Апеляциялық сатыдағы сотта азаматтық істі қараудың процессуалдық тәртібі мен мерзімі. ҚР АІЖК 338-бабына сәйкес, екінші сатыдағы сот, егер шағым уақытылы немесе өткізіп алған мерзім қалпына келтірілгенде берілсе, шағымды өндірісіне алуға міндетті. Апелляциялық сатыдағы судья апелляциялық шағымдар немесе наразылықтар түскеннен кейін, апелляциялық шағым немесе наразылықтың мазмұнын ескере отырып, 10 күн ішінде ҚР АІЖК-нің 170-бабы бойынша сот талқысына әзірлікті жүргізеді және істі сот талқысына тағайындайды. Апелляциялық сатыдағы сот іске қатысушы адамдарды істі апелляциялық сатыда қараудың орны мен уақыты туралы тиісінше хабардар етуге міндетті (ҚР АІЖК 338-бап).
Іс апелляциялық сатыға бірінші сатыдағы соттан келіп түскен күннен бастап бір айлық мерзімнен кешіктірілмей қаралуға тиіс. Апелляциялық сатыдағы соттың мәжілісі ҚР АІЖК 41-бөлімінде бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады.
Екінші сатыдағы сот талқысы бірінші сатыдағыдан алдындағы мақсаттарының әртүрлі болуына байланысты ерекшеленеді: бірінші сатыдағы сот азаматтық-құқықтық дауды барлық дәлелдемелерді зерттеу арқылы мән-жайларды анықтау және тиісті заңдарды қолданудың негізінде азаматтық- құқықтық дауларды шешеді; екінші сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің заңдылығы мен негізділігін іске байланысты тапсырылған қосымша мәліметтердің негізінде тексереді.
Апелляциялық сатыдағы сот талқысын реттейтін ҚР АІЖК нормаларына сәйкес, сот мәжілісін бірнеше кезеңдерге бөлуге болады: әзірлеу кезеңі; ііс материалдарын және іске байланысты шағымдар мен қатысушы тұлғалардың түсініктемелерін қарастыру; прокурордың қорытындысы; апелляциялық қаулыны жариялау.
Азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы апелляциялық шағым мен наразылық келтірілген істі алып, оны қарастыруға әзірлеу үшін сот мүшесінің біреуіне тапсырма береді; сот алқасының мүшесі іс материалымен, шағым немесе наразылықпен, тіркелген қосымша құжаттармен қоса түгелдей танысып, бірінші сатыдағы соттың нормативтік құқықтық актілерді дұрыс қолдануын тексереді. Белгіленген уақытта апелляциялық сатыдағы сот төрағалық етуші және соттың екі мүшесінің қатысуымен істі қарайды.
Төрағалық етуші апелляциялық сатыдағы соттың мәжілісін ашып, қандай іс, кімнің шағымы немесе наразылығы бойынша және қай соттың шешімі қаралып отырғанын хабарлайды. Сосын төрағалық етуші іске қатысушы тұлғалардың қайсысы келгенін, өкілдерінің келгенін, олардың жеке басын анықтайды, іске қатысушы өкілдердің өкілеттігін тексереді. Іске қатысушылардың келуін анықтап болған соң төраға апелляциялық сатыдағы соттың құрамын және егер істің қаралуына қатысып отырса, прокурорды, мамандарды хабарлайды және іске қатысушыларға қарсылық білдіру құқықтарын жариялайды (ҚР АІЖК, 351-бап).
Апелляциялық іс жүргізуде судьяға қарсылық білдірудің негізі болып істі негізі бойынша қарау кезінде негіз болған мән-жайлар болады. Қарсылық білдіру құқығын білдірген соң төрағалық етуші іске қатыушы тұлғаларға қалған процессуалдық құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
Төрағалық етуші тараптарға процессуалдық құқықтыры мен міндеттерін айқындау барысында мынандай процессуалдық құқықтарға зейін салу керек: бітім келісімін жасасу, талапкердің талаптан бас тартуы, сонымен қоса олардың тек құқықтарын ғана түсіндіру емес және олардың процессуалдық салдарын түсіндіру қажет. Сот мәжілісінің әзірлеу сатысында іске қатысушы тұлғалардың сот мәжілісіне келмей қалуына байланысты олардың қатысуынсыз істі қарастыру мүмкіндігі туралы мәселе шешіледі.
Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбаған іске қатысушы тұлғалардың біреуі сот мәжілісіне келмеген жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдырады. Апелляциялық сотта істі қарау төрағалық етуші мен немесе сот мүшелерінің баяндамасымен басталады. Баяндамашының негізгі басты міндеті болып бірінші сатыдағы соттың іс материалдарын, қорытындысын объективті және толық баяндау. Баяндамашы істің мән-жайларын арыз беруші немесе талапкердің көрсетуі бойынша, сосын сот оны қалай анықтаса, сол күйінде, жауапкердің талапқа қатысты пікірін, сот шешімінің мәнісі туралы баяндауы тиіс. Баяндамадан кейін сот мәжіліске келген іске қатысушы тұлғалардың, өкілдерінің түсініктемесін тындайды (ҚР АІЖК, 376-бап).
Іске қатысушы тұлғалар мен олардың өкілдері түсініктеме берген кезде шағым негізінде қосымша мәліметтер беруге және шағымда көрсетілмеген басқа да мәліметтер бере отырып, шешімнің өзгертілуін немесе күшін жоюды талап етуге құқылы. Іске қатысушы тұлға түсінік беру сәтінде сотқа қосымша материалдар ұсынуға құқылы. Бірінші болып шағым берген тұлға және оның өкілі сөз алады, ал егер прокурордың наразылығы қаралып жатырса, онда ол бірінші болып сөйлейді. Шешім тараптардың екеуімен шағымдалған жағдайда бірінші болып талапкер сөйлейді, себебі бірінші сатыдағы сотта істі қозғаған тарап болып табылады. Тараптар сөйлеп болған соң үшінші тұлғаға сөз беріледі. Іске қатысушы тұлғалар сөйлеп болған соң бір-біріне сұрақ қоя алады. Апелляциялық соттың мүшесі, тараптардың түсініктерін тыңдап болған соң олардың түсініктерінде айтылмаған мән-жайларды анықтау үшін сұрақтар қоя алады.
Судьялар және прокурор іске қатысушы тұлғалардың пікірін, олардың іс материалдарына қатысты көзқарастарын білуге құқылы.
Төрағалық етуші іске қатысушыларды тындап және жазбаша дәлелдемелерді зерттеп болған соң арыз берушіге, кейін жауапкерге қосыма мәліметтермен толықтыруға болатындығын ұсынады. Мұны толықтыруға прокурорға да береді, егер ол наразылық білдірсе (ҚР АІЖК 356-бап).
Соттағы жарыссөз аяқталысымен прокурор қорытынды береді. Апелляциялық сатыда іс бойынша қорытынды беретін прокурор міндетті түрде қатысады. Прокурордың қорытындысы ауызша түрде болуы тиіс. Ол қорытындыда бірінші сатыдағы сот шешімінің заңға немесе негіздемелерге сәйкестігі бойынша өз пікірін айтуға тиіс. Прокурордың қорытындысы дәлелдемелерге сүйенген, негізді болуы тиіс: прокурор шешім қабылдаған сотпен жинақталған дәлелдемелерге қатысты талдау жасауы керек, оларғав төменгі сотпен берілген бағаның дұрыстығы және бірінші сатыдағы соттың материалдық құқық нормасын қолдану және оған берген түсінігі туралы өз пікірін білдіреді. Қорытынды берген кезде прокурор апелляциялық сатыдағы сотқа берілген қосымша материалдарға талдау беруге ерекше зейінді салуы керек.