Тәжірибемнің сипаттамасы Мұғалімдердің алдына қойылып отырған басты міндеттерінің бірі – оқытудың әдіс – тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру. Бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Бұлар оқушының жеке қасиетін аша отырып, оқушының танымдық күшін қалыптастыру және білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасайды. Ұстаз болу үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау. Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойының дамуында басты рөл атқарады. Қазіргі кезде білім мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыға сапалы және терең білім беруіне жағдай жасап отыр. Жаңа технологияларды сабақта қолданудың тиімділігі қашан да анық. Қазіргі кезде білім беру үрдісінде көптеген технологиялар қолданылады. Соның бірі «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясын басшылыққа алдым. Бұл бағдарламаның мені қызықтырғаны, баланың өзі ізденіп, дәлелдеуі. Ол бұрын тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойлаушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», - деген сөзі ізденімпаз, жаңашыл ұстаздарға арналғандай.
Оқушы тақырыпты қаншалықты деңгейде меңгергенін ұғады. Егер білімді тексермесе, онда оқушы өз білімін терең, жан-жақты және дұрыс бағалайалмайды. Оқушы баға алған соң өзінің мектептегі, үйдегі жұмыстарын жетілдіруге, жақсы сапаларын дамытуға, білім, іскерлік, дағдыларындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік алады.
Білім, іскерлік және дағдыларды тексеру және бағалау тәрбиеге де ықпал етеді. Оқушылардың өз оқулары, табысы, сәтсіздіктері туралы ой-пікірлері қалыптасып, қиындықты жеңуге ұмтылады. Баға оқушының өзі туралы ойына қозғау салады.
Білімді тексеру және бағалаудың мемлекеттік маңызы бар. Мектептің, мұғалімдер ұжымының жұмысын білімді басқару органдары оқушылардың үлгеріміне қарап бағалайды. Мектеп әкімшілігі, қалалық, аудандық, облыстық білім беру ісін басқару органдары, Білім және ғылым министрлігі оқушылардың білімдерінің сапасын, мектеп және мұғалімдердің жұмысының жетістіктерін және кемшіліктерін білу үшін бақылау және тексеру жұмыстарын береді.
Бағалау оқытудың құрамдас бөлігі және қорытындылау сатысы. Формативті бағалауды пайдалану тиімді оқытудың негізі болып табылады. Себебі бағалау оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру жолдарына елеулі әсер етеді.
Мүмкіншіліктер:
Оқушылардың өзіндік оқуға белсенді қатыстыру керек.
«Оқу түбі тоқу» дегендей оқушы алған білімін қолдана білуі керек.
Оқушылардың өздерін өздері бағалай алуы және өздерінің оқуын қалай жақсартуға болатындығын түсіну қажет.
Бағалау үдерісі шынайы және бәріне түсінікті болу үшін бағалау критерийлерін құру керек.
Өзінің оқуының мақсаты мен жетістікке қалай жетуін білу үшін оқушылар өз өзін, бір-бірін, тобын бағалауды үйрену керек.
Бағалау нәтижелерін ескере отырып, оқытуды өзгерту керек. Қазіргі мектеп практикасында американдық ғалым Б.Блум таксономиясын қолданылып жүр. Ол – білім және білікті меңгеру деңгейін сипаттайтын белгілер жіктеуі. Бұл таксономия оқушының танымдық және сезімдік өрісін бағалауға бағытталған. Танымдық салада оқу мақсаттары адамның білімді меңгеру және интеллектуалды білік, дағдыны игеру деңгейлерінде қарастырылады. Интеллектуалды білік және дағдыны қалыптастырумен байланысты мақсаттар: түсіну → қолдану→ талдау → жинақтау→ бағалау деп жіктеледі. Бағалаудың басқа да түрлері бар:
- Жеке жетістіктер парағын толтыру арқылы бағалау;
- Эмоциялық қалыптар кескіндемесі арқылы бағалау;
- Пікірнама жазу арқылы бағалау;
- Липкинаның «Үш баға» әдістемесіне сәйкестендірілген бағалау;
- Жапсырма қағаздар көмегімен бағалау, т.б.
Өзара бағалау оқушыларға кері байланыс беруге көмектеседі, яғни бір - бірінен білім алуға және бір-біріне қолдау көрсетуге, бір-бірімен талқылауға, әңгімелесуге, түсіндіруге және бірін бірі сынауға мүмкіндік береді. Сапалы өзара бағалау өз жұмысын бағалау сапасын жақсартуға ықпал етеді, нәтижесінде ол оқушылардың бойында өзінің алға дамуы үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталады. Баға оқушының кемшіліктерін табу үшін емес, әрі қарай дамуына ықпал ету үшін қойылады. Баға қою бағалаудан туады және де бала келесі балаға баға қоймайды, тек бағалайды. Өзін өзі бағалау өзін өзі реттеуге жетелейді.
Сабақта «бағалауды» қалай пайдаланамын, соған толық тоқталып өтейін. Cабақ басталғанда бағалау парағын таратып бірден формативті бағалаудың критерияларымен таныстырамын. Бағалау парағында (2 сыныпқа арналған) көрсетілген пішіндер арқылы (жұлдызша, төртбұрыш, үшбұрыш, дөңгелек) оқушылар өз - өзін, бір- бірін, тобын бағалайды. Әр тапсырмадан кейін тапсырманың кілті беріліп, оқушылар өзін, бір-бірін тексеріп, алған пішіндерін бояйды. Формативті бағалау кезінде бұрынғыдай неге маған осы баға,оған ана баға деген оқушы болмады,сабақ соңында оқушылар өздерінің қаншаға жауап бергендерін біліп,бағаларын айтып шығып,күнделіктеріне қойып,маған тек қол қойдыруға әкелді. Білімі төмен оқушылардың бара-бара сабаққа деген қызығушылығы артып,төрттік бағаға жететін болды. Сабақтың соңында әр бір оқушы өздерінің әр тапсырмасынан кейін алған бағаларын санау арқылы мен оларға суммативтік бағаны қоямын және қойылған бағаға комментарий жасаймын. Жиынтық бағаны қою үшін сабақ бойы оқушылардың жауаптарын бақылаймын. Жиынтық бағамен қатар оқушылардың әр бір дұрыс жауабынан кейін оларды мадақтап, ынталандырамын.Мұғалімнің бағалауы мадақтау, ынталандыру, фишкалар, жұлдызшалар, тілек, смайликтер арқылы бағаланады. [6,www. bilim.idhost.kz]. Мұғалімнің бағалауы, яғни мадақтау, ынталандыру оқушылардың көңіл - күйін көтеріп, өздерінде сенімділікті тудырады. Сондықтан сабақтың басында және аяғында «Сенің көңіл-күйің қандай?» деген сұраққа смайликті бояу арқылы жауап береді. Балалардың көңіл – күйі, қарым – қатынасы жақсы болса, олар жақсы білім алады деп ойлаймын.