1. Ақ жол газетінің зерттелуі


Зерттеу жұмысының құрылымы



бет5/25
Дата18.07.2022
өлшемі207,46 Kb.
#147545
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
Асырханқызы Сая дипломдық жұмыс

Зерттеу жұмысының құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


1. АҚ ЖОЛ ГАЗЕТІ-ТАРИХИ ОНОМАСТИКАЛЫҚ КЕҢІСТІК
1.1 АҚ ЖОЛ ГАЗЕТІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Егемен Қазақстан” газетіне шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Алаш зиялыларына ерекше көңіл бөлінген. «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды» дей келе, Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік алудағы ерен еңбектеріне ерекше мән бере отырып, олардың еңбектерінен ұрпаққа тағлым, азық, білім болар ақпараттардың мойындай отырып, «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс.» [1] Оны ары қарай зерттеп ел игілігіне жарату мен әлемге паш ету көзделеді. Осы мақсатта 2022 жыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ЮНЕСКО тарапынан тойланбақ.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алаш зиялыларының еңбектеріне ерекше көңіл бөлініп, тыңғылықты зерттеулер жүргізіліп жатыр. Алаш зиялыларының ойлары мен саяси көқарастары 20 ғасырдың басында газеттерде жарық көріп отырды. Сол уақытта қазақ даласында газеттерге деген сұраныс көбейді. Қазақтың зиялылары Ресей империясының Петербург, Мәскеу, Уфа, Қазан, Орынбор, Омбы, Саратов, т.б. қалаларында білім алып жүріп, сол Ресей елінде жарық көрген газеттердегі құнды мағлұматтары бар мақалаларды ел ішіне кеңінен таратуға тырысты. Газет журналдардың жарық көруі қазақ зиялыларының қалыптасып, жетілуіне жол ашты. Сол себепті қазақ халықында ғылым мен білімге деген қызығушылық көбейді. Қазақстанның жерінде «халықтың көзі һәм сөзі» ретінде газет шығару идеясы көтерген зиялылар Е.Бұйрин, Ғ.Қараш, Б.Қаратаев, А. Мәм­бетов, Б.Ниязовтар болды. Сол кезе жарық көрген газет журналдардың ішінде «Ақ жол» газетін бөле-жара айтуға болады[2].
Ақ жол газеті енді ғана криллицамен таңбаланып (2020 ж.), халыққа ұсынылғандықтан газет туралы зерттеулер өте аз. Кейбір зерттеушілердің зерттеу тақырыбына сай ғылыми мақалалардан нақты деректерді алып, оған нақты талдау жасаған ғылыми жұмыстар бар. Алайда лингвистикалық тұрғыда зерттеулер жоқтың қасы.
2011 жылы алғаш жинақ ретінде шықса, 2020 жылы Ақ жол газетінің 100 жылдығына орай 25 томдығы жарық көрді. Ақ жол газетінің тарихтың көзі ретінде сақталып, болашаққа аманат ретінде жетуінде Ханбибі Есенқарақызының еңбегін атауға болады. Оған мына бір сұхбаты дерек бола алады. «Мен «Ақ жол» жинағымен он екі жыл айналыстым. Алты жылда бұл газеттің 613 саны шыққан екен. Оның бәрін табу оңай болмады. Кезінде Ақмешіт астанамыз болды, тағы бір кезде құбыламыз Орынбор, Омбы болды. Солардың бәріне сұрау салдым. Мәскеу мен Алматының кітапхана, музейлерінің бәрін қарап шықтым. Әріптері өте ұсақ болғандықтан және жарық көргеніне жүз жыл болғандықтан оны лупамен оқып, түсінетін адамды алып барып, жинақтадым», – дейді [ 3]. Ханбибі Есенқарақызы «Ақ жолдың» 60%-ына жуығын Мәскеуден тапқанын айтады. «Жинақ 30 том болады деп жобалап едік, 25 томға сыйғыздық. Биыл «Ақ жолдың» шыққанына 100 жыл болады. Алғаш рет 1920 жылы 7 желтоқсанда жарық көрген. 1925 жылы 16 маусымда «Ақ жол» газеті Ташкенттен Шымкентке көшіріліп, 15 наурызда соңғы саны шыққан. «Ақ жол» өзінен бұрын ашылған «Қазақ» газетінің жалғасы еді», – дейді Х.Есенқарақызы. Бұл үзіндіден «Ақ жол газеті туралы кітаптың алғаш 2011 жылы жарық көргеніне қосымша 2020 жылы толықтырылып, 25 том болып шыққанын білуге болады[4].
Алаштанушы тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық, қазақ-түрік университетінің профессоры Хазретәлі Тұрсынның 2011 жылы шыққан «Ақ жол» кітабының 1-кітабындағы «Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі «Ақ жол» газетінің рөлі» ғылыми мақаласында «Ақ жол» газеті туралы толық ақпарат алуға болады. Бұл ақпарат жалпы газеттуралы түсінік береді[5].
Х.Есенқарақызының басшылығымен жарық көрген 25 томдық туралы филол.ғыл.докторы Дихан Қамзабекұлы: «Халыққа қайта жеткен «Ақ жол» газетінің түпнұсқа негізінде әзірленген жинағымен танысқан оқырман өзіне көп нәрсе табады деп есептейміз. «Ақ жол» әрқашан ұлтқа олжа салған басылым болып қала бермек.» дегендей, халықтың тарихқа дерек болар мағлұматтарды көптеп табатынына сенеміз.
Демократиялық мазмұнда жарық көрген санаулы ұлттық басылымдардың бірі – «Ақ жол» «Қазақ» газеті. Газеттің мақсаты – Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси процестерді жіті қадағалап, іске асырылып жатқан реформалық өзгерістерді халыққа кеңінен насихаттау. Сонымен қатар газетте ұлттық идеялар көтеріліп,ол әр нөмірде биліктің назарына ұсынылып отырды. Газетке автор болып қатысқан ұлттық саяси және шығармашылық элита өкілдерінің жазбалары қоғамдық пікір қалыптастырып, бұқара халықтың қолдауына ие болды.
«Ақ жол» газеті Түркістандағы ұлттық элитаның бастамашылығымен 1920-25 жж. ТКП ОК және Түркаткомның баспасөз органы ретінде жарық көрді. «Ақ жол» газетіне басшылық жасаған зиялылар – С.Қожанов, С.Оспанов, Н.Төреқұлов, С.Асфендияров, М.Дулатов, И.Тоқтыбаев, Қ.Күлетов, М.Қайыпназарұлы, С.Сәдуақасов, Ж.Арыстанов, Ө.Тұрманжанов. Бұл азаматтардың мақсаты – алаштық идеяны насихаттау [3]. Қазақ халқының таным-түйсігін дамытушылар. Олардың қазақы рухты оқырмандардың бойына бойына сіңіріп, жаңа қоғамда ұлттық құндылықтарды насихаттайтын озық-танымдық ойлары газет беттерінен көрініп тұрды. «Ақ жол» газетіне тұрақты түрде мақала жариялап тұрған авторлар – Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Ғазымбек Бірімжанов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуезов, Қалжан және Әуелбек Қоңыратбаевтар, Бейсенбай Кенжебаев, Телжан Шонанұлы, Әлжан Байғұрин, Абдолла Байтасов, Қажым Басымов, Шамғали Сарыбаев, Біләл Сүлеев, Есім Байғасқин, Сәдуақас Баймаханов, Мәшһүр Жүсіптің баласы Әмин Жүсіпов, Жүсіпбек Арыстанов сияқты ұлтжанды қаламгерлер екенін «Ақ жол» кітабын оқығанда көреміз. Олардың тұрақты түрде жариялаған мақалалары газеттің ұлттық идеясын нығайтты. Ғалымдарымыздың айтуынша «Газет шын мәнінде Түркістандағы алаштық үлгідегі ұлттық элитаны топтастырушы идеялық орталыққа айналды. Осы газет арқылы көрнекті қайраткерлердің көтерген ұлттық идеялары Түркістандағы қалың қазақ бұқарасына жол тартып, қолдау тауып жатты».
Түркістанда «Ақ жол» газеті «Қазақ» газетінің ұлттық бағыттағы идеялық дәстүрін жалғастырушы болды. М. Әуезов 1923 жылы 4 ақпанда «Ақ жол» газетінде «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім үйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» (Әуезов, 1923) деп берген бағасын осы ізгі дәстүрлерді кеңестік билік жағдайында жалғастырған «Ақ жол» газетіне де қатысты айтуға болар еді. Төрт жылдан астам шығып тұрған газет таралымының жоғары болуы оның тілінің жатықтығымен, газет бетінде көтерген мәселелерінің ұлттық мүддені ұлықтаған өткірлігінен, халықтың көңіліндегіні айтуынан болды деуге де болады. Оны газеттің «Сыртқы хабарлар» деген бөлігінен төрткүл дүниеден ақпарат беріп отырғанынан көруге болады. Сондай-ақ «Ел ішінде» деген бөлімінде қарапайым халық қызығатын, күнделікте тұрмыстағы оқиғалаларда жазыла бастағаны оқырмандарды қызықтыруы мүмкін[5].
Кеңес қоғамында «Ақ жол» газетінің зерттелмей, ұрпаққа жетпей жатуының өзіндік себептері бар екені тарихтан мәлім. Тек соңғы жылдары Алаш зиялыларына ерекше көңіл бөліне бастағандықтан, тарихты толық көргендейміз. Сол кездегі мемлекеттік биліктің жоғардағы ұлттық басқару элитасының қызметіне бір жақты бағалар берілген. Дегенмен олардың арасында көңілге сәуле ұялатанындары да жоқ емес. Партиялық билік «Ходжановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жарнамалады» деп топшылдыққа ұлтшылдық идеялардың негіз болғанына көңіл бөлді. Сталиннің хатының негізінде партия «Ақ жол» газетіне қатысты тұжырым ұлттық элитаның қызметіне берілген саяси баға болды. Содан кейін «Ақ жол» газетіне кеңестік қоғам тарихшылары біржақты қарап, биліктің идеологиясы талай жылдар бойы жабық ұстады[5].
«Ақ жол» газеті туралы зерттеулерге қарасақ, Түркістан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы Н.Төреқұловтың төрағалығымен өткен 1920 ж. 14 қазандағы мәжілісінде «Қырғыз газеті туралы» мәселе қарап, ТКП ОК мен Түркаткомның баспасөз органы ретінде аптасына екі рет жарық көретін «Ақ-жол» (Светлый путь) газеті 12 мың дана таралыммен бір баспа табақ көлемінде жарыққа шығару, газеттің жауапты редакторлығына С.Қожановты, жауапты хатшылыққа Міржақып Дулатовты тағайындау және газет қаржысының есебінен қазақтар арасынан 10 наборшик дайындайтын курс ашу туралы шешім қабылданғандығын көре аламыз.
Газеттің 1920 ж. 7 желтоқсанында жарық көрген алғашқы санында ТурЦИК жанындағы қазақ-қырғыз бөлімінің басшысы НәзірТөреқұлов, бөлімнің мүшелері Георгий Сафаров, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Аспандияровтар басылымның идеялық бағыт-бағдарын айқындайтын мақала жариялайды («Еңбекшіл қазақ-қырғыз жұртына!»). Осы санда басқарма атынан жарияланған мақалада «Газет туралы өткен кемшілігімізді еске түсіріп, келешек ісіміз жемісті болуына иман келтіріп, мынау «Ақ жолды» алдарыңа тартып отырмыз. Көздеген мақсатқа адастырмай тура бастайтын «Ақ жол» болғай еді» (Оқушыларға. (1920) деп оқырманға тілектерін арнайды.
С.Қожанов осы кезде Түркістан Республикасы Ағарту халыккомы болып қызмет істегендіктен ол республика көлеміндегі қоғамдық-саяси процестерге белсене араласа жүріп газет редакторлығын қосалқы қызмет ретінде атқарды. Қайраткердің 1917-1918 жж. Ташкентте қазақ зиялыларының астыртын үйірмесінің, кейіннен Түркістан Мұхтариятының ресми баспасөз органы болған «Бірлік туы» газетіне редакторлық жасаған тәжірибесі «Ақ жолдың» жұмысын жолға қоюда көп септігін тигізді. Орынборда 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетін өрге сүйреген М.Дулатовтың жауапты хатшы болып тағайындалуы да газеттің ұлттық бағыт-бағдарын айқындады. Демек, Өлкедегі саяси-идеологиялық басшылықтың тізгінін ұстаған Нәзір Төреқұловтың газет басшыларына жасаған таңдауы ұлтқа қызмет етудегі ең бір дұрыс шешім болды.
Ақжолтанушылар газеттің шығуы туралы - «Ақ жол» газеті жоқтан бар болған басылым емес екенін, оның тарихының бастауы әріде екнін баса айтуда. Оның бастауы, басы ретінде 1920 ж. сәуірінде Ташкентте ТүркОАК пен Түркістан майданы саяси бөлімінің атынан аптасына шығарылатын «Жаңа өріс» газеті жарық көре бастағанын айтады. 1920 ж. 27 шілдеге дейін 14 саны жарық көрген «Жаңа өріс» негізінде жаңа сападағы газет шығару қажеттігінен туған. Соған байланысты ТКП ОК хатшысы Н. Төреқұлов мәселеге баса мән береді. Бұл туралы газет бетінде де жазылған дерек бар.
Қырықбай Аллабергеннің «Тарих және баспасөз» еңбегінде өте қысқаша «Ақ жол газеті туралы ақпарат берілген[6]. Ол жерде Бейімбет Майлин 1923 жылы «Ақ жол» газетіне 3 жыл толады. Газет ұлттық идеологияны халыққа жеткізіп тұрған және ең көп таралған газет болған деген ақпарат бар. 14 нөмірі жарық көрген «Жаңа өріс» газетінің жалғасы ретінде шыққан деген дерек келтіріледі.
«Ақ жолдың» қазақ қоғамындағы атқарған қызметі мен алар орнына алғашқылардың бірі болып назар аударғандардың бірі - академик С.Қасқабасов. Ол былай дейді: «тарихымыздың осынау қаралы беттерінде И. Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатының ел ішінде зобалаң туғызған сүреңсіз рөлі әлі де нақты айқындала қойған жоқ. Мұны терең зерттеу осы хаттың ауыр салдарына ғылыми баға беру тарихшыларымыздың үлесі» [7]. Демек бұл газетті ғылыми тұрғыда терең зерттеу керектігіне назар аударамыз.
«Ақ жол» газетіндегі ономастикалық атауларды жинақтау барысында көптеген жаңа ақпараттар алдық. Бірінші газеттің құрылымы: ресми ақпаратар. Бұл жерде үкіметтің қаулылары мен мәжіліс отырыстарының хаттамалары, үндеулер, заңдар мен ережелер,съездердің қарарлары мен ұйғарымдары, хабарландырулар берілген. «Ақ жол» газетін бүгінгі күннің кейбір газеттермен ұқсастығы осы. Сондай-ақ келелі мәселелердің бірі сол кезде де оқулық болғанын байқадық. Ахмет Байтұрсынұғлы өткізген мәжілістерде оқулық жазудың күн тәртібінде тұрғанын, ол мәжілістің хаттамасы газетте жариялануы жариялылық деп білдік. Қазіргі кезде де оқулықтың сапасы газет, сайт беттерінен түспейді. Алайда газет беттерінде оқулықты жазу кімге тапсырылғаны туралы ақпараттар жоқ. Ал «Ақ жол газетінің № нөмірінде қай оқулықты тәржімалау керек, қай оқулықты толық жазып шығу керектігі, оның кімге тапсырылғаны туралы деректенрді көре аламыз. «Қазанда басылып жатқан қазақша оқу кітаптары» мақаласында кітаптардың атымен таралым данасы және сол сәттегі іске асу деңгейі, кім бастырып жатқандығы туралы толық ақпаратты көруге болады. («Ақ жол» 1-кітап 132-бет) Екінші бөлім. Онамастикалық атауға толы Сыртқы хабар бөлімі. Бұл жерде шетелде болып жатқан жаңалықтар мен өзгеріс, төңкеріс, саяси-әлеуметтік, экономиялық тақырыптағы жазбаларды көруге болады. Үшінші бөлім Ішкі хабарлар, кей нөмірлерде Қазақстанда дегенді көреміз. Ел ішіндегі жағдайларды жазады. Осы ішкі хабарларынан жастарға, балаларға, білімге көп көңіл бөлінгенін көруге болады. Өте көп кездесетін жазба «Балалар жетісі» деп аталады. «Балалар жетісінің» уақытында балаларға тәтті дәмді ас беріп, тамағын жақсылау керек. («Ақ жол» 2-кітап 129-бет) Осы бір сөйлемнен «Балалар жетісі» уақытында балаларға көңіл бөлініп, жағдайларын жасауға тырысқанын көреміз. «Жастар арасында» бөлімінде жастарға үндеу, білімнің маңыздылығы, сауық кештерінің өтуі туралы ақпарат, жастардың өтініші жазылып отырған. «Қазақ-қырғыздың оқушы жастарына» мақаласында қазақ қыздарының малға сатылып кететіні, білім аламауы, өз-өздеріне деген сенімсіздіктері туралы айтылады. Сонымен қатар бұдан қалай шығуға болатын жолында автор нақты жазады. «Оқушы жас қыздар! Қараңғыда жүрген апа-қарындастарыңды жарыққа шығару, оларды құлдықтан азат қылу бірінші сендерге міндет! Соның үшін, сен үлгі бол, ойыңды бөл; сенен үлгі алсын сүйтіп қараңғыда жүрген апа-қарындастарыңды шығар... .» Мақала авторы О.Ғалиев. («Ақ жол» 2-кітап 135-бет). Сол замандағы мотивациялық, жігер беруші мақала десек те болады. Қазіргі газет, сайт беттерінде де жетістікке жетудің жолдары беріледі. Әрине, ол замандағы мәселе мен бүгінгіні салыстыруға келмес. Келесі айдар «Әйел теңдігі» Бұл жерде де қалың мал туралы ереже, съездердегі әйел рөлі, оқыған білімді әйел, әмеңгерлік, жалпы әйел теңсіздігіне байланысты мақалалар жарияланған. Қазіргі тілмен айтар болсақ, гендерлік саясат көрініс табады. Әйел теңдігі. Қазақстан хүкіметінің қалың малды қалдыру туралы шығарған низамын іске асыру үшін баяндама ретінде заң комиссариаты жариялаған: ЕРЕЖЕ. («Ақ жол» 2-кітап 6-бет). Ресми бөлімде Басқармадан бөліміндегідей жобалар мен ережелерді көреміз. Елден бөлімінде ел ішіндегі азық-түлік, мал шаруашылығы, үйездер мен болыстардың, ауыл мен қышлақтардың жағдайы жазылады. Бұл біздің 1 және 2 кітаптағы онмастикалық кеңістікті қалыптастыруда көрген, түйгендеріміз. Осы кітапты жинақтап шығарушы Ханбибі Есенқарақызы кітаптың алғы сөзінде кітаптың мынандай мазмұнын көрсетеді:
1-Кесте
Бұл «Ақ жол» газетінің барлық нөміріне байланысты[5].
Ойымызды қорытындылай келе, «Ақ жол» кітабының ғылымның түрлі саласына зерттеу нысаны бола алатына көз жеткіздік. «Ақ жол» газетінің бетінде 1920-1924 жылдар аралығындағы тарихымыз үшін құнды деректер жарияланған. Қазақ халқының білімге назар қойғанын, оқулықтың сапасын назарда ұстағаны, шетелдік жаңалықтардан құр қалмағанын, болашақтың қайнар көзі балалар екені, жастады жігерлендіру арқылы білім мен ғылымға тартқандығын көреміз. Алаш зиялылардың бүркеншік атпен ел ішіндегі жағдайды жақсартып, мемлекетіміз бен мемлекеттік тілімізді сақтаудағы жазған мақалаларын талдап, оқи аламыз. Бұл біз үшін өте құнды дерек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет