1. Ол қазақ ордасына барып, олардың бастығы әрi үлкен ханы Әбiлқайыр ханға, бiзге Құтлұмбет Қоштаев пен Сейiтқұл Құйдағұловты жiберген және Тевкелевтiң өзi қоса жiберiлiп отырған ханға жолықсын.
2.Онда барысымен Тевкелев Әбiлқайыр ханға жолығып, мына мәселелердi айтсын: «Сен, Әбiлқайыр хан, аса мәртебелi билеушiмiз Анна Иоановна падишамызға, бүкiл Россияның әмiршiсi және бiздiң барлығымыздың қайырымды да құзыры күштi патшамызға өзiңнiң елшiңдi – Құтлұмбет пен Сейiтқұл Құйдағұловты жiберiп, қағазға жазылған дәргейiң мен ауызша айтылған сәлемiң арқылы Ресейдiң бодандығына кiретiнiңдi айтып, Ресейдiң қарауындағы елдермен бейбiт тiрлiкте болатындығынды бiлдiрiпсiн. Аса мәртебелi ағзам падишамыз қазақ ханы Әбiлқайырды, қазақтардың ен үлкен ханын әрi қазақ әскерiнiң бас қолбасшысын өзiңнiң тiлегiне сәйкес Ресейдiң бодандығына қабылдады, осыған орай саған Әбiлқайыр ханға, бүкiлқазақтық әскердiң қолбасшысына өзiңнiң елшiң арқылы осы дәргейдi жолдап отыр, оның татар тiлiндегi көшiрмесi де қоса жiберiлдi, өзiнiң осы ниетiн куәландыру үшiн және аса мәртебелi падишаның мейiрiмiнiң белгiсi ретiнде бұл дәргейдi тапсыруды маған жүктедi, оған қоса маған аса мәртебелi падишамыз саған: – Әбiлқайыр хан және барлық қазақ әскерi өзiнiң мәртебелi падишамызға жылы ықыласын сақтап қалуды және мәртебелi падишаға берген уәдесiнде тұрып, хан мен қазақ жауынгерлерi айнымас сертiнде тұруды, өзiңiздiң берген уәдеңiздi орындап, сенiмдi бодан ел болатыныңды қалайды. Сол белгiсi ретiнда саған – ханның өзiне жалақы белгiледi және қылыш, бұлғын iшiк, қара түлкiнiң терiсiнен тiгiлген бас киiм мен сәтiн т.б. сыйлықтар жiбердi» – деп айтсын...
4. ...Осыларды айтқаннан кейiн Әбiлқайыр ханға дәргейдi тапсырсын да мәртебелi падишаның қайырымдылығын есiне салсын, ант қабылданып болған күннiң ертеңiнде былай десiн: Әбiлқайыр хан кеше өзi ант бердi, ал ендi башқұрттар сияқты мәртебелi падишаға деген сенiмдiлiгiн бiлдiру үшiн бүкiл қазақ әскерi құранды ұстап ант берсiн, бұл кешегi қол қойылған дәргейде көрсетiлген және падишамызға қараған бодан жұрттардың барлығы ант берген едi, сондықтан сендер де башқұрттар сияқты аманат берiп, салық төлеп, адамдарыңды Уфаға жiберiңдер – десiн. Айласын асыра отырып Әбiлқайыр ханды осыған көндiрiп, үмiттендiрiп қойсын.
5. Егерде Әбiлқайыр хан салық төлеп, аманат беру туралы Тевкелевтiң алдарқатуынан үзiлдi-кесiлдi бас тартып, көнбесе – онда өршеленудiң қажетi жоқ, тек Әбiлқайыр хан бастапқы шарттарға сәйкес қолын қойсын да өзара сенiммен өмiр сүрейiк дегенге илiктiру қажет...
7. Әбiлқайыр хан жоғарыдағы шарттардың ешқайсысына қол қоймаса, келiспесе, Тевкелевтiң өтiнiшiн орындамаса, алдарқатуға түспесе, онда қалайда ханды жағаттай отырып мынаған иiлiктiрсiн: хан өзiнiң жауап дәргейiнде (хан бұл дәргейдi Тевкелевтен берiп жiберуi керек) жаңағы шарттарды көрсетсiн де, оған уәдесiн берiп, қолын қойсын: тiптi көнбесе, онда өзiнiң қойылған дәргейге мәртебелi ағзамнан алынған жайларымен келiсетiндiгi туралы мағлұмат берсiн... »
Тiлмаш Тевкелевке берiлген осы нұсқаулардың өзi-ақ Әбiлқайырдың бiрiншi хатының ешқандай да заңдық құқы жоқ екенiн дәлелдейдi. Сондай-ақ, Әбiлқайырдың да өтiрiгiн әшкерелейдi. Өйткенi, дәл сол кезде ол қазақ әскерiнiң бас қолбасшысы емес, Хиуа да, Бұхар да, Түркiстан да, Ташкент те, Ходжент те оның билiгiне қарамаған. Тiптi ұлттың атынан келiсiм жүргiзуге кепiлдiгi де жоқ болатын. Сондықтан да Сүйiндiк атты батырды Уфаға келген Тевкелевке жiбердi. Әбiлқайырдың ең масқара әрекетi және бодандық туралы шарттың жалған екендiгiн дәлелдейтiн айғақ осы арада көрiнедi. Әңгiменiң өзегiн дерекпен дәлелдейiк. М.Тевкелевтiң 1731 жылы 26 тамызда сыртқы iстер кеңсесiне жолдаған мәлiметiнде» Сүйiндiк батырдың «елшiлiк мiндетi»:
«Сүйiндiктi елшiлiкке жiбере отырып, өзiнiң мөрi басылған дәргейдi маған жолдапты, оны аударып сiздерге жiберiп отырмын. Сонымен бiрге Әбiлқайыр ханның мөрi басылған екi бет қағазды бердi. Ол мұны: Әбiлқайыр хан тек қана бодандықты ғана алып қоймайды, сонымен қатар мәртебелi падиша ағзамға қызмет еткiсi келгендiгiн және сенiмдiлiгiн бiлдiру үшiн жiберiптi, оған Тевкелев мырза не жазса да Әбiлқайыр хан қарсы болмайды, – деп түсiндiрдi Сүйiндiк елшi. Егер Әбiлқайыр ханның хатта айтылған сөзi мен ауызша жолдаған сәлемi шындық болса, онда Бұхар ханы мен Хиуа ханы да мәртебелi ағзамның дәргейiне көшуге әзiр екен», – дегендi жеткiзу екен.
Мiне, Әбiлқайырдың қазақ ұлтын сатуы дәл осы ештеңе жазылмаған, тек мөрiн ғана қойып берген ақ қағаздан басталды. Тiптi ол өзiнiң басыбайлы болғанына именбейдi де қымсынбайды. Ал ақ қағазға Ресей империясы не жазуды және қалай жазуды бiлетiн. Бұдан асқан сараместiк пен сатқындық болмайды. Бiз осы уақытқа дейiн бұл хатты Әбiлқайырдың өзi жазған деп түсiнiк берiп келемiз. Ал Тевкелевтiң шындықты бұрмалайтындай ешқандай жөнi жоқ. Ол өзiнiң миссиясының орындалатынына онсыз да сенiп отыр. Тек жоғары жақтан әлгi ақ қағазды қалай толтыру керектiгiн сұрайды. Бостандық үшiн мұқым қазақ әскерi майданда қан төгiп, «елiм-айлап» ел боздап жатқанда Әбiлқайырдың әрекетi мынау. П.Я.Чаадаевтiң:
«Ақылы екiжүздiлiкпен уланғаны сондай, тiптi олар айтқан ақиқат шындықтың өзi өтiрiк боп көрiнетiн» – адамның бiрi осы Әбiлқайыр хан демеске бұдан кейiн лажың жоқ.
Бiр жапырақ қағазға мөрiн басып, елiн құл еттi. Ендi осы хатты да мемлекет пен мемлекеттiң арасындағы келiсiм шарт деп қабылдаймыз ба? Масқара. Қазақтың елi мен жерiн Ресей империясы заңсыз отарлағаны туралы пiкiрдi ашық және еш күмәнсiз айтуға осы деректiң өзi де жеткiлiктi. Бiз империялық пиғылдағы тарихшылардың қалыптастырған көзқарасының негiзiне жүгiнiп әлi де «қайыс ноқтадан» басымызды шығарғымыз келмейдi. Сонда елдiк қасиет, ұлттық намыс, еркiн рух қайда?!
Ресей мен қазақ елiнiң арасындағы бодандық мәселесiн қайта қарап: Ресейдiң қазақ жұртын отарлауы заңсыз, қазақ елi өз еркiмен Ресейге қосылған жоқ, – деп тұжырым жасайтын кез келдi. Бұл тек қана тарихи шындық үшiн ғана емес, ұлттың өзiн-өзi еркiн ұлт ретiнде сезiнуi үшiн де аса қажет! Бұл – ұлттық тұтастық идеясының алтын қазығы. Ұлттық бiрлiктiң, таным бiрлiгiнiң, ұлттық азаматтық мойынсынбаудың, рухани тәуелсiздiктiң қасиеттi өлшемi осы.
Үшiншi тарихи уәж: ендi Әбiлқайырдың жеке басының қайшылығы мен орыс елшiлiгiн қалай қабылдығанына тоқтайық. Ол – кiшi жүздiң хандық тағына отырғаны заңды ма? Сұлтан ретiнде заңды, ал хандықтың мұрагерлiк рәсiмi брйынша заңсыз. Кiшi жүздi бұрын Жәдiк сұлтанның тұқымы билеп келдi. «Алқакөл сұламаның» тұсында хандық Өсек төренiң ұрпағына көштi. Бұған Әбiлқайырдың әскери қолбасылыққа бейiмдiлiгi ықпал еттi. Сол қысталаң заманның өзiнде кiшi жүздiң тағына талас толастамады. Мұны ақыры Арынғазы сұлтанды Калугаға жер аудартумен аяқталды. Тақ тартысы – бiр кезде Аңырақай соғысында қазақтың туын желбiреткен бас қолбасшы Әбiлқайырды бүгежектетiп келiп өзiнiң қарауындағы халқынан жасырынып, түн жамылып, үй арасындағы ұры сияқты бұғып жүрiп орыс бодандығын қабылдауға мәжбүр еттi. Хан басын шоқынған қара шекпенге идi. Мұны Мәмет Тевкелевтiң өзi:
«... Мен пақыр қазан айының 6 күнi шаңқай түсте, сағат тiлi екiге қарай кеткенде Маңтөбе қойнауындағы Әбiлқайыр ханның ордасына келiп жеттiм, ал менiң өзiмдi Әбiлқайыр ханның киiз үйiнен 2 шақырымдай жерден күтiп алысты. Сол күнi түнде Әбiлқайыр хан астыртын кiсi жiберiп: не өзi жасырын келiп кетсiн, болмаса ретiн тауып өзiм жолығармын – деп сәлем айтыпты, өйткенi Әбiлқайыр ханды менiмен кезiктiрмеу үшiн қазақ билерi мен игi жақсылары жансыздарын күзетке қойыпты, оның үйiнiң де, менiң үйiмнiң де маңындағы қаптап жүрген адамдар менi – ханға, ханды – маған жiбермедi, сiздерге хат-хабар апарған почтаның жолбасшысы ретiнде барған башқұрт Қыдырияс Моллақаев хан мен екеумiздiң арамызда арлы-берлi астыртын жүрiп тұрды.
Таң атқанша менiмен қалайда кезiгу үшiн хан барын салды, бiрақ ханның менiң үйiме келерлiк ешқандай мүмкiндiгi болмады, сондықтан да әлгi башқұрт Қыдыриястың көмегiмен өзге бiреу болып, үстiне жаман-жәутiк киiм киiп келсiн деп тапсырыпты, ал егер бүгiн түнде кездесе алмасақ, сөйтiп сөз байласып алмасақ, онда бiздiң екеумiзге де талай қиындықтар кезiгедi-мiс. Сондықтан бiр құдайға сиынып, ұлы мәртебелi император падишамыздың сәттiлiгiнен үмiттенiп, мен оған, яки ханға, жасырынып баруға бел байладым, бiр қазақтың жаман киiмiн киiп, башқұрт Қыдыриясқа iлесiп түн жамылып, айдалада ханмен кезiктiм», – деп баяндайды.
Осыны да ұлттың тағдырын шешкен хан мен елшiнiң арасындағы пәтуәластық деп бағалауға бола ма? Ханда да, елшiде де қандай қадыр қалды? Барымташылардың түнгi жорыққа шыққандағы жолығысулары бұдан көрi мырзалау және еркiн емес пе. Тақыс Тевкелев Әбiлқайырдың «қатын патшаны» алдап соққанын бiрден бiлiп тiкелей сұрақ қояды. Ары-берi жалтарған Әбiлқайырға шындығын айтқызып тынады:
«Мұның бәрiн басқалардың келiсiмiнсiз жалғыз өзiм iстедiм», – деген сөздi одан, яки Әбiлқайыр ханнан естiген соң, мен Әбiлқайыр ханға: «Неге сенiң елшiлерiң Мәскеуге барғанда: «Әбiлқайыр хан барлық хандардың hам күллi қазақ әскерiнiң ықтияры бойынша бүкiл Ресейдiң ұлы мәртебелi падишасының боданында боламын», – деген сөзiңдi жеткiздi, мұның барлығының жалған екендiгi бүгiн белгiлi болды, демек мұның бәрін сен жалғыз өзiң iстегенсiң ғой», – дедiм. Бұған ол, яки Әбiлқайыр хан өзiнiң елшiлерiнiң барлық хандар мен билердiң келiсiмi бойынша бодан боламыз деген сөздi ауызекi жеткiзуiнiң себебi – егер оның елшiлерi Мәскеуде тек Әбiлқайырдың атынан сөз қозғаса, онда, ұлы падиша ағзам сенi мұнда жiберуге рұқсат етпес едi ғой, ендi құдайға шүкiр, сен мұнда келдiң», – деп жауап бердi».
Түн iшiнде айдалада өткен «барымташы мәмiлегерлiк» осылай аяқталды.
Елшiнi өзiнiң ордасында қабылдай алмаған хан да, сұғанақ елшi де оған намыстанбады. Ығайға сығай боп табысты. Осы құжаттағы бiз үшiн ең маңызды мәлiмет: 1731 жылы ақпан айының 19 күнi Анна Иоановна падиша қол қойған Әбiлқайырдың хатының ешқандай мемлекеттiк мәмілеге жатпайтындығы және заңсыздығы туралы пiкiрдi өзге емес елшiнiң өзiнiң де мойндауы. Iстiң насырға шапқанын, өзiнiң де, ханның да басына қауiп төнгенiн бiлген Тевкелев пен Әбiлқайыр арбауға көштi. Екеуi билер мен бектердi, батырларды сый-сияпатпен алдарқатуға тырысты. Барған сайын жұрттың оларға қысымы да күшей түстi.
«...Таң ата хан өзiнiң сенiмдi бiр адамын жiберiп: менен мәуiтi, шұға, құндыз, кәмшатпен қоса билерге тарту-таралғы ретiнде сыйлайтын өзге де дүниелердi өзiне жылдам жiберудi өтiнiптi. Мен оған: қашан бодандықты қабылдағаны туралы ант бермейiнше ұлы мәртебелi падиша ағзамның тарту-таралғыға деп жолдаған дүние-мүкәммәлiн бере алмаймын,– деп жауап бердiм. Хан екiншi рет кiсi салды: билердiң ауызын алу үшiн тауарларды маған тезiрек жеткiзсiн, ал егер сұрағанымды жiбермесе – өзiңе де, маған да үлкен қауiп төнiп тұр – дептi. Сондықтан да ұлы падиша ағзамның грамотасы мен аздаған мүкәммалдарды ханға алып баруға уәде бердiм, ұлы мәртебелi hам шапағатты падиша ағзамның айрықша ықыласы ретiнде тапсыр деген тонды, бөрiктi және қылышты, ол, яки хан ант берiп, дәргейге қол қойғанша сыйлағым келмедi. Сөйтiп... Қазақ билерi ұлы мәртебелi падиша ағзамның грамотасы мен тарту-таралғысын әкелсiн деп рұқсат берiп, шабарман жiберiптi. Мен келгенде барлық билер бас қосып, әңгiме-дүкен құрып отыр екен, ұлы мәртебелi падиша ағзамның грамотасын хан орынынан тұрып қабылдады, маңдайына тигiзiп тәу етiп, жанына қойды. Тарту-таралғыны: мәуiтi шұғаны, құндызды, кәмшатты, былғарыны, түлкiнi, шәйдi қабылдап, алуға пәрмен етiп, хан өзiнiң сол тiзесiнен орын берiп, отырғызды. Содан ширек сағаттан кейiн маған хан ордасынан шығуды талап еттi, мен өзiме тiгiлген киiз үйге қарай бет алғаным сол едi, ұлы мәртебелi падиша ағзамның Әбiлқайыр ханға жiберген сыйы талапайға түстi, уласып-шуласып, жұлқысып, ұрсысып жүрiп хан ордасына әкелген тарту-таралғыны сабақты инесiне дейiн қалдырмай далаға алып шықты да әлгi заттарды бiр-бiрiне қамшы сiлтеп, қылыш қағыстырып, қырық пышақ боп қырлыса жүрiп бөлiске салды. Содан кейiн менi өлтiрудiң жайын ақылдасыпты: мұны естiген бiр башқұрт жүгiрiп келiп, қазақ ордасындағылар сенi өлтiрiп, тонап алуды ақылдасып жатыр деп хабарлады», – деп жазды Тевкелев.
Ханының қадiрi кеткен қарашаның елшi қабылдау рәсiмi осылай өттi. Бұл – билердiң дәстүрдi бiлмеуi емес, Әбiлқайырдың – жасырын халқын сатқандығына көрсеткен қарсылығы, намысты қысасы, елшiге жасаған айбаты. Олар үшiн Тевкелев жырық етек тiлмаш қана. Елшiнi құрметтеп қарсы алуға дәрменi мен пәрменi жетпеген хан ұлттың кепiлдiгiне жүре алмайды. Егерде өзiнiң осы дәрменсiздiгiне қорланып, хандық намысы ұстап грек Фемистокль сияқты шешiмге келгенде, мүмкiн, Әбiлқайырды тарих ақтап алар ма едi, кiм бiлсiн. Бiрақ та ол тағы да бишара күйге түсiп, Тевкелевке шабарманын жiберiп:
«Бөкенбай батырды iздеп тапсын, одан басқа құтылатын жол жоқ, дәл қазiр мына жұртқа өзiм де күдiктене қарай бастадым, – деп сәлем айтыпты. Содан кейiн әлгi башқұрттардан: Бөкенбай батырды қалай жымын бiлдiртпей алып келесiңдер – деп сұрадым, башқұрттардың арасындағы Шамов қана онымен бұрыннан дос-жаран екен, ақыры сол жiгiт оны күйеу баласымен және ағасымен бiрге қырда жүрген жерiнен тауып, оларды дегенiне көндiрiп, кешке қарай маған алып келдi. Бөкенбай батыр, оның күйеу баласына hам немере ағасына жағдайды баяндадым... Мен бұл жаққа бүкiл Ресейдiң ұлы мәртебелi hәм шарапатты падишасының пәрменiмен және Әбiлқайыр ханның шақыртуымен келiп отырмын... Мен сiздердi бодан етуге келген жоқпын, ал егер сiздер менi өлтiрсеңiздер... Ресейдiң шапағатты падиша ағзамы менiң қанымды текке төккiзiп қойып, қарап отырмайды. Ақырында күнәсiз төгiлген қан үшiн бүкiл ордаңыз күйреп, талан-таражға ұшырайды. Ұлы мәртебелi падиша ағзамның ұлы императорлық құзырында болып, бодандығын қабылдағыларыңыз келмесе, менi қайтадан Ресейге өз ерiктерiңмен қайтарып жiбергендерiң жөн»,– деп қазақ елiн бас идiруге келген шоқынды жалбарынғандай күйге түседi.
Сiрә, мұндай мәмiлегерлiк ешқандай мемлекеттiң тәжiрбиесiнде кездеспеген шығар. Антқа қол қоймай қайтарып жiберсе – қазақ ұлты басын ноқтаға сұқпас едi. Әттең, «батыр – аңғал» деген. Оның үстiне қу дүние де қылқұрт емес пе. Әккi Мәмет аярлықпен бiрде қату, бiрде тату сөйлеп, бопсалап отырып Бөкенбай батырды оңқасынан түсiрдi. Бұған масаттанған елшi – тiлмаш:
«Сөйтiп, Бөкенбай батыр күйеу баласымен және немере ағасымен бiрге менiң сөзiме иланды, оларды яғный, қазақтарды бүкiл Ресейлiк бодандыққа ант бергiзуге hам салық төлеуге, hам аманат бергiзуге көндiрдiм, соған орай мен де оларға 500 сомның тауарын беруге уағда бердiм, олар содан кейiн аттанып кеттi», – деп желпiне жазды.
Жаугершiлiк заманның өз заңы бар. Бұл кезде батырдың мысы биден жоғары тұрады. Қан майданда қазақтың азаттығы үшiн жанын салған аңғал батыр, ендi саясат майданында жеңiлiс тауып, өзi күресiп, ақ найзаның ұшымен, қылыштың жүзiмен қорғап жүрген ұлтының бостандығын 500 сомға қалай айырбастағанын бiлмей де қалды. Тевкелевтiң мұнда не үшiн келгенiн сұраған, iстiң мәнiсiн бiлген соң:
«Бiз Әбiлқайыр ханға бүкiл Ресейлiк бодандықты қабылдаймыз деп арнайы хат жаздырған жоқпыз, елшiлерiмiзге ақ патшаның өкiлiн шақыр, бұдан былай алым-салық төлеп тұрамыз, аманат беремiз, – дегендi де айтқан жоқпыз... Бiз, қазақ билерi, ханымызға: егерде елшi жiберсең Ресеймен бейбiтшiлiкте болайық деген уәж айтсын дегемiз. Ал бодандықты қабылдаймыз деп ақыл қосқамыз жоқ, тiптi, қазiр де боздандықты қабылдайық деген ниетiмiз жоқ. Мiне, сондықтан да сенi өлтiре салса да болар едi», – деп жауап берген аты-жөнi аталмаған бидiң сөзi нақты саяси шындықтың бетiн ашады.
Бұл – мұқым ұлтының мүддесiн бiлдiретiн сөз едi. Ұлттық рух, мемлекеттiк ұлттық саясат, азаматтық мойнсынбау, рух бостандығы деген осы. Аты белгiсiз би мемлекеттiк және ұлттық тұрғыдан ойлап, елшiмен – елшi дәрежесiнде, мемлекет қайраткерi ретiнде тең сөйлесiп отыр. Оның сөзi – ұлттың сөзi. Өкiнiштiсi, «бұлғын iшiк» пен 500 сом тәуелсiздiктiң тағдырын шештi. Әуелде:
«Қазақ биiнiң осындай ғайбат сөзiнен соң мен пақырыңыздың зәресi зәр түбiне жеттi»,– деп мүләйiмсiген Тевкелев берген сый-сияпатының арқасында:
«Күллi әлемде Ресей империясынан асқан, даңқы жер жарған бiрде-бiр мемлекет жоқ, ал мұндай даңқты монархтың сендермен, яғный, топас хайуандармен (иә, дегенiне жетiп, көз көрмеске кеткен соң бұлай жазуына кiм бөгет жасасын. Әйтпесе дәл осылай айтпағаны айдан анық – Т. Ж.) бейбiтшiлiкте болуының қажетi жоқ. ... Егер сiздер бүкiл ресейлiк империяның боданы болғыларыңыз келмесе hам мен сiздермен бейбiт келiсiмге келе алмасам, сөйтiп Ресей империясының даңқын арттырмасам, онда сiздер олардан әмәнда жеңiлiс тауып, талан-таражға түсесiздер. Әлде сiздер бүкiл ресейлiк бодандықтан жиркенесiздер ме, онда сiздердiң нағыз түз тағысы болғандарыңыз», – деп желпiнiп шыға келдi.
Сый-сияпат өз құнын өтедi. Оның бағасы қазақ елiнiң бас бостандығымен, үш жүз жылдық отар ел болуымен өлшенедi. Билер келесiнде:
«Бөкенбай батыр сөйлеп, Әбiлқайыр ханға: сенiң қалауың бойынша бүкiл Ресейлiк бодандықты қабылдағымыз келедi және оны ант арқылы бекiтемiн», – дедi. Сөйтiп, Бөкенбай батыр және сонда отырған өзге де билер Әбiлқайырға ант бердi. Бiрақта билердiң басым көпшiлiгi бұған қарсы шығып, ант беруден бас тартты».
Мiне , нағыз тарихи шындық осы. Ханның қандай үкiмi болса да билер келесiнде бекiмеген соң, ол заңсыз болып есептеледi. Демек, Әбiлқайырдың Ресейге берген анты – мемлекетаралық пәрмендi күшi бар құжат емес. Кейiннен Әбiлқайыр мен Бөкенбай, Тевкелев үшеуi 30 биге жеке-жеке сый – сияпат үлестiрiп жүрiп, бiразының бармағын бастырды. Әрине, ол жасанды құжаттың санатына жататыны анық. Әбiлқайырдың Ресейдiң бодандығын қабылдауға соншама құштар болғанына қазақ даласын тепкiге түсiрген Тевкелев өзi де таңданады. Ол:
«Бұған дейiн Әбiлқайыр хан басқа хандар арасында үлкен құрметке ие болып келген екен, ендi бүкiл Ресейлiк бодандықты жалғыз өзi сұрағаны үшiн оған Әбiлқайыр ханға басқаларының қабағы қату. Көптеген әңгiмелесулерден кейiн мен Әбiлқайыр ханның шынайы пиғылын анық аңғардым, оның өзi де өзгелердiң келiсiмiнсiз бүкiл Ресейлiк бодандықты қабылдағысы келгендiгiнiң сырын ашып бердi. Бiрiншiден, мұның хандығының билiгi әлсiз екен. Екiншiден, бұған хандық атадан мұра ретiнде қалмаған. Ал ол, Әбiлқайыр хан ұлы мәртебелi падишаның қамқорлығының арқасында билiгi өктем хан болсам және хандық атадан балаға мирас болып қалса, сондай-ақ қалмақтарға не iстегiсi келсе де өз еркi өзiнде болған Аюке хан сияқты еркiн болсам деп үмiттенедi екен».
Өзiнiң бас мүддесiн ұлтының мүддесiнен жоғары қойған, ұлтының намысын жығып, азат елдi басыбайлылыққа түсiрiп, қорлаған мұндай адамға қаншалықты дәрежеде қаракөктiң тұқымы болса да мемлекеттi басқаруды сенiп тапсыруға бола ма? Жоқ. Оны ақтауға бола ма? Жоқ. Ол адамның намысы – рудың, жүздiң, елдiң намысы, оның пәтуәсi – ұлттың пәтуәсi деуге бола ма? Жоқ. Өзiн-өзi сыйлай бiлетiн, жатқа сыйлата бiлетiн, ұлттық тұтастыққа жеткен ұлт:
«Өзiнiң тағдырын қандай да бiр жолмен болмасын тәңiрдiң ықыласына ие болған, оған халықты бастай алатындай парасат пен күш берген, табиғи түрде көсемдiк кемелiне келген адамға ғана сенiп тапсырады» (Чаадаев).
Онсыз ұлттың орға жығылуы мүмкiн. Әбiлқайыр тура сондай, ұлтты омақа астырған хан болды. Ол бодандықтың қамытын қазаққа кигiзгенi аздай, «қатын патшадан»: Ор мен Жайық өзенiнiң қосылған тұсына бекет салып бер – деп өтiндi. Сөйтiп, қазақ даласын қоршаған қамалдың алғашқы қазығын қағып, отарлаудың жаңа бiр сатыға көтерiлуiне «септiгiн» тигiздi.
Жоңғар шапқыншылығы тұсында Ресейдiң одақтастық туралы уағдасына сенген ұлы жүз бен орта жүздiң хандары әуелiде Әбiлқайырдың ығымен келiсiм шарт жасауға ырық бiлдiрдi. Алайда, iле ұлы жүздiң ханы өзiнiң алдыңғы берген антынан қайтып, оны заңсыз деп жариялады. Әбiлмәмет хан 1739 жылы Орынборда протекторат туралы шартқа мөрiн басты. Ресейдiң түпкi пиғылын бiрден аңғарған Абылай сақтана қимылдады. Оның үстiне Ноғайлының ханы орыстың тұқымы, шоқынған князь В.А.Урусов Әбiлмәмет пен Абылайға «Ерекше сыбаға» дайындап қойған едi. Бодандыққа қорқытып қол қойдыру үшiн 1740 жылы 25 тамыз күнi Жайықтың қазақ даласына ұласатын жағалауындағы «Өлiм тауы» дейтiн төбенiң үстiнде патшаға қарсы шыққан башқұрттардың 11 адамын қазыққа отырғызған, 85 адамды дарға асқан, 21 адамның басын кескен. Сақмар өзеннiң бойында тағы 21 адамның басын қағып алып, 50 адамды дарға асып, 301 адамның мұрының, құлағын кескен. Мұндай хайуандықтан шошынған Абылай қайтып Ресейге жоламаған (Ғ. Ахмедов). Ол өзi хан боп сайланғанда да «орыстарға ант беруден үзiлдi-кесiлдi бас тартқан» (1778 жыл).
Осының барлығын бiле тұрып, Ресейге өз еркiмiзбен қосылмағанымызды санамызға «балғамен ұрып отырып шегелеуiмiз керек пе?» (Чаадаев). Тәуелсiз мемлекетiмiздiң мәртебесiн көтерiп, ұлттың рухын оятып, рухани тәуелдiлiктен арылтуымыз үшiн және ұлттық тәуелсiз тарихи көзқарасты қалыптастыруымыз үшiн жоғарыдағы құжаттарға сүйене отырып:
1.Әбiлқайыр мен Тевкелев арасындағы қазақ елiнiң ресейге бодан болуы туралы жасалған рәсiмi жалған.
2. Онда тек қана сауда саттық пен бейбiт қатар өмiр сүру жөнiндегi одақтастық сыпаттағы келiсiмге қол қойылған.
3. Ресей бұл келiсiмдi заңсыз бұзып, тiкелей отарлау саясатын жүргiздi, одақтасқа емес отарына айналдырды.
4. Ресейге қазақ елi еркiмен қосылған жоқ. Саяси және мемлекеттiк билiгi зорлықпен тартып алынды.
5. Жерi де заңсыз телiмге түстi. Бекеттер салуы, елдi мекендердiң атын өзгертуi, қара шекпендер мен казактарды қоныстандыруы одақтастық туралы шартты бұзғандық.
6. Сондықтан да, қазақтардың Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысы үш жүз алпыс жылға (1731-1991 жылдар арасы) созылды.
7. «Алашорда» мемлекетiнiң құрылған күнi – қазақтың тәуелсiз мемлекетiнiң екiншi рет орнауы. Оны кеңес империясы, «коммунист-колонизаторлар» (С. Сәдуақасов) құлатты.
8. Патшаның тұсында да, кеңестiң кезінде де қуғынға ұшырап, қысым көрiп, жапа шеккен азаматтардың барлығы да ұлттық азаттық пен рухани бостандық жолында күрескен патриоттар едi,– деп ұлттық тұжырым жасауымыз керек.
Мiне, сонда ғана тарихи шындық қалпына келедi. Дұрыс ұлттық тарихи көзқарас қалыптасады. Ұлттың еркiн рухы түлейдi.
Сонда ғана бiз өз ұрпақтарымызды: «сен американың болашақ президентiсiң» – деп америкалықтар: «Жапония – сенiң арың, ал Жапонияның ары – император» – деген жапондықтар, «Сен түрiк болып туғаның үшiн бақыттысың» – дейтiн түрiктер сияқты ұлттық рухта тәрбиелей аламыз.
Сонда ғана ұлтымыздың рухы үшiн ұялмаймыз. Толық бостандық, толық тәуелсiздiк, рухани азаттық ұғымын сонда ғана толық сезiне аламыз.
Өзiн жат көзқарастың ықпалынан тыс, емiн-еркiн сезiнбеген, өз тарихына өзiнiң ұлттық көзқарасын қалыптастырмаған ұлт – кемелденген ұлттың қатарына қосылмайды. Ал қандай ұлттық қасиет тұрғысынан алып қарасаңыз да, қазақ ұлтының мұндай құрметке бөлiнуiне толық қақысы бар.
3.Тұлғаларды тұншықтыру
Жаhангерлiк отарлау саясатының ең қауiптi және қатыгез құралы – рухани тәуелдiлiкке негiзделген ортақ идеялық ойлау жүйесiне құрылған идеология. Идеология бар жерде рухани бостандық пен пiкiр еркiндiгiне, идеологиядан тыс дербес өмiр сүруге жол жоқ. Мұндай қоғамда екi-ақ өлшем бар: не жан-тәнiңмен сол идеологияға сенетiн, ешқандай ақыл-ойдың көмегiнсiз жарлықтар мен қаулыларды, заң күшi бар пәрмендердi бұлжытпай орындайтын бағыныштылардың бiрi боласың, не сол идеологиямен қаруланған мемлекеттiң, ұлттың, қоғамның жауы атанасың.
Екiнiң бiрi. Сенiң пiкiрiң – пiкiр емес, мыңның пiкiрi – пiкiр. Даналардың өзi де сол идеологияның ықпалында өмiр сүруге мәжбүр.
Ұлттық қасиет, таным, дәстүр, тарихи заңдылық дегеннiң барлығы әлгi идеология қалыптастырылған үстемдiк пен өктемдiктiң заңдылығына тiкелей бағынышты. Идеологияға негiзделген қоғам көпшiлiктiң тобырға айналуының белгiсi.
Онда жеке тұлға – ең жеккөрiнiштi адам болып есептеледi.
Ал биiктiлiктiң идеологиясы – ең қатыгез идеология. Онда аяушылық жоқ.
Мемлекеттiк негiзi мен саясаты жаhангерлiк пен отарлауға құрылған Ресей империясы мұндай идеологиядан Петр І тұсынан берi бас тартып көрген емес. Патшаның кезiнде де, кеңес өкiметiнiң дәуiрiнде де билiктiң тұтқасы – бiр адамның қолында болды. Бұл ретте демократиялық централизм мен пролетариат диктатурасының самодержавиеден ешқандай айырмашылығы болмады, тек қана идеологиялық астардың орынын партия мен кеңес шенеунiктерi алмастырды.
Ал тұлғалар екi қоғамда да аяусыздықпен жанышталып отырды.
Мемлекеттiң иесi – халық емес, халықты билеп отырған өкiмет өкiлдерi болды. Егерде «күштi билiктiң» тiзгiнiн дәл осылай ұстамаса – Ресей империясы мүндай құдіретті күшке ие болмасы анық. «Единица кеткен соң, өңшең нольдi» басқару кез-келген көсемге өте оңай тидi әрi ақыл таластырып, ой қорытатын «iргелi кемел қалмады» (Абай).
Тұлғаны тұншықтыру – империялық саясаттың тұтқасына айналды.
Ресей империясы отар елдерге пушка мен қоса Пушкиндердi емес, поптарды ертiп жiбердi.
Оларға жердi иемдену, ұлтты басыбайлы ету жеткiлiксiз көрiнiп, рухани жаулауға құнықты. Тiптi, Кенесары сияқты қайсар, азат, тәуелсiз мемлекет болуды аңсаған ел иесiне патшаның атынан хат жолдап, «Алла тағала билеушiңе қарсы келме деген. Шын мұсылман болсаң – патшаға бағын» - деген мазмұнда хат жазып, азғыруға тырысуы бұл пиғылдың аса зәру мүдде екендiгiн танытады.
Идеологиялық қысымға түскен қоғам – құруға бет алған қоғам. Рухани бостандықсыз ұлт мүсәпiрлiкке ұшырайды. Халықты мүсәпiрлiктен құтқаратын – тәуекелсiз ақыл-ойға ие, дербес әрекет жасауға қабiлетi бар қайратты тұлға.
Достарыңызбен бөлісу: |