Академик Д.Кішібеков әл-Фарабидің өз отаны—Қазақстанға оралуына бірден-бір себепкер болған, басшылық жасаған Ш.Есенов екенін баса айтады:
«--Нағыз дарынды адам іс-әрекеттің қай-қайсысында да дарынды деп айтып жатады ғой. Әрине, тіршіліктің нақты бір саласында өзін тамаша маман ретінде көрсете білер, мысалы Шахмардан Есенұлының геология саласындағыдай, дегенмен дарынды тұлға қандай болмасын бір тар мамандықтың шеберінде қалып қоймайды екен.
Қазақстан Ғылым Академияиясының президенті болып сайланысымен Ш.Есенов «Казахстанская правда» газетінде біздің рухани мәдениетімізді дамыту проблемалары бойынша үлкен мақала жариялағаны есімде.
Бұл талай жылдан бері тыйым салынған Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Б.Майлиннің әдеби мұрасымен қайта қауышқан қуанышты уақыт еді. Ш.Есенов ресми органдардың шешімін қолдаумен бірге мәселені едәуір кеңейте қарастырды. Ол әдебиет саласында ұлттық мәдениетінің терең қыртыстарын көтеру қажеттілігі туралы, себепсіз ұмтылған немесе тыйым салынған батырлық жырлары мен махаббат дастандарды, эпостарды халыққа қайтару туралы жазды. Ол зерттеушілердің алдына, ең алдымен филологтардың, тарихшылардың алдына өз дүниетанымдарын кеңейту, тереңдету қажеттілігін көрсетіп біздің халықтың көпұлттық мәдениетін байыту үшін белсенді атсалысу мәселесін қойды.
Президенттік қызметі жылдары Ш.Есенов біздің атақты жерлесіміз әл-Фарабидің ғылыми-философиялық еңбектерін өзінің халқына қайтару ісінде мемлекеттік деңгейдегі парасаттылық танытты. Қазақстан ҒА жанынан Фарабитану бөлімі құрылып, онда жұмыс істеуге араб, ағылшын және басқа да тілдерді меңгерген жас мамандар шақырылды. Олар әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын талмай жинақтап қазақ және орыс тілдеріне аударды. Шетелдік ғылыми іс-сапарларға шығу үшін, кітапханаларда жұмыс істеп, қажетті материалдардың көшірмесін алу үшін бөлімге едәуір қаражат көздері қарастырылды. Фарабитану бөлімінің кеңесшісі болып біздің академияның негізін қалаушылардың бірі, Қазақ ССР-ы ғылым академиясының мүше-корреспонденті, профессор А.Машанов тағайындалды.
Бұл кезең Республика жұртшылығының әл-Фараби қазақ жерінің тумасы екендігін әлі де білмейтін кезеңі еді. Ол шетелдерде де танымал бола қойған жоқ еді. Мысалы, Иран елінің профессоры Ф.Реза «ЮНЕСКО курьері» журналында әл-Фараби ирандық деп жазды. Ал, өзбек ғалымдары академик М.Хайруллаев және басқалар оны өздерінің ата бабасы санады. Өздерінің әріптестерінен түркімен ғалымдары да қалыспай жатты.
Өткен ғасырдың 50-70 жылдары профессор А.Ж.Машанов өзінің бүкіл ғылыми-қоғамдық қызметін әл-Фараби мұрасын өз халқына қайтаруға арнады. Оның негізгі кәсібі тау-кен ісі болғанымен, ол әл-Фараби туралы кітаптар, мақалалар жазды, теледидардан сөйледі. Әл-Фарабидің есімі Кеңес жұртшылығына бейтеныс болғандығы соншалықты біздің ұлы бабамыздың шығармашылық мұрасын тірілту бойынша қоғамдық-публицистикалық қызметіне байланысты А.Ж.Машановқа «Правда» газеті өзінің бас мақаласында Қазақ ССР-ы Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаев қолдап отырған көз бояушы-дүмше деген айдар тақты. Мақала 1953 жылдың көктемінде жарияланды. Ол кездер СОКП-тың орталық газеттерінің бүкіл Кеңес халқының қоғамдық және саяси санасын қалыптастырудағы рөлі орасан зор болатын.
Ш.Е.Есенов қалыптасқан таптаурын пікірге қарамастан бар жауапкершілікті өзіне алып, бұл қасиетті іске көмекке А.Ж.Машановты шақыртты. Қатаң идеологиялық, тіпті кейде қауіпті жағдайларда қолға алынған бұл үлкен еңбек жемісті аяқталды. Ұлы ойшылдың философиялық, логикалық, әлеуметтік-этикалық, математикалық және музыкалық тракттаттары жеке томдар болып екі тілде жарық көрді. Әлеуметтік-этикалық трактаттарының шығарылымына менің де қатысуыма тура келді.
Әл-Фарабидің барлық басылымдарының жауапты редакторы Ш.Е.Есенов болды. Әл-Фарабидің творчестволық мұрасын тереңдете зерттеу осылайша басталып, соңыра монографиялар жарияланып, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Қазақ мемлкеттік университеті (КазГУ) жанынан Фарабитану Орталығы ашылып, оның жетекшілігіне бұрын Қазақстан ҒА философия және құқық институты жанында жұмыс істеген аттас бөлімді басқарған ҚазССР ҒА-ның мүше-кореспонденті, профессор А.Х.Қасымжанов тағайындалды. Ш.Е.Есеновтің бастамасы бойынша жұртшылық жылы қабылдаған әл-Фарабидің нұрлы да рухты портреттік бейнесі қайта жасалды.
Ал 1970 ж әл-Фарабидің 1100 жылдығыына байланысты Алматыда, әртүрлі елдерден, соның ішінде мұсыламдық Шығыстан ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысқан халықаралық сиппозиум өткізілді. Симпозиум қарсаңында біздің ұлы бабамыз атақты ғылым әл-Фарабидің барельфі салынған ескерткіш төсбелгі шығарылды. Негізгі баяндаманы Қазақ ССР-ы ҒА-ның президенті, академик Ш.Е.Есенов жасады. Баяндамада тірі кезінде араб әлемі Аристотельден кейінгі екінші мұғалім деп таныған әл-Фарабидің орасан зор философиялық мұрасы сарапталды. Пленарлық отырыстан бөлек көптеген секциялар жұмыс істеді. Симпозиумның материалдарының жарияланбай қалғаны өкінішті-ақ. Бұдан біз СОКП пен сол кездегі идеологиялық рухани диктатураның табын байқаймыз. Қазіргі күні идеологиялық басқыншылық туралы оңай айтуға болады. Бірақ сол кезде осыншалықты халықаралық симпозиум ұйымдастырып, өткізу үшін СОКП ОК саяси Бюросының келісімін, дұрысы, рұқсатын алу Ш.Е.Есеновтен қаншалықты күш-қайрат, еңбек талап етті десеңізші. Ол жылдары халықаралық масштабтағы шаралар тұрсын, тіпті кезеңімен өткізілетін ЖОО қоғамдық кафедралары меңгерушілерінің бүкілодақтық жиналысы СОКП ОК-нің арнайы шешімімен шақырылатын.
Оның орасан еңбегінің жемісті нәтижесі ретінде әл-Фараби өзі туған топырағына қайта оралып, кейінгі бейтаныс ұрпақтарымен табысты. Осынау рухани бетбұрыстың әсерімен белгілі жазушы Ә.Т.Әлімжанов әл-Фарабидің өмірі мен қызметін баяндайтын «Мұғалімнің оралуы» атты роман жазды.
Ш.Есеновтің республика ғылым академиясының президенті лауазымында болған кезеңі Қазақстан ғылымының жан-жақты жанданып, гүлдене түскен кезеңі болды.Біздің атақты жерлесіміздің туған жері ежелгі Отырар қаласы орналасқан аумақта қазу жұмыстары басталып, ғылымды байыта түскен жаңа, құнды материалдар жинақталды. Осы жылдары Алматы облысы Есік қаласының маңынан ішінде біздің дәуірге дейін Ү ғасырда өмір сүрген «Алтын адам» бар Тянь-Шань шыршасынан жасалған саркофаг табылды. Ғылыми жұртшылық оны «Екінші Тутанхамон» деп таныды. «Алтын адамның» көшірмесі Нью-Иорктегі БҰҰ-ның бас ғимараты алдына қойылды» десе, академик А.Х.Қасымжанов:
«--Оның бір ғана батыл әрекетін еске ала кетейін. Ш.Е.Есеновтің ұшқыр ой-пайымдарының ең елеулісінің бірі Орталық Азия халықтарының ортақ мұраларын, рухани мәдениетін толыққанды, объективті ашып көрсету және оларды әлемдік мәдени жаухарлар қатарына қосу идеясы болатын.
Ш.Есеновтің бастамасымен 1973 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының Ү конференциясы аясында «әл-Фараби күні» өткізілді. Оның белсенді қатысуымен әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияға дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Ол кезде мұндай акцияны өткізу оңай шару емес-тін.
«Бір адым солға, бір адым оңға» деген сойқан орын алған жоқ, әрине, бірақ іс-әрекеттің барлығын «ұлтшылдық» немесе «өткенді көксеу» деген таңба баса салуға биліктің «шеберлігін» Е.Бекмахановтың өмірі анық көрсеткен болатын. Ш.Есенұлының табандылығы, Бабоджан Гафуровтың қолдауы арқасында конференция Мәскеуде, Алматыда, Багдатта өткізіліп, әлемдік масштабтағы мәдени шаралар қатарына қосылды. 1966 жылы Ш.Есеновтің тікелей нұсқауымен әл-Фарабидің мұрасын жинақтап, зерттеу бойынша ғылыми топ құрылды. Ол біздің міндеттерімізді келесідей бейнеледі: «Ең алдымен әл-Фарабидің өзін сөйлету керек, содан кейін ғана әлемдік Фарабитанудағы құндылықтар негізінде түсіндірмелер мен сараптауларды қолға алуға болады». Күлкілі жағдайлар да кездесті. Есеновтің тапсырмасын орындау барысында маған біздің жоспардың өміршеңдігін «үлкен ағайға» яғни, мәскеулік ғалымдарға түсіндіруге тура келді. Сонда мәскеулік бақандай бір ғалым өте байсалды қалпымен маған: «әл-Фарабиге орыс мәдениетінің ықпалын көрсетуге болмас пе екен» деп сұрақ қойды. Бұдан артық қандай өзімшілдік болуы керек?
Ш.Есенов бізден шетелдік фарабитанушылармен байланысқа шығуда, қолжазбаларды, мәтіндерді іздеп, табуда кеңесшілер, рецензенттер, редакторлар ретінде шетелдік білімпаздарды қатарымызға тартуды талап етті. Ш.Есеновтің философияға, дүниетанымға қаншалықты мән бергені туралы оның мәскеулік (яғни бүкілодақтық) «Вопросы Философии», Украиналық «Философской думка», чехословакиялық «Философски часолие» журналдарының қазақстандық санын шығаруды ұйымдастырып, қол жеткізгенін айтсақ та жеткілікті болар.
Шахмардан Есенов әрдайым шын мәніндегі ғылыми шығармашылықтың өрісін кеңейтіп, академиялық беделді жамылған жалған ғылымның жолын кесіп отыруға ұмтылды. «Қыз Жібек» фильмін монтаждауда қолданылған ежелгі тас жазу элементінің жасанды нұсқасын біздің кейбір «мәңгілік» академиктер деп саналатындар бүкіләлімдік тарихи маңызы бар «Іле тасы» табылды деп қызбаланған-ды. Ал мұның өзі анекдоттың нақ өзі). Есенов академиктің беделі мен мәртебесін «үй-ішінің абыройы» дегеннен аулақ ұстады. Бұл тарихтың күлкілісі сол академияның ауласына құрметпен жеткізілген тас ақыры шұңқырға лақтырылды. Тағы да 100-200 жыл өтер, сол кезде «ізденімпаз» академиктердің бірі тасты қазып алып кереметтей археологиялық жаңалық ашып жүрмесін деңіз.
Шахмардан Есеновтың тереңдігі «Есік олжасының» маңыздылығын бірден сезініп, мәселенің «алтында» емес, жәдігердің эстикалық және тарихи жады тұрғысынан қарастырылуы қажеттілігін бірінші болып айтуынан-ақ байқалған. Қазір «Алтын адам» тарихи хрестоматиялардан орын алды, ал оның өз деңгейінде бағалануы үшін Шахмардан ерен еңбек сіңірген адам.