Ш.Есенов:- Мен өзім қазақтың бір туар данышпан перзенті Қанекеңнің шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Қанекең деген молынан пішілген, қазақтың бүкіл жақсы қасиеттерін бойына сіңірген дархан да жайсаң адам еді.
Ал, геологиялық барлау саласында оның білмейтін ұңғыл-шұңғылы жоқ деуге болады. Асқан білікті, парасатты жан деп сол кісіні айтар едім. Қанекеңнің бір өзі жасаған қазақстан металлогениялық картасы дүние жүзілік геология ғылымы саласында теңдесі жоқ дүние.! Оны атақты ғалымдардың бәрі де мойындаған. Ал, біз Маңғыстаудың Оңтүстігінде аса ірі мұнайлы-газды аймақты, Жетібай мен Өзен мұнай кен орындарын аштық. Сол үшін 1966 жылы Лениндік сыйлыққа ие болдық. Сонымен бірге бірнеше академиялық институттардың іргесін көтердік, Академияның Орталық Қазақстандық, Шығыс Қазақстандық бөлімшелерін ұйымдастыру жұмысын негіздедік. Біршама істер атқарылды, бірақ...
1974 жылы Тыңды игерудің 20 жылдығына орай республикамызға Л.И.Брежнев келді. Онымен әңгіме үстінде Д.Қонаев өзінің інісін, сол кездегі Металлургия институтның директоры Асқар Қонаевты асыра мақтайды. Сонда тоқыраудың лидері: «Егер жігіт президенттікке лайық болса, ағайын-жекжаттықтың қандай кедергісі бар» дейді. Дәл осы сөзді әйгілі ақын В.Высоцкий жағы түсіп сөйлей алмайтын басшымыздың мақамына салып әжуа-мысқыл өлеңге айналдырған. Сол өлең әншінің архивінде әлі сақтаулы көрінеді. Кейін лайықтының «талантын» ел-жұрт көрді ғой. Мен қосып-жарып ештеңе айта алмаймын. Тек сол шешімге Москвада М.Келдыш бастаған ғалымдардың қарысы болғанын білемін. Алайда, Брежнев жіберген бір функционер мені орнымнан босауыма мәжбүр етті.