Жертөледегі жазу



бет1/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ
Қилы тағдыр

Романдар топтамасы




АЙҚАРАҢҒЫСЫ

БІРІНШІ РОМАН


Бұлтты жарып Күнді ашқан,


Түнді жарып Айды ашқан
ЖАС ҚАЗАҚ,
Өр даусыңнан
миллион жүрек оянған;
Көз жасыңнан
Көк байрағым боялған...
Жертөледегі жазу.
ПРОЛОГ
НЕМЕСЕ ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ЖАСЫН
Күн жексенбi едi. Ызғарсыз, ашық. Қыстың қыраулы көзiне шуақ ұялап, ерекше жайдары мiнез танытып тұр. Жарты Алматы өрiп тау басына шығып кеткендей, Шымбұлақтың қия беткейi шаңғы-шана теуiп, ию-қию құжынаған жұрт. Ажарлы күлкi, алаңсыз көңiлдiң риясыз қуанышы еркiн шалықтап, таза ауада сыңғыр-сыңғыр жаңғырады. Қар әппақ, күйкi тiрлiктiң күйбiңiнен сiлкiнiп тазарған көңiл одан да әппақ.
Сәбира мен Әзиз-Сұлтан шаңғыларын иыққа асып, беткейдi қиялай өрлеп келедi. Жүздерi алаулап, алқына дем алады. Жаңағы қиқулы, қызулы минуттердiң әсерiнен арыла алмаған ереуiл күй. Мынау қия беткейден iзiнен ақ құйын үйiрiп сәскеден берi қанша рет жарыса сорғалап түстi екен. Он, жиырма?.. Жоқ, санын бiлмейдi. Әйтеуiр елiтiп, естi алып иiрiмiне тартқан бiр сиқырлы құштарлық. Алдыдан гулеп соққан жел етек-жеңiңдi кеулеп, әне-мiне жерден көтерiп әкететiндей. Шаңғының табаны қарды ысқыра есiп төмен қарай заулаған сайын қаның дуылдап, асау, есiрiк қуаныш кернейдi кеуденi. Алдың – ой-дөңес. Қайқаң етiп белеске шығып, зымырап еңiске құлдилайсың. Қос таяқты қолтығыңа жия, тiзеңдi сәл бүгiп алға ұмсынған күйi ағындап кеп ең соңғы трамплиннен секiргенде, көзiңнен жас парлап көк аспанда қалықтап келе жатқаның. Сәулелi, асқақ сезiмнен басқаның бәрi ұмыт, бәрi күйкi, жер бетiндегi қарабайыр пенделiктен де құрық бойы биiктеп кеткендейсiң сол сәт.
Қыр басына шығып, қайтадан қызыққа қиқу қосып сырғанауға бұл жолы асыққан жоқ. Жүздерi нарттай жанып, бусанып тұр. Буындарынан әл кеткендей ерiне басып, екi аттап, бiр тоқтайды. Әсiресе Сәбира әдемi, жұқа танауының етегi делдиiп, ентiге дем алады. Тоқыма көкшiл спорт қалпағының жиегiнен жыбырлап бу ширатылады. Оң қапталдағы қол ұстасып өрмелеп келе жатқан адамдай, бiрi биiк, бiрi аласа қос қарағайдың тұсына жете бергенде Сәбира:
– Ой, шаршадым! – деп қардың үстiне отыра кеттi.
– Нашар екенсiң ғой. Жүр, көтерiп алайын! – Әзиз-Сұлтан күртiкке шаңғысын шаншып, құшағын жайған күйi жақындай берiп едi, қыз аяғының ұшымен өкшеден қағып қап, шалқасынан түсiрдi:
– Кәне, кiм нашар екен?!.
Сыңғыр-сыңғыр күлкiсiн таза ауаға теңгедей шашып қаша жөнелген қызды Әзиз-Сұлтан екi аттатпай қуып жетiп, қарға алып соқты да ернiнен тұншықтыра сүйiп-сүйiп алды.
– Ұятсыз! – дедi қыз жорта өкпелеп.
– Неге? Ешкiм көрген жоқ қой.
– Көрiп тұр.
– Кiм?
– Аспан!
– Көре берсiн. Мен сенi сүйемiн деп бүкiл әлемге жар саламын! Мiне... – Айғайламаққа оқтала бергенде аузына қыз бiр уыс қарды кептей қойды. Екеуi тағы алыса кеттi. Ойыннан басқа уайымы жоқ, алаңсыз, шалдуар балаға айналғандай. Бiрiн бiрi аунатып-домалатып жүр. Бiрi тұра берсе, екiншiсi аяқтан тартып қап, тыраң еткiзедi. Қойны-қоныштары толған қар. Мынау жалпақ әлемдi жалғыз екеуi жайлағандай, еркелей асыр сап, сақылдай күлiп мәз-мәйрам. Түнде жауған ұлпа қар күмiстiң ұнтағындай күнге шағылысады, аунаған сайын киiмiң ғана емес, көкiрегiң де тазара түскендей. Айнала тұнған пәктiк. Қарабайыр тiрлiктiң сурет-елесi, пенделiгiң – бәрi-бәрi жер бауырлап, анау төменде көк түтiнге қақалып көксау шалдай күрк-күрк жөтелген лас шаhардың қалтарыс-қойнауында қалыпты. Тау басына тек күлуге, сүюге ғана жаратылған кiршiксiз пәк көңiлiңдi алып шыққандайсың. Неткен сыңғырлы, сиқыр дүние!
Аспан астын күлкiге толтырып, асыр сап арсалаңдаған күйлерi сай табанына дейiн сырғанап түсiп, қағынып-сiлкiнiп қайтадан беткейге өрмелеген. Кенет өзектi қуалай ұйтқыған сұп-суық жел бусанып алақызған денеге инедей қадалып түршiктiрiп жiбердi. Тыныштық дүр үркiп, шуақ астында шайыр иiсi аңқып, маужырап, мүлгiп тұрған қалың қарағайдың басы сусылдай жөнелсiн. Шуаққа шомылған жаңағы бейбiт сурет лезде ғайып. Ұлпа қар аспанға көтерiлiп, айнала астан-кестең болды да кеттi әп-сәтте. Тау сiлемiнен ойнап шыққан қара бұлт қара құстай қанатын жайып екпiндеп келедi. Мiне ғажап, қыста да мұндай қара бұлт болады екен-ау! Етегi жер сызып тұтаса жөңкiген көлеңке қар бетiндегi ұшқындаған әппақ нұр мен жылуды жым-жылас жұтып, төңiректi қараңғы түнек тұмшалады. Көңiлдегi асқақ күй, алаңсыз қуанышты да сыпырып, тонап әкеткендей, әр қайсысы әр тұста үрпиiсiп қалған. Табиғаттың осынау төтенше мiнезiне ен тағып, ес жиям дегенше болған жоқ, қара бұлттың төсiнен сары жылан – найзағай ирең еттi де аспан шытынап-айрылғандай күркiреп барып, салдыр-күлдір шарқ ете түстi. Бұлар құлағын басып, көздерiн жұма қойған. Ыңырсып, күңiренген бiр дауыс бәрi бiр тосқауылдан өтiп миын сұққылады. Көзiн ашса жаңағы саясында өздерi дамылдаған қос қарағайдың ұзыны бел ортадан қырқай қиылып, жерге тиген бұтақтары күтiр-күтiр сынып, сүйегi үгiтiлгендей ыңырсып, ұлы басын иiп құлап келе жатыр екен. Түбiрдiң тұқылындағы түтiн шалықтап қасындағы балапан қарағайдың етегiне жармасыпты. Сәлден кейiн ол да бұтақтары сытырлап лаулап, қып-қызыл оттың құшағына оранды. Жаңа ғана көк көйлегiнiң етегi дөңгеленген қыздай жайнап, өссем, өркендесем деп көкке талпынған тiршiлiктiң орнында қара күйе дiңгек қана қалды сыйдиып.
Қыз ышқынып жiгiттi құшақтай алған. Бетiн Әзиз-Сұлтанның кеудесiне басып дiр-дiр етедi:
– Бұл не сұмдық? Iзiмiзден шайтан аңдып жүр. Әйтпесе неге жаңағы бiз түбiнде тұрған қарағайға жай түседi?
– Шайтан айналдырғанмен, перiште қақты! – дедi Әзиз-Сұлтан өзiн зорлай езу тартып.
– Күлмешi. Қорқам... қорқам, Әзиз!..
Тау басында шашыраған жұрт абыр-сабыр жиналып, еңiске қарай жөңкiлдi. Әппақ қарға тазарып, таудың шайыр исi аңқыған хош ауасын бойына сiңiрген мөлдiр ағын құлдилап барып төмендегi бұрқырап-қайнаған Қала атты қара мұхитқа құйылды.
Әзиз-Сұлтан Сәбираны жатақханасына дейiн шығарып салған. Көңiлiнде еш алаң жоқ. Ертең жолықпақ боп қош айтысқан. Қыз бiрақ әлденеге дегбiрi қашып жiберер емес. Есiкке дейiн барды да қайтадан жүгiрiп кеп құшақтай алды. Кең ашылған тұп-тұнық қара көздерiнiң тұңғиығына белгiсiз үрей ұялап жаудырай қарайды.
– Не болды саған? – дедi жiгiт таңырқап.
– Бiлмеймiн, жаным. Жүрегiм бiртүрлi болып тұр. Өзiң абай болшы!..
– Қойшы, менi қасқыр жейдi ғой деп пе ең! Ертең сабақтан кейiн келем, киноға барамыз, дайын отыр...
Әзиз-Сұлтан күйрек сезiмге берiлiп елжiреудi ұнатпайтын әдетiмен қыздың алқынған ыстық құшағынан сытылып шығып ұзай бердi. Қашан көшедегi көп жүргiншiге араласып қара үзiп кеткенше Сәбира қоштасқан ишарамен саусақтарын елбiретiп, сол орында тапжылмай тұра бердi.
Бөлмеде ешкiм жоқ екен. Әзиз-Сұлтан аяғын шештi де iргедегi темiр кереуеттiң торын солқ еткiзiп киiмшең шалқалай кеттi. Батар күннiң өлеусiреген шапағы терезенiң қиығында қалтырап тұр. Әдеттегi төбеден де, төменнен де, қос қапталдан да дамылсыз естiлетiн дарақы дауыс, даңғаза музыка сап. Қоңыр кештiң әлдиiнде мүлгiген тыныштық. Күнi бойғы ұлы сүргiн құлшыныстан бұлшық етi үзiлiп, тұлабойы салдырап әбден шаршаған екен. Екi аяғын кереуеттiң басына асып, екi қолын кеудесiне айқастырып шалқалаған күйi қимылсыз жатыр. Тыныштық тiлеген тәнi тәттi ыңырсып, бiр дел-сал, марғау күйдiң тұңғиығына шым батып барады. Ұйқы мен ояудың арасы. Осылай мүлгiп, маужырап қанша жатқанын бiлмейдi, бiр уақытта ойда жоқ, себепсiзден себепсiз көзiне әкесi елестедi. Ап-айқын, қол созымда, дәл бөлменiң ортасында тұр. Үстiнде кәдiмгi үйге киетiн ұзын ақ көйлек-iштән, басында қызыл кепеш. Жалаңаяқ. Сақал-шашы әппақ. Көзi алайып, аузы бiр жағына қисайып кеткен. Денесi теңселiп, ұзын ақ дамбалының ызба бауы бiр ұшы салақтап бұтының арасында бұлғақтап тұр. Бiр басып – екi басып келдi де бауырына қысқан сап-сары тыр жалаңаш қызылшақа баланы анандай да үдiрейiп тұрған Сәбираның қолына ұстата салды.
Әзиз-Сұлтан селк етiп жастықтан басын жұлып алды. Көмейiне әлдене түйiлiп, ауа жетпей тұншығып бара жатқандай. Екi көзi алақ-жұлақ етiп айналасына үрейлене қараған. Жым-жылас, ымырттың үйездеген көлеңкесiнен өзге бөлме iшiнде ештеңе жоқ. Өңi ме, түсi ме – айыра алмай аңтарылып отырғанда, атқақтап аласұрған жүрегiнiң дүрсiлiне iлесiп есiк тақылдай жөнелдi. Шарқайын iле сап, апыл-ғұпыл iлгектi ашып едi, табалдырықта ентелеп көзiлдiрiк киген кәртең әйел тұр. Почтальон.
– Мұхаммед Шәрiпов кiм?
– Мен.
– Сiзге телеграмма.
Қол қой деп қаламмен шұқып көрсеткен тұсқа айшаңбақ сүйкей сап, дегбiрсiзденiп қағаздың қаттауын жазған: «Әкең әл үстiнде. Тез жет!» Есiк аузында сорайған көлеңкесi қара дiңгектей теңселiп, мең-зең тұрып қалды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет