Қазақ тілінің тарихы пәні бойынша
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған
Мамандық шифрі – 050205
Семей - 2017
Абикенов Мухит Төкенұлы қазақ тiлi теориясы мен әдiстемесi кафедрасының доцент м.а., филология ғылымдарының кандидаты
Қазақ тiлi теориясы мен әдiстемесi кафедрасының отырысында бекiтiлген. /28. 08. 2017 ж. № 1 хаттама/
Кафедра меңгерушісi ф.ғ.к., доцент : Қ. Қ. Мұқанова
Қазақ филологиясы факультетінің Оқу-әдістемелік кеңесінде талқыланған.
«__12__»____09________2017 ж. №_1__хаттама
Қазақ филологиясы факультетінің Ғылыми кеңесінде бекітілді.
«__25___»_____09_______2017 ж. №__1_хаттама
Мазмұны:
Глоссарий-----------------------------------------------------------4-6 бб
Дәрістердің қысқаша мазмұны..........................................7-106 бб
СӨБӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқау....107-110 бб
СӨЖ тапсырмалары бойынша әдістемелік нұсқау........111-113 бб
Пән бойынша сұрақтары.................................................... ......114 б
Пән бойынша тест тапсырмалары.................................... ......105б
Пән бойынша глоссарий
Аккомодация (лат. Accommadatio - бейімделу) – дыбыстардың комбинаторлық өзгерісінің дауыссыз және дауысты дыбыстардың артикуляциясының бейімделуі.
Акцентология (лат. Accentus - екпін және грек logos - сөз, ілім) - 1) Екпіннің табиғаты мен қызметін зерттейтін сала; 2) Екпінге байланысты болатын тілдік құбылыстардың жүйесі.
Аллофон – фонеманың әр түрлі айтылуы.
Апокопа – морфологиялық құбылыс. Соңғы буындардың түсіріліп айтылуы. Мысалы: «барады- барад», «барамын – барам» т.б.
Ассимиляция (лат.Assimilation – үндесу) – дыбыстардың комбинаторлық өзгеруінің кең тараған түрі. Ассимиляция сөздегі немесе сөйлемдегі тетелес келген дыбыстардың артикуляциялық үндесуі.
Толық ассимиляция (жазса, сүзсе, жас+са, сүс-се). Жартылай ассимиляция (қазға, тасқа) болып бөлінеді.
Аферезис – қатар тұрған сөздердің арасындағы көрші тұрған дыбыстардың өзара ықпал етуі.
Биллингвизм (лат. Bi- екі, lingua- тіл) – қостілділік; белгілі әлеуметтік топтың (мемлекеттік) екі тілде сөйлеуі.
Бихевиоризм (ағылшын –behaviour- мінез-құлық, тәртіп)- тіл білімінде психологияның бір бағытына негізделген тілдің мәні мен қызметі туралы көзқарастар жүйесі. Сыртқы қоршаған орта мен адам мінез-құлқының байланысы бар болғандықтан, бихевиоризм теориясы туындайды.
Вокализм (лат. Vocalus – дауысты дыбыс) – тілдегі дауысты дыбыстар жүйесі.
Гаплология (грек. Hapleos – қарапайым және logos - сөз, ілім) – дыбыстардың комбинаторлық өзгеруінің бір түрі. Қатар келген бірдей немесе ұқсас буындардың біреуінің ассимиляция салдарынан түсіп қалуы. Мысалы: бұл күн – бүгін, алып кел- әкел.
Деривация (лат. Depivatio – жасалу) – бастапқы тіл бірліктерінен басқа туынды тіл бірліктерін жасау үрдісі. Дериваттарды суффикс қосу арқылы, сөз тіркесі арқылы, сөздерді біріктіру арқылы т.б. жасауға болады. Лексикалық деривация түпкі (түбірлі) бірліктің лексикалық мағынасын өзгертуге бағытталса («бас» - «бастық»), синтакситік деривация тек синтакистік қызметтің өзгеруін білдіреді («сайла» - «сайлау»).
Диахрония (грек. diachoponos – уақыттың өтуі) – тіл жүйесінің тарихи дамуын зерттейтін тіл білімінің аспектісі.
Диссимиляция (лат. Dissimilatio - өзгеру) – сөз шеңберіндегі екі немесе одан да көп ұқсас дыбыстың артикуляциясы. Диссимиляция біртектес дыбыстар арасында пайда болады.
Диэреза - сөйлеу кезінде дыбыстар бір-біріне әсер етеді. Диэрезаның нәтижесінде дыбыстар түсіріліп айтылады , мысалы: «честный – чесный», «қалмады – қамады», т.б.
Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері – сөйлеу кезінде дыбыстардың бір-біріне әсер етуінен пайда болатын фонетикалық өзгерістер. Оның негізгі түрлері мынадай: аккомодация, ассимиляция, диссимиляция.
Жасанды тілдер – табиғи тілді қолдану мүмкін емес немесе сапасыз болатын жағдайларда қолданылатын таңбалар жүйесі. Оның түрлері - мамандырылмаған тілдер – халықаралық тілдер (эксперанто), мамандандырылған тілдер – ғылым тілінің символдық тілі (математика тілі, химия тілі) және бағдарлама жасау тілі т.б.
Жест тілі (ым тілі) – кинетикалық (мимикалық) негізде жасалған коммуникативті жүйе.
Интерференция (лат. inter - аралық, ferio -соғу, тигізу) – қостілділік жағдайында тілдердің бір-біріне тигізетін әсері, ықпалы.
Конверсия (сөзжасам) – бір сөз табындағы өзгеріске ұшырамай, басқа сөз табы ретінде қолданылуы (соғыс – соғыс, ақ-ақ-ақ, ат-ат т.б.).
Консонантизм (лат. consonantig - дауыссыз дыбыс) – тілдегі диалектідегі , говордағы тілдер тобының дауыссыздардың жүйесі.
Көптілділік (мультилингвизм, полилингвизм) – бір мемлекет ішінде бірнеше тілді пайдалануы. Бір адамның бірнеше тілде сөйлеуі.
Ларингал (грек. Larynx - көмей) - көмейлік дауыссыз дыбыс.
Метатеза – (грек. Meafofhesis - орын ауыстыру) – сөз ішіндегі дыбыстардың, не буындардың өзара орын ауыстыруы.
Морфема – (грек. Morrhe - форма) – тілдің негізгі бірлігі, ең кіші таңба, яғни бұл бірліктің белгілі фонетикалық тұлғасы ретінде белгілі бір мағына береді.
Ономасиология - номинация (атау) теориясы. Ономасиологиядағы зерттеу зат немесе құбылыстан осы зат не құбылыстан осы зат не құбылыс туралы ойға қарай бағытталады және оларды тіл құрамдары арқылы белгілейді.
Ономастика (грек. Onomastike (techne) - атау өнері) - жалқы есімдерді зерттейтін тіл білімінің саласы.
Протеза (грек. Proflogis - алдына қою) - сөз басында қосымша дыбыстың пайда болуы. Мысалы: ырас – рас, ылай – лай.
Редукция (лат. Reductio - кейін шегіну, азаю, қысқару) – дыбыстың артикуляциялық және акустикалық сипатының өзгеруі. Сандық редукция - екпін болмауынан дыбыс ұзақтығының азаюы, сапалық редукция – сол себептерден артикуляцияның өзгеруі. Мысалы: қат(ы)нас, дәр (і) гер, т.б.
Редупликация (лат. Reduplication - қосралану) - алғашқы буынның (жартылай редупликация) немесе бүтін түбірдің (толық редупликация) қосарлануынан пайда болатын құбылыс. Мысалы: қап-қара, тәй-тәй т.б.
Семиотика (грек. Semeion - таңба, белгі) – хабарды сақтап, басқаға жеткізе алатын әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылысы мен қызметін зерттейтін ғылыми пән.
Сингармонизм (грек. Syn - бірге және harmonia - қос үнділік, үндесу)- морфологиялық бірлік ретіндегі сөздің вокалдық түрленуінің нәтижесі. Бұл түркі тілдеріне тән аса күшті заң.
Синхрония (грек. Sync – hronos- бір мезгілде болатын) – белгілі бір даму кезеңіндегі тілдің жағдайы.
Субстрат (лат. Sub. Астыңғы, және stratum - қабат) – белгілі лингвогеографиялық жерде ертеде болған тілден қалған көне элементтер.
Транскрипция (лат. Trancriptio - көшіріп жазу) – сөз дыбыстарын хатқа түсіру (жазу) әдісі.
Фонема (грек.phonema – дыбыс, дауыс) – тілдегі дыбыстық қатарды құрайтын бірлік. Фонема мағыналық бірліктерді ажырату үшін қажет.
Фонология (грек. phone – дыбыс және logos – сөз, ілім) – тілдің дыбыстық құрылысы мене қызметінде болатын заңдылықтарды зерттейтін тіл білмінің бір саласы.
Фузия (лат. fusio – қосылған жер) – көрші тұрған морфемалардың (негіз бен аффикстің) қосылып кетуі. Фузия түбір мен қосымшалар арасында болады, олар: н// д/т; м//б-п
Элизия (лат. elisio – шығарап тастау) ілгері тұрған сөзде соңғы дыбыстың жоғалуы. Элизияға қарама-қарсы болатын үрдіс, яғни кейінгі сөздің басында тұратын дыбыстың жоғалуы – аферизис деп аталады.
Элизия редукциямен тығыз байланысты. Мысалы: орын- орны; ауызы – аузы.
Эпентеза (грек.epenthesis – қосынды) –сөздегі қосымша дыбстың пайда болуы. Мысалы: кровать – кереует.
Этимон (грек. etumon– ақиқат) – сөздің бастапқы тұлғасы мен мағынасы.
1 - Дәріс: Қазақ тілі тарихи грамматикасы
Тарихи грамматика – тіл тарихының дербес саласы.
Пәнінің мақсаты мен міндеті Басқа пәндермен байланысы.
Мақсаты: Студенттерге тарихи грамматиканың зерттелуі жөнінде мағлұмат беру. Пәннің мақсаты мен міндеттерімен таныстыру. Тарихи грамматиканың басқа пәндермен байланысы.
Мазмұны: Қазақ тілінің тарихи грамматикасы пәні «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» пәндерімен тығыз байланыста.
«Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәні түркі тілдерін салыстыра зерттеудің нәтижесінде, отандық түркітанудың жинақтаған алғашқы зерттеулер жүйесі ретінде қалыптасты. Бұл пәннің құрамынан екі түрлі саланы ажыратуға болады: біріншіден, барлық түркі тілдерінің түп негізін жобалау, әрбір тарихи дәуірлерде оларға ортақ даму заңдылықтарын ашу сипатындағы зерттеулер. Отандық түркология (дүние жүзілік түркология да) осы сипатты еңбектерден басталады. Олар – түркі тілдері тарихында белгілі ескерткіштерді филологиялық тұрғыдан зерттеу, олардың әрқайсысының бүгінгі түркі тілдеріне қатысы тәрізді мәселелерді зерттеу арқылы түркі негіз тілдің сипатын жобалау, әрбір тарихи кезеңдерде жалпы түркі тілдерінде болған фонетикалық және грамматикалық өзгерістердің түрлері, тілдік жаңалықтардың қалыптасу кезеңі және олардың тіл құрылымын қамту дәрежесі, тілдік өзгерістердің этно-географиялық таралушегі т.б.
Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасының екінші саласы – синхраондық салыстыру, бүгінгі түркі тілдерінің белгілі жүйелер бойынша салыстыра келіп, олардың арасындағы айырмашылықтар тобын белгілеу.
Қазақ тілінің тарихи грамматикасы түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасымен байланысты. Ең алдымен жалпы түркологиялық зерттеулер болды да, кейін сол зерттеулердің бір саласы ретінде қалыптаса бастады. Жеке түркі тілдерінің әрқайсысының тарихы да ең әуелі осы жолмен пайда болды. Қазақ тілінің тарихы жайлы ғылымның өз бастауын әуелі тарихи-салыстырмалы түркологиядан алды.
«Тарихи грамматика» «түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасынан» бөлек, дербес пән, ғылым саласы. Тарихи-салыстырмалы түркология жалпы түркілік күйді, тарихтың көне, ескі дәуірлеріндегі оларға ортақ заңдылықтарды түсіндіріп, жеке тілдердің қалыптасу дәуіріне келген жерден қазақ тілінің тарихы басталады. Жалпы түркілік сипат аяқталып, жеке тайпалар мен рулардың халық болып бірігу дәуірінде-ақ қазақ тілінің тарихи мәселелері өз ерекшелігімен бой көрсете бастайды. Бұл түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасының алғашқы саласынан барып туатын айырмашылық. Ал түркі тілдерін синхрондық күй тұрғысынан салыстыру, сол арқылы олардың өзара айырым белгілерін айқындау – бұл тарихи грамматикамен тікелей байланыспайтын сала. Мұндай зерттеу – тілдердің бүгінгі дербестігі, олардың әрқайсысына тән заңдылықтар жүйесі орныққандығы тұрғысынан, яғни жеке, дербес тілдер болғандықтан ғана мүмкін болады. Тарихи грамматика бір тілді диахрондық тұрғыдан түсінуге құрылса, салыстырмалы грамматика тілдер тобын синхрондық тұрғыдан ғана қарастырады.
Тарихи грамматика өз қорытындыларында, өз зерттеулерінде көне ескерткіштер фактілеріне сүйенеді. Әсіресе тарихи морфология, тарихи синтаксис негізінен көне ескерткіштер фактілерін хронологиялық ретпен қарастырып, талдауға негізделеді. Тарихи грамматика көне ескерткіштер фактілерін ретроспективтік әдіспен динамикада алып, талдау жасап қорытындылайды. Ал «көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» пәні VII ғасырдан XVI ғасырға жалғасатын мұралардың әрқайсысының тілін сипаттауды ғана мақсұт тұтады.
Қазақ тілі фонетикасы мен грамматикалық жүйесінің тарихи дамуын зерттеуде сүйенетін көздер: көне дәуір ескерткіштері, қазіргі қазақ тілі, қазақ тілі диалектілері, фольклор, ономастика, басқа тілдерден ауысқан сөздер, XVIII-XIX ғасырларда жазылған әр түрлі кітаптар, қолжазбалар т.б.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Тарихи грамматика пәнінің мақсаты мен міндеті.
Түркі тілдерінің даму кезеңдері.
Тарихи лексикология мәселелері.
Тарихи этимология.
Тарихи фонетика .Дыбыстардың даму тарихы.
Тарихи морфология.
Есім сөз таптарының даму тарихы.
Етістіктің даму тарихы.
Тарихи синтаксис мәселелері.
Сөйлемнің даму тарихы.
Әдебиеттер: 1, 2, 4,5, 7, 8,11.
2-Дәріс: Түркі тілдерінің даму кезеңдері
Әр кезеңдегі түрлі тілдердің бөлінісі.
Кезеңдерге қатысты тарихи-әдеби мұралар
Мақсаты: Әр кезеңдегі түрлі тілдердің бөлінісі туралы. Түркі тілдерінің даму кезеңдерге қатысты тарихи-әдеби мұралар.
Мазмұны: Қазақ тілінің қалыптасу, даму кезеңдерін айқындау жалпы түркі тілдерінің даму жолдарымен тікелей байланысты. Түркі тілдері, қазіргі түркология қолданып жүрген, қалыптасқан көзқарас бойынша, алты түрлі дәуірді бастан кешірген. Н.А.Баскаков бұл дәуірлерді былай атайды: Алтай дәуірі (б. з. д. III ғасыр), Хун дәуірі (б. з. д. III ғасырдан — б. з. V ғасыр), Көне түркі дәуірі (V—X ғасырлар), Орта түркі дәуірі (X—XV ғасырлар), Жаңа түркі дәуірі (XV—XX ғасырлар). Түркологияда қазақ тілі түркі тілдерінің, біршама «жаңа» деп қаралатын тобына жатқызылады. Олай болатын себебі: қазақ рулары тарихтың ерте кезінен-ақ мәлім болса да, «қазақ» деп аталатын біртұтас халық XV—XVI ғасырларда барып қалыптасады. Қазақ тарихының осы ерекшелігін ескерсек, қазақ тілінің тарихи кезеңдері мынадай дәуірлерге бөлінеді: 1) Түркі бірлестігіне дейінгі дәуір,— бұл дәуір, шамамен, біздің заманымыздың V ғасырына дейін созылады, екі түрлі белестен тұрады: Алтай бірлестігі, Хун бірлестігі. 2) Түркі бірлестігі дәуірі, екі кезеңге ажырайды: Көне түркі қағанаты кезеңі (V—X ғасырлар). Орта түркі кезеңі (X—XV ғ. б.). 3) Қазақ халық тілінің даму дәуірі (XVI—XVIII ғасырлар). 4) Қазақ ұлттық тілінің қалыптасу дәуірі (XIX ғасыр). «Алтай дәуірі» дейтін атау тіл білімі тарихында белгілі «алтай гипотезасымен» байланысты қойылған атау. Алтай гипотезасы алтай тілдерінің туыстығы жайлы теориялық болжам, жоққа шығаруға да, дәлелдеп шығуға да болмайтын болжам. Сондықтан гипотеза деп қаралады. Жоққа шығаруға болмайтындығы — бүгінгі түркі, монғол, тұңғыс-маньчжур тілдерінде ұқсас фонетикалық, грамматикалық құбылыстар, ортақ лексика бар. Фонетикалық ортақ құбылыстар: тұңғыс тіліндегі т, маньчжур тіліндегі с дыбысы түркі-монғол тілдерінде и дыбысының алдындағы ч, ш, с дыбыстарына сәйкес қолданылады,тұңғыс: гг/ган~маньчжур: гусин~ мон-ғол: гучин (оғыз), түркі: үш, уч — үч он, маньчжур: хусун~моп-ғол: күчүн — түркі:^ күш, күч, күүс, т. б. Алтай тілдері деп атауға себеп — аталған тілдердің арғы аталары болатын рулар мен тайпалардың түпкі, арғы атасы, алғашқы таралған жері — Алтай тауларының маңы, айналасы. Ғылым бұл дәуірде қазіргі түркі, моңғол, тұңғыс, маньчжур тілдеріне ортақ тіл болған деп есептейді. Сол ортақ (немесе: бір-біріне ете ұқсас) тіл құрамынан әуелі екі тармақ — түркі-моңғол және тұңғыс-маньчжур тілдері жіктеледі. Сол жіктелістің ізі жоғарыда көрсетілген дыбыс сәйкестіктері болып табылады. Түркі-монғол тілдері ч~ш~ с сәйкестігін айтатын тілдер болып қалыптасты да, тұңғыс-маньчжур тілдері сол позицияда т (кейде с) дыбысын қолданатын тілдер болып қалды. Осы дәуірдің соңғы кезеңдерінде түркі тілдері моңғол тілдерінен жіктеліп шықса керек. Бұл жіктеліс қазіргі тілдердегі мынадай тілдік құбылыстар арқылы дәлелденеді: моңғол тілдеріндегі р, л дыбыстары түркі тілдерінде з, ш/с дыбыстарына сәйкес қолданылады. Ал түркі тілдері ішінде моңғолдық ротацизм (р) мен ламбдаизмд (л) көне бұлғар тілі мен қазіргі чуваш тілі ғана сақтап қалған: чуваш тілі — сір, шур, хір, иір, пыр, басқа түркі тілдерінде — сүз, саз, қыз, із, музЦбұз, осыдан бұрын түркі-монғол және тұнғыс-маньчжур тілдерін өзара жіктеген белгі т~с~ч~ш дыб.ыс сәйкестігі ішінен якут, башқұрт, хақас тілдері с дыбысын сақтап қалды, күүс, көс, күс, т. б. Тілдердің өзара бір-бірінен аулақтануына, дербестенуіне басты себеп болған мұндай сәйкестіктер түркі тілдерінің өз арасында да, жеке бір түркі тілі (айталық, қазақ тілі) құрамында да сақталып қалған (егер сондай реликтер болмаса, ондай процесті тіл басынан кешкенін білу де мүмкін бола бермес еді).. Дыбыстардың мұндай сәйкестігін өз бойында сақтаған сөздер тарихи синонимдер болып ұғынылады. Ал кейбіреулерінің түбірлес, тарихи дублет сөздер екенін арнайы зерттеу арқылы ғана түсіну мүмкін: семір — семіз, көр~көз, тіре — тайа, саумал~ сауған, аумалы-төкпелі {-мал, есімше тұлғасы, түркі тілдерінің кепшілігінде -мыш), тал-түс (тал — чуваш тілінде «түс», л~ш//с), т. б.
Сонымен, бұл дәуірде кейін түркі халықтарының негізін салатын тайпалар моңғол тайпаларынан бөлініп, жіктеліп шықты деп қарау керек. Бұл дәуір — тарихқа дейінгі дәуір. Бұл дәуірде әлі аты белгілі халық та, ру да жоқ. Дұрысында, бізде ондай мәлімет жоқ. Түркологияда бұл раннепратюркский деп аталып жүр. Түркіге дейінгі дәуірдің бұл — бірінші кезеңі болса керек. Екінші кезеңі түркологияда «Хун дәуірі» деп аталатын мерзім. Хун дәуірі деп атау біздің заманымыздың алғашқы жылдарында өмір сүрген Хун империясына байланысты.
Хун империясы Орталық Азиядан Шығыс Европаға дейінгі ұлан-байтақ территорияны мекен еткен түркі, монғол, тұңғыс-маньчжур тектес тайпаларды біріктірген қуатты мемлекет болған. I ғасырда империя ауызбіршіліктің жоқтығынан, сондай-ақ көршілердің әсерімен де екіге: Батыс және Шығыс Хун мемлекеттеріне ажырайды. Бұл жіктеліс түркі тайпаларының кейінгі дамуына үлкен әсер етті, мемлекеттің батыс бөлігіне қараған рулар мен тайпалардың кейінгі тарихи тағдыры бірге болды да, мемлекеттің шығыс бөлігінде қалған рулар мен тайпалардың кейінгі дамуы бірыңғай болды. Сөйтіп түркі тілдерінің (халықтарының да) қазіргі батыс және шығыс топтарының қалыптаса бастауы осы Хун империясынан басталады. Бұл дәуірде осыдан бұрын басталған түркі тілдерінің моңғол тілдерінен жіктелу процесі аяқталады. түркі тілдері негізінен з, ш дыбыстарын айтатын тілдер болған мен, олардың ішінде бұлғар тілі (кейін чуваш тілі) түркі-монғол бірлестігінің сипатын (р, л дыбыстарын) сақтап қалды. Сонымен қатар, з дыбысының с варианты, ш дыбысының с, ж варианттары қалыптасты: жаз, жазыл, дъас, дар (дар етті), дарыл (дарылда)— р~з//с, бес//беш, білек, л~ш//с, быш//пыс//піс, быжыл (быжыл-да) шІ/ж//с.
Бұл кезеңде оғыз-қарлұқ-қыпшақ тіл бірлестігі қалыптасты. Бірақ оғыз, қарлүқ, қыпшақ тілдері (тілдік бірлестіктері) бір-бірінен айқын жіктеле қойған жоқ. Дегенмен, Хун дәуірінде-ақ оғыздар мен қыпшақтар, қарлұқтар тарих сахнасына шыға бастады. Қытай жылнамаларында, сонымен қатар, қаңлылар мен үйсіндерді атайды, олардың тілі мен тұрмысына қатысты мәліметтер беріледі. Сонымен, Хун империясы — түркі тілдерінің тарихи дәуірі. Қазақтың халық тілінің этногенездік құрамы да осы дәуірден бастап назар аударады.
Оғыз-қарлұқ-қыпшақ тіл бірлестігі, екінші жағынан, қазақтың халық тілінің басты арналарының біріне айналса, қыпшақ, қаңлы, үйсін тайпа тілдері (тарихи жылнамалар хабар беретін) қазақтың халық тілінің құрамына енгендер. Түркологияда V—X ғасыр көне түркі дәуірі деп аталып жүр. Бұл алғашқы Түркі мемлекетінің — түркі. қағанатының дәуірі, түркі жазуының, түркі жазба тілінің дәуірі. Дәуірдің тарихи-әлеуметтік үлкен ерекшелігі — түркілер өз тарихын өзі жаза бастаған, өздері жайлы мәліметті өздері хатқа түсіре бастаған кез. Бұл дәуірдегі түркі тілдеріне тән негізгі белгілер деп мыналар аталады: сөз арасында, сөз соңында т//д дыбыстарының сәйкес қолданылуы басым болады: адац. Бұл ерекшелік біздің заманымызда якут тілінде (т) сақталып қалған. Көне түркі дәуірінің өзінде сөз ортасындағы д(т) з дыбысына ауысуы кездеседі. Сөйтіп тарихи р ~ д(т) ~ з(с) дыбыс сәйкестігі қалыптасады. Бұл дәуірдің бізге жеткен ескерткіштерін жазба тілдің мұрасы дейтін көзқарас қалыптаса бастады. Сол жазбалар тілін екі түрлі топқа бөлетін пікір де орнықты. Олар — Орхон-Енисей ескерткіштері және көне ұйғыр тілі ескерткіштері. Орхон-Енисей ескерткіштері тілдік сипаты жағынан бүгінгі түркі тілдерінің қайсысын да еске түсіреді, солардың қайсысының да көне заманғы архетипі ретінде қарастырыла алады. Мысалы, ол тілдің бір белгісі ретінде қаралатын ц//н//й дыбыс параллелінің барлық сыңары қазіргі түркі тілдерінде кездеседі. Немесе сөз басында м//б параллелі түркі тілдері арасында қалыптасқан (мен, бен — қазақ, тү-рікмен) сәйкестік болумен бірге, бір ғана тіл құрамында да қолданылады: мында~бұнда, т. б. Мерзімі жағынан көне үйғыр ескерткіштері соңғы кейінгі уақытқа жатады. Көне ұйғыр ескерткіштерін екі түрлі диалектінің: н — диалект және й — диалектінің көрінісі деп қарау қалыптасты. Көне ұйғыр ескерткіштерінің й — диалект тобы фонетикалық және морфологиялық құрылымы жағынан көне қазақ тілінің алғащқы бастауын байқатады.
Дегенмен, көне түркі дәуірінде қыпшақ, оғыз, ұйғыр (қарлұқ) тайпалық тілдер бірлестіктері бой керсете бастады. Көне түркі дәуірі жазбаларында сол тілдік бірлестіктердің, сондай-ақ жеке тілдер: қыпшақ, оғыз, қырғыз, ұйғыр, т. б. тілдердің ерекшеліктері көрініс тапқан.
Сонымен, V—X ғасыр аралығы түркі тілдерінің өзара жақындьіқ белгілері бой көрсете бастаса да, әлі толық жіктелмеген дәуір. Осы белгісіне орай бүл түркі бірлестігі дәуірінің бірінші кезеңі — көне түркі қағанаты кезеңі болып табылады. Қазақ тілі тарихы үшін XI—XV ғасырлар аралығы — түркі бірлестігі дәуірінің екінші кезеңі, үлкен мәнді мерзім болды.
XI—XV ғасырларда д/т~з/с сәйкестігі жаңа сатыға көше бастады. Сөз ортасындағы д дыбысын айтатын тілдермен қатар й дыбысын айтатын тілдер қалыптаса бастады. Сөйтіп түркі тілдері тарихында белгілі, тілдерді жіктеуде еске алатын дыбыс сәйкестігі: д//т~з//с~й қалыптасады, енді түркі тілдері сөз ортасында қай дыбыстың айтылуына қарай д/т тілдері, з тілдері, й тілдеріне жіктеле бастайды. Түркі тілдері мен моңғол тілдерін жіктеген р~з, л~ш дыбыс сәйкестіктері де жаңа сатыға ауыса бастайды: р~з~ й, л~ш~с. Сонымен қатар түркі тілдері құрамында осы дәуірде жаңа сапалық өзгеріс қалыптасты. Сөз ортасында, сөз соңында ғ, г дауыссыздары мен дауыстылардың тіркесі үш түрлі өзгеріске ұшырады: бір топ тілдерде дифтонгілерге айналды, бір топ тілдерде созылыңқы дауыстыларға айналды және бірсыпыра сөздер құрамында қатаңдап кетті, кейбір сездер құрамында элизияға ұшырап, түсіп қалды. Қысқасы, бұл айтылғандар мына тәрізді фактілер арқылы көрінеді: қазақ — тау, қырғыз — тоо, қазақ — улық, кішік, бек, ұлы, кіші, сары. Бұл өзгерістердің барлығы тілдер қүрамында синоним сөздер мен формалардың молаюына алып келді.
Орта ғасырларда, сонымен қатар, жазба тілдер дамыды. Қараханид мемлекетінің территориясында қалыптасып, бүкіл Орта Азияға тараған жазба тілде көп жанрлы көркем әдебиет дамиды, күнделікті іс қағаздары, дипломатиялық қағаздар жазылады. Кейін бұл тілдің негізінде шағатай әдеби тілі, оның негізінде Хорезм әдеби тілі, кейінгі замандарда Алтын Орта әдеби тілі, т. б. жазба тілдер қалыптасып, бүкіл түркі әлемін қамтиды.
Бұл дәуірде Юсуф Баласағунидың «Құдатқу білігі», Махмуд Қашқаридың «Диваны» жазылды. Алдыңғысы кітаби жазба тілдің ескерткіші болса, Махмуд Қашқаридың «Диваны» ауызекі сейлеу тілінің жинағы еді. Осы «Диванда» бірінші рет қыпшақ тілі материалдары көрініс тапты. Қашқари кітабында берілген қыпшақ материалдары бүгінгі қазақ тілінің алғашқы сипатын танытады .
Осы дәуірде Әлидің «Қисса-и-Жүсіп», Сараидың «Гүлстан бит-түркиі», Хорезмидің «Мухаббат намесі» тәрізді қыпшақ жазба тілінің ескерткіштері мен Абу Хайианның грамматикасы, «Ат-тух-ва», «Қитаб булғат әл-муштақ...», «Әл-Қавани...», 1245 ж. Түрікше-арабша-моңғолша-парсыша сөздік тәрізді грамматикалық зерттеулер мен сөздіктер, «Кодекс Куманикус» тәрізді қыпшақ сөйлеу тілінің мұралары, XV—XVII ғ. армян жазулы қыпшақ қағаздары жасалды. Қыпшақ тілінің бұл дәуірдегі сипаты орыс эпосы «Игорь полкі туралы сөз» арқылы да біздің заманымызға жетті. Қыпшақ тілі сөздік қоры мен фонетикалық жүйесі, грамматикалық құрылымы жағынан қазақ тілінің сипатын байқататыны жайлы пікір түркологияда орныққан деп қарауға болады.
X—XV ғасырларда қазақ тілінің рулық, тайпалық тілдер негізінде қалыптасу процесі жүрді. Алғашқы кезеңде рулық тілдердің өзара жіктелу, бір-бірінен ажырауы болса, кейін тайпалық одақтар шығып, қыпшақ тілі бірлестігінің қазақтың халық тіліне ұласуы, дамуы басталады.
XV—XVI ғасырларда біртұтас қазақ тілі жайында айтуға мүмкіндік туады. Бұл заманда қазақтың бай ауыз әдебиеті туды, авторлық әдебиет — жазба әдебиет пайда бола бастады. Қазақ тілінің негізгі құрамдық белгілері де осы замандарда қалыптасты. «Қазақ» этнонимінің пайда болуы да, тарихтың айтуы бойынша, XIV ғасырға жатса керек. XVI ғасырдың тарихи деректері қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген біртұтас халықтың атын «қазақ» деп қалыптасқан атау ретінде қолданады. XV ғасырдың 60—70-жылдарында алғашқы қазақ хандығы құрылады, алғаш рет жақын тілдерде сөйлейтін әдет-салт жағынан бірыңғай рулар мен тайпалар саяси бір орталыққа бағыну мүмкіндігіне ие болады. Саяси-шаруашылық, географиялық жағдайлардың салдары ретінде осыдан сәл бұрын қалыптасқан қазақтың үш жүзі осы уақыттарда тарих сахнасына шықса керек. Өздерін кейінгі тарих бойында «қазақ» деп атап кеткен халық құрамына енген рулар мен тайпалардың басым көпшілігі сөз басында ұяңдардан гөрі қатаң дауыссыздарды айтатын, созылыңқы дауыстылар орнына дифтонгілер қалыптасқан, сөзді әуезділік жағынан жуан айтуға ұмтылатын, еріндік гармониядан гөрі езулік гармонияны сақтайтын тілдерде сөйлесе керек. Әрине, бұдан басқа сипатта сөйлейтін де тайпалар болды. Тарихи деректер қазақтың құрамына оғыз тектес тайпалардың да, тіпті моңғол тектес тайпалардың да енгендігін дәлелдейді. Қашқари оғыз тілі ерекшелігі деп көрсететін кейбір тілдік құбылыстар қазіргі қазақ тілі кұрамында орнығып қалған. Оның үстіне, орта ғасырларда Сырдария бойында қыпшақ-оғыз тайпалық бірлестіктері болғандығын, Жетісуда қарлұқ тектес тайпалардың қазақ руларымен қоян-қолтық араласқандығын, батыста полозецтермен бірге гуздардың (оғыздардың) бір мемлекеттік одақта өмір сүргендігін еске алсақ, қазақ тілі өзінің алғашқы құралу, қалыптасу дәуірінде бір сипатты болмағандығын білуге болады. Бірақ бұлар сан жағынан көп болмаған және кұралу, қалыптасу дәуірінде мәдени де, саяси-әлеуметтік те жағдайларды айқындамаса керек. Анлаутта ж, инлаут пен ауслаутта й, у дыбыстарын қолданып, сөздің қатаң да жуан айтылуына мән беретін, езулік гармонияны сақтап сөйлеуге тырысатын тілдер көпшілік болумен қатар, халықтың қоғамдық өмірінде ұйымдастырушылық қызмет атқаруы әбден ықтимал. XI ғасырдың соңғы ширегінде саяси-әлеуметтік жағдайлармен байланысты басқа тайпалар ішінде үстемдік алған қыпшақ тайпасының айналасына басқа да рулар мен тайпалар бірігіп, «қыпшақ» атын алды. Қыпшақ конфедерациясынық құрамына енген тайпалар мен рулар үшін, сөз жоқ, қыпшақ тілі ортақ тіл болды. Қашанда тілдер тарихында бола беретін процесс — бір тілдің негізінде нормалану жүрді. Сөйлеудің бір тілге негізделуі біртұтас тілдік бірліктің жүйеленуіне алып келді және сол тіл құрамында диалектілік ерекшеліктердің де қалыптасуына мүмкіндік жасады.
Қазақтың халық тілінің қалыптасуы бұл дәуірде осындай процесті басынан кешірді.
XVII—XVIII ғасырлар қазақтың халық тілінің даму дәуірі бол-ды. Біртұтас тілдік жүйелері қалыптасқан халық тілі құрамында нормалану жүреді. Олай етпейінше, тіл сол халықтың қоғамдық қатынас құралы болмас еді. Қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық дамудың басты шарттарының бірі де, ондай дамудың негізі де — біртұтас, сол халықтың барлық өкілдеріне ортақ, барлығына түсінікті қатынас құралы — тілдің болуын қажет етеді. Бұл қай халық тілінің тарихында да болған және болатын тарихи белес. Қазақ тілі сондай белесті XVII—XVIII ғасырларда өткізді деп қарау керек. XVII—XVIII ғасырлар қазақ тілі құрамында жеке диалектілік топтардың (немесе говорлар топтарының) айқындалу негізі болды. Алғашқы негізі рулық, тайпалық тілдер болған тілдік жүйелер қазақтардың жүзге жіктеліп, белгілі территорияларда қоныс тебуінің нәтижесінде этнолингвистикалық жүйе болумен бірге этнорегионалдық сипатқа ие болды. Бұндай жіктеліске әрбір этникалық топтың территориялық байланыстары да ықпалын тигізді. Айталық, оңтүстікті мекен еткендер көрші өзбектермен, олар арқылы парсылармен байланысқа түссе, оңтүстік-шығысты мекендегендер ұйғырлармен көршілік қатынасқа түсті, т. б. Жалпы халықтың тіл жүйелерінің жіктеліп, біртұтас қатынас құралы ретінде дамуы екінші бір тілдік құбылыспен — Орта Азиялық түркіжазба әдеби тілімен де байланысып жатты. Оқығандар мен діни өкілдердің тілі ретінде қазақ даласына келген түркі жазба әдеби тілі өзінің алғашқы таралу кезеңінде-ақ халық тілінің біртұтас қалыптасқан жүйелеріне кез болды. Жүздерге топтасқан қазақ рулары әлеуметтік-саяси жағынан да, экономикалық-географиялық жағынан да бір-бірімен шамалас еді. Белгілі бір руды, рулар одағын ерекшелейтіндей айрықша саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайлар болмаса керек. Рулар мен тайпалық одақтар саяси-әлеуметтік, географиялық жағынан жүздерге белінген кезде де белгілі бір жүздің немесе рудың тілі ерекшеленетіндей тарихи жағдайлар болған жоқ. Сондықтан да қазақ тарихы ондай фактіні білмейді. Жалпы халықтық тіл қазақ халқының құрамына енген негізгі рулар мен тайпалар тілдерінің жинақталған, сараланған түрі ретінде қалыптасты. Лингвистикалық негіз, сірә, «қазақ» дейтін атау алып, өзара топтасқан рулар мен тайпалар тілдік жағынан тек қүрылымдық (агглютинативтік) кана емес, фонетикалық, лексикалык және грамматикалық түрғыдан да осындай сипатқа жақын, бір-бірімен үндес тілдерде сөйлесе керек. Солай екендігі қазақ халық тілі құрамында сақталған тайпалық тілдер (әуелі тайпалық, кейін барып регионалдық) қалдықтары — диалектілерден көрінеді. Қазақ тілі диалектілерінің басқа түркі тілдерімен салыстырғандағы үлкен ерекшелігі — олар (диалектілік айырмашылықтар) тілдің негізгі, яғни түсінуге кедергі болатын салаларын қамтымайды.
Орта Азиялық түркі-жазба әдеби тіл сондықтан да қазақ халық тілінің орнына жүріп, оның қызметін атқара алған жоқ. Әрине, қазақтың халық тілі түркі жазба әдеби тілімен қарым-қатынасқа түсті. Соның нәтижесінде қазақ тілінің құрамында сөздердің кейбір семантикалық топтары пайда болды, кейбір синоним сөздер, кейде формалар, жеке фонетикалық өзгерістер келіп шықты. Ол тілдің үлкен әсері қазақ тілінің әдеби болып дамуына тиді жеке сөз топтары мен формалар қызметі жағынан сараланды, жеке стильдік салалардың қалыптасып, дамуы түркі жазба әдеби тілінің ықпалынсыз болған жоқ.
XVII—XVIII ғасырларда, сонымен қатар, қазақ-орыс тілдік байланыстары шықты. Половецтер заманынан кейін біраз уақыт баяулаған қазақ-орыс тілдік байланыстары қайта жандана бастайды. 1573 жылы бірінші орыс елшілігі қазақ хандығына келеді, ал 1594 жылы қазақ хандығының өкілі Москваға барады. Бұл замандар өткеннен кейін орыс мемлекетімен ресми байланысқа түсу фактісі, екінші жағынан, орыс-қазақ тілдік байланыстарының қайта жаңғыруы болды. Осыдан бастап екі ел арасында дипломатиялық қағаздар жүре бастады, елшіліктер, жаушылар, олармен қоса тілмаштар пайда болды, қағаз жүзінде де, ауызша да тілдік байланыстар дамыды. Қазақ-орыс тілдік байланысының бүл кезеңінің ерекшелігі — орыс тілінен сөз ауысу басымдау болды. Бүл жағдай да тіл қүрамында өз ізін қалдырды жаңа атаулар пайда болды, синоним сөздермен молықты, тілдің фонетикалық жүйесінде де өзгеше құбылыстардың пайда болуына ықпал жасады. Сонымен, XVII—XVIII ғасырларда қазақ халық тілінің бүгінгі сипатының негізі салынды. Қазақ тілі бір орталыққа бағынған, әдет-салты бірыңғай халықтың тілі ретінде қоғамдық дамудың қүралы ғана болып қойған жоқ, дипломатиялық қатынастар тілі, екінші сөзбен, қазақ халқын дүниелік мәдениетпен байланыстыратын құрал дәрежесіне жетті. Әдеби тілдің негізі де осы дәуірде қалана бастады. Ауыз әдебиетінің сындарлы жүйесінің ықпалы мен ауызша әдеби тіл салаланды авторлы поэзия тілі қалыптасты, туркі жазба тілінің ықпалымен тарихи-мемуарлық шығармалар пайда болды («Жамиғат тауарих», қазақ шежірелері, т. б.), іс қағаздары, дипломатиялық қатынастар тілі жүйеленді, эпистолярлык сипаттағы шығармалар жазылды, т. б.
XIX ғасырда қазақтың ұлттық әдеби тілінің қалыптаса бастағаны мәлім. Қазақстанда сауда капитализмі туды. Солардың нәтижесі ретінде қазақтың ұлттық әдеби тілі қалыптаса бастады. Қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салған Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин осы дәуірде өздерінің атақты шығармаларын жазды. XIX ғасыр қазақтьщ ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасу, өркендеу дәуірі болды. Сонымен, XIX ғасырда жазба әдебиеті қалыптасты, қазақ баспасөзі туды.
Қазақтың халық тілі қазіргі әдеби тілге дейін, сонымен, осындай төрт түрлі дәуірді басынан өткерді.
Достарыңызбен бөлісу: |