1 дәріс Әлеуметтану ғылым ретінде Әдебиеттер



бет4/59
Дата09.01.2022
өлшемі1,2 Mb.
#110414
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   59
Байланысты:
ЛЕК 1

Әлеуметтік институт деп көбінесе адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан орнықты нысандарын айтады. Институттардың негізігі мақсаты - жеке адамдардың, топтардың және жалпы қоғамның іргелі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Олардың сәтті қызмет атқаруы адамдар қауымдастығының өмірін сақтауға мүмкіндік береді, оларды топтар мен қоғамға біріктіреді, олардың өмірін тұрақты етеді. Дәл осы әлеуметтік институттар ұйымдардағы бірлескен корпоративтік қызметті үйлестіреді, әлеуметтік қатынастар сипатын анықтайды және оларды сақтап отырады.

Әрбір институт:

- белгілі бір қызмет аясын;

- белгіленген құқықтар мен міндеттер негізінде қоғамдық, ұйымдық немесе басқару функцияларын орындауға өкілетті адамдар тобын;

- ресми тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ұйымдық нормалары мен принциптерін;

- қойылған міндеттерді шешуге қажетті материалдық құралдарды (қоғамдық ғимараттар, құрал-жабдықтар және т.б.) қамтиды.

Мысалы, әділет органдары (юстиция) әлеуметтік институт ретінде құқықтық қатынастар мен оларды реттеу саласын білдіреді. Оған жататындар белгілі бір адамдар тобы (прокурорлар, соттар, адвокаттар); қабылданған ресми заңдар мен басқа да заңнамалық актілер, сондай-ақ құқықтық өкілетті тұлғалардың мінез-құлықтарының бейресми стандартталған үлгілері (соттың, прокурордың, адвокаттың және т.б. рөлдері); мекемелер (прокуратуралар, соттар, тұтқындау орындары және т.б.) және әділетті қаржыландыруға арналған ел бюджетінен бөлінетін қаражат.

Қоғамдық байланыстар мен қарым-қатынастарды тәртіпке келтіру, ресмилендіру және стандарттау процесі институционалдандыру деп аталады. Қоғамның белгілі бір байланыстардың әлеуметтік ұйымдастыруға қажеттілігін ұғынуы барысында сол қажеттілікті қанағаттандыра алатын әлеуметтік нормалар, ережелер, мәртебелер мен рөлдер бекиді. Әлеуметтік институттың қызмет атқаруына жәрдемдесетін жалпы мақсаттар, топтар және ұйымдар қалыптасады, институттың барлық мүшелерін қамтитын нормалар мен санкцияларды қолдану ресімдері, мәртебелер мен рөлдер жүйелері құрылады.

Неғұрлым маңызды қажеттіліктерді қамтамасыз ететін әлеуметтік институттардың бес негізгі түрі бар [39]:

- бала туу, өсуі (отбасы және неке институты);

- қауіпсіздік және әлеуметтік тәртіп (саяси институттар, мемлекет);

- тұрмыстық құрал-жабдықтар өндіру (экономикалық институттар, өндіріс);

- білімді беру, өскелең ұрпақты әлеуметтендіру, кадрлар даярлау (білім беру, ғылыми және мәдени институттар);

- рухани мәселелер, тіршілік мағынасын шешетін қажеттіліктер (дін институты).


4.Қоғамды зерделеуге деген социологиялық көзқарастың ерекшелігін нақты анықтап алу үшін социологияның әлеуметтік философиямен, тарихпен, саясаттанумен, экономикалық ғылыммен және басқа қоғамдық ғылымдармен арақатынасын және өзара әрекетін қарастырудың маңызы зор.

Социология және әлеуметтік философия. Әлеуметтік философия дегеніміз философияның қоғамның сапалық өзіндік ерекшеліктерін және оның табиғаттан өзгешеліктерін ұғынуға арналған бөлімі. Ол қоғамның өмір сүруінің мәні мен мақсатының, оның дамуының, тағдыры мен перспективаларының, бағыттылығының, қозғаушы күштерінің және оның дамуының проблемаларын талдайды. Әлеуметтік-философиялық ой-толғанымдардың пәндік саласы қоғам өмірін зерттеу, ең алдымен олардың бел ортасында өмірдің маңызды проблемалары тұратын дүниетанымдық проблемаларды шешу тұрғысынан зерттеу болып табылады.

Әлеуметтік философия мен социологияның зерттеу объектілерінің бір-біріне дәл келетін тұстары өте көп. Әлеуметтік философия да, социология да қоғамды тұтас, жүйелі түрде, оған енетін бірліктерін интегралдық құрылым ретінде қарастырады. Бұл осы ғылымдардың бір-бірімен ерекше тығыз байланысын анықтайтын ортақ сипаты. Алайда социологияның объектісі мен пәні нақтылырақ, қоғамның дамуын аса жоғары деңгейдегі абстракциямен сипаттайтын әлеуметтік философияның объектісімен және пәнімен салыстырғанда абстрактілігі аз. Әлеуметтік философия қоғамдық проблемаларды логикалық ой-толғаныс тізбегінде дамитын белгілі бір ұстанымдарды басшылыққа ала отырып шешеді. Социология болса басқа қоғамдық ғылымдардың нәтижелерін пайдала отырып эмпирикалық тексерілетін әлеуметтік фактілерді жинауға және талдауға, осы ғылымның шеңберінде алынған тиісті эмпирикалық мәліметтерді тұжырымдауға сүйенеді.

Неғұрлым көбірек тұжырымдалған заңдар мен категорияларды білу әрқашан да азырақ тұжырымдалған заңдар мен категорияларды зерделеуге дұрыс жол табудың қаншалықты қажетті алғышарты болса, әлеуметтік философия социологияның соншалық жалпы теориялық және әдістемелік негізі болады. Қоғамның әлеуметтік құрылымы да, оның жеке элементтері де тұтас нәрсенің бір бөлігін сол нәрседен тыс түсінуге болмайтындығы сияқты, тұтас қоғамның мәнін, оның әр түрлі салаларының өзара әрекетін және т.б. түсінуден тыс терең әрі ойдағыдай зерделене алмайды. Екінші жағын алар болсақ, социология қоғамдық өмірді оның бар күрделі сан қырлылығын нақты талдай отырып, әлеуметтік философияның ұғымдық аппаратын және пәндік мазмұнын байытуға, олардың шынайы өмірмен, тәжірибемен байланысын ұлғайту және тереңдету негізінде оның ережелері мен қорытындыларын айқындауға және нақтылауға ықпал етеді.

Социология және тарих. Тарих - ежелгі қоғамдық ғылымдардың бірі. Тарих қоғамды хронологиялық түрде нақты зерттейді. Ол бұрынғы өткен әлеуметтік оқиғаларды зерделеуге бағытталған, әр түрлі дәуірлер туралы олардың оқиғаларын қадағалай және оларды кеңістіктік-уақыттық тұтастық ретінде сипаттай отырып, мәліметтер жинайды. Осылайша ол әр түрлі әлеуметтік құбылыстар мен қоғамның даму кезеңдері туралы нақты материал жинақтайды. Бір айырмашылығы, ғылым ретінде социологиядағы ең басты нәрсе - өткен және осы шақтағы әлеуметтік тәжірибені жалпыландыру, берілген әлеуметтік құбылыстардың, оқиғалардың, процестердің осы қатарындағы қайталанатындарын, тұрпаттыларын, мән-мағыналық заңдылық­тарын бөліп қарау. Сонымен социология тарихқа қарағанда неғұрлым жоғары абстракциялық деңгейдегі ғылым болып табылады. Іс жүзінде социология тарих (сондай-ақ басқа ғылым да) беретін мәліметтерді пайдаланады, әлеуметтік құбылыстардың жеке түрлерінің ортақ қасиеттерін атап өтеді және олардың типологиялық бейнесін береді.

Егер тарих қоғамдық өмірдің барлық салаларын, жақтарын, пайда болу нысандарын зерттейтін болса, ал социология қоғамдағы “әлеуметтікті” ғана зерделейді. Тағы бір атап өтетініміз, тарих ғылымы тек болған және тарихқа енгендерді ғана зерделейтін болса, социология өз ізденістерін қазіргі заманға көбірек бұрады және өзіне қажетті элемент ретінде әлеуметтік болжам жасауды қамтиды. Социология мен тарихтың өзара қарым-қатынасы ең алдымен әлеуметтік ережелер мен қорытындылар тікелей тарихи фактілерді, тарихи тәжірибені тұжырымдауға сүйенетіндігімен айқындалады. Екінші жағынан алғанда, әлеуметтік философиямен бірге социология тарих ғылымының жалпы теориялық және әдістемелік негізі болады.



Социология және саясаттану. Социология пәні мен саясаттану арасында өзара тығыз байланыс бар. Олар:

  1. әлеуметтік қауымдастықтар, әлеуметтік ұйымдар мен институттар саясаттың маңызды субъектілері және объектілері болып табылады;

  1. саяси қызмет жеке тұлғаның және олардың қауымдастығының өмірлік қызметінің қоғамдағы өзгерістерге тікелей ықпал ететін негізгі нысандарының бірі болып табылады;

  1. саясат өте кең ауқымды, күрделі және көп қырлы құбылыс ретінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында көрініс табады және көбіне қоғамның жалпы дамуын айқындайды.

Саясаттану ғаламдық қоғам құрылымының бір ғана саласын, яғни биліктің ұйымдастырылуын зерттейді. Бірақ саясаттану бұл саланы қатаң ғылыми әдістермен осы құрылымның басқа бөліктерімен байланыстыра қарастырғанда ғана зерделей алады. Бұл саясаттанудың саяси құрылым мен саяси институттарды, саяси биліктің құрылымдары мен ұйымдастырылуы сипаттамаларын зерделегенде, социология ашатын ғаламдық қоғамның құрылымына жататын заңдарды ескеруге тиіс екенін білдіреді. Социология да жеке топтар мен жалпы қоғамның саяси қарым-қатынастарын және саяси құрылымын зерделей алады, бірақ ол мұны олардың қоғамдық құбылыстар ретіндегі мән-мағынасын айқындау мақсатында жасайды.

Азаматтық қоғамды зерттеуде саясаттануды қызықтыратыны ең алдымен азаматтың құқықтары мен міндеттері, саяси жүйенің құрылымы мен саяси билікке қатысты (саяси) қарым-қатынастар, саяси институттар мен ұйымдардың орны, рөлі және қызметтері. Ал социология азаматтық қоғамға оның әлеуметтік құрылымын талдау, жеке тұлғаның мәртебесі, таптар және басқа да әлеуметтік топтар, ұлттар мен ұлыстар, олардың өзара әрекеті және т.б. тұрғысынан қарайды.



Социология және психология. Егер социология өзінің пәні ретінде тұтас қоғамды зерттеуге және оның неғұрлым жалпыға ортақ заңдарын ашуға тырысатын болса, психология психикалық құбылыстарды, яғни мінез-құлықтың белгілі бір түрі тудыратын ішкі субъективті күйзелісті зерделейді. Психологияның пәні болып табылатындар - адамның мінез-құлқының ішкі қырлары, оның субъективті күйзелістері. Дей тұрғанмен де, адамдар арасындағы қарым-қатынастарда, олардың бір-біріне қатысты мінез-құлықтарында бұл қатынастардың құрамдас бөлігі болып табылатын психологиялық элемент те бар. Сондықтан да социология қоғамдық қатынастарды зерделей отырып, адамдардың себептерінің, сезімдерінің және көңіл-күйлерінің психикалық элементтерін назарға алуы тиіс. Бірақ та қоғамдық құбылыстарды тек қана психикалық құбылыстарға телу дұрыс болмас еді. Сөйтіп, социология мен психологияның байланысы олардың пәндерінің байланысынан туындайды. Ал олардың пәндерінің байланысы қоғамдық құбылыстарды зерделеген кезде психикалық элементтерді назарға алу қажеттігін ғана емес, психикалық құбылыстарды зерделеген кезде олардың әлеуметтік шарттылықтарын, әлеуметтік ортамен байланысын ескеру қажеттігін де көрсететіндігінде.

Социология да, психология да адамды және оның мінез-құлқын зерделейді. Алайда олар мұны өз пәндерінің ерекшеліктері тұрғысынан әр түрлі жасайды. Дегенмен де олар өз пәндерін зерделеген кезде үйлесімді бағыт ұстанады және олардың арасында ынтымақтастық қарым-қатынасы бар деп айтуға болады.



Социология және экономика ғылымы. Экономика ғылымы өз күш-жігерін материалдық өндірісті, адамдардың экономикалық қызметін зерттеуге шоғырландырады, олардағы өзгерістер әлеуметтік процестерге әсерін тигізеді. Сондықтан социология экономикалық теорияға сүйенбей, онымен өзара әрекетке бармай тұра алмайды. Екінші жағынан алғанда, өмір көрсетіп отырғанындай, экономикалық процестердің өзі өндірісте, бөлуде, алмасуда және тұтынуда әлеуметтік шарттар мен факторлардың және оларды пайдаланудың ықпалына барған сайын тәуелді бола түседі. Бұл да экономикалық және әлеуметтік ғылымдардың өзара әрекетін нығайта түсуді талап етеді.

Егер де экономика ғылымы қоғамдық өмірдің бір ғана, мейлі өте маңызды саласының заңдылықтарын зерттейтін болса, социология қоғамның тұтас дамуының негізінде жататын және оның барлық, соның ішінде экономика салаларында ерекше көрініс табатын неғұрлым жалпы және кең ауқымды заңдылықтарын зерттейді.

Сонымен социология мен өзге қоғамдық ғылымдардың арақатынасы туралы мәселеде, солардың өзара тығыз байланысы, қоғамдық өмірді шынайы зерттеуде бұл ғылымдардың пәндік шекаралары сақталумен бірге, бір-бірімен қабысуы, бірақ социологияның бұл ғылымдарды жұтып қоймайтыны сөз болуы керек және солай болуға тиіс те.

2. Социологияның қоғам өмірімен байланысының алуан түрлілігі, қоғамдық мақсаты бірінші кезекте оның ерекше әлеуметтік ғылым ретінде атқаратын қызметімен айқындалады. Танымдық функция ең алдымен әлеуметтік даму заңдылықтарын зерттеумен, әртүрлі әлеуметтік құбылыстар мен процестердің өзгеру тенденциясына байланысты.

Теориялық-танымдық функцияны жүзеге асыру социологияға қоғамның мәні, оның құрылымы, заңдылықтары, негізгі бағыттары мен тенденциялары, жолдары, оның қызмет атқаруының және дамуының нысандары мен механизмдері туралы білімді кеңейтуге және нақтылауға мүмкіндік береді.

Тәжірибелік функция социологияның әртүрлі әлеуметтік процестерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсыныстар жасауға атсалысуымен айқындалады. Социологияның тәжірибелік функциясы танымдық функциясымен тығыз байланысты. Социологиялық зерттеулер қоғамның түрлі салаларының даму заңдылықтарын ашып көрсете отырып, әлеуметтік процестерге пәрменді әлеуметтік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті нақты ақпарат береді. Социологияның болжамдық функциясы қоғамның әрбір әлеуметтік бөлімшесінің ғылыми негізделген даму келешегін саналы түрде жасау және жүзеге асыру шарттарын жасауға деген сұранысының көрінісі болып табылады. Еліміздің жаңа, нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты болуы мүмкін кері қүбылыстар мен апаттардың болашаққа болжам жасап отыру арқылы ғана алдын алуға болады. Мысалы, мынандай мәселелерді болжап шешуде оның маңызы зор, атап айтқанда, жаңа нарықтық қатынастардың еңбекші бұқара халыққа беретін мүмкіншілігін ауқымы қандай? Әлеуметтік құбылыс пен процесстердің дамуындағы оның баламалы түрлері қандай?

Әлеуметтану қоғамда идеологиялық функцияны да атқарады. Нақты әлеуметтік зерттеуден алынған нәтижелер қоғамдағы белгілі бір жік немесе топтардың талап-тілегіне, мұң-мұқтажын шешуге, сөйтіп, олардың белгілі бір әлеуметтік мақсатқа жеткізу, сендіру үшін пайдаланылады. Әлеуметтану адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды, байланыстарды одан әрі жетілдіріп, олардың саны-сезімдерін, мінез-құлықтарын, тәртібін жақсартады. Сөйтіп ол қоғамдық қатынастарды жетілдіріп, гуманистік (адамгершілік) функцияны да атқарады.

3. Социология әлеуметтік құбылыстар мен процестерді түрлі дәрежеде, атап айтқанда, бүкіл қоғам көлемінде не қоғам өмірінің жеке дәрежесінде немесе жеке адамдар тұрғысынан зерттеуі мүмкін. Осыған байланысты социология ғылымын төмендегідей құрамдас бөлімдерге бөлуге болады:

Біріншісі – жалпы теориялық социология. Бұл біртұтас социумның өмір сүруі мен дамуының жалпы зандылықтарын анықтауға бағытталған макросоциологиялық зерттеу болып табылады. Макроәлеуметтану қызметі- ірі көлемді әлеуметтік жұйелер. Макроәлеуметтану индивидтің әлеуметтік таптағы тәртібін зерттейді.

Екіншісі - әлеуметтік жүйенің жекелеген құрамдас бөлімдерінің әрекет етуі мен өзара байланысының зандылықтарын зерттеуге бағытталған жалпылылығы орташа социология. Бұған, мәселен, қала социологиясы, экономикалық социология, білім беру социологиясы, саясат социологиясы, т.б. жатады .

Үшіншісі – микросоциология. Ол жекелеген адамдардың қимылы мен өзара қарым-қатынасын, мінез-құлқын, жүріс-тұрыстарын бақылау арқылы әлеуметтік құбылыстар мен процестерді зерттейді.

Социологияның бұл құрамдас бөліктері жалпы, ерекше және жекеше категорияларының байланысын көрсетеді.

Социологиялық зерттеулер нәтижесінде алынатын ғылыми қорытындылардың жалпылық дәрежесіне сәйкес бұл зерттеулер теориялық және эмпирика болып екіге бөлінеді. Теориялық зерттеу үшін маңызды мәселе - әлеуметтік өмір саласындағы жиналған нақты материалдарға терең қорытынды жасау. Ал эмпирикалық социология тікелей бақылау, сұрақ қою, құжаттарды талдау, статистикалық мәліметтер негізінде нақты материалдар, фактілер жинаумен шұғылданады. Әлеуметтік құбылыстарды зерттеудің біртұтас процесінің бұл екі жағы бір-бірімен тығыз байланысты, бірі-бірін әрдайым толықтырып отырады. Әлеуметтік процестерді зерттеу барысында идеялық принцип қолданылады.

Социологиялық зерттеудің алдына қойылған міндеті пен мақсатына сәйкес социология фундаментальды (іргелі) және қолданбалы (прикладная) болып екіге бөлінеді. Фундаментальды социологиялық зерттеу қоғам жайлы теориялық және методологиялық білімдерді қорытып шығаруға және оларды дамытуға бағытталады, ал қолданбалы социология әлеуметтік өмірді дамытудың практикалық мәселелерін зерттеп, практикалық ақыл-кеңес тұжырымдауға бағытталады. Зерттеудің бұл екі бағытының екеуі де теориялық және тәжірибелік зерттеу жүргізе алады.


Тест сұрақтары:
1. Әлеуметтану-бұл:

А)Жалпы қоғамның ерекше жұмыс iстеуi мен дамуының заңдылықтары туралы ғылым

В)Саяси құбылыстардың пайда болуы мен дамуы, заңдылықтары, формалары мен жолдары туралы қоғамдық ғылым

С)Қоғам және қоғамдық қатынастар туралы ғылым

Д)Табиғат, қоғам және ойлаудың жалпы даму заңдары туралы ғылым

Е)Қоғамның құрылымы,ондағы адамдардың мiнез-құлқы туралы ғылым

2. Әлеуметтану ғылымының пайда болуына методологиялық негіз болған ғылым

А)Философия

В)Логика

С)Эргономика

Д)Психология

Е)Саясаттану

3.Әлеуметтануда биологиялық (органикалық) бағыттың негiзiн қалаушы:

А)Г. Спенсер

В)О.Конт

С)Э.Дюркгейм

Д)К.Маркс

Е)Т.Парсонс

4.О.Конт бойынша әлеуметтану зерттейді:

А)Әлеуметтiк статиканы және әлеуметтiк динамиканы

В)Әлеуметтiк жүйенi құратын математикалық функцияларды (механикалық теория)

С)Қоғамның қозғаушысы-тiршiлiк үшiн күрестi (биологиялық теория)

Д)Қоғамды психологиялық қатынастар тұрғысынан зерттеу (психологиялық теория)

Е).Әлеуметтiк өнiм ретiндегi адамның психикасын

5.Әлеуметтанудың пәнi бұл:

А)Әлеуметтiк қатынастар

В)Саяси қатынастар

С)Қоғамдық сананың формалары

Д)Қоғам

Е)Индивидтердiң психологиялық тәртiбi

6. Әлеметтанудың алғашқы арнайы еңбегi қалай аталады?:

А)О.Конттың “Позитивтiк философия курсы”

В)К.Маркстiң “Капиталы”

С)Аристотельдiң “Саясаты”

Д)Н.Макиавеллидiң «Тақсыры» (Государь)

Е)Ф.Энгельстiң “Семьяның, жеке меншiктiң және мемлекеттiң шығуы”

7. Әлеуметтiк статика және әлеуметтiк динамика туралы iлiмдi қалыптастырған:

А)О.Конт

В)К.Маркс

С)М.Вебер

Д)Э.Дюркгейм

Е)Г.Спенсер

8.Әлеуметтану – бұл:

А) қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде зерттейтін ғылым

В) әлеуметтік ұйымдар туралы ғылым

С) әлеуметтік факт туралы ғылым

D) басқару туралы ғылым

Е) ұйымдар туралы ғылым

9.Қоғамның дамуы социологияда қандай ұғыммен түсіндіріледі?

А) әлеуметтік прогресс

В) әлеуметтік қарым-қатынас

С) әлеуметтік стратификация

D) әлеуметтік мобильдік

Е) әлеуметтік регресс

10. Социологияның қызметтерінің қайсысы қоғамның болашағын ашып, әлеуметтік өмірдің түрлі салалары туралы жаңаша білімнің өсуін қамтамасыз етеді?

А) танымдық

В) қолданбалы

С) болжамдық

D) дүниетанымдық

Е) тәрбиелік

11. О.Конт социологияда қай бағыттың негiзiн қалаушы

A) позитивизм

B) социал-дарвинизм

C) психоаналитикалық теория

D) психологиялық бағыт

E) элита теориясы

12. Әлеуметтік-мәдени динамика және әлеуметтiк стратификация теориясының негiзiн

қалаушы


A) П.Сорокин

B) В.Вернадский

C) Н.Гумилев

D) Н.Бердяев

E) Э.Фромм

13.Жеке адамдар, әлеуметтік топтар және қоғамның арақатынасы бұхаралық ақпарат құралдары әлеуметтануының:

А) объекті

В) қызметі

С) пәні

Д) қағидасы

Е) әдісі

14. Әлеуметтанудың құрылымын ата:

А) макро, орта, микро деңгейлері;

В) макро, микро, жеке деңгейлері;

С) жалпы, орта, микро деңгейлері;

Д) макро, топтық, микро деңгейлері;

Е) макро, мета, микро деңгейлері;

15.XX ғасырдың басынан бастап қай елде социология практикалық деңгейде тез қарқынмен дамыды?

А) АҚШ - та

В) Германияда

С) Италияда

D) Францияда

Е) Англияда



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   59




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет