2. Көмекші мектепте коррекциялық ритмиканың пайда болу тарихы. Коррекциялық ритмика арнайы психология мен дефектологияның қиылысында пайда болған. Коррекциялық ритмиканың пайда болу және даму тарихын төрт негізгі кезеңге бөліп қарастыруға болады:
Алғашқы кезең — сипаттаушы кезең. Бұл кезеңде дамудағы ауытқушылықтар мен бұзылуларды түзетудің педагогикалық мәселелері осы орайдағы медицина ғылымындағы жетістіктермен байланыста болды. Э. Сеген ақыл-ойы кем қалған балаларды тәрбиелеуде жүйелі жұмыс істеуді ұсынған. Балалардың ақыл-ойы және перцептивті дамуына диагностика жасап, тексеруде және түзетуде айрықша әдістерді ұсынған әдістемесі «Cеген тақтасы» деп аталады. Ал, танымдық, перцептивті, мнемикалық үрдістерді зерттеуге бағытталған психодиагностикалық және психокоррекциялық айрықша әдістерді П. Трошин ұсынған.
Екінші кезең — коррекциялық педагогиканың теориясы мен тәжірибесінің пайда болуы. Бұл сатыда коррекциялық педагогика психологиялық зерттеу және психокоррекциялық жұмыс әдістерінің пайда болуына қатысты дамыды. Бұл бағыт М. Монтессоридің есімімен тығыз байланысты. Ол баланың танымдық, сенсомоторикалық үдерістерінің дамуына бағытталған коррекциялық материалдарды ұсынады. М. Монтессоридің теориясында «бала дамуындағы сензитивті кезең концепциясы» негізгі орын алады. А.Н. Граборов қозғалыстың ырықтылығын, еске сақтауды дамытуды көздеген коррекциялық сабақ жүйесін жасаған. В.П. Кащенко - балалардың бойындағы қиын мінез құлықты коррекциялауға бағытталған педагогикалық коррекция әдістерін құрған.
Үшінші кезең - Л.С. Выготскийдің есімімен байланысты. Ол психиканың аномальді дамуының біртұтас концепциясын жасап, коррекцияның негізгі бағыттарын көрсетіп ерді. Сонымен қатар, ол психиканың ауытқуын түзетудің әдіснамалық-әдістемелік негіздерін жеке бағыт ретінде дәйектеуге жол салды. Жалпы, осы кезең сөйлеу, көру және есту ауытқушылықтары бар балаларға арналған психокоррекциялық және психодиагностикалық жұмыстардың жолға қойылып, осы орайдағы тиімді іс-шаралардың ұйымдастырылуымен ерекшеленеді.
Төртінші кезең - практикалық психологияның қарқынды дамуымен қатар жүрді. Бұл кезеңде нақты бір кемістіктерге байланысты балаларға арнайы психологиялық көмек жүйесі қалыптасты. Арнайы және оқу мекемелерінде педагог-психолог қызметі енгізілді.