Мыңжапырақ Қазақстанның барлық жерінде өседі, Биіктігі жарты метрге жетіп, тамыры 30-40 сантиметр тереңге бойлайды. Көп жылдық шөп тектес өсімдік. Оның халық арасындағы екінші аты сарыбасшөп. Маусымнан бастап қыркүйек айына дейін гүлдейді. Гүлдері ұсақ, сабағының жоғары жағында тостағанша жасап шоғырланып тұрады. Біздің республикада бұл өсімдіктің 11 түрі бар.
Өсімдіктің дәрілік қасиеті халықтық медицинада ерте кезден-ақ белгілі. Оны асқазан, ұлтабар, ішек, мұрын, көтеу, жатыр ауруларына қарсы
және қан тоқтату үшін кеңінен пайдаланылған. Ал қазіргі медицинада басқа дәрілік шөптерге қосып түрлі қабынуларды, аллергияны, жараларды жазуға, қан тамырларын кеңейтіп, ауырған жерді тыныштандыруға қолданып жүр.
Мыңжапырақтың тамырын дәрі жасау үшін гүлдеп тұрған кезінде қазып алып, топырағынан тазартып жақсылап жуады. Көлеңкелі, ауасы ауысып жел кем соғып тұратын жерде кептіріп, ұнтақтайды. Осы ұнтақтың 100 грамын 3 литр суға салып, ыдыстың қақпағын буы шықпайтындай етіп жауып, жайымен бір сағат қайнатады. Оттан түскен соң бір күн тұндырады, сүзіп, үстіне 200 грамм алма сірке суын қосады. Дәрі даяр.
Бұл дәріні жатыр қабығында немесе одан қан кеткенде, көтеу болғанда, асқазан ауырғанда, ұлтабар жарасы ашылып қан түкіргенде, сондай-ақ мұрыннан, тістің қызыл етінен қан аққанда күніне 50 грамнан 3 рет, 20-30 күн ішкізеді. Әрі кеткенде 5-6 күннің ішінде қан тоқтап, ауырған жер тыныштана бастайды. Гүлінен төменбір қарыстай кесіп алып, кептіріп ұнтақтайды. Сол ұнтақтың 2 ас қасығын жарты литр қайнап тұрған суға салып шай сияқты демдейді. Бір күн тұндырып сүзгенне кейін үстіне 2 ас қасық сірке суы мен бір ас қасық бал, 20 тамшы бұрыш жалбыз (мята перечная) тұнбасын тамызып араластырады. Дәрі даяр.
Мұны қан кеткенде, асқазандағы қышқыл шамадан тыс көбейгенде, асқазан, ұлтабар, тік ішек жарасы және геморрой, панкретит, қант диабеті, бас сақинасы сияқты дерттерге шалдыққанда, ұйқы қашқанда күніне 30 грамнан 4 рет науқастың жағдайы түзелгенше ішкізіледі.
Мыңжапырақтың гүлін тостағаншасымен бірге алып кептіріп, ұнтақтайды. Сол ұнтақтың жарты килограмын 6 литр суға салып, үстіне жарты килограмм бал қосып, жайымен 6 сағат қайнатып, сүзеді.
Сонан соң оған жарты литр алма сірке суын, бір шай қасық бұрыш жалбыз тұнбасын құйып бальзам жасайды. Дәрі даяр.
Мұны қуық пен бүйректің барлық ауруына, әсіресе, қуық түбі безінің адиномасына, еркектік без бен өт қабының қабынуына, сары ауруға қарсы, күнінен ас алдынан жарты сағат бұрын 30 грамнан 3 рет алты ай ішкізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |