Сәкен Сейфуллин өлеңдері идеялық тұрғыдан алғанда ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализммен жазылған. Ақын қазақ өміріндегі, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, оған көркемдік, эстетикалық талдау жасайды. Патша отаршылығы, қазақ елінің қараңғылықтан көзі ашылмағандығы, қазақ байларының надандығы, жан-жаққа тартқан ел басшыларының берекесіздігі – осы тектес саяси-әлеуметтік тақырыптарды қозғау, кедейлік, жоқтық зардаптары, білімге үндеу, оларға халық мұраттары тұрғысынан жауап іздеу жас ақынның азаматтық ой-өрісін көрсетеді.
Бұл идеялар «Мұра», «Түс», «Кім басшы-аға халыққа», «Қазақ сабағы», «Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» өлеңдерінің бәріне тән. Оқу-білім қуып жастай қалаға кеткен жасөспірімнің елге деген сағынышы, туған жерге махаббаты, ауыл көріністері, ел тұрмысын, этнографиялық жәйіттерді бейнелейтін «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Айт күні» өлеңдерінен жақсы көрінеді. Бұл туындыларда әдемі бояумен салынған табиғи суреттері, жойылып бара жатқан қазақ халқының өмірінің белгілері – өткен күндер суреті бар.
Әлеуметтік айқын позиция, халықтық идея, бейнелі тіл орамы, мәдениетті өлең кестесі бар «Өткен күндер» жинағы қазақ әдебиетіне тегеурінді талант келгендігінің айғағы болды. Ал, 1922 жылы Орынборда басылып шыққан «Асау тұлпар» жинағы – қазақ поэзиясында жаңа мұраттар, жаңа игіліктерді жырлаған жинаққа айналды. «Далада» аталатын ақ өлеңмен жазылған арнауында ақын:
Сендерге, қарындастар,
Сендерге, інілер,
Сендерге арналды бұл әндер.
Дүниенің құлдық шынжырын қиратып,
Әділдік, теңдік іздеген,
Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,
Еркіндік, кеңдік іздеген,
Көкіректері жанып, бақыт іздеген, жастар,
Сендерге арналды бұл әндер[ ], – деп жинақтың негізгі
идеясын, эстетикалық мұратын пафосты, ұранды сөздермен ашып береді.
С.Сейфуллиннің «Асау тұлпар» жинағындағы өлеңдерді үш топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші – революцияға дейінгі кезде жазылған махаббат, ғашықтық жырлары, табиғат, пейзаж лирикасы, түрлі аудармалар, әдеби пародия. Ақын өлеңдердің қашан, қай жерде жазылғанын дәл көрсетіп отырған. Еркіндік, бостандықты аңсау, табиғат құбылыстарынан философиялық мағына іздеу, таза сүйіспеншілік рақат-ләззатын мадақтау – «Жазғы түнде», «Көңіл», «Сәулем», «Өткен күн», «Далада» секілді өлеңдердің басты көркемдік нәрі.
1917 жылы 9 наурызда жазылған «Асығып тез аттандық» өлеңі – ақын шығармашылығындағы жаңа күрт бетбұрыс, революцияны жырлаудың басы. Россияда болып жатқан таптық шайқастар табиғатын, патша құлап, еңбекші тапқа бостандық келгенін терең ұғынған ақын әлеуметтік мәселелерді қара күн, зеңгір тау, таң, тұлпар, қызыл шоқ үкі, көк, қызыл шашақ оқа тәрізді символды бейнелер арқылы романтикалық әуенде көтеріңкі пафоспен жырлай келіп:
Күнге жайып құлашты,
Шақырып бері шаттандық.
Қуантуға ел-жұртты
Асығып тез аттандық [], – деп тұжырымдайды.
Ал 1917 жылы жазылған «Кел, жігіттер» өлеңінде автор позициясы тіпті айқын, енді ол символды сурет, романтикалық толғау арқылы емес, қазақ жастарына ашық ұран тастайды:
Залымдық пен Әділдіктің
Алысқанын айтайық
Бай мен кедей
Жер жүзінде
Шабысқанын айтайық [ ],– дейді.
Терең мазмұнды, асқақ идеялы «Тұлпарым», «Сағындым», «Қамауда», «Адасқандарға», «Шаһит болған достарыма», «Түрмеден қашып шыққанда» өлеңдері ауыр күндердің қорқынышты келбетін, өмірлік терең шындықтарды ашады, ауыр күрестерде шынығып шыққан революционер тұлғаларын жасайды. Бұл шығармалар Сәкен Сейфуллиннің қысталаң кездегі өмірдерегі сияқты; «Тар жол, тайғақ кешу» романында айтылатын оқиғалармен сарындастық, үндестік сезіліп отырады. Ақын өз басынан өткерген жағдайларды жалпыхалықтық тарихи маңызы бар көркем шығарма дәрежесіне көтеріп, бір-бірімен сабақтас, ұялас, шоғыр туынды ретінде көрінетін жырлар циклын тудырған. Бір кездері қазақ даласын күңірентіп, үстем таптың зәре-құтын алып, еңбекшілерді күреске шақырған бір кездегі француз революционерлерінің әуенімен айтылатын туынды – 1918 жылы жазылған «Жас қазақ марсельезасы». Сәкен Сейфуллин қаламынан туған «Біздің жақта», «Бабаларыма», «Тау ішінде», «Шөлде», «Қашқынның ауылы» өлеңдерінде өкініш, түңілу сарындары, күрестен қашу мотивтері жоқ, қайта туған жерді, кең даланы, сұлу қыз, батыр жігітті, еркіндік, бостандықты мадақтау пафосы толқын атып тұр. Үшінші топтағы 1921 жылы шыққан «Біз», «Қызыл ерлер», «Жолдастар», «Кімде-кімнің тасқын судай қайраты» деген өлеңдерінде ақын революцияны жырлайды. Ақын тақырыбы кеңейіп, идеялар сараланып, бояу-кесте байи түскен 1921-1922 жылдары «Қара айғыр», «Жұмыскерлерге», «Біздің тұрмыс – экспресс» өлеңдерінде жаңа заман кескінінің көрсеткіші ретінде ақын шығармашылығында орасан зор орын алатын поезд, самолет, экспресс, жұмысшы, домбыра секілді бейне-символдар жиі қолданылды. 1924 жылы «Домбыра» жинағында ақын таланты бұрынғыдан терең ашылып, сан алуан тақырыптағы көркем туындылар берді. Табиғат құбылыстарын, туған ел көрінісін бейнелей отырып, символдық сурет жасау, ишарат ой айту сипаттарымен ерекшеленетін 1925 жылы туындаған «Алтай», «Жазғы далада», «Лезде-ақ артта қалады» өлеңдерінде асқақ пафос, жалынды рухпен қоса, кей тұста тәтті мұң төгіліп, тебіреністі сыр шертіледі. Ақынның жұмысшылар, бір сөзбен айтқанда жаңа сана адамын сұлу мүсінді, қайратты, сыптай, жаны таза, биік мұрат жолындағы күрескер етіп көрсететін 1922 жылы шыққан «Біздің Сәуле», 1923 жылы жарияланған «Жас қазақ», «Сәрсен», «Біздің ұлан», «Жеткіншегім, тартынба» өлеңдерінің идеялық мазмұны ұқсас, көркемдігі деңгейлес. Әсіресе «Бұлшық ет» өлеңінде дүниедегі шын сұлу – барлық әрекет, қозғалыстың, динамиканың, даму атаулының тұтқасы, тас қопарып, жер үңгіп, шыңырау қазып, байлық шығарған, темірден жол салып, жер қыртысын сыдырған адам қолын ардақтай келіп, ақын бұлшық етті айғырдың тоқпақ жалына, бөкеннің серке санына, қайыңның қырған безіне, шортанның жұмыр беліне теңей келіп:
Ширатылып түйілген,
Болаттай күшпен иілген,
Бұлшық етті білекпен
Балтырдан күшті дене жоқ [ ], – деп аяқтайды.
Бұл – адам баласының таза сұлулығын, күш-қайратын бейнелі сурет арқылы әсем сомдап, шалқыта мадақтаған келісті де ықшам, көркем де шебер жыр, қазақ лирикасының інжу-маржаны, классикалық туынды.
1923 жылдың жемісі болып табылатын «Аспанға ұш», «Самұрық», «Автомобиль», «Жел қайықта», «Қызыл жұлдыз» секілді өлеңдерде өзгерістер дәуірі, өсіп өрлеудің, дамудың бейнесі ретінде самолет, автомобиль көрініс табады. 1926 жылы Қызылордада басылып шыққан «Экспресс» жинағында ақын:
Шын сүюді сенен көріп,
Сенен ғана білгемін.
Күлсең мен де саған еріп,
Қуанғаннан күлгемін [ ],– деп анасы Жамалға арнаған тарту өлеңнен бастап, кітаптағы бірталай шығарма туған жерге махаббат, оның кең даласын («Қара жер», «Күзді күнгі дала»), айдын шалқарын («Міне, көл»), шулаған тоғайын («Орман»), елге деген құштарлығын жырлауға арнайды.
Хат үлгісінде жазылған «Балаға хат», «Анаға жауап» өлеңдерінде аналық-балалық махаббаттың, сағыныш-мұңның, өкпе-наздың жүрек қылын шертер, көзге тәтті жас үйірілтіп, ет-бауырыңды елжіретер нәзік лирикалық сезім жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқаспен бейнеленеді. Сәкен Сейфуллиннің жарқ еткен гауһардай лирикалық туындысы «Сыр сандық» өлеңі досқа жазылған хат формасында берілген. Сезім мен сыр, ой мен бейне жымдаса қабысып кеткен бұл шығарманың ішкі ырғағы, тармақтың басқы, ортаңғы, аяққы ұйқастары, бунақ, әуезі гармония заңдылығымен есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ұждан, достық пен қастандық туралы тебірене толғанған ақын мұзбалақ, зеңгір тау, сыр сандық, сым перне, алтын сарай бейнелері арқылы көркемдік мұрат, әсемдік идеяларын оқырман қауымға айқара ашып салады. 1928 жылы жарық көрген «Тұрмыс толқынында» жинағындағы «Ауыл байғұс мінеки», «Қарлы аязда», «Ызғырық аязда Жұмат үйінде», «Келіншек ойы» өлеңдерін шаруалар өмірінің әр түрлі психологиялық күйлерін бейнелейтін бір тақырыптағы шоғыр шығарма, цикл деп қарау керек.
Кедей шаруа Жұматтың өмірі, тағдыры қарлы боранды, сұсты табиғат құбылыстарымен астастыра алынады. Теңдікке қолы жеткен бүгінгі шаруаның әрекет-қимылы «Жазғы егіске», «Колхозда», «Егіс жайда» өлеңдерінде жаңа ырғақпен, публицистикалық шалқумен суреттеледі. Бұл туындыларда нақты жер-су аттары, кісі есімдері дәл беріледі, репортаж, очерк сарындары жоқ емес. Кейбір өлеңдерде ақын өлім мен өмір, фәни тіршілік пен мәңгілік диалектикасына бағышталған сырларды толғаудан да қашпайды. Осы сарындағы туындылар қатарына «Отарба терезесінен», «Тұрмыс толқынында» өлеңдерін жатқызуға болады. Керуен, қара жер, шілде, күз, қыс, тамшы, ағын, толқын, дария, теңіз, қайық ұғымдарына ақын символдық, аллегориялық, поэтикалық жаңа мағына береді, ишарат арқылы құнарлы философиялық көркем ойлар айтады, адам өмірінің түрлі кезеңдерін бейнелейді, өмірдің қымбаттылығын, тіршіліктің тәттілігін жырлайды. Сәкен лирикасының тұғыр кейпкерлерінің бірі әр мамандықтағы жұмысшылар болды. Ақын толымды бейне жасау үшін өндіріс ырғағын, кәсіп ерекшеліктерін де ұмытқан жоқ, тіпті көзге елестер сурет тудыру мақсатында қимыл-әрекетті, машиналар қозғалысын беретін ырғақ, өлшем, ұйқас, дыбыс қайталауға дейін барды. «Баспахана», «Тізушілер», «Тоқу фабригінде», «Сылаушылар жыры», «Қалаушылар жыры» деген өлеңдер бұл реттен бір поэтикалық жүйе құрайды. Қазақ әдебиетінің төл топырағында мәуелі жеміс берген революционер ақынның поэтикасында интернационалдық дәстүрлер, әсіресе орыс поэзиясының сабақтары, өзімен бір дәуірде өмір сүрген ақындар тәжірибесі, идеялық, мазмұндық, көркемдік-эстетикалық жалғастық үнемі көрініп отырады. Бұл әсер, ықпал, терең шығармашылық тамырластық табиғатына лайық дәстүр мен жаңашылдық диалектикасы, ұлттық және интернационалдық көркемдік тәсілдердің бірлігі, әдебиет дамуындағы жарасымды тұтастық. Сәкен Сейфуллин поэтикасында символ дәрежесіне көтерілген бірнеше тұрақты бейне бар, олар асау тұлпар, қызыл сұңқар, аққу, домбыра, экспресс, альбатрос, сыр сандық, толқын. Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын оқып отырғанымызда ақынның түрмеде, айдауда жазылған өлеңдерін жиі кезіктіреміз. Қазан революциясына дейін сыршыл ақын білімін жетілдіріп, әдеби-мәдени жастар ұйымының мүшесі болды. 1918 жылдың 4 маусымында Ақмола қаласындағы ақтар төңкерісінде ақын тұтқынға түседі. 1919 жылы 5 қаңтарда Петропавл түрмесіне қамалды. Ақын 47 күн бойы (24 қаңтар – 12 наурыз) атаман Анненковтың «өлім пойызынан» өтті. Омбыдағы Колчак түрмесінен қашып (3 сәуір), шілдеде туған ауылына жетеді. Екі айдан кейін С.Сейфуллин Әулие-атаға қашуға мәжбүр болған. Бұл Сәкен ақынның тар қапасқа бірінші рет қамалуы болатын. Осыдан кейін ақынның күрделі де, ауыр тағдыры басталды. Ақын саяси қайраткер ретінде танылып, ұлт мүддесін қорғап, қоғамдық-саяси биліктің жұмысына араласты. Қазақ АКСР-нің алғашқы төрағасының бірі болып, ұзақ уақыт «киргиз» атанып келген елдің байырғы төл атауы – «Қазақты» қайтарып, қазақ тілін ана тілі ретінде ұлықтау керек деп арнайы қаулы шығарды. Бұл – Сәкеннің халық ұмытса да, тақуа тарих ұмытпайтын батыл іс-әрекеті болатын.
Сәкен алғаш рет түрмеге түсіп, Колчактың зорлық-зомбылығын көрген кезінде «Тар жол, тайғақ кешу» атты атақты мемуарлық романының сұлбасын жазып, мерзімді басылымға жариялай бастады. Ақырында, 1927 жылы естеліктердің бас-аяғы толық жиналып, «Тар жол, тайғақ кешу» атауымен жарияланады. «Тар жол, тайғақ кешу» романы – идеясы мен сюжеті тас босаға, тар есікте туған, абақты өмірінен сыр шертетін, түрме тақырыбындағы алғашқы прозалық шығарма десек қате айтпаған болармыз.
Сәкеннің бірнеше өлеңінің кіндігі түрмеде кесілген-ді. Енді сыршыл ақынның қуғын-сүргінде жүріп жазған өлеңдері туралы айтар болсақ:
Темір торлы тас үйде
Көкірегім толды шерменен.
Қанатты, тағы тұлпарым,
Арқырап келші кермеден.
Тұмарлап баптап, айдарын,
Құйрығын сүзіп ерлеген.
Құтқаршы мені қамаудан
Шынжырлап ерік бермеген.
Сәкен «Тұлпарым» өлеңін түрмеде жатқан азапты күндерде жазған. Ақын туған жерге деген сағынышын өлең жолдары арқылы жеткізеді. «Ер қанаты – ат» демекші Сәкен «тұлпар» образын ұтымды пайдаланған. Бұл біріншіден, символ рөлінде жұмсалып, шығарманың көркемдігін күшейтіп тұрса, әрі автор ойы мен идеясын оқырманға әсерлі жеткізіп тұр. Екіншіден, автор «тұлпар» образын қазақтың болмысымен етене жақын болғандығын ескеріп, ұлттық психологиямызды, танымымызды, рухымызды көркем сөзбен бейнелі көрсету мақсатында қолданған.
«Тұлпар» – қазақи түсінікте еркіндіктің әрі ердің айнымас серігін белгілеген образ. Тұлпардың бейнесінің түп тамыры көне эпостардан басталып, ердің мақсат-мұратына жетуіне көмектесетін адал қолдаушысы ретінде суреттеледі. Мәселен, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары болсын батырларды мұратына жеткізген жүйрік сәйгүліктер. Сәкен ақын да бұл дәстүрмен тұлпардың тар қапастан құтылуға жәрдем беріп, туған өлкесіне жеткізуін армандап қиялдайды.
Өлеңнің алғашқы жолдарында Сәкен ішкі қайғысын, мұң-шерін жырлайды, көмекке тұлпарды шақырады:
Темір торлы тас үйде Көкірегім толды шерменен. Қанатты, тағы тұлпарым, Арқырап келші кермеден. Тұлпарға мініп Сәкен туған жермен, елмен, зеңгір таумен, шалқар көлмен қауышуды армандайды. Бұдан Сәкеннің туған жерге деген сағынышы, отанға деген өшпес сүйіспеншілігі көрінгені анық.
Туғалы қапас көрмеген,
Көкіректе кектер кернеген,
Талпынып құлаш сермеген,
Айтайын ішкі сырымды:
Қайырымды қалың елі бар,
Сарыарқа сары белі бар,
Өрісті шалқар көлі бар –
Сағындым мен қырымды.
Өзенді, көлді жайлаған,
Кермеге тұлпар байлаған,
Хабарсыз арам ойлардан –
Сағындым мен аулымды.
Таулары биік қиялы,
Орманы шалғын миялы,
Жылқы, қой, сиыр, түйелі –
Сағындым Арқа жерімді.