Ерте заманда ата-бабаларымыз "ер, әйел" деп бөлінбей бірімен-бірі "Армысыз?" деп амандасқан. "Бармыз" деп жауап қайтарады екен. Ерлер өзінен үлкен адамдарға оң қолын кеудесіне қойып "Ассалаумағалейкум!" деп сәлем беретін, үлкендер "Уағалейкумәсәлем!" деп сәлемін алатын болған. Бұл екі сөздің де мағыналары өте терең. Біріншісі - "Алланың нұры жаусын!" деген мағына берсе, екіншісі - "Саған да нұр жаусын!" деген мағына береді екен. Басқа мұсылман елдері осы сәлем беру мен сәлем алуды ер, әйел деп бөлмей жаппай қолданса, ал қазақ халқына сәлем беру мен сәлем алу тек ер адамдар арасында ғана болуға тиісті деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан, ербалаға сәлемді қалай берудің жолын үйретсе, қыз балаға амандасудың жолын үйретеді, яғни, қыз бала өзінен үлкен адамдарға (ер болсын, әйел болсын) басын сәл иіп, "Сәлеметсіз бе?" деуі керек.
Нәресте сәлем беріп амандасқанда, аман-сәлемді жай ғана қабылдай салмайды: "Таудай азамат бол! Көпжаса!" -деп алғыстарын жаудырады. Мұның өзі баланы ынталандыра, құлшындыра түседі. Ол енді сәлем беруде, амандасуда қате жібермеуге тырысады. Үлкендердің жақсы лебізін естуге құмартады. Егер үлкен кісі баланың аман-сәлемін жай ғана қабылдай салса, бала жүрегі қанағат таппайды, нәумез болып қалады. Қазіргі көп айтылатын "Бала тәрбиесі - баршаға ортақ" дейтін сөздің түп төркіні осында болса керек. Сөйтіп, қазақ даласында бала тәрбиесі тек өз ата-анасының ғана міндеті емес, дүйім жұрттың ортақ ісіне айналған.
Амандасу салты Амандасу қай халықтың болмасын мәдениетінің алғашқы беташары сияқты. Әр халықтың амандасу рәсімі, салттары алуан түрлі болып келеді. Мысалы, славян халықтары бір-біріне қол беріп амандасса, жапон, қытай, үнді халықтары қос қолын бірлестіріп, маңдайына тигізіп тағзым ету арқылы амандасу рәсімін жасаған. Ал Орта Азия мен Африкадағы мұсылмандар ертеде оң қолын жүрегінің басына апарып тағзым ету арқылы амандық рәсімін жа-саған. Сондай-ақ мұсылман халқында амандық салты "Ассалаумағалейкум!" деген сөзден басталады. Ол жақсы тілек: "Сізге алланың нұры жаусын" деген сөз. Сәлем алушы қария "Уағалейкум ассалам!" деп оң қолын ұсынады.
Осылай қол алысып сәлемдесуден кейін амандасушылар алма-кезек:
Дені-қарныңыз сау ма?
Мал-жаныңыз, қора-қопсыңыз аман ба?
-Еліңіз тыныш па? - деген сияқты амандасу сұрағынжалғастырады.
Ал екіншісі:
Деніміз сау.
Мал-бас аман.
Ел іргесі тыныш, т.б. -деп ризашылықпен жауап береді.
Ұзақ сапардан келген ағайынға жиылып келіп амандасу немесе алыс сапарға аттанғалы жатқан адамға жиылып барып "Жол болсын!" деп тілек айту дәстүрі болған. "Алты жасар бала жол жүріп келсе, алпыстағы шал барыпамандасады" деген мақал соның айғағы.
Ал ауыл аралап жүріп жастар жасы үлкен қарияның үйіне бас сұғып, амандаспай кетсе, сол азаматтың үлкеңді сыйлауы кем, надан екенін бетіне басып, "Амандасуға да жарамады", "Жетесіз" деп сөгетін болған. Бұл тәрбие негізі амандық-саулық сұраудан басталады, оны білмеген адамның көргені шамалы деген ұғымды білдіреді. Бұдан туатын қорытынды: қазақ халқының амандасу салты - мазмұны жағынан өте бай, ол жастарды кішіпейілдікке, ибалыққа, сыйласымдылыққа баулуды мақсат еткен ата дәстүрі екені даусыз.
Сыйға сый, сыраға бал.
Еңкейгенге еңқей, атаңнан қалған құл емес. Шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес.