«Құтадғу білік» (Құтты білік) деп аталатын дидактикалық поэма. Бұл бүтін бір тарихи кезеңнің мінез құлқын бойына сіңірген, қоғамдық саяси, әлеуметтік бітімі қанық, моральдық этикалық, рухани қазынамыздың негізі, арқау боларлық дүние. Ондағы бүгінгі тілімізге, ой толғамымызға төркіндес, етене жақын орамдарды көргенде, қазақ әдебиетінің солармен тікелей сабақтаса жалғасқан дидактикалық поэзия мен шешендік сөздердің, билердің орағытып, ой тастайтын кең тынысты толғамдарының дәстүрлі бірлігі «мен мұндалап» тұрады. Жүсіп Баласағұнның мемлекетті басқару қағидалары мен принциптерін, елге билік жүргізудің ережелері мен тәртібін, қоғам мүшелерінің мінез-құлық және әдеп-ғұрып нормаларын жыр еткен этикалық-дидактикалық мазмұндағы көркем туындысы. Бұл дастан – қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихы, қоғамдық саяси – өмірі, ғылымы, әдебиеті мен мәдени дәрежесі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, т.б. жөнінде аса қызықты, әрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды.
Түркі тілдері бойынша ең ауқымды және ең маңызды ежелгі тіл жәдігері Махмұд Қашғаридің “Диуани лұғат-ат-түрк” еңбегінде түркілердің тарихы, жағырапиялық таралуы, тайпалар, диалектілері және дәстүрлеріне бойынша қосымша мәліметтер берілген. Сөздікте сол замандағы түркі тілдерінің тұңғыш ғылыми грамматикасы жазылды. Мұнда тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық тұрғыдан құнды түйіндер жасалады. Сондай-ақ сөздікте тіл мен әдебиетке ғана емес, сол кездегі ру- тайпалар мен халықтардың қоғамдық-экономикалық жағдайына, көне тарихы мен әдет-ғұрпына, салт-санасы мен наным-сеніміне т.б. қатысты аса бағалы деректер берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |