Процессуалдық форманың түсінігі және белгілері. Азаматтық процессуалдық форма – азаматтық процессуалдық құқық нормаларымен анықталған сот төрелігі мен азаматтық процесске қатысушылардың қызметін жүзеге асыру тәртібі. Сот пен іске қатысушылар тек қана процессуалдық құқық нормасымен қарастырылған әрекеттерді ғана жүзеге асыра алады. оның белгілері мынадай:
1) нормативтілігі- заңмен бекітілген;
2) міндеттілігі – процесске қатысушылардың барлығы үшін міндетті;
3) жүйелілік;
4) жалпы ортақтығы – барлық азаматтық істер үшін бірдей қолданылады.
2 ТАҚЫРЫП. АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР ЖҮРГІЗУ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ
Азаматтық іс жүргізу құқығы қағидаларының түсінігі және маңызы. Азаматтық іс жүргізу құқығы қағидаларының жүйесі. Азаматтық сот өндірісінің ұйымдастырушылық қағидалары. Азаматтық сот өндірісінің қызметтік қағидалары.
Дәріс
Азаматтық іс жүргізу құқығы қағидаларының түсінігі және маңызы. Қағидалар туралы азаматтық істер жүргізу құқығы ғылымында әртүрлі анықтамалар берілген. Жалпы қағида дегеніміз – жалпы, идеологиялық басшылыққа алынатын, заңдармен бекітілген және экономикалық қатынастардың сипатымен анықталған ережелер.
Қағидалар – негізгі бастамалар, азаматтық процесс соларға сүйеніп құрылады, олар азаматтық істер бойынша сот төрелігін іске асыру мақсаттарын көрсетеді және сот төрелігін жүзеге асыру әдісін анықтайды.
Азаматтық іс жүргізу құқығының қағидалары – азаматтық істер жүргізу құқығы нормаларында бекітілген идеялық-саяси, басшылыққа алынатын ережелер, олар процесстің құрылымын, табиғатын анықтайды, процессуалдық құқықтың әрбір нормасы мен институты қағидаларға сүйеніп құрылады (Осипов Ю.К.).
Қағидалардың құқықшығармашылық үшін, құқыққолдану соттық практика үшін де маңызы зор.
Азаматтық іс жүргізу құқығы қағидаларының жүйесі – бұл құқық саласының реттелген, логикалық өзара байланысты барлық қағидалардың жиынтығы.
Азаматтық іс жүргізу құқығының қағидалары Конституцияда, Сот жүйесі және судьяның мәртебесі туралы Конституциялық заңда бекітілген.
Нормативтік қайнар көзінің сипатына байланысты жіктеледі:
1) конституциялық, яғни ҚР Конституциясында бекітілген қағидалар. Мысалы, заң мен сот алдындағы теңдік (14-бап), сот төрелігінің тек қана сотпен жүзеге асырылуы (75-бап).
2) салалық, яғни салалық заңдарда бекітілгендер. Мысалы, жариялылық, сот өндірісінің ауызша және тікелей жүргізілуі.
М.А. Гурвичтің құқықтық реттеу объектісіне қарай жіктеуі бойынша екі топқа бөлуге болады:
1) сот төрелігін ұйымдастыру қағидалары (ұйымдастырушылық). Оған мына қағидалар жатады: сот төрелігінің тек сотпен жүзеге асырылуы; соттардың тәуелсіздігі және тек қана Конституция мен заңға бағынуы; судьялардың тағайындалуы; әркімнің заң мен сот алдындағы теңдігі; жариялылық; сот өндірісінің мемлекееттік тілі.
2) сот пен процесске қатысушылардың процессуалдық қызметтерін анықтайтын қағидалар (функционалдық, қызметтік). Оған мынадай қағидалар жатады: заңдылық; диспозитивтілік; сайысушылық: тараптардың теңдігі; сот талқысының ауызша және тікелей жүргізілуі.
Бұл ұсыныс көптеген ғалым-процессуалисттердің тарапынан қолдау тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |