«Адамзаттың мұқым тарихын санаңмен саралағанда ғана дәл қазiргi дәуiрде өтiп жатқан оқиғаларға кең ауқымда баға бере аласың».
Онсыз ұлттың iлгерi дамуының жолы кесiледi. Қазақ ұлты үшiн сондай түйнектi оқиғаның бiрi – қазақ елiнiң Ресейге бодан болуы. Бұл өзi қазақ зиялыларының пiкiрiн бiрiктiрмеген өте талмалы тамыр. Уыты тамырына шомырлана бiткен бұл оқиғаны таным талқысына салып, ортақ ұлттық пiкiр қалыптастырмай, бүгiнгi, демек, ертеңгi тарихымызды толық тануымыз мүмкiн емес.
Себебi, қазақ елiнiң үш ғасырлық тағдыры бодандық туралы көзқарасқа тiкелей қатысты. Және осы үш ғасырдың iшiндегi барлық тарихи оқиғалар мен ұлттық рухани жаңғыруларға берiлген баға – қазақ ұлтының келешек келбетiн анықтайды. Ендеше қалыс қалудың еш ретi жоқ.
Ұлттың iшкi жасырын рухы арқылы санамызға ұялаған тоқтамға жүгiнсек, онда қазақ елi Ресейге өз еркiмен қосылмаған. Ресей күшпен отарлаушы жаhангер де, қазақ елi оның боданы. Ұлттың алдындағы үш ғасырдан бергi басты арманы – мемлекеттiк тәуелсiздiк идеясы болды.
Iшiмiзден дәл осылай ойлағанымызбен де идеямыз сыртқа шықпады. Тәуелсiздiк тұсында ашық талқыға түскенімен, тарихи тұжырым сол қалпында қалды. Мұның басты кiлтипаны – тарихшыларымыздың танымы мен жүйке тамырымыздағы трайболизмдiк түйсiктiң кесiрiнде жатыр. Жетi ғұламаның бiрi Солон грек жұртындағы рулық және рушылдық сананы жойып, мемлекеттiк намысты ұлттың нысаналы мүддесi ретiнде қоя бiлгендiктен де, гректердiң тұтастығының қасиеттi тұлғасына айналды. Бiздiң жыл қайыруымыздан бұрынғы 594 жылы жүзеге асырылған мұндай шара көшпелi қауым үшiн жат пиғыл саналды.
Тiптi рулық түйсiк – ұлттық бiрлiктiң нышаны ретiнде тiршiлiктiң тұтқасына айналды.
Кезiнде Абылай хан жаугершiлiкпен қоса рушылдықпен де күресiп, қазақты тұтас ұлт ретiнде ұйытып кетуге тырысты. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заман да қазақ елiн ақылға келтiрмедi. Жоңғарды жеңген Абылай рушылдықты жеңе алмай:
«Бiрiншi арманым – үш жүздiң басын қоса алмадым. Екiншi арманым – елiме мал емшегiн емес, жер емшегiн емiзе алмадым. Сондықтан да, үшiншi арманым – бiрлiк болмаған соң, елiмнiң ертеңгi еркiндiгiне толық көзiм жетпейдi. Сол өкiнiш», – деп кеттi.
Сол үш кесiр ақыры қазақты бас еркi жоқ бодан ел еттi. Кенесарының тұсында да ұлттық тұтастық таппады. Ең өкiнiштiсi, үш жүзге бөлiнген рушылдықтың тура жаугершiлiк кезiнде өршiп, елдi «елiм-айлатып» тынғаны. Мұның сорақылығы сол, бүгiн әр рудан бiр-бiр батыр шығып, бiр батырдың ерлiгiн екiншiсiне телiп, өзгенi кемсiтiп, өзiмiздiң руымыздың өкiлiн аспандата марапаттап жүрмiз. Яғни, әруақтардың көрдегi орнын ауыстырып жатырмыз. Мiне, дәл осы рушылдық психологиясы ұлттық тұтастықтың iрiткiсiне айналып отырғандығына жаны күйген Мұхтар Әуезовтiң:
«Қазақтың коммунизмге iлесе баратын екi қасиеттi бар, ол – рушылдық пен қонағы», – деп дәл тауып және кекесiнмен айтуы шымбайымызға батса-ақ керек едi.
Бiрақ әлi де ақылға келетiн түрiмiз көрiнбейдi. Рулық жалған намыстың санамызға сiңiп қалғаны сондай, бұл өзi үлкен танымдық дертке айналды.
Иә, қазақ халқының тарихы да жаттың көзiмен, империялық пиғыл-мүддемен жазылды. Мұны қалпына келтiрмей, түзетпей ұлтымыздың кешегiсiн, бүгiнiн, ертеңiн таным талқысында таразылай алмаймыз. Алайда, менiң байқауымша одан да үлкен iшкi мерезiмiз бар, ол – рулық сана. Мұны сылып тастамасақ, исi ұлттық танымымыз айықпас дертке ұшырайды. Көлегейлейтiн түк те жоқ, отарлану тарихы туралы сөз бола қалса, ең алдымен ойымызға Петрдiң қазақ елiне қаратып айтқан «Азияның алтын қақпасының кiлтi» деген сөзiмен, Әбiлқайыр ханның Анна Иоановнаға – «Қатын патшаға» жазған хаты оралады. Мәселенiң барлық түйткiлi де осында. Тарихи көзқарастың айырылатын тұсы да Әбiлқайырдың осы «тарихи әрекетiне» байланысты.
Сонда Әбiлқайыр қандай тұлға өзi? Тарих үлгiсiне жүгiнсек, ол қазақ тарихындағы римдiк Кориолан ба, жоқ гректiк Фемистокль ме? Осынау ұлттық рухани егестiң себепшiсiне айналған тұлға – Әбiлқайыр хан туралы пiкiр бiрлiгi болмай, қазақ елiнiң және тарихи тұтастығының да бiр мәмілеге келмейтiнiне көзiм жеттi. Бұл тамырыңды шым-шымдап сыздатып, көкөзек тарамысқа айналған көкжөтел көзқарастар мынаған келiп саяды:
Бiрiншi көзқарас: Әбiлқайыр – ел ұйытқысы, оны өлтiрген Барақ сұлтан исi берекесiздiк пен баққұмарлықтың басы, арандатушы. Сол арқылы ұлт мүддесiн сатушы.
Екiншi көзқарас: Барақ сұлтан – ұлтының ұйытқысын бұзған, жауға жағасын ұстатқан Әбiлқайырдан ұлттық кектi қайырушы. Әбiлқайырдың өзi және оған ерген нөкерлері де сатқын.
Мiне қазақ ұлтының рухани және рушылдық егесінiң шындығы осындай. Менiң ойымша, шындық, осы екеуiнiң арасында.
1. Әбiлқайыр – Аңырақайда қол бастады. Әскери саясатты билер кеңесi мен хан кеңесi шештi. Үш жүздiң хандары мен билерi Әбiлқайырды әскербасы етiп бекiттi. Жеңiске жеттi.
Бұл арада Әбiлқайыр – қазақтың намысын жау қолынан алып берген қолбасы Әбiлқайыр.
Ұлы ханды билер кеңесi сайлайды. Ал кез-келген әскербасы ұлы ханның тағынан дәме етуi – заңсыз, тек iшкi дәме мен ой ретiнде ғана орынды пиғыл, соған өкпелеп Әбiлқайыр қазақты Ресейге бодан еттi. Үш жүздiң атынан кепiлдiк етiп, ант беруге оның қақысы жоқ едi. Бұл – ел иесi – билер кеңесiнiң мiндетiндегi мәселе. Егер бодандықты ерiксiз қабылдаған жағдайда онда тең дәрежедегi, патша мен ханның арасындағы ресми шарт жасалуы тиiстi едi.
Мiне, Әбiлқайырдың келiсiмiнiң заңсыздығы осында. Әбiлқайыр исi қазақ ұлтының ғана емес, өзi тiкелей тағдырына жауапты кiшi жүздiң кеңсесi бекiткеннен соң ғана күшiне енетiн мiндеттi олардан жасырын жүзеге асырды. Бұған оның айналасындағы нөкерлерiнен басқа бүкiл кiшi жүз қазақтары қарсы тұрды. Олар бодандық келiсiмiн мойындамады, Әбiлқайырдан iргесiн бөлiп алды. Демек, бұл әрекетi де заңсыз.
Сонда, осынау тарихи шындықты бұрмалап, ұлттық рухани егес дәрежесiне жеткiзуiмiз қай егес? Қай намысты жыртып жүрмiз? Неге рухани бiтiм жолы табылмайды? Iшiмiзге шемен боп қатқан жалған рушылдық намысты ұлттық мүддеге бiрiктiрмеген, соған бойсындырмаған, дiлi мен шеменiн ерiтпеген қандай рух?
Өкiнiштiсi сол: Әбiлқайыр – кiшi жүздiң, Барақ – орта жүздiң мүддесiн ұлттық тұлға ретiнде қорғаған жоқ, намысын жыртқан жоқ. Халқы қан жұтып, жоңғарға қарсы жан алып, жанын берiп жатқанда олар үшiн жеке бастың iшкi есебi бiрiншi орында тұрды. Ал осыны жүздiк намыс дәрежесiне дейiнгi биiкке сондай әккiлiкпен көтеру кiмге пайдалы? Бұл құрт кiмнiң көкейiн тестi екен? Қазақ ұлтының тұтастығын жою үшiн жасалған осынау қастандық көзқарасты ақ империя да, қызыл империя да өршiтiп отырды. Ақыры бақ пен даңқ үшiн жүретiн күрестiң күбiрткiсiне айналды.
Ұлттың ұйытқысын бұзатын, бұзып жүрген Iбiлiстiң iнi осында.
Себебi: тарихи жалған көркемдiк шындық iшкi ерегесiмiздi қоздырып, рушылдық түйсiгiмiздi оятып, қанымыз көтерiлiп шыға келедi. Рулық сезiмдi жеңе алмадық. Жеңсек – онда ұлттық бiр пiкiрге тоғысар едiк. Сонда: Әбiлқайыр қайсымыздың әкемiз, қайсымыздың ата-бабамыз, Барақ сұлтан кiмнiң туажаты? Жеке адамдардың арасындағы тақ таласын пiкiрге әкеп сайдық.
Қалай дегенмен де, Әбiлқайырдың Анна Иоановнаға жолдаған бодандық туралы хаты – мемлекет пен мемлекет арасындағы келiсiм емес. Әбiлқайыр сияқты тұлғалар тарихта кездескен. Бiрақ олардың сатқындығы ашылған соң алдыңғы келiсiмдердiң барлығы күшiн жойған. Ал бiз мұны бiлемiз, бiлiп тұрып соған мойынсынумен келемiз. Мысалы, грек Фемистоклдiң әрекетi Әбiлқайырды еске салады. Фемистокль парсыларға қарсы соғыста елiн қорғап, қол бастап жеңiске жетедi. Бiрақ қала билеушiсi етiп ел-жұрты басқа адамды сайлаған соң, соған өкпелеп Фемистокль парсыларға кетiп қалады. Парсылар қаланың билiгiн беремiз деп дәмелендіріп, оған қол бастатып, гректерге қарсы жорыққа аттандырады. Өзiнiң өкпесiнен елiнiң бостандығын жоғары қойған Фемистокль жолда у iшiп өледi. Сонда, Әбiлқайыр қазақтың Фемистоклi ме? Тағдырларын жеке басының мүдделерiне жеңдiруi ұқсайды, бiрақ ұлттық намысы жөнiнен алғанда олардан Әбiлқайыр әлде қайда төмен тұр. Фемистокльдi грек тарихындағы сатқын ретiнде бағалайды. Ал бiз қолпаштаудан құтыла алмай жүрмiз. Бiздiң ұлттық намысымыздың өлшемi осы ма? Адамзатқа ортақ құқықтық өлшем мен тарихи көзқарас бiзге жат па? Өзге түгiлi сол Әбiлқайырдың өзi басын иiп, тiзесiн бүккен империя отарлаушыларының өздерi:
«1720 жылдардың аяғында кiшi жүздiң ханы Әбiлқайыр мен орта жүздiң ханы Сәмеке арасында араздық басталды. 1730 жылы Әбiлқайыр әуелi Уфаға, ал сонан соң Петербургке орыс бодандығын қабылдау туралы өтiнiш жасап, арнайы елшiлiк аттандырды. Орыс үкiметi түпкiлiктi келiссөз жүргiзу үшiн көп кешiктiрмей қырғыз-қайсақ ордасына Тевкелев мырзаны жiбердi. Өз ханының орыс мемлекетiмен қарым-қатынасын бiлмеген халық, орыс шенеунiгiнiң ордаға келiп, орыс патшасына адал ант берудi талап еткенiн көрiп қайран қалды. Толқу басталып, ол тiптi Тевкелевтiң өмiрiне талай қатер де төндiрдi. Дегенмен де Тевкелев кiшi жүзден ғана емес, сонымен қатар Сырдың төменгi ағысын мекендеген қарақалпақтардан да орыс бодандығын мойындайтын ант алып үлгердi... Ол (Әбiлмәмбет – Т. Ж.) Орынбордан аттана салысымен Әбiлқайыр оны опасыздық жасады деп айыптай бастады, ал шынына келгенде нағыз опасыз соның өзi болған едi», – деп баға бердi. (Қараңыз: «Брокгауз – Ефрон энциклопедиясы», М. Құлмұхамед. «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежiресi», 169 – 170 бет).
Ендеше жалған намысты қоздыратын көлгiр шындықтан тарихи шындыққа сүйенiп, пiкiр қорытатын кез келдi. Қазақ елi – бодандықты өз еркiменен қабылдамаған, оған ұлттың сатқындары жол берген. Патшаның әккi шенеунiгi Тевкелев пен Әбiлқайырдың өзара пара алып, пара берген сыбайластығының нәтижесiнде қазақ елiнiң бостандығы құрбандыққа шалынды. Оған дәлел жеткiлiктi.
Әрине, бұл өте ауыр сөз. Бiрақ та айтылуға тиiстi пiкiр. Тарихшылардың бiр «әдетi» – оқиғаның iшкi мазмұнын ашып, тұжырымдап қорытуда түпнұсқаны қаперiне iле бермейдi. Осы бодандық мәселесi жөнiнде соңғы жылдары жарияланған жүзге жуық еңбектi оқып шыққанымда және олардың пiкiрлерi мен жүгiнген еңбектерiн саралағанымда таң қалғаным: пайдаланған және үзiндiге келтiрiлген түпнұсқадағы нұсқалар осыдан жарты ғасыр бұрынғы айналымға түскен деректер, соны кезек-кезек көшiрiп, өзiнше пiкiр түйген. Кейде – әлгi кiтаптың авторына, кейде тура түпнұсқаның өзiне сiлтеме жасайды. Сонда олар түпнұсқаны оқымағаны ғой.
«Көшпелi идея» деген ұғым – көшiрiп алып, көпiрте жазу деген сөз емес. Бiз қазақ мемлекеттiгiнiң күйреуiне себепкер болған Әбiлқайырдың келiсiмiнiң заңсыздығын дәлелдеу үшiн тарихи оқиғаның барысын барынша рет-ретiмен баяндаймыз. Сонымен, қазақ елi қалай бодан болды? Өз еркiмен бе, жоқ па?
Бiрiншi тарихи шындық: қазақ елi – мемлекеттiк құрылымы қалыптасқан қағанаттан бастап хандыққа дейiнгi билiк құрылымының тәжiрибесiнен өткен, ата-баба дәстүрiне, дiни, рухани дәстүрге сәйкес құқықтық қағидалары қалыптасқан, өзiн-өзi басқаруды меңгерген, қорғаныс қабiлетi бар тәуелсiз ұлт едi. Сондықтан ұлттық бостандықтың қадiрiн түсiнген. Арғы заманды айтпағанда, 1717-1731 жылдардың арасында жоңғар шапқыншылығына қарсы мемлекеттiгiн сақтап қалуы үшiн жанталаса майданға түсiп жатты. Демек, өзiнiң тұтастай ұлт, тұтас мемлекет екендiгiн Ұлттық Тұтастық Идеясы дәрежесiнде сезiне бiлген. Азаттық рухы өлмеген. Iшкi-сыртқы саясатты қалыптастырып, «темiр ноқта мен қайыс ноқтаның» төндiрген қатерiн терең ұғынған. Бiрақ, алыстағы айдаhардың лебiнен де, қолтықтаса ұя салған екi басты самұрықтың суылынан да сескенбеген, қайта халықты соған қарсы қайраған. Қайраттандырған. Айла-амал қарастырған. Демек, дербес мемлекет ретiнде харакет жасаған. Ресейге басы-бүтiн бодан болу елдiң ойында болмаған.
«Ақтабан шұбырындының» тұсында Ресей мен Қытай империясының қазақ даласына тiкелей қауiп төндiретiндей мұршасы жоқ едi. Қытайдың өзi мәнжулердiң қол астында қалды, Ұлы Петр батыстағы көршiлермен бәсекеге түсiп, өзiмен-өзi жанталасып жатқан, бiрақ екi империя да қазақ даласына көз қырын салып отырды. Ағылшындар да қалыспаады, оларда да отарлау жүйесi қалыптасып келе жатты. Мұндай пиғылды жүзеге асыру үшiн Петр барлау жасақтарын жiбердi. Оның көкейiн тескен күйдiргi Петрдiң сарайына әлдебiр қисынмен бара қалған түрiкменбашының: «Әмударияның жағасында алтын құм үйiлiп жатыр», – деген дақпырты. 1713 жылы айтылған бұл лақапқа сенген Петр iле 1714, 1716, 1718, 1719, 1920 жылдары барлау экспедициясын жiбердi. Ақыры 1721 жылы қазақ даласы мен Каспий теңiзiнiң айналасын картаға түсiрiп тынды да, 1722-1723 жылдары парсы жорығына аттанды. Мiне, сол кезде ғана Петрдiң қиялына қанат бiтiп, iшкi арманын жүзеге асыруға құлқы ауды. Тарихшылар бiр-бiрiнен сыпыра көшiрiп, тiптi қате аударылған тұстарын да өзгертпей пайдаланған Петрдiң әйгiлi:
«Қырғыз-қайсақ ордасы – Азияны мекендейтiн барлық елдер мен оның жерiне жол ашатын қақпа мен кiлiт», – деген сөзi де тура қазақтың «ақтабан шұбырындыға» ұшырап, «Алқакөлге сұлай» жығылған жылы айтылды.
Тарихтың талқысы мен тәлкегi қандай зауалды едi десеңшi! Ұлттың құрып-бiтуi тарихи шындыққа айнала жаздаған жылы екiншi бiр тауқыметтi үкiм айтылды. Ол – жоңғардың қылышы мен қыл құйрықты найзасы емес, отты зеңбiректiң үкiмi едi. Бұл сөздi Петрдiң өзi жарлық ретiнде қағазға жазбаған. Оны патшаның ауызына салып отырған – қазақ ұлтының сорына қарай шоқынған, қазақ ұлтын бас бостандығынан айырған Алексей Иванович Тевкелев – Құтлұғмұхамет (Мәмет) Тәуекелов деген жырық етек тiлмәш! Қазақ халқының басына «қайыс ноқтаның» қалай киiлгенiн бiлу үшiн Тевкелев мырзаның жазбасын толық келтiремiз. Өйткенi қазақтың бодан ел болуы тiмiскi Тевкелевтiң жымысқылығымен тiкелей байланысты. Ол өзiнiң Орынбор генерал-губернаторына жолдаған тыңшылық есебiнде:
«1722 жылы, қайрымды және асқан даңқты, есiңнен есiмi ұмытылмайтын Ұлы Петр императордың тұсында император ағзамның пәрменiмен пақырыңыз мына мен парсы жорығына құпия iстер жөнiндегi аға тәржiмәшi болып аттандым. Парсы жорығынан оралғаннан кейiн аса мәртебелi императорлықтың патшасы Ұлы Петр император ағзами өзiнiң: «Отаны Ресей империясының мүддесi үшiн қадым заманнан берi атағы мәлiм, бiрақ дәл сол кезде мүлдем белгiсiз болып қалған қазақ ордасын Ресейдiң бодандығына айналдыру туралы аса ықыласты пиғылының бар екендiгiн» мәлiм еттi. Мәртебелi монарх ағзамның бұл iске мен сияқты пақырыңызды пайдалану туралы құлқы болды, оны: «Егерде ол орданың бодандыққа көнбейтiнi анық бiлiнсе, қандай да болсын шығыннан аянба, тiптi, миллиондап шашсаң да еркiң, бiрақ қалай болған күнде де Ресей империясының протекциясына (протекторатына) өтетiнi жөнiнде келiскенi туралы мiндеттенген бiр бет қағазға қол қойдырып қайтуға тырыс», – деп түсiндiрдi. Өйткенi, мәртебелi императорлықтың әмiршiсi Ұлы Петр император: 1722 жылғы Парсы жорығы кезiнде және Астрахан арқылы келiп түскен көптеген мәләметтердiң мазмұнынан бұл орда туралы толық мағлұмат алғанын, қазақтар қыр (степной) жайлаған, жеңiлтек (легкомысленный) халық болса да, бұл орда Азияны мекендейтiн барлық елдер мен оның жерiне жол ашатын кiлт пен қақпа – екенiне көзi жеткенiн мағұмдады», – деп жазды.
Ұзын-ырғасы бiр-ақ сөйлемге құрылған, оқуға және түсiнуге ыңғайлы болу үшiн бiз жiкке бөлiп, арасына нүкте қойып аударған әйгiлi «сөздiң» мазмұны осындай.
Демек, Петр ағзам қазақ елiн бодан етуден дәмеленсе де оның жүзеге асатынына өзi де сенбеген. Жаулап алуға мұршасы жоқ. Бiрақ, қалайда протектораттық келiсiмдi қалайды. Ал протекторат дегенiмiз – бодандық емес.
«Протекторат немесе қамқорлық қатынастар – бастапқыда күштi және әлсiз мемлекеттердiң арасында ерекше құқықтар мен өзара мiндеттемелер белгiлейтiн шартқа негiзделген қатынастар. Оның мәнiсi – алғашқысы кейiнгiсiн қорғаса, ал кейiнгiсi алғашқысына тәуесiздiгiн сақтай отыра белгiлi қызмет көрсетедi. («Брокгауз – Ефрон энциклопедиясы», М. Құлмұхамед, аталған кiтап, 122-бет).
Брокгауз-Ефронның энциклопедиясындағы бұл анықтама бойынша қазақ елi тәуелсiз ел қалпын сақтап қалуға тиiстi. Абылайдың шарттары осыған негiзделген және 1778 жылы 22 қазанда Абылайды хандыққа бекiткенi туралы Ресей патшасының куәлiгiн алып, оған ант беруден үзiлдi-кесiлдi бас тартып:
«Менi халқым сайлап хан көтердi... Сондықтан да орыстарға барып ант беруге мiндеттi емеспiн», – деуi (Ш. Уәлиханов. «Абылай») де сол шартты ұстануының нәтижесi.
Яғный, Абылай өзiн Ресейге тәуелдi елмiн деп есептемеген. Кенесарының «Николай 1 патшаға тек сауда-саттық жөнiндегi байланыс туралы кепiлдескемiз» деуiнде осындай мән жатыр.
Екiншi тарихи уәж: 1731 жылға дейiн, Әбiлқайырдың хаты жолданғанға дейiн Ресей империясында қазақ даласы туралы түпкiлiктi отарлау саясаты белгiленбеген. Мұны «қатын патшаның» – Анна Иоановнаның есiне түсiрiп отырған «құпия iстер жөнiндегi аға тiлмаш» Тевкелев. Петрдiң атын жамыла отырып, ақша мен сый-сияпат туралы айтып, әйтеуiр «бiр бет қағазға қол қойдырып ал» деген сөздi баса көрсетуi – iстеген iсiнiң жымысқылығын танытады. Өзге-өзге, Тевкелев жаугершiлiкте қалған және жан аямай күресiп жатқан қазақ елiнiң бостандық рухын жақсы бiлдi. Арандатып, алдап, аярлықпен алмаса, бодандыққа көнбейтiнiн түсiндi. Сондықтан да, Әбiлқайырмен астыртын жең ұшынан жалғасты. Қалайда тiмiскiлеп жүрiп, тамырын басып, ақыры «қайыс ноқтаны» кигiзiп тынды. Оған себеп:
«...Орыс үкiметiнiң қазақты бағындыруды мақсат қылғандығы. Осымен бiрге тағы бiр зор себеп, қазақтың өз хандарының алалығы. Өзара жаулық пен араздық, өштiк күшейтiп, бiрiн-бiрi жауламақ үшiн әр қайсысы кез-келген жұрттан көмек iздеп, қазақ елiн әр айғырдың үйiрiне сiңiруге айналғандығы. Осындай көп себептер тұтасып, ел тiршiлiгi бiр шым-шытырық мезгiлге жеткенде, орыс үкiметiнiң шеңгелi қомайғайлықпен созылып, қазақ даласын уысына кiргiзiп әкетiп бара жатты» (Мұхтар Әуезов).
Демек, Мұхтар Омарханұлының дәл басып айтқанындай, қазақтың басына «ноқта кигiзген» – қазақ ұлтының өзi емес, оны «әр айғырдың үйiрiне сiңiруге ұмтылған» хандары, яғный, Әбiлқайыр. Бодандық – исi қазақтың мүддесiне сай келмейдi. Ал, Ресей үшiн протектораттыққа қол қойдыру:
1. «Бiр тамшы қан төкпей» жүздеген мың халықты «қолтығына алуға»;
2. Қазақ даласы арқылы шығыс пен шығыс оңтүстiктегi шекараны қауыпсiздендiрiп, «азия елiнiң алтын қақпасының кiлiтiн» қолына ұстауға;
3. Ресейдiң етегiн тiле тоқтаған жоңғарларды ыдыратып, күшiн әлсiретуге;
4.Бүлiншiлiк шығарып, империяның мазасын алған башқұрттардың көтерлiсiн қазақтарды пайдалана отырып тыныштандыруға;
5.Қазақтар арқылы қарақалпақтар мен хиуалықтарды бодан етуге жол ашу деген сөз едi (А. Левшин).
Мiне, Ресей империясы осындай пиғылға пейiлi ауып, қазақ даласына тыңшыларды, әскери барлаушыларды, ғылыми барлау экспедицияларын арт-артынан жiберiп, қазақтың елi мен жерiнiң қырындысына дейiн қалдырмай зерттеу жасап, аласұрып жатқанда олардың көктен тiлегенін жерден бердi. Әбiлқайырдың елшiсi Құтлымбет Қоштаев пен Сейiтқұл Құдайқұлов (Құдайғұлов болуы мүмкiн – Т. Ж.) Қатын патшаның сарайына аяқ астынан келе қалды. Анна Иоановна Әбiлқайырға:
1.«Мәртебелi падишаға сенiмдi қызмет етiп, башқұрттар сияқты адал боп, салық төлеп тұруға.2. Бұл қызметi үшiн Ресей жағынан ренiш көрмейтiнiне, шапқыншылыққа ұшырамайтынына. 3. Қазақтарға сырттан жау шаба қалса патшаның қорғауында болатындығына. 4. Башқұрттармен, қалмақтармен тату боп, Ресейдiң тұтқындарын қайтарып беруге» кепiлдiк етудi және сауда керуендердiң емiн-емiн еркiн өткiзiп тұруды тапсырып» хат жазды.
Қазақ елi Ресейдiң боданы болды – деп есептелiнiп жүрген хаттың қысқаша мазмұны осы.
Мемлекеттiк мәмiле дәстүрiне жүгiнсек, Әбiлқайырдың бұл хаты – екi ел арасындағы қарым-қатынасты анықтаудың және оны реттеудiң жолын ұсынған тiлек (протокол намерение) қана. Бұл құжаттың ешқандай заңдық күшi жоқ. Оның үстiне, Әбiлқайырдың негiзгi талап-тiлектерi Қоштаев пен Құйдағұловтың «ауызша сәлемiмен» жеткiзiлген. «Әбiлқайыр ханның елшiсi Сүйiндiк баhдүр арқылы тәржiмәшi Мәмет Тевкелевке Уфа қаласында табыс етiлген қазақ ханы Әбiлқайырдың хатының аудармасы» мынадай:
«Аса мәртебелi hам даңқты падишаны алтын таққа отыруымен құттықтаймыз. Егерде, мәртебелi падишамыз бiзге алтын кiрпiгiн бұрса, бiз басымызды иiп тағзым етемiз және қандай да бiр мiндет жүктесе шын жүрегiмiзбен және адал көңiлiңiзбен қызмет етуге дайынбыз. Алланың әмiрiмен Мұхаммед пайғамбарымыз жар болып Бұхар ханы Әбiлфәйiз хан менiң билiгiме бойсынды, Хиуа ханы iнiмiз Аббас хан да маған бойсынды, Хаджечниет дариясын (Ходжент, Хорезм болуы мүмкiн – Т. Ж.) бойлай көшiп жүретiн Ақбатыр да менiң еркiме көштi, қарауында 4000 (толық танылмады, не түтiн, не әскерi деген сөз болса керек – Т. Ж.)... бар Барақ хан да, Ташкент пен Түркiстан қаласы да бiздiң қолымызда. Бiздiң бiраз адамдарымыз сiздерде тұтқында отырғандықтан, сiздiң бiраз адамдарыңыз бiзде тұтқында отырғандықтан, олардың жақсы-жаман болуы билеушiлерiнiң еркiнде. Сiздiң көпестер бiзге келiп, бiздiң көпестер сiздерге барса, қайырымды падишаның мейiрiмi жылағандарды жұбатса деймiз. Бұқаралықтар менiң билiгiмде, Үргенiшке де менiң дәрменiм жүредi. Сол үшiн осы хатты жолдап отырмын, iстiң мән-жайын Сүйiндiк бақадүр айтады».
Дәл осы хаттан бодандық туралы пәтуәнi табуға бола ма? Тек онсыз да ашкөзденiп отырған империя мұны өз ырқына пайдалана қойып, «ауызша айтылған сәлемге» малданып, бодансыңдар деп сырттай жарлық шығарды. Бұл дақпыртты империя тарихшылары өте әккiлiкпен тарихи келiсiм дәрежесiне көтерiп, терiс тарихи көзқарас қалыптастырып, қазақты басыбайлы етiп шығарды. Бұл хаттың әлжуаз мазмұнын сезген империя Мәмет Тевкелевке ұзынсонар нұсқау жазып бердi, онда қай кезде мойынын қалай бұратынына дейiн тәптiштеп түсiндiрдi. Империяның отарлау пиғылы мен Әбiлқайырдың жасырын елшiлiгiнiң «қызметi» осы нұсқауда толық ашылған. Сөйлемi орашолақ, бiрақ сондай қазымырлықпен тәптiштелген нұсқауды толық келтiру мүмкiн емес және қажетi де шамалы. Пiкiрiмiз дәйектi болуы үшiн бiз негiзгi желi етiп келiсiм шарт туралы айтылған жерлердi ғана iрiктеп алдық. Сонымен:
«Сыртқы iстер жөнiндегi мемлекеттiк кеңестiң биылғы, 1731 жылы 19 ақпан күнi бұратаналар тiлiнiң тәржiмашысы Мәмет Тевкелевке оның басшылыққа алып, орындауы үшiн берiлген нұсқауы.
Достарыңызбен бөлісу: |