Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


барлық қазақ халқы Ресейге бағынады деп жалған сөздер таратып жүр



бет23/27
Дата29.11.2016
өлшемі7,42 Mb.
#2777
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
барлық қазақ халқы Ресейге бағынады деп жалған сөздер таратып жүр. Олар бұрынғы біздің бабамыз Абылайға тиісті жерлерге сегіз дуан салдыртты. Бұл, әриие, біздің халқымыз үшін зор қасірет болмақ, әсіресе алым-салық салу халықтың жанына қатты батады. Бұрын біздің қазақ халқы мұндай істі көрген жоқ еді. Ол әрқашан кеңшілікте, рахат-тыныштықта болушы еді. Ұлық ағзам падиша хазратлары, біздің сізден өтінішіміз: біздің халқымызды бұрынғы қалпынша қалдырып, біздің жерімізге салынған сегіз дуанды һәм басқа қалаларды жоюыңызды сұраймыз.

Ұшбуны инандырмақ үшін мен, Кенесары Қасымұлы, мөрімді бастым» - деп Кенсесары тәуекелге барған.

Иә, тәуекел – істің басы. Бар мәселе Мұхтар үшін осы тәуекелден және «Хан Кенедегі»: «Келе жатқандардың алдынан Абылайдың сарыала туын алып батырлар өтеді». [...] «Ханды құр айғаймен сайламайды. Бұрынғы, соңғының жөрелгісімен ақ киізге отырғызып, осы жұртты жеті айналдырып шығу керек... Әпкел киізді! Ұмытқан ба, бұл қазақ баласы... баяғы ханның жолын! Қайда киіз? (Көп айғай, тағы да батырлар, жақсылар, айғай. "Әпкел киіз, киіз... хан көтереміз. Жолы... жолы болсын..." Киіз әкеліп, көп жақсылар Кенені ақ киізге отырғызып алып, көтеріп алады. Сол арада қолында қобызы бар соны сілтеп, екіленіп сөйлеп Нысанбай ақын шығады)» - деген мемлекеттік рәмізден басталды

Көркем шығарма үшін осыдан тебіреністі оқиға өтпейді. Хан Кене де өзіне жүктелген жауапкершілікті түсінеді, түсініп тұрып:

«Киіз туырлықты қазақтың баласы! Сона бір қысылған шағыңда ер деп етегіңе ұстағаның менің атам Абылай еді. Ол сеніміңді ақтағандай, сен үшін жанын салып өтіп еді. Бірақ атаға берген дәуренді берер ме, жоқ па? Енді халық дәме қылып мені сайласа, кеудемде шыбын жаным тұрғанда ақ тілеуіңді ақтармын-ақ. Жетпей жығылсам көзің көрер. Жолыңа міне, басым, міне, жаным...Керегіңе жарата бер. Содан басқа айтарым жоқ. Менің риза-қошым осы».- дейді жанын қасым етіп.

Сөйтіп, қазақтың хандығының қайта құрылуы - «Хан Кене» пьесасында бейнеленетін тарихи оқиғаның басы ретінде алынды. Ендігі суреттелетін уақыт пен көркем желіге жазушының өзі, яғни, Мұхатар Әуезов жауап береді. Осы оқиғаға дейінгі оқиғаларды қаламгер қандай көзқарас арқылы тәпсірлеймін десе де өз еркі. Ал хан Кененің көзқадауы шығысқа қадалған, беті Алатауға бұрылған. Таққа отырысымен Құдаймендеге:

«Сенің Қытайға айтатын сөзің: орыс патшасы өз жерінің шегін Қытайдың қақ іргесіне әкеп тірегелі қол созып келеді. Бір жер емес, басы анау Алтайдың арғы сілемінен Қашқарға шейін жеткізбекші. Арадағы: қазақ, қырғыз, ойрат, қалмақ, Қоқан, Хиуа, Бұхара, әрі-беріден соң Қашқарына шейін де обырдай обып алғалы сұғын қадап тұр. Осы елдерге керуен үстіне керуен, елші үстіне елші, әскер үстіне әскер төгіп бастырмалатып келеді. Енді көп болса бес-он жыл, әйтпесе одан да тез қытай шегіне орыстың әскері тұратын қалалар салынбақ. Біз осы шепке қарсыласқалы шыққан елміз. Тілегіміз: қытаймен тату көрші болып отырып орыстың бері қарай жылжуына жол бермейміз дейміз. Өз жеріміздің шегін қорғаймыз. Қытайға арқа тіреп жаңағы елдің барлығын тұтастырып орыс қаласына бөгет саламыз. Біріккен елдік жасаймыз. Содан кейін тіпті орыс өктеп бара жатса біздің таңдайтынымыз - қытай патшалығы. Әйтеуір біз бағынатын болсақ қытайға бағынамыз. Орысты біз темір ноқта деп білеміз. Осыған – арысы көмек, берісі достық, тілек қосуын тілейміз. Жау бетіне салатын дос боламыз. Бізге бермеген көмегін кімге береді? Соны айт!» - деп аманат айтып, елші аттандырады.

Осыдан кейінгі хан Кененің әр шешімі, әр қимылы көркемдік себеп тұрғысынан салдарын тауып жатуы тиіс. Оған тек Мұхтар Әуезов қана жауап береді. Жазушының шығарма талқыға түскенде: «Сынайтып кісі пьесенің осы жазылған күйінде қалай түзетуді көрсетсін. Ал, пьесенің бойында жоқ тарихты, тарихи қозғалысты сөз қылғандар сынаған болмайды» - деп өтінуі де сондықтан.

АШ БӨРІЛЕР ЖОРТҚАН ЖҰРТ

Ендігі мәселе – шығарманың жазылу тарихына қатысты. Кенесары көтерілісі туралы бұрынды-соңды жазылған шығармалар бар ма еді, жазушының өзі тақырыпты зерттеуге қалай келді, қандай идеяны басты нысана етті, қалай, қайда жазылды, қандай көркем ұстанымдарды ұстанды, алғашқы пікірлер қандай? Мұның барлығы да автор мен шығарманың арасындағы байланысты ашатын көркем психологиның дербес қаралатын мәселесі.

Басты мақсат – «Хан Кене» төңірегіндегі жарты ғасырдан астам жүргізілген саяси-идеологиялық жазалау, жазғыру, қысым көрсету, тұлғаны тұқыртудың түрлі қысымдық жолдарын құжаттар мен деректер арқылы көрсету болғандықтан да біз қажет жернде сол мақалалар мен зерттеулердегі, жиналыстардағы сөздерді, жазылған арыздардағы пікірлерді тілге тиек ете отырып ойымызды дамытуға тырыстық. Өйткені, қаншама жала мен жазғыруға құрылса да олардың жазғандарының астарыда шындық бар болатын. Дәлелсіз сөйлесе олардың өздері де жауапқа тартылатын.

Мәселен, Кенесары тақырыбы әдебиетте қалай бейнеленгені сол кездегі жазушылар одағының жауапты хатшысы Қайнекей Жармағамбетовтің 1951 жылы 20 сәуір күнгі жасаған «Кенесары – халықтың қас жауы» атты баяндамасында толық қамтылды. Біз соны сөз ретіне қарай ықшамдап келтірумен шектеліп отыруды жөн көрдік.



«Баяндамашы: Кенесары Қасымовтың реакцияшыл қозғалысына қазақ халқының жаулары ­– алашордашылар мен XIX ғасырда, қазақ әдебиетіндегі кертартпа романтизм өкілдерінің қалай баға бергеніне толығырақ тоқталды.

Кенесарының сарай ақыны Досқожа өзінің «Кенесары қоныстан ауғанда» (Көкшетаудан көшуі) дейтін поэмасында Кенесары Россия мен орыс халқына қарсы күресіп еді деген пікірді ашық баяндайды.

Қонысты орыс алған соң,

Кенекем ауған жерінен,

Қарашы болған елінен,-

деген жолдары осы пікірді дәлелдейді. Бүкіл поэманың өнбойында Досқожа Кенесарыны дәріптеп, ұлтшылдық сарында ортағасырлық хан үстемдігін көксейді.

Кенесарының қолшоқпары болған екінші бір ақын Нысанбай «Кенесары-Наурызбай» поэмасында Кенесары қарақшыларының туысқан кырғыз халқына жасаған қанды жорығын әділетті соғыс еді деп мадақтайды. Ал Кенесарыны қазақ халқының батыры және «көсемі» ретінде мақтайды.

Кенекемнің барында,

Аш бөрідей жарадық,

Шекемізден қарадық,

Кенекем мерт боп кеткен соң,

Шіл боғындай тарадық. -

деген сөздері, Кенесарыны дәріптеудің хандықты көксеумен ұштасып жатқандығын аңғартады. Көкбай ақын «Кенесары-Наурызбай» дейтін поэмасында Нысанбайдың ізін қуалап, сол сарында Кенесарыны дәріптеп, туысқан қырғыз бен қазақ халқының арасына өшпенділік отының ұшқынын тастады.

Алашорданың контрреволюцияшыл ақындары Кенесары арманын, хандықты көксеуді қайта тірілтпек болып жанталасты. Кенесары жөніндегі алашордашылар пікірінің ықпалына еріп ақын Иса Байзақов 1925 жылы «Қойшының ертегісі» атты поэмасында Кенесары карақшыларының атамандарының бірі Ағыбайды дәріптеді».

Кенесары – Наурызбай туралы бұдан да өзге аңыздар мен дастандар да бар болатын. Біздің мақсатымыз үшін осы үзік те жеткілікті. Міндет - тақырыпты толық шолу емес, сол тақырып туралы кеңес идеологиясының ұстанған бағытын көрсету.

Шығарманы жазу туралы алғашқы ой қашан келді? Бұл нақты жауапты қажет ететін, бірақта кесімді жауабы жоқ сауал. «Алқа» әдеби үйірмесін құруды мақсат еткен тұста саясаттан тыс «еркін жазушылар» өзінің алдына: 1.Көркем әдебиеттің идеясы ұлттық.2. Қамтитын мазмұны саясаттан тыс, адам тағдыры. 3. Басты талап – көркемдік деңгей болуы тиіс. Партиялық принцип, таптық талап, социалистік мазмұн – көркемөнерге жат. Өйткені – бай да, кедей де ұлттық мүддені ойлауы мүмкін. Тағдыр тапқа бөлмейді – деген мақсат қойды. Сол аңсармен «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл бойжеткен», «Замана еркесі», «Көксерек», «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» атты шығармаларын жазды. «Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:

«Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау:

1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтың хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6 – 7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт–насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақта ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ. Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт–бағдарынан байқалып тұрғанындай, М.Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақта мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақта әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап–тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.

Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте–бiрте өшiп тынды.

Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де. Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын.

Мұхтар Әуезов”

Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз–ақ ақтап шығады. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген. «Алқаның» бағдарламасында айтылған мақсатқа жету барысында өзегі ортақ досы Жүсіпбек Аймауытов екеуі өзара ақылдасып, Абылайды - Жүсіпбек, Кенесарыны - Әуезов жазуға ниет етеді. Бұл ретте Жүсіпбек біраз ізденістерге барып, архив деректерін ақтарған. Аймауытовтың бұл орайдағы талпыныстары 1924-1926 жылдары тергеу астында жүруіне және 1928 жылы қайтадан тұтқындалып, 1932 жылы атылып кетуіне байланысты үзіліп қалды. Истай-Махамбет көтерілісі туралы кинохикаят жазу үшін деректер жинастырып, тарихшы Рязановпен бірігіп мемлекеттік кино студиясымен шартқа отырғаны жөнінде өзі жазып кеткен деректер бар. Сондай-ақ тарихи тұлғаларды көркем оймен саралап, олардың тағдырын қалың қауымға жеткізуге барша алаш зиялылары ат салысуға бекінген, сол орайда бір-біріне көмек қолын берген. Кім қай қалада тұрса сол қаланың архивтеріндегі құжаттар мен деректерді қарастырып, алған мағлұматтарын ынталы адамға хабарлап отырған. Мысалы Қаныш Сәтбаев «Едіге» жырының қолжазбасын баспаға ұсынды. Сонымен қатар Абылай, Кенесары қақындағы деректерге назар салып, ол мәліметтерді Жүсіпбек пен Мұхтарға хабарлап отырған. Қаныш Сәтбаев 1925 жылы Кенесары туралы Омбы, Орынбор, Том қалаларындағы архив құжаттары жөнінде мәлімет бере келіп:

«Кенесарының хаты барған соң орыс үкіметі қайратына мініп,1846-жылдың басында Омбы мен Орынбордан тағы да күшті отряд шығарады. Оларға берген бұйрық: «Не Кенені ұстау, басын әкелу, не (көтерілісшілердің) біреуі қалғанша Арқада өлуі тиіс!» - деген түрінде болған. Бұл отряд шыққан соң Кенесары соғыс ашпай, 1846-жылы орыстың шегінен шығып, «Қоқикөл» шегіндегі қытай қазақтарының ішіне барады» - деп хабарлаған.

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қолжазба бөліміндегі алты беттік хаттың соңғы беті ғана сақталған. Табанды да сенімді әуезовтанушы Талатбек Әкімовтің ғылыми айналымға түсіруімен көпшіліктің назарына ұсынылған бұл хат Мұхтар Әуезовтің Кенесары тақырыбына қалам тартуды ертеден ойластырғанын аңғартады. Тақырыпты түбірлеп, еркін игермегенімен де Мағжан мен Мұхтар дегеніне жетіп үлгерді. «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы» дастандары мен «Хан Кене», «Қилы заман» шығармалары соның алғашқы нәтижелері болып табылады. М.Әуезов дүние салған соң Қаныш Сәтбаев бұл міндетті Әлкей Марғұланға жүктеген. Әлекең архив құжаттарын жинастыра бастағанын, бірақ аяқсыз қалғанын бізге өкінішпен айтып, тіпті мұрағат құжаттарын айтып, өсиет еткендей де болып еді. Демек М.Әуезов бұл тақырыпқа саналы түрде барған. Ол бұл туралы 1934 жылы «Казахстанская правда» газетінде:

«Пьесаны жазардан бұрын көп материал жинадым, Кене хан қозғалысының тарихын білемін деп сеніммен айта аламын. Орынбордың, Омбыдағы Сібір ведомствосының метариалдарын зерттедім, казактар мен қырғыздар арасынан материалдар жинадым. Әр тарихи дерекке әркімнің өзінше қарауға құқы бар, бірақ өз концепциясы болмаса, ешбір автор тарихи тақырыпқа қалам тарта алмайды», - деп мағлұмат бергеніне қарағанда 1927 жылғы Жетісу сапарынан бұрын да Кенесары көтерілісі туралы деректерді қарастырғаны байқалады.

Сол жинастырған архив құжаттары қандай тарихи оқиғаларды қамтыды, М.Әуезовтің қолындағы деректер қай жылдарды қамтиды? Мұны нақтылап айту қазір қиын. Алайда Ә.Марғұлан тиянақтап жиыстырып, машинкаға бастырып, архивтің арнайы бөлімінде сақтаған деректерін М.Әуезов те білді – деп жорамалдауға болады. Соның ішінде Кенесарының Арқадан Жетісуға ауа қотарылуының себебін білдіретін, түпнсұсқадан марқұм Бейсенбай Байғалиев екеуіміз қазіргі қаріпке түсірген бірнеше хаттарды назарға ұсынамыз.



Бұл - Кенесарының жеке көзқарасы мен жеке өмірлік деректер қамтылған, хан Кененің Ресейдің әр түрлі «хазіретлеріне» - чиновниктеріне 1841-1844 жылдары арасында жазған хаттары. Әр хаттың астарында үлкен тарихи астар мен тағдыр талқысы жатыр. Оның барлығына түсіндірме жасау бұл еңбектің міндетіне жатпайды. Тек қысқа тұжырымдап айтарымыз: осы кезеңде Орынбор шекаралық комиссиясы Кенесарымен мәмілеге келуге тырысып, әр түрлі сыпаттағы келісім жасауға ұмтылған. Алайда олардың келісіміне Омбыдағы генерал-губернатор үнемі қарсы шығып, уағдаластықты бұзып отырған. Кенесарының ауылын шауып, аға-бауырларымен, балаларымен қоса Күнімжан атты әйелін тұтқынға алған. Көптеген екі жақты бопсаның нәтижесінде Кенесары тұтқынға түскен орыс әскерлеріне Күнімжанды апйырбастап алған. Сондай-ақ Ғұбайдолла Уәлиұлын да қорғайды. Себебі, осы Ғұбайдолла қазақты жеке мемлекет етемін деп хандық құруға ұмтылған Абылайдың өжет немересінің бірі болатын. Хаттар көне шағатай және татар тілінің емлесімен жазылған. Кенесарының әр сөзі бізге қымбат. Сондықтан да бүгінгі грамматика заңы тұрғысынан стилистикалық өңдеулер жасаудан бас тарттық.

«Орынбор ғаскери-губернаторы генерал-адьютант Перовский хазіретлеріне

Біздің, Кенесары Қасымоғлынан ғарызнаме

1841-жылында Қаратай сұлтаннан ғарыз қылып уә мұнша Сібір линиясы тұсында әр төренің қылған істерін мағлұм қылдық. 1838 жылда Сібір линиясының төрелері білен қажет болып (қатар) қондық. Сүйіндік баласын айдап шығарып едім, одан соң атығай, қарауылды шығарып едім. Сол елбілен Ғұбайдолла хан Уәлиоғлыны ұстап алып келіп едік. Одан тілек қылып үйге қайтарып жібердік. Оны Көкшетау диуаны мекемесінің бастықтары өсек қылып, яғный, жала қылып, Кенесары сұлтан білен ақыл қосты деп ссылкаға, яғный, каторожнойға жіберген екен.

Ғұбайдолла хан Уәлиоғлы маған, бізге ақыл қосқан жоқ. Біздің ұстап(уымызбен), зорлығымызбен келді. Одан соңғы айдаған елімізні Қоқанд деген сарт зорлық қылып, тартып алды. Одан бұрын ағамыз Саржан сұлтанны, Есенгелді сұлтанны уә Әлжан сұлтанны ұстап өлтірді. Одан соң атамны - Қасым сұлтанны өлтірді. Алмал алымды 1841-жылда Қоқанда үстіне ләшкер тартып барып, елімізні шығарып, падишаһ хазіретлеріне қызмет қылып жібердік. Со елімізден алты мың алты жүз алпыс алты үй қалды. Сол жұртымызды шығарып падишаһ қызметіне жіберуге ниет қылып тұрмыз.

Сіз мархабатлы ғинаят, шапағатлы губернатор хазіретлеріне император шаһиншаһ хазіретлерінен ғарыз қылың, бізге отыз бес жыл мәулет берсін. Одан соң ғарызымыз сол: Сібір линиясы тұсынан ғаскер шығармасын. Ұлытау, Кішітау тұсынан. Һам Ұлытауға ғаскер шығарса қатын, бала-шағамыз шошып, падишаһ хазіретке қызмет қыла алмаспыз. Одан соңғы ғарызымыз сол: біз естиміз төрт кісі елші барды деп, бізді шағып, яғный жала қылып, керуенді талады деп һам жұртты шапты деп.

Егер біз керуен талаған болсақ, мойнымызға салсын. Біз бұл керуеннен алғанымыз жоқ дүр. Біз ел шығарған соң қайттық. Басқа ешбір зарар қылғамыз жоқ және жүзіміз сол. Бізнің қыстауымыз - Ұлытау, жайылуымыз – Кішітау, Торғай, Жайық дүр. Падишаһ қызметінен бізнің көңілімізнің басқалығы жоқ дүр.

Сізнің комиссия мекемесінен келген хабар уә хатны Ержан төре Турсыноғлы келіп мағлұм қылып, падишайның манифесін айтып келді. Біз әлбетте көңілімізблен қабыл қылып қызмет қылдық.

1841 -жылда, феуралдың 22-наумінде

Иланбақ үшін мөрімні бастым».

Бұл хат Кенесары мен Ресей үкіметінің арасындағы қарым-қатынастың ең шиеленіскен тұсында жазылған. Мұнда ашық көтеріліске шығудың себептері мен шарттары айтылған. Бұл шарттар орындалмаған соң сол жылы қыркүйек айында хан сайланып, ашық майданға шықты.



ххх

«Хұдие мекемесінің садырыншын генерал-майоры Генс хазіретіне

Біздің Кенесары сұлтан Қасымоғлындан иғламнаме дүр

Ол ұлығ падишаһ хазіретләрінің ғинаят уә мархамат уә фарман канонлары бойынша Орынбор қаласынан ініміз Кінжан (Кенже -?) Көнекоғлы уә Нұтхан сұлтан Сәмекеоғлы әр қайсысы бәдәулөт падишаһның дидарлық мейірбанлығын көріп, есен-сағ қауыштылар. Одан соңыра сұлтан Ғабдолла Абылайоғлы артынан жіберген ғарыз-хатны Сібір төрелері жібермеді деп естіп тұрмыз. Одан соң Еркін сұлтан артынан жіберген тілектерімізге жауап болмады. Және Қарабай сұлтан ұзақ тұрды келмей, әлбәтте, жылдам қайтарғайсыз. Біз һам үміт тұтамыз бек лайықты жауап бермеклігіңізні.

Инанмақ үшін Кенесары сұлтан Қасымоғлы мөрімні бастым.
Июннің 25-наумінде. 1842-ншіде».

Бұл иғламнаме Орынбор генерал-губернаторымен жүз жылытысып, мәмілеге ұмтылған тұстарында жазылған.



ххх

Кенесары сұлтанның билерге хаты

Сізге – Байтөре биге уә Бәшек биге уә Қызыл биге уә Аушұнды биге уә Сүлеймен биге уә Қаракүшік биге уә жамиғи назарның кісілерге уә биләргө уә мырзаларға сөз!

Сол құдайның тағдыры болып, бізнің біраз мұнша кісімізнің қаны сізнің мойныңызда болып еді. Ол қылған ісіңізге тәубе қылып: бізні хан біліп, өзіңіз қараша болып бізнің бірлән ерісер деген ниетіміз бар еді. Сіз құдайдан қорқып, әруақты сыйламадыңыз. Сізнің қылапатыңыз... тілеуді ұрды. Егер бұрынғы істеріңізден тәубе қылып қайтсаңыз, жақсыларыңыз бізнің алдымызға келіңіз. Бізнің мейірбанлылығымыз сізләрге көп дүр, Егер келмесеңіз: біз отыз жасқа келіппіз, сізні қүдайдан тілеп енді отыз жыл жаулармын, еншалла хаһ!

Сізләрге Баубек құлымызны жібердік. Әрбір ауыз тіліне бауыр қылың».

Бұл Кенесары хан болып сайланған соң қазақ билеріне жолдаған пәрмндеріне қарсы шығып, жаулық істеп, Ресей мен екі ортадағы келісімге кедергі жасаған, сатқындық жасаған билерге жолдауы.



ххх

«1844-жылы рамазан айының 8 күні сұлтан Кенесары Қасымоғлының Арыслан сұлтанға жазған хаты

Сізге, ғизатлұ әм хұрметлұ правитель Арыслан сұлтан құдамызға бізден - Кенесары сұлтан Қасымоғлындан дұғай сәлем... Әгәр бізні сұрасаңыз сахат-сәламат дәулет үстінде бармыз және сізге сөзіміз: кәпірге бас қосып, һұжымдық қылып, мұсылманға дұшпанлық қылдыңыз. Тыңла! Алла тағала хазіретіне не жауап берерсіз? Бізге мұнша дұшпанлық қылсаңыз да, біз сізні һар заман көңілімізден салмаймыз. Және тағдыр құдай болып арамыздан бір сыпайгершілік өтті. Оны көңіліңізге алмағайсыз. Және сөзіміз: жаңа түскен генералға хат жазып, елші жібердік. Бізні көңіліңізге алсаңыз, бұ елшілерні жақсы қылып өткізгейсіз. Сізге молла Баймұхамедні жібердік. Оның һарбір ауыз сөзіне бауыр қылың.

Бұ сөзнің растылығына Кенесары

сұлтан Қасымоғлы мөрімні бастым».

Арыстан сұлтан – Орынбордағы патша өкіметінің сеніміне кірген, Кенесары көтерілісіне қарсы казактар мен қазақтардан жасақталған әскерді жасақтап шыққан аға сұлтан. Ол көтерілісшілердің ауылын сан рет қырғынға ұшыратқан.



ххх

1844-жылы рамазан айының 10 күні сұлтан Кенесары Қасымоғлының полковник Баймұхамедке жазған хаты

Сізге, ғизатлұ һам хұрметлұ полковник Баймұхамед құдамызға бізден - Кенесары сұлтан Қасымоғлындан дұғай сәлем. Бұ да сөзіміз сол: әгәр бізні сұрасаңыз сахат-саламат дәулет үстінде бармыз. Және сөзіміз: екі жыл кәпірге бас қосып һұжымлық қылып бізге дұшманлық қылдыңыз. Оны һам біз көңілімізге алғанымыз жоқ дүр. Иманлық қылғанға жақсылық қыл деп еді. Сіз дұшпанлық қылсаңыз да сізні біз көңілімізден салмаймыз. Және сөзіміз: Орынбордағы жаңа түскен генералға хат жазып, елші жібердік. Әгер бізні көңілімізге алсаңыз бұ жіберген хатымызны жақсы қылып тигізерсіз. Сізге Баймұхамед молланы жібердік. Оның (әр) ауыз сөзіне бауыр қылыңыз.

Бұ сөзнің растылығына Кенесары сұлтан Қасымоғлы мөрім бастым. Және де 1844-жылда рамазан айының оныншы күнінде бұл хат жазылды».

Баймұхамед - полковник. Кенесары көтерілісінің әр қадамын аңдып, шолғыншылар мен жансыздар жіберіп, оның мәліметтерін губернаторға жеткізуші жандайшап сұлтанның бірі. Арыстан, Баймұхамед, Ахмет сұлтандар жасақталған әскермен шығып, Кенесарының көшінің соңынан түскен. Бірақта өздері арандап, бетпе-бет соғысуға шыдамай, кері қайтқан.





ххх

Сізге ғизатлу уә хұрметлұ Орынборда тұрушы жаңа келген жандарал хазіретлеріне

Бізден Кенесары сұлтан Қасымоғлындан

Ғарызымыз сол: мың да сегіз жүз отыз тоғызыншы жылында Орынборда тұрған военный губернатор жандарал Генс бізге хат жіберген екенлер. Падишаһ Ғали ишан хазіретлері сізнің әрбір қылған істеріңізні манифест деп мейірбаншылық қылдылар. Біз бұ мейірбаншылыққа иланып оқ атып, қылыш шаппай падишаһның кең етек, тар қойнында бас тартпай тұрып едік. Өткен шағбан айының жиырма бесінші наумінде Баймұхамед, Арыслан, Ахмед - үш правитель үш жерден шығып һұәнымлық қылып, Торғай бойында ала алмай қайтты.

Оны да көңілімізге алмай оқ атып, қылыш шауып падишаһқа қарсылық қылғанымыз жоқ дүр. Биыл өткен науырыз айының жиырма бірінші наумінде өзіміз үйде жоқ болып, аңға кеткен уақытымызда Омскі облысы тарапынан бір бөлік отряд шығып законшы Сотников оғлы бірлән алтай тайпасынан Аққошқар Сайдалы Құдайберліоғлы, старшын сұлтан Қоңырқұлжаның шағымы бірлан келіп, бір бөлек ауылымызны шауып, бір бала уә қызымызды қырып, Күнімжан атлық бір ханымызны ұстап алып кетті. Сібірнің бұ қылған істерін Орынбордағы тұрған үлкенлерге ғарыз қылармыз деп Ырғыз бойына келгенімізде майор Лебедев бірлан правитель Ахмед екеуі отряд бірлан алдымыздан шығып, бізнің жанымыздағы Байқадам батырны шауып алып кетті.

Мұнан соң: құдайдан рахым болмаса, орыстың үлкенлерінен мархабатшылық жоқ екен деп біз һам біраз мұнша іс қылғанларымыздың себебі сол еді. Бұрынғы Орынбордағы үлкенлерден үмітімізні үзіп едік. Сол уақытта сізні келіп Орынборға түсті деп естігеннен соң мұнша ғарызымызны сізге айтып мағлұм қылдық. Сізден бұрынғы орыстың үлкенлерінен зорлықтан басқа мархаматшылық көргеміз жоқ дүр. Енді сізден мархаматшылық болар деген үмітіміз бар. Бізнің бұл ғарызымызны падишаһқа жеткізіп, біздің өмірімізні өзімізге қайтарып алып берсеңіз – орыс, қазақтың көз жасының сауабына қалар едіңіз.

Құдай бір, закон басқа дүр.

Бұ істерді мархамат қылып алып берсеңіз: қандай уағда қылсаңыз да бармыз. Мұнан бұрын Қарабай сұлтан ағзамны жіберіп едік, оны һам жібермеді. Сол себептен өзіңізнің қол астыңыздағы Иманшаоғлы молла Баймұхамед бірлан бір орыс, бір башқұртны елші қылып жібердік.

Бұ сөзнің растылығына Кенесары сұлтан Қасымоғлы

мөрімні бастым және қолымны қойдым.

1844-нші жылда рамазан айының он бірінші наумінде хат жазылды».

ххх

Сізге ғизатлұ, хұрматпұ ұлығ мәртебелұ Орынборда тұрушы жандарал хазіретлерге

Бізден Кенесары Қасымоғлындан

Ғарызымыз сол: сіз мархаматшылық қылып жіберген ғарызымызға жауап жазып, Иманшаоғлы молла Баймұхамед бині жібергеніңізні көріп хош уақыт уә хорам болдық. Мұның бағытында: сіз айтып, сіз ұлығ император хазіретлерімізнің қылған мейірбаншылықлардан бас тартып, өсекшілік қылып, бұрынғы ұлығ губернатор жандарал Генске қылған мейір уағдаңызға опа қылмай мұнша іс қылыпсыздар. Қылған істеріңіз сол: бұхаралық Құрманбай Ниязоғлының малын талап және бір орыс сотқарының приказчигін уә екі қосшыны өлтіріп, пұлларыны талапсызлар - дей дүр. Және жаппас руы қазақларының ауылдарын шауып, қарусыз Алтыбай би Көбекоғлыны өлтіріпсіз дей дүр. Уә және мұнан басқа канонға симайтұғын қылған істеріңіз көп дей дүр.

Бұл орыс, қазақ, бұхаралықның айтқан сөзіне иланып бізге бұ жауапты айтыпсыз. Мұның бағытында мен сізге көп-көп тілек қыламын: бұ ғарызымызны шын қалып билен тыңласаңыз сол уақытта сенеміз. Ләкин көргенім жоқ дүр.

Қоқанд жұртына қараған тама руы Құрман бинің адамлары атланып, сізнің бұ айтқан Ниязоғлы Құрманбай бірлән орыстың приказчигін өлтіріп, малларын талап алып дүр. Мұның бағытында жаппас руы Көбекоғлы Алтыбайды Қоқанд бірлан бас қосып шөмекей тайпасы сарқасқа руы Сарман бині өлтіріп еді. Мұның бағытында шөмекей тайпасы Алтынбай бинің ауылдарын шауып, өзін өлтіріп дүр. Бұ мәзкүр болған сөзларға сізнің көңіліңізге күмән келе дүр. Мұнша іслерді өзләрі қылып, басқа адамларға айта дүр дейулар. Бұ айтылған істердің растлығына әуелі құдай, ақыры қазақ жұртының әрбір жақсыларына мағлұм дүр. Бұ барған молла Баймұхамед Иманшаоғлы бұ істерді көзі көрмесе де құлағы естіген дүр. Және ғарыз қыламын:

Біз хат жазып, Иманшаоғлы молла Баймұхамед бині сіздің қызметіңізге жібергеннен соң, сізге қараған қалмақ жұртынан жылқы алып, Полтавский деген қаладан бір орыстың баласын ұстап алып келген екенлар. Біз сізге айырып қызмет қылмақ үшін кісі жіберіп алдырып, бұл жіберген орыслар бірлан қосып жібердік. Өзіңіз данасыз, білерсіз. Бізден басқа қазақлар іс қылмағы тұрған болса, бұ істерді кім қылған екенін өзіңіз сұрап білерсіз. Қалыс елге һам бізні тергеп кеп(гәп) сөз айтыпсыз. Біз сіздей данышман болмасақ та сөз мағнасын аңғарамыз. Өз пайдамыз үшін айтыпсыз уә және мүзәкара болған сөзләрда бұрынғы бастықтарға уағыда қылып, уағыдаңызға опа қылмайсыз. Сол себеплі иланып болмай дәйулар деп жауап қылыпсыз. Бұрынғы Орынбордағы бастықтар әрбір сөз айтса да көңілімізге муәфиқ келіп, сізнің бұ айтқан мейірбаншылық мархабатыңызға ұлы жан билан иланып, әміріңізні тәрік қылмай қолымыздағы орыстардың нешесін беріп жібердім. Және ғарызымыз ағзам император падишаһның дәулеті жаһанда бір ұлығ дария дүр. Біз торғай. Дариядан торғай су ішкенменен таусылып қалмас дейділар. Падишаһның кең дәулетінегі махрұм тасталмай, сіз бен бізге елікнің бір кеңлігін алып берер деген үмітіміз көп дүрлар. Бұ ғарызымызға өзіңіз данасыз, ойлап білерсіз, мейірбанылық қыла көргейсізлар. Бізнің қазақ жұртының бір нақылы дүр: «Ісіңді көпке сал, көпті қүдайға сал» – деген. Бұ ісімді сізге салдым, сізді құдайға салдым.

Және ғарызымызға біз тараптан ұлығ падишаһы ағзам император хазіретларының мемлекетіне сірге түскен пенделер кегі дүр екен. Оны мармхаматшылық қылып шығарсаңыз дүние уә ахретіңіз абадан болып, көп сауапқа да Һал (себепші) болар едіңіз. Және ғарызымыз айыпсыз бір алланың өзі дүр. Бізнің айыбымыз көп дүр. Бұ мархамат ғинаят нәмеңіз келгеннен бұрынғы қылған істеріміз болса, кешіргейсіз. Сіз бізге жер жерде иланбастық сөз айтып, сіз бізнің кепілімізді Иманшаоғлы молла Баймұхамедті ұстарсыз. Өзіңіз қандай мейірманшылық қылсаңыз өзіңіз білерсіз.

Бұ сөзімнің растылығына Кенесары сұлтан Қасымоғлы мөрінің бастым.

1844-жылда, ақырап айының он бірінші нәумінде рақым тапты».

Бұл Орынбор генерал-губернаторымен арадағы қарым-қатынастың ашық жаулыққа ұласар алдында жазылған соңғы хаттардың бірі.



ххх

«Сізге ғизатлу һам хүрметлұ генерал хазіретлеріне Бізден Кенесары сұлтан Қасымоғлындан

Арызымыз сол: озған жыл правитель Баймұхамед, Арыслан ғаскер билан бізні ізләп келе жатқанда Торғай бойында бір інімізні Әбулғазы сұлтанны бірнеше жолдастары бірлан ұстап алып кетіпті дүр. Және Сібір тұсындан бізнің бір ініміз Мұстафа сұлтанны бірнеше жолдасы билан ұстап алып кетіпті дүр. Және Сібір тұсындан Уәли ханның баласы Ғұбайдолла ағзамны ұстап алып кетіпті дүр. Бұларға қандай мейірбаншылық қыларыңызны һам өзіңіз білерсіз.

1844-жылы желтоқсан айында жазылған хат».

Бұл – Кенесарының патша ұлықтарынан әбден күдер үзіп, өзінің жеке басына бәйге тігіп, басын кесіп әкелу туралы жасырын пәрмен шыққан соң қалайда тұтқындарға араша түсіп, оларды өлім жазасынан құтқару мақсатында ескерту ретінде жазылған хаты.

Міне, Мұхтар Әуезовтің: «Пьесаны жазардан бұрын көп материал жинадым, Кене ханның қозғалысының тарихын білемін деп сеніммен айта аламын. Орынбордың, Омбыдағы Сібір ведомствосының метариалдарын зерттедім, казактар мен қырғыздар арасынан материалдар жинадым»- дегендегі деректердің ұзын-ырғасы осы мазмұндас болса керек.

Бұдан басқа мемлекеттік архив сөрелерінде Кенесары сұлтанның отыздан астам хаттары бар. Ал Ресей мұрағаттарындағы құжаттарды толық жинастыратын болса, онда оның саны 30 томнан асады. Біз тек орталық архивтегі арап харпімен жазылған, Кенесарының өзінің мөрі басылған хаттардың бірнешеуін ғана оқырман назарына ұсындық.

1844-1845 жылдары патша үкіметі Ұлытау, Ортау, Ақтау, Ырғыз, Ақмешіт, Қарқаралы, Аякөз сияқты бекіністерді күшейтіп, онда тұрақты әскер орналастырылды. Жазалау отрядтары шықты. Генерал Вишневскийдің барлау-жазалау, Жетісуды бодандандыру жасағы дайындалып жатты. Бұдан кейін Арқада қоныстанудың мүмкін еместігін түсініп, Жетісуға бет бұрады. Мұхтар Әуезовтің пьесасындағы Кенесарының Бұғыбайға:

«Қырғызбен келісер-келіспесіңе көзім жетпейді. Атамның қылығын алдыңа тартар. Тұтқында кеткен мың үйлі қырғызды айтпас деймісің. Бірақ, оның да бір жағында қытай, қалмақ, бір жағында Қоқан, тағы бір жағында қапқалы келе жатқан орыс (бар). Бір заманда өкпелі болса да, қазір де қазақтан басқа кімі бар. Сөзді ұқсын, келіссін. Алатауға ірге тіреп қырғыз-қазақ бірігіп елдік жасаймыз. Содан соң сыртынан қапсыра құшақтап буып алғалы орыс келе жатса да өзімен-өзі алысып жатқан Қоқан, Бұхара анау, соның екеуін де біріксек біз аламыз. Содан соң оңдағы, солдағы жаудың екеуін де көріп алармыз. Ықтиярымен көнбейтін болса бағындырамын, көндіремін, сонымды айт! Менің Арқадан кеткендегі тұратыным - Алатау. Ірге көметін жерім осы. Бұл таудың іші-тысын жайлаған ел, не менімен дос болып бауырыма кіреді, не болмаса – қасым болып қарсыма шығады. Аралықта қалмайды, соны айт!» - деп булығатын буырқанысты зауал шағы.

Ал: «Пьесаны жазардан бұрын көп материал жинадым, Кене ханның қозғалысының тарихын білемін деп сеніммен айта аламын»



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет