Оқу үрдісіндегі дуалды білім беру жүйесі
Қазіргі таңда кәсіби білікті мамандар даярлау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Дуалды оқыту жүйесі тиімділігі тәжірибеде дәлелденген өндіріс пен теорияны ұштастыру технологиясы. Негізгі мақсаты – өндірістегі жұмыс берушілермен бірлесе отырып, еңбек нарығында бәсекеге төтеп беретін кәсіби білікті мамандар даярлау.
Жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша маман дайындау мәселесі туралы сөз қозғамас бұрын, жалпы нарықтық қатынастың қыр-сырын, ерекшеліктері мен заңдылықтарын меңгерген абзал. Себебі, нарықта біз жайшылықта мән бере бермейтін ұсақ-түйектің өзі үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, нарық заңында барлығы сұраныс және ұсынысқа тікелей тәуелді екенін де ұмытпауымыз керек. Осы жерде, басты тақырыпқа оралсақ, бірінші кезекте жұмыс берушінің тапсырысы аса маңызды. Тапсырыс – бұл белгілі бір қажеттіліктен туындап отырған сұраныс. Ал, маман дайындау ісін ұсыныспен байланыстыруға болады.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары «Алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымымен нарықтық экономикаға көшті. Осылайша, бүгінде Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлшегіне айналып отыр. Мемлекетаралық сауда айналымы, бәсекелестік, жаһандану терминдері өмірімізге дендеп енді. Есесіне, қазіргі уақытта жұмыс берушінің тапсырысы бойынша маман дайындау мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Еңбек нарығына сай маман дайындау ісі саяси мәнге ие деуге болады. Бір қарағанда, бұл мәселемен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысып жатқанға ұқсайды. Елдегі жұмыссыздықты жою, қайта даярлау, еңбекпен қамту бағытында қабылданып жатқан бағдарламалар мен іс-шаралар да аз емес. Әр өңірде дәл осы мәселелерді мойнына алған мекемелер де баршылық. Олар жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, дәл соларға керекті мамандарды дайындауға күш салуда. Қалай десек те, жұмыс берушінің тапсырысы бойынша маман дайындаудағы басты қағида – жан-жақты сұранысқа сай болу. Әрине, бірінші кезекте ол уақыттың сұранысына лайықты болуы шарт. Мәселен, БАҚ саласы. ХV ғасырда − кітап, ХVІ − газет, ХVІІ ғасырда журнал жарыққа шықты. ХХ ғасырда радио мен телевизияның пайда болуы ақпарат саласының пәрменін арттырса, ал, ХХІ ғасырда ғаламтор жоғарыдағы ақпарат құралдарын бір арнаға тоғыстырып отыр. Осылайша, БАҚ дамудың жаңа сатысына көтерілді. Жаңа медиаға жол ашылды. Ақпаратты қас-қағым сәтте әлемнің түкпір-түкпіріне тарату мүмкіндігі артты. Осыған сай, ағылған ақпараттардың анталаған жаңа тұтынушылары пайда болды. Сәйкесінше, масс-медиа бүгінгі қоғамнан өзіне лайықты орнын алды. Алайда, интернет түгелдей БАҚ бола алмайды. Өйткені, онда қалың бұқараға емес, шектеулі адамдар тобына ғана арналған сайттар да бар. Осыған орай, интернет ұғымына байланысты екі түрлі көзқарас қалыптасуда: біріншіден, барлық желілік кеңістікті біртұтас бұқаралық ақпарат құралдары деп қарауға болса, екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары, дүкен, кітапхана сияқты нысандармен қатар көрініс тапқан бөлек виртуалды кеңістік ретінде қарастыруға болады.
Негізгі тақырыпты тереңнен қаузап, жақыннан көретін болсақ, қазіргі масс-медианың сұранысы да өзгеше. Ал, осы медианың бас маманы журналистер қауымы десек, бүгінгі журналистерге қойылатын талап та басқаша. Дәстүрлі БАҚ-та қаламы ұшқыр, озық ойлы тілшілерге қашанда сұраныс жоғары болса, бүгінгі тілшілерге бұл аздық етеді. Халықаралық қатынас тілдерін меңгеріп, заманауи техникалардан да хабары болуы, кез келген салаға қалам тартарлықтай біліктілігі, қауқары болуы шарт. Түптеп келгенде, мұның барлығы заман талабы, уақыт сұранысы. Қала берді жұмыс беруші тараптың талабы. Әлемдік бәсекеде әмбебап тілшілердің бәсі жоғары.
Жоғарыда тоқталғанымыздай, нарық сұраныс пен ұсыныстан тұрады. Бұл қағида еңбек нарығының да ажырамас бөлігі. Жұмыс берушілер белгілі бір маманды оқытуға тапсырыс бермес бұрын, өздерінің нені қалайтынын, яғни, сұранысын нақтылап алуы керек. Бұл ақпарат саласына да қатысты. Мәселен, кейінгі жылдары салалық журналистерге деген сұраныс артқан. Атап айтқанда, құқықтық, экономикалық, банк жүйесін, қоғаммен байланыс (PR) т.б салалардың ақпарат айдынында еркін жүзе алмауы, осы салаларды бір кісідей білетін қалам иелерінің қатарының аздығы жиі айтылып жүр. Бұл талаптарға сай журналистердің жоқтығы, тілшінің ғана кемшілігі емес. Ол сол маманды дайындайтын оқу орындарының олқылығы. Сондықтан, оқу орындарына жаңа сұранысқа сай маман дайындау ісіне шындап көңіл бөлуі, тұтастай оқу базасына, дәстүріне өзгеріс енгізуі керек. Тіпті, бүгінгі оқыту жүйесінің ескіргені сонша, теория мен практика арасындағы айырмашылық уақыт өлшемімен есептегенде кемі ширек ғасыр кейін қалған. Сондықтан, жұмыс берушілердің тапсырысына сай маман даярлау ісінде теория мен тәжірбиені ұштастыруды ұйымдастыру, ғылым мен техниканың жетістігін пайдаға асыру қажет-ақ. Осы ретте оқу бағдарламаларын қайта қарап, сәйкесінше оқулықтарды жаңарту да артықтық етпейді.
Бүгін ақпарат ағыны интернетке ойысты. Интернеттің пайда болуына қарай журналистиканың өзіне тән жаңа формасы дүниеге келді. Академик Ғ.Есімнің: «...біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың мазмұнын анықтайтын фактор – ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, электрондық пошта жүйесі, жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әр елдің «сырын» сақтауы мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария етілмек. Мұның бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына сапалы өзгерістер енгізуде»,– деген пікірі интернеттің зор мүмкіндігін ғана паш етіп тұрған жоқ, бұл осы салаға сай мамандарға деген сұраныстың өсекендігінен хабар береді. Интернет – журналистика, дәстүрлі журналистика ағымына айтарлықтай өзгеріс алып келді. Яғни, біз бүгін БАҚ саласына маман дайындау ісіне түбегейлі реформа жасамасақ, ертең түлектеріміздің жұмыссыз қалуы ғажап емес.
2006-2009 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ақпарат нарығының бәсекеге қабілеттілігін дамыту жөніндегі тұжырымдама жалғасын табуы керек. Журналистика үздіксіз ізденісті қажет ететін маманның қатарында. Сондықтан, көптеген журналистер қосымша мамандық алуға мәжбүр. Мысалы, заң саласын сауатты жазатын тілші болғысы келетіндер заңгер мамандығын қосымша оқып, өздерінше сұранысқа сай болуға талпынып жүр. Әрине, бұл үрдіс қуантады. Алайда, бүгінгі уақыт қысқан заманда кез келген адамның мамандық қуып жүруге мүмкіндігі бола бермейді.
Жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша мамандар даярлау жұмыссыздықты азайтып, экономиканы дамытуға ықпал етері даусыз.
Қазіргі таңда жұмыс берушілердің түлектерді сапалы дайындауға талабы жоғары. Жұмыс берушілер де өз кезегінде жұмыспен қамтуға кепілдік беруі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |