Шахмардан есенов



бет11/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов

Қанышты Қазақстан ғылымының атасы деуге болады.»

Бұлай бағалап отырған, талай жылдар Сәтбаевпен қатарласа еңбек етіп, қазақ ғылымының іргесін бірге қаласқан академик Әлкей Марғұлан.

Академик Қаныш Сәтбаевтың жас Шахмарданға ағынан ақтарылып, «армандарым көп» деуінің сыры тереңде. Бұл жердің байлығы әлі мол. Соны табу керек. Сонда ғана ел экономикасы көтеріліп, халық тұрмысы жақсарады. Жеке бастың қамы емес, көптің мүддесі, түптеп келгенде өз елінің, өз халқының жағдайы ойландыратын. Ағалар ісін жалғастыратын жастар керек, шәкірт керек. Әрине, Сәтбаев шәкіртсіз емес, тіптен көп десе де болады. Нақ осы даланы, Жезқазған маңын зерттейтін, өзі бір кездері бастаған ісін жалғастыратын нағыз жанашыр шәкіртті іздейді.

Тану мен талғам деген де бір күрделі нәрсе. Табиғат берген таным көзің, тәжірибең, ерекше бір қабілет-қарымың болмаса бастаған ісіңді сеніп кез-келгенге сеніп бере алмайсың. «Болады» деген шәкіртің бордай тозып, «болмайды» дегенің өсіп, жақсы маман атанып шыға келгенде өз болжамыңнан өзіңнің ұялатын кезің де болады. Қанышта да мұндай сәттер болған. Бірақ, неге екені белгісіз, әйтеуір Шахмарданға бір бүйрегі бұрып, болашағынан үміт ететін. Көбіне-көп екеуі Тәңірбергеннің үйінде кездеседі. Жездесінің қонақтарын құрақ ұшып қарсы алып, дастархан басында тік тұрып қызмет көрсете жүріп үлкендердің әңгімесін зейін қоя тыңдайтын қасиеті де ұнайтын. Баяғыда геология факультетін таңдауына ықпал етсе, енді еңбек жолына да өзі бағыт-бағдар беріп отыр.

Қаныштай ағаның ақылын алған Шахмардан Ұлытау жаққа шыққалы жатқан экспедицияның отряд геологы болып кете барды. «Естінің сөзін есті ұғады» демей ме ұлы Абай. Шахмарданның Қаныштай ғұлама ғалымның ұсыныс-тілегін тыңдап, «ойланайын, ауылға барып келейін» деп, сөз бұйдаға салмай бірден бұрын көрмеген-білмеген Жезқазғанда қалуында шын мәнінде естілік, ер жеткендік, бәрінен бұрын Қаныштай ел азаматына деген үлкен құрмет жатыр еді. Бізді сүйсінтетін осы шешім, осы мәрттік!

Аға тілін алған геолог-барлаушы Шахмардан алдынан қызық өмір басталды. Айнала толған тастар. Кәдімгі, бірі қара, бірі сарғыл, енді бірі қызғыл түсті тас. Бірақ ол геологтар үшін жәй тас емес, сыры нәзік, құпиясы терең тастар екен. Анау, бедірейіп тұрған, айғайласаң сені мазақ еткендей, өз дауысыңды өзіңе қайтарып жіберетін жар қабақтарды айтсаңшы. Бір қабаты қызыл, бір қабаты сары, енді бір тұсы қап-қара...былайғы көзге түк емес. Ал, геологтар үшін толып жатқан теория, құпиясы көп тылсым дүние. Айтып тауыса алмайтын білім мен ғылым, сосын—байлық!

Сол қызыққа—барлаушы қызметіне кірісіп кеткен Шахмардан екі айдың қалай өтіп кеткенін де білмей қалыпты. Басқа да тіршіліктің бар екені, ауылда әке мен анасының «балам диплом алып келеді» деп күтіп отырғаны ойына оралды. Енді ауылға асықты. Бастығына барып жағдайды айтып, қыстық киімдерін әкелмек болып, оншақты күн демалыс алды. Алматыға жетті, ертеңіне-ақ апасы Аяш екеуі Шиеліге пойызбен шығып кетті. Апасы Аяштың да туған жерге келмегеніне көп болған, талай нәрсе өзгеріп, тіршілік басқа бір түрге енгенін байқады. Ол аз күн болған соң Алматыға қайтып кетті де, Шахмардан ауылда қалды. Әке мен анасының қуанышында шек жоқ. Жалғыз ұлдарының адам болғанын көріп қуануда. Тек әкесі Жорабек қана салқын. Мүмкін күткені ауылға келіп үйленіп, немере сүйіп, өздеріне сүйеніш болатын болар деп үміттенген болар. Бар ата мен ананың басты мақсаты да осы емес пе?!

Келгелі бері Шахмардан да әке қабағының салқын сызын сезіп жүр, себебін де біледі. Сондықтан да «Әке, Жезқазғанға көшейік!» дегенді айтатын ұрымтал тұсты таба алмай қиналуда. Не керек бір күні айтты-да. Әкесі Жорабек тура осы сөзді күткендей, жауабын дайындап отырғандай, бірден: «Көшейік, көшейік! Ең бірінші ол үшін сен анау Оқшы мазарында жатқан ата-бабамды көшір, сосын мен де көшемін!» деді, тік қарап. Сосын, мұныма не дер екен дегендей бетіне қарап үнсіз біраз отырды. Әкесінің мінезін білетін Шахмардан жауап айтуға әуреленбеді. Жаңағы зілдене айтқан сөзінде бар жауабы тұрған жоқ па. Шахмардан көнбейтін мінезді көрген соң үндемей құтылуға көшті.

Ағайын-туғаннан жас адамның ажырауы оңай. Бірақ ол да есейген соң неге екені белгісіз, ат айналып қазығын тауып, сол ағайынды іздей бастайды. Ал, қартайған адамның туған жерден, ағайыннан ажырауы –жұртта қалған бұралқы иттің өмірімен бірдей, ішінде бір нәрсе ұлиды да отырады. Басқаларды білмеймін, қазақ үшін дәл осылай!

Үнсіздікті көп ұзамай Жорабектің өзі бұзды. Баласын көп қинағысы келмеген болуы керек.

--Айналайын, Шахабас! Сенің әкең ауылдағы оқымаған жаман шал емес, бізді тастап қайда барасың деп етегіңе жармасатын. Кен іздеп, байлық тауып, елімді-жерімді көгертсем деген ниетіңе қуанамын мен сенің. Біз де жас болдық, үлкен-үлкен армандар бізде де болған. Бірақ біз өмір сүрген, нағыз жұмыс істеп, жұлқынып тұрған кезіміз бір бітпейтін аласапыран соғыстарға тура келді, жастығымыз жаумен жағаласумен, жаңа қоғам орнатамыз деумен бітті. Бізде тұрақты, тыныш өмір болмады. Енді сендерге өмір берсін. Өткенде Алматыға барғанда көрдім, шырағым, «жақсыдан- шарапат!» дейді халық, үлкен ел сыйлаған ағаларыңның пайдасы тиіп, жақсы атың шығып жүрсе болды бізге. Бізге алаңдама, тек мына шешең болмаса... үй шаруасы деген бітпейтін бір митың жұмыс қой, қыңқылдап қояды келін болса деп... Сенің ақылың менде емес, менің ақылым сенде емес. Жүрген жеріңде Алла амандығын беріп, абыройлы етсе болды, бізге..

Осымен көшу-қону әңгімесі бітті. Жезқазғанға қайтатын күні таяп, Қызылордадағы жиен әпкесі Күлпатшаның үйіне келді. Бірер күн осында аялдап, мұндағы туыстарды аралап, үлкендерге сәлем берді. Бір күні әпкесінен:

- Әпке, көршінің үйінен бір қыз шығады күнде, ол кім,-деді Шахмардан.

-Ә, ол Жәмиланың сіңлісі ғой. Өзі бір пысық, зерек қыз. Педучилищені үздік бітіріп институтқа түсті биыл. Әкесі мен анасы жас кезінде қайтыс болып, әпкесі тәрбиелеп келеді.

Ниетін түсіне қойған Күлпатша бауыры Шахмарданның келгенін сылтауратып кешкісін көршілерін қонаққа шақыра қойды. Орта бойлы, бидай өңді, мойылдай қап-қара көзді, сұлу қыз Камила бірден Шахмарданға ұнап қалды. Танысты, ертеңіне киноға бірге барды, келесі күні қаланы қыдырды, сырласты. Қайтатын күні келсе де Шахмардан қайтпады, екі күнге кешікті. Ақыры екі жас хат жазысып тұратын болып, сөз байласты.

Шахмардан «әкесі мен анасын көшіріп аламын» деген арманының іске аспай қалғанына өкінбеді, оларды түсінді. «Бірер жыл қызмет істеп көрейін, болмаса қайтып келіп, қастарында болармын» деп, өз қабырғасымен кеңесіп қойды. Бәрінен бұрын Кәмиладай қызды кездестіріп, танысқанына қуанды. Сол қуаныштың соңында Шахмардан Жезқазғанға оралды. Ойына Камила жиі түседі. Жиі хат жазады, жауап күтеді. Хат алған күні Шахмарданнан бақытты адам жоқ. Өзімен бірге оқыған, тай құлындай тебісіп студенттік шақтарын бірге өткізіп, Жезқазғанға жолдамамен келген жолдастары: Темеш, Ғазиз, Далабай кейінгі кезде Шахмардан мінезінен өзгеріс сезіп жүрген-ді. Ақырында Темеш: «Осы сау емес, біреуге ғашық болып қалған!» десе, Далабай досы: «Көзі айтып тұр ғой, Мен ғашықпын!» деп, одан әрі ойларын өрбітіп, әзіл-қалжыңға ұластырып жібереді. Бұл сөз құлағына тиген Темештің жұбайы Ғазиза, Ғазиздың жұбайы Сара, Далабайдың жары Шара Шахмарданды ортаға алып, «аты кім, әдемі ме, қайда оқиды?»деп, айналдырады-ай келіп. Ынтықтырып, біраз уақыт айтпай жүрді де, ақырында Кәмила жайлы бәрін айтып берді. «Жезқазған жерінде дүркіретіп бір той жасайықшы, тездетіп үйленші!» деді, Ғазиздың жары Сара шын пейілмен. Бұл Шахмарданның да ойында жоқ емес, бірақ, Кәмилаға бірден қалай айтсын.

Көп жұмыс күтіп тұрды Шахмарданды. Келе салысымен тағы да экспедицияға кетті, одан тапқан тастарын зерттеп зертханада біраз отырды, қайта далаға кету, тау-тасты кезу... осылай тіршілік доңғалағы дөңгелей берді, дөңгелей берді. Күз бітіп, қыс та келді. Мұнда Шиелінің қысындай жұмсақ, жылы емес екен, ақ боран бір басталса үш-төр күнсіз тоқтамайды, дүниенің бәрін астан-кестеңін шығарып кәдімгідей долданады. Боранның соңы аязға ұласады. Қатты аяз болғанда сонау-сонау ұзақтағы Ай да құлақтанып, айбат көрсетіп тұрғандай көрінеді. «Қызық. Адам мінезі де табиғат-анаға қатты ұқсайды-ау. Бірде қатал, бірде сырбаз, бірде дархан...». Ойды ой қуалап Шахмардан Шиелідегі ата мен анасын есіне алды, қыз Кәмила келді көз алдына. Сағынғандай ма, қалай?! Ауылға аңсары ауды, барып қайтқысы келді. «Қаныш ағадан ұят болады!».

Жұмысбасты болып жүрген кезде қыстың бір суық күні «суық хабар» әкелді. «Әкең нашар жатыр» деген жеделхатты оқи салысымен жолға шықты. Геологтарға жағар-жанар май таситын машинамен зорға дегенде Қызылордаға, сосын Тартоғайға келсе шынында да әкесі хал үстінде екен. Шахмарданын, жарық дүниеден арттырған жалғыз ұлын күтіп жатты ма кім білісін, ол келісімен кешікпей қайтыс болды. Жетпіс екі жастан асқан шағында мына жарық дүниенің небір дүрбелеңі мен аласапыранын көріп, ащысын көптеу, тәттісінің де дәмін татып көз жұмды. Асқар тауы-- әкесін Шахмардан өз қолымен ақ жуып, арулап қойды, перзенттік парызын орындады.

Қайтар кезде Қызылордаға келіп Кәмилаға жолығып, әкесінің дүниеден өткенін, анасының жалғыз қалғанын қинала айтып, үйленіп, үй болайық дегенді жақауратып көріп еді, Кәмила: «оқуымды бітірмей тұрмысқа шыға алмаймын...» деді, үзілді-кесілді. Ұнатып, жақсы көріп тұрған адамына қалай өктемдік жасасын, Шахмардан бұған көнді, бір-бірін күтуге уәде беріп, қоштасты. Екі жастың бір-біріне деген сағынышы мен нәзік сезімдерін жеткізуге асыққан көк конвертті сәлем-хаттар арада екі жыл жүрді.

***


Сол бір жылдардың қызық бір оқиғасын Шахмарданның өзі былайша баяндайды:

--...Жезқазғанда геологиялық-барлау экспедициясында мамандығыма байланысты геолог, соңынан бас геолог болып қызмет атқардым. Бұл жылдар мен үшін кәсібіи мамандығыма қоса халқымыздың тарихына куә болған Ұлытау өңірінің елі, халқымен жақын таныстым. Көнекөз қарялармен сөйлестім, қызықты әңгімелер болса қағазға түртіп қоюды да ұмытпадым. Сондай бір кездескен қариям Асан деген ақсақал болды. Жасының ұлғайғанына қарамастан ұзақ жыл шаруашылықтың жылқысын бағып, балаларына бас көз болып, өңірдегі қонақжай, еліне қадірменді қария еді.

Үйленбеген кезім, апам екеуміз тұрамыз. Қол боста Асан ақсақалдың үйіне барып, әңгіме –дүкен құрып, бір сергіп қайтқанды екеуміз де ұнатамыз. Біздің экспедицияның жігіттерімен де жақсы болды. Аң аулап, олжалы болса Асан ақсақалмен бөлісуді ұмытпайтын. Үлкен бір сыйластықта болдық.

Күзгі уақыт болатын. Бір күні кештетіп үйге келсем апам көңілді, қазан қайнап жатыр. Жас жылқы етінің иісі мұрынды жарады. Апам:

-Шешін, тамақ та дайын болып қалды,-деп, бәйек болуда.

-Апа, бұл ет қайдан келді?-деп сұрадым.

Апам экспедицияның жігіттері жарты қой мен жылқының етін әкеліп беріп кеткенін айтты.

Мен ойланып отырдым да, бір түсініксіз жәйттің болғанын аңғардым. Күн жексенбі болғандықтан жігіттердің аңға шыққанын білемін...

Мен тездетіп киіндім де кеңсеге барып, барлық аңға шыққан жігіттерді жинап алып, не болғанын сұрадым. Олар қараңғы түнде байқамай бір жылқыны киік деп атып алыпты. Далаға тастап кетпейді ғой, ақылдаса келіп, иесін тауып, құнын беретін болып, етін бөліп алады ғой баяғы. Маған да өз үлесімді беріпті.

Жігіттерге біраз ренжіп, ұят жасағандықтарын саналарына жеткізіп, жылқының құнын жинап, «аңшыларды» алып Асан ақсақалға кешірім сұрауға келдік. Ақсақал ойында түк жоқ, ақ көңілімен аңқылдап қарсы алып жатыр. Сол екі ортада әйелі қазан да көтеріп қойыпты.

Бірден қылмысымызды айта алмай ақсақалмен біраз әдеттегідей әңгіме шерттік. Осы өңірдің шежіресін сұрап, тағы да талай тарихтың басын қайырдық. Жағдайды, менің жігіттерім бұлдірген істі біледі-ау деп топшыладым. Тамақ ішіліп, ұрықсат сұрайтын кезде:

-Асеке, мына менің жігіттерім бір ұятты, атымызға кір келтіретін жұмыс жасапты. Сіздің бір жылқыңызды қараңғы түнде байқамай атып алыпты. Сол айыбымызды мойындап, кешірім сұрауға келіп отырмыз,-дедім.

Асекең ақсақалдығына сән берген шоқша сақалын тарамдап сыйпап отырып:

-Шахмардан шырағым, соны да әңгіме етіп отырсың ба? «Сырты түк, іші боқ» бір малда тұрған не бар? Сендер түздің арыстанысыңдар, халық игілігі үшін жасап жатқан еңбектерің білген адамға ұлан-ғайыр. Әдейі атпаған болар, бір жолға жігіттердің сағын сен де, мен де сындырмайық,- деп, осымен әңгімені доғарайық дегендей тіктеп маған бір қарады да,-- ал, інілерім, маған пұлдың қажеті жоқ. Сендер бердіңдер, мен алдым. Ескеріп, осынымыз жөнсіз болды-ау деп келгендеріңе тәуба, келмесеңдер не етер едім, рахмет!

Біздер мойнымыздан ауыр жүк түскендей қалашығымызға қайттық.

Бір апта өткен соң апам екеуміз Асекеңнің үйіне қайта бардық. Өзіне костюм, жеңгейге көйлек, балаларына да сыйлық алдық. Асекең баяғы қалпы, жарқырап қарсы алып, төріне шығарып жатыр.

Осылай талай жыл аралас-құраласта болдық.

Кейіннен біз Алматыға көштік, бірақ барыс-келісімізді үзген жоқпыз.»

***

Осы тұста біз әңгіме бағытын кері бұрып, басында сөз еткен жәйттерге кері оралмақпыз. Шахмарданның ата мен анасы, өзінің жеке басын әңгімеге арқау етпекпіз. Әйтпесе, кейіпкеріміз жұмыстан басқаны білмейтін, адами құндылықтары белгісіз біреу болып шығуы мүмкін. Онда біз әуелі Адам, сосын Азамат, кейіннен ғалым-академик Есенов Шахмардан шындығынан ауытқып, жалғандыққа ұрынамыз, оның толық «портретін» жасамаған боламыз...



Содан, келер—1951 жылы әкесі Жорабектің асын өткізіп, ел-жұрттың ризалығын алып, Шахмардан анасы Шәрипаны Жезқазғанға көшіріп әкетті. Бар ана қайда барса да баласы қасында болса риза-ау. Сол сияқты Шәрипа ана да «бұл жер ұнамайды, туысқандарым алыста қалды, немесе, күні суық екен....» демей, жалғызы Шахмарданының соңынан еріп бұрын көрмеген-білмеген, туысты былай қойғанда жәй тамыр-танысы да жоқ елге ренжімей-ақ келді. Тәңертең баласын жұмысқа шығарып, кешкісін күтіп алып, тіршілік ете берді. Жақсыда жаттық жоқ, тез арада көрші-қолаңмен де танысып, қыпшақ рулы қайнаға- қайындарын, келіндерін тауып алды. «Қазақи дәстүр! Сен қандай жақсысың!» дегің келеді осындайда. Осылай адами араласудан, бірін-бірі құрмет тұтудан артық не бар екен?!

Ара-арасында Шахмарданның курстас достары Далабай, Темеш, Ғазиз, жұбайлары Шара, Ғазиза, Сара бала-шағаларымен келіп, үйдің ішін базар етіп, у-шуға бөлеп кетеді. Мұндайда Шәрипа апада ес қалмайды, барын солардың аузына тосып, осындай келін мен немерелердің осы шаңыраққа келуін ырымдап, бір жаратушыдан тілейді. Бәрінің арманы бір арман—осы үйге бір келін түсіріп, Шәрипа аналарын ыдыс-аяқтан босату. Жасы ұлғайған сайын бітпейтін үй шаруасы шаршатып, қажытып жүргенін бәрі де сезеді.

Не керек, 1952 жылдың жазы да келді. Бұл кезде Кәмила қыз Педагогика институтын бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі атанған-ды. Демалыс алып Шахмардан анасы екеуі әуелі Шиеліге келді. Ондағы жақын-жуық ағайынмен ақылдасып, Қызылордаға шықты. Мақсаттары Кәмила қызға құда түсіп, Жезқазғанға ұзатып, алып қайту.

«Сексен жылқы, сегіз нар—жасаулы қыздың қалыңы...»- дейтін заман ба еді, ол бір. Соғыстан кейінгі жылдар, елдің қарыны енді-енді тойынып, киімінің әлі бүтінделе қоймаған кезі емес пе?! Кәмиланың әкесі мен анасы бір жылда, Кәмиланың он жасында қайтыс болып әпкесі Ақілгек тәрбиелеп-өсірді. Қатарынан кем етпеді. Енді сол әпкесі мен жездесі ел қатарлы көрші-қолаңның басын қосып, сол кездің жағдайына орай ұзату тойын жасап, көңілдері жарасқан екі жасты Жезқазғанға шығарып салды.

Ал, Жезқазғанда оларды достары асыға күтіп, келін түсірудің салтанатын сол кездің заманына лайықтап, «көрпеге қарай көсілген» той жасады. Жас келіннің беті ашылды, достары әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй тартып дегендейін, не керек бір қызықты жиын өткізді. Осылай Жезқазған өңіріне тағы бір жас отау шаңырақ көтеріп, уығын шаншып, керегесін керді...

Сүйіктісін қасына алып, көңілі жайланған Шахмардан геологиясына бар ынта-ықыласымен кірісті. Институтта оқығандай емес, мұнда мәселе күрделі екенін көрді. Өзіне дейінгі барлау барысын, анықталған кен байлықтарының шеті мен шекарасын байқастап қараса ол бүгінгі белгілі боп отырғаннан әлде қайда көп екен. Ғылыми зерттеулер, ара-жігін анықтайтын талдаулар жасады, өз ұстазы Қаныш Сәтбаев еңбектерін қайта қарап, сосын Н.Г.Кассин, М.А.Усов еңбектерін оқыды. Жұмыс барысында алдынан шешілуін күтіп тұрған талай проблемалар шықты. Ең әуелі Жезқазғанда белгілі болған кен байлықтарының таралу шекерасын қайта қарап, кеңейту керек болды. Шекараны кеңітсе бұрынғы анық болған кен байлығы 3-4 есеге көбейеді. Бұны игерсе ел ырысы да асады деген сөз.

Бір жолы іс сапармен Жезқазғанға келген Қаныш Сәтбаевқа көптен ойында жүрген идеясының шет жағасын айтып еді:

--Батыр-ау, мынауың мықты дүние ғой. Тездетіп картасын сыз, дәлелдеріңді мықта. Мәскеудің кірпияз ғалымдары мен академиктері, геологтары алдында бұны дәлелдеу керек, мойындату қажет.. –деп, шын қуанғаннан қауқылдап қалды.

--Жобасын сызып қойғанбыз, дәлелдеріміз де мықты. Сізбен ақылдасып алайық деп... жөн-жобасын қарап берсеңіз,--деп, дайындап отырған карта жобасын ғалым алдына жая қойды. Қаныш, Шахмардан және бір топ геолог, бәрі жайылған картаға төне түсіп, шұқшия қарап тұрды...

--Біз сызған картадан мынау, әрине, ауқымды. Біздер оны қашан жасадық, отызыншы жылдардың ішінде ғой деймін. Одан бері қаншама кен орындары табылып, ауқымы кеңейіп кетті емес пе?! Дұрыс, дұрыс. Мыналарың мықты жаңалық болғалы тұр. Тек бұған Мәскеулік ғалымдардың, басшылардың көзін жеткізу керек. Шахмардан, мен Алматыға барысымен тиісті мекеме, министрліктерге хат жазамын, ақылдасамын, келіңдер деп жатса дайын бол,--деді Сәтбаев Шахмарданға қарап.

--Әрине, дайын боламыз. Бүгіннен бастап дайындыққа крісеміз,-- деп, әріптестеріне қарап қойды Шахмардан. Сәтбаев қолға алса жақсы нәтижемен бітетініне сенімді адамдай нық сөйлеп. Ал, Сәтбаев болса шын мәнінде жас Шахмарданның белсенді, ізденгіш талабына іштей сүйсынып тұр еді.

Кез келген жаңалықтың бірден өмірге, ғылым «орбитасына» түсе қоймайтыны, түрлі кедергілер мен қарсылықтар болатыны заңды нәрсе. Алматыға келісімен Сәтбаев Мәскеудегі тиісті министрліктер мен Ғылым Академиясына, жаңа идеяның мәні мен мазмұнын түсіндіріп хат жазды. Бір-екі академикпен де сөйлесті. Кешікпей әбден жаттанда болған: «келсін, дәлелдесін» деген, тілдей жауап та келді. Оның артынан «тез жетсін, кезегі келіп тұрған жиында тыңдап көрейік» деген телеграмма да келді. Бұл кезде Шахмардан қаладан екі жүз шақырым қашықтықта экспедицияда жүрген. «Самолетке үлгерсін!» деген қосымша хабар тағы келді. Мәскеуге Жезқазғаннан самолет аптасына бір-ақ рет ұшады. Амал жоқ, жету керек. Ыңыранған «Газ-51» мәшинесімен 200 шақырымды алты-жеті сағат жүріп, зорға дегенде қалаға да жетті. Жол-жөнекей конторға кіріп қағаздарын, жол қаражатын алып ұшқалы тұрған самолетке әрең үлгерді. Үйге соғып, киім ауыстыруға уақыт қалмады, бірақ Шахмардан оған режи қойған жоқ. Ең бастысы самолетке үлгергеніне қуанды. Аяқтағы керзі етіктің шаңын қағып, шалбардың балағын қонышына тығып, үстіндегі фуфайкасын қаусыра түймелеп, Кеңестер Одағының астанасы Мәскеуге келді. Сенсеңіз де сенбесеңіз де Шахмардан шындығы осы. Әрине, дәл бүгін бұған сену қиын...

Ертеңіне осы түр-тұрпатымен Ғылым Академиясы мен Геология министрлігі өткізіп жатқан жиналысқа келді. Соғыстан кейінгі жылдар ғой, алтынға оранып, күміске көміліп жүрген ешкім жоқ, бірақ, тап-таза, тап-тұйнақтай ғалымдар ортасы. Керзі етік, фуфайкамен жүрген кешкім жоқ. Шахмарданға қарап: «қайдан келген азият?» дегендей таңдана қарайды. Ығатын Шахмардан емес, алшаңдап басып, шалқақ жүр. Ойында мына отырған тәкаппар ойшыл-ғалымдарға жаңалығын жайып салып, идеясын мойындату. Ойын жинақтап, тұжырымын пысықтап қояды.

Дабыр-дұбыр басылып, жиын басталып та кетті. Мәселе көп, сөйлеушілер одан да көп. Кезек Есенов Шахмарданға келді. Бір кезде иығы қақпақтай, алып тұлғалы, ақсары жігіт трибунаға көтерілді. Көп адамға бұл көрініс ұнамады, әрине, киім киісі. Түйелі қойшыдай өңкиіп шыға келгенде кейбір жеңілтек мінезділер жырқылдап күліп те жатты. Шахмардан олардың мысқылына пысқырған да жоқ, өз жөнімен, аспай-саспай сабырмен сөзін бастады.

Орыс тілін өз мәйегінде, ешқандай бұрмалап, бұлтыңға салмай тап-таза сөйлей жөнелгенде зал бірден тына қады. Әуелі Қазақстан жеріндегі кен байлығына қысқаша тоқталып қана негізгі айтпағына көшті. Кен байлықтарын түсіріп келген картасын іліп, қайссы қалай орналасқан, қай қабатта қалай жатыр, шегара-шеті қайда... дегендерді айта келіп, өндіру үшін кешенді түрде қазу керектігін, бір біріне араласа, қапталдаса орналасқан кенді ажыратып алу маңызды екенін баса айтты. Сонда өнім 3-4 есеге өсетінін нықтап, нығырлап, міндеттілерге діттеп айтты. Мамандар мен ғалымдарға жаңа идея ұнаған спетті. Тырп етпей тыңдауларына қарағанда үміт бар, ишаралары соған саяды. Сөзінің соңын Шахмардан:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет