Xx ғ. б. қазақ әдебиетіндегі әдеби бағыттардың ерекшелігін саралаңыз


XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ прозасының табысын саралаңыз



бет14/96
Дата25.12.2023
өлшемі400,45 Kb.
#199233
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   96
Байланысты:
соңғысы ХХ ғасыр нақты номерленген.

XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ прозасының табысын саралаңыз.

ХХ ғ. 30-жылдарындағы қазақ прозасының табысы
Қазақтың көркем прозасы, негізінен, жиырмасыншы жылдардан бері туып, қалыптасты. Төңкерістен бұрын роман деген атпен басылған шығармалар (Қалың мал, Қамар сұлу, Бақытсыз Жамал) таза прозалық үлгіде емес, өлеңмен аралас келетін, көркем суреттері аз, белгілі бір сюжетті әңгімелеп шығатын схемалық хикаялар еді.
Жиырмасыншы жылдар ішіндегі тарихи оқиғалар легінің қабаттасуы, адам өмірі мен тағдырының күрделілігі, өлеңнің ауқымына сыймастай өзгерістердің молдығы прозаның дамуын жеделдетті.
1917 жылғы төңкерістен кейін-ақ бұрын болмаған проза түрлерінің баспасөз беттерінде көріне бастауы, осы жылдары олардың қарқынмен өрістеуі бұған дәлел. Бір жақсысы, олардың бәрі бір қолдан шыққандай, жаттанды үлгілерге сүйенбей, әр түрлі жазушылық стильді, түрліше жазу өрнектерін алға тартты. C.Сейфуллиннің Жұбату әңгімесінің лирикалық сыршыл үлгісі, М.Әуезовтің Қорғансыздың күні әңгімесіндегі психологиялқ сурет, адам бейнесін кейіптеу, Б.Майлин әңгімелеріндегі өмірдің өзіне сүйенген очерктік стиль, суреттеме әдісі әр тақырыптағы, әр үлгідегі түрлердің жарыса көрінуінің белгісі сияқты еді. 1920-30 жылдары өмірге келген тәуір дүниелер қаламгерлер талантының қандай қатал тыйымдарға қарамастан, өз мүмкіндігін көрсетуге жол таба білетінін дәлелдей түсті.
Осы дәуірдегі қазақ прозасын дамытуға алғашқы күннен бастап қызмет еткен, оның шағын жанрларын жетілдіруде зор еңбек сіңірген жазушы – Бейімбет Майлин. Б.Майлин шығармашылығы – 1920-30 жылдардағы ел өмірінің тұнып тұрған болмысы мен тарихы, алмағайып заманның трагедиясы. Шығарманы символикалық сипат тұрғысынан зерттеуде жазушының «Қара шелек» әңгімесі мол мүмкіндік береді. Әңгімені тереңірек үңіліп оқысақ, астарында үлкен философиялық проблема жатқанын көреміз. Әміршіл-әкімшіл жүйе тұсында коммунистік идеологияға көлеңке түсіретіндіктен қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күштеп ұжымдастыру мәселелері біржақты зерттелгені белгілі. Ал Б.Майлиннің Қара шелегі - адам құқығын аяқ асты еткен, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын жаппай босқынға, аштық пен қуғын-сүргінге ұшыратқан, зорлап отырықшылдандырып, соңында колхозға кіруден басқа жол қалдырмаған авторитарлық, деспоттық қылмыстық істі әшкерелейтін дүние. «Қара шелек» – колхоздастырудың белгісі, меңзеуі.
Әңгіме соңында біз екі бүктеліп, түбі ала майымен сөгіліп жатқан қара шелекті көреміз. Бұл – адамның жеке меншік малына, затына қол сұғудың нәтижесі. Осы бір ғана деталь арқылы Б.Майлин маңызды қоғамдық байламдар жасайды. Колхоздастырудың, ұжымдастырудың неге әкеліп соққаны бәрімізге белгілі. Жазушының алдағыға осылай болжам жасап, жаңалыққа күдіктене қарауын көрегендік демеске лаж жоқ.
Ұжымдастыру идеясына арналған шығармалар дегенде, Ғ.Мүсіреповтің Талпақ танау әңгімесін атап кетуге болады. Кеңес кезеңінде ғұмыр кешкен, сондықтан өз шығармаларында мемлекет талабын ескеруге мәжбүр болған Ғ.Мүсірепов сияқты дарынды жазушының да қаламы ресми саясатқа көндікпей, шындыққа бұрылғанын осы әңгімесінен көреміз. Кеңестік әдебиетте қалыптасқан өлшемге сай Талпақ танау әңгімесі ауылдағы жаңалық салтанатын көрсетеді деп келдік. Қазіргі заман биігінен қарағанда, қазақ ұғымына жат түлікті оны бағушының өзі жиіркеніп, амал жоқтығынан қолға алуы көп нәрсені аңғартса керек. Есен қарттың шошқаны күн ұзақ қойша үйіруі де үйлесіп тұрған жоқ. Авторлық ұстаным жаңа қоғам жағында. Ғ.Мүсірепов ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігіне жоғарыдан күшпен енгізіліп жатқан өзгерістерді мақұл көретіндей. Дегенмен, Есеннің кешке үйіне келгенде таяғын, шекпенін сыртта қалдырып, үйіне жуынып кіруінің өзі-ақ кеңестің ауылға зорлап таңған психологиясының қаншалықты бойға дарымайтын бөгде екендігін көрсетсе керек.
M.Әуезов суреткер ретінде әлі де біз үшін жұмбақ, өйткені барлық нағыз дарынды бірден танып, түсініп кете алмайсыз: қаламгер шығармашылық тұлға ретінде қаншалықты дара болса, оған баға беру де соншалықты қиын. Жазушының құпиялы шығармаларының ішінде әлі де шешімін таппаған, әділ бағасын алмағаны «Қаралы сұлу», «Қасеннің құбылыстары», «Оқыған азамат» және «Қорғансыздың күні» әңгімелері болып табылады.
М.Әуезов Қорғансыздың күні шығармасын 24 жасында жариялап, қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың бас кезінде классикалық биікке көтерді. Әңгімеде қайғы-қасіреттен көкірегі қарс айырылған сексендегі кәрі әженің мұң-зары, Жақыбынан, одан соң Мұқашынан айрылып, үсті-үстіне ауыртпалық әкелген қатал тағдырдың езгісі, қайырымсыз болыс-билердің ызасы іші-сыртына симай отырған жесір келінге деген аяушылық сезімі, қабырғасы қатпаған немересі Ғазизаға деген алып ұшқан аналық ақ пейілі сюжет арқауы болады. Үйелмелі-сүйелмелі қорғансыз жетімдер үйіне кешкілік өтірік құдай жолын қылуға сау етіп келе қалған көрші ауылдың Ақан мен Қалтай мырзасымақтарына ағынан жарылған үш жетімнің, әсіресе аузын ашса, көмекейі көрінген байғұс әженің болыс-бидің ұлдарына шер тарқатып, алай-пұлай бола қалса, олардың көлеңкесі түсер деген ойы, соңында ана сөзінің аяққа тапталып қала беруі суреттеледі.
Қорғансыздың күні әңгімесінің атауынан-ақ қаламгердің қорғансыз адам тағдырын суреттейтінін, оның трагедиямен аяқталатынын іштей сезіп отырамыз. Жазушы шығарманың қалай аяқталатынын, яғни оқиға барысын, тұспалмен-ақ оқырманға алдын-ала білдіреді.
Осы тұрғыдан М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Б.Майлин шығармаларын оқығанда, олардың барлығы бірдей кедей-кепшіктің шашбауын көтеріп, белсенділігін мадақтауға арналмағанын аңғаруға болады. Әңгіме жанрында қалам сілтеген қаламгерлер осы қиын-қыстау заманда ұлт тағдыры, елдегі саяси-әлеуметтік қайшылықтар, адам болмысы, оның ішкі жан дүниесінің айналасындағы ортамен қабыспауы, рухани жадаулық сияқты мәселелерді күн тәртібіне батыл қоя білді. Келер ұрпақ танып алар деген ниетпен астарлы мағына, құпия символдар қолданды.
1920 жылдар – суреткер дүниетанымының бір сәт дағдарып, жан-жақтан
туындаған сұрақтарға жауап іздеп аласұрған кезеңі. Ақ пен қызыл болып екіге жарыла бөлінген дүниенің қай жағына болсын сын көзбен қарай отырып, ұлт мүддесін бірінші кезекке қоя білген ұлтжанды азаматтар заман қайшылығын шығармаларына арқау етті. Осындай астан-кестен, аумалы-төкпелі заман тудырған, адамның ақылына сыймайтын, мағынасыз жаңа тәртіпті қабылдай алмаған суреткерлердің басты мақсатына модернистік бағыт сәйкес келген еді.
Себебі ұлт мүддесін қорғауды социалистік реализм әдісі аясында қарастыру қиын болатын. Бұл бағыт М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтерге жаңа өкімет еріксіз танған әдебиет функциясынан бір сәт алшақ кетіп, өз мүмкіншіліктерін пайдалануға көмектесті.
Олар ақиқатты модельдеуге, жоқ дүниені қолдан жасап безендіруге қарсы болды. Социализмге тән белгілі бір нормамен шектелген, әйтеуір бір кезде жүзеге асады деген елес идеяны нысана тұту олар үшін өнерде өтірік және ойдан шығарылған боп көрінді, сондықтан да олар осы аумалы-төкпелі заманның артына қалдырар салқыны туралы ойлады.
Сөйтіп, жаңа заман жағдайында өмір сүріп жатқан халықтың өткенінен қол үзіп, болашағы бұлдырлана бастағаның сезген жазушылар әр түрлі шартты поэтикалық тәсілдерге бара бастағанын зерделеуге болады. Осы орайда аталмыш жылдардағы қазақ прозасы әлемдік әдеби ағымдағы жетекші бағыттардың бір тармағы – экзистенциалистік дәстүрдің адам мәселесін шешудегі, соған ұмтылысындағы орнына да көңіл бөлді.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   96




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет