Лабораториялық сабақ №10
Зертханалық жұмыстың тақырыбы: Тұқым және өскіннің дамуы
Сабақтың мақсаты: Дара жарнақты өсімдіктердің эндоспермді тұқымымен және қос жарнақты өсімдіктердің эндоспермсіз тұқымымен танысу.
Сабаққа қажетті обьектілер мен құрал-жабдықтар: 1. Алдын - ала жібітілген кәдімгі үрмебұршақ, жұмсақ бидай, кәдімгі арпа, егістік сұлы, егістік асбұршақ, бір жылдық күнбағыс және кәдімгі қарамықша тұқымдары. 2. Бидай, арпа және сұлы дәндерінің ұзынынан кесіндісінің тұрақты микропрепараттары. 3. «Тұқымның құрылысы» фильмі. 4. Қол лупасы. 5. Микроскоп және онымен жұмыс жасауға қажетті жабдықтар.
Тапсырмалар:
1. Бидай немесе астықтың басқа өкілдерін мысалға ала отырып, дара жарнақты өсімдіктердің эндоспермді тұқымның құрылысын зерттеу: а) Бидай дәнінің сыртқы құрылысымен танысу; ә) Бидай дәнінің ұзынынан кесіндісінің дайын препаратынан жеміс серігін, тұқымның қабығын, ұрықтың бөлімдерін табу.
2. Мысал ретінде кәдімгі үрмебұршақ немесе бұршақтар тұқымдасының басқа өкілдерін алып, қосжарнақты өсімдіктердің эндоспермсіз тұқымының құрылысын зерттеу: а) Тұқымның сыртқы құрылысынан дақ, тұқым саңылауын (микропиле) табу; ә) Тұқым қабығын сыдырып алып, ұрықтың екі тұқым жарнақтарын, ұрық тамыршасын, ұрық сабақшасын және бүршігін қарау.
3.Суреттерін салып, тиісті белгілерін жасау, қысқаша қорытынды жазу.
1-жұмыс. Қос жарнақтылардың эндоспермсіз тұқымы.
Қос жарнақтылардың эндоспермсіз тұқымның құрылысын зерттеу үшін тұқымды ұзақ жібітуге болмайды, өйткені бөртіп кеткен тұқымның тұқым қабықшасы сыдырылып, тұқым жарнақтары бөлініп қалуы мүмкін. Қол лупасының көмегімен тұқымның сыртқы құрылысын қарастырамыз. Тұқымның сырты едеуір қалың тұқым қабықшасымен жабылған. Тұқымның ойыстау келген бауыр жағында ақшыл сопақша тұқымдақты табамыз. Тұқымдақпен бір сызық бойында көлемі иненің жасуы тәрізді микропиле көрінеді. Микропиле арқылы тұқымға су және ауа енеді. Микропилеге таяу, оның үстіңгі жағында ұрық тамыршасынан пайда болған төмпешік көрінеді. Тұқымдақтан төменірек тұқым бүрінің тұқым тірсегімен пайда болған сызат өтеді, ол тұқым тігісі деп аталады.
Енді бөрткен тұқымды сыдырамыз.Оның іш жағында ұрық тамыршасы, ұрық сабақшасы және бүршіктен тұратын пішіні бүйрек тәрізді ірі екі тұқым жарнағы жатады. Тұқымда эндоспермнің жоқ екенін көреміз. Қоректік заттар ұрықтың тұқым жарнақтарында жиналған, оның клеткалары крахмал және алейрон дәндеріне толып тұрады. Қоректік заттардың құрамын тұқым жарнақтарының жұқа кесінділерінен жасалған препаратқа йод ерітіндісімен әсер ету арқылы анықтаймыз, йод әсерінен белок дәндері сары, крахмал дәндері көк түске боялады.
Периспермді тұқымның құрылысын кәдімгі қарамықша, ал эндоспермді - периспермді тұқымның құрылысын бұрыш тұқымы мысалынан қарастыруға болады. Жұмыстың барысы жоғарыда көрсетілгендей.
Достарыңызбен бөлісу: |