Тақырып Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар


Бала асырап алу құпиясын жария ету (138 б.)



бет60/102
Дата27.05.2022
өлшемі344,84 Kb.
#145297
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   102
Байланысты:
ққ.лекция 10 шт

2 Бала асырап алу құпиясын жария ету (138 б.)

Бала асырап алу фактісін қызметтік немесе кәсіптік құпия ретінде сақтауға міндетті адамның не өзге адамның пайдакүнемдік немесе өзге де ұждансыз пиғылмен жасаған, бала асырап алу құпиясын бала асырап алушының еркіне қарсы жария етуі ҚР ҚК 138-бабында бекітілген қылмыс құрамын құрайды.
Құқықтық реттеудің әр түрлі салаларына ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өзекті болып табылады. ҚР Конституциясының 24 бабының 1 бөлігінде жеке адамның жеке өмірі туралы ақпаратты, сол адамның рұқсатынсыз жинауға, сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Жеке мәліметтерді қамтитын ақпаратты құқық салаларының бір қатарындағы нормалармен қорғалады.
«Бала асырап алу - бұл нәтижесінде асырауға алынған балалар және асырап алғандар, ата-ана және бала арасындағы қатынастағы секілді құқықтар мен міндеттерге ие болатын заңи факт». Бұл асырап алу кезінде асырап алушымен асырап алынғандар арасындағы қатынастар биологиялық тұқым негізіндегідей болады дегенді білдіреді. ҚР Конституциясына және қазіргі әрекет етуші заңнамаға сәйкес отбасы, ана, әке және бала Қазақстан Республикасы мемлекетінің қорғауында болады. Осындай мазмұндағы базистік мәніске қағидалар туралы біз осыған дейінде айтқан болатынбыз.
Жалпы ереже бойынша бала асырап алу процедурасы, баланың отбасында тәрбиеленуге деген ұмтылысын қанағаттандыруға, оның моральдық, материалдық жағдайын жақсартуға, яғни асырап алушылық кәмелетке толмаған адамның жеке құқықтарының жиынтығының қорғалуын толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің қоғамымызда, бала асырап алу институты, ереже бойынша бала өзінің туған анасы туралы ақпарат жоқ болған жағдайда, ол бала отбасында барлығымен тең бала ретінде сезінуді, өзін толықтай қорғауда сезінуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жерде бала асырап алушылардың, баланы асырап алғандығы туралы ақпараттың жария болатынынан қорқу секілді факторларды болдырмау қажет. Кейбір елдерде бала асырап алушылық туралы ақпарат құпия болып табылмайды. Мысалы, АҚШ-та, бала асырап алынғаннан кейін ол бала өзінің асыранды бала екендігін біледі және олар бірігіп бала асырап алушы Ана күнін тойлайды.
Бала асырап алу құпиясы заңмен қорғалады, сондықтан баланы асырап алу үдерісін дайындауға және орындауға қатысқан барлық тұлғалар бала асырап алу құпиясын сақтауға міндетті. Бала асырап алу туралы мәліметтерді жария ету балаға моральдық (өнегелік) тұрғыдан жапа шектіруі, қалыпты отбасылық жағдайды жасауға кедергі келтіріп және баланы тәрбилеу ісін қиындатуы мүмкін.
Бала асырап алу құпиясы дегеніміз – асырап алушылардың асырауға алынған баланың ата-анасы болып табылмайтындығын көрсететін асырап алу фактісі туралы кез келген мәліметтер болып табылады. Асырап алу құпиясы сот асырауға беру туралы шешім шығарған сәттен бастап пайда болады. Осыдан кейін баланы асырауға беру туралы шешім шығарған судьялар немесе оны мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды тұлғалар, сондай-ақ баланың асырап алынғандығы туралы өзгедей жолмен белгілі болған адамдар бұл құпияны сақтауға міндетті, олай болмаған ретте олар жалпы негізде жауапты болады.
Асырап алу туралы сот шешімі шыққанға дейін асырап алушылар және асырауға алынуы мүмкін балалар туралы мәліметтердің құпиясы қылмыстық заңмен қорғауға алынбайды.
Бала асырап алу фактісін қызметтік немесе кәсіптік құпия ретінде сақтауға міндетті адамның не өзге адамның пайдакүнемдік немесе өзге де ұждансыз пиғылмен жасаған, бала асырап алу құпиясын бала асырап алушының еркіне қарсы жария етуі белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не алпыс тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Бала асырап алу туралы құпияны жария етудің негізгі тікелей объектісі отбасының заңмен қорғалатын мүддесі, сонымен қатар баланың дұрыс дамуы мен тұлға ретіндегі қасиеттерінің дұрыс қалыптасуы болып табылады. Қосымша объектісі ретінде бір жағынан ҚР Конституциясында бекітілген өзіне отбасы құпиясын сақтау құқығын жүктейтін тұлғаның тәуелсіз болу құқығы, ал екінші жағынан – заң талаптарына сәйкес келетін, бала асырап алу процесінің қандай да бір кезеңінде қатысуы себепті бала асырап алу туралы хабардар болатын мекеме немесе ұйымдардың қызметкерлері.
Бала асырап алу туралы құпияны жария ету жағдайында жоғарыда аталған объектілермен қатар елеулі дәрежеде асырап алынған баланың психикалық жағдайына әсер етіп, онда бір толықсыздық және кемшілік сезімдерін тудырғандығы, асырап алынушы баланың денсаулығы мен өмірін қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың факультативтік объектісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың заты болып бала асырап алу туралы құпия ақпарат болып табылады, сонымен қатар қазіргі әрекет етуші заңнамада қарастырылған бала асырап алу туралы құпияны қамтамасыз етуге арналған арнайы шаралар туралы ақпарат болып табылады. Жекелеп айтқанда, ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексіне сәйкес бала асырап алушының өтініші бойынша асырап алынған адамға тегі және сонымен қатар есімі берілуі мүмкін.
Баланың әкесінің тегі, егерде асырап алушы ер адам болса, сол ер адамның аты, ал егерде әйел адам болса, сол әйел адам көрсеткен тұлғаның аты жазылады.
Егерде ерлі-зайыптылардың тегі әр түрлі болса, сол ерлі-зайыптылардың келісімі бойынша, ол екеуінің біреуінің аты беріледі. Егерде некеге тұрмаған тұлға бала асырап алған жағдайда, оның өтініші бойынша баланың туу туралы куәлігіне сол тұлғаның атаған адамның есімі жазылады.
Бала асырап алу туралы құпияны сақтау мақсатында, бала асырап алушының өтініші бойынша, бір жасқа дейінгі баланың туылған күнін үш айдан аспайтын мерзімге өзгертуге құқылы және сонымен қатар баланың туған орны да өзгертілу мүмкін. Бала асырап алушының өтініші бойынша, сот сол адамдарды баланың туу туралы куәлігіне туған ата анасы ретінде жазылуы мүмкін. Баланың есімін, тегін, әкесінің атының, туған күнімен жерінің, сонымен қатар ата-анасы ретінде өзгергендігі туралы бала асырап алу туралы сот шешімінде көрсетіледі. Егерде асырап алынушы бала он жасқа толған болса, онда АХАЖ органдарындағы бұндай жазбаларды өзгерту үшін сол адамның өзінің рұқсаты қажет. ҚР ҚК 138 бабында қарастырылған қылмыстың жәбірленушісі болып асырап алынған бала және сонымен қатар асырап алушылар жатады. ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексі бала асырап алу туралы құпияны сақтаудың арнайы мерзімін бекітпейді, яғни асырап алынған адамның кәмелет жасқа толуы қылмысты құқықтық бағалауға еш әсер етпейді.
ҚР Жоғарғы Сотының 2000 ж. 22 желтоқсандағы «Бала асырап алу туралы істерді қарау кезінде соттардың отбасы және неке туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативті қаулысының 1 п. сәйкес бала асырап алу туралы заңнама ҚР Конституциясынан, Қазақстан Республикасы 1994 ж. қосылған Бала құқықтары туралы 1989 ж. 20 қарашадағы конвенциядан және өзге де заңдар мен нормативті құқықтық актілерден тұрады.
Атап айтқанда, асырап алуға жататын балаларды асырап алуға тілек білдірген тұлғаларды есепке алу тәртібі ҚР 2011 ж. 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 89-бабында қарастырылған.
Осындай санаттағы істердің өзіндік ерекшеліктеріне сай, соттар асырап алушылардың өтініштерінде көрсетілген олардың өздері, олар асырап алуға тілек білдірген балалар, олардың ата-аналары мәліметтерді тексерулері тиіс. Сонымен бірге соттар асырап алынатын балалардың туу туралы құжаттарына өзгерістер енгізу туралы өтініштерін, заң бала асырап алушы болуы мүмкіндігін қарастыратын мән-жайларды, оларды қуаттайтын дәлелдемелерді, сондай-ақ өтінішке қосымша тіркелген келесідей қажетті құжаттардың болуын:
- баланың тұрғылықты жері бойынша қамқоршылық және қорғаншылық органының асырап алудың негізділігі және оның асырауға алынушының мүдделеріне сай келетіндігі туралы қорытындысы;
- асырап алушылардың өмір жағдайларын тексеру актісі;
- акт жазбаларының және баланың туу туралы куәлігінің көшірмелері;
- асырауға алынушының денсаулық жағдайы, тәндік және ақыл-есінің дамуы туралы құзіретті органның дәрігерлік қорытындысы;
- егер ол заң бойынша талап етілетін болса баланы асырап алуға ата-анасының келісім беруі;
- егер бала 10-жасқа толған болса өзін асырап алуға баланың келісімі;
- өтініш жасаушының берілген баланы асырап алушы бола алатындығын қуаттайтын дәлелдер.
Өтініш берушінің бұл құжаттарды алуға мүмкіндігі болмаған ретте олар өтініш берушінің өтінішхаты бойынша сотпен тиісті органдардан талап етілуі тиіс.
Жалпы алғанда асырап алу – отбасының беріктігін арттыруға және баланың мүдделерін қорғауға бағытталған ерекше маңызды институт болып табылады. Асырап алуға беру туралы шешім шығарған судьялар немесе оны мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған лауазымды тұлғалар, сондай-ақ баланың асырап алынғандығы туралы өзгедей жолмен белгілі болған адамдар бұл құпияны сақтауға міндетті. ҚР 2011 ж. 26-желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 13 тарауында бала асырап алуды реттейтін ережелер бекітілген. Бала асырап алудың құпиясын жария еткен ретте жоғарыда аталған адамдар ҚР ҚК 138-бабы бойынша жауапты болады.
Баланы асырап алушының еркі деп асырап алушы жұбайлардың біріккен және жеке алғандағы әрқайсысының дербес еріктерін түсіну қажет. Жұбайлардың біреуінің бала асырап алу құпиясын жария етпеуге деген еркі бала асырап алу құпиясын жария етудің мүмкіндігін жоққа шығарады. Олай болса, бала асырап алу құпиясын жария ету бұл ретте қылмыстық жауаптылықтың пайда болуына алып келеді.
ҚР қолданыстағы заңнамасы (ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі) бала асырап алудың шарттарын, тәртібін және құқықтық салдарын, сондай-ақ асырап алуды тоқтатудың негіздері мен тәртібін барынша толық реттейді, бұл өз кезегінде, баланың да, сондай-ақ асырап алушының да құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Талданып отырған қылмыстық теріс қылық құрамы өзінің құрылысы бойынша формальдық құрамға жатады, ҚР ҚК 138-бабында көрсетілген әрекеттерді жасаған, яғни бала асырап алу құпиясын жария еткен сәттен аяқталған деп саналады.
ҚР ҚК 138 бабында көзделген қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағы бала асырап алушының еркіне қарсы бала асырап алу туралы мәліметті жария ету болып табылады. Жария ету деп, асырап алынған адамның туған ата-анасын әрекет немесе әрекетсіздік арқылы ашып беру, хабарлау нысанына байланысты емес, бала асырап алғысы келетіндер туралы ауызша немесе жазбаша, анонимді түрде немесе өзінің аты жөнін ашық көрсету арқылы олардың жақын таныстарына хабарлау. Асырап алынғандығы баланың өзіне мәлім екендігі, бала асырап алу туралы құпияны жария еткені үшін көзделген жауаптылықты жоққа шығармайды.
Қылмыстық теріс қылықтың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады: тұлға асырап алушылардың еркіне қарсы түрде бала асырап алу құпиясын жария ететіндігін біледі және осындай әрекеттерді жасауды тілейді. Егер қылмыстық теріс қылық бала асырап құпиясын сақтауға міндетті емес тұлғамен жасалатын болса, пайдакүнемдік немесе өзге де ұждансыз пиғылдың болғандығын дәлелдеу қажет болады.
Қылмыс субъектісі – бала асырап алу фактісін қызметтік немесе кәсіптік құпия ретінде сақтауға міндетті адам, сондай-ақ пайдакүнемдік немесе өзге де ұждансыз пиғылмен әрекет ететін жалпы субъекті ретінде танылатын тұлға. Егер жұбайлардың біреуі екіншісінің еркіне қарсы бала асырап алу құпиясын жария еткен болса, ол да қылмыстық теріс қылықтың субъектісі болуы мүмкін. Орын алған бала асырап алу фактісін айқын білетін өзге тұлғалар да берілген қылмыстық теріс қылықтың субъектісі болады. Педагогтар, балалар мекемелерінің тәрбиешілері, сондай-ақ асырап алушылардың туысқандары, олардың таныстары, көршілері осындай тұлғалардың қатарына жатады. 

  • 3 Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару (139 б.);

Ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегіз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеу міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілітсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы ҚР ҚК 139-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Өнегелік, моральдық және әлеуметтік тұрғыдан алғандағы салауатты отбасы оның мүшелерінің бірі-біріне деген қамқорлығын қарастырады. Отбасы кодексі ата-аналарының өздерінің кәмелетке толмаған және көмекті қажет ететін еңбекке қабілетсіз кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағу міндетін жүктейді.
Балалардың, еңбекке қабілетсіз ата-ананың немесе жұбайлардың (зайыптардың) заң бойынша оларға қамқорлық жасауға міндетті адамдардың тарапынан материалдық көмексіз қалып, қиыншылықтарға душар болуы берілген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі болып табылады. Осыған байланысты жоғарыда аталған тұлғалардың денсаулығына, қалыпты тұрмыс-тіршілік кешуіне қауіп төнеді.
ҚР Конституциясында мәселен, 27-бапта неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болатындығы және балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті болып табылатындығы атап көрсетілген. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті (ҚР Конституциясы 27-бап 3 п.).
Кәмелетке толмаған балаларды, сондай-ақ, он жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларына қамқорлық жасаудың құқықтық кепілдігі болып ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі табылады. 2011 ж. 26 желтоқсандағы ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 70-бабына сәйкес «ата-аналар өз баласының денсаулығына қамқорлық жасауға мiндеттi... бала тәрбиелеушi ата-аналар оның дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауаптылықта болады».
Балалардың, еңбекке қабілетсіз ата-аналарының денсаулығы мен қалыпты дамуын, материалдық көмекке зәру еңбекке қабілетсіз жұбайының (зайыбының) мүдделерін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар қылмыстың объектісі болып табылады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес сот шешімі бойынша өздерінің ата-аналарынан қаражат алуға құқылы кәмелетке толмағандар; сот шешімі бойынша ата-аналары қаражат төлеуге міндетті еңбекке қабілетсіз он сегіз жасқа толған балалары; сот шешімі бойынша балалары қаражат төлеуге міндетті еңбекке қабілетсіз ата-аналары, жұбайы, зайыбы қылмыстың жәбірленушісі болады.
Қылмыстың объективтік жағы балаларына, сондай-ақ еңбекке қабілетсіз он сегіз жасқа толған балаларына қаражат төлеу бойынша міндеттерін орындамаудан, сонымен бірге еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, жұбайын (зайбын) асырауға қажетті қаражатты төлеуден жалтарудан көрініс табады.
Балаларына, сондай-ақ еңбекке қабілетсіз он сегіз жасқа толған балаларына қаражат төлеу бойынша міндеттерін орындамау, сонымен бірге еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, жұбайын (зайбын) асырауға қажетті қаражатты төлеуден жалтару әрекет немесе әрекетсіздік арқылы жасалуы мүмкін.
Бір адамның басқа адамды өз есебінен материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуін асырау деп түсінуіміз қажет. Ата-аналарының балаларын, сондай-ақ балаларының ата-аналарын асырауы олармен бірге шаруашылық жүргізуі және ортақ отбасылық бюджеттің болуы нысанында немесе өмір сүруге қажетті материалдық игіліктерді тұрақты түрде (ақша қаражаттарын, азық-түлік өнімдерін, киім-кешектерді және т.б.) беріп отыру нысандарында жүзеге асырылуы мүмкін.
Тұрақты түрде ақша қаражаттарын бөлуді алимент төлеу деп, ал қаражатты алимент деп атаймыз.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес алименттер – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат болып табылады.
ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша жауаптылық сот шешімі бойынша тиісті болып табылатын балаларын және еңбекке қабілетсіз он сегіз жасқа толған балаларын, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) асырауға қажетті қаражатты төлеуден жалтарған кезде, яғни заң бойынша ата-аналарының балаларына және еңбекке қабілетсіз он сегіз жасқа толған балаларына немесе еңбекке қабілетті тұлғаның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке зәру жұбайына (зайыбына) алимент төлеуден жалтарғаны үшін басталады. Алимент төлеу міндеттілігі азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген сот шешімінің болуымен және берілген шешімнің үш айдан астам орындалмауы, ал еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайына (зайыбына) қатысты алғанда алты айдан астам орындалмауын білдіреді.
Сот шешімі бойынша тағайындалған алиментті төлеуден жалтару болып табылатын нақты әрекеттердің қатарына: а) осындай төлемді жасаудан тікелей бас тарту; ә) кінәлі адамның өзінің нақты жалақысын жасыруы; б) атқару қағазы бойынша айлықтан ақша ұстап қалудан жалтару үшін жұмыс орнын немесе тұрғылықты жерін жиі ауыстыру; в) осындай мақсатпен қоғамдық пайдалы еңбектен жалтару; г) алимент төлеуден жалтаруды дәлелдейтін өзге де әрекеттер (өзінің тегін және өзге де анкеталық мәліметтерін өзгерту, жеке басын куәландыратын құжаттарды жалған жасау, алиментті жалақыдан ұстап қалуды жүргізетін бухгалтерияның лауазымды тұлғасымен келісім жасасу, сот тәртібімен өзінің баланың әкесі болып табылатындағына дау айту, бірінші атқару қағазы бойынша өндіріп алу туралы жалған талап қою және т.с.с.).
Қылмыс құрамы өзінің конструкциясы бойынша формальдық құрам болып табылады. Қылмыс заңда көрсетілген әрекеттерді жасаған сәттен аяқталған деп саналады және алиментті төлеуден жалтаруды тоқтатын әрекет жасалғанша (кінәсін мойындап келу, алиментті төлеуден жасырынып жүрген адамның табылуы және өзге де жағдайлар) немесе тұлғаның алимент төлеу міндеттілігін тоқтатын оқиғалар орын алғанша (баланың, ата-анасының, алимент оның пайдасына алынатын жұбайдың қайтыс болуы не баланың кәмелеттік жасқа толуы, еңбекке қабілетсіз жұбайының жаңа неке құруы және т.б.) жалғасады. Берілген қылмыс созылған қылмыс болып табылады.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі тұлға асырау үшін қажетті қаражатты төлеуден жалтаратынын сезінеді, қоғамдық қауіпті салдардың орын алуының қаупін көре біледі және олардың орын алуын тілейді. Қылмысқа пайдакүнемдік немесе өзгедей ұждансыз пиғылдар себеп болады.
Кәмелетке толмаған баланың немесе еңбекке қабілетсіз кәмелетке толған адамның ата-анасы (әкесі немесе шешесі), еңбекке қабілетсіз жұбайының (зайыбының) пайдасына сот шешімі бойынша қаражат төлеуге міндетті жұбайы, сондай-ақ сот шешімі бойынша өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасына қаражат төлеуден жалтарған еңбекке қабілетті кәмелеттік жасқа толған баласы қылмыстың субъектісі болып табылады.
ҚР ҚК 139-бабында көзделген іс-әрекеттер онша ауыр қылмыстар қатарына жатады.
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет