Бiрiншiден, қызметiмдi қимағандықтан, қызықты болғандықтан; екiншiден, бала соншама таңсық та болмағандықтан, мен Iлиясқа телефонмен барлық жайды айттым... «Тiкенiмдi алдырсам қайтедi?»,– дедiм. Ол ұзақ жауап бермей тұрып: «Жоқ жаным, алдырма! Өзiңе зиян келуi мүмкiн»,– дедi. Және: «Топ баланың ортасында ол да өсер»,– дедi. Сонымен Болат дүниеге келетiн болды.
1938-жыл. Февраль. Күндiзгi сағат екiде (мектептен қайтқанда) НКВД-ға соқтым. Телефонмен Iлиястың тергеушiсiмен сөйлестiм. Ол: «Сағат үшке келiп үлгiрсеңiз бүгiн тамақ та алайын және көрiстiруiме де болады», – дедi. Менiң арманым – туғалы көрмеген Болатымды Iлиясқа көрсету. Жүгiре басып үйге келе жатырмын. Жолда Гүлжамал жолықты. Гүлжамалды ерте сала үйге келдiм. Болатым бесiгiнде тәттi ұйықтап жатыр екен. Iлиясқа деп дайындап қойған заттарымды Гүлжамалға берiп, Болатты өзiм алып НКВД-ға қарай желе жортып келе жатырмыз. Жол бойы тыныш ұйқысы бұзылған Болатым айқайлап жылап келедi. Оны уатуға уақыт жоқ...
Комендатураға келiп жеттiк... Болатымды Гүлжамалға бере тұрып, өзiм тергеушiмен сөйлестiм. Ол: «Тосып отырмыз, жылдам кiрiңiз! Пропускаңыз дайын», – дедi. Болатымды жөндеп орап та ала алмай, емiзiп тыныштандыра да алмай, бақырған бойымен алып кiрiп кеттiм.
Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
– Бiздiң тарихи алғашқы кездесуiмiз осындай орында болды ма?, – дедi. Болат айқайын қоймады. Мен, киiмiмдi шешiп, Болатты емiзбек болдым. Тергеушi:
– Шешiнбеңiз, бес-ақ минут уақытыңыз қалды, – дедi.
Мен, көкiрегiмдi ашып, сүтi ағып бара жатқан емшектi Болаттың аузына салдым. Күн ұзын ашыққан жас нәресте қомағайланып еме бастады. Iлияс мен отырған орындықтың артынан келiп, Болаттың шашалып, қоймағайланып емген түрiне қарап тұрып:
– Бұл ұлымыз етiкшi болсын, етiк тiгуге үйрет бұл ұлды, – дедi.
Тергеушiнiң: «Өзiңiздей жазушы болар», – дегенiне Iлияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етiкшi болып еркiн өмiр сүрсiн», – дедi.
Бес минут болды ма, болмады ма, тергеушi маған: «Ендi шығыңыз», – дедi. Пропускаға қол қойып, қолыма ұстатты да, Iлиясты НКВД-ның қорасындағы түрмеге айдай жөнелдi... Болатты емiзген қалпымда бауырыма басып, НКВД-ның үлкен есiгiнен шығып, комендатураға келдiм. Гүлжамал тосып отыр екен: «Жөндi сөйлесе де алмадық »,– деп Болаттың жылағанына ренжiп, Гүлжамалдың қасына отыра кеттiм. Гүлжамал сықылықтап күлiп: «Болат жарайды, жылағаны жақсы, өскенде жайларыңды табамын деп тепсiнгенi ғой ол Болаттың «,– деп, әлденелердi сөйлей жөнелдi...
Мен, Iлиястың Болат жайлы бiрiншi айтқанын орындадым. Ал, екiншi тапсырмасын орындай алмадым... Ендi Болаттың өз еркi. Геолог бола ма, етiкшi бола ма? Өмiр алдында...»
Болат әке арманын орындап етiкшi де, геолог та болмады. Өнер жолын қуды. Бұл өзге әңгiменiң арнасы. Тек Iлиястың соңғы бейнесi көз алдыңа елестеп, жүрегiң сыздап сала бередi. Шындық осы. Ащы да аянышты. Мұндай әдiлетсiздiк қалай туды?
Ақиқат – айтыс, пiкiр таласы арқылы аңықталады. Ал айтысты тудырған ақиқаттың өзi ақиқат па? Лысенковшылардың «жалған ғылымын» ақиқатқа балап, дәлелдемейтiн шындық деп түсiнудiң өзi адастыру емес пе? Солай. Ендеше, жоқ нәрсенi бар, жаланы шын деп неге қабылдамасқа. Өкiнiшi сол, «зауалды жылдары» жағдай дәл осылай болды. Мәселе тура бүйiрiнен қойылды. Шындық – әдебиетпен, соның төңiрегiндегiлердiң таласымен ашылмайды. Әрине, нағыз жазушы бүгiнгi өмiрдi талдайды, сол арқылы пiкiр қорытып, ертеңгi күндi болжайды. Халыққа тура жеткiзбесе ыммен, ишарамен меңзейдi. Әйтеуiр үндемей қалмайды. Андре Моруаның:
«Кез келген билеушi үшiн ең қауiптi адам – жазушы»,– деуi сондықтан.
Алайда, отыз жетiншi жылғы қасiрет тұманы ешкiмдi мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға жалпағынан төндi. Солардың қатарында қазақтың адал перзенттерi, оның iшiнде Ленинмен бiрге қызметтес болған Тұрар Рысқұлов iспеттi большевиктер де қоса iлiндi. Алғашқылардың бiрi боп жауапқа тартылды, яғни тұңғыш құрбандардың легiнде кеттi. Бұлар – сол кездегi интеллигенцияның қаймағы едi. Олардың ұсталуы жазушылардың көңiл күйiне тiкелей әсер еттi. Күйiндiрдi де, өкiндiрдi. Және бұлардың ұсталуы Сәкен мен Iлиясқа, Сәбитке, Мұхтарға тiкелей қауiп төндiрдi.
Алғашқыда «Социалды Қазақстанда», iле 13-тамыз күнi «Қазақ әдебиетiнде» басылған «Ұлтшыл фашистерге өмiр сүргiзбеймiз» деген мақала баршаның төбе шашын тiк тұрғызды. Бұл – жаңа өрттiң, апат өртiнiң лап ете қалғанының белгiсi едi. Қарғысқа лайық сөздiң бәрi сол азаматтарға бағытталды. Бас-бастарын түгендеп тұрып:
«Ұлтшыл-фашистердiң басшылары – Рысқұлов, Қожанов, Нұрмақов, Құлымбетов және олардың артынан ерген ат төбелiндей бiр топ қана сұрқия жөлiктер партия билетiн тек өздерiнiң екi жүздiлiк бетiн бүркемелеу үшiн пайдаланып жүрдi. Олар еш уақытта да адал ниетiмен большевик болған емес. Рысқұлов – рысқұловшылар жауыздық арам iстерiн пантюркистiк контрреволюциядан бастады. Қожанов – қожановшылар алғаш шыққанның өзiнде-ақ ұлт буржуазиясы мен интервенттердiң туын көтере шықты. Садуақасовшылардың, нұрмақовшылардың көздегенi де осы. Бұлардың қай-қайсысы болса да ұлтшылдықтан бастап, бара-бара троцкизммен, оңшылдармен ым-жымын бiрiктiрiп, Жапония мен Германияның ең белсендi шпионына айналып кеттi»,– деп үкiм шығарды.
Қайдағы Германия, қайдағы Жапония? Оларға бұлардың қандай қатысы бар? Ол елдердi көрдi ме? Оған ешкiмнiң шекесi қызған жоқ. Интеллигентi аз, әлi толық ұйып болмаған халықтың ең жанды жерiне қылбұрау салып, осал тұсынан ұстады. Жабылған жаланың бiр тармағы дәлелденген күннiң өзiнде өмiрмен қош айтысуға мәжбүрлiгiн сезiнер едi. Айғақ табылмаса ше? Оны кiм iздейдi? Мәселе айғақта емес, мүлдем басқа кiлтипан едi. Социализмнiң күш алып келе жатқан кезiнде Қазақстандағы жергiлiктi халықтың миллиондап аштан қырылып қалуы Сталин үшiн жақсы атақ әкелмейтiн. Бүгiн ол туралы ауызды аштырмағанмен, ертең бәрi бір ашыларын бiлдi. Сондықтан да оған кiнәлi адамдарды iздедi және тапты да. Бадырайтып тұрып:
«Бұл ұлтшыл – фашистер, өздерiнiң фашист қожайындарының разведка орындарының тапсырғандарын орындап Қазақстанда кулак-байлардың көтерілiсiн ұйымдастырды. 1929-1932 жылдары арасында болған перегибтердi, көшпендiлiктi осылар ұйымдастырғандығы қазiр әбден айқындалып отыр»,– деп жазғырды.
Жұртшылық бұған сендi ме? Бәрi емес, бiрақ, нанушылар да кездестi. Себебi оба ауруынан да қатты зардап шектiрiп, түңлiгi ашылмай қалған мұқым ауылды көзiмен көргендердiң өксiгi басыла қоймаған едi. Демограф, академик Бромлейдiң СССР халықтарының дамуы туралы монографиясындағы кестесiнен қазақ халқының 1939 жылғы саны 1926 жылмен салыстырғанда 26 процент кемiп кеткенiн көруге болады. Ал бұл осы он үш жыл iшiнде бiр де бiр сәби тiрi тумады. Ересектерi тек өлумен болды деген сөз. Ендеше мақаладағы:
«Совет халқы, оның iшiнде қазақ халқы, бүкiл Қазақстан еңбекшiлерi өзiнiң большевиктiк қырағылығын бұрынғыдан да күшейтiп НКВД орындарына көмектесiп, ұлтшыл-фашистердiң бiрiн қоймай әшкерелеп, көзiн құртады»,– деген үндеуге кiм иланбайды.
Қайта, «қара ниеттi қарақшылардың» ақыры табылғанына қуанып, жазалауды талап етпей ме? Логикалық жағынан алғанда «қиыннан қиыстырылған» саясаттың «сарасы» ғой. Ешқандай ақау жоқ. Халық ойланбастан сенетiн-ақ сылтау. Сендi де. Iле, сол «сұмырайлардың сыбайластары» әдебиетшiлердiң де арасынан табылды. Бейiмбет пен Iлияс мақала жарияланысымен-ақ Тұрардың «етегiнен ұстап» кеткен болатын.
Жоғарыдағы үндеудi келесi беттегi: «Әдебиеттегi троцкист-бухариншiл-фашист зиянкестерiн жерiне жете құрту керек» деген мақаланы жазған белгiсiз автор (жалпы кiм екенiн жорамалдап бiлуге болатын сияқты) одан әрi дамытып, әдебиетке жақындатып:
«Көркем әдебиетте троцкист-бухариншiл фашист агенттерi – Авербахтың iстерi ашылып жатқанда, жазушылар ұйымы, оның кейбiр бастықтары (Мұқанов, Сейфуллин, Жансүгiров) қазақ әдебиетiндегi авербахшылдықты жерiне жете ашуға өте шабан қимылдайды... Сәбит өзiнiң шығармаларында: «Адасқандарында» байды мақтап, 1932 жылы басылған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетiнде» халық жаулары алашордашылардың объективтi революцияшылдық ролi бар деген қателерi үстiне, соңғы кезге шейiн халық жауларына (Уәлиахметов, Айсарин, Жұмабаев, Асылбековтерге) көрiне ымырашылдық жасады. Өзiнiң шығармаларын халық жаулары Досмұхамедов, Малдыбаевтарға аудартуға бердi, Жұмабаевты қызметке орналастыруға ниеттенгенi, тағы басқалары – Сәбиттiң жай ғана қатесi емес, үлкен саяси қателескенiн Сәбит те, оны «аяушылар да» уақытында түсiнiп, толық мойындап, ол қатесiн жоюға батылдықтары жетпедi»,– деп қалшылдап уытын төктi.
Ашынған жылан шақпай қоймайды. Қапысын табады, оңтайына келтiредi. Белгiлi партия қайраткерi Абдолла Асылбеков тергеу кезiндегi қорлыққа шыдамай «тағылған барлық айыпты мойындаймын» деп қол қойды. Ол тергеудiң есебi «Сәкен – бiздiң басшымыз» деген атпен Қарағанды газетiнде жарияланған. Қол қойдыру – Вышинскийдiң заң ғылымына қосқан «үлесi». Егер де, «халық жауы» қолын қойса, онда сол сұрақ-жауаптың iшiнде аты аталған адамдардың барлығы да «шпион» боп шығады. «Үш айғақтың» бiрiне жарайды. «Сәкеннiң аманаты» атты пьеса жазу барысында Сейфуллиннiң ең соңғы сәттерi жөнiнде көптеген тың деректер жиған жазушы Әлжаппар Әбiшев:
«Сәкендi айыптауға себепшi болған «айғақтың» бiреуi – осы Асылбековтың Қарағанды газетiнде жарияланған тергеу iсi. Екiншiсi – «Сәкен – жапон империализмiнiң агентi» деген мақала. Үшіншісі өзінің ауыл жағынан келген хат. Тергеу осы үшеуiне сүйенiп жүргiзiлiптi. Тергеу iсiнде солай жазылған »,– деп едi оңаша бiр сырласқанда.
Сәбит те Абдолланың досы едi. Ал Мұхтар жиырмасыншы жылдардың басында бiрге iстеген үзеңгiлес, ниеттес, ескi көз көргендердiң бiрi-тiн. Яғни, сыншының қамшысының ұшы оған да тиiп жатқан.
Расында да, ол тұста баспасөзде пiкiрiн ашық бiлдiргендердiң бәрiне «қоңырау тағып», күмбiрлете қағу – әбестiк. Әбестiк емес – әдiлетсiздiк. Соның бiрi – Қалмақанның хаты. Ол барлық кiнәнi өз мойнына ала отырып, өзiн де қарауылға iлiндiре отырып, мойнын iлгерi созады. Жазаға өз еркiмен бой ұсынады. Сол 13-тамыз күнгi жарияланған: «Бiзде болған қателер» деген «Қазақ әдебиетiнiң» редакциясына жолдаған хатында Қалмақан:
«Мен, екi жылдан аса партия ұйымының ұйымдастырушысы болып келсем де, осы былықтың ортасында отырып алдын-ала қателiктiң бетiн аша алмадым, подхолимдiк, ымырашылдыққа белшемнен баттым. Шынында, бiздiң жазушылар ұйымының айналасында партия ұйымының жұмысы жәй ғана қосалқы ұйым тәрізденiп келдi. «Бiздiң мiндетiмiз жазу, бiзден партия жиналыс, саяси сабақ қалай жүрiп жатқандығын сұрамайды, роман сұрайды, поэма сұрайды», – деу ұйымның бастығы Сәбиттiң екi сөзiнiң бiрi болды, екi жыл бойында жүрген пропагандистiк мiндетiн орындамады... Ақырында, Жұмабаевтi шақырып алып, оған аударуға кiтап бергiздi... Екiншi, бiр айта кететiн сөз, Мұхтар совет жазушыларының қатарына кiргелi 5 жыл болды. Совет жазушысына iстелетiн жәрдем, оған түгел берiлдi де, Мұхтар үш-төрттеген тәуiр еңбек те бердi. Сонымен қатар ескi уақытта ұлтшыл, алашордашыл пiкiрде жүрiп жазған зиянды шығармаларын жинақ қып бастырып отыр. Ол туралы өзi жұмған аузын әлi ашқан жоқ. Сонымен қатар, бұрынғы алашордашыл ұлтшылдар фашизмнiң агентi болып бетi ашылғанда солардың сырын ашарлық iс iстемей, үндемей отыруының өзi күдiк. Бетi ашылған жаудың тамырын қопара ашуға Мұхтар ат салысуы керек едi. Бiрақ, оны Мұхтар атқармай отыр »,– деп жалғастырды.
Бұл пiкiрде жала, қасақана арандату жоқ. Өзiнiң «кiнәсiн» шын мойындаған адамның және сол «жазықты боп қалғанына» сенген аңғал жанның ойы. Басқаша құбылтамын десе, қолында тұр едi.
3.
Дүние көшiнде адамзат қаншама рет ақыл азабын шектi десеңiзшi. Солардың барлығының да жарасы әлi де жаныңды сыздатады. Қасiреттiң iзi ешқашанда өшпейдi. Шексiз билiкке ие болған әмiршiлердiң психологиясының да ұқсастығын ашқан ғалымдар, бiр тұжырымға тоғысады. Цезарь да, Кромвель де, Грозный да, Петр бiрiншi де, Наполеон да... Сталин де өздерiнiң арының тазалығына, әрекетiнiң дұрыстығына, өзгелерден әлдеқайда биiк екендiгiне ешқашанда күмәнданбапты. Қысқаша қайырғанда, өздерін құдай деп, құдай болмаса – құдайдан былай емеспiн деп түсiнген. Құдай да жалғыз, олар да жалғыз. Сол жалғыздықтан жапа шегiп, iшкi жан күйзелiсi шарасынан асқанда адамды адамға айдап салып, азаптан рахат табады екен. Сәл ғана суық көзқарастың өзi жан алғыш әзiрейiлдей елестеп, дереу жазаға тартуға, қиналуға, үрей тудыруға ұмтылатын көрiнедi. Лениннiң «Съезге хатындағы» өзiнiң қаталдығы туралы ескертуiне: «мен жауларыма ғана қаталмын»,– деп жауап беруi өктемдiкке, үстемдiкке құмарлық Сталиннiң бойында бұрыннан-ақ бар екендiгiн аңғартады. Оған бұл жылдары ешкiм де мән бермедi. Ол – Каменевтiң ұсынысы бойынша Бас секретарьлыққа сайланды. Орталық Комитеттiң мүшелерi Сталинге «орташа ғана қабiлетi бар» кадр ретiнде қарады. Демек, шыңыраудан көтерiлiп келе жатқан аса қуатты күштi жете бағаламаған. Дөрекi әрi қарапайым, жан-дүниесi тұңғиық, қатал адам өз тұстастарының барлығын жолынан ысырып тастап, дара тұлға, тiптi, көсем атанды. Социализм құрлысы алға қарай жылжыған сайын тап күресi бұрынғыдан да шиеленiсiп, ушыға түседi деген қате пiкiр ол тұста «ұлы қағида» есебiнде қабылданды. Бiр адамды екiншi адамға айдап салып, арандатуға негiз қалады. Зауал науқаны сәт сайын өршiген дүлей (смерчь) сияқты жаппай отауға көштi. Оны тоқтату мүмкiн емес едi.
Бұл – адамзат тарихындағы кезектi азап белдеуi, социалистiк қоғам тұсындағы инквизиция соты едi. Фейербахтың:
«Тарихқа көз салу – жүрекке ине шаншумен бiрдей», – деуi де сондықтан.
Отыз жетiншi жылдың ең қатерлi кезеңi, қауiптi зауал шағы қыркүйек, қазан айына тура келдi. Авгуске дейiнгi әшкерелеулер алғашқы «барлау», қарашадан соңғы науқан – «алғашқы соққының» екпiнi сияқты едi. Қыркүйектiң басында барлық газеттерде iрi-iрi партия қайраткерлерiнiң арасындағы «халық жауларының» тiзiмi берiлiп, алды ату жазасына бұйырылды. Дүлей құйын күшiне ендi. Ол науқан Жазушылар Одағында да өз дәрежесiнде өттi. Сәкен де, Iлияс та осы толқынның құрбаны болды. Қандай күйiнiштi күз едi десеңiзшi.
Аспанның бұлтынан көңiлдiң бұлты басым болған күйiнiштi күздi басынан кешкендердiң бiрi...
Мұхамеджан Қаратаев: «Ешкiм де ондай апат кезеңi туады деп ойлаған жоқ. Бәрiмiз де ертеңiмiзден үмiттенiп мамыражай қалыпта, той-тойлап, қызық көрiп, қызмет харакетiмен жүргемiз. Мен 1936 жылы күзде Ленинградтың аспирантурасынан қайтып оралып, Жазушылар одағының жауапты секретарьлығына бекiтiлдiм. Екi жылдай Сәкенмен, Бейiмбетпен, Iлияспен, Сәбитпен, Ғабитпен, Мұхтармен аралас-құралас жұмыс iстедiм. Мұхтардың ұсынысымен отыз алтыншы жылы ноябрьде бiр топ жазушы Семейге бардық. Құрамында Тайыр, Жақан, Ғали, Павел Кузнецов бар. Қуанышты оралып, көрген-бiлгенiмiздi секретариатқа мәлiмдедiк. Мұқаң: «Қызметiңдi Абайға тағзым етуден бастағаның дұрыс! »,– деп ризашылық бiлдiрдi. Сәду Машақов, Төкен Әбдiрахманов сияқты жас таланттарды тауып қайттық. Отыз жетiншi жылды Пушкиннiң қайтыс болғанына жүз жыл толуын атап өту қамымен бастағамыз. Оған Жамбылдың ақындық өнерiнiң 75 жылдығын тойлау қызығы ұласты. Сөйтiп алабұртып жүргенде, көктемгi найзағаймен қоса заман найзағайы да ойнап қоя бергенi. Әдебиет ортасында да ешкiмге түсiнiксiз, алай-дүлей жағдай туды. Үрей, жаманшылықты көздеген пиғыл өршiдi. Ақыры не болатынына ешкiмнiң көзi жетпедi. Мұндай зобалаңның себептерiн де ешкiм бiлмедi. Мұхтарды да қорқыныш билеп, қабағы жиырылып жүрдi. Ол кiсi де жұрт қатарлы пiкiр айтты. Алайда творчестволық iзденiстерге, адамның бойындағы жағымсыз мiнездерiне, бюрократтық кесiрлiктерiне тоқталған. Ал «халық жауы», «ұлтшыл» деген сөздерден қашып, аузына ала бермейтiн. Ол кезде мынадай әдіс бар едi: кiм де кiм ұстала қалса, соның ертеңiнде газетке қаралау мақала басылатын. Сондайлардың iшiнде Мұхтардың да сөзi жүрдi, тек қаралаған кiсiнiң жеке басындағы мiнез-құлқына болмаса, саяси айып тағуға жоламайтын. Мiне, мына кiтапты көршi. 1934 жылы шыққан. Қазақстан жазушыларының өмiрбаянының анықтамасы. Солардың қатарынан қазiр екi-үшеумiз ғана бүгiнгi күнге жетiппiз. Сұмдық қой. Бұлардың барлығынан бiр жазда айырылдық. Кiмдi-кiм кiнәлағандай едi. Түсiнiктi ғой. Сөзге де, бұйрыққа да, қорқытуға да көндiк...»
Иә, кешкен ғұмырдың қызығын еске алу – рахат та, аласапыранын ойға оралту қандай азап. Түсiнесiң. Түсiне тұрып амалсыздан амалсыз сол күндердiң куәгерiне жүгiнiп, қинала сауал қойып, қылпылдай отырып жауап күтесiң. Екi жаққа да ауыр. Кiм жастық шағының жарқылдап, жарқын көңiлмен өткенiн қаламайды. Алайда төрелiктi уақыт айтады, заман билейдi. Оған мойынсұнбай көр – мойның үзiледi.
Егер де үлкендi-кiшiлi, белгiлi-белгiсiз жазушылардың ешқайсысы талқылауларға қатыспады, пiкiр айтпады десек, жалғандыққа жатады. Бәрi де айыптауға қатысқан. Мәселе – сол сөздi қастандықпен айтты ма, жоқ, көлеңкесiн қорғап, уақыт көшiне iлестi ме, әлде, қарсы шықты ма – сонда. Үш түрлi көзқарастың үшеуi де кездескен. Әрине, соңғы, үшiншi топқа жататындар бiрен-саран ғана. Мұхтар ортаңғы лектен табылған. Себебi: науқанға қарсы тұруға қақысы жоқ-тын. Ондай ерлiкке бiр рет барып, басын тiккен. Ендiгiсi, тек өзiн-өзi өлiмге итермелеу екенiн түсiнетiн. Құрбы- құрдастары да тым тез сиреп бара жатты. Қыркүйектiң онына дейiн аға буын өкiлдердiң барлығы да темiр тордың iшiне түсiп үлгiрдi. Оны, 7 қыркүйек күнгi жазушылардың жалпы жиналысынан аңғару қиын емес. Назар салыңыз.
«Алматы қаласындағы жазушылар жиналысы.
Осы жылы 7 сентябрь күнi қазақ педагогика институтының үйiнде Алматы қаласындағы жазушылардың жиылысы болды. Жиылыста қаладағы жазушылардан 35 адам қатысты. Жиылыста «Көркем әдебиеттегi зиянкестiктiң зардабын жою және тәрбиелеп өсiрiп, көтеру шаралары туралы» Қазақстан жазушылар союзының жауапты секретары Қаратаев баяндама жасады.
Халық жаулары Тоғжанов, Жансүгiровтердің және олардың ұялас күшiктерiнiң көркем әдебиетке iстеген зиянкестiгi жөнiнде баяндамашы ашып айтты. Қазақ жазушыларының арасында, әсiресе, басты жазушыларда болып келген саяси бейғамдық, есуастық, дерттi, либералдықты айтты.
БК(б)П Орталық Комитетiнiң февраль – март пленумы бiзге қырағы болуды, саяси бейқамдықтан, есуастық дерттен арылуды тапсырды. Халық жауларын тани бiлудi, капиталистiк қорғауды бiр минут естен шығармауды, большевизмге жетiлудi үйреттi.
БК(б)П Орталық Комитетiнiң февраль – март пленумының осы нұсқауын орындауға ойдағыдай кiрiскен болсақ, халық жауларының сырын әлдеқашан ашып, оларды бұдан бұрын әшкерелеген болар едiк, – дедi баяндамашы.
Баяндамашы, көркем әдебиетте болған зиянкестiктiң зардабын тезiнен жойып, көтеру шараларын айқындап айтып, жазушыларды, Сталин жолдастың нұсқауларын бұлжытпай орындауға, қырағылықты күшейтуге, халық жауларының сiлiмтiктерiн күнбе күн әшкерелеп отыруға, жауларға оқ боп тиетiн, халық сүйiп оқитын құнды шығармалар беруге шақырды. Жарыс сөзге шығып сөйлеген жолдастар, жеке жазушылардың дара басындағы кемшiлiктерiн сынады, сын, өзара сынды күшейту керектiгiн айтты.
Жиылыста сөйлеген Малдыбаев жолдас: Жазушылар ұйымында әлi нақты iстен сөз басым болып келдi. Ұйымның басындағы Мұқанов жолдас өз басында болған қаталарды әлi ашып айтқан жоқ. Ұйымның басшылары Алматы қаласындағы жазушыларды ғана бiледi. Оларға басшылық етудi әлi ойдағыдай қолға алған жоқ. Бiз жазушылар ұйымынан, оның басшыларынан облыс, аудандардағы қаулап өсiп келе жатқан жастарға нақтылы басшылық етудi талап етуiмiз керек,– дедi.
Әуезов жолдас: Халық жаулары Жүргенов, Тоғжанов искусство жұмысына қырсығын тигiзiп, зиянкестiк iстедi. Қазақтың советтiк искусствосын жоққа шығармақшы болды, өздерiн әдебиеттiң, искусствоның «генилерi» етiп көрсетуге тырысты, сол дұшпандардың сiлiмтiктерiнен тез арылуымыз керек – дедi» «Қазақ әдебиетi», 10 қыркүйек).
Иә, оның да төзiмi жұқарып, тiкелей жала жаппағанмен, көшке үн қосқан тұсы болыпты. Олай демеуге лажы да қалмаған. Сұрапыл толқын қақпайлап ерiксiз соған ілестіріп жіберген. Екiншiден, алғашқы екi адамның тағдыры әлдеқашан шешiлiп қойған. Зады, мынадай көзге көрiнбейтiн заңдылық байқалады. Белгiлi бiр саяси ағым, не науқан туралы кiм бiрiншi боп баспасөз арқылы пiкiр бiлдiрсе, сол ең алдымен «қара тiзiмге» iлiнiп, «тап жауының» қатарына қосылған.
Мұхтар неге сөйледi, сөйлесе де дәл осылай нығыздап айтуы нелiктен? Әлде, «дұшпандардың сiлiмтiктерi» деген тiркестер газетке есеп жазған адамның «творчествосы» ма? Қазбалап жатпаймыз мұны. Басы ашық мәселе – Мұхтар өзi сөз сұрасын, жоқ оны әдейi сөйлетсiн, бәрiбiр, қалайда осы сарында пiкiр бiлдiруi қажеттiлiк едi. Өйткенi оның әрбiр қылығы, қимылы, сөзi қатаң қадағаланып, жiпке тiзiлiп жүрген. Өзi де сынауы керек, оған да сын айтылуы керек. Дәл сол жиналыста Мұхтардан кейiн сөз алған Дихан Әбiлевтiң сөзiнен бұл жағдай анық аңғарылады. Себебi: кiнәсiз адам, күдiксiз кiсi болуы тиiстi емес-тiн.
Мәжiлiс былай өрбiдi:
«Әбiлев Дихан жолдас: Қазақстан көркем әдебиетi баспасының бұрынғы директоры Жаманқұлов жас жазушылардың шығармаларын баспай тастап отырды. Жастардың шығармаларын басуды соңғы кезекке қойып, кейiнгi планда қалдырды. Бiз Мұхтар жолдастан құнды шығармалар берудi талап етемiз. Мұхтар өзiнiң «Ескiлiк көлеңкесiнде» деген қате әңгiмелер жинағын бастырып iрi қате жасады. Бұл қатасын Мұхтар iсiмен түзеуi керек. Халық жаулары аударма жұмысында да зиянкестiк iстегенi мәлiм. «Евгений Онегиннiң» аудармасын қайта қарау керек»,– дедi.
Осы пікір туралы Дихан Әбiлев бізге мынадай естелік айтып берді
«Дәл осы сияқты пiкiр айтып, жиналыстарда сөйлеу – ол кезде пәлендей оғаш көрiнбейтiн. Әрине, саяси айып тағып, әшкерелеудiң жөнi басқа. Бiр-бiрiмiзбен қырғи қабақ күн кешкен күннiң өзiнде ондайға дәтiң шыдар ма. Рас, мен Мұхтарды екi рет ренжiтiп алдым. Қаншама қимастықпен, сыйластықпен қарасаңда күнделiктi тiршiлiкте жиi араласқан соң бiрде болмаса бiрде жағдайдың еркiне бағынасың. Отыз жетiншi жылғы жоғарыдағы пiкiрден кейiн үй-iшiмiзбен бiрге демалыс орнында жаттық. Бұл сөздiң Мұхтардың көңiлiне ренiш ұялатпағанын содан-ақ бiлерсiздер. Әлi есiмде, 1939 жылы жазушылардың пленумы болды. Мен одақтың председателi ретiнде баяндама жасадым. Сөз арасында, жоғары жақтың арнайы нұсқауымен «Ескiлiк көлеңкесiнде» атты жинақты тағы да сынауға тура келдi. Шынын айтқанда, бұл жолы Мұхтар менi жақтырмай қалды. Ал, айтпасқа амалың қайсы. Арада жылдар өттi. Қайтадан араласып-құраласып кеттiк. 1949-1950 жылдары «Жұлдыз» журналының жұмысы талқыланып, мен кезектi баяндама жасадым. Сынадым. Сөз арасында «толыққанды, тың шығармаларды басудың орнына кейде «қыстырмалар» кiрiп кетедi» – дедiм. Журналда «Абай» романының екiншi басылымына қосымша ретiнде кiрген переселендер туралы тарау басылған. Соны мегзеп ем. Ел-жұрт «ол қандай қыстырма ?» – деп ерiксiз айтқызды. Мұхтар қолын бiр-ақ сермедi. Арада тағы да жылдар өттi. Москвада бес-алты ай паналаған Мұхтар елге қайтуға қамданды. Сондай қуанышты. Әңгiме арасында «Алтай жүрегi» романымның жайын сұрады. Әлi машинкаға бастырмағанмын. «Түнде оқып шығамын. Әкел»,– дедi. Ертеңiнде мәз болып қарсы алып: «Москва баспаларына пiкiрдi өзiм жазып берейiн. Көркем дүние. Ал, ендi қайтадан достасамыз ғой», –дегенi күлiп. Мен әлдеқашан ұмытып кеттi ғой деп жүргем. Ұмытпапты. Мұхтардың ол мақаласы жиырма томдық шығармалар жинағында бар. Мiне, өмiр шындығы солай».
Калашников жолдас: «Жазушылар ұйымының жанындағы орыс секциясын кездейсоқ адамдар басқарып келдi. Жас жазушылардың еңбегiн ешкiм бағаламады. Ұлтшыл-фашист халық жаулары – орыс жастарын тiзгiндеп, қазақ жастары мен орыс жастарының арасында араздық өртiн салмақшы да болды. Ендiгi жерде орыс секциясының жұмысын жандандырып, өсiп келе жатқан жастардың шығармаларын басуды тездету керек,– дедi.
Қалмақан жолдас: Халық жауы Тоғжанов көптен-ақ мәлiм едi, бiрақ оған мезгiлiнде соққы бере алмадық. Тоғжанов қатардағы қазақ жазушыларын тiзгiндеп отырды, «сынағансып» соққы бердi. Көркем әдебиет баспасының бұрынғы бастығы Жаманқұлов Жансүгiровтің түкке тұрмайтын «Жолдастар» деген романын басып шығарды,– дедi.
Шығып сөйлеген Тайыр, Саин, Хамза, Шашкин тағы басқа жолдастар да сын және өзара сын негiзiмен сөйлеп, жазушылар ұйымын қатал сынады. Өздерiнiң нақты ұсыныстарын айтты».
Ол қандай ұсыныстар? Ендi олардың мазмұнын бiлу үшiн әсте мүмкiндiк туа қоймас.
Сырттай көзге шалына қоймағанымен, жиналыстың барысынан-ақ оған қатысушылардың бойын билеген шарасыздық, суға кеткен тал қармайдының керiн құшқан дегбiрсiздiк аңғарылады. Сөйлеген адамдардың арасында Мұхтар Әуезовтен басқа «көсем жазушылардың» бiрде бiреуi жоқ. Тек Тоғжанов Ғаббастың есiмi «халық жауының» қатарына қосылуы ғана iстiң мәнiн ашады. Бейiмбеттiң, Iлиястың атын Мұхтар неге атамайды? Демек, аузы бармаған, дәтi жетпеген. Нағыз жау екенiне сенбеген. Мұны iштей қарсылық, келiспеушiлiк деп түсiну керек. Жарайды, ендеше мәжiлiске Сәкен, Сәбит, Ғабит неге қатыспаған? Себебi, үшеуi де күдiктi күй кешiп, жанталаса жабығып жүрген қатерлi күндер болатын. Әсiресе, Сәкеннiң басына бұлт төнiп-ақ тұрған. Әр қилы деректiң қиюын өзара қиыстырғанда Сейфуллиннiң ұсталған күнi 6 қыркүйектiң түнi мен 26 қыркүйектiң арасына тура келедi. Ал тура 26 қыркүйекте ұсталды дегендi Ә. Әбiшев, С. Қирабаев сенiмдi дерек ретiнде көрсетедi. Нақты мезгiлiн анықтап, көшiрмесiн көзге көрсететiн азамат та туар. Тек Iлияс сол күндерi түрмеде жатып, екi шумақ өлең шығарып, ретiн тауып сыртқа жiберткiзiптi. Ашыну, ыза, қорлық, жеккөру сезiмi от шашып тұр. Әр сөзi тотияйын сияқты ойып түседi.
Усойқы, шойқы, майқы, ақсақ,
Әңгүдiк, шыжың, сiдiк бетқап.
Сарысу ми, сарынға ұшқан соқыр қарға,
Шелегi қарамайдың қойған боқ сап.
Сен итке сөзiм шығын, жалтақтаған,
Итсiң көрiнген кеп айтақтаған.
Үре бер, көрiнгенге, тіфу, арсыз,
Қаншықтай құйрығы қатып, сатпақталған.
Қапастан да саңылау тауып, үзiлiп жеткен осынау жолдардан Iлиястiң жан дауысы естiледi. Теңеудi де төкпелетiп, қарғысын да аямаған. Әр сөздiң көбесiн сөгiп, сол арқылы арандатушының портретiн жасамай-ақ қояйық. Асыл азаматтың әсiрелей жаққан қара бояуына да, теңеуiне де, сөз саптасына да кешiрiммен қарайық. Жаны қылбұрауға түсiп, қиналған шағында жазықсыз күйдiрген жантықтарға одан артық балама таппаған да шығар.
Бұл шумақты жиналысқа қатысқандар, әрине, бiлген жоқ. Бiлуге тиiстi емес. Олардың көңiлiн сыздатқан күбiрткi – кеше түнде, не бүгiн таңертең ұсталып кеткен, не ертең, не бүрсүгiнi қолды болуға тиiстi Сәкен тағдыры едi. Әлдебiр жайды бүгежектеп айта алмауларынан сондай шарасыздық, үнсiз күйiнгендiк аңғарылады. Ал, қазан айының басында, барлығы да «орын орнына қойылып» жөнiн тапты. Ең соңғы «қызыл сұңқар», революцияның Еркебұланы, қазақ ақындарының аққуы – Сәкен, Сәкен Сейфуллин де заман торына түстi.
Мұхамеджан Қаратаев: «Бұрынғы сұмдық сұмдық па, нағыз сұмдық ендi басталды. Кiмге сенерiңдi бiлмейсiң. Сәкен ұсталысымен Орталық Комитеттен арнайы бұйрық келдi. Кiм екенiн ұмытып қалдым. Телефон арқылы жарлығын жариялады. Бөлiм меңгерушiсi Жанайдар Садуақасовтың өзi де «ғайыпқа айналғандардың» қатарына қосылған. Және жиi-жиi ауысып, қайшыласып жатқан кез. Бiзде де ес жоқ. Қайсы бiрiн ойда ұстағандайсың. Сол адам маған баспасөздерде Сәкен туралы «үн қосуды» ұйымдастыруды тапсырды. Амалың қайсы, көнесiң. Одан Сәбит те, Ғабит те шет қалмады. Мен де, жаздым... Көрдiң бе, бiздi сондай сұмдыққа итермеледi. Сәкенмен байланысты деп Сәбиттi орнынан алып, партиядан шығарды. Бос орынға менi қойды. Iле, араға аз жыл салып мен де кеттiм. Ғабит екеумiз партиядан 1938 жылы 5 августа бiр күнде шығарылдық. Алты күннен соң мен ұзақ әрi ерiксiзден болған «сапарға» аттандым. Ғабит аман қалды. Қайран асыл жылдарым текке рәсуа, қор боп кеттi-ау».
Расында да жан ауыртатын сөздер. Еске алудың өзi қорқынышты. Қайтемiз, заман ағымының сарыны. Ағысқа қарсы жүзсең өзiңдi қоса алып кетедi. Сол тасқыннан Мұхамеджан Қаратаев та құтылмады. Жиырма жылғы сергелдеңнен соң ғана қайтып оралды.
«Қазан тумай қар жаумас» дейдi дала даналығы. Қазан туды. Қар, табиғаттың ақша қары жауды ма, жаумады ма, қайдам. Ал әр адамның өмiрiн аяз қарып, үмiтi үсiкке ұшырады. Нақты дәлелi, анық айғағы жоқ айыптаулар қарша борады. Кiм айтып жатыр, оны сұрауға мұрша да жоқ. Дау-дамай, арандатулар адамды қыстан бетер қыспаққа алды.
Кiлең кiжiнуден, қоқан-лоқыдан, бопсалаудан тұратын сондай мақаланың бiрi «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын бiр жола құртайық» деген «Қазақ әдебиетiнiң» 8-қазан күнгi санында жарияланды. Әрине, жазған адам аты-жөнiн көрсетпеген. Бұл мақаладан прокурор Вышинскийдiң терминдерiнiң бiраз қазақша «сәттi баламаларын» да табуға және ендiгi кезек кiмдiкi екендiгiн де бiлуге болады. Онда Iлияс та, Сәкен де нағыз «ұлтшыл-фашист» ретiнде аталады. Ал, Бейiмбет қайда? Оның себебi келесi мақалада ашылады. Ал әзiрше мынаған көз қырын салайық: қос дүлдүл не үшiн ұсталды дейсiз бе? Мiнекиiңiз:
Достарыңызбен бөлісу: |