Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасының ерекшелігін тұжырымдаңыз.
Шәкәрім Еңлік-Кебекті тікелей Абайдың тапсыруымен жазған болатын.Еңлік - Кебек» поэмасын автор ел ішінде аңызға айналған, болған оқиғаның ізімен жаза отырып, екі жастың махаббат тргедиясының жеке адамның қасіреті ретінде бағаламай, сол тұстағы қазақ қоғамының қасаң қағидаларын ескілікті сананың қасіреті ретінде бейнелеуге ұмтылады.
«Еңлік – Кебек » поэмасы өткен тарихи оқиғаға өзіндік көзқарасымен, кейіпкерлерін жаңаша сомдауымен, көркем тілмен қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеруімен ерекшеленеді. “Еңлік- Кебек” поэмасында махаббат мәселесіне аз тоқталады. Сюжеттің дамуы және шиеленісуі екі ру табының арасында өрбиді. Кебек шығармада Қалқаман секілді қарапайым адам емес, Алаш танылып келе жатқан жас батыр. Шәкәрім "Еңлік-Кебек" арқылы қазақ поэзиясындағы психологиялық поэманың негізін қалады. Бұл, әсіресе, Еңлік бейнесі арқылы өз өмірін тауып жатады. Өз тағдырының таңдауын таба алмай жүрген Еңлік Кебекпен кездескен сәтте берік байлам жасап, нақты шешімге келеді. Ақылды қыз өз бақыты да, қасірет де кұдай айдап кез келтірген осы батыр жігіттіңқолында екенін көкірек көзімен көріп, жүрек пернесімен сезінеді.
Сондықтан да тағдыр тарткан сыйдан айырылмауга ұмтылады. Қазақ салтында жоқәрекетке барып, жігітке өзі сөз салады. Бұл батыл әрекет Кебекті жеңіл ойға жетелегенмен, Еңлік өз шешімінің шын астарын жайып салғанда, аңкау батырдың асау сезімін ноқталап тастайды. Еңліктің алгашқыда өрескел көрінер қадамының психологиялық дәлелдеулері өте нанымды.
Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романының стиліне көңіл аударыңыз.
Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ прозасын үлкен бір белеске көтерген күрделі шығармасы – «Ақбілек» романы.Романда өз заманының ең бір құбылмалы тұсында сынға түскен қазақ қызының жігер-қайраты мен ақыл-парасаты арқасында өз ортасынан озып шығып, биік қоғамдық сатыға көтерілуі көркем бейнеленген.Ақбілек қарапайым қазақ қызы болғанымен, оның ең басты ерекше қасиеті – сезімталдығы. Екіншіден, Ақбілек батыл да шешімшіл қыз. Оны атып кетуге бекінген Қарамұрттың оғынан құтқарған да осы батылдық.Өмір мен өлім арпалысқан осы бір сәтте жазушы кейіпкер психологиясына терең бойлап, ол тұрғыдағы оқырман танымын бекіте түседі.
Арада бес жыл өткеннен кейінгі Ақбілек – енді мүлде бөлек жан! Көкірек көзі ашылып, санасы жетілген, білікті де білімді адамды көреміз. Балташтай өзіне тең серігін тапқан Ақбілек – тағдырмен күрестің жеңісін көріп, жемісін татқан бақытты әйел. Оның жан жарасын жазған Балташты кездестіруі немесе ұлы Ескендірмен табысуы ғана емес, сонымен қатар санасына нұр шашқан оқу-білім қуаты.Роман Ақбілекке арналып, соның тағдырына құрылғанымен, кейде шығарма соңына дейін бірге жүретін, кейде белгілі бір сюжеттік желінің тірегі іспетті Қарамұрт, Бекболат, Мамырбай, Өрік, Ақбала, Балташ, Мұқаш тәрізді сұрыпталған, орнын тауып, орнықты сомдалған тұлғалар бар. Бұлардың әрқайсысына тән айнытпай ажыратылатын кескіні, сөз саптасы, қимыл-қозғалысы, өзіне ғана тән мінез-құлқы бар.«Ақбілек» романы – қазақ халқының ұлы өзгерістер тұсындағы қасірет-тауқыметін, жаңа өмірге бет бұрысын қарапайым қазақ қызының тағдыр-талайы, талғам-танымы арқылы кең көлемде көрсеткен толымды туынды.
«Ақбілек» романында ақындық прозаның элементтері және назар аударарлықтай әдеби амалдар романның бірінші, екінші бөлімінде көп кездеседі. Мысалы, роман басталған тұста «... күн күзеткен Күршім бар»; «... төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны» деген жолдармен бедерленеді. Қазақ әдебиетінде Абайдан келе жатқан табиғатқа жан бітіру – кейіптеу әдісі бұл романда да қолданыс тапқан. «Мамырласып жату» тіркесі де Жүсіпбекке ғана тән айтылымдай көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |