Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет25/27
Дата29.11.2016
өлшемі7,42 Mb.
#2777
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
- деп өз ойын кейінгі күнмен ұштастырады.

Сәкен мен Ғабиттің ар туын ұстаған Жайық марқұмның бұл сөзінде ащы шындық бар. «Хан Кененің» сақналық тағдырына бұл екі жазушы да кері ықпал жасады. Қалайда бұл қойылым қазақ зиялыларының арасында үлкен пікір таласын тудырды. Қ.Жармағамбетов ол туралы кейін:



«1928 жылы жазған «Хан Кене» пьесасында М. Әуезов Кенесары Қасымовтың қозғалысын ұлтшылдық тұрғыдан бағалап, оның бандаларының туысқан қырғыз халқына жасаған шапқыншылығын басынан аяғына дейін ақтап шықты. 1934 жылы осы пьесаның драма театрында қойылуымен байланысты республикалық газеттерде әртүрлі түсініктегі әртүрлі авторлардың мақалалары жарияланды. Ғ. Мүсрепов «Социалистік Қазақстан» газетінің 1934-жылғы июннің 24-25 күндеріндегі санында жарияланған мақаласында: «Хан Кене» пьесасы ұлтшылдықты үгіттейді, көрші отырған екі республиканың еңбекшілері арасындағы советтік туысқандық – Сталиндік достық сезімге араздық пен сенімсіздіктің шоғын тастайды - деп, өте орынды бағалады. Мүсрепов мақаласында қырғыз халқына жасаған Кенесары жорығының реакцияшыл екендігі туралы да мәселе көтерілді. Бірақ газет те, автор да пьесаның театр сахнасынан аласталуына разылық білдіріп, саяси мәні терең жатқан мәселені принципті дәрежеге шейін көтермеді» - деп «өкініш» білдірді.

Шындығына көшсек, дау мен күдік, айтыс пен тартыс, идеологиялық айыптаулар «Хан Кене» сақнаға қойылмай тұрып-ақ басталып кеткен еді. Өзге емес, Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері, «сақналық қойылымға басшылық етіп жүрген» Ғ.Мүсрепов: «Хан Кенені» сақнаға шығару – саяси арандату, қырғыз бен қазақтың арасына араздық тудыру, Кенесарының хандық тұғырын дәріптеу, орысқа қарсы пікір тудыру – деген мағынада көкек айының ішінде Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға «Жабық хатты» жолдап та қойған болатын. Бұл хат арнайы бақылауға алынды. Демек, спектакль қойылмай тұрып-ақ оған қарсы көзқарас қалыптасты. Жоғарыдағы «Жабық хатты» пайдаланудан көрі Ғ.Мүсреповтің, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған ашық пікірлерін жарыстыра беруді жөн көрдік. Бұл – қазақ көркем ой иелерінің сол кездегі ой-өресін, көзқарасын, тарихи таным тұжырымдарын танытады. Ең алғаш пікір білдірген Ғ.Мүсрепұлы:



«Қазақ драма театрының көптен әзірленіп, он ойланып, жүз толғанып сахнаға шығардық деген Мұхтардың «Хан Кенесін» оқу комиссарияты уқытша тоқтатып, түзеттіргелі отыр. «Хан Кененің» шымылдығы көтеріле бергенде тоқтап қалуы тоғышарлар арасында өсек-әңгіменің тақырыбы болып жүргенімен, жұртшылығымыз үшін пайдалы жұмыс. «Хан Кенені» бұл күйінде қоюдан тоқтату театрымызға да, Мұхтарға да өте пайдалы, орынды жұмыс болды. Тексеріске салып, түзетуден ешбір шығармаға пайдадан басқа зиян келмейді. Бұған ешбір жазушы жәбірленбеуі керек. Әсіресе «Хан Кене» секілді ескі қарым-қатынастарды көрсетуге арналған шығармаларға қатаң сын көзімен қарағанға жәбірленетін орын жоқ.

Театрмыз «Хан Кенені» алтынмен аптап, күміспен күптеп, мұны бір айта қаларлықтай етіп шығаруға бар күшін салған сияқты еді. Барлық саяси қырағылығын, сахна шеберлігін осы «Хан Кенеден» аямай-ақ қимылдаған сияқты еді. Бірақ, жұртшылығымыздың күткен жерінен шығара алмаған. Театр да, жазушы да сақнаға қоюдан бұрын тексеріскен әдебиет жұртшылығымыз да «Хан Кенеге» терең сын көзімен қарап, түзету жолдарын көрсете алмаған, таба алмаған. Оған бір себеп: театрдың «Хан Кенеге» кір жұқтырғысы келмегені, сыңаржақтығы болған-ақ шығар (мұны болмады дей алмаймыз). Бірақ терең сын айтып, түзету жолын сілтеушілер де болған жоқ. Әйтпесе Мұхтардың қара басы толық сын естіп «Хан Кенені» түзетуге асық-ақ болып жүрді.

«Хан Кененің» желісі бұдан 3-4 жыл бұрын тартылып қалған болатын. Ол кездегі Мұхтардың жолы бүгінгі Мұхтардың жолынан басқа еді. Мұны айтып жату онша орынды болмағанымен «Хан Кене» еріксіз айтқызды. Мұхтардың ол кезде көздеген нысанасы да, мақсаты да басқадай. Мұхтар: «Қазір көздегенім - «Хан Кене» арқылы хандықтың құлағанын, оны көпшілік қарсылығының қалай құлатқанын көрсету» - дейді. Мұнысына өз қара басымыз әбден сенеміз, шыны деп білеміз. Бірақ «Хан Кенені» жазған кездегі (30-жылдың аржағы) Мұқтардың көздеген мақсаты - Кенесары, Наурызбайлардың құлағанда да өзгеше ерлікпен құлағандарын көрсету болатын. Аяулы ерлердің моласына бір түнету арқылы жұртты бір күрсіндіру болатын. «Хан Кене» қазір театр қойған күйінде осы ескі қалпынан көп өзгерген жоқ. Театр мен Мұхтардың биылғы қосқандары, түзеттік дегендері, аз-мұз сөзін жаңартқандары пьесаның бұрынғы бағытын өзгерте алмаған. Шуда жіппен жамаған ескі-құсқы болған да, одан аса алмаған. Мұхтардың қазіргі көздегеніне де, біздің тілегімізге де әкеле алмаған. Сондықтан «Хан Кененің» қойылуын тоқтатып, түзеттірейін деп отырған оқу комиссариятының бұл ісіне театр да, Мұхтар да жәбірленбей, қуанулары керек. Оқу комиссариатының өзі-өз болғалы мұндай іске қатынасып, жақсы пьесаны сынағысы келгені қуантатын іс, жаңалық. Біздің міндетіміз де бұл ісіне жәрдем беру, жақсы пьеса жасау, бұл жөнінде азды-көпті пікірімізді ортаға салу».

(...) «Хан Кенені» шу деп сахнаға шығарғанда театр да, оқу комиссариаты да асығыстық істеді. «Хан Кене» жайындағы ойласуды керек ететін пікірлерге құлақ аспады. Көрер көзге-ақ, басқа пьесаларды ысырыңқырап қойып «Хан Кенемен» бір жарқ ете түскісі келді. Орынбек жолдас осы «Хан Кене» арқылы театрдың бағытын, жолын белгілеймін дегенді талай-ақ айтып жүрді. Төңкерісшіл театрдың бағыты мен жолын «Хан Кене» арқылы, «Еңілік-Кебек» арқылы белгілеймін деудің өзі қате болатынын ұғынғысы келмеді. Біздің драма театрымыз өзі-өз болғалы ескі пьесаларды жаңа пьесалардан анағұрлым жақсы қойып келеді. Мұның өзі біраздан соң театрды кейін тартатын, ескі тұрпаттарды (образ) пайымдап, жаңадан қашықтата беретін нәрсе болып шығатынын ескермеді. Өйткені, жаңа пьесалардағы жаңа қарым-қатынастарды, жаңа адамдарды тереңдетіп көрсетуге талпынудың орнына ескі шаңдақты шыңдай беру, театрды ілгері сүйремейді. Театрдың шеберлігі «Түрксіб», «Майдан», «Тартыс», «Талтаңбай» секілді пьесаларға салынып, театрдың бағытын, жолын осылар арқылы белгілеу керек. Театрдың жолын белгілеу деген – саяси мәселе. Жеңіл қарауды көтермейтін мәселе. Мұны белгілеу театрдың өз қолында ғана емес.

Біздің театр биыл қысқысын жаңа пьесаларды шеттетіп, бар тілеуі «Хан Кененің» үстінде болды. «Хан Кенеге» сын көзімен қарай алмағаны да сол сыңар жақтылықтың салдары. «Ән-күй театры жұртты аударып әкетіп барады» деген күндесу де болмай қалмаған шығар. Әйтеуір «Хан Кене» арқылы оңай ғана жарқ ете түсуді тым-ақ дәстүрлеп жүргендігі айқын еді. Ойланудан гөрі даурығу жағы басым болып келді де, «Хан Кенеге» ұрынды. Ұрынды дейтініміз, терең сын арқылы терең түзетудің орнына ұсақ-ұсақ жамаумен түзетіп, сахнаға шығара салды. Сол асығудың, ұрынудың арқасында жұртшылық алдына бір салып алуды да артық көріп, бірден билет сатып шығындарын көтерді. Театр «Хан Кенені» қоюда сүріне қалса, ол әншейіндегі ұшыраса салатын жеңіл сүріну емес. Мойынға қаупі бар, мойын үзілу қаупіне ұқсас сүріну болатынын ұғынбады. Бұл асығыстың қате болғанын театр да, оқу комиссарияты да енді ұғынып отырған болулары керек» - деп әңгімені әріден бастайды да «Хан Кенені» қалай түзету керек?»- деп сұрақ қойып, одан әрі пікір суыртпақтайды.

Әрине, мәселенің бар кілтипаны сол «суыртпақта» жатыр. Бұл «суыртпаққа» С.Сейфуллин де қатысты. Ол да әңгімені қойылымдағы Кенесары-Наурызбай бейнесінің «асыра сомдалуынан» бастады:



...«Хан Кене» алғаш театрда көрсетілген күннен бастап мен бұл туралы пікірімді ашық айтқан едім. Біздің ағарту, мәдениет істерімізді басқаратын орындардың шақырған кеңестерінде де «Хан Кене» туралы пікірімді айтқан едім. Баспасөз басқармаларының сұрауы бойынша сол пікірімді енді совет жұртшылығының алдына жазып салуға тура келіп отыр.

«Хан Кенені» Алматыдағы жұртың көбі көрді. Бұл пьесенің, қысқасынан айтқанда, мазмұны мынау: Кенесары ұлы жүз ішінде әкесіне ас береді. Сол аста өзі хан көтеріледі. Қырғызды бағындырамын деп, соғыс қылып қырғыздан жеңіліп, Наурызбай екеуі қолға түсіп, тұтқында өлтіріледі.

Әрине, жазушы өзінің жазуына нені тақырып қылып алса да ықтияр өзінікі. Ал, бірақ, біздің совет жұртшылығы да ол тақырыптың көрсетілуіне қалай қарайтындығын, қалай түсінетіндігін айтуға тиіс.

Дұрысталып, толық тарихы жазылмаған Қазақ АССР республикесіне тарихи кітаптар қажет нәрселердің бірі. Тарихи әңгімелерді қолға алуы Мұхтардың дұрыс қызмет қылғандығы деп білемін. «Хан Кене» дұрыс көрсетілмегенімен, тарихымыздың белгілі бір дәуірінің мәселелерін көтеріп отыр, сонысының өзі пайдалы зат.

Енді «Хан Кененің» өзіне келейік. Кенесары, Наурызбайдың қырғызбен соғысқанын тақырып қылып алып, бүйтіп көрсету өте келіссіз нәрсе болғандығы театрда айқыннан-айқын көрінді.

Бірақ, мүмкін кейбіреулерге келісті болып та көрінген болар, ол ғажап емес. Жұрттың сана-сезімі әлі бір қалыпта емес. Біреуге теріс көрінген нәрсе, екінші біреуге оң көрінуге де мүмкін.

Ал енді екіншіден, олай болмағанмен, енді «Хан Кене» пьесесінің өзін талқылайық. «Хан Кененің» мазмұнын қысқаша айттық:

Кенесары–Наурызбай әкесіне ас беріп, хан көтеріліп, қырғызбен соғысып, жеңіліп тұтқынға түсіп, тұтқында өлтіріледі. Міне осы уақиғаның өзі «Хан Кенеде» тарихи жаңа социалшылдық шындық ретінен жарамды болып көрсетілген бе?

Менің пікірімше, бұл уақиғаның өзі де пьесенің тарихи социалшылдық шындық ретінен жарамды болып көрсетілмеген. Жарамды болып көрсетілмегені былай тұрсын, зиянды, ұлтшыл сезім оятатын жат пьеса болып шыққандығы айқын көрінді.

Ұлтшылықты жасыл түске мысал қылып, социалды шындықты қызыл түске мысал қылсақ – «Хан Кене» пьесесі үлкен жасыл жайманың әр жеріне қызыл, қызыл болғанда қошқыл қызыл жамаулар жамаған сияқты болып шыққан. Және ол жамаулары орынсыз жапсырылып, дөрекі ақ жіппен көктей салған сияқты болып шыққан. Және, жасыл жайма – құлпырған жасыл асыл жібек сияқты болып шыққан да, қызыл жамаулар – қошқыл бояулы, арзан жұқа қызыл мата сияқты болып шыққан. Театрға келген жұрттың көбі әлгі қошқыл қызыл жамауларға көңіл тоқтатпайды. Көңілін жасыл жайманың көлеміне тоқтатады. Көлемді жасыл жібек жайманың құлпырған әсерлі түрі аңқау жұрттың көбін елтітіп әкетеді.

Ал, атын атап айтайық: «Хан Кене» пьесесіндегі суреттелетін негізгі басты адамдар: 1 – Кенесары, 2 – Наурызбай, 3 – Кенесарының қарындасы Бопай қыз. Екінші қатардағы адамдар: 1 – қырғыз Кәрібоз, 2 – қазақ Бұғыбай басшы, 3 – Ағыбай батыр, 4 – Сыпатай батыр және басқалар.

Кенесары қандай адам болып суреттелген? Кенесары «қиырға көз салған» қайыспас болаттай ер болып суреттелген.

Наурызбай қандай адам болып суреттелген? Ол қарап отырған аңқау жұрттың көбі: «Тек әттең сабырсыздығы-ай» дейтін, қылшылдаған екі жүзді ақ алмастай, тасыған, жұлқынған қайратына ие болмаған, өлімнен кірпік қақпайтын батыр болып суреттелген.

Бопай қандай болған? Ал, Бопай – бүкіл Кенесары ниетінің, Кенесары тобының, Кененің өзінен соңғы ішкі ұйтқысы, қозғаушысы, рухы болып суреттелген. Қысқасы, мұның үшеуі де, аңқау жұрттың көбі: «Тек Наурызбайдың сабырсыздығы болмаса», « Ер болсаң, батыр болсаң Кенесары мен Наурызбайдай бол, қыз болсаң Бопайдай бол!» - дерлік адамдар болып көрінеді – басталуынан ақырына шейін.

Әкелеріне ас беріп, Кенесарыны хан көтерген бірінші пердеде, биікке тігілген жамбыны садақпен атысқанда, еш бір батыр түсіре алмаған жамбыны, өрулі шашы тоқпақтай болып беліне түскен Бопай қыз қар садақты шірене тартып атып түсіреді. Атып түсірген жамбысын Кенесарыны хан көтеріп жұртқа үгіт патуа айтып, батасын берген ақсақалға әкеп береді. Пьесенің ақырына шейін, Бопай ылғи Наурызбайды ақылға шақырып жүреді... Бұйрық қылады. Кенесары тобының бір ауыздылығын, ынтымағын сақтауға күш салады, сол ниетпен «ханның қызы болса да қараға бас иіп», бүкіл қолдың басшысы Бұғыбаймен жақын болып, оның көңілін табады. Қырғызбен соғысқанда, дағдарған, жасыған батырларды қайрап, қырғызға шабуға – аранға айдайды. Ақырында Кенесарының тобы әлсіреген кезде, қашып кетпек болған Бұғыбайды – «сүйген», «тамыр» батырын «қашасың» деп жарып тастайды. Мен, «Хан Кене» пьесесі ең алғашқы күні ойналғанында болдым. Бопай қыздың әлгідей істеріне аңқау жұрттың көбі сүйсініп, қол шапалақтап отырды. Наурызбай да пьесе басынан ақырына шейін аңқау жұрттың көбін аударып әкетеді. Наурызбай қырғызбен соғысып жатқанда, бір қысылған жерде, ағасы Кене ханға айыпты болып қалғанда, ағасы оны өлімге бұйырады. Батырлар ханнан Наурызбайдың күнәсін соғыс үстінде кешіруін сұрайды. Хан кешірім бермейді. Наурызбай: «Әмірің екі болмасын бұйрығыңа, өлімге ырзамын, тек тілейтінім – мені қоя бер, мына жауыңның – қырғыздың қолынан өлейін!» - дейді. Батырлар да соны сұрап өтінеді. Кене хан бұл тілектерін береді. Сол арада, Наурызбай жалма-жан ақ боз атқа мініп, алмас қылышын жарқылдатып топтың арасына жетіп келіп, топты қыздырып, жандырып, ойнақтаған ақ боз аттың үстінде «хан Абылайдың аруағын» айтып Кене ханның бұйрығын айтып, «өлімнен ердің тайсалмайтынын» айтып қырғыздарға атылып жөнеледі. Бұл арада театрда қарап отырған аңқау жұрттың көбі көтеріліп қызып қол шапалақтағанда театрды солқылдатады.

Кенесарының қолы әлсірейді, дулаттар біртіндеп майданды тастап кетеді, Наурызбай шатыр жанындағы тастың басына шығып «Сары Арқа» әніне салып мұңайып өлең айтады. Өлеңі, әні қазақ жерлерімен қоштасқан сияқты болады... Қасына ағасының қызы келеді. Наурызбай қарындасын құшақтап, Абайдың «Желсіз түнде жарық айындағы» екі ғашығындай сүйеді. Сол кезде қобыздың сарнаған күйі естіледі. Наурызбай селт етіп тыңдай қалады. Мұңайып, қобыз күйін тыңдап, қарындасын ертіп шатырға жөнеледі. Қарындасына: «Қалқашым, ана күйді есітесің бе... Қорқыттың күйі ғой! ...» - дейді.

Міне бұл арасы, жан күйін көрсететін жерлерінің бірі. Және бұл арасы да қарап отырған аңқау жұртты аударған үстіне аударатын жерінің бірі.

Дәл осы арадағы «Сары арқа» әніне салып, «Шалқар көлді» айтып, «Сарыарқа белді» айтып қазақтың жерлерімен, суларымен қоштасқандай, мұңайып тұрғанда Қорқыттың күйі естілуі оны тыңдап, Наурызбай: «Қалқашым-ай, анау Қорқыттың күйі ғой!...» - дегені Мағжанның «Қорқытын» еске түсіреді. Мағжанның «Қорқытында» да, Қорқыт «тағдырынан» қашып алас ұрып, сандалып қазақ даласында құтылмас түнекте дағдарып отырып, өзінің еңіреген зарын қобызға сап күй қып тартқан. Қорқытты жыр қылып, Мағжан Қорқыттың еңіреген үніне өзінің үстемдігінен, байлығынан айрылған табының зарын қосып ұлтшылдық сезім оятпақ болған зарын зарлаған. «Қорқыттай болып, қобызымды құшақтап отырып өлсем арманым жоқ! ...» - деген. «Хан Кенедегі» Наурызбай мен Қорқыт күйінің үн қосқаны да маған Қорқыт күйіне үн қосқан Мағжан сияқты болып көрінеді.

Онсоң Наурызбайдың банағы, «сүйген» қыз үшін Кенесарыға кінәлі болып, Кенесары Наурызбайды өлім жазасына бұйырғанда, Наурызбай: «Жарлығың екі болмасын!... Өлімге ырзамын, бірақ жауыңның қолынан өлейін!» - деп қылышын жалтылдатып, ақ боз атпен қырғыздың самсаған қолына қарсы шыққаны да, маған жаңағы Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты болып көрінді. Мағжанның жылап жоқтап, төбесіне көтеріп ардақтаған «Батыр Баяны» да, «сүйген» қызы үшін інісін өлтіріп өзіне өзі кінәлі болып:

«... Ел беті, енді маған болсын арам

Анашым аттанамын, жауыңда өлемін» - дейді.

Сөйтіп Кенесарының үлкен әкесі хан Абылаймен қалмаққа аттанып келіп, Абылайдың бетіне кеп, Абылайға кінәлі боп, қалың қалмаққа жүз шамалы ғана жігітпен шауып, қалмақта өледі... Сүйтіп, Наурызбай да Мағжанның батыр Баянынша қалың қолға қарсы шауып, қырғыздың қолына түсіп өледі.

Ал, Мағжанның «Батыр Баяны» да, «Қорқыты» да қазақ әдебиетіндегі ұлтшылдықтың және оның жылауларының ең ащы зар күйлері дерлік жырлар.

«Хан Кене» пьесесінде көрсетілетін адамның ішіндегі, ең бастысы, әрине, Хан Кененің өзі. Ал, бұл хан Кене (яки Кенесары) пьесенің басынан аяғына дейін күшті, қайратты «қиырға көз салған» ер болып суреттелген дедік. Және «қиырға көз салған» ер болып суреттелгенде, ұлтшыл, «қазақшыл», «халықшыл», «отаншыл» ер болып суреттелген» - деп спектакльдің «әсіре әсерін» сынады.

Бұған Жазушылар одағының басшысы ретінде Ілияс Жансүгіров те араласты. Ол ең басты «қатені» театрдың жүдеу халі мен оның директоры Орынбек Бековтің «бірбеткейлігінен» іздейді:



«Қазір «Хан Кененің » айналасында әңгіме бас көтерді. «Хан Кене» қазақ театрының қойылуында – құлаған пьесе. Сахнадан тоқтатылған. Кеңеске түскен. Пьесенің кемшілігі айтылған. Пьесені қайта түзетугс ұйғарылған. Жазушының да, қоюшының да «Хан Кенедегі» қатесі көрсетілген. Бірақ театрдың деректірі Орынбек жолдас «Хан Кене» туралы қатаны анық мойындағысы келмейтін көрінеді. «Оқу кәмесереті болсын, өзге болсын, біздің дұрысымызды бұрыс етуге ұмтылады» – дегендей ойы бар. «Хан Кенені» түзету туралы пікірді қарсы алудың орнына не қыртыстанып қыйқайып қалу, ие бет тырнасқа белсеніп дайындалуы бар. Бұл Орынбектің «Хан Кенені» сөз қылған мәжілістегі сөзсіз қалуы мен «Лениншіл жас» газетіндегі соңғы мақаласынан көрінеді.

(...)

Ал әңгіме көтерілген «Хан Кенеге» келейік. «Хан Кене» Мұқтардың бізге келгенше жазылған пьесесі. Бұл пьесе – Мұқтардың бұрынғы байшыл ұлтшылдық көз қарасымен жазылған пьесесі. Мұқтар бұл пьесесінде де бұрынғы пьеселері «Еңлік-Кебек», «Қаракөздердің» сарынымен қазақ елінің ескілігін арман қып, ескі хандардың жұрнағы - «елім» деген ұлдарын, Кене хандардың өлімін, қаһармандығын мұраттаған, жоқтаған пьесесі. Ал, «Хан Кенені» театрдың мына қойысында – пьесенің сол ескі құрылысы, уақиғасы, сөздері барлығы да сол бұрынғы күйінде қалды. Оны дәлелдейтін сөздер Ғабит мақаласында жақсы келтірілген. Бұл пьесенің бастапқы негізгі мақсаты–идеясы бұрынғы күйінде қалды деген сөз. Театрдың, Мұқтардың пьесесінің ескі құрылысына тиместен апарып қойған біраз жаңа жамаулары (кедейлері, кемпірлері) жабыспады. Қайта жамау екендігі жақсырақ көрінді. Міні, бұл «Хан Кенені» қоюдағы театр мен жазушының басты қатасы еді. Бұл қатаны – Орынбек мойындап қоюдың орнына, қатаны айтушыларға құлағын жымыратыны – қатаны қарсылыққа айналдыруға талап ету сияқты. Мұның үстіне Орынбек соңғы жазған мақаласында – «Хан Кененің» құлауындағы театр қатасына өзгелерді де қосақтап алғысы келеді. «Наркомпрос репертуарға бекіткен, Крайком кісілері қойыла берсін деген, худсовет кеңеске салған» дейді. Наркомпрос «Хан Кене» қойылсын деп бүгін де айтады. Бірақ театрдың көрсеткен «Хан Кенесіндсй» пьесені қойма дейтін шығар. Орынбек атаған Өлкелік комитеттің Таганскийі де осылай деген болар. «Хан Кенені» сөз қылып жатқан «худсоветтің» бір кеңесінде болғанымды білем. Мұндағы жұртқа театр адамдары «Хан Кененің» көптен дайындалғандығын, қоюға пісіп-түсіп тұрғандығын ғана қабарландырған. Бастығы Орынбек, Мұхтар болып Хан Кене, Наурызбайларды өздерінше – еңбекшілердің анық дұшпаны етіп көрсеткендігіне жұртты сендірген, «Хан Кенені» түзету туралы бір сыпыра кісілердің (Рақымжан, Ғабит, мен тағы басқалар) пікірлерін қалай да алмау жағын көбірек дәлелдеп, не жүре тыңдап – театр өнерін «біз білемізге» салыңқыраған» - деп екі әріптесінің соңына ала пікір білдірді.

Ал «Хан Кененің» тағдыры бұдан бұрын жарияланған Ғ.Мүсрепұлы мен С.Сейфуллиннің «Хан Кене» туралы пікір алысуында» шешіліп қойып еді:



Ғ.Мүсрепұлы: «Ендігі мәселе кім айтыпты соның жер-жебіріне жетуде емес, «Хан Кенені» қалай түзетуде. Бұл жөнінде оқу комиссариятының «Хан Кенені» тоқтатып қалай да түзету керек дегеніне әбден қосыламыз. Бірақ, түзетудің жолы қандай болу керектігі жайындағы басты пікіріне қосыла алмаймыз. Өйткені оқу комиссарияты театрға жазған «Хан Кененің» мазмұнын түсінбеген сияқты. Түсінбегеннен кейін сілтеген жол өзінен өзі-ақ дұрыс болмақшы емес. Шала түсінгендіктен теріс жол сілтеп отыр.

Оқу комиссарияты театрға жасаған бұйрығында былай депті:

«Хан Кененің» үш пердесін көріп, бұл қазақ елінің орыс патшасына қарсы күрескен тарихы мен қырғыз-қазақ арасының төңкерістен бұрынғы ұлт қарым-қатынасын көрсетуге арналған пьеса деп түсіндім» - депті. Міне оқу комиссариятының мұнысы түсінгендік емес, түсінбегендік. Негізгі қосылмайтын жеріміз де осында.

Босқа таласып, керкілдеспеу үшін ең алдымен түсінісіп алатын бір мәселе бар. Ол әңгіме келешекте жазылатын, әзір жазылмаған пьеса жайлы емес. Әлде қашан жазылған, қазір сахнаға шығарылған «Хан Кене» жайында. Осының мазмұны не? Соны сөз қылып отырмыз. «Хан Кенені» көбіміз көрдік. Темірбек үш пердесін көрсе (үш пердесін ғана көріп тұжырымды қорытынды шығарудың өзі ұшқарылық болады демей-ақ қояйық. Темірбекке: Біз түгел көрдік, біз көрген «Хан Кененің» қай жерінде қазақ елінің орыс патшасымен күрескен тарихы барлығын біз біле алмадық. Сахнаның аржағында болмаса, сахнада ол жоқ. Сахнада қойылған, біз көрген «Хан Кененің» түсінігі басқа. Мұхтар Кененің қалай хан сайланғанын, қалай құлағанын, сонымен бірге хандықтың қалай тұралағанын көрсетуге тырысқан. Біздіңше түзетуді осы жағындағы кемшіліктерінен іздеу керек. Дұрысында «Хан Кененің» мазмұны не? Оқу комиссариятының бұл қазақ елінің орыс патшасымен күрескен тарихы деп отырғаны дұрыс па?

Сахнадан біздің көргеніміз мынау: әр елдің беделді-беделді би, белді батырлары бастап көпке Кенесарыны хан сайлатты. Кене хан болып алған соң жан-жаққа ат шаптыртып, қолы жеткен қазақ елінің басын қосып Абылайдың ала туының астына жинағысы келді. Ерген елді жинайды, ермегенін тіземен ерткісі келіп елші аттандырады. Көнбегенін шаба бастады. Бірнеше елді шауып алды. Көнбегеннің бірі – қырғыз. Іргесін Алатауға көміп, қытай патшалығымен қолтықтасқысы келген Кенесары қырғызды шабуға аттанады. Аяғында қырғыздан жеңіліп, құлады. Оның үстіне әуелі Кенеге ерген дулат т.б. елдер Кенені майдан үстінде тастап кетеді, құлаудың басты бір себебі осы болады.

Біз көрген «Хан Кененің» ұзын ырғасы осы. Мұхтардың осылай көрсетуі дұрыс па? Қандай кемшілігі бар, ол өз алдына сөз.

Бірақ, осы «Хан Кенені» қазақ елінің патшамен күрескен тарихы деп түсініп, түзетуді осы жағынан іздесек дұрыс емес. Мұнымыз жазылған пьесаны түсінгендік емес. Тегінде бізге қандай пьеса керек, соны айтайын дегендік, мұның жауабы өз алдында.

(...)

Қазақ елінің орыс патшасымен қалай күрескендігін көрсетуге тек Кенесары оқиғасы ғана үзеңгілеседі деуге болмайды. Бұл тілекке Исатай-Махамбет қозғаласы неге жарамайды. Ол жарамасын, 1916 жылдың қозғалысы патшаға қарсы қазақ ұлтының қозғаласының ең бір беласар биігі емес пе? Жалғыз «Хан Кенеге» қамалатын неміз бар сонша?

Қазақ елінің патшаға қарсы қозғалысының ең бір тұрманы түгел келген мағынасы осы Кенесары қозғалысы ма? Қазақтың патшаға қарсы қозғалысы хансыз болмайтын боса, келіңдер жаңа пьеса жаздырайық. Қозғалысқа қарсы қазақ елін сатқан қазақ хандары толып жатыр. Оқу комиссариятының керек ісі осы жағы болса, ол уақытта «Хан Кенені» түзеттірем деп әуре болудың керегі жоқ. Төсегі түгелімен өзге жаңа пьеса жаздыру керек.

Бүгінгі жазылып қалған «Хан Кененің» шеңберіне бұл тілек симайды да, әсіресе, түзету деген сөздің шеңберіне симайды. Ол тілек - оқиғасы өзгерген жаңа пьесада орындаттыратын міндет, керегі осы болса келіңдер ашық қояйық.

«Хан Кене» қазақ елінің орыс патшасымен күресін көрсететін тарих болсын дегеннен туады. Бұл тілек «Хан Кенені» тек қана түзетумен орындала ма?

Ең алдымен пьесаның оқиғасы түгел өзгерер еді. Бір жағында қазақ даласын отарлап келе жатқан орыс патшасы болып, екінші жағында осымен алысып көнбей жатқан қазақ елі болар еді.

Қ

озғалыстың басында тұра ма, қасында тұра ма, әйтеуір соның ішінде Кене хан болуы керек болар еді. Бұл өз алдына бір тақырып. Бұл өз алдына көрсетуді керек ететін жаңа пьесаның материалы емес пе? Ол пьесаның аты «Хан Кене» емес, басқа болуы керек. Оқиғасы түгел өзгертілсін, бірақ оның аты түзету болсын дегенді естіп отырғанымыз осы.



(...)

Сонда өзіміздің айтарымыз не? «Хан Кенені» қайткенде жетіледі деп ойлаймыз? Соған келейік.

Біздіңше Мұхтардың қатесі - алған тақырыбында да, оқиғасында да екен. Осы тақырыпты, осы оқиғаны алуы – өзінен-өзі қате болып шықпайды. Үздік талап, тарихтан тарих қуалап, бір пьесеге барлық оқиғаны сидырам демей, түйінді бір оқиғаны таба алып, соны терең түрде көрсеткісі келгені - Мұхтардың пьесе төсегін жая білгендігін ғана көрсетеді. Кенесарының әлдеқашан құлаған хандығын қайта аяқтандырсам деп арпалысқан алысы мен оның неден қалай құлағандығын төсек етіп алуында түк қате жоқ. Жазушының қай тақырыпты алуға да еркі бар. Екінші жағынан, қазақ елінің патшаға қарсы қозғалысында Кененің (бас) болып, хан болғанын, не істегендігін көрсетуге «хан Кене» кедергі де болмайды. «Хан Кене» де Кенесары билігінің құлауын тақырып етіп алса, оны біздің тілегімізге сәйкес келтіріп, дұрыс көрсете алса, мұнысын біз қате демейміз. Әлгі алған оқиғаны бұрынғыдан өзгерек дұрыс көрсете алуда. Өйткені пьесенің төсегін қойып қай оқиғаны болса да, дұрыс таңдап алумен ғана мәселе шешілмейді. Тілек орындалмайды. Жазушының көздеген нысанасы, алға қойған мақсаты біздің жұртшылықтың тілегіне жағады ма, жоқ па? Әңгіме осында. Міне, бұл жағына келгенде «Хан Кене» біздің тілегімізге ғана ұшқаспайды, қайшы келеді.

Егер бұл күйінде, бұл атында қалатын болса, «Хан Кененің» пайдасынан зияны мол болады. Жоғарыда айтып кеткен «Хан Кене» ерте жазылған. Мұхтардың ол кезде көздеген мақсаты хандықты көпшіліктің қалай құлатқан күшін пайымдау екен. Құлағанда да ондағы ерлікпен құлаған Кенесары, Наурызбайлардың, бұлардың әулетінің ерлігін жырлау. Бұл пьесаның негізгі желісі болатын.

Осы күні де Мұхтардың тілегі осы деушілер болса оған біз қосылмаймыз. Мұхтар «ұлт ерлерін» көксеп, соны ұсына беретін ескі ұлтшылдық көзғарастан түгел арылып, кеңес үкіметінің тілегінен түгел шығу үшін қалай күресіп жүргендігі бізге мәлім. Феодалдық дәуірдің «ерлерін» көтермелеп, бұлардың қай ісін, қандай қасиеттерін үлгі етіп, ұсына беретін ескі көзқарасымен Мұхтар өзі үшін де көз ұшында күресіп жүріп, бұл жөнінде артына қарайлаған. Сыр көрсеткен жерін біз білмейміз. Ескі байшыл, ұлтшыл тілекте жүргенде Сырымның немере қарындасына ғашық болғанына дейін үлгі-өнеге еткен Мұхтар қазір одан безіну жолында берік екендігін былтырдан бергі жазғандарында үнемі көрсетіп келеді. «Хан Кененің» кемшілігі - Мұхтардың ескі көзқарастарын қазіргі күнде де жақтағандығынан, жақтамайтындығынан болып отырған жоқ. Ескі көзқарастарын әлі де жеңе алмағандығынан туып отыр. Әлі де Мұхтар ескі көзқарастарын неғұрлым қатаң сынға алып, тез ажыраса, солғұрлым кеңес жазушыларының жолын түгел түсіне береді. Мұхтардың бұл күресіне біз барынша жолдастық жәрдем беріп, көмекші болуымыз керек. «Хан Кененің» ескі желісін үзіп, кеңес жұртшылығының тілегіне бағындырып, қайта құруына бәріміздің жәрдеміміз керек. Бәріміз жауаптымыз. «Хан Кененің» басты кемшіліктері, біздің қабылдамайтынымыз - пьесаның алдына қойған негізгі мақсаты. Бұл мақсаты хандардың қазақ еліне қамқор болғандығын дәлелдеп, олардың құлағанда да өзгеше ерлікпен құлағанын дәстүрлеу. Бұл үгіттің бір түріне жататын тәрбие. Жұртшылықты бір күрсіндіріп: «Жарықтық, еркек-ақ екен ғой. Би, басшымыз болған екен ғой. Өздері бүгінгіден көркем екен ғой!» - деген түрде (оларды) үгіттейді (...)».

С.Сейфуллин өзінің ұзақ талдауын: ««Хан Кене» пьесесінде арқадағы қалың қазақ - еңбекші бұқара көпшілігінің патша үкіметіне қарсы қозғалыстары көрсетілмесе, қазақ төрелерімен, қазақ бай-билерімен патша үкіметінің неше түрлі қатыс байланыстары да өзінің тиістісіндей көрсетілмейді. Тек, бұл туралы бірен-саран сөздер ғана айтылады. Және, ол сөздер елеусіз қалып отырады. Ал, қырғыз еліндегі бұл жайттар тіпті ауызға да алынбайды. Қысқасы осының бәрін айта келе, бізге, Кенесары–Наурызбайдың өз бастарының өмір уақиғасын көрсетуден көрі, қырғыз елімен соғысын көрсетуден көрі, сол замандағы қазақ елінің - қалың бұқара еңбекші көпшілігінің патша үкіметіне қарсы, оның ел ішіне кіріп келе жатқан әскерлеріне қарсы, салған бекініс, әскери қалаларына қарсы қылған көтерлістерін, қарсы шабуылдарын, қалың қозғалыстарын көрсетуі керек еді. Ал, Кенесары–Наурызбай көрсетілгенде, тек сол қозғалыстарды пайдаланып, атасының – Абылайдың одан 70-80 жыл бұрын құлаған хандығын қайта тұрғызбақ болғандығын суреттей көрсету керек еді. Тарихи шындық сол еді. Бұл бір.



Ал екінші, олай болмағанда, Кенесары–Наурызбайдың тек қырғызбен соғысқанын көрсететін болғанда, онда да әлгі айтылған тарихи шындықтарды көрсету керек еді. Мұнда да, қырғызға да, қазаққа да, Кенесарыға да, төрелерге де, патша үкіметінің жұмсаған, қолданған түрлі әрекеттерін, құпия, жария әрекеттерін көрсету керек еді. Және мұнда да, Кенесарының қазақ қозғалысын пайдаланып жүргенін айқын көрсетіп ,ақырында қазақ көпшілігінің оны тастап кеткенін айқындап көрсету керек еді. Онсоң, бағанағы айтылған оңай, сөлекет «жамауларды» жамау қылып көрсетпей, негізгі жайманың түрлері қылып көрсету керек еді. Және қарап отырған жұртты
нандыратын да қыльп көрсету керек еді. Екінші, мысалмен айтқанда, ол «жамауларды» жамау қылмай, жайма кілемнің өрнек-түрлері қылып көрсетсе, көрген жұртты нандырып аударып алар еді. Ал үйту, әлгі шет-жағалары айтылған сол замандағы тарихи, саяси, социалдық-таптық, шындықтардың керекті жерлерін мықтап көрсету керек еді.


Әрине, бір пьесеға бір елдің тарихы симайды. Бірақ, үйткенмен бір пьеседе тарихтың бір дәуірінің бір кесіндісін көрсетуге болар еді ғой. Жазушы мен кейбір жолдастар айтады: «Хан Кенеде» тек хандықтың құлағаны көрсетіледі - деп. Бұл да онша дұрыстау емес. Хандық, Кенесарының әкесінің әкесі – Абылай ханның ақырғы жылдарында-ақ құлап қалған (Абылай 1781 жылы өлген). Мұны белгілі Шаһкәрім Құдайберді ұлы өзінің 1915 жылы шығарған «Шежіресінде» анықтап айтады. Абылайхан – Кенесарының бабасы соңғы жылдарында, хан болып отырған орта жүзден сырғып көшіп ұлы жүз ішіне кетеді... Тарихи шындық ретінен Кенесары уақиғасы хандықтың құлағанын көрсете алмайды, 70 жыл бұрын құлаған бабасының хандығын қайта тұрғызбақ болған әрекетін көрсетеді»

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет