Кемел адам(араб. “инсан-и камил” – толық адам) – ақыл-ойы толысқан кісі. Діни ілімде кемел адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан-дүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адамның әрбір іс-әрекеті Алла тағалаға арналады. Ол – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік. Кемел адам ұғымы қазақ әдебиетінде кітаби ақындар мен Абайдан бастап cөз болып келеді. Бұл ұғымның арғы төркіні Жүсіп Баласағұнидің “Құтты білік” дастаны мен сопылық сарындағы туындылардан тамыр тартады. Сопылық сарындағы поэзияда Кемел адам ұғымы екі таным тұрғысынан бір-біріне тығыз байланыста жырланады. Бұл құбылыс, әсіресе, “Құдатғу білік” дастанында өзінің айқын белгісін аңғартып, ондағы Күнтуды (Әділет), Айтолды (Дәулет), Огдүлміш (Ақыл) үшеуі, яғни Әділет, Дәулет, Ақыл осы өмірге қызмет етуге ұмтылған кемел адамбейнесінде жырланады. Кемел адам туралы ой Абай шығармаларында толық адам, жарым адам, камили инсани, толық сөздер арқылы жүйелі түрде жауәнмәртілік (көне түрік тілінде zomard – жомарт) ілімі негізінде таратылып отырады. Абайдың адамгершілік негіздері туралы ой-пікірлері жауәнмәртіліктегі ақыл, әділет, рахым жайлы ізгілік ұғымдармен сабақтасып жатады. Кемел адам сипатына тән нәрсе – нұрлы ақыл, жарым адам сипатына – суық ақыл сай келеді. Нұрлы ақыл әділетсіз іске аяқ баса алмайды. Суық ақыл әділетті белден басып, ардан түсіп, өз пайдасы үшін зиянды іске көз жұмып бара береді
Адамзат ақыл-ойы, ақындығының ірі тұлғасы Абай тағылымы білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы екені түсінікті. Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. Мысалы, «Атымды Адам қойған соң қайтып надан болайын», «Адамды сүй, алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» - дейді. «Адамды сүюден басқа қызық жоқ» деген пікірінде қазір көп айтылып жүрген гуманды педагогика ұстанымдары жатыр. Осы жерде жас ұрпақты тәрбиелеу ісі ең алдымен, оларды адамды сүюге баулудан басталуы керек деген тұжырым шығады. Абай мұрасы, тағылымының өміршеңдігін бүгінгі тәрбие үрдісінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер арқылы дәлелдеуге болады. Білім мен тәрбиені тұлғаға қарай бағыттай беру мәселесі алдыда тұрған кезеңде Абайға бұрыласың. «Толық Адам қандай болу керек?» деген сұрақ ақынға маза бермейді. Мысалы, «Әуелі бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боларсың елден бөлек»- деп, ой тастайды.
Ары қарай ақын: Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді. Ұлы
гуманист адамды сүю туралы айта отырып, «Адамзаттың бәрін сүй» деп ақыл айта отырып, «Адамзатты сүю – хақтың жолы, ғаділеттің жолы» деген анықтама береді.
Ақын адамды әкенің емес, адамның баласы болуға үгіттейді. «Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» - деп, ғибрат тастайды. Абай адамдықтың басты қасиеті-адамгершілік екенін баса жырлайды. Адамшылықтың алды – «махаббат, ғаделет, сезім» дейді. Адамшылықтың тәрбие арқылы келетініне көз жеткізеді.