1-6 жас балаларының тілінің дамуын бағалау көрсеткіштері.
Бала сөздің сыртқы формасын (затты референтімен тоғыстыру) бірінші меңгереді, ал кіші көрінісіне, мазмұнына, мағынасына өз тәжірибесі,тілдік ортасы арқылы келеді. Жарым жастағы сәбимен қарым -қатынас жасай отырып, үлкен кісі оның езу тартып күлуін, талпынуын, алғашқы дыбыстық әсерін туғызады./ гуілдеу, ылдырлау/. Кейінірек жастың екінші жартысында қарым-қатынас үлкен кісінің еркелеткен, әндеткен, ырғақты сөйлеуімен қатынасқан эмоциялы-қимылды ойындар түрінде болады (көбіне өлеңнің қысқа-қысқа жолдары айтылды). Сөйтіп бала алғаш рет көркем әдебиетпен танысады. Екі жастағы кезеңде сабақтар шағын топтармен өткізіледі. Ұзақтығы балалардың белсенділігіне немесе керісінше, балалардың жалығу дәрежесіне қарай бірнеше минуттан он минутқа дейін құбылып тұрады.Үш және төрт жастағы кезде балалардың тілінің жетілуі де шапшаң болады. Тіл балалардың үлкендермен де, құрбыларымен де қарым-қатнасқа түсуінің негізгі құралына айналады.Үш-төрт жаста сөйлеу белсенділігі әлдеқайда күшйе түседі. Үш жаста балалардың сөз қоры бір жарым мыңға дейін көбеюі мүмкін. Төрт жастың аяғына таман бала өте қарапайым әңгіме құрастырып, бірнеше рет тыңдалған қысқа өлеңді есте сақтайды және қайталап айтады. Балалар бұл кезде шағын өлеңдерді, қысқа ертегілерді, әңгімелерді тыңдай алады және олардың мазмұны түінеді. Сондықтан да оларды тақпақты есте сақтауға, айтуға, таныс кітптағы суреттерді қарауға, сол жайлы әңгімелеп беруге ықылаын тудырып, қызықтырып отырудың маңызыд зор. Ес –алты жатағы кезде балалар шығарманы ықыластана тыңдау дағдысын, мазмұнға, кейіпкерлерге деге өз көзқарастарын тиянақтап айа білуді меңгереді. Оларда шығарманың мазмұны мен оның бейнелеу, мәнерлеу құралдары арасындағы байланысты байқау қабілеті дамиды. Іс-әрекеттің белгілі бір түірне қызығу тұрақтылығы пайда болады, біреулері өлең оқуды, енді біреулері ертегі айтуды жақсы көреді. Түйсік қабілеттері дамиды. Балалардың өздері жұмбақ, өлең құрай бастайды.
Балалардың тілін дамыту негізінен ережелерді меңгерту барысында және жаттығулар мен тапсырмаларды орындатқызу түрінде жүргізіледі. Осыған орай ережелерді нақтылай түсу /әрбір тақырыпқа тән ерекшеліктерді толық көрсету, жаттығуларды түрлендіру жағына қатты өңіл бөлінеді. Балалардың тілін дамыту, сөз қолдану дағдыларын қалыптастыру осы кезеңдерде белгілі бір тақырыптың оқытылуына сүйене отырып, соның барысында жүргізіледі. Мұнда біз мына сияқты негізгі мәселелерді үйретуіміз қажет; яғни белгілі бір тақырыпты оқыта отырып, баланың сөздік қорын дамыту, сөздерді үйрете отырып, сөздер жасайтын формаларды меңгерту және оларды байланыстырып сөйлем құрауға, ойларын ауызша, жазбаша сауатты, жүйелі, дұрыс жеткізуге, сөйлей білуге үйрету мақсат етілді. Сонда осы үшеуі (сөздік жұмысы, сөйлем құрау және ауызша, жазбаша байланыстырып сөйлей білу) тіл дамыту жұмысының мазмұнын құрайды және олар күнделікті өтілетін грамматика, оқу сабақтарымен байланысты біртұтас жүргізіліп отырылса, тіл дамыту жұмысы да біршама жүйелі түрде өткізіледі деуге болады. Сондықтан тіл дамытудың осы негізгі үш бағытын бөлшектеуге, даралауға болмайды. Бұлар қатар жүреді, өйткені сөздік жұмысы сөйлем құрау үшін де, байланыстырып сөйлеу үшін де негіз болады;ал әңгіме айтуға дайындық жасау сөз бен сөйлемсіз іске асуы мүмкін емес.
2. Бала дамуының өлшемдері. Бала өмірінде екінші жас ерекше маңызды. Баланың жүруді меңгеруі кейіп-кескінді өзгертіп, сенсорлық дамуды тездетуге мүмкіндік туғызады, екінші сигналдық жүйенің қалыптасуы бала өмірінің екінші жылын ерекшелейді. Екі жаста баланың дене және психикалық дамуы одан әрі жүзеге асады. Ай сайын салмағына 170,0-190,0 г, бойына – 1 см қосып отырады. Екі жастағы баланың салмағы орташа есеппен 12,0-12,7 кг, бойының ұзындығы 85,0-86,0 см жетеді, 20 сүт тісі болады. Сергектік уақытының ұзақтығы: бірінші жарты жылдықта 3 сағаттан бастап 4 сағатқа дейін, екінші жарты жылдықта 4 сағаттан бастап 5,5 сағатқа дейін. Тәуліктік ұйқы мөлшері 14 сағаттан 12,5 сағатқа дейін қысқарады. Бала өмірінің екінші жылында сөйлейді, жүре бастайды, заттармен әрекет жасаудың қарапайым тәсілдерін меңгереді. Ол әлі де ересектердің көмегін қажет етеді, бірақ сәбилерге қарағанда, онда талпыныс, ересектерге түсіндіре білуге деген ұмтылыс пайда болады. 2 жаста қарқынды даму бағыттары айқындалады. Бұл ересек адамдардың тілін түсіну және сөйлеу қабілетінің дамуы, сенсорлық даму, заттармен әрекеттің, ойындардың, қимыл-қозғалыстарының, дербестіктің дамуы.
Екі жас – тіл дамуы өте қарқынды өтетін, тілді үйретуге ерекше сезімталдық байқалатын тіл дамытудағы «сензитивті» кезең. Бала екі жасында ересек адамдардың сөздері мен сөйлемдеріне еліктеп, тілдерін түсіне бастайды. Оның белсенді сөздік қоры өседі, бала тілдің грамматикалық құрылысын меңгереді, сөйлемдерді қолдана бастайды. Бірінші жарты жылдықта тіл айтарлықтай қарқынмен дамиды; сөйлеуге еліктеу қабілеті жетіледі, былдыры күрделенеді; бір жарым жасында белсенді сөздік қоры 30-40 сөзге жетеді. Екінші жарты жылдықта белсенді тіл дамуында айтарлықтай өзгерістер болады: белсенді сөздік қоры 200-300 сөзге дейін артады. Бала тілінде зат есімдердің септік және көптік жалғаулары, етістіктің бұйрық райы мен өткен шақ пен келер шақ түрлері пайда болады. Бала кейбір дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтады. 2 жастың соңына қарай тіл өзінің негізгі қызметі – қоршаған ортамен қарым-қатынас қызметін атқара бастайды.
Бала тілді, ең алдымен, ересек адамдармен әңгімелесуде қолдана бастайды. Бұл жастағы балалар суреттегі өздеріне жақсы таныс қарапайым сюжеттерді түсініп қана қоймай, сонымен бірге ересектердің кейбір сұрақтарына жауап бере алады. Бала үшін тіл қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау құралы, ал ересектердің тілі балаларды тәрбиелеудің негізгі құралы болып табылады.
Бала өмірінің үшінші жылында дене дамуы әлі де қарқынды жүреді, алайда өткен жылмен салыстырғанда бұл үдеріс баяу өтеді. Бұл кезеңде балалардың жүйке жүйесінің қызметі жетіле түседі, осыған байланысты белсенді сергектік уақыты (6 сағ.-6,5 сағ. дейін) ұзарады. Бұл жастағы балаларда өзін дұрыс ұстау дағдылары жеңіл қалыптасады, себебі ол аз уақыт өз тілектері мен әрекеттерін тежей алады. Алайда, 3 жастағы баланың тез әсерленіп, тез шаршайтынын естен шығармау керек.
Бала өмірінің үшінші жылында жүйке жүйесінің де дамуы қарқынды өтеді. Сәби психикасындағы үлкен өзгерістер тілдің ары қарай дамуы және оның әсерінен ақыл-ойдың дамуымен байланысты. Осы жастағы балалардың сөздік қоры сан және сапасы жағынан өткен кезеңмен салыстырғанда, 3-4 есе артады. Сөздердің жеңілдетілген формалары ғана емес, сонымен қатар дұрыс айтылмайтын сөздер мүлде жоғалады; балалар барлық сөз таптарын қолдана бастайды. Баланың қалыптасқан ойлау қабілеті тілдің грамматикалық құрылымында білінеді, ол жайылма және құрамалас сөйлемдерді қолданады. Бұл жастағы балалар неге? неліктен? қайда? қашан? сұрақтарын көптеп қояды. Бұл сұрақтар дамыған танымдық қажеттілікті білдіреді. Балалардың түрлі сөз таптарын қолдануы мен бала тілінде бағыныңқы сөйлемдер мен сұрақтардың пайда болуы ойлау қабілетінің дамуын сипаттайды; балалардың қоршаған ортадағы заттарды, құбылыстарды жеке-жеке емес, олардың арасында байланыс құра отырып, заттар мен құбылыстардың қасиеттерін түсініп, салыстыра, теңестіре отырып қабылдайтындығын көрсетеді.
Баланың айналасындағы адамдардың тілін түсінуде де елеулі өзгерістер болады. Бала өзінің айналасындағы өзіне, жан-дүниесіне тікелей байланысты сөздердің мағынасын түсінеді. Баламен тек осы уақыт туралы ғана емес, сонымен қатар өтіп кеткен уақыт жайлы да, келешек туралы да әңгімелесуге болады; мысалы, ол қайда барады, серуенде не істейді, кеше серуенде не болды, шыршаны қандай ойыншықтармен безендіруге болады, жазда орманда не жинайды, т.б. Едәуір күрделі жалпылау түрлері пайда болады, мысалы, ойыншықтар, киім сөзімен бала әртүрлі, бірақ қызметтері ұқсас заттары жалпылайды. Жалпыланған мағынаны заттың қасиеттерін білдіретін сөздер де иеленеді.
Бала өз көзімен көрмеген оқиғалар мен құбылыстар туралы ересектердің әңгімелерін түсіне алады, бірақ әңгімеде қолданылатын сөздер оларға түсінікті болуы тиіс. 3 жасқа қараған бала тілінің тәрбиелік мағынасы айтарлықтай өзгереді. Үйрету барысында көрсету әлі де жетекші әдіс болғанымен, тілдің үйрету мен тәрбиелеу құралы ретінде ролі едәуір артады. Сөзбен баланың қандай да бір әрекетін тыюға, теріс қылықтарының алдын алуға, өткенді еске түсіруге, жаңа әрекеттерге үйретуге, пайымдаулары мен түсініктерін қалыптастыруға болады. Бірақ, тілді дамытудағы жетістіктерге қарамастан, балалар тілдің грамматикалық құрылымын меңгермегендіктен, тәжірибелері әлі де жеткіліксіз болғандықтан, олардың тілдері ерекше болып келеді.
3 жаста баланың дыбыстарды дұрыс айтылуы бекітілмеген, бірақ автоматтандырылған болады. Көптеген дыбыстар жұмсақ айтылады, бір сөз тіркесінде дыбыстар дұрыс айтылса, енді біреуінде қате айтылады. Бұл жастағы барлық балалар бірдей р, л, с, ш, з дыбыстарын дұрыс айта бермейді, айтуға тілі келмейтін дыбыстарды ауыстырып айтады немесе тастап кетеді, орнын ауыстырады. Бірақ тіліндегі кемшіліктерге қарамастан бала басқа балалардың тіліндегі кемшіліктерді байқап, оларды жөндейді. Бұл балалардың тіл дыбыстарын қабылдауы дыбыстарды айта білуінен гөрі айтарлықтай жетілгендігімен түсіндіріледі. 3 жаста балада өзін қоршаған орта туралы түрлі ұғымдар мен түсінктер қалыптасады. Бала тұрмыстық заттардың қасиеттері мен қолданылуын біледі, оларды ажыратып қана қоймай, түрін, түсін, өлшемін атайды, негізгі кеңістіктік және уакыттық қатынастарда бағдарлана алады.
Бала өмірінің үшінші жылында дамудағы жаңалық қандай да бір істі бастамас бұрын мақсатын анықтай білу болып табылады: «Мен үй саламын», «Мен қуыршақты емдеймін». Жоспарлау элементтерінің пайда болуы – бала әрекетінде маңызды.
Сюжеттік-рөлдік ойындар – 3-4 жастағы баланың тұлғалық, интеллектуалдық, жалпы психологиялық дамуында ерекше орын алатын жетекші іс-әрекет болып табылады. Бұл кезең баланың тілге, оның дыбысталуы мен мағынасына ерекше қызығушылығымен, сезімталдығымен ерекшеленетіндіктен, баланың тілін дамытуға өте қолайлы. Бұл жастағы балалар ересектермен қарым-қатынас жасауға өте ықыласты болады. Әртүрлі сұрақтар қойып, өздері білетін ертегілерді бар ынтасымен айтып береді. Танымдық қызығушылығы белсенді болады.
Ересектермен қарым-қатынас жасау қажеттілігі қанағаттанбаған кезде, олардың арасында эмоционалдық жатырқаушылық пайда болады. Төрт жасқа қарай бала құрдасын ортақ іс-әрекетке қатысушы есебінде қабылдайды. 3-4 жасар баланың өзін-өзі бағалауы өте жоғары деңгейде болады. Бұл – біреу оның тұлғалық қасиеттерін дұрыс бағаламаған кездегі өз-өзін қорғаудың «тұлғалық» тетігі болып табылады.
3 жас пен 4 жас аралығында баланың сенсорлық процесінің – сезіну мен қабылдау түрлері қалыптасады. Фонематикалық есту, түсті ажырату, көз қырағылығы, заттардың пішінін ажырату қабілеттері жетіле түседі. Балалар заттарды ұстап көріп танудан, көзбен көру арқылы тануға көшеді. Жаңа заттарды қарап, көзбен көріп танудан сипап-сезу, есту, иіскеп көру арқылы қабылдауға ауысады. Сөз – 3-4 жастағы балалардың сенсорлық процестерін дамытуда жетекші орын алады. Балалардың сөздік қорын заттардың сынын, бір-бірімен қарым-қатынасын білдіретін, мазмұнды қабылдауын қалыптастыратын жаңа сөздермен байытады. 3-4 жастан бастап баланың есі еріксіз сипатта болады. Бала материалды өзі іс-әрекетке тікелей қатысу арқылы есіне сақтайды. Бұл жастағы баланың ойлау қабілеті сапалық өзгешелігімен ерекшеленеді. Оған қиял мен шындықты ажырату қиынға соғады. Ол – өзімшіл. Оған анимастикалық түсініктер тән. Айнала қоршаған заттардың бәрін өзімен салыстырады, олар да өзі сияқты ойлауға және сезінуге қабілетті деп ойлайды. Нысандарды қарастыра отырып әдетте, ол заттың едәуір ашық бөлігін ажыратады.
3-4 жасар баланың тұлғалық дамуының базистік мазмұны өзінің көпқырлылығымен, әрдайым даму үстінде және әр жас кезеңінің өзіндік мазмұнының ерекшеленуімен сипатталады. 3-4 жастағы балалардың тұлғалық, базистік сипаттамасына құзыреттілік, эмоционалдылық, бастамашылдық, дербестік жатады.
Құзыреттілік. Бала төрт жасында әлеуметтік құзыреттіліктің белгілі деңгейіне жетеді: басқа адамға қызығушылығын білдіреді, оған сенеді, ересектермен және құрдастарымен өзара қарым-қатынас жасауға тырысады. Басқа адамдармен байланыс орнату үшін қатынасудың тілдік және тілдік емес (көзқарастар, ым, ишара, мәнерлі қылықтар мен қозғалыстар) тәсілдерін қолданады. Өзінің қай жынысқа жататынын түсінеді («Мен ұлмын», «Мен қызбын»). Біліктілік құзыреттілігі баланың қоршаған әлемді танып-білу мақсатында әртүрлі сұрақтар қойып, белсенді қызығушылық танытуынан көрінеді. Ол әртүрлі тұрмыстық заттар мен ойыншықтарды ерекшеліктеріне (түсі, пішіні, көлемі, фактурасы, құрылымы), қызметіне қарай қолданып, байқайды. Сонымен қатар ауызша сипаттай алады (үлкен, әдемі, дөңгелек, т.б.). Ана тілін меңгеру негізгі грамматикалық санаттар мен сөйлеу тілін меңгеруімен сипатталады. Екінші тілді меңгеру. Мектепке дейінгі кіші жастағы бала екінші тілдің неге керек екендігін түсінбейді. Сондықтан оны меңгеруді алдына саналы түрде мақсат етіп қоймайды. Ол балалардың өзге тілді адамдармен қарым-қатынас жасау барысында қалыптасады. Екінші тілді меңгеру процесі баланың ересектермен және басқа балалармен қарым-қатынасындағы тұлғалық, танымдық, ойын іс-әрекеті қажеттіліктерін қанағаттандыру барысында құрылады. Осы мақсаттағы қарым-қатынас баланың тілдік ортаға тікелей қатысуымен жүргізілуі керек. Бірлескен іс-әрекет қуану, ересектермен, құрдастарымен ынтымақгтасу, олармен қарым-қатынасына қанағаттану негізінде қалыптасады.
Бес-алты жасқа қараған балалардың дамуында елеулі өзгерістер болады. Баланың денесінің салмағы шамамен айына 200 г, бойының ұзындығы 0,5 см артады. 5-6 жасында баланың бойы - 116 см, денесінің самағы - 21,5 кг жетіп, кеуде қуысының көлемі 67 см жетеді.
Баланың мінез-құлық әрекетін реттеуде ми қабының рөлі артады. Жоғары жүйке жүйесінің қызметі жетіледі. Балалардың қимыл белсенділігі артып, негізгі қимыл әрекеттерін жетік меңгереді. 5-6 жастағы балалардың қозғалысы көбіне жігерлі, әрі нақты болып, әсемдік пен жеңілдікке ие болады. Бес-алты жасында саусақтарының жетілгені соншалық, бала өз бетімен қағаздан түрлі пішіндерді (дөңгелек, сопақша, тіктөртбұрыш, т.б.) қиып ала алады, адам мен жануарлар мүсіндерін жасап, қарындашпен, бояумен еркін сурет сала алады. Бес-алты жастағы бала мектеп жасына дейінгі балалардың (бұл әсіресе балабақшаға баратын балаларға тән) құрдастарына бағытталған барлық құбылыстарының «ошағы» болып табылады.