Мен қартыңмын, қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын.
Бастыққа бастық, Бастық хан
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Кедей хан,
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Ала хан,
Оны көрген кәріңмін.
Одан соңғы Қара хан,
Оны көрген кәріңмін.
Құлағы шұнақ Хазар хан
Оны көрген кәріңмін.
Он екі тұтам оқ атқан,
Одан соңғы ер Шыңғыс
Оны көрген кәріңмін.
Мұнарасы қырық құлаш
Өзден сұлтан Жәнібек
Оны көрген кәріңмін.
Ұлы бабам Домбауыл
Соны көрген кәріңмін.
Жүз сексенге келгенде,
Сонша хандар өткенде
Жас та болсаң, Тоқым хан,
Сені көрген кәріңмін.
Осы толғауды зерттеген мамандар Домбауыл негізінен фольклорлық кейіпкер деген жорамал жасайды. Алайда, кейбір ғалымдар оны Жошы ханның серігі болған деген пікірде. Бұл нұсқаны Жошы хан кесенесінің жақын маңда орналасқаны да айғақтаса керек. Дегенмен, сондай кейіпкер тарихта болғанына күмән келтіруге болмас. Себебі, мұндай сәулет өнері ескерткішінің адамның атымен аталуы да кездейсоқтық емес шығар...
ЖОШЫ ХАН КЕСЕНЕСІ
Моңғол дәуіріне жатқызылатын Жошы хан кесенесі ХІІ-ХІІІ ғасырларда тұрғызылған. Бұл сол дәуірді сипаттайтын ең құнды әрі танымал ескерткіштердің бірі. Кесене Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан. Тұрған жері Жезқазған қаласынан солтүстк-шығысқа қарай 50 шақырымда. Қаракеңгір өзенінің сағасында, оң жағалауынан 2 шақырым жерде. Қарағанды облысы Малшыбай аулының маңайында. Кесене 1227-ші жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының бейітінде тұрғызылған деген деректер бар. Сонымен қатар, бірқатар мәліметтер бойынша, оны XIV немесе XV ғасырда Жошы хан ұрпақтарының бірі салғызған деген әңгімелер айтылады.
Кесене жобасы тік бұрышты. Көзге айрықша түсетін нәрсе – салтанатты порталы. Оның маңдай алдын сүйір арка түрінде шығарып, екі жақ босағасын үстіңгі салмақты еркін көтеріп тұру үшін мейлінше берік етіп тұрғызған. Кесененің күмбезі де ерекше салынған. Ол екі қабатты. Биіктігі 7 метрді құрайтын ішкі күмбездің салмағын «жалған еңсе» шығару тәсілімен белдеулерге жайса, сегіз метрлік сыртқы күмбезді он жеті қырлы барабанға отырғызған. Ішкі күмбезден шығарылған түндік сыртқы күмбезді орнатқан кезде жабылып қалған. Күмбездің сырты көк бояумен боялған. Ғасырлар өтсе де сол бояу жоғалған жоқ. Жарық кесененің екі жақ бүйірінен, барабанның астынан шығарылған терезелерден түседі. Күмбез бедерлі қалақ кірпіштермен әшекейленген. Күмбезді көп қырлы барабанға орнату – оғыз, қыпшақ тайпаларына тән тәсіл. Ішкі қабырғаларында таңбадан басқа ешбір әшекей жоқ. Еденіне қалақ кірпіштер төселген.
Кесененің тұрғызылу тарихы тек ауыз әдебиетіндегі аңыздарға негізделеді. Ұлытауда Жошы ханның ордасы тігілген деседі. Хан Сарыарқа төсінде аңға шыққанды жақсы көріпті. Тарихтан білетініміз – Шыңғыс хан Еуразия құрлығының жартысын басып алғанда, жаулап алған шексіз жерлерді төрт ұлысқа бөліп, төрт ұлын, әрбір ұлысқа хан қылып қойған. Дешті-Қыпшақ даласын еншілеген Жошы хан әкесіне бағынбай кетіп, бұйрықтарын орындамады деген аңыз бар. Дүниежүзін бір сілкіндірген хан бұған дес бермей, Жошы ханға тыңшыларды жіберіпті дейді. Олар ханның өліміне әкеліп соққан оқиғаны ұйымдастырыпты. Аңыз бойынша, Жошы хан аңға шыққанда қаза тапқан. Жабайы құландардың бір үйірін қуып, сол үйірді басқарған айғырды оғымен жаралапты. Алайда, құландар қаша жөнеледі. Жошы хан артынан қуып барғанда сол үйірдің айғыры, ақсақ құлан бір сәтте кері бұрылып, ханның өзіне бас салады. Аттың үстінен жұлып алып, оң қолын шайнап тастаған екен. Дәл осы аңыз бұл кесенеде Жошы хан жерленгенін растайды. Кеңестік археологтар 1946-шы жылы кесенедегі қабірде жерленген екі мәйіттің бірін қазып алған. Оның оң қолы жоқ, ал бас сүйегі жарылған болып шықты.
Дәл осы аңыз бойынша атақты «Ақсақ құлан» күйі, тіпті, қазақ домбырасының бүгінгі нұсқасы пайда болыпты деседі. Аңыздың өзіне келетін болсақ, дүниежүзіне аты шыққан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы Дешті-Қыпшақ жерін еншіледі. Бұл қазіргі Қазақстан және бізбен шектесетін бірқатар өңірлердің аумағы. Өз ордасын Жошы хан Ұлытауда тіккен. Себебі дәл осы өлкенің жайлы табиғаты ханға майдай жаққан деседі. Сарыарқа төсінде аңға шыққанды жақсы көретін Жошы хан, саят құрып жүріп, қаза табады. Алайда, қаралы хабарды ұлы қаған Шыңғыстың өзіне жеткізуге ешкімнің батылы жетпейді. Себебі, Шыңғыс хан бір сұмдықтың болғанын сезіп, тұңғыш баласы туралы жаман хабар әкелген адамның көмейіне қорғасын құямын деп уәде етіпті. Сонда, кейбір деректер бойынша, біз жоғарыда әңгіме қылған Домбауыл ақын, ал, басқа деректерге сүйенсек, Кетбұға ақын, қайың ағашынан домбыра пішіндес аспап жасап, оған екі ішек тартып, Шыңғыс ханның алдына барыпты. Тізерлеп отыра кетіп, тіл қатпастан азалы да қайғылы әуенді тарта бастайды.
Домбыраның сиқырлы дыбыстарынан Ұлы ханның көз алдына жас ханзада Жошының аңға шыққаны, оған көктемгі көк майсада жайылып жүрген құлан үйірінің кездескені һәм ханзаданың аң аулап еліккені елестеп, тізіліп өткендей болады. Оның жабайы құлан аулап, өзін қаумалаған нөкер серіктерінен тым ұзап кеткенін сезбей қалғанын елестеткізеді. Ханзада жүйткіген құландарды өткір жебемен дәл көздеп құлата береді, оның жүрегінде бейшара жануарларға деген аяушылық болмайды. Жабайы құландар үйірінің өжет әрі күшті айғыры кенет жалт бұрылып, аңшыға қарсы ұмтылады. «Ақсақ құлан» атымен мәшһүр ол, тіпті қасқырдан да тайсалмайтын. Оның бір аяғы нақ осы сұр жыртқыштармен шайқаста зақымданған екен. Ақсақ құлан шабуылының жойқын да тегеурінді болғаны сондай, Жошы атынан ұшып түсіп, сол бойда мойыны үзіліп, жан тәсілім етеді. Қуғыннан құтылған құлан үйірі қыр асып, еркін құйғыта жөнеледі. Күйді тыңдап отырған Шыңғыс хан дәл осы оқиғаны көз алдына елестетеді.
Зарлы күйді шертіп аяқтап, жыршы үнсіз отыра береді. Бірақ Ұлы хан да, басқалар да күй тілінен болған окиғаның бәрін түсінеді: домбыра шапқан аттардың дүбірін де, әлжуаз жас құлындарды аяған құландардың беймаза үрейін де, өз үйірін қорғаған ақсақ құланның кайратын да жеткізіп айтты. Әсіресе, ақсақ құланның ханзадаға қарсы шапқан тұсын зарлата қайырды.
Ақыры, Шыңғыс хан былай деп тіл қатты: «Сен маған ұлымның қазасы жайында қаралы хабар әкелдің. Домбыраңның күйін тыңдап, бәрін ұқтым. Мұндай хабар үшін өлім жазасына лайықтысың. Бірақ өзің бір ауыз тіл қатпағандықтан, жазаны домбыраң тартсын. Оның сағағына қорғасын құйылсын!»
Осылайша Ұлы жыраудың арқасында моңғолдардың қаһарлы әміршісіне жас ханзаданың өлімі естіртіліпті. Бірақ сұмдық ғұрыпқа қарамастан, ешбір адам зардап шекпепті. Тек қаралы хабарды жеткізген домбыраның көмейіне балқыған ыстық қорғасын құйылады. Сол кезден бері домбыраның шанағында тілік тесік пайда болыпты.
Жошы хан кесенесін алғашқылардың бірі болып Шоқан Уәлиханов ғылыми тұрғыдан зерттеген. 1855 жылы жарық көрген «Қырғыз-қайсақ бейіттері және жалпы ежелгі жәдігерлер туралы» мақаласында осы кесене туралы жазады. 1868 жылы Красовский деген подполковник «Сібір қырғыздарының өлкесі» деген еңбегінде осы кесене туралы көп мағлұмат берген.
Достарыңызбен бөлісу: |