Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы



бет1/8
Дата04.07.2018
өлшемі1,43 Mb.
#46938
  1   2   3   4   5   6   7   8




Қазақстан Республикасы Президентінің

2017 жылғы « »

№ Жарлығымен бекітілген







Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары



1-бөлім. Кіріспе

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары (бұдан әрі – 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады және ол Қазақстанның


2025 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асыру үшін орта мерзімді даму жоспарын білдіреді. Ол Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елінің лигасына ілгерілеуін қамтамасыз етті.

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар Мемлекет басшысы


2017 жылдың басында жариялаған, саяси және институционалдық өзгерістерді, қоғамдық сана мен экономиканың өзгерістерін қамтитын Елдің үшінші жаңғыру процестерін іске қосады. Ол жаңғырту процестерін іске асыруға бағытталған және жеделдетілген сапалы экономикалық өсу мен елдегі өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді қойып отыр.

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын (бұдан әрі – 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары) алмастырады, ол жаһандық қаржы дағдарысының салдарын жойды және экономиканың әртараптандырылған тұрақты өсуіне ауысуды жеделдетті. 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізгі міндеттері мен нысаналы индикаторлары орындалды, қалғандары мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар арқылы іске асырылуда.

Екшелген экономикалық саясаттың арқасында біздің еліміз соңғы жылдардың құрылымдық дағдарысынан ойдағыдай өтті, сондай-ақ оң экономикалық өсу қарқынын және халықтың әл-ауқатының жақсаруын қамтамасыз етті. Бірақ қазіргі кезең экономиканың шикізаттық моделі артықшылықтарының төмендеуі, жаһандық экономикадағы протекционизмнің өсуі, цифрлық қоғамның қарқынды дамуы, технологиялық прадигманың өзгеруі, Индустрия 4.0 дамуы сияқты сын-қатерлер қойып отыр – ол Қазақстаннан әлемдегі түбегейлі өзгерістерге жедел ден қоюды талап етеді.

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың негізінде экономиканың өнімділігін және күрделілігін арттыру, адами капиталды дамыту және бәсекелестіктің өсуі жағдайында жекеменшік қаражатты тарту, жеке сектордың көшбастаушы рөлі мен ел өңірлерінің даму әлеуетін іске асыру есебінен экспортқа бағдарланған өндірісті ынталандыруға негізделген жаңа экономикалық өсу моделі қамтылған. Экономикалық өсудің жаңа моделі экономиканың өсу қарқынын әлемдік орташа деңгейден жоғары деңгейде қамтамасыз етеді және «орташа кіріс тұзағын» еңсеруге мүмкіндік береді.

2025 жылға дейінгі негізгі мақсат – адамдар әл-ауқатының әлемнің дамыған отыз елінің лигасына кіру жолында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне шығуына алып келетін экономиканың сапалы әрі тұрақты көтерілуіне қол жеткізу. Экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге, сондай-ақ адамның табиғатқа теріс ықпалын барынша азайтуға негізделуге тиіс. Экономикалық өсу халықтың өмір сүру сапасының артуымен, оның ішінде БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына және ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес арттырумен қатар жүруі тиіс.

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар жеті маңызды жүйелік реформаның және жеті басым саясаттың айналасында құрылған, олар


2025 жылға дейін экономикада және елдің әлеуметтік өмірінде жүзеге асырылуға тиіс. Елдің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы прогресін өлшеу үшін түйінді ұлттық индикаторлар мен халықаралық индекстер а йқындалды.

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың ойдағыдай іске асырылуы мемлекеттік органдардың, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдерінің үйлестірілген іс-қимылдарын талап етеді.



2-тарау. Ағымдағы ахуалды және жаһандық үрдістерді талдау
2.1-параграф. 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды іске асыру қорытындылары
2010 жылы қабылданған 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар өз міндетін 2007 – 2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін ел экономикасында қалыптасқан ахуалды тұрақтандыра отырып орындады.
2016 жылдың қорытындылары бойынша жалпы ішкі өнім (бұдан әрі – ЖІӨ) көлемі 2009 жылға қатысты 36,5%-ға өсті, бұл экономиканың өсуі бойынша стратегиялық мақсатқа мерзімінен бұрын қол жеткізуді қамтамасыз етті.

Макроэкономикалық тұрақтылық сақталды. 2016 жылы инфляция 8,5%-ға дейін төмендеді. Ұлттық қордың қаражатын қоса алғанда, елдің халықаралық резервтерінің көлемі 90,7 млрд. АҚШ долларын құрады және ЖІӨ-ден 66,1%-ға дейін ұлғайды.

2010 – 2016 жылдары шағын және орта бизнес (бұдан әрі – ШОБ) субъектілерінің жалпы қосылған құнының (бұдан әрі – ЖҚҚ) үлесі 20,6%-дан 26,8%-ға дейін ұлғайды. ШОБ-тың белсенді субъектілерінің саны екі есе өсті, 256,7 мың жұмыс орны сақталып, 81,1 мың жұмыс орны құрылды.

Қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыруда айтарлықтай жақсартуларға қол жеткізілді, бұл 2014 – 2017 жылдары Қазақстанның Doing Business


2018 рейтингінде 17 позицияға – 36-орынға жоғарылауымен расталып отыр.

Экономиканың шикізат емес секторларына отандық және шетелдік инвестициялар 64,3%-ға дейін ұлғайды. ЖІӨ-дегі тікелей шетелдік инвестициялардың үлесі 15,6 пайыздық тармаққа өсті.

Сенімді құқықтық орта қалыптастыру мақсатында тегін заң көмегін ұсынуға бағытталған заңдар қолданысқа енгізілді, судьяларды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктерін қатаңдату мәселелері регламенттелді, сондай-ақ Судьялардың жаңа әдеп кодексі бекітілді. Осы жылдары «соттардың дербестігі» көрсеткіші бойынша Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның (бұдан әрі – ДЭФ) Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингінде 30-позицияға көтеріліп, 79-орынға ие болды.

Экономиканы үдемелі әртараптандыру үшін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аяқталды және екінші бесжылдықты іске асыру жалғастырылуда. 7 жылда Индустрияландыру картасы шеңберінде 900-ден астам жоба енгізіліп, 90 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Экономиканың энергияны қажет етуі 6 жылда шамамен 30%-ға төмендеді.

«Агробизнес» бағдарламасының шеңберінде агроөнеркәсіптік кешенде (бұдан әрі – АӨК) АӨК субъектілерін субсидиялау 2 есеге ұлғайды. Қабылданған шаралар өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің 31,7%-ға, агроөнеркәсіптік кешенде 3,6 есеге өсуіне мүмкіндік берді.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды ауқымды дамыту бағдарламасы шеңберінде 1,6 мың км-ге жуық автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланды, Жезқазған – Бейнеу теміржол желісі мен логистикалық инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистральдық көлік дәлізі іске қосылды.

2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың негізгі бағыттарының бірі білім беруге, ғылымға және денсаулық сақтау саласына инвестициялар болып табылады.

Мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту арқылы 3-6 жастағы балаларды қамту 85,8%-ға дейін өсті. Орта білім беруде жоғары қамту деңгейі байқалуда (98,1%). Бастауыш мектептердегі білім беру сапасы бойынша Қазақстан TIMSS рейтингінде үздік 15 елдің қатарына кіреді. QS WUR әлемдік рейтингілерінде қазақстандық 8 жоғары оқу орны атап өтілді, оның 2-уі топ-300 және топ-400 құрамына кірді.

Денсаулық сақтау саласында бірыңғай ұлттық жүйе қалыптастырылды. Жеті жылда қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 3 жылға артып, 2016 жылы 72,3 жасты құрады. Аналар өлім-жітімінің деңгейі 2009 жылмен салыстырғанда 3 есеге, нәрестелер өлім-жітімі 2 еседен астамға азайды.

Мемлекет қабылдаған азаматтарды әлеуметтік қолдау жөніндегі кешенді шаралардың арқасында 2009 – 2016 жылдар кезеңінде табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 8,2%-дан 2,6%-ға дейін төмендеді. Өткен жылдары жұмыссыздық деңгейі тұрақты – 5%-ға жуық болды.

Ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастар тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Ар-ұят еркіндігіне құқықты одан әрі іске асыру, сондай-ақ Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрлерінің еркін дамуы үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Этносаралық және конфессияаралық даулардың профилактикасы мен оларды ерте алдын алудың тиімді жүйесі құрылды. Қазақстан халықаралық қатынастардың белсенді субъектісі болып табылады және әлемдік саясат үшін маңызы бар шешімдер қабылдауға қатысады. Еліміз өңірлік және жаһандық экономикалық жүйелерге (ЕАЭО, ДСҰ) белсенді түрде интеграциялануда.

Сонымен бірге 2014 жылдан бастап жаһандық қайта өндірісі бар «жаңа болмыс» ретінде және осының салдары ретінде әлемдік мұнай бағаларының айтарлықтай төмендеуімен сипатталатын кезең басталды. Бұл еліміздің орнықты дамуы үшін жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерді туындатты.

2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың іске асырылуынан бастап Мемлекет басшысы орта мерзімді перспективада стратегиялық міндеттерді іске асыруды қайта қарау жолдарын қажет ететін «Қазақстан-2050» стратегиясы, Бес институционалдық реформаны жүргізу жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспары, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы және Қоғамдық сананы жаңғырту сияқты маңызды саяси құжаттарға бастамашылық жасады.
2.2 Қазақстанды дамыту үшін бәсекелі артықшылықтар мен салалар

Бүгінгі күні Қазақстан – бұл экономикалық дамуда ерекше серпіліс жасаған және мемлекеттің институционалды негізін қалыптастырған ел. Қазақстан табыс деңгейі орташа ел ретінде танылады: сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 26 048 халықаралық долларды құрайды.



Экономикалық өсу

2010 жылдан бастап 2014 жылға дейінгі кезеңде ЖІӨ өсуі жылына 5-7%-ды құрады. 2014 жылдан бері әлемдік экономикада жағдайдың күрт өзгергені байқалды, нәтижесінде 2015 – 2016 жылдары Қазақстанның экономикалық өсуі жылына 1-1,2%-ға дейін баяулады. 2017 жылдың басынан бері ел экономикасы шамамен 4% жоғары өсу траекториясына қайта оралды, бұл экономиканың жаңа даму шарттарына бейімделгендігін айғақтап отыр.

Өсудің тұрақтылығы іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдау үшін Ұлттық қордың қаражатын пайдалана отырып контрциклдік макроэкономикалық реттеу саясаты есебінен қамтамасыз етілді.

2000 жылмен салыстырғанда экономиканың құрылымында сапалы өзгерістер болды. ЖІӨ құрылымында көрсетілетін қызметтер саласының үлесі 2000 жылғы 48,3%-бен салыстырғанда 57%-ға дейін ұлғайды, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10%-дан 11,8%-ға дейін, көлік және логистика үлесі 6%-дан 8%-ға дейін өсті. Бұл ретте Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында өңдеу секторының өсу қарқыны тау-кен өндіру өнеркәсібінің өсу қарқынынан асып түсті. Қазақстанда бұрын өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрлері жасалды. Олардың ішінде жүк және жолаушы вагондары, электровоздар, жүк, жеңіл автомобильдер мен автобустар, трансформаторлар, рентген-аппаратура, жарықдиодты жарықшамдар, титан құймалары және қорытпалар, дәрілік заттар, сүт өнімдері және басқалары бар. Өңделген тауарлардың үлесі 23,3%-дан 30,3%-ға дейін, тауарлық позициялардың үлесі 777-ден 824-ге дейін өсті.

«Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде экономиканың бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттыратын елдің экспорттық және транзиттік мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған тиімді көлік-логистика инфрақұрылымы қалыптасты.

Агроөнеркәсіп секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұсақ және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперциясына кеңінен тартуға, отандық ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының өсуіне, су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған АӨК дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Соңғы 7 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін жалпы шығару 2,5 есе өсті.

Экономиканы әртараптандыру жөніндегі шараларға қарамастан Қазақстан экономикасының күрделілігі индексі -0,52-ні құрады, мұның өзі Ресей (0,21) және Малайзия (1,08) деңгейлерімен салыстырғанда төмен.

Экономиканың өсуін тежейтін негізгі факторлардың бірі - экономика салаларындағы еңбек өнімділігінің деңгейі бойынша артта қалу болу табылады. Мысалы, ауыл шаруашылығында мұндай артта қалу деңгейі


12-15 есеге, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 5-10 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 2-4 есеге жетеді. Өнімділіктің өсуі қазіргі заманғы технологиялардың жеткіліксіз енуі мен дамуын, негізгі құралдардың тозуының жоғары деңгейі мен жоғары емес технологиялық деңгейін тежеп отыр, ол негізгі капиталға инвестициялар көлемінің 2007 жылы ЖІӨ-нің 30,6%-дан 2016 жылы 25,3%-ға дейін төмендеуінің салдарынан болды. Меншікті технологиялардың дамуы ҒЗТКЖ дамуының төмен деңгейімен шектеледі (Қазақстанда ҒЗТКЖ шығындары ЖІӨ-нің 0,15%-ы, Ресейде – 1,2%-ды, Малайзияда – 1,3%-ды, Австралияда – 2,2%-ды құрайды)1.

Қаржы саласында экономиканың нақты секторын қаржыландыруды тежейтін өзекті проблемалар сақталуда. Қарыз алушылардың жоғары тәуекелдері мен банк активтерінің төмен сапасынан банктік кредит беру көлемі шектелуде. Банктердің балансында шетел валютасының айтарлықтай жоғары үлесі сақталуда, бұл олардың теңгемен қаржыландыруды ұсыну мүмкіндіктерін төмендетеді. 2017 жылғы қаңтарда жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі 6,7%-ға дейін төмендегеніне қарамастан, активтердің сапасы төмен болып қалуда. Баламалы қаржыландыру көздері (бағалы қағаздар нарығы, венчурлық қаржыландыру, факторинг, лизинг сияқты және өзгелері) жеткілікті дамымаған.

2014 – 2016 жылдары фискалдық ынталандыру шаралары нәтижесінде салық-бюджет саласындағы көрсеткіштердің нашарлауы байқалды.
2017 жылға қарай мұнай емес тапшылық 9%-ға дейін ұлғайды, мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 20%-ына дейін артты. Сонымен бірге жалпы бюджет тапшылығын 3%-дан аспайтын деңгейде және Ұлттық қордың активтерін
ЖІӨ-нің 30%-ынан астам деңгейде ұстап тұрудың арқасында елде тұрақты фискалдық жағдай сақталып отыр.

Бизнесті және кәсіпкерлікті дамыту

Кәсіпкерлікті дамыту үшін бизнес-климатты жақсарту, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес құру рәсімдерін оңайлату және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру бойынша түбегейлі шаралар қабылданды.

2017 жылғы Doing Business рейтингінде Қазақстан реформалардың ең көп санын – кәсіпкерлікті ынталандыруға және экономикалық қызметтің белсенділігін арттыруға бағытталған он ықтимал бағыттың жетеуінде
48 реформаны жүзеге асырған мемлекет ретінде танылды. Нәтижесінде рейтингте Қазақстан ЭЫДҰ-ның Бельгия, Италия, Израиль, Грекия және Түркия сияқты елдерінен басып озды.

Соңғы үш жылда Қазақстан экономикадағы мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту саясатын белсенді түрде жүргізіп келеді. Жекешелендіру бағдарламасы шеңберінде 2014 – 2017 жылдар аралығында 125 млрд. теңге сомаға 433 объекті өткізілді. «Yellow Pages Rule» қағидаларын орындау мемлекет қатысатын субъектілер қызметінің түрлерін 47%-ға – 652-ден 346-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру басталды. Осы мақсатта 2015 жылы «Өзін-өзі реттеу туралы» заң қабылданды, нарықтың дайындығын талдау енгізілді, институционалдық тетіктер құрылды.

Қабылданған шараларға қарамастан, мемлекет қаржы ресурстары мен білікті кадрларды өзіне тарта отырып, нарықтарда маңызды рөл атқарады (ЖІӨ-де ЖҚҚ үлесі 18,6%-ға дейін).

ШОБ субъектілерінің экономикаға қосқан үлесі салыстырмалы түрде төмен 24% деңгейінде қалып отыр, орташа кәсіпорындар саны қысқаруда


(2014 – 2016 жылдары 41%-ға). Бизнестің дамуын тежейтін факторлар қаржыландыруға шектеулі қолжетімділік, бизнес жүргізу жағдайында өңірлер арасындағы елеулі алшақтық, заңнамадағы кемшіліктер болып қала береді, бұл бизнесті ірілетудің орнына оның бөлшектенуіне әкеп соғады.

ШОБ секторының экспорттық әлеуетін дамыту үшін экспортты ілгерілету жөніндегі шаралардың кең топтамасы ұсынылады. Алайда, ірі нарықтардан қашықтығы жоғары логистикалық шығасыларға әкеп соғады және қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.


Әлеуметтік саясат

Экономика мен әлеуметтік дамудағы жетістіктер нәтижесінде халық саны 5 жыл ішінде шамамен 1,5 миллион адамға ұлғайды. Бір мезгілде денсаулықты да, жалпы өмір сүру деңгейін де сипаттайтын халықтың өмір сүру ұзақтығы 2000 жылдан бастап 6,8 жылға біртіндеп өсіп, 2016 жылы 72,3 жылды құрады.

Елде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қалыптасты. Жүйелі түрде жүргізілетін скрининг азаматтардың денсаулығын қорғаудың неғұрлым пәрменді әрі тиімді шараларының біріне айналды. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау нәтижесінде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері 100 мың адамға шаққанда 2013 жылғы 99,49-дан 2016 жылы
88,79-ға дейін азайды.

Сонымен бірге денсаулық сақтауды қаржыландырудың жеткілікті болмауы және өңірлер бойынша қаржы ресурстарының біркелкі бөлінбеуі орын алып отыр. Шалғай өңірлерде медицина персоналының жетіспеушілігі әлі де байқалады, қалалар мен ауылдардың кадрлармен қамтамасыз етілуі арасындағы айырмашылық 4 есеге жетеді. Медициналық көрсетілетін қызметтердің жеткіліксіз сапасы және жоғары білікті медициналық көмектің қолжетімділігі байқалады.

Қазақстанның білім беру жүйесі халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануға бағытталған, жоғары білімнің Болон жүйесіне көшуі жүзеге асырылып, Назарбаев зияткерлік мектептері мен халықаралық деңгейдегі Университет құрылды, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы іске асырылуда. Қазақстанда орта біліммен толық қамту қамтамасыз етілді және 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 86%-ға дейін қамту ұлғайтылды.

Қазақстанның PISA рейтингі бойынша орташа балы ЭЫДҰ елдерінің ұқсас көрсеткішінен 10%-ға төмен екендігін ескере отырып, орта білім беру сапасының көрсеткіштері жақсартуды талап етеді. Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының айырмашылықтары сақталуда, бұл ауыл мектептерінің ҰБТ-ның орташа балы бойынша шамамен 10%-ға артта қалушылығынан көрініс табады.

Техникалық және кәсіптік білім беру (бұдан әрі – ТжКБ) жүйесінде дуалды білім беру жүйесі енгізіліп, халықаралық стандарттар енгізілуде. Сонымен қатар, ТжКБ жүйесі инженерлік-техникалық кадрларды даярлау үшін қажетті практикалық дағдыларды қамтамасыз етпейді, материалдық-техникалық база ескірген, ал білім беру бағдарламаларының көпшілігі әлі де халықаралық білім стандарттарына сәйкес келмейді.

Елде ЖОО-лардың көп болуына қарамастан, QS World University Rankings 2016 халықаралық рейтингінде тек 8 университет ұсынылған, ал еліміздің үздік жоғары оқу орны (ҚазМҰУ) ЖОО-ларда білім беру сапасын жақсарту мүмкіндігін айғақтайтын 236-орынды иеленеді.

Сонымен бірге бүгінгі таңда ел халқының тек 11%-ы жоғары білікті зияткерлік жұмысты, шығармашылықты және тұрақты емес міндеттерді шешуді көздейтін білім экономикасы айналысады. Оқу орнын тәмамдаған кадрлардың құзыреттілік деңгейі де жақсару алаңы болып табылады, өйткені Дүниежүзілік экономикалық форумның (бұдан әрі - ДЭФ) Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде (бұдан әрі - ЖБИ) Қазақстан 138 елден орта білім беру сапасы бойынша 68-орынды, жоғары білім беру сапасы бойынша 63-орынды, менеджмент мектептерінің сапасы бойынша 100-орынды және персоналды дайындау және дамыту деңгейі бойынша 70-орынды иеленеді. Бұл кəсіптік білім беру жүйесінің, оның жаңа экономика қажеттіліктері байланысының, сондай-ақ еңбек нарығын реттейтін əлеуметтік жəне еңбек инфрақұрылымының алдына күрделі міндеттер қояды.

Білім берудің басқа да проблемалары арасында педагогикалық мәртебенің беделді еместігін және осы саладағы жоғары емес еңбекақыны, ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, білім беру жүйесін қаржыландырудың жеткіліксіздігін белгілеуге болады.

Әлеуметтік салада табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 25 жыл ішінде 15,6 есеге азайды, соңғы 20 жылда Қазақстан халқының орташа жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табыс 32 есеге өсті.

Жұмыссыздық деңгейі шамамен 5% деңгейінде қалып отыр, алайда өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесі жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санынан 25% деңгейінде жоғары үлесі сақталады. Әсіресе ауылдық жерлерде өзін-өзі өнімді емес жұмыспен қамту ерекше алаңдаушылық тудырады.

Зейнетақымен қамсыздандыру саласында ынтымақты зейнетақылардың төленуін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін олардың көлемі инфляция қарқынынан басып оза отырып, жыл сайын индекстеледі. Тұтастай алғанда
25 жылда орташа айлық зейнетақы мөлшері 227 есеге артып, соңғы 10 жылда зейнетақы мөлшері орташа есеппен жылына 15,7%-ға ұлғайды.Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және халықтың жұмыспен бейресми қамтылған топтарының жинақтаушы зейнетақы қорымен толық қамтылмау проблемасы сақталып отыр.

Өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші тұрғын үймен қамтамасыз етілу болып табылады. Тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың арқасында жыл сайын шамамен 10 млн ш.м. тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні тұрғын үймен қамтамасыз етілу жан басына шаққанда 21 ш.м-ге дейін өсті, бұл Шығыс Еуропа елдерінің деңгейінен артта қалып отыр (жан басына шаққанда 25 ш.м.). «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде 2025 жылға дейін 85,4 млн. ш.м. астам тұрғын үй пайдалануға берілу күтіледі.



Мемлекеттік басқару және заң үстемдігі

Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам шеңберінде жүргізілуде.

2017 жылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған конституциялық реформа жүзеге асырылды. Парламенттің рөлі мен оның үкіметті бақылауы күшейтілді. Азаматтар алдында жауапты «ықшам үкімет» қалыптастырылуда. Функциялар мен көрсетілетін қызметтердің бір бөлігі төмен тұрған деңгейлерге және бәсекелі ортаға берілді.

Мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаттары, мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Этика жөніндегі уәкілетті тұлға лауазымы енгізілді. Соңғы 5 жылда мемлекеттік құрылымдардың тиімділігі 25%-ға (Дүниежүзілік банктің WGI индексі бойынша, 2015), ал халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі


2014 – 2015 жылдардағы бағалау қорытындысы бойынша тек соңғы 2 жылдың ішінде 20%-ға артты.

Дегенмен 2015 жылы Дүниежүзілік банктің бағалауына сәйкес мемлекеттік құрылымдардың тиімділік индексі 100 балдан 41 балды құрады, ал аса дамыған 30 ел тобының көрсеткіші 75 балды құраған болатын. Ағымдағы саясат инновацияларды қолдамайды, нәтижесінде мемлекеттік органдар жұмысындағы табысты өзгерістер нақтылық сипатқа ғана ие болып, кеңінен таралмайды. Қазіргі кезде бақылау тетіктері басым түсіп отыр, олар көп жағдайда нәтижеге емес, процеске бағдарлануды ынталандырады.

Мемлекеттік институттардың есеп беруін, ашықтығын және айқындығын күшейту мақсатында сараптамалық талқылау мен қоғамдық ауқымды консультациялар жүргізу көзделген. Аудит пен қызмет тиімділігін бағалаудың, сондай-ақ азаматтарды тарту институттарының жаңа жүйесі енгізілуде. Халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесі «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясын құра отырып толық жаңғыртылды. Сонымен бірге, халық пен бизнес мемлекет жұмысына әлі де болса әлсіз тартылған – азаматтық белсенділік индексі ықтимал 100 балдан 39 балды құрайды.

Заң үстемдігін және сот төрелігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесі реформаланды. Істерді қарау мерзімдері жартысына қысқарды, оңайлатылған сот ісін жүргізу мен реттеудің баламалы шараларын пайдалана отырып шешілген істер саны жартысына өсуде. Судьяларды іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктері қатаңдатылды.

2000 жылдардың басынан бері бірқатар қылмыстық істер құрамын қылмыстық сипаттан арылтудан, қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетуден, депенализациядан, жазалау, баламалы бас бостандығынан айыру шараларын кеңінен қолданудан тұратын қылмыстық саясатты ізгілендіру кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. 2017 жылғы шілдеде бизнеске қылмыстық-құқықтық қысымды төмендету, адал кәсіпкерлерді қылмыстық процесс шеңберіне тартуды азайту бойынша қосымша шараларды көздейтін Заң қабылданды.

Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа жүйесінің негізін қалады, оның басымдықтары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу жөніндегі шаралар болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды, мұнда: алдын алу құралдары енгізілді. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ратификацияланды. Қазақстан ЭҰДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбул жоспарына қатысушы болды және 19 ұсыныстың 14-інде прогресс байқалып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сенім білдірген қазақстандықтардың саны 2015 жылы 60%-дан 2016 жылы 73%-ға дейін өсті.

Оң серпінге қарамастан, заңдардың сақталу деңгейі әлі де жеткіліксіз. Мысалы, 2016 жылы Дүниежүзілік банктің Заң үстемдігі индексінде Қазақстан көрсеткіші ықтимал 100 балдың 41 балын құрады, бұл ретте алдыңғы қатарлы елдердің көрсеткіштері 75 балдан жоғары2. Transparency International индексінде сыбайлас жемқорлықты түйсіну деңгейі алдыңғы қатарлы елдердің 55 балымен салыстырғанда, 100-ден 29 балды құрайды3.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет