Популяциялардағы генетикалық эволюцияның негізгі факторлары.
Ауыл шаруашылық малдарының популяцияларында үнемі гендер жиілігі өзгеріп отырады, оны бір-біріне жақын ұрпақтарды талдағанда көруге болады. Генетикалық эволюцияның негізгі мағынасы осындай өзгерістерде.
Эволюцияның негізгі факторларына мутациялар, табиғи және жасанды сұрыптаулар, көшпенділік (миграция), гендер дрейфі (ауытқулар) жатады.
Мутация тұқым қуатын өзгергіштіктің эволюциядағы бастапқы қайнар бұлағы болып табылады және әрбір геннің спонтанды (өздігінен) мутацияға сирек ұшырайтынына қарамастан гендер санының көп болуына байланысты әр түрлі мутациялардың жалпы саны көп болуы мүмкін. Популяциядағы организмдер генотиптері түрлі мутацияларға қаныққан болады, олар көбінде гетерозиготалы күйде кездеседі. Популяцияда мутациялардың шоғырлануы артқан сайын гетерозиготалы өсімдіктердің бір-бірімен шағылысуы нәтижесінде гомозиготалы қалыпқа түсу мүмкіндігі көбейе береді. Мұндай қаныққандық мәдени өсімдіктер мен үй жануарларына ғана емес, С.С. Четвериков алғаш рет көрсеткендей, табиғи популяциялардың бәріне тән.
Әрбір ұрпақта генофонд көптеген жаңа мутациялармен толықтырылып отырады. Бұл үдеріс мутациялық қысым деп аталады. Демек, популяциядағы әр түрлі гендер аллельдерінің жиілігі мутациялық қысымға, яғни тіке және кері мутациялар жиіліктерінің қатынасына қарай өзгеріп отырады.
Мутацияның популяцияда таралуы осы локустың мутабильділігіне ғана емес, сонымен бірге осы организмдердің өмір сүргіштігі мен өскелеңдігіне қандай әсер ететіндігіне де байланысты болады. Жаңадан пайда болған мутацияның қайсысы болсын генотиптің біртүтас жүйесіне өзгеріс енгізеді. Осыған орай мутациялардың басым көпшілігі алғашында зиянды болады, өте сирек жағдайда ғана оның біршама пайдалы маңызы болады, ал осының өзі түр үшін бірдей пайдалы болып кетуі мүмкін.
Организм генотипінің орта жағдайына неғұрлым бейімделгіштігін қамтамасыз етуі арқылы сақталу процесін сұрыптау деп атайды. Сүрыптаудың негізгі үш түрі бар. Тұрақтандырғыш немесе қалыптастырушы сұрыптау ауытқуларды жойып популяцияны бір қалыпта ұстайды. Қозғаушы сұрыптау, керісінше, бұған дейінгі қалыптасқан организмдерді жоя отырып популяция тепе-теңдігін бұзады. Ақырында дизруптивті сүрыптау популяцияда фенотиптердің шеткі варианттарын сақтап (үзіліс басталғанша) аралық формаларды жойып отырады. Организмнің тірі қалуы және ұрпақ беру мүмкіндігі оның ортаға бейімделу дәрежесіне байланысты болады. Организмдердің бейімделу қабілеті неғұрлым кең болған сайын, олардың сақталу және популяциядағы даму мүмкіндігі молая түседі. Генотиптері тіршілік ету жағдайларына бейімделуді неғұрлым жақсы қамтамасыз ететін организмдер бейімделуі шамалыларға қарағанда көбірек ұрпақ береді, ал осыған байланысты белгілі бір геннің популяциядағы шоғырлануы да табиғи сүрыптаумен анықталады. Қолдан сұрыптағанда басты маңыз өнім беретін белгілерге беріледі.
В.И. Власовтың айтуынша табиғи сұрыптау онтогенездің барлық кезеңінде гаметадан есейген организмге дейін жүреді. Сонымен қатар ол қолдан сұрыптаудың жылдамдығына ықпалын тигізеді, оның қарама-қарсылық жүмысы өнімді жоғарылататын сүрыптауда түрдің биологиялық шегіне тән емес қасиетін байқатқандай. Осы жағдайда мал-дарды сұрыптағанда, олардың өнімдік белгілерін ғана емес, қоршаған ортаға бейімділігін де ескеру қажет.
Популяцияның генетикасын білу түрлі генотиптердің селекциялық бағалылығын анықтауға мүмкіндік береді. Салыстырмалы топтардың бейімділік айырмашылығы С.М. Гершензонның ұсынысы бойынша сурыптау коэффициенті деп аталады. Мысалы, рецессивті ген бойынша гомозиготалы болатын өкілдер (аа) гендері доминантты организмдер {АА және Аа) беретін әрбір 100 үрпақтың орнына 99 ұрпақ берді делік. Доминантты гендері бар организмдердің селекциялық бағалылығын 1,00 деп алсақ, онда рецессивті гомозиготалардікі 0,99 болады. Осы шамалардың айырмашылығы сұрыптаудың коэффициентін -S-ті көрсететін болады, айтылып отырған жағдайда ол 5= 1,00-0,99 = 0,01 ге тең.