Клетка қабықшасының химиялық құрамы мен физикалық қасиеттерінің өзгеруі. Тіршілік әрекеттерінің нәтижесінде клетка көнерген сайын оның қабықшасы өзгеріске ұшырайды. Қабықшаның мицелла торларына сіңетін химиялық заттардың түріне және қасиетіне қарай ол сүректенеді, тозаңданады, кутикулаланады, минералданады және сілемейленеді.
Сүректену кезінде клетка қабықшасының құрамына енетін негізгі заттары химиялық өзгеріске ұшырамайды. Лингин молекулалары қабықшадағы фибриллдер аралық кеңістіктерге сіңеді. Алдымен алғашқы қабықша сүректенеді, бұл кезде соңғы қабықшаның қалыптасуы жүріп жатуы мүмкін. Лингиннің химиялық табиғаты күрделі, ол фенолдың үш өлшемді полимері болып табылатын аморфты зат. Бірнеше нысанда кездеседі.
Сүректенген қабықша өте мықты, қатты, тығыз қасиетке ие. Бірақ морт сынғыш келеді,серпімділігі де аз. Клетка қабықшасы – сүректенген клеткалардың тірі бөлімі, олар су өткізгіштік, таяныштық, беріктік қызметін атқарады.
Сүректенген қабықшадан таза лингин және целлюлоза бөліп алып, оны әр түрлі мақта, қағаз дайындау үшін пайдаланады.
Тозаңдану кезінде соңғы қабықшаға суберин сіңеді. Суберин – глицерин, феллон және тоз қышқылынан тұратын өте берік зат. Суда да спиртте де ерімейді. Тозданған қабықша сұйықты, газ, жылу және электр тогын өткізбейді.
Кутикулалану кезінде кутин заттары эпидермис клетка қабықшаларының сыртқы бетіне ғана сіңеді. Кутин өсімдіктің сыртын қаптап, кутикула қабатын түзеді. Кутикуланың түсі мөлдір, жылтыр зат, сондықтан одан төмен орналасқан клеткалардағы хлорофилл дәндеріне күн бөгетсіз өтіп, фотосинтез процесі үздіксіз жүреді. Кутин қабаты өсімдік мүшелерін қолайсыз жағдайлардан сақтап, қорғаныштық қызметін атқарады.
Сілемейлену кезінде клетка қабықшасының қабырғаларында ерекше заттар: шырыш және сілемей пайда болады. Бұлар физикалық-химиялық қасиеттері жағынан ұқсас, пектинге жақын полимерлі көмірсулар. Пектин заттары мен целлюлозаның химиялық түр заттарының нәтижесінде түзіледі.
Минералдану кезінде клетка қабықшасына минералдық заттар: кремнезем және кальций тұздары сіңеді. Төменгі сатыдағы өсімдіктерден диатом балдырлары және т.б. сабағы мен жапырағының эпидерма клеткалары кремнеземденген.