 1924-1926 ж.ж. Ташкентте шығатын 
«Ақ жол» газетінің редакциясында қызметтер атқарды. 
1926-1929 ж.ж. Шымкент педагогикалық техникумының оқытушысы және 
басшысы қызметін атқарады. 1929 жылы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар 
деген желеумен тұтқынға алынады. Зобалаң зардаптан құтыла алмай қармаққа 
ілінген ол 1931 жылы жалған жаламен атылу жазасына кесіліп кете берді, 
қыршынынан қиылды. 
Өмірбаян жолына зер салып қарап отырғанда небәрі 42 жыл ғана ғұмыр 
кешкен алаш ардақтысының тағдыр талайының кейбір кезеңдері біздің оңтүстік 
өлкесімен де тығыз байланысты болғанын қапысыз аңғартады. Қазіргі күні 
Өзбекәлі 
Жәнібеков 
атындағы 
Оңтүстік 
Қазақстан 
педагогикалық 
университетінің дүниеге келген тарихы ресми түрде 1937 жылы деп саналады. 


121 
Алайда, шын мәнінде біздің Шымкент қаласында 1926 жылдардың өзінде 
педагогикалық оқу орнының, техникумының болуы, аталған оқу орнының 
басшысы, ұстазы болып Жүсіпбек Аймауытұлы сынды алаш ардақтысының 
қызмет етуі де біздер үшін мақтаныш. Біздің қасиетті қарашаңырақтың дүниеге 
келуі, бастау бұлағы Аймауытов негізін қалаған педагогикалық техникумнан 
басталған деп те болжам жасауға болады.
Аса ауыр, бірақ өте ерекше әлеуметтік төңкерістер, ұлы өзгерістер кезінде 
өмір сүрген Ж.Аймауытов өзінің қысқа ғана ғұмырында соңына аса бай, бағалы 
әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерді. Он үш жасында өлең жазуға әуестене 
бастаған Жүсіпбектің шығармашылыққа біржола берілуі революциядан кейін 
басталды. Оған әрқилы оқиғаларға үзіп-жұлып өлең арнаған жас ақын кейін 
үлкен қоғамдық тақырыптарға бой ұрады, халықтың азаттық жолында күресі 
идеясын терең көтеріп, осы халықтық қозғалыстағы ауыл кедейлерінің өмірін 
жан-жақты бейнелейді. Революциядан кейін қазақ өмірінің сан қилы қиындығы 
жазушыға өмір фактісіне сәйкес әр жанрда ізденуге үйретеді. Сөйтіп, ол 
әдебиеттің көптеген жанрларында бастаушы болды. Одан қалған мұра аса бай. 
Олардың ішінде өлеңдер мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансапқорлар», 
«Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия-Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалар, 
көптеген әңгімелер, «Күнікейдің жазығы» повесі, «Қартқожа», «Ақбілек» 
романдары, балаларға арналған ертегі кітапшалар, сын мақалалар, аударма 
кітаптар, оқулықтар бар. Шығармашылығын өлең жазудан бастаған 
Ж.Аймауытов поэзияға көп аялдамаған, кешікпей-ақ, драмалық, прозалық 
шығармалар жазуға ауысқан. 
Шағын ғана мақалада Ж.Аймауытовтан қалған мол әдеби, тарихи 
мұраларға жан-жақты талдау жасау мүмкін емес. Біздің назарымызды Әлихан 
Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған Алашорда үкіметінің ең 
алғашқы әнұраны болған, азаттыққа ұмтылған халқымыздың жүрегін жаулаған, 
1918 жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов бірлесе отырып жарыққа 
шығарған, алашорданың астанасы Семей қаласында шығып тұрған «Абай» 
журналының № 1 санында жарияланған «Ұран» өлеңі ерекше аудартты. Жыр 
жолдарындағы бірер шумақты мысал ретінде келтіре кетсек: 
Қазағым, қақтықпа, қамалма! 
Ел болар қамыңды амалда! 
Кетті түн, атып таң, шығып күн, 
Сал малды, сал жанды, аянба! 
Мал баққан, жай жатқан ел едік, 
Бейнетті көп тартқан ер едік, 
Қаны жат, тілі жат, діні жат, 
Жат елден таяқты жеп едік (3,211) 
1916 жылғы «июнь жарлығынан» кейін басталған ұлт-азаттық көтерілісі 
зая кеткен жоқ, 1917 жылғы ақпан төңкерісі арқылы бізді бодандық қамытында 
ұстаған, 300 жыл бойы тақта отырған Романовтар билігі құлады, уақытша үкімет 
орнады. Біз бостандыққа жеттік деп қуандық. «Ел болар қамыңды амалда! Кетті 
түн, 
атып 
таң, 
шығып 
күн»,- 
деп 
қуандық. 


122 
Арада көп уақыт өтпей қазан төңкерісі болды, билік басына большевиктер келді, 
бұл билік тіпті «бостандық» әкелді деп қуандық. Бар даусымызбен: «Бұл 
бостандық көктен бізге келмеді, Ешкім бізге сыйлап және бермеді», - деп 
(С.Мұқанов) жыр да жаздық. 
Жүсіпбек Аймауытов көзқарасы басқашалау, өткен тарихтағы бодандық 
қамыты басынан түспеген халқының «қаны жат, тілі жат, діні жат, жат елден 
таяқты жеп едік»,- деп ақиқаттан аттамайды. Ең бастысы: 
Ұраным, қорғаным, сен Алаш! 
Жолына кұрмалдық мал мен бас! 
Өнер тап, өрге шап, қару ат. 
Аллалап алға бас, ал Алаш!!!,- деп
барлық алаш баласына ұран тастайды.
Ол қазақ қоғамы дамуының ең бір мазасыз шағында, әлеуметтік талас-
тартыстар тұсында өмір сүрді. Өзінің бірсыпыра идеялас замандастары секілді 
оның да қалам қызметіне ешқандай да қамқорлық, жағдай туғызушылық болған 
жоқ. 
Жиырмасыншы 
жылдары 
Қазақстанда 
құрылған 
пролетариат 
жазушыларының ассоцациясы оларды үнемі сыртқа теуіп отырды. Баспасөз 
бетінде «ұлтшыл-алашордашыл жазушылар» [4] делініп, үнемі сын садағына 
ілініп отырды. Осындай жағдайда жазушы негізгі әдеби ортадан жырақ, оңаша 
жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Сөйте жүріп, бой тасалап қалмай, 
заманнан оңашаланбай, елі, халқы жайлы ойланып, заман, дәуір сөзін көп айтты.
Қорыта айтқанда, қазақ елінің тарихында «ақтаңдақтар» өте көп деп 
айтуға болады. Соның ішінде ХХ ғасырдың бас кезі өте бір аласапыранды, 
дүрбелеңге толы болып өтті. Осы кезеңде өмір сүрген ақындар мен 
жазушылардың өмірі мен шығармашылық өнерлері де тым ауыр жағдайды 
бастан өткерді. Қолдан ұйымдастырылған қиянаттар, кеңестік идеологияның 
қатал саясаты қазақ ұлтының басына үнемі қара бұлт үйірумен болды. 
Қатыгездік пен қуғын-сүргінді көргендердің алғашқы легінде қазақ елінің 
азаттығы мен тәуелсіздігін арман еткен, барша қазақ баласына «Оян, қазақ» деп 
жар салған алаш ұранды әдебиеттің негізін қалаған көрнекті өкілдері болды. 
«Алаш» атты партия құрып, алашорда төңірегіне топтасқандардың түгелге 
жуығы большевиктердің, кеңес үкіметі жендеттерінің қолынан қаза тапты. Сол 
мерт болғандардың ішінде жазушы Жүсіпбек Аймауытов та бар. Профессор 
Темірбек Қожакеев өзінің «Ұстаздық еткен жалықпас» атты зерттеу еңбегінде 
былай дейді: «Жүсіпбек Аймауытов - кәріге де, жасқа да, ұлға да, қызға да 
ұлағатты болған, халқының көзін ашып, көкірегін оятуға жанын салған жалынды 
жан. Бұл игі ниетке жетуде ол білек күшін де, жүрек жылуын да, қалам қарымын 
да, ақыл алымын да аямаған» [5,452.]
Жүрек жылуымен, қалам қарымымен, ақыл алымымен туған халқына 
алғаусыз қызмет еткен алаш ардақтысы - Жүсіпбек Аймауытов рухы мәңгі 
жадымызда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   71




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет