Тақырып Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар


Кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызмет өрісіндегі қылмыстар



бет92/102
Дата27.05.2022
өлшемі344,84 Kb.
#145297
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   ...   102
Байланысты:
ққ.лекция 10 шт

Кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызмет өрісіндегі қылмыстар
Лекция жоспары
2.1.1 Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік немесе коллекторлық қызмет (214 б.);
2.1.2 Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау (216 б.);
2.1.3 Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету (217 б.);
2.1.4 Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) (218 б.);

2.1.5 Монополистiк қызмет (221 б.);


2.1.1 Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік немесе коллекторлық қызмет (214 б.)
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 214 бабы 1-бөлігі бойынша кәсiпкерлiк қызметті, банктік қызметтi (банк операцияларын) немесе коллекторлық қызметті тiркеусіз, сол сияқты осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз не Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұза отырып жүзеге асыру, сол сияқты кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысу, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен ұштасса заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік немесе коллекторлык қызмет деп танылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабында әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар екендігі бекітілген. Қазіргі уақытта мемлекетеміз өз азаматтарына кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кең мүмкіндіктерге жол ашып, қамқорлық жасап отыр. Кәсіпкерлікпен айналысу бостандығы адамның және азаматтың ажырамас құқығы мен бостандығы ретінде бекітілген. Дегенмен, кез келген құқық белгілі бір шектеуге ие болатындығы және міндеттер жүктейтіндігі белгілі, ал өз кезегінде берілген құқықтардың шегінен шығып кету және тиісті міндеттерді орындамаудың заң алдындағы жауаптылықты пайда қылатындығы белгілі.
Еліміздің экономикалық өміріне нарықтық қатынастардың барынша дендеп енуі, олардың барынша қарқынды түрде дами бастауы өз кезегінде кәсіпкерлік қызмет өрісіндегі қылмыстардың да белсенді түрде белең ала бастауын туындатып отыр. Солардың қатарында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ерекше орынға ие болып, қалыпты нарықтық қатынастардың дамуына бөгет жасап және мемлекеттің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр.
Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар соңғы уақыттарда барынша ұйымдасқандық және кәсіби сипатқа ие болып, меншікке қол сұғушылықтың жаңа тәсілдерін пайдалану өрісі кеңейе түсуде.
Криминалды ортаның тез байлыққа ие болудың шектеусіз мүмкіндіктеріне жол ашатын экономикалық өріске деген қызығушылығының арта түсуі айқын байқалады. Заңнама өрісіндегі белгілі бір тұрақсыздықтарды, баға саласындағы диспропорцияны, экономикадағы өзге де жағымсыз жағдайларды пайдалана отырып, қылмыскерлер қандай да болмасын жолмен байлыққа ие болуға тырысып бағуда.
Жекелеген кәсіпкерлер мен азаматтардың заң арқылы орнатылған мемлекет алдындағы салық және өзге де төлемдерді төлеу өрісіндегі міндеттерін орындаудан жалтаруы, оларды тапқан табыстарын жасырудың әртүрлі тәсілдерін ойлап табуға итермелейді. Осы орайдағы өз ойларын жүзеге асыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті тіркемей немесе арнайы рұқсатты алмай не болмаса арнайы рұқсатты алу ережелерін бұзу арқылы жүзеге асыру орын алады. Осыдан кейін кәсіпкерлік қызмет дегеніміз мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін тиісті тіркеуден өтуді талап ететін, лицензия алынатын, яғни заңдастырылған, азаматтық құқық нормаларына қайшы келмейтін және қылмыстық жолмен қуғындалмайтын заңмен тыйым салынбаған қызмет болып табылады деген түйін жасауға болады.
Жалпы алғанда, кәсіпкерліктің құқықтық анықтамасы ҚР Азаматтық кодексінің 10 – бабында берілген ол бойынша: кәсіпкерлік–меншік түрлеріне қарамастан, азаматтар мен заңды тұлғалардың, тауларларға (жұмысқа, қызметке) сұранымды қанағаттандыру арқылы таза табыс табуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлік) не мемлекеттік кәсіпорынды шаруашылық жүргізу немесе ораламды басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген ынталы қызметі. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкердің атынан, оның тәуекел етуімен және оның мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
Азаматтық заңнаманың берілген нормасындағы барлық белгілерге сай келетін қызметті ғана заңды кәсіпкерлік қызмет ретінде тануға болады. Ол белгілерді біз келесідей етіп топтастыра аламыз:
- дербестік, яғни кәсіпкердің заңмен тыйым салынбаған шаруашылық шешімдерді қабылдаудағы еркіндігінен шаруашылық жүргізетін субъектілердің тәуелсіздігі көрініс табады. Тиісті ынтасы және қаражаты бар кез келген тұлға меншіктің белгілі бір нысанына сүйенетін өз ісін ұйымдастыруға құқылы. Қандай нәрсені өндіруді, нені сатуды, сатып алуды нарықтағы сұранысқа және экономикалық тиімділікке сай кәсіпкер өзі шешеді. Кәсіпкерлікке қызметке барынша қолдау көрсету ел экономикасы үшін өмірлік маңызды. 
- жауапкершілік кәсіпкердің экономикалық және құқықтық жауаптылығын ғана білдірмейді, сонымен бірге өзінің әрекеттерінің нәтижесі үшін дербес жауаптылығын да білдіреді. Егер қызмет өзінің мүліктік жауаптылығымен жүзеге асырылмайтын болса, онда ол кәсіпкерлік қызметке жатқызылмайды.
- ынталылық бұл нарыққа ұсына алатын немесе жаңа тауарды өндіріске енгізуге немесе тауар өндірісіне немесе оны тұтынушыға ұсыну ісіне әлдеқандай инновациялық элементті енгізуге қабілетті адамдардың қызмет өрісі. Бұл өз кезегінде өндірістің тиімділігін арттырады және тұтынушылардың сондай-ақ тұтастай алғандағы қоғамның мүддесіне барынша сәйкес келеді. Кез келген нысандағы кәсіпкерлік қызметтің тәжірибесі өзіне инновациялық үрдісті кірістіреді олай болмайынша нарықта өз орынын сақтап қалу мүмкін бола бермейді.
- кәсіпкер өз тәуекелімен әрекет етеді. Өз атынан нақты дербес шешім қабылдаған кәсіпкер ғана табыс алу, өзге де кәсіпкерлік нәтижеге қол жеткізу мақсатында әдеттегі, тәуекелсіз құралдарды пайдалану барысында қол жеткізу мүмкін болмайтын мүмкін, ия болмаса нақты қауіпті құқыққа сай туындатуы мүмкін. Тәуекел етуші кәсіпкер әлдебір міндеттерді шешу барысында табысқа қол жеткізеді ме, жоқ па табыс табады ма әлде шығынға ұшырайды ма нақты біле алмайды. Бұл жерде әңгіме ең алдымен кәсіпкерлік тәуекел туралы болып отыр, яғни контрагенттердің өз міндеттерін орындамауына немесе кәсіпкерге тәуелсіз себептерге байланысты бұл қызметтің жағдайларының өзгеруі, соның қатарында күтілген табыстардың алынбай қалуының тәуекелі. Сонымен қатар кәсіпкер тапсырыс берілген жобаның немесе объектінің алынбай қалуының мүмкіндігі түріндегі инновациялық және инвестициялық тәуекелдерге, валюталық және несиелік тәуекелдерге, сондай-ақ ақшалай шығында онша маңызды болып табылмайтын техникалық және моральдық тәуекел етуі мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген белгілер қарқындылық, шешімдерді белсенді іздестіру сияқты белгілердің де мазмұнының шарты болып табылады. Кәсіпкердің өзінің қызметінің барысында нарыққа бағыт ұстап, өзінің бәсекелестерін ығыстыруы, тұтынушыны оның тауарын алуға мәжбүр етуімен, онымен ұсынылатын қызметке тапсырыс берілуін қамтамасыз етуі тиістігімен байланысты, егер кәсіпкер осындай сапаға ие бола алмаса, онда оған шығынға ұшырау, банкрот болу қауіпі төніп тұр.
Табыс табуға, кіріс алуға мақсатты түрде бағытталған қызмет кәсіпкерлік қызметтің басты өзегі болып табылады. Нақ осы кіріс және табыс ұғымдары заңсыз кәсіпкерлікті саралау барысында, ҚР ҚК-нің 214-бабында бекітілген қылмыстың объективтік жағының белгілерін анықтауда маңызға ие болады, себебі осы мәселе көптеген пікірталастар мен әртүрлі көзқарастарды туындатып отыр.
Осылайша, берілген нормамен қарастырылған барлық белгілерге сай келетін қызметті ғана заңды кәсіпкерлік қызмет ретінде санауға болады: дербестігі; өзінің тәуекелімен жүзеге асырылуы; жүйелі түрде табыс табуға бағытталуы; көрсетілген баламалы экономикалық нысандардың кез келген түрінде жүзеге асырылуы: мүлкін пайдалануы, тауарларды сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету; кәсіпкер ретінде ресми түрде тіркелеген тұлғамен жүргізілуі; тіркеудің (лицензиялаудың) заңда бекітілген тәртібі мен шарттарына сәйкес келуі. Азаматтық-құқықтық көзқарас тұрғысынан алғанда аталған белгілердің кез келгенінің болмауы қызметтің қандайда бір түрін кәсіпкерлік қызмет ретінде тануды жоққа шығарады. Осы тұрғыдан алғанда заңсыз кәсіпкерлік терминін сәтсіз таңдалған деп айтуға болады, кәсіпкерлік деген атауды біз тек ол заңды түрде болғанда ғана таңа аламыз. Оны заңсыз қылатын формальды белгілері – тиісті түрдегі тіркеудің және лицензиялау тәртібінің болмауы.
Заңсыз кәсіпкерлік қызметке келесідей белгілер сипатты болып табылады:
- экономикалық қызметтің дербестігі және оны өз тәуекелімен жүргізу;
- жүйелі түрде табыс табуды қызметтің негізгі мақсаты ретінде қарастыру;
- өз мүлкін пайдалану, тауарларды сату, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету табыс табудың негізігі көзі болып саналуы.
Кәсіпкерліктің заңсыздығы-кәсіпкерліктің барлық белгілеріне ие болатын қызметті жүзеге асыру бұл жерде айналысқаны үшін ерекше қылмыстық жауаптылық қарастырылған заңсыз кәсіпкерлік түрлерін қоспағанда, осындай қызметті жүзеге асырудың заңмен немесе өзге нормативтік актімен бекітілген формальдық белгісінің болмауы басты негіз болып табылады.
Бұл ереже, қандай қызмет үшін ҚР ҚК 214-бабы бойынша жауаптылыққа тартылуы мүмкін екендігі мәселесін айқындауда ерекше маңызға ие болады.
Берілген бап бойынша заңсыз кәсіпкерлік дегеніміз – кәсіпкерлік қызметті тіркелусіз, сол сияқты осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз не рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнаманы бұзып жүзеге асыру, сол сияқты кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысу, егер бұл әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде табыс табумен немесе айтарлықтай мөлшерде акцизделетін тауарларды өндірумен, тасымалдаумен, не өткізумен ұштастыру.
Осылайша, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында белгілі бір ережелердің сақталуы ғана оны құқыққа сай ретінде бағалауға мүмкіндік береді, ол бұзылған жағдайда ҚР ҚК-нің 214-бабы бойынша, яғни заңсыз кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға құқықтық негіз пайда болады.
Жоғарыда айтылғандардан заң шығарушымен қолданылған кәсіпкерлік қызмет және заңсыз кәсіпкерлік терминдерін бірегей терминдер ретінде қабылдауға болмайтындығы туралы тұжырым жасауға болады.
Сонымен қатар, заң бабының диспозициясында әрекетті заңсыз кәсіпкерлік ретінде бағалау үшін бірқатар бағалаушы ұғымдардың бар екендігін айта кеткен орынды. Ол ұғымдар ірі залал, ірі мөлшердегі табыс, айтарлықтай мөлшердегі тауар өндіру деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы, яғни қазіргі қолданыстағы қылмыстық кодексінің 3-бабы бойынша 214 – бапқа қатысты айтарлықтай мөлшер дегеніміз құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын тауарлар деп бекітілген, ал ірі залал дегеніміз азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын залал келтіру болып табылады, көрсетілген заң бабында бекітілген ереже бойынша мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс ірі табыс болып есептеледі.
Тұлғаның әрекеттерінің нәтижесінде осы көрсетілген бағамдық көрсеткіштер орын алған жағдайда ғана заңсыз кәсіпкерлік құрамы туралы айтуға болады.
Жалпы алғанда, заңсыз кәсіпкерліктің қазіргі қолданыстағы қылмыстық заңнама бойынша құқықтық сипаттамасы осындай болып келеді. Бұл жерде біз ҚР-ның осыған дейінгі, яғни 1997 жылы қабылданып, 2014 жылдың аяғына дейін әрекет еткен қылмыстық заңнамасында заңсыз кәсіпкерлік және заңсыз банктік қызмет үшін қылмыстық жауаптылық дербес қылмыс құрамдары ретінде бекітілгендігін айта кеткенді орынды санаймыз. 
Заңсыз кәсіпкерлікпен байланысты қылмыстық істерді саралау және сотта қарау барысында бұл қылмыстарды аралас құрамдардан ажырата білу қажет болады. Осы айтылған мәселеге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы» 2004 ж. 18 маусымдағы № 2 нормативті қаулысында ерекше маңыз берілген. Аталған қаулыда төмендегідей мәселелер айтылған: Заңсыз кәсіпкерлік қызмет барысында басқа қылмыс құрамын құрайтын әрекеттер жасалған жағдайда жасалған әрекет заңсыз кәсіпкерлік үшін жауаптылық көздейтін баптардың жиынтығы және жасалған өзге қылмыс үшін жауаптылық көздейтін ҚК-тің бабының жиынтығы бойынша сараланады. Заңмен тыйым салынған кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактісі анықталған жағдайда кінәлі адам Қылмыстық кодекстің қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруға тыйым салатын тиісті бабы бойынша, ал арнайы норма болмаған жағдайда - ҚК-нің 190-бабы  (Ссылки на внешний сайт.)(қазіргі қолданыстағы ҚҚ-тің 214 б.) бойынша қылмыстық жауаптылық көтереді.
Заңсыз кәсіпкерлікті аралас құрамды қылмыстардан ажыратудың негізгі критериі сапасында Пленум әрекеттің элементі ретіндегі қоғамдық қауіптіліктің сипатын атап көрсетті, сол арқылы әрекетті әлдебір құрамға жатқызу қол сұғушылықтың объектісіне тәуелді болатынына маңыз берді.
Заңсыз кәсіпкерлікті заңсыз қызметтің өзге түрлерінен атап айтқанда, қаруды, оқ дәрілерді, заңсыз жасаудан, наркотикалық, психотроптық заттарды өткізуден ажырату мәселесін шеше отырып, кейбір реттерде тиісті құрамдардың жиынтығы бойынша саралау мәселесі талқыланды. Жоғарыда келтірілген қызмет түрлерін қылмыстық бизнес ретінде бағалауға болады, себебі олар кәсіпкерліктің мазмұндық тұрғыдан алғандағы белгілеріне толық сай келеді. Қызметті заңды деп тану үшін бұл арада сол заңдылықтың формальды шарттарына сай келмеушілік орын алады және олар заңсыз кәсіпкерліктің барысында да орын алады: тиісті сапада тіркелген субъектінің және осындай қызметпен айналысуға деген рұқсаттың болмауы.
Тауарларды сатып алу, сақтау, үй-жайларды, көлік қызметін ұсыну және заңсыз кәсіпкерлік қызметтің жүзеге асырылуына өзгедей жәрдемдесу осы әрекеттерді кәсіпкерлік қызметтің заңсыздығы туралы білетін адам тікелей қасақана жасаған жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осындай адамның әрекетін оның көрсеткен қызмет үшін сыйақы алған-алмағанына қарамастан заңсыз кәсіпкерлік қызметке көмектесу деп саралаған дұрыс деп атап көрсетеді Пленум.
Егер көрсетілген әрекеттер, заңсыз кәсіпкерлік қызметтен пайда алу мақсатымен кәсіпкермен бірге жасалса, онда оларды ҚК-нің 190-бабында (Ссылки на внешний сайт.) көрсетілген қылмыстарды бірге жасау деп бағалаған жөн. Сонымен қатар тұлға табыс табу мақсатында ҚР Қылмыстық кодексінің өзге баптарында қарастырылған заңсыз қызметпен айналысқан жағдайда қылмыстардың жиынтығымен саралаудың мүмкін бола бермейтіндігін атап көрсетті, себебі бұл әрекеттердің объектілері өте әртүрлі және экономикалық өріс қылмыстық қол сұғушылықтың негізгі объектісіне қатысты қосымша объекті рөлін атқарады.
Заң әдебиеттерінде бүгінгі таңда «экономикалық қызмет өрісіндегі қылмыстылық» ұғымына анықтама беруде бірізділік жоқ екендігін атап көрсетуге тиіспіз.
Заңсыз кәсіпкерлік және алаяқтық құрамын ажырату мәселесі барынша күрделі болып табылады, себебі бұл құрамдардың ұқсас белгілері өте көп. Аталған екі баптың да диспозициялары айтарлықтай абстрактивті мәніске ие және олармен қарастырылған іс әрекеттердің шеңберін анықтау барынша мұқият талдауды талап етеді.
Алаяқтық пен заңсыз кәсіпкерліктің арасындағы ортақтық, егер оны кәсіпкерлікті жүзеге асырудың тәртібі ретінде емес, тікелей кәсіпкерлік қызмет ретінде түсінетін болсақ, онда оларды мүліктік қылмыстарға жатқызуға болады және олар келісім шарттық қатынастармен байланысты.
Кәсіпкерлік қызметті, кәсіпкерлік қатынастарды мүліктік қатынастардан, меншік қатынастарынан бөлек қарастыруға болмайды. Кәсіпкер және оның контрагенті нарықтық қатынастарға қатысады, ал нарық дегеніміз іс жүзінде сатушы мен сатып алушының арасындағы тауарды ұсыну, сұраныс және бағаның нақты ұштасуынан көрініс табатын қатынастар жүйесі.
Осының салдарынан нарықта көптеген сатып алу-сату актілері орын алады, олардың нәтижесінде меншік субъектілері ауысады сатылған тауарлар мен олар үшін төленген ақшаның жаңа қожайындары пайда болады және олар алынған тауарларға және сатудан түскен ақшаға өз беттерінше билік жүргізеді.
Жалпы ұғымындағы меншік қатынастарының жүзеге асуы орын алады.
Алаяқтық кәсіпкерліктің түрі ретінде қарастырылады, бұл арада кәсіпкердің жеке басының қасиеттері алдауға және сол алдауды өзі ақтап алуға бағытталады; нарықтық орта алдап кетудің кең мүмкіндіктері бар өріс ретінде қарастырылады; кәсіпкерлік этика әріптесін немесе бәсекелесін алдап кетуді мақсат ететін жүріс-тұрыс үлгісі ретінде қабылданады.
Біздің ойымызша, заңсыз кәсіпкерлікті алаяқтықтан келесідей негіздер бойынша ажыратуға болады.
Қылмыстың объектісі бойынша алаяқтық меншік қатынастарына қол сұғатын болса, заңсыз кәсіпкерлік экономикалық қызмет өрісіндегі қатынастарға дәлірек айтқанда, кәсіпкерлік қызметті жүргізудің заңмен бекітілген тәртібіне қол сұғу болып табылады. Бірақ алаяқтықтың да және кәсіпкерлік қызметтің де заты тауар, жұмыс, қызмет көрсету болып табылатындықтан жалған тауарлардың, нақтырақ айтқанда арақ-шарап өнімдерінің заңсыз айналысымен байланысты іс-әрекеттерді саралау тәжірибеде ерекше қиындықтар келтіреді. Жалған тауарлар мен өнімдердің заңсыз айналысына қатысты іс-әрекеттерді саралауға байланысты әдебиеттерде де, іс-тәжірибесінде де әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбір жағдайларда жалған арақ-шарап өнімдерін заңсыз дайындау және өткізуді заңсыз кәсіпкерлік ретінде бағалайтын болса, кей жағдайларда ол алаяқтық ретінде сараланады.
Алайда алаяқтықты заңсыз кәсіпкерлік ретінде саралау барынша типтік қателік болып табылады және де бұл алаяқтық мәмілелерді бүркемелеу үшін кәсіпкерлік нысандарды қолданудың барысында орын алады.
Алаяқтықты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан және заңсыз кәсіпкерліктен ажыратуды іс-әрекеттің объективтік жағы бойынша жүргізілгені дұрыс.
Мәмілелердің құқықтық сипатына дұрыс баға бермеу ҚР ҚК-нің 214 бабын және 190 бабын қолдану барыстарында өрескел қателіктердің орын алуына себепші болады.
Бұл қателіктерді екі түрге бөлуге болады:
- әрекетте ҚР ҚК-нің 190 бабында қарастырылған алаяқтық құрамының болуының мүмкіндігіне қарамастан оны азаматтық құқықтық тәртіпте қарау туралы кеңес бере отырып, қылмыстық істі қозғаудан бас тарту көптеген экономикалық мәселелердің декриминализацияға ұшырағаны белгілі;
- әрекетте ҚР ҚК-нің 190-бабының, яғни алаяқтық құрамының белгілерінің болуына қарамастан әрекетті ҚР ҚК-нің 214 бабымен, яғни заңсыз кәсіпкерлік деп бағалау.
Бірінші қателіктің себебі азаматтық құқықтық нысандармен бүркемеленген, сырттай қарағанда заңды мәніске ие болатын іс әрекеттерге баға беру барысында жаңылысу болып табылады. Бұл жағдайларда қылмыстық істер тіптен қозғалмайды, ал қозғалған істер қысқартылады мұның себебі, біздің ойымызша, анықтаушылардың, тергеушілердің көп жағдайларда олардың басшыларының санасында «азаматтық құқықтық» істер дегеніміз жалпы алғанда, «шаруашылық істер» болып саналады және тұлғалар арасында мәміледен немесе келісім шарттан туындайтын «азаматтық құқықтық қатынастардың» болуы фактісін мойындау осындай істерді тек азаматтық құқықтық сот өндірісі арқылы шешу қажет деген ескі догмалық қағиданың қалып қойғандығынан сияқты.
Осындай жолмен заңшығарушы заңсыз кәсіпкерліктің объективтік жағының келесідей міндетті белгілерін атап көрсеткен: іс-әрекетті жасау, азаматтарға, ұйымдарға немесе мемлекетке ірі залал келтіру не ірі мөлшерде табыс алу түрінде көрініс табатын қоғамдық қауіпті салдар.
Заңсыз кәсіпкерліктің белгілерін айқындай отырып, заңшығарушы берілген іс-әрекетті жасаудың нысандарын да қарастырған:
1) кәсіпкерлік қызметті тіркелусіз жүзеге асыру. ҚР Азаматтық кодексі бойынша кәсіпкерлік қызметпен заңда бекітілген тәртіппен тіркелген тұлғалар ғана айналыса алатындығы бекітілген. Бұл ереже ҚР АК-нің 19-бабында нақтыланған ол бойынша заң актілерінде көзделген жағдайларда азаматтардың заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы екендігі және дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу дара кәсіпкер ретінде есепке қоюды білдіретіндігі бекітілген.
Заң талабы бойынша мынадай жеке кәсіпкерлер міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады:
- жалданбалы қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдалантын:
- кәсіпкерлік қызметтен салық заңдарына сәйкес есептелген, Қазақстан Республикасының заң актілерінде жеке тұлғалар үшін белгіленген жиынтық жылдық табыстың салық салынбайтын мөлшерінен артық жиынтық жылдық табыс табатын жеке кәсіпкерлер. Мемлекеттік тіркеусіз аталған жеке кәсіпкерлердің қызметіне тыйым салынады (ҚР АК-нің 19 б. 4 б.).
Кәсіпкерлікпен айналысу көп жағдайларда заңды тұлғаны құру арқылы немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы жүзеге асырылатындығы белгілі.
2) Кәсіпкерлік қызметті осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз не рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнаманы бұзып жүзеге асыру.
Жүзеге асыру үшін лицензия талап етілетін қызметтердің тізбесі Қазақстан Республикасының 2014 жылығы 16 мамырдағы «Лицензиялау туралы» Заңымен бекітілген.
Аталған Заңның 11-бабына сәйкес мынадай қызмет түрлері лицензиялауға жатады: өнеркәсіп, атом энергиясын пайдалану, улы заттар айналымы, көлік, есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамсыз ету, жедел-іздестіру шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар; қару-жарақ, әскери техника және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш заттар және олар қолданыла отырып жасалған бұйымдар айналымы; ғарыш кеңістігін пайдалану; ақпараттандыру және байланыс; білім беру; бұқаралық ақпарат құралдары; ауыл шаруашылығы; денсаулық сақтау; жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету; ойын бизнесі; ветеринария; сот-сараптама қызметі; мәдениет; қаржы саласы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет; сәулет, қала құрлысы және құрылыс; Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындау; этил спирті мен алкоголь өнімдерін, темекі өнімдерін өндіру және олардың айналымы; тауарлар экспорты мен импорты; тауар биржалары салаларындағы қызметтің жекелеген түрлері.
Қазақстан Республикасының 2014 жылығы 16 мамырдағы «Лицензиялау туралы» Заңының 43-бабының 1 бөлігіне сәйкес лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны заңға сәйкес белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш енгізілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей беретін, атом энергиясын пайдалану саласындағы, қаржы саласындағы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметтегі лицензиарларды, экспорттық бақылауға жататын өнімдер импорты мен экспортының лицензиарларын қоспағанда, лицензияны лицензиар он бес жұмыс күнінен кешіктірмей беруі тиіс.
Егер лицензиар заңда белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген не лицензияны беруден дәлелді түрде бас тартуды ұсынбаған жағдайда, оларды беру мерзімдері өткен күннен бастап лицензия берілді деп есептеледі. Сонымен қатар, заң мәтінінен лицензиар лицензияны беру мерзімдері өткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге лицензияны беруге міндетті екендігін байқаймыз. Егер лицензиар лицензияны бермеген жағдайда бес жұмыс күні өткенен кейін лицензия алынды деп есептелінеді. Өтініштің қабылданғаны туралы өтініш беруші алған хабарлама лицензия алынғанға дейін лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асырудың заңды екендігін растайтын құжат болып табылады.
Осы айтылған жағдайларда кәсіпкерлік заңсыз деп саналмауы тиіс. Коммерциялық қызметпен айналысатын кәсіпорындар ретінде әртүрлі ұйымдар, серіктестіктер, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар саналуы мүмкін. Осы жерде барлық кәсіпорындардың басшыларының лицензиясыз жүзеге асырылған қызметі ҚР ҚК-нің 214 бабында қарастырылған қылмыс болып табылады ма деген сұрақ туындайды? Бірақ мемлекеттік кәсіпорын облыс әкімінің немесе облыстық мәртебеге ие қала әкімінің шешімі бойынша, лицензия алуды талап ететін коммерциялық қызметті жүзеге асыру үшін құрылып, өз қызметін лицензиясыз жүргізген жағдайда кәсіпорын басшысын ҚР ҚК-нің 214 бабы бойынша қылмысқа тартуға болады ма? Егер азаматтарға, кәсіпорындарға, мемлекетке ірі залал келтірілмеген болса, осындай қызметтің зиянды салдарын қалай анықтау керек? Осындай жағдайларда ҚР ҚК-нің 214 б. бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесін шешу оңай шаруа емес сияқты. Мәселен, кенорнының белгілі бір аймағында пайдалы қазбаларды өндіру қызметі лицензиялауға жатады, яғни қызмет техникалық, өндірістік, ал өндіруші субъектіде тиісті лицензия жоқ, дегенмен ол шикізатты өткізуге, яғни тауарды өткізуге лицензия алған. Шикізатты өндіріп, кейін оны сатуды жүзеге асыратын бұл субъектінің (ұйым басшысының) әрекеттерінде заңсыз кәсіпкерліктің белгілері бар ма?
Екінші бір мысал, заңды негізде тіркелген Ақсу заводы АҚ директоры Т. металлургиялық және коксхимиялық өндірісті және объектілерді оларға арнайы рұқсат алмай пайдаланған және осының барысында аса ірі мөлшерде кіріс алған. Т-ға қатысты соттың айыптау үкімі шыққан.
Біздің ойымызша, лицензиясыз немесе арнайы рұқсат алмай қызмет жүргізудің барлық жағдайлары заңсыз кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың міндетті шарты болып табылмауы тиіс.
Заң бойынша алкогольдық өнім ретінде тағам шикізатынан өндірілген этил спиртін пайдалану арқылы жасалған, этил спирті дайын өнім көлемінің 1,5 пайызынан аспайтын тағамдық өнім танылады. Сондықтан соңғы айтылған жағдайларда осындай іс-әрекеттер ҚР ҚК-нің 214 бабымен қамтыла алады.
Шын мәнісінде алкогольдық өнім тұтынушыларын алдаумен ұштастырылған осындай іс-әрекеттер өзге негіздер бойынша ҚР ҚК-нің 214 бабы бойынша саралана алмайды. Тұлға алаяқтық нысанында талан-тараж жсасай отырып, әрине, пайда тапқысы келеді.
Алайда осындай пайданы, алу негізгі мақсаты саналатын кәсіпкерлік қызметтің міндетті мазмұндық белгісі болып табылатын табыс деп тануға болмайды, онымен салыстырғанда алаяқтық заңмен жағымды түрде бағаланбайды, рұқсат етілмейді, тіркелмейді және оған лицензия берілмейді.
Одан бөлек, алаяқтық кәсіпкерліктің заңды да, заңсыз да анықтамасына ешқандай сәйкес келмейді. Шындығын айтқанда, ҚР ҚК-нің 214-бабында қарастырылған қылмыс заңға тек формальдық мән-жайлары бойынша ғана сәйкес келмейді: тіркелуді және (немесе) лицензия алуды талап ететін қызмет бұл шарттарды сақтамай жүзеге асырылады.
ҚР Қылмыстық заңнамасында салық заңнамасының шеңберінде берілген табыс ұғымы қолданылады. Мәселен, ҚР Салық кодексінің 81 бабы бойынша тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өткізуден және осы қызметтің барысында жұмсалған шығындарды есептемегенде алынған сомма табыс ретінде танылады. ҚР Салық кодексінің 79 б. табыстың аталған түрін жылдық жиынтық табыс ұғымына кіргізеді және салық салынуы тиіс табысты, яғни жылдық жиынтық табыс және қарастырылған ұстап қалулардың арасындағы айырманы кірістіреді. Жылдық жиынтық табысты анықтау барысында оған ҚР және одан тысқары жерде салық мерзімінде алынуы тиіс барлық табыс кірістірледі. Заңсыз кәсіпкерлік туралы қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі туралы айта отырып, кәсіпкерлік қызметті көрінеу заңсыз жүзеге асыруды есте ұстау қажет.
Заңсыз кәсіпкерлік өрісіндегі қылмыстарды қарастыра отырып, берілген баптың нормасы бланкетті екендігін, яғни қылмыстық іс-әрекеттің белгілерін тікелей айқындамай, құқықтың өзге саласының нормативтік актілеріне сілтеме жасайтынын ескеру қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет