Ұрлық (ҚК 188 б.).
Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру - меншік иесінің еркінен тысқары жағдайда, заңсыз болып табылады. Объективтік жағынан алғанда, ұрлық бөтеннің мүлкін жасырын түрде алумен ұштасады. Бөтен мүлікті жасырын түрде алу екі түрлі – объективтік және субъективтік белгілер бойынша анықталады. Адамның ешкімге сездірмей, білдірмеу әрекет істеуі арқылы мүлікті жасырын алуы – объективтік белгіге жатады. Ұрлық жасаған адамның мүлікті меншік иесіне немесе өзге иеленушіге сездірмей, жасырын алудамын деген сезімі және осы тәсілмен оны жүзеге асыруды тікелей тілейтіндігі субъективтік белгіге, яғни кінәлінің бөтен мүлікті жасырын алуға байланысты іс-әрекетке деген психикалық көзқарасын білдіреді.
Осыған байланысты, жәбірленушінің үйде болмауы себепті оның пәтеріндегі заттарын алу, жәбірленушіге сездірмей оның қалтасына түсу, мас адамның, ұйықтап жатқан адамның немесе өте жастығына, психикалық, басқадай ауру болуы себепті сезбейтін адамдардың заттарын алу ұрлық болып табылады. Егер мұндай реттерде жәбірленуші немесе басқа адам әрекеттерді көріп қалып, ол жағдайды кінәлі адам сезгенімен қылмыстық әрекеттерін одан әрі жалғастыратын болса, онда оның әрекеті тонауға, ал қылмыстық әрекетті кінәлі адам күш қолданумен немесе қолданбақшы болып жалғастырса, қарақшылыққа ауысып кетуі мүмкін.
Заңдылық құрылысына қарай, ұрлық материалдық құрамға жатады. Сондықтан да қылмыс құрамының объективтік жағының белгісі – қылмыстың қоғамға қауіпті зардабы – мүліктік залал келтіру болып табылады. Осыған байланысты кінәлінің бөтеннің мүлкін алумен бірге, оған билік етуге нақты мүмкіндік алған уақытынан бастап қылмыс аяқталған деп есептелінеді. Мекеме, ұйым аумағынан немесе күзетілетін объектілерден мүлікті, затты жасырын алып шығу әрекеті ұрлық жасауға оқталғандық болып табылады. Осындай тәсілмен ұрланған заттарды күзетілетін объектілердің аумағынан алып кетуге қасақана түрде көмектескен күзетшілер осы қылмысқа қатысушылар ретінде танылады. Егер адам ұрлыққа дайындалу іс-әрекеттерін тоқтатса, не жасырын түрде алған ұрлық затын күзетілетін объектіден, аумақтан шықпай тұрып, осы қылмысын аяғына дейін жеткізу мүмкіндігі бола тұрып, оны істеуден өз еркімен бас тартып, ұрланған затты қайтарса онда кінәлінің әрекеті қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту деп танылып, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы тиіс.
Ұрлық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам бөтеннің мүлкін жасырын түрде заңсыз, тегін алу арқылы меншік иесіне немесе өзге иеленушіге материалдық залал келтіретінін біледі және сондай тәсілмен сол залалды келтіруді тілейді. Қылмыс пайдакүнемдік ниет және сондай мақсатпен жүзеге асырылады.
Қылмыстың субъектісі болып – 14 жасқа толған, есі дұрыс, жеке адам танылады. Қылмыстық заңда ұрлықтың ауырлататын және өте ауырлататын құрамдары көрсетілген.
Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кірумен;
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не ақпараттық-коммуникациялық желі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық (ҚК 188 б. 2 б.).
Осы қылмысты бірлесіп жасау арқылы күні бұрын уағадаласқан екі немесе одан да көп адамдар қатысса, ол адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық деп танылады.
Ұрлықтың ауырлататын келесі белгісі ол бірнеше рет жасалуы. Қылмыстың бірнеше мәрте жасалуының түсінігі Қылмыстық кодекстің 12-бабында берілген. Бұрын істеген қылмысының аяқталғаны немесе қылмысқа даярланғандығы, оқталғандығы я болмаса қылмысқа кез келген рөлді атқаруға бірлесіп қатысуы да қылмысты бірнеше мәрте істегендік деп танылады. Созылмалы, жалғасқан қылмыстар бірнеше мәрте жасалған қылмыс деп танылмайды.
Ұрлық құрамындағы келесі бір ауырлатушы белгі ол ұрлықты тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайларға, қоймаға заңсыз кіру арқылы жасау болып табылады. Адамдардың тұрақты немесе уақытша тұруына арналған немесе олардың демалуға, мүлікті сақтауға, адамдардың басқа мұқтаждықтарын өтеуге арналған (қойма, қора-қопсы, балкон, әйнектелген дәліз) құрылыстарды айтамыз. Адам тұруға арналмаған құрылыстар тұрғын жай деп саналмайды. Қызметтік немесе өндірістік үй-жай дегеніміз адамдарды немесе материалдық игіліктерді уақытша немесе тұрақты орналастыруға арналған құрылыстар болып табылады. Бұған жататындар: зауыт, цех, корабль, сақтық кассалары, мұражай, байланыс бөлімшесі, дүкен, театр, оқу орындары, спортқа арналған ғимараттар және т.б.
Қоймаға – тұрақты немесе уақытша материалдық игіліктерді сақтайтын немесе қоршалмаған күзетпен қамтамасыз етілген, сондай-ақ осы мақсатқа қызмет ететін арнаулы (сейф, вагон, кассалық апараттар, контейнер) сияқты объектілер жатады.
Көрсетілген объектілерге заңсыз кіру деп тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау мақсатымен кіруді айтамыз. Бұл жерде бөтеннің мүлкін ұрлау мақсаты көрсетілген объектілерге заңсыз кірудің итермелеуші күші болуы тиіс. Тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайға, қоймаға өзінің қызмет бабына немесе атқаратын жұмысына, сол объектілерге яки біржолғы кіруге заңды негізі болуына байланысты кіріп, ұрлық жасау заңсыз кіру ретінде танылмайды.
Ұрлықтың ерекше ауырлататын белгісі: ірі мөлшерде жасалған ұрлық (ҚК 188 б. 3 б.).
ҚК 3-бабының 38-тармағында берілген түсіндіру бойынша 188-бапқа қатысты алғанда ірі мөлшер дегеніміз – айлық есептік көрсеткіштен бес жүз есе асатын мүлік құны немесе залал мөлшері болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 8 шілдедегі №8 нормативтік қаулысына және ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы 2003 жылғы 11-шілдедегі №8 қаулысына өзгеріс енгізу туралы №14 нормативтік қаулыларына сәйкес қылмыстың заты болған мүліктің құны, иесінің оны қандай жағдайда сатып алғаны ескеріліп, қылмыс жасаған сәттегі мемлкеттік бөлшек, нарықтық немесе комиссиялық бағамен анықталуы тиіс.
Бағасы болмаған жағдайда мүліктің құны сарапшы жасаған қорытынды негізінде анықталады. Ұрлықтан келген зиянның орнын толтыру кезіндегі оның мөлшері сот шешім қабылдаған сәттегі бағамен анықталады.
Мынадай:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) мұнай-газ құбырынан
3) аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық қылмыстың ерекше ауырлатылған құрамын құрайды (ҚК 188 б. 4 б.).
ҚК 31-бабының 3-бөлігіне сәйкес егер ұрлықты ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым жасаса, ол қылмыстық топ жасаған ұрлық деп танылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі №8 нормативтік қаулысында «Ұйымдасқан қылмыстық топқа бірнеше қылмыс жасамақшы оймен алдын ала біріккен екі немесе одан да көп адамнан тұратын тұрақты топ жатады, сонымен бірге олар қылмыс істеуге жоғарғы деңгейдегі ұйымшылдығымен, мұқият дайындығымен, қатысушылардың өзара рөлдер бөлісуімен айрықшаланады» деп көрсетілген. Ұйымдасқан топ ұрлық жасағандардың әрекеті топқа кіргендердің атқарған рөліне қарамастан, қылмыстың қоса орындаушылары болып танылып, олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 31-бабына сілтеме жасалмастан, тікелей Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің «1» тармағымен сараланады.
Достарыңызбен бөлісу: |