Қорлау заңда басқа адамның абыройы мен қадір қасиетін әдепсіз түрде кемсіту ретінде белгіленген. Берілген норманы адамның және азаматтың абыройы мен қадір-қасиетін қорғауға қатысты Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген ережелердің қылмыстық құқықтық кепілдігі ретінде қарастыруға болады. Осыған дейін де атап көрсеткеніміздей қорлау дегеніміз басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту болып табылады.
Қылмыс құрамының соңғы белгісіне басымдық берілуін, тұрмыста өте жиі кездесетін, бірақ өзінің мазмұны мен салдары бойынша маңызы аз қорлайтын сөздердің мазмұнын тым кең түсінуден заңшығарушының аулақ болуға тырысуы деп түсінген дұрыс сияқты.
Әдептіліктің қарапайым нормаларын бұзатын және басқа адам үшін ерекше кемсітушілік болатын әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Өзіне қатысты қорлау әрекеттері жасалған тұлғаның абыройын кемсіту барысында кінәлі адам балағат сөздерді, ұятсыз теңеулерді, әдепсіз ишараттарды пайдаланады, шалапалақпен ұру, бетіне түкіру, шашынан тарту, балшық, лас жерлерге итеріп құлату сияқты әрекеттерді жасайды. Қорлау әрекеттері жазбаша немесе сурет түрінде де жасалуы мүмкін.
Жала жабумен салыстырғанда, қорлау жәбірленушіден басқа адамдарға білдірілмей де жасалына алады. Бұл жерде жәбірленушіге қатысты мәліметтердің көрінеу жалғандығы емес, кінәлінің әрекеттерінің әдепсіздік, кемсітушілік сипаты бірінші кезекке шығады. Жала жабу ең алдымен қоғамдық көзқарасқа, жәбірленушінің қазіргі объективті беделіне зиян келтіретін болса, қорлау оған ұшыраған адамды қатты іштей қамықтыруға, уайымға салуға бағытталған және тікелей ниетпен жасалады.
Жала жабу барысындағы сияқты қорлаудың мақсаты, мотивтері мен салдары қылмысты саралауға ықпал етпейді, бірақ жазаны дербестеу барысында маңызға ие болады. Олар қорлаудың басқа қылмыстармен жиынтығының, мысалы, қорлаумен өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, тағылық т.с.с. барысында да есепке алынады. Қорлаудың құрамын бұзақылықтан ажырату барысында (қорлап, азаматтарға тиісуден көрініс табуы мүмкін) ниеттің мазмұнындағы айырмашылықтарды есте ұстау қажет. Бұзақылық қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталса, ал қорлау кінәлінің нақты бір адамға деген жеккөрушілігін білдіреді.
Қылмыстық кодексте жекелеген лауазымды тұлғалардың қоғамда орындайтын функцияларын есепке ала отырып, олардың абыройы мен қадір-қасиетін қорғаудың қажеттілігін басшылыққа алып, қорлағаны үшін жауаптылықты бекітетін кейбір арнайы нормалар да қарастырылған. Мәселен, билік өкілін қорлау (ҚК 378 б.), судьяны, алқабиді қорлау (410 б. 2 б.). Арнайы норма болған жағдайда іс-әрекет қорлау үшін жауаптылық туралы жалпы нормамен емес, арнайы көрсетілген нормамаен саралануы тиіс.
Егер қорлау көпшілік алдында немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып жүзеге асырылған реттерде жазаның күшейтілуі заңда көзделген. Аталған саралаушы белгілердің мазмұны жала жабудағы белгілерге ұқсас келеді.
Конструкциясы бойынша қылмыс құрамы – формалдық. Субъективтік жағынан қылмыс тек тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі 16-жасқа толған, ақыл есі дұрыс, жеке адам.