Несептің қалыпты және патологиялық компоненттері және қасиеттері. Несептің тәуліктік мөлшері 0,5 – 2,0 л (негізінен қабылдаған сұйықтық мөлшеріне байланысты).
Полиурия - тәуліктік несептің қалыпты мөлшерден жоғары болуы. Полиурия қантты және қантсыз диабетте, созылмалы нефритте, пиелонефритте, тағам арқылы сұйықты көп мөлшерде қабылдаған кездерде байқалады.
Олигурия — тәуліктік несептің қалыпты мөлшерден төмен болуы (0,5 л дейін). Көбінесе лихорадкада, жедел диффузды нефритте, бүйректе тас жиналуында, тағам арқылы сұйықты аз мөлшерде қабылдаған кездерде байқалады.
Анурия — несеп түзілуінің болмауы. Уланғанда, стресс кезінде, бүйректің зақымдалуында байқалады. Созымалы анурия кейде уремияға әкелуі мүмкін (аммиакпен улану).
Несептің түсі қалыпты жағдайда янтарь немесе сабан тәрізді сары түсті, урохром, уробилиноген пигменттерінің болуына байланысты болады.