Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет17/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
#5
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26

5. Туған жерің – тұғырың...
Жаппай жекешелендіру жүзеге асыра басталған сәтте Жәйрам сияқты кен алыбы да жеке кәсіпкерлер қолына өтті. Жаңа қожайын жұмысты жаңаша жүргізбек болып, комбинат басшылығына өз адамдарын әкелді.

Ағайынды екі инженер Файзолла Сәдуақасов пен Қайролла Меңтаев ата-бабадан қалған қағида "Есің барда, еліңді тапты" арқау етіп, Қостанайға оралды. Фазекең кәсіпкерлікпен айналысып, қолға алған ісін ұршықша үйірді. Әттең, абзал азаматтың өмірі қысқа болып, осыдан екі-үш жыл бұрын дүниеден озды.

Қайролла болса, келген беттен жаңа үрдіске сай әр түрлі кәсіпорындарда конкурстық басқарушы болды. Бүгіндер "Ставролит" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде отряд бастығы болып еңбек етеді. Жер асты байлығына экологиялық мониторинг жүргізумен айналысады.

Әрбір адам негізінде ең алдымен өзі туып, өскен, кір жуып, кіндік қаны тамған жеріне қарыздар болса керек. Содан да болар, Қайролла елге оралысымен алтын ұясы – Ақсуатқа ат басын тіреп, ата-баба аруақтарына құран бағыштады. Алакөлді айнала қоныстанған бір рулы елдің осы құт мекенге қазық қаққанына да үш жарым ғасыр уақыт өтіпті. Көлдің жан-жағында орналасқан алты бірдей зиратта бүгінгі ұрпақтың ата-бабалары мәңгілік тыныс тапқан. Уақыт соққысынан аза бастаған сол қорымдарға қамқорлық керек-ақ еді. Соны түсінген Қайрекең ауылдың атқа мінер азаматтарына, үлкен-кішісіне ұйтқы болып, ең алдымен аруақтардың мәңгілік мекенін темір тормен қоршатты. Алыстағы-жақындағы ағайындардың басын қосып, ауылдың 350 жылдық тойын өткізуге мұрындық болды. Бұл осы елде туып, өсіп, бүгіндер еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан талай жандардың туған ауылына деген мақтаныш сезімін оятты. Нарық қыспағынан еңселері езіле бастаған ауылдастарының рухын көтерді. Осы "Алакөл айдыны" атанған мереке енді жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі шараға айналды. Ағайын-туғанның туысқандық қылын жалғады.

Бүгіндер осы Ақсуат ауылындағы зират ішінде еңселі ескерткіш бар. Көгілдір мәрмәрдан жасалған осы қасиетті белгіге ата қоныстан кешегі қан майданға аттанып, туған жерге оралмаған, сүйегі жат жерде қалған жетпіс жеті боздақтың есімі алтын әріптермен жазылған.

Мына сұмдықты да қараңыз, кешегі 37-інің зобалаңында "қырағы тыңшылар" айдаладағы томаға тұйық қазақ ауылының өзінен он екі "халық жауын" тауып, бір түнде оққа байлатты. Солардың әрқайсысының есімін, өмір жолын анықтап, сол мәрмәр тасқа қасиеттеп жазуға ұйтқы болған да осы Қайролла мен оның қасына ерген ауылдастары еді.

Иә, халқымыз "Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі..." деп тегіннен тегін айтпаса керек. Осы Қайрекең туған Ақсуат ауылынан шыққан азаматтардың он тоғызы соғыс және соғыстан кейінгі жылдары колхоз басқарып, көзге түскен жандар болатын, Қайролланың жиған мәліметі бойынша осы ауылдың өзінен күні бүгінге дейін сонау Мекке-Мәдинеге барып, қажылық парызын өтеген он екі жан бар екен. Халық шаруашылығының сан саласындағы мамандар қаншама, оған Ақсуаттан шыққан он екі ғалымды, бес полковникті, үш жазушыны, Меңдібек, Майташ, Ақілгек сияқты айтыс ақындарын, үш бірдей әртісті, жиырмадан астам орденді өрендерді қосыңыз.

Солардың ішінде омырауға орден таққан, делегат та, депутат та болған, Сұлтанғали ата мен Ырмалды әженің он сегіз баласынан қалған жалғыз тұяқ Қайролланың орны да тым ерекше. Құдайға шүкір, Қайролла ағамыз бен Бикеш жеңгемізден өсіп-өнген ұрпақ бар. Қанат, Қайрат, Гүлнәр, Ләйлә, Әлия, Жанат, Жомарт атты Сұлтекеңнің немерелері өмірдің нәзік қылын жалғап, ата мен әженің атын ататып, әкесі мен шешесінің көз қуаныштары болып отыр.

Өмір жалғасып жатыр. Сол өмір ағысы тоқтамасын дейік, ағайын...


БЕС КҮНДІК МЫНА ЖАЛҒАНДА

Қу құлқынның құлы болғандар неге көп?..


Ұзақ жылдар бойы баспасөзде қызмет істеп келе жатқандықтан төңіректегі әртүрлі оқиғаларға құлағымыз түрік жүреді. Жақсы жаңалыққа қуанып, жаманына күйінеміз, әрине. Бірақ соңғы кездері сол жаманат атауы көбейіп бара жатыр ма, қалай?..

Алысқа бармай-ақ тек өткен жылғы аты шулы қылмыстарды көктей шолып көрейікші. Халыққа қызмет көрсету орталығы үшін бір кәсіпкерден ғимарат сатып алуға байланысты заңсыз әрекет не көрсетті? Ең бастысы халық айтатын «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген мәтелді бес орап алатын жағдай орын алды. Оңай олжа облыс әкімдігіндегі тұтқа ұстаған, осы салада ұзақ жылдар бойы «мінсіз» қызмет істеген талай жандардың бет пердесін сыпырды.

Бұл аты шулы істен газет оқырмандары да, облыс тұрғындары да жақсы хабардар. Бас-басына тоқталып жатпай-ақ тек қана облыста қаржы тізгінін қолға ұстаған Мария Щеглова ханым туралы бірер сөз айта кетейік. Сөз жоқ, Мария Щеглова шын мәнінде алғыр адам еді, тоқсаныншы жылдары қиын-қыстау сәтте қолдағы бар шамалы қаржыны ұсынықтылықпен жұмсап, облыстың құлдыраған экономикасын біртіндеп қаз тұрғызуға оның қосқан үлесін ешкім де жоққа шығара алмас. Сол тұста облыстық қаржы басқармасына келген басшылар не істерін білмей дал болып, бірінен соң бірі қызметтерінен кетіп жатты. Мария Щеглова келген соң облыстың қаржылық қазаны бұрқ-сарқ қайнамағанмен бабымен баяу бүлкілдей бастады. Облыстың сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев те өңір экономикасын сауықтыру үшін көп күш-жігер жұмсады.

Құрылтайшысы облыс әкімі болып табылатын осы облыстық «Қостанай таңы» газеті де сол тұста қаражат қыспағын көріп, құрылтайшыға қол жайды. Облыстық бюджетке газетке деп салынған қаражаттың да уақытылы қолға тимей жататын кездері болды. Сондай сәтте редакцияда «Шөкеев біздің әкеміз, Щеглова шешеміз» деген кейін мәтелге айналып кеткен тіркес те пайда болды.

Апыр-ай, әр тиынды шотқа қағып, бақылап отырған сол Щеглова ханым бірнеше миллион теңгені қалтаға басқанда қалай қымсынбады екен? Әбден еті үйреніп кеткен адам болмаса, қолына қомақты сома ұстатып жатқанда, ең болмаса: «Ау, бұл не?» деп сұрамай ма? Шамасы, алдын ала келісіп, сөз байласып қойған әрекет-ау...

Ал енді сол Мария ханымды ешкім де жоқшылық көріп, қиналып жүрген жан деп айта алмасы анық. Мұның алдында қаланың қақ ортасында бой көтерген оның кең сарайдай үйі туралы да дау-дамай туындаған еді ғой. Онда «Щеглова шешеміз» маған қаражатты Германиядағы туыстарым берді деп ақталған.

Мен бұл арада болары болған, бояуы сіңген істі қайтадан еске алып отырсам, мақсатым бір ғана сауалға жауап іздеу – осы біз қу құлқынның құрбаны болып бара жатқан жоқпыз ба? Әйтпесе, өмір бойы халықтың көз алдында жүрген, қолдау-қолпаштаудан, дүние-мүліктен кенде емес шенеунік әйел егде тартқан жасында неге мұндай әрекетке барды? Бес күндік мына жалғанда адам баласына көп дүние керек пе? «Қанағат қарын тойдырады» деген қағидат қайда?

Ақыры, сол үлде мен бүлдеге оранған жан темір тордың ар жағына тоғытылды. Заңның аты заң. Оның алдында басы жұмыр пенденің бәрі бірдей. Тек денсаулығы шытынаған, жасы келген адамға алған парасынан артық қаражат төлетіп, бостандықта қалдырса да болар еді... Бірақ күні бүгінге дейін экономикалық қылмысқа қатысты мұндай ұсыныс-пікірлер болғанымен нақтылы заң жоқ.

Өткен жылғы аты шулы істің бірі облыстық санитарлық- эпидемологиялық қызмет департаментінің директоры Ғалым Естекбаевқа қатысты еді. Оған және департаменттің басқа төрт қызметкеріне 42 миллион теңге қаражат жымқырды деген айып тағылып, жаза кесілді. Директор бес жылдан астам уақытқа темір тордың ар жағына тоғытылса, қалғандары шартты түрде жаза алды. Мәселе неде? Тағы да сол ашкөздік, қу құлқынның қамы. Директор болса жалған іссапарларға «шығып», қаражатын қалтаға салған, штат кестесіне «өлі жандарды» қосып, оның еңбекақысын да өңештен өткізіп жүрген және т.б.

Айта кетейік, Ғалым Естекбаев Қостанайға Ақтөбе облысынан келді. Жоғарлап келді. Яғни бұған дейін ол жақсылар санатында болған, ал енді оны не түлен түртті екен? Тағы да сол қанағатсыздық...

Ал, Рудныйда орын алған қанпезерлік әрекетті еске алудың өзі ауыр. Полицияның бұрынғы қызметкерлері Әділбек Бәйменов пен Қайрат Сәрсекеев өздерінің таныстары, полиция қызметкері Динара Жұмабаеваны оның пистолетін алу үшін тұншықтырып өлтіріп, денесін айдалаға апарып жасырған. Сол қол-аяғы балғадай жас жігіттерге тапанша неге керек болды екен? Сотта белгілі болғандай, оларға қару қарақшылық шабуыл жасап, тез байып шыға келу үшін керек болған екен-ау...

Ақыры олардың бірі 20 жылға, екіншісі 18 жылға кесіліп, жазаларын өтеуде. Ал арманы асқақ ару Динара қарындасымыз жендеттер қолынан қаза тауып, жарық дүниемен мәңгілік қоштасты. Бес күндік мына жалғанда тағдырдың бұл тәлкегіне қалайша көнерсің?..

Соңғы кездері құқық қорғау қызметкерлері тарапынан жасалып жатқан қылмыстар жұртшылықты ерекше алаңдатады. Облыстық ішкі істер департаменті жол полициясы басқармасы техникалық қадағалау және тіркеу – емтихандық жұмыс бөлімі бастығының орынбасары Дәулетбай Бисембаев жеті жыл арқалап, кете барды. Тағы да сол пара. Офицерлік ар-намыс, азаматтық ұстаным қайда? Неге біз қолымызға болмашы бір билік тисе, өзгелерден өзімізді жоғары қоямыз? Бес күндік мына жалғанда дүниенікі дүниеге кетпейді, соны неге ескермейміз? Неге көрінер көзге басымызды бәйгеге тігеміз? Қылмысқа неге барамыз? Қылмыс түбі жаза екенін неге пайымдап жатпаймыз? Әлде өтеді, кетеді, ұсталмасаң, ұрлықшы емессің деген үрдісті малданамыз ба?

Ал Қостанай қаласы прокурорының көмекшісі Данияр Бейсенбаевтың түнгі клуб алдында араққа сылқия тойып алып, тапаншадан оқ атқанына жол болсын. Кеше ғана аяқталған сот процесі бұрынғы заңгерді төрт жылға бас бостандығынан айырды. Мініп барған машинасының нөмірін ауыстырып, кімді алдамақ болды? Құқық қорғау саласындағы жауапты адамның бұл әрекетін қалай бағалау керек? Заң бұзушылықпен күресетін «қайраткердің» тұлғасы осындай болғанда, өзгелерден не күтеміз?

Ол ол ма? Құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлері есірткі бизнесімен айналысатын қылмыскерлермен ауыз жаласып алғалы қашан? Солардың «көкесіне» айналып, есірткі сатушылардан өз үлестерін алып, кердең басып, кеуде соғып жүрген погон таққандар аз емес. Баяғы полковник Шапаваловтың ісі өзгелерге сабақ болса нетті? Жоқ, талайлардың өмірін өксіткен есірткі бизнесі «құлпыра» түсуде.

Қоғамдық пікір тудырып, жұртшылықты алдаусырату үшін героинді тәркілеп, марихуананы отқа жағып жатамыз. Баспасөз мәслихатында мұндай фактілер жиі айтылады. Бірақ бұл үлкен айсбергтің шағын бір бөлігі сияқты. Есірткі бизнесімен айналысатын қылмыстық топтың мұртына балта тиген де жоқ. Есірткі күнделікті өміріміздің қайғы-қасіретіне айналғалы қашан?!

Өткен жыл қорытындысы бойынша облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында келтірілген деректер жағаңды ұстатады. Облыс ішкі істер департаменті жедел басқару орталығы бөлімінің бастығы Мейрамбек Ибрашев жағымсыз істері үшін қызметтен босатылды. Бұл офицердің аты шулы ағайынды Бикаевтердің қылмыстық істеріне қатысы бар болып шықты. Бұл Қостанай облысына бір тоннадан астам марихуананы әкелмек болған бандаға қатысты іс еді. Операция кезінде құқық қорғаушылардың біреуі қаза болды. Бикаевтардың біреуі қашып кеткен еді, міне, дәл сол қашқынға Ибрашев қолда бар ақпараттарды беріп, «қамқорлық» танытып отырған.

Бүгінде облыста арнайы прокурлар басқармасында Асылбаева, Петренко басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс тергелуде. Осы іс бойынша 16 адам жауапқа тартылуда. Соның ішінде Қостанай ішкі істер басқармасынан алты бірдей адам бар екен. Олардың бәрі есірткі бизнесіне шатылғандар.

Ал бұған енді не дейсіз? Мұндайда қазақ «ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» демей ме? Сенген серкелеріміз Сіз бен Біздің тыныштығымызды күзетпей өздерінің жеке басын, қу құлқысын ойлап , әдейі қылмысқа барып жатса, жетіскен екенбіз. Кеше ғана ішкі істер министрлігіне қарасты органдардан он бір мың адам аттестаттаудан өтпей қалғанына мұндай жағдайда таңдануға еш себеп жоқ. Сонда халықтың қаражатына күн көріп, қызмет істеп жүрген полицейлеріміздің сиқы осындай болғанда өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін кім жауапты, тұрғындардың заңды мүддесі мен тыныштығын кім қорғайды деген заңды сұрақ туады. Ол сұраққа жауапты кімнен күтуге болады?

Рас, бұл айтылғандарға қарап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бәрі бірдей қылмысқа белшесінен батқан деген қорытынды жасауға болмайды. Бұл қауіпті де қастерлі салада ар-ұждандарын жоғары ұстап, асқан жауапкершілікпен қызмет жасап жатқандар аз емес, әрине. Бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп атам қазақ тауып айтқандай, кездейсоқ келіп, ортаға кеселін тигізіп жүрген «қылмыскер» қызметкерлер қырсығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес қой.

Бұл енді құқық қорғау саласының адамдары туралы аз-кем әңгіме дейік, одан билік басына келген кейбір тұлғалар әрекеті де кем түсіп жатпаған сияқты. Оған кезінде аудан, поселке ,село басқарған кейбір әкімдер әрекеті дәлел болғандай. Қалай десек те біз кешегі Алтынсарин және Денисов сынды аудандарды басқарған әкімдердің ісін ұмыта қойған жоқпыз. Қаншама жергілікті атқарушы орган басшыларының мемлекеттік сатып алу мәселесінде басы дауға қалды. Олардың бәрі бірауыздан бұл жөніндегі заңнаманың жетілмегенін алға тартады. Жақында облысқа Қазақстан Парламенті Мәжілісінің комитет төрайымы Дариға Назарбаева келгенде де осы мәселе тағы да көтерілді. Заңдағы кемшін тұстар тағы айтылды, бірақ соны дереу дұрыс жолға қойып, басшылардың басын дауға қалдырмайтындай заңнама әлі әзірленбей келеді. Ал соның салдарынан кінәлі болып, жазаланып жатқан жандарға кім араша түседі? Бес күндік мына жалғанда әр күнің, әр сағатың, әр минутың қымбат қой.

Қалың елім, қазағым... Кешегі зұлмат жылдары асылдарымыз бен арыстарымызды түрмеге тоғытқанда бір дананың аузынан шыққан «Аттың жақсысын кермеден, жігіттің жақсысын түрмеден көресің» деген жан түршігерлік сөз біздің заманымызға жеткен. Бірақ бұл сөздің біздің қазіргі халімізге еш қатысы жоқ. Бүгін түрмеге түсіп, бостандықтан айырылып жатқандар қолдағы билікті пайдаланып, қарпып қалу арқылы тез байысам деп аласұрған ашкөздер, қу құлқынның құрбандары.

«Жаным – арымның садағасы». Атам қазақ ту еткен ұран осы еді ғой. Ал, еліміз тәуелсіздік алып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген бүгінгі бейқуат шақта ардан аттағанымызға жол болсын!

Бес күндік мына жалғанда басы жұмыр пендеге «қанағат, рақым, ойлап қойды» қай құдірет түсіндіре алар екен, ағайын!



IV ТАРАУ
СЫР-СҰХБАТ


ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ НЫҚ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Тоқтарбай Қадамбаевпен әңгіме
Тоқтарбай Қадамбайұлы, жақында Астанада, Конгресс-Холда, елімізге танымал сазгер,әнші, жерлесіміз Қалибек Деріпсалдиннің шығармашылық кеші өтті. Кешегі ауылдың қара баласы еліміздің атақты сарайында ән салды. Халық ерекше қошемет көрсетіп, дуылдата қол соқты. Залда өзіңіз де болдыңыз. Қандай әсерге бөлендіңіз?

– Бұл өзі оңды сұрақ болды. Сол Қалибектің өнер жолындағы самғауы – еліміздің самғауының шынайы көрінісі. Әнші, сазгер інімді көптен білемін. Аманкелді ауданында қызмет етті. Туған жерінің мерейін өсірді, ауылдастарының рухын көтерді.

Ал бірақ сол Қалибек Аманкелді ауданының жабылып қалу қауіпі туғанынан бейхабар еді. Кешегі оңтайландыру кезінде, еліміздің нарықтық қатынастарға көшкен, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілген, халық тығырыққа тірелген, еңбекақы мен зейнетақы бірнеше айлар бойы төленбей жатқан өлара шақта мен Елбасының Жарлығымен облыс әкімі болып тағайындалдым. Аудандық, облыстық дәрежеде лауазымды қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтағаным бар. Ең бастысы, облыстың жағдайын, оның адамдарын бір кісідей білемін.

Бірақ бұл кез ел өміріндегі ең бір қиын тұс еді. Ең бастысы, ескі өндірістік қатынастар қирап, жаңасы әлі орнығып болмаған, экономиканың да, әлеуметтік саланың да құлдырап, халықтың тоқырау күй кешкен кезі еді ғой. Оңтайландыру жүріп жатты. Бұл саясат білім, денсаулық, мәдениет салаларымен бірге, аудандарға да келді. Аманкелді мен Амантоғайды, Қарасу мен Октябрьді біріктіру қажет еді. Сонда аудан орталығы қайсысы болады? Мұның сол өңір халқы үшін ерекше маңызы бар екені түсінікті.

Бәз біреулер аудан орталығына Амантоғайды қалады. Өз уәждерін айтты. Тыңдап отырсаң, көңілге де қонатын сияқты. Онда батыр атындағы ауданның тоз-тозы шықпай ма? Аманкелді батырдың рухы алдында қалай ақталамыз? Екі ауданның үлкен-кішісін жинап алып, ақылға салайық. Осы ойымды жи-налғандар алдына жайып салдым, сонда да көпшілік дауыс Амантоғайды жақтай берді. Ондай шешім қабылдап жіберсек, тарихқа қиянат болар еді. Әрине, бір ауданды жапсақ, ондағы талай папка ұстаған адамдар жұмыссыз қалады. Тұрғындарға батып отырғаны да осы жайт еді.

– Мұның да шешімін ойласып келдім, – дедім, түбі не болар екен деп маған үмітпен қарап отырған үлкен-кішіге. – Амантоғайлық азаматтар жұмыссыз қалмайды, көпшілігі өздері атқарып келген қызметтерін Аманкелдіде атқаратын болады, ал аманкелділік азаматтардың біразын облысқа қызметке аламыз.

Залда отырған бір ақсақал:

– Мына Қыпшақтың баласы бәрін ойластырып келген екен, солай болсын, – деп тоқтамын айтты. Сол сөзге тұрдық. Мен де берген уәдемді орындадым.

Мұны мен неге айтып отырмын, егер осы Қалибек еңбек етіп жүрген сол Аманкелді ауданын сақтап қалмасақ, кім біледі, Қалибек Елорданың Конгресс-Холында өнер көрсетер ме еді, көрсетпес пе еді.

Сазгер інімнің концерті аяқталған соң сахнаға шығып, оны өнердегі үлкен табысымен құттықтадым, менің ең басты сыйлығым – сол бір өлара шақта туған ауданыңның түтінін сөндірмей, талантыңды ұштауыңа мүмкіндік жасағаным шығар, дедім.

Ойдан ой туады. Киелі Торғай – ол бәріміздің анамыз. Бұл қасиетті жер, ұлттың ұясы. Қазақ халқының небір марқасқа ұл-қыздары дүниеге келген құт мекен. Бірақ Торғай халқының көрген қиыншылықтары да аз емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалық еңсені езгені де рас. Өңір халқының тұрмысы күрт төмендеп кетті. Азық-түлік тапшылығы да туды. Бір қойын бір қапшық ұнға айырбастап жатты. Өйткені бұл өңірде егін өспейді, малды сатып алатын да жан жоқ. Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы айлап-жылдап төленбей жатты. Солтүстік аудандардағы құнарлы жерлерге орналасқан неміс, орыс және басқа ұлт өкілдерінің тарихи отанына көшу үрдісі де осы кезде басталды. Мен Ұзынкөлде әкім болып істейтін Рахымбек Жұмақұловты шақырып алып, ақылдастым. Ол – Торғай тумасы. Әкесі де елге сыйлы, беделді адам болған. Бәлкім, осы сәтті пайдаланып, торғайлықтар солтүстіктің құнарлы жерлеріне қоныстанар, көшіп кеткен жандардың үйлерін арзан бағаға сатып алуға болады ғой, дедім.

Торғайға барып, үлкен-кішімен ақылдасып келген Рахымбек Мұқанұлы басын шайқады.

– Атақоныстан кеткісі келмейді, – деді.

Бірақ бірен-сараң болса да жаңа қонысқа көшіп, бүгіндер шаруаларын дөңгелентіп отырған жандар да аз емес.

Міне, дәл осындай қиын кезде облыс әкімі ретінде сол Торғай халқының жігерін жану үшін “Қостанай-Торғай – бауыр ел” атты әннің тууына мұрындық болдым. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы, белгілі жазушы Ғұмар Ахметчин екеуміз ақылдаса отырып, әннің мәтінін жаздық, оған белгілі сазгер, осы Қалибектің досы Бақытжан Сәуекенов ән шығарды. Облыста өткен үлкен бір мәжілістен кейін сол жаңа әннің тұсауы кесілді. Залда отырған жандардың ерекше толқығанының куәсі болдым...

Тоқтарбай Қадамбайұлы, Сіздің қаламыңыздан шыққан талай өлеңдеріңізді біздің газет те басты. “Егемен Қазақстан”, “Астана ақшамы” және басқа басылымдардан да оқығанымыз бар?

– Мен өзімді ешқашан ақын санаған емеспін. Бірақ көңілдің кейбір сәттерінде ойға келген шумақтарды қағазға түсіріп жүремін. Кейде ақын достарыма көрсетемін. Өлеңді мен өзім үшін, өзімнің жақын-жұрағаттарым үшін жазамын. Таяуда өлең кітабым да жарық көрмек. Соның бәрі, бәлкім, ауылда туып, қазақ мектебінде оқығанымнан шығар.

Балалық шаққа оралсам, осы Қостанайдың іргесіндегі Долгий ауылда жеті сынып бітірдім. Таран ауданы Қоржынкөл ауылында қазақша орта мектеп бар дегенді естіп, сонда жаяулап, жалпылап жеткенім бар. Интернатта жаттым. Институт бітірдім. Қазақтың көрнекті ақыны Серік Тұрғынбекұлын мен “күйеу бала” деп атаймын. Өйткені оның жары да біздің мектептің түлегі еді. Жалпы ақындарға жақын жүретінім бар. Олар маған талай өлеңдер арнады. Соларды мұқият сақтап келген едім. Шыққалы жатқан кітабыма сол туындыларды арнайы бір тарау қылып енгіздім. Өздеріне де ескерткіш болсын дегендік қой...

Құрметті Тоқа! Бүгіндер Сіз Мәжіліс депутаты, халық қалаулысысыз, Палаталардың бірлескен отырысында Елбасы өз Жолдауын жариялады. Оның басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Бұл жасампаздық Жолдауы. Ондағы әрбір қағида ел халқының көңіліне қонады деп ойлаймын. Өйткені ол адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Елбасы әлеуметтік саланы дамытуға ерекше мән беріп отыр. Тіпті басқа салаларға жұмсалатын қаражатты осы әлеуметтік сала пайдасына қысқартуды да ұсынды. Алдағы уақытта жүздеген мектеп, жүздеген аурухана салынбақ. Біздің облыста да еңсе көтерер құрылыстар аз емес. Ал ана мен балаға, зейнеткерлерге жасалып отырған қамқорлық та айтарлықтай. Рас, қазір зейнетақының қайта есептелуіне байланысты кейбір жандар өкпе-наз айта бастады. Бұл жөнінде депутаттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың есебін де тыңдады. Бәлкім, зейнетақыға қосымша есептеу әдістемесінде кемшіліктер болған да шығар. Ол алдағы уақытта түзетіле де жатар.

Бірақ біз мынаны да ұмытпауға тиіспіз. Қалай десек те, жыл сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді, қаншама адам өз істерін ашып, дөңгелентіп отыр.

Жақында мен Торғайда болдым. Құдайға шүкір, халықтың тұрмысы түзелген, не ішем, не жеймін деп отырған адам жоқ. Аяқ астынан үйіне шақырған ақсақалдың соғымы семіз, ішкені – үнді шайы, жеміс-жидегің де дастарқанда самсап тұр.

– Ағасы, рас мал өзіңіздікі шығар, ал мына жеміс-жидекті қайдан алдыңыз? – деймін.

– Ой, шырағым-ау, мандарин мен бананың Торғайдың дүкендерінде де толып тұр емес пе? – дейді.

Қора толы мал. Отыны мен суы сай. Балалары малын бақса, немерелері ауланың қарын күреп, маңайды мұнтаздай етуде.

Несін айтасыз, ел еңсесі көтерілген. Дегенмен біз ертең бүгінгіден де жақсы тұруға құқылымыз. Елбасының діттегені де осы. Жақсы өмір сүру үшін жақсы еңбек ету керек. Ол үшін кәсіп керек, ол үшін білім керек. Сондықтан да Жолдауда жастардың білім алуына, оған жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Дені сау ұлт қалыптастыру – басты міндет болып отыр. Шымыр да шыныққан жастарымыз көп болса, ұрпағымыз да мықты болады. Олардың денсаулығын сақтау үшін қаншама жұмыстар жасалып жатыр, бюджеттен қаншама қаражат бөлінуде. Медицина мамандарын даярлауға да осы Жолдауда ерекше ден қойылуы тегіннен-тегін емес.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бүгінгі күннің басты міндеті. Рас, бұл құқық қорғау мекемелерінің шаруасы. Дегенмен бұл жегі құртпен күресудің ең тиімді жолы – экономиканы өрге бастыру, еңбекақыны көтеру, бейқуат өмір сүру үшін ең қолайлы жағдай туғызу. Егер адамның алатын табысы оның лайықты өмір сүруіне, баласын оқытуға, қыдыруына, дем алуына, киінуіне жетіп жатса, көрінер көзге қылмысқа ұрынып несі бар? Елбасының жыл сайынғы Жолдауында халық еңсесін көтеруге бағытталған шаралар түптің түбінде сыбайлас жемқорлықты да тежейді. Оны толық жоймаса да, жемқорларды тәубесіне келтіреді.

Инфляция былтыр оның алдындағы жылдармен салыстырғанда күштірек болды. Бірақ біз оның бүкіл әлем экономикасын шарпығанын ұмытпауға тиістіміз. Біздің жетістігіміз – бағаның шарықтауын ауыздықтай білдік. Тек алдағы уақытта еңбекақы, зейнетақы және басқа төлемдерді индекстеу керек деп ойлаймын.

Осы арада облыс әкімі болып тұрған кездегі мынандай бір жағдай есіме түсіп отыр. Еңбекақыны бірнеше ай бойы төлей алмай, тығырыққа тіреліп тұрған шақ қой. Бір ақсақал:

Ақша болмаса, ана тебінде жүрген бір биені ең болмаса еңбекақы есебіне бермейсің бе, атам қазақ баяғыдан малмен есеп айырысқан жоқ па еді? – демесі бар ма. Несі бар, солай істеуге тура келді.

Биені ноқталап, қорасына жетелеп бара жатқан шаруа адамын теледидардан көрген сол кездегі Премьер-министр Ә.Қажыгелдиннен ескерту алғаным да бар. Бірақ ол амалсыз шара еді, тұйықтан шығудың сол кездегі бір жолы еді. Енді сіз мынаған қараңыз, сол биеден туған төлдердің өзі қазір бір үйір болыпты. Ақсақалымыз бүгін семіз бір байталын екі жүз мың теңгеге сатып, мұртынан күледі екен. Әлгі әкім болған Қадамбаев қалқамның арқасы ғой деп, алғысын айтып отырады дейді. Ол сөз рас па, жоқ па, оны дөп басып айта алмаймын, бірақ бүгіндер қорасы малға толған ауыл адамдары аз емес. Қазақ “байлық – малда” деген. Бәлкім, кешегі қиыншылық кезде еңбекақысы үшін алған бір малды екеу еткен, екеуді төртеу еткен туыстар аз да емес шығар.

Мен Парламент Мәжілісінің депутаттығына “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының тізімі бойынша өттім. Халық біздің партияны қолдады.Өйткені – “Нұр Отанның” бағдарламасы – Елбасының бағдарламасы. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ойлағаны – халық қамы, ел тыныштығы, Қазақстанның абырой-беделі. Егер бүгін Қазақстан бүкіл әлемде ерекше беделге ие болып отырса, алдына асқаралы міндеттер қойып отырса, 2010 жылы Европа қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымын басқарғалы отырса, дамыған елу елдің ішінен көрінуді басты мақсат тұтып отырса – мұның бәрі Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Оны әлем де мойындады, оны ел де мойындады. Бұл тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, болашағы жарқын деген сөз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет