Поралар мен плазмодесмалар. Клетканың алғашқы қабықшасының қалыптасуы біркелкі емес, оның бір жері қалың, екінші жері жұқалтаң келеді. Соның нәтижесінде алғашқы қабықшада көптеген жұқа ойыстар пайда болады, оларды алғашқы поралық аймақтар деп атайды. Поралардың толық қалыптасуы клетканың соңғы қабықшасының қалыңдауымен тікелей байланысты, өйткені клетканың соңғы қабықшасының қалыңдамай қалған жері – пора саңылауы деп аталады.
Көршілес орналасқан екі клетка қабықшаларындағы поралар үнемі бір-бірімен беттесіп жатады, бұларды жұп немесе қос поралар деп атайды. Егер өсімдік клеткаларының қабықшасы сыртқы ортамен немесе клеткааралық кеңістікпеншектескен жерінде болса, ондай пораларды дара немесе жеке поралар деп атайды.
Пора қуыстарының пішініне қарай пораларды екі түрге бөледі, олар: жай және жиекті пора.
Жай пора қуысының пішіні жіңішке цилиндр тәрізді, жай поралар паренхималық клеткаларда басым. Бұл механикалық ұлпа клеткаларында анық байқалады. Жай поралардың қатар жатқан клеткалар қуысын қосатын каналдарының бір ұшы клетканың ішіне, екінші ұшы пораның жабын үлпегіне келіп тіреледі. Жабын үлпек дегеніміз – алғашқы қабықшадағы алғашқы поралық аймақтар мен аралық тақта.
Жиекті поралар құрылысы жөнінен жай пораларға қарағанда едәуір күрделі және пішінінің өзіндік ерекшеліктері бар. Жиекті поралардың каналдары біркелкі болмайды, өйткені соңғы қабықшаның қалыңдауының нәтижесінде пораның каналы тарылады да, клетканың қуысына шығатын ішкі саңылауы алғашқы қабықшаға тірелетін сыртқы саңылаулармен салыстырғанда едәуір тар болып келеді.
Поралардың жабын үлпегіндегі ұсақ саңылаулары арқылы қатар жатқан клеткалардың бірінен екіншілеріне цитоплазманың жіңішке шұбырындылары созыла еніп жатады. Ол – плазмодесмалар. Плазмодесмалар өсімдіктер клеткасына ғана тән, жоғары сатыдағы өсімдіктердің барлығынан табылған.
Плазмодесманы бір-біріне ендірілген екі цилиндр тәрізді. Сыртқы цилиндр плазмалемма қабықшасы, ал ішкі цилиндр эндоплазмалық тордық түрі өзгерген каналы болып табылады. Бұлардың аралығында рибосомаларсыз гиалоплазма бар.