2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебі Көпеева Әлия Қамариденқызы Дидактикалық материалдардың топтамасы қазақ тілі мен әдебиеті тереңдетілген



бет1/5
Дата25.01.2017
өлшемі1,77 Mb.
#7719
  1   2   3   4   5
2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебі


Көпеева Әлия Қамариденқызы


Дидактикалық материалдардың топтамасы

(қазақ тілі мен әдебиеті тереңдетілген

9-сынып оқушыларына арналған)

Ертіс ауылы 2014 жыл

Әдебиет-адам ақылына қозғау салып, қиялына қанат бітіріп, ізгі іс-әрекеттерге жетелер өнер түрі.Сондықтан сөз өнері өткен тарихтың, бүгінгі заман шындығының көркем бейнесі ғана емес,оқу мен тәрбиенің басты құралы.Оны танып білу- әрбір саналы ұрпақтың ең басты мұраты.

Бұл құрал Ертіс аймағында XVIII ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі аралықта дамыған әдебиет үлгілері мен әдеби- мәдени тұлғалардың өмірінен мәлімет береді.Дидактикалық материалдар мектеп оқушыларына арналған.

Құрастырып жинақтаған:

№2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Көпеева Әлия Қамариденқызы


Алғы сөз.

Өздеріңе ұсынылып отырған дидактикалық материалдар- 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті»оқулығына көмекші құрал.

Оқушыларға әдебиет сабақтарын тиянақты меңгертіп, практикалық дағдыларын қалыптастыру көп жағынан дидактикалық материалдарды тиімді, дұрыс пайдалануға байланысты.Ал олармен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілдері сан алуан.

Жалпы, «дидактика»деген сөз мағынасында «оқытуды үйрету әдісі,амалы»деген ұғым жатыр.

«Әдебиет- өмір айнасы» демекші шәкірт өмірді көркем шығарма арқылы оқып үйренеді, үлгі-өнеге алады, еліктеу арқылы мінез-құлқын шыңдайды, жеке тұлға ретінде қалыптасады.Осыны ескере оқушылармен бірлесе отырып, оқушыларды мақсатты түрде өзіндік дербес ізденуге баулуды жүзеге асыруымыз керек.Әдебиет пәнін оқыту барысында туған өлке тарихы, ондағы даңқты тұлғалар жайлы, атақты ақын, заңғар жазушылар шығармашылығымен қатар жергілікті ірілі-уақты ақындарымыз бен жазушыларымыздың туындыларына да көңіл бөлу, яғни, жергілікті компоненттерді қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Оқушыларды ізденіске жетелеу, өлкені тану, өз белсенділіктері арқасында білімді меңгеруді жүзеге мақсат ете отырып,9-сынып оқушыларына халық ауыз әдебиеті туындыларын оқыту барысында біздің Ертіс ауданның өткен тарихында орын алған іргелі оқиғалар мен ірі тұлғалар жайында, жер-су, мекендер атауларының пайда болу жайындағы мәліметтер жинастырдым.Әдебиет сабақтарында жергілікті компоненттерді пайдалану оқушылардың танымын арттырып қана қоймай, елін-жерін сүюге, Отанның туған жерден басталатынын сезінуге, ұлттық рухты бойларына сіңіріп өсуге әрі шығармашылық ізденіске жетелейді.

Сонымен қатар жұмыс мазмұнының сан қырлы болуы да қарастырылып, оқушылардың өз ойларын әдеби тіл нормасына сай дұрыс, көркем, әсерлі баяндай білу қабілеттерін дамыту талаптары ескеріле отырып жасалды.



Аймақтық компоненттерді оқытудың мақсаттары:
1.Оқушылардың бойында туып өскен жеріне, туған жердің табиғатына, мәдени орындарына,тарихына деген құрметті арттыру;

2.Белгілі адамдарына деген сүйіспеншілікті арттырып, ұлтжанды патриоттық сезімдерге бай ұрпақ тәрбиелеу;

3.Оқушылардың осы қосымша мәліметтер алуы арқылы танымды біліктіліктерін кеңейтуге мүмкіндік туғызу;

4.Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту;

5.Өскелең ұрпақты әйгілі жерлестеріміздің мұраларын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру;
Аймақтық компоненттерді оқытудың міндеттері:
Өз еліміздің тарихы,мәдени орындары, белгілі ақын-жазушылары туралы мәліметтер жинақтау, олардың шығармашылығын зерттеу, өз еліміздің намысын қорғайтын патриоттар дайындау;

Аймақтық компоненттер тақырыбы бойынша қажетті материалдарды жинап, бір жүйеге келтіру;


Күтілетін нәтижелер:
1.Оқушыларға білім стандартына сәйкес міндетті білім деңгейіне жетуге, олардың шығармашылық, танымдық қабілетін көтеруге мүмкіндік туғызады;

Ертіс ауданының топырағында туған шешендік сөздер,

толғаулар, аңыз әңгімелер, айтыстар.
Аудан тарихы

«Әркімнің туып өскен жері өзіне Мысыр шаһарындай» -дейді халық. Әрбір азамат өзінің туып- өскен өңірінің, ауданының, ауылының тарихын білуге тиісті. Ауданның тарихи тамыры да терең, рухани қазынасы да мол. Мұндағы әрбір жер, су, ауыл атауларының мағынасына ой жіберіп, көне көз қариялардың сөзіне құлақ түрсең,аудан жерінің әрбір төбешігі мен көлшігі, тасы мен талы,сайы мен саласы тереңнен сыр шертіп тұрған ғажайып шежіре екендігіне көзің жетеді.

Ақтоғай мен Ертіс аудандарының шекарасындағы айдынды үлкен көл «Жалаулы» деп аталады. Бұл атау көлге осы өңірді Жоңғар басқыншылардан азат етуден кейін берілген көрінеді.Жеңіс туы осы көлдің жағасында желбіреген. Майданда ерлік көрсеткен Жазы, Түгел, Қошқарбай тәрізді халық батырларының есімдерін ертістіктер қастерлеп жүрек түкпірінде сақтап келеді.

Жазы батыр жерленген - Жазытөбе, орта жүздің әйгілі шешені Байсерке абыз жерленген – Жуантөбе; Абылайхан жасағы келіп найза қадаған жер - Найза ауылының орны; мыңды айдаған Миқа байдың қонысы болған - Беласар, Қызылқақ көлінің күнгей жағындағы бір кезде қазақтардың қарауыл қарайтын орны болған - Ақтөбе жотасы; сондай-ақ Сұлукөл, Қорғанкөл, Оймакөл, Борлыкөл сияқты жағымды, әсерлі естілетін атаулардың бәрінің де астарында аудан тарихының тамаша тараулары жатыр.

Ауданның өткен ғасырдағы тарихында шешендер мен билердің, абыздар мен ақындардың арасында Түгелұлы Байсерке абыздың орны бөлек. Ол өзінің ұзақ өмірінің ішінде қазақ даласының шартарабын аралап, жүрген жерінде ұлағатты із қалдырып, билік айтып өткен дана, дуалы ауыз кемеңгер болған екен.

«Ердің атын елі,елдің атын ер шығарады» демекші Республика жұртшылығына Ертіс ауданы өзінің дарынды перзенті Иса Байзақовтың есімі мен оның шығармалары арқылы да әйгілі. Иса ақынның «Ақбөпе» поэмасының оқиғасын - Ертіс ауданының жеріндегі Бескепе, Шолақсай, Қызылқақ, Ақсу, Ұмсынай, Қазыбек тағы басқа атаулар поэмада өзгертілмей берілген.


Тапсырма

1.Аудандағы жер - су атауларының түпкі этимологиясын жазыңдар.

2. «Туған жер - тұғырың» тақырыбында ойтолға.

Тұрмыс-салт жырлары

Ақ бата

Қазақ халқының «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген нақыл сөзі тегін айтылмаған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде кездесетін ойын-сауық, той-думан, адам өміріндегі майданға, оқуға немесе басқадай ұзақ сапарларға аттану рәсімдері батадан басталып, батамен аяқталатын болған. Жалпы, дастархан басындағы жиын атаулының бәрі-бәрі де батамен түйінделіп келген.

Бата тілеу, бата беру дегеніміз - түркі тілдес мұсылман өкілдерінде көне заманнан бері берік қалыптасқан қасиетті дәстүрлердің бірі. Сондықтан да бата беру құқы ең алдымен жасы үлкен дуалы ауыз ақсақалдардың, аузында Алласы,басында сәлдесі бар молдалардың, сондай-ақ есімі елге әйгілі шешендердің,көсемдердің, бай-батырлардың, атақты өнер адамдарының, ғалымдардың үлесінде деп саналған.
Дастархан баталары
Әрқашан да,ләйім,

Өзі жақ боп Құдайым,

Дастарханың мол болсын,

Не тілесең,сол болсын!

***

Осы үйді Құдай бай қылсын,



Төрт түлігін сай қылсын.

Қысы-жазы жегенін,

Қазы,қарта,май қылсын.
Бақ-дәулетін шалқытып,

Көңілдерін жай қылсын.

Бізге берген дәм-тұзың,

Мың есе боп қайырылсын.


***

Мал бастарың аман болсын,

Пәлекеттерің шабан болсын,

Үй ішіңді азан-қазан,

Лық толтырған балаң болсын!

Балаларыңа бақыт қонып

Елге елеулі адам болсын!

Қырық биең құлындап,

Қымыз толған сабаң болсын!

Қырық қонақ келсе де,

Күтіп алар шамаң болсын!

Елбасына дұрыстық,

Елімізге тыныштық,

Халқымызға ырыс-құт беріп,

Қой үстіне бозторғай,

Жұмыртқалайтындай заман болсын!


Мал өсірушілерге
Бере берсін бермесін,

Келе берсін келмесің,

Шопан ата жарылғап,

Отыз отарын маңырап,

Тегене құйрық қойларың,

Егіздетіп төлдесін!

Егіздеген төлдері

Балталаса өлмесін!

Зеңгі бабаң жарылғап,

Бақыт оты жалындап,

Төрт құбылаңа өргізіп,

Желіндері жер сызып,

Ай мүйізді түліктен,

Сүт бұлағы селдесін.

Қамбар атаң жарылғап,

Айғырларың арқырап,

Құлындарың шұрқырап,

Саба-саба қымызың,

Сапырылып күн ұзын,

Тарқамасын базарың,

Ортаймасың қазаның!

Тұсаукесер баталары

Игілікке бастасың,

Кесілген бұл тұсауың.

Өзіңнен жан аспасын,

Бойды кернеп,құшағын.

«Кем» дегенің кеңейіп,

«Аз» дегенің көбейіп,

Ірілей берсін ұсағың,

Хас сұлуды құша біл.

Ғарышқа да ұша біл,

Таң қалдырсын талабың.

Сүлейменнің жүзігі мен,

Таяғыңдай Мұсаның.

***


Кесілген соң тұсауың,

Жолың да кең ашылсын.

Ашылған ақ жолыңа,

Бақыт нұры шашылсын!

Абылайдай ғып Алла,

Абыройды асырсың.

Көре алмаған дұшпаның,

Аяғыңа бас ұрсын!


Абыздың батасы

Бірде Байсерке абыз жігіттерімен жолушылап келе жатып қымыз ішіп сусындауға бір ауылға келсе, үлкен ақ үйдің сыртында керілген ұзын желіде қырық шамалы құлынның байлаулы жатқанын көріп, сол үйді алдына келеді. Далаға шыққан үй иесі жолаушылардың сәлемін салқындау қабылдап, мәнжайға түсінгеннен кейін: «Әйелім көрші ауылға қыдырып кетіп еді. Сіздерге сусын сапырып беретін кісі жоқ» -дейді міз бақпастан.

Жолаушылар байдың Шығайбайдан сараң екенін сезіп, аттың басын бұрып алып ауылдан ұзай береді. Бұл жайдың бәрін көріп-біліп тұрған ауылдың бір кедейлеу жігіті жайдақ атқа міне шауып, жолаушыларды қуып жетеді де: «Қуыс үйден құр шықпа» деген емес пе, ауылдың үстіне келдіріңіздер, ас ауыз тиіңіздер, -деп үйіне әкеледі. Сусынға қанған Байсерке дастарқан жиярда бата бергенде:

Бес биенің қымызы,

Бес дуан елге жетсін.

Қырық биенің қымызы,

Қыдырған қатынмен кетсін, -депті.
Тапсырма

1.Бірнеше бата түрлеріне мысал келтіріңдер.

2.Оң бата мен теріс баталарды ажырата талдап,теріс батаның қандай жағдайда берілетінін айтыңдар.

3. «Жаңбырменен жер көгерер,батаменен ер көгерер»деген тақырыпта эссе жазыңдар.


Хош келіпсің, Наурызым!
Нұрын төккен алтын күн,

Туындай боп салтымның.

Мыңдаған жыл жасасқан,

Ұлы тойы халқымның,

Хош келiпсiң, Наурызым !

Көңiлдердi көлдетiп,

Сүт бұлағын селдетiп,

Малымызды төрт түлiк,

Ағыл-тегiл төлдетiп,

Хош келiпсiң, Наурызым !

Шырай берiп жас талға,

Ашық Күн боп аспанда,

Махаббаттың есiгiн,

Айқара ашып жастарға,

Хош келiпсiң, Наурызым !

Ән мен күйден жаралған,

Халқымыздан нәр алған.

Алпыс жыл сап араға,

Елiме қайта оралған,

Хош келiпсiң, Наурызым !


Жарапазан

Бiр Алланың құлымыз, түлегiмiз,

Бiр Алла деп соғады жүрегiмiз.

Қабыл болсын, иләйiм, иманыңыз!

Қабыл болсын тiлеген тiлегiңiз!
Кәмiл болсын иләйiм, иманыңыз!

Иманыңыз кәмiл боп сыйланыңыз!

Оразаны отыз күн сыйласаңыз,

Сiздi де Алла сыйлайды, иланыңыз!


Алтынменен апталсын есiгiңiз!

Күмiспенен қапталсын бесiгiңiз.

Жеңсiк асы жеңгемдi желкiлдетiп,

Ақ сазандай ұл мен қыз өсiрiңiз!

Мұсылманның бұл айда қолы ашылар,

Қолы ашылған пенденiң жолы ашылар.

Құтты болсын оразаң отбасыңа,

Олжаменен оралсын жолаушылар.


Бiздiң келген үйiмiз Орда ма екен,

Үй иесi ғұлама молда ма екен?

Үй иесi ғұлама молда болса,

Құдай иiп жолымыз болған екен.


Байдың әлде бақ қонған үйi ме екен?

Үйiңiздiң еңсесi биiк екен.

Садақаға сараңдық жасағанға,

Таңда мақшар күнiнде қиын екен.


Жеңгемiздiң қабағы ашық па екен?

Ақ көңiлге күн нұрын шашып па екен?

Жеңгемiздiң қабағы ашық болса,

Көңiлiмiз көлдей боп тасып кетер.


Қайта жансын бар болса, өшкенiмiз,

Өсе берсiн биiктеп өскенiмiз.

Жарапазан осымен аяқталды,

Айтарыңыз жоқ болса, қош болыңыз!


Сүйінші

Аудандық «Ертіс нұры»газетінің тұсаукесеріне арналған.
Бауырым, мынау жаңалыққа сүйiншi,

Жыр нөсерi тасқындашы, құйылшы!...

Аңсаған бiр арманыңа жеттiң, - деп,

Достарыңнан сұрасайшы сүйiншi.


Түзе бүгiн тойға лайық сәндiктi,

Аш айқара қазыналы сандықты!

Тоқыраудың тозаңында жоғалған,

Газетiңе қайта, мiне, жан бiттi.


Бұл жылды мен бақытыма балайын,

Қарсы алдың ғой жаңа жылдың талайын.

Жаңа жылды тойласақ та жылда бiз,

Мына жылдың жөнi басқа ағайын.


Оны несiн жасырайын - шерлi елдiң,

Шерiмiздi мәңгiлікке жерледiк.

Жаңа жылға келiп тұрмыз бүгiн бiз,

Өз алдына егемендi ел болып.


Ақиқатты ашып тастап серпiлдiк,

Қыран құстай қанат қағып желпiндiк.

-Қап бәлем! - деп тiстеп келген амалсыз,

Тiлiмiз де алғаннан соң еркiндiк.


Ал газетiм, құтты болсын қадамың,

Жайната бер нұр-шырағын сананың.

Орныға бер әр жүректiң төрiнде,

Дамылдатпай ойлылардың қаламын.


Әдiлдiктiң жон терiсiн iреген,

Жаңалыққа жұдырығын бiлеген.

Қыңыр қанша!

Терiс бiткен бас қанша,

Елiмiздi тығырыққа тiреген!
Ата салтын аяғына басқандай,

Көрсоқыр мен мәңгүрт қанша тас маңдай!

Өткiр болсын садағыңның жебесi,

Сондайлардың бет пердесiн ашқандай.


Әр нөмiрдi күтейiк бiз өлеңдей,

Бiр сөзiң де қалмасыншы еленбей.

Абыройлы, қадiрмендi болғайсың,

“Ертiс нұры” нұр әкелдi дегендей.

1 қаңтар 1991 жыл.М.Жаманбалинов.
Тапсырма

1.Қазақ халқының тағы қандай салт-дәстүрін білесіңдер?

2. «Халқын сүйген салтын да сүйеді»шығарма жазыңдар.

Түгел батырдың елімен қоштасуы

-Әй,сұм жау-ай,қапысын тапты ма ақыр?

Дегеніне жетті ме сатқын ақыр?

Үзеңгіге бір мыстан жаққан удан,

Оқта-текте талықсып жатты батыр.
-Бет алды ма шынымен оңалмасқа,

Мәңгілікке кетер ме оралмасқа?

Азаттыққа жеткізді елімізді,

Не істеп еді сатқынға одан басқа?...


Елі-жұрты жиналып кеп басында отыр,

Сегіз жары жабырқап қасында отыр.

Есін жиып әйтеуір бір мезетте,

Тілге келді-ау көтеріп басын батыр.


-Қош-есен бол туған жер-жасыл бағым,

Ұрпақтарым аяулы,асыл жарым.

Қош болыңдар, бәрің де,бауырларым,

Сезіп тұрмын дәм-тұздың таусыларын.


Бір батырдан қапыда айрылғанға,

Қамықпаңдар,ағайын,қайғырмаңдар.

Одан дағы,татитын мың батырға,

Бірлік атты батырдан айрылмаңдар!


Абыздың соңғы сөздері

Байсерке абыз жүзден бірер жыл асқан тұста Ертіс пен Есіл аралығындағы елдердің жақсысы мен жайсаңы абыздың үйіне жиналысады.Ойлары аяулы қарттың көзі тірісінде бақұлдасу екен.Сонда «Дүниеде не сый көрдіңіз?» -деп сұрағанда,қария былай депті:


Дүние деген бір қу екен,

Заһары күшті у екен.

Тұрағы жоқ бірінің,

Ағып тұрған су екен.


Біреуі елеп ермейді екен,

Қалағаныңды бермейді екен.

Әбден тонап алған соң,

«Кет» -деп қолын сермейді екен.


«Кет» -деген соң,

Жатырмын кетейін деп.

Қамданып,ол дүниеге жетейін деп.

Зор ием тілегімді қабылдаса,

Қайырды енді содан күтейін деп.
Уа,жұртым! Уа,бауырым! Амандастың,

Келмейтін ұзақ жолға қадам бастым.

Бәрінен ғафу сұрап үлкен-кіші,

Ақырғы лебізіммен мен қоштастым.


***

Атақты Күрлеуітұлы Құсайын молда Тайсоймас ауылында мешіт салдырған. Жанында медресе болған. Бұл медресеге шәкірттер Кереку уезінен тыс аймақтардан да келіп дәріс алған.

Қызылағаш болысының Қаби Тәтентайұлы, Иса Байзақұлы, Нығман Алшынұлы тәрізді атақты адамдары осы медреседе оқыған.
Құсайын молданы жоқтау
Жігітке талаптанған өнер арзан,

Көп шығар жете алмаған әркімде арман.

Жамиғат құлақ қойып тыңдасаңыз,

Ұшыпты бір ақ сұңқар Қосайдардан.


Қосайдарға Құсайын молда бопты,

Кітабы Құранымен қолда бопты.

Бес жүздеп оқытқаны шәкірт дейді,

Сөзіне шариғаттың жорға бопты.


Оқыды әуел барып Қызылжарға,

Олардай артық туған кісі бар ма?

Оқуын Қызылжардың бітірген соң,

Беріпті өзі сабақ молдаларға.


Кетіпті оқу іздеп бір қияға,

Шығады ішкі өнері жарияға.

Неше облыс шәкірті келеді екен,

Уфада медресе Ғалияға.

Бәріне сол шәкірттің дәріс берген,

Шұқанақ пар келе ме дарияға.


Тапсырма

1.Жоқтау өлеңдерінің тақырыптық және көркемдік ерекшеліктерін ажыратыңдар.

2.Көңіл күйге байланысты шығарманың қандай түрлерін білесіңдер?
Пәуеден ақын
Пәуеден ақынның ұлты-татар, қай жылы туып, қай жылы дүние салғаны белгісіз.Атағы Ертіс өңіріне әйгілі Дәнді,Домақ байлардың ауылында молда болып келген нағашылы - жиенді екі татар жігіт Дәнді салған мешітке ие болып, бала оқытады.Пәуеден әрі шешен, әрі ақын ретінде ел құрметіне бөленеді.

Пәуеденнің өлеңдері көбінесе нақыл, мақал-мәтелдер болып келеді.


Мақал-мәтелдер.
Ауылыңда батыр болса,

Жау көп болмас,

Әкімің дана болса,

Дау көп болмас,

Көп жақсыдан көп жаман үстем болса,

Елің пәле-жаладан сау деп болмас.


Өлген соң арыстаннан тышқан артық,

Ақымақ досыңнан да дұшпан артық.


Дәулетті бай жомарт ер,

Айдын шалқар көлмен тең.

Қайыры жоқ сараң бай,

Қырық күншілік шөлмен тең.

Жаман болса алғаның,

Үй ішіңнен шу кетпес,

Ақылыңнан ду кетпес,

Суықтығы оның мұзбен тең.


Тапсырма

1.Мақал-мәтелдерден антоним,синонимді тауып,астын сызыңдар.

2.Антоним,синоним дегеніміз не? Сөйлем құрастырыңдар.

3.Ел сөзіне лексикалық талдау жасаңдар.

4. «Мақал-сөздің мәйегі»тақырыбында ойтолғау жазыңдар.

Балапан ұяда не көрсе,.........

Ақыл көпке жеткізер,..........

Жүйелі сөз-жүйесін табар,..............

Өнерлі жігіт өрде озар,............

Жалғыздың үні шықпас,...........

Жаңбыр жауса ел ырысы,...........

Оқусыз білім жоқ,...................

Жақсы қыз-жағадағы құндыз,..............

Атадан ұл туса игі, ..................................

Атаның баласы болма,...........................
Тапсырма:

1.Мына мақал-мәтелдердің жалғасын тауып жазыңдар.

2.Мақал-мәтелдердің тақырыптық ерекшеліктері туралы айтып беріңдер.

3. Әр түрлі тақырыпта мақал- мәтел теріп, мақал-мәтел кітапшасын құрыңдар.



Төмендегі әзіл сұрақтарға мақал-мәтелдермен жауап беріңдер.
Нұр кімге жауады?

Күлдіретін кім,жылататын кім?

Бір рет өлетін кім?Мың өлетін кім?

Әдепті бала қандай бала?Әдепсіз бала қандай бала?

Түкіріктен көл құрала ма?

Білгенің қанша?Білмегенің қанша?


Мына шарттарға сәйкес мақал-мәтелдерді тауып жазыңдар.
1.Сын есімі бар мақал-мәтелдер.

2.Сан есімі бар мақал-мәтелдер.

3.Есімдігі бар мақал-мәтелдер.

4.Есімшесі бар мақал-мәтелдер.


Жұмбақтар.

Болмайды бізді,

Ешқашан ату.

Түсім аппақ,

Атым-... (Аққу)
Бетіңді тырыстырады,

Арқаңды құрыстырады.

Ыңғайына көне берсең,

Досыңмен де ұрыстырады.

(Ашу)

Бір алаша төселген,



Екі ауылды жалғайды.

Өмірінде еш адам,

Оны жинай алмайды.

(Жол)


Күннің нұрын сүйеді,

Күнге басын иеді.

(Күнбағыс)

Өзім судан өнемін,

Суға салсаң өлемін.

(Тұз)


М.Жаманбалинов

Тапсырма

1.Өздерің білетін жұмбақтармен толықтырыңдар.

2.Жұмбақ құрастырыңдыр.

3.Күнбағыс сөзіне фонетикалық талдау жасаңдар.



Исаның айтуымен тараған шығармалары

Ай астында Айбарша сұлу

(Ертегі)

Абыз:


–Уа, ұлым қайда аттандың? –деп сұрапты.

Баяу хан:

- Уа, баба, сізден бата ала кеткелі келдім. Жер қайысқан қол жайып,дүниеге тыныштық, әділдік орнатқалы аттандым, -дейді.

Сонда абыз отырып:

-Уа, балам,тыныштық па, әділдік пе, ә!... Тыныштық, әділдік орнатам деп соғысқа аттандым де, -деген екен де, үндемей отырған екен. Сонда Баяу ханның тыныштық орнатам деп, жер қайысқан қолмен қырғынға аттанған қатесі ойына түсе қалып, -енді аяғын айтпаңыз абыз, мен тоқталдым, өз жазамды өзім айтайын, менің жазам өмір бойы күлмеу болсын, -деген екен.
Тапсырма

1.Ертегінің қандай түрлерін білесіңдер.

2.Диалогты оқып, тыныс белгілердің қойылу себебін түсіндіріңдер.

3.Төл сөз бен автор сөзінің орын тәртібін сызба түрінде көрсетіңдер.

4.Төл сөзді төлеу сөзге айналдырыңдар, өзгеріске түскен сөздің астын сызыңдар.

5. «Ертегідегі ел арманы»ойтолғау


*Қосымша оқуға: И.Байзақов «Жетімдер»ертегісі
Құралай сұлу

(сахналық көрініс)



Қатысушылар: автор, жігіт, Монтай, Келден батыр, бәйбішесі, Сейқын хан және оның бектері, Құралай сұлу.

Автор:

Қазақтың Есім ханы болған кезде,

Жау жорық жапан түзге толған кезде,

Болыпты Монтай атты бір әділ би,

Руы Ойбас Қыпшақ, Орта жүзде.
Ол кезде Шудың бойын қазақ алған,

Неше жыл сол алапты мекен қылған.

Оңтүстік Қамсақтың жағасында,

Қалыпты Монтекеңнің аулы болған.


Монтайды елі қадір қылады екен,

Айтқанын өнеге деп ұғады екен,

Ер өліп, ел күйзелген іс болса да,

Монтекем жөндесін деп тұрады екен.


Ер құнын екі-ақ ауыз сөзбен айтып,

Монтекең іс жүйесін табады екен.

Сырт елмен тартысқанда табан аумай,

Теңдігін әділ сабаз алады екен.


Әр елдің Монтекеңдей ағасы жоқ,

Болса да ондай үздік бағасы жоқ.

Жалғыз-ақ ел мен ердің ойлайтыны,

Өзі өлсе Монтекеңнің баласы жоқ.


Сол күнде жетпіс төртте бидің жасы,

Қуанып етек тартар жоқ баласы,

Пұшпағы қанамаған бәйбішенің,

Қайғысыз күн өткізер жоқ шарасы.


Тоқалдан жалғыз туған Қайыргелді,

Би түгіл қуанып ед, барлық елді.

Бір тойда диуананың тілі тиіп,

Күнінде құлыншақтай о дағы өлді.


Монтекең сол өлгелі қалды,

Ортақ боп бұл қайғыға ел сандалды,

Жиылып «жақсылары» ел-жұрттың,

Ас беріп, бата оқысып аза салады.


Ер үшін ел қайғыда содан былай,

Жұбатуға Монтекеңді сөз таба алмай.

Шешенін ортаға алып отырды жұрт,

Ешбірі қолай тауып үндей алмай.

Қабақты қараторы, ұзын бойлы,

Кірпікті,бурыл сақал,терең ойлы...

Бұрылып үлкен мұрын, ойлы түспен,

Халқына бір жағалап қарап қойды.


Әрі-бері ойға кетіп отырды жай,

Жұрт күтті не дейді деп қимылдамай,

Күрсініп жерден басын алды дағы,

Сөйледі жұртқа қарап содан былай:


Бірінші сурет

Монтай:

«Уа, жұртым, қайғырмайық бір жас үшін,

Жазымыштың сөгеміз бе еткен ісін?

Ер туса, елден тумақ, елді тіле,

Елсізден ер тумақ па, білмеймісің?...
Ер туып,жоқ елді бар қыла алмайды,

Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды,

Тұсында әр заманның бір сұрқылтпай,

Ұқсаңдар ата сөзі жай қалмайды...


Үйірінен бөлінсе,

Құланның күйі болар ма,

Өз тобынан бөлінсе,

Батырдың бағы жанар ма,

Қара басын қайғырса,

Биде әділдік болар ма?

Бәйек болып халқына,

Ел қорғаған жастардың

Бәрін де ұлым демей ме,

Мейлің мырза,мейлің құл,

Бұқарасы болған соң,

Бәрінің қамын жемей ме?!

Жақсы туса халқымнан,

Бар ма менің арманым,

Айрылмасам салтымнан,

О да менің оңғаным.

Қартайғанда басқан ой,

Қара бастың қамы емес,

Көңілді серпіп ашпас ой,

Мұңдана беру сән емес.

Қамсыз қайғы қапалық,

О да ақылдың заңы емес.


Армансыз адам көрмедім

Осы жасқа келгенше,

Мұңсыз ешкім көрмедім

Қартайып отым сөнгенше,


Арманы жоқ ер көрсем,

Арымастай болар ем,

Азбайтын тату ел көрсем

Тұғырға қайта қонар ем...


Каталог: uploads -> doc -> 1107
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
1107 -> Сабақ тақырыбы: «Пайдалы қазбалар»


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет