А. Мырзахметов атында



бет21/22
Дата05.11.2016
өлшемі4,66 Mb.
#555
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

ӘОЖ 37.01
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ ЖӘНЕ МҰХТАР ӘУЕЗОВ

ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЙНАР КӨЗДЕР
ИСТОЧНИКИ В ПРОИЗВЕДЕНИЯХ АБАЯ КУНАНБАЕВА

И МУХТАРА АУЭЗОВА
SOURCES IN THE WORKS OF ABAI KUNANBAYEV

AND MUKHTAR AUYEZOV
Кушпаева Г.Б. - педагогика ғылымдарының кандидаты

Шарипова А.М. - педагогика және психология мамандығының магистранты, АМКУ
Аңдатпа

Әрбір ақын-жазушы немесе дарын иесінің нәр алып сусындаған бастау бұлағы болады. Ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер жалғастығы бар да, сондай-ақ әр халықтың әдебиет өкілдері арасындағы дәстүр сабақтастығы бар. Ақын-жазушылар арасындағы дәстүр мен жаңашылдық, әдеби сабақтастық мәселесі барлық халықтың әдебиетінде кездеседі. Абай дәстүрін сан ғасыр ұрпақтары әлі де жалғастыруы сөзсіз. Абай дәстүрінен тәлім алып, оны көркемдік шеберлікпен жалғастырып, жоғары сатыға көтерген Мұхтар Әуезов болды.
Аннотация

У каждого акына, писателя или обладателя таланта существует источник из которого он впервые черпал силы. Существуют традиции преемственности в художественной литературе как и в национальной литературе, так и среди представителей литературы разных народов. Явление традиций и новизны, литературной преемственности среди акынов и писателей встречаются в литературе всех народов. Продолжение традиции Абая веками многих поколоний бесспорный факт. Мухтар Ауэзов черпая из традиции Абая, продолжил с высоким художественным мастерством и поднял на новый уровень.

Annotation

Each poet, writer or owner of talent has a source from which he first drew his strength. There is a tradition of succession in the literature as well as in the national literature, and literature among different nationalities. Phenomenon of tradition and novelty, literary continuity of akyns and writers appear in the literature of all peoples. Following the tradition of Abai by many generations for centuries is indisputable fact. Mukhtar Auezov drawing from the tradition of Abai continued high artistic skill and raised it to a new level.
Әрбір ақын-жазушы немесе дарын иесінің нәр алып сусындаған бастау бұлағы болады. Табиғаттың жаратылысы да сондай. Кішкене бастаудан шыққан бұлақ өзендерге, теңіздерге құйып, арнасы кең алып мұхитқа айналады. Сол сияқты әр ақын, жазушы, суреткердің нәр алар қайнары болуының өзі – табиғи заңдылық. Онсыз өзінен-өзі өнер иесінің пайда болуы, туа салуы мүмкін емес. Дербес өзі өмір сүре алмайды. Өзіне дейінгі дәстүрден үлгі алып, соған қарап өсіп-өнген суреткер кейінгі ұрпаққа жол ашып, жөн көрсетіп отырған. Өмірдің пәлсапасы да осы. Мұнсыз өсу, өрбу, өзгеру жоқ деуге болады.

Ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер жалғастығы бар да, сондай-ақ әр халықтың әдебиет өкілдері арасындағы дәстүр сабақтастығы бар. Ақын-жазушылар арасындағы дәстүр мен жаңашылдық, әдеби сабақтастық мәселесі барлық халықтың әдебиетінде кездеседі. Дәстүрді қабылдап, оны табиғи түрде дамыту, ол дәстүрге жаңалық енгізіп, жаңаша түрде, жаңа сапаға көтеру – әдебиет тарихының даму сатысын айқындайды. Қазақ әдебиетінде Абай дәстүрі деген кең құлашты арна қалыптасты. Абай дәстүрін сан ғасыр ұрпақтары әлі де жалғастыруы сөзсіз. Абай дәстүрінен тәлім алып, оны көркемдік шеберлікпен жалғастырып, прозада жаңа сатыға көтерген М. Әуезов болды. Сол себепті әдебиетте «Абай және Әуезов» тақырыбының сан-салалы байланысы туындап отыр.

Қазақ әдебиетінде бұтағын кеңге жайып, үлкен сала болып қалыптасқан Абай дәстүрі сияқты, орыс әдебиетінде Пушкин дәстүрі тамырын тереңге тартып, алып бәйтерекке айналған. Қазақ әдебиетінде «Абай және Шәкәрім», «Абай және Мұхтар», «Абай және Мағжан» деген кең ауқымдағы тақырыптар сияқты орыс әдебиетінде де «Пушкин и Лермонтов», «Пушкин и Державин», «Гоголь и Пушкин» деген тақырыптар арнайы ғылыми зерттеу обьектісіне айналған дәстүрлі тақырыптар. Лермонтов пен Пушкиннің тарихи әдебиеттегі талғамын әуелде Белинский қалаған, сонымен қатар бұл мәселенің әрбір қыры жайында жазылған жүздеген ғылыми басылымдар да жарық көрді. Белинскийдің алдында тұрған мәселе – Пушкин мен Лермонтовтың айырмашылығына терең мән беріп, Лермонтовты Пушкин және басқа ақындардың еліктеушісі деп қарады. Белгілі сыншы орыс әдебиетінің жаңа кезеңін Пушкиннің атымен байланыстыруға тырысады.

Әлем әдебиетінде Шекспир дәстүрі де кең қанат жайып, ғылыми салаға айналған тақырып. Әлем әдебиетіндегі драматургия мәселесін сөз еткенде, алдымен Шекспирді атайтынымыз рас. Г. Рубцованың «Ромен Роллан и Шекспир» атты еңбегінде Ролланның Шекспир шығармашылығына алғаш қызығушылықтан туған әсері кейіннен рухани тұтастыққа айналғаны сөз етіледі [1]. Ромен Роллан Шекспир туралы алғашқы мақаласында былай деп жазады: «Шекспир был для меня голосом самого Возрождения, чародеем, повинуясь которому Галатея сходит с мраморного пьедестала. Я упивался его страстями, вглядываясь в неповижные глаза обитателей музеев. Под солнцем этого искусства и южного неба взошли семена, которые Шекспир задолго перед этим заронил в меня. Под его крылом родились мои первые итальянские дары: «Орсино», «Эмпедокл», «Бальони», «Калигула», «Осада Мантуи», «Ниобея» [1].

Әлем әдебиетінің алыптары арасындағы ұқсастықты бақылап тексеріп отырғанда байқағанымыз, әр суреткерге тән шығармашылық үрдіс мынадай болып келеді: әсер ету, үлгі алу, ұстаз тұту, дәстүрлер ұласу, көркемдік тәсілдер алмасу, әдеби жалғастық табу, жаңа сапаға көтеру, өзіндік қырынан жаңалық әкелу.

Осы заңдылық қазақ әдебиетінің ұлы классиктері Абай мен Мұхтар әлеміне де зор қатысы бар мәселе. Абайдың асқан ақындық және данышпандық қасиетке жетуіне себепші болған оның мол қайнар бұлақтары мен бастаулары еді. Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздері жөнінде алғаш рет ғылыми тұрғыда сөз қозғап, көпшілікке ұсынған ғалым М. Әуезов болды. Абай шығармашылығының нәр алған қайнар бұлақтары жайлы тұңғыш рет тың пікірді М. Әуезов «Абай ақындығының айналасы» деген 1934 жылы жазған ғылыми-теориялық мақаласында қозғаған еді. М. Әуезовтің Абай мұрасының қазына көздерін жұртшылыққа таныстырып, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп көрсеткен зерттеу еңбегінде былай деп нақтылы атайды: «Ол Абай ақындығының, Абай шығармаларының өмір материалынан басқа әдебиет дүниесінен де көп бұйым алады. Абайдан қалған мұраның ішінде көп оқушыға даусыз боп айқын сезілетін сыртқы әдебиеттер белгілері бар. Ол Шығыс әдебиеттері мен Батыс әдебиеттерінен қосылған белгілер. Екінші, бұдан бөлек, ақынның өз тұлғасы сияқты боп қалыптанған барлық әдебиет мұраларынан: бұтақша таралып өсіп, жырыла шыққан тумалар бар – әдебиет тумалары», - дейді [2]. Яғни Абай шығармашылығына рухани азық болған, оның нәр алып сусындаған арналары: халқымыздың бай ауыз әдебиеті, ақын-жыршы, шешендер, жыраулар поэзиясы мен Шығыс әдебиеті және Батыс әдебиетінің озық үлгілері еді. Мәдениеттің, өнердің, адамгершіліктің мол үш арнасы Абайдың әдеби мұрасына рухани азық болды. Осы үш арна Абайды басқа ақындардан даралап көрсетіп, классик ақын ретінде қалыптасуына игі әсер етті. «...мәдениеттің осындай түрлерімен танысуы Абайға рухани азық болды, оның ой-өрісін кеңейтті, дүниеге көзқарасын өзгертті, ақындық өнеріне жаңа жол ашты», - дейді М. Әуезов [3].

Абайдың ең негізгі нәр алып сусындаған бұлағы халқымыздың бай ауыз әдебиеті еді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, асыл мұра ретінде жетіп отырған мәдениеттің бұл саласы болашақ ақынға көп ықпалын тигізеді. Халқының мол мұрасы мен бай ауыз әдебиеті Абайға анасының ақ сүтімен дарып, бойына қонған. Бұл ретте, ол көпті көрген дана әжесі Зере мен ақындық, өнерпаздық дарыған шешесі Ұлжанның кестелі сөздерін құлағына құйып, шаршы топта жаңылмай сөйлейтін әкесі Құнанбай мен басқа да ру басылардың билік сөздеріне ден қойып өсті. Соның нәтижесінде Абай он жасынан бастап өлең шығарды, әзіл-оспаққа, қолма-қол өлең шығаруға төселді.

Ежелден ән-жырға, ертегі-аңыздарға бай, ақындық өнерге бейім халқымыздың тал бесігінде тербеліп өскен, Құнанбайдай зор тұлғалы әкеден, Зере мен Ұлжандай дана аналардан тәрбие алған Абай бойына ұлттық ұлы қасиеттер мен ауыз әдебиетінің бар інжу-маржандарын жинады. Ол ертегілер мен аңыздарды, өлеңдер мен жырларды, батырлар, ғашықтар жырын, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды бала кезден естіп, бойына сіңіріп өсті. Өзіне дейінгі ақындар Шортанбай, Дулат, Бұқар жырау мен басқа да ақын-жыршылардың, би-шешендердің сөздерін естіп, танып, жаттап өскенінін сезуге болады. Оларға сын көзімен қарағаны да белгілі. Абайға ықпал еткен ақындық ортаға ғалым Б. Ердембеков Байкөкше, Сабырбай, Қуандық, Жанақтарды қосады. «Бала Абайдың санасына ақындықтың алғашқы дәнін еккен өз ауылының ақыны Байкөкше, көрші елден Дулат, Сабырбайлар, кейіннен замандасы Қуандық сынды ақындармен рухани селбесулер Абайдың ақындық жолында айтарлықтай азық болды», - дейді [4]. Абай небір айтыстардың, шешендер мен билер дауының куәгері болды, өзі де би болды, яғни халық шығармашылығын өмірінің соңына дейін естіп, сол қазына ортасында өзі де жүрді. «...сол кезде әр түрлі мақсаттармен, һәм түрлі себептермен жарық көрген фольклорлық жинақтар мен ауыз әдебиеті үлгілерін оқыды, оларға айтарлықтай көңіл аударып отырды» [5].

Халқымыздың асыл қасиеттерін бойына сіңірген Абай шығармаларында ауыз әдебиетін, нәрлі шұрайларын жасаған, халық ақындарының шығармаларын ақындық мәдениеттің жоғарғы сатысына көтерді. «Ауыз әдебиеті байлығын жете меңгерген ақынның аса талғамдылығы оның өз шығармаларынан айқын танылады. Абай фольклор даналығының асыл нәрін, рухын пайдалануды көздеген. Мұны әсіресе мақал, нақыл сөздерді қолдану тәсілінен анық байқаймыз. Ақын өлеңдері мен қарасөздерінде мақал, қанатты сөз секілді тамаша тапқыр тіркестер жиі кездеседі», - деп ғалым Р.Бердібаев Абай шығармашылығындағы фольклордың маңызын атап көрсетеді [6].

Абайдың ерекше ықыласпен оқып, аса құрметпен көңіл бөліп қараған келесі үлкен де маңызды арнасы – Шығыстың классикалық әдебиеті еді. Абай жас кезінің өзінде-ақ Шығыс әдебиетіне зор көңіл қойып оқиды. Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқып жүрген кезде ол араб, парсы, шағатай тілдерін жақсы меңгеріп шығады. «Уақытында аз да болса ислам діні, ғылымы кіріп келе жатқан жаңа заманның ретімен Абай ғарапша, парсыша, түрікше кітаптарды көп оқып, олардың ішіндегі ғылымынан үлкен хабардар болды. Үш-ақ жыл медреседе оқып, шығыс тілдерін меңгеріп шыққан Абай шығыс әдебиетінің мол жауһарларымен оқып танысады. Ол шығыстың даналығынан сусындап, ғылымын игереді.

Абай Шығыстың классиктері Фирдоуси, Сағди, Науаи, Низами, Физули, Хафиз, Жәми, Сәйхалидің т.б. шығармаларымен танысады. Шығыс классикасының ақынға әсер еткені соншалық, оларға еліктеп, өлең де жазады. Олар Абайдың алғашқы өлеңдерінің бірі болып саналады. Абай иран, түрік халықтарының әңгіме-жырларын да зор ықыласпен оқиды. Ақынның «Мың бір түн» ертегісін, «Шаһнама», «Ләйлі-Мәжнүн», «Көроғлы» дастандарын оқып, кейіннен шығыстық сюжет желісінде поэмалар жазғаны да белгілі. Ақын аға ретінде қалыптасқан тұсында Абай өзінің баулып тәрбиелеген шәкірттеріне оқыған шығармаларын айтып, арнайы тақырып та беріп отырған.

«Абай араб-мұсылман мәдениетін кең зерттей отырып, Табари, Рабгузи, Рашид ад-дин, Бабур, Абулғазы Баһадур хан және басқалары сияқты шығыс ғалымдарының тарихи еңбектерімен де танысты, мұсылман дінінің барлық шариғат негіздерін біліп алды» [4]. М. Әуезов атап айтқан мәліметке көз жіберсек, Абай шығыстың классикалық поэзиясын ғана емес, тарихи еңбектерін оқып, мұсылман дінінің шариғат негіздерін біліп, араб-мұсылман мәдениетін де зерттегені анықталады. Ақын олардың шығармаларымен өз халқының шежіре дастандарын салыстырады.

М. Әуезов Абай шығармаларындағы шығыстық белгілердің ақынның бала кезінен өмірінің соңына дейін желідей созылып арқау болғанын айтады. Абайдың Шығысқа қатынасын М. Әуезов ақын шығармашылығының екі кезеңде болғанын айтып, ажыратып береді. Абайдың «...жас кезінде (1860–1865) жай еліктеуден бастаса, есейіп ержеткен шағында (1886–1904) Науаи мен Низамиға сырттай еліктемей, олардың дәстүрлерін творчестволық жолмен, сын көзімен қабылдады» [4]. Бұл құбылыс әсіресе «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайдың өсіп-жетілу, рухани қалыптасу төркіндерін баяндайтын тұстарда анық байқалады. Жазушы «Абай жолы» эпопеясының «Шытырманда» атты тарауында былай деп жазады: «Ғабитхан да кітап оқығыш болатын. Соның кітаптарының ішінен өзін қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Мұнда Абұлқасым Туси-Фирдоуси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сеидбатал Ғазі», «Мың бір кеш» Табары жазған тарих, «Жүсіп-Зылиқалар» «Ләйлі-Мәжнүндер» «Көрұғлы» сияқты хикая дастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары осылар» [6]. Мұндай деректерді жазушы «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайдың ақын, ойшыл, дана, гуманист ретінде қалыптасу жолына қарай біртіндеп рет-ретімен келтіріп отырады.

Абайдың Шығысқа қатысы туралы мәселе жайында М. Әуезовтің сөзіне ден қойсақ: «Абай творчествосының шығысқа қатынасы жайындағы проблемамен де тереңірек, сын көзімен қараңқырай шұғылдану керек, мұның өзі – өте аз зерттелген мәселелердің бірі. Бұрынғы зерттеулерде Абайдың иран әдебиетімен байланысы деп айтып жүргеніміз, шынында, тәжік, өзбек, азербайжан классиктерімен байланысы, былайшы айтқанда, бүкіл совет елі таныған жазушылармен – Советтік Шығыс әдебиетінің қарт классиктерімен байланысы еді», - деген [7].

Абай шығармаларынан шығыстық белгілерді ақынның махаббат лирикасынан, өсиет-үлгі сарындас өлеңдерінен, қарасөздерінен, әсіресе поэмаларынан кездестіреміз. Шығыс поэзиясының әсері бар махаббат лирикасына жазған өлеңдерін Абай өзіндік төл дүниеге айналдырып, өз демі етіп жіберген. «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным» өлеңдерінде шығыс классиктері Хафиз, Сағди, Низами, Науаи поэзиясына ортақ белгілер де көрініс береді.

Абай жас шағында шығыс классикасы мен қазақ халық әдебиетіне, ақын жыраулар поэзиясына үйір болып, соларға еліктесе, есейген тұста, керісінше, шығыс поэзиясынан да алшақтайды. «Ол кездегі Абай арабшыламақ фарсыламақты теріс нәрсе деп түсінген», - деп жазады М. Әуезов [8].

Абай өз бетімен оқып, көп ізденіп рухани мол қазына көздерін А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крылов, В.Г. Белинский, Н.Г. Чернышевский, Л.Н. Толстой, Н.А. Некрасов, И.С. Тургенев, Е. Салтыков-Щедрин шығараларынан тапты. Сол замандағы орыстың қоғамдық ойының, әдебиетінің ең құнды жетістіктерін қадағалап, зерлеп білуге Абай көп күш жұмсаған. Абай өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақұлының дерегінде ақынның орыс әдебиетінен көп оқығаны айтылады. Кәкітай орыс қаламгерлеріне қоса Батыс ғалымдары Спенсердің, Луистің, Дрепердің еңбектерін, соның ішінде «Позитивная философия», «История умственного развития Европы» деген кітаптарына ерекше көңіл бөлгені туралы баяндайды. Осы жөнінде айтқан М. Әуезовтің пікіріне зер салсақ: «Батыс Европа мен орыс жазушыларының көпшілігін ол ең әуелі көп оқып, тексеріп өтеді. Өзінің білім алып, дүние тануына солардың шығармаларын азық етеді. Осы ретпен оқып шыққан ақын-ғалымдарының ішінде Батыс Европаның Гетесі, Шекспир, Шиллер, Гейнесі, Байрон, Бальзак, Беранжесі де болады. Ол кездегі білім өнерлердің мол қорда, үлкен бесігі Батыс Европа екенін аңғарып, сол жақтың ақындары ғана емес, неше алуан философ, білімпаздарын да зерттейді. «Европаның есею тарихы», «Ескі шығыс мәдениетінің тарихы» сияқтыларды да сол Батыс Европа ғалымдары арқылы оқып біледі. Европа философиясын зерттеу ретінде Спенсер, Спиноза, Декарттарды оқиды. Беріде Дарвинге де қызығады» [4]. Қазақ сахарасында отырып Абай Батыс елдерінің әдебиеті мен мәдениетін өз бетімен оқып, зерттеп халқына ғылым мен білімнің дәнін септі. Шығыс пен Батыс әдебиетінің озық үлгілеріне үңіліп, оған ерекше ықылас қою керектігін Абай балаларына, ақын шәкірттеріне айтып отырған.

М. Әуезов 1930 жылдардан бастап «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға даярлану үстінде Абай мен орыс классиктері деген тақырыпқа қайта-қайта оралып, тереңірек зерттей бастайды. Бұл салада жүргізген қыруар жұмыстарын екі салада, яғни біріншісі Абай мен орыс классиктері байланысына ғылыми зерттеушілік тұрғыдан келсе, екінші саласы роман эпопеяны жазу үстінде көркемдік шығармашылық тұрғыдан жалғастырды. Болашақ эпопеяның алғашқы тарауы «Татьянаның қырдағы әні» деген атпен жарияланды. Осыдан бастап М. Әуезовтің қалған өмірі тек Абай бейнесін көркем бейнелеуге арналды.

«...Абай ақындық еңбегінің бірсыпырасын тек орыстың классик поэзиясын қазақ тіліне аударуға жұмсайды. Байрон, Гете сияқты өзге европалық елдер классиктерінен бірер өлеңді аударса, оны да Абай Лермонтовтың аудармаларынан алып қазақшалайды. Анық орыс классиктерінен Абайдың аударғандары – Крыловтың бір топ мысалдары, Пушкиннің «Евгений Онегинінен» үзінділері және Лермонтовтан жасаған көп аудармалар. Тағы бір, жалғыз өлеңді Буниннен аударған» [9]. Абай орыс ақындары ішінен Лермонтовтан ең көп аударған. Лермонтовтан аударғаны отызға жуық өлең. Абай Лермонтовты аударуға келгенде, нағыз шебер аудармашы болып танылады. М.Әуезовтің сөзіне назар аударсақ: «Абайдың осы Лермонтовтан аударған өлеңдері қазақ әдебиетінде әлі күнге ешбір аударушының жете алмаған биік тұрғысында тұр» [10]. Абайдың құлай беріліп оқып, өзіне рухани жағынан жақындық тапқан, сырласы да Лермонтов еді. Өйткені орыстың ақыны Лермонтов шығармаларынан Абай өз өлеңдеріне үндес заман, қоғам үшін дерттенген ел уайымы мен көңіл шерін, ызалы сезім толғанысы мен ішкі бұлқыныс сырларын тапты. «Абай Лермонтовты тек оқып, өлеңдерін аударумен ғана шектелген жоқ. Ол орыс ақынын жанындай жақсы көрді, сырлас, мұңдасын тапқандай болды. Орыс поэзиясына бейімделе ден қойған Абайдың ең көп үндестік тапқан ақыны, өзіне туыстас сезінген адамы Лермонтов еді. Абай ұлы ақынның, тіпті сол кездегі орыс қауымының тілек-талабын, мұңын ұға алды. Лермонтов Абайға рухани жағынан жақын, ақындық құдіретіне дем беруші болды.

Абай туған қасиетті топырақта ақынның даналық ізін жалғастырып жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келді. Абай топырағы оның қаламына айрықша әсер еткен. Мұхтар Әуезовтің өскен ортасы, көз ашқалы көріп білген, иісі бойына сіңген табиғат дүниесі: жер мен су, тау мен дала, ойпаты мен қыры жазушы болып қалыптасуына тарам-тарам сыбаға тартып, игі ықпал жасады. Тумысынан табиғи дарынды жас Мұхтар сөз өнері дәстүріне бай ортада өскен. Ол жақта ұзатылған қызға жасау ретінде Абай өлеңдерін көшіріп беретін дәстүр болған.

Ана сүті, ата тәрбиесін бойына сіңіріп өскен бала Мұхтар атасы Әуездің әңгімелерін естіп, санасына құяды. Атасы Әуез діни мағлұматы мол, мұсылманша сауатты, Шығыс әдебиетінен хабардар көзі ашық адам болған. Атасы Әуез құран кітаптары арқылы өз немересінің сауатын ашып қоймай, ауыз әдебиетінің небір көркем үлгілерінен айтып беріп отырған. Қарт Әуез Абаймен дос, сыйлас адам болған. «М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі атты еңбектегі» мәліметке сүйенер болсақ, былай делінген: «М.Әуезов 5 жасқа таяғанда атасынан арабша сауат ашады, алты жасында Абай «атасының қоңыр қозысы екен ғой», - деп басынан сипап батасын беріпті. 1904 жылы күзде Мұхтарды әзірлеген Әуез оны алғаш рет 1904 жылы «Бұзылғантам» деген жерде оқуға береді. Құнанбай ауылы мекен еткен бұл жерге Зере өз баласының қара суықтан тоңбауы үшін ерсілі-қарсылы үш бөлмелі үй салдырған. (Ел көшкенде жылда жүргінші, ұры-қарылар бұза берген). Ең алғаш Абай осында оқыған. Мұхаң да сол арада Мүрсейіт Бікі баласынан сабақ алады» [11]. Немересінің туғаннан зеректігін, алғырлығын байқаған атасы Әуез кішкентай Мұхтарға бес жасынан Абай өлеңдерін жаттатып, жадына сіңіріп оқытады.

Бұл кітап – Абай өлеңдерінің жинағы. Абаймен дос болған әрі ақын талантына таңырқап ден қоюмен өткен Әуез өлеңдерін кітап қып көшіріп алады да, бізге сол арқылы қара танытпақ болады. Немерелері ұлы ақынның өлеңдерін жақсы көріп өссін деп те ойлайды» [12]. Міне, байқап отырсақ, Мұхтарға балалықпен ерте қоштасуға Абай өлеңдері тікелей себепкер болған екен. Абай өлеңдері жас бала үшін түсініксіз, тілі ауыр, мағынасы күрделі болса да, атасының немересіне қара танытпақ болып, ақын өлеңдерін ерекше ықыласпен жаттатқаны М.Әуезовтің өз өмірбаяны туралы дерегінде зор шабытпен еске алынып жазылады.

Жас Мұхтар алғашында өз атасы Әуездің әңгімелерінің әсерімен, кейін данышпан Абай өлеңдері арқылы сөз өнеріне деген шексіз сүйіспеншілігі арта түседі. Абай мен Мұхтарды ортақтастыратын көп жағдайлар бар. Белгілі сыншы М.Қаратаевтың мына сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Мәселен: «...Абай мен М. Әуезовтің туған жері де, өскен ортасы да бір, алған тәрбиесінде де бірыңғайлық бар: Шыңғыстау, Тобықты руы, революциядан бұрынғы Құнанбай ауылы, ауыл мектебі, Семейдегі училище т.т. Ең ақыры, бала Мұхтар жасынан Абай өлеңдерін оқи өсіп, Абай поэзиясының барлық нәрін, нұрын, шырынын бойына сіңірді десек, оның әдебиетте Абай дәстүрін эстафета ретінде мирас тұтып, ілгері тартқанын да атап айту керек. Қысқасы, Мұхтар Әуезовті «екінші Абай» деу үшін дәлел жеткілікті, ұқсас белгі, қасиет мол», - деген пікірінде Абай мен Мұхтар әлеміндегі сабақтастықтың бірнеше факторларын атап көрсетеді. Мұхтар өскен Шыңғыс елінде Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой аттары ертеден таныс сіңісті болған есімдер еді. Абай аулына Шығыс пен Батыс елдерінің әдебиеті, тарихы, салт дәстүр мұралары еркін жетіп жатты. Мұхтар Әуезов осындай ортада туып, ұлы Абай гүл еккен бақшада ер жетті. Абай мұрасына қанығып, Абай дәстүріне сүйеніп өсті. Сол арқылы халықтың бай ауыз әдебиеті, Шығыс пен Батыс әдебиетіне тереңінен бойлады.

Абайдың нәр алған тұнық қайнар бұлақтарынан Мұхтар Әуезов те сусындап, өзінің жазушылық, ғалымдық, суреткерлік дарынына азық етті. М. Әуезов шығармашылығының нәр алған көздері жайлы «Дәстүр мен жаңашылдық» атты еңбекте үш сала тұрғысынан көрсетіледі. Атап айтқанда: «...Мұхтар Әуезовтің өзі де үш сала әдебиет арнасынан нәр алып дәстүр дамытты, оның ішінде атап айтқанда, әсіресе қазақ эпосына сүйенді, Абайдан, Тургеневтен, Лев Толстойдан, Шекспирден, Горькийден, Шолоховтан тәлім алды дегенде, олардан бірдеңені көшіріп алды деген ұғым тумайды, жаңа идеялық тұрғыдан өмір шындығын соларша қамтып, творчестволық әдісті соларша игерді...» [13]. Бұл үш арна жазушының шығармашылық әлемін түгел қамти алмайды. Бұған қоса М. Әуезовтің үлкен ғылым ордалары Ташкент, Ленинград университеттерінде оқып, ірі қалаларда қызмет істеп, әдеби-мәдени кең орталықтарда жиі болып, шетелдерге іссапармен шығуына байланысты жазушының қайнар көздері ауқымының мол екенін, яғни бүкіл әлем әдебиетіне қатысы жағын да ескеруіміз қажет. Абай ақындығының нәр алған үш арнасын алғаш ғылыми тұрғыдан негіздеп берген М. Әуезов болса, ал М. Әуезов шығармашылығының қайнар көздерін Абай айналасы мен тағлымы арқылы М. Әуезовке бала кезден дарыған. М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық еңбек жолын, тағдыр қатпарларын жан-жақты ашып жазған «Бесігіңді түзе!..» атты ғұмырнама-толғауында былай делінген: «Олар ХІХ ғасырдың аяғында, ХХ ғасырдың басында қазақ сахарасының парасат университеті – Абай тәліміне сусындап өсті. Абайдың ұстаздық мектебі шын мәніндегі халық университетіне пара-пар дәрежеде әсер етіп, қазақ қауымының рухани Меккесіне айналды. ...Дүние жаратылғаннан бергі адамзаттың ақыл-ойының дамуы, тарихы, әдет-ғұрпы, көркемдік әлемінің айшықтары, философиялық әфсаналары Абай парасатының мәйегіне ұйыды.

М. Әуезов сонымен қатар өз хатында «Қоңыр әулие» үңгірі жайлы сыр шертеді. «Сол жердің тумасы болсам да әлі күнге дейін бұл жерде болмаппын», - деп жазушы бұл жолғы сапарынан өте көп мәлімет алып қайтқанын жасырмайды. Бұл үңгірдің тек іші ғана емес, сырты да өте көп тас қорғандарымен қызықты. Көптеген тас қорғандар мен тас плиталарында ежелгі қазақ руларының таңбалары соғылған. Мұнда көмілгендер қайсыбір қан төгіс шайқастардың кезінде қайтыс болғандар, бұдан кейін ол адамдарды рулық топтар бойынша жерлеген деген деректерді жазады.

Жазушы осы сапарының соңында ақындар слеті өткен Семей қаласында болғанын айтады. Облыста бұрын онша есімі танылмаған, қазірде белгілі болған аса ірі қарт ақын Төлеу жайлы таныстырады. Оның алтыншы аталарына дейінгі арғы тегі барлығы белгілі ақындар болғанын баяндайды. М. Әуезов Төлеу ақын жайын айта келіп: «Ал шешесі әйгілі Қуандық – Абаймен айтысқан және оның ғашығы болған. Ол менің романымның бірінші кітабында бейнеленген. Яғни қарт ақын арқылы мен өз кейіпкерімнің ұлын кездестірдім», - деп қуанышты хабарын жеткізеді.

М. Әуезовтің жазған хаттары – тарих қойнауынан сыр шертетін деректі, құнды дүниелер. Бұл хаттар оқырманды жазушының ішкі әлеміне бойлатып, жан-дүниесін түсінуге жетелейді. Павел Кузнецовқа жазған М. Әуезовтің екі хатының өзінен оқырман қаншама мол мәліметтер алып, әсіресе «Абай жолы» эпопеясының жазылу барысына қатысты деректер көзін тауып, рухани азық ететіні анық.

М. Әуезовтің орыс және Батыс әдебиетіне қатысы көптеген ғалымдар еңбектерінде арнайы сөз болады. Кезінде белгілі жазушы С. Мұқановтың Мұхтар Әуезовке берген бағасы оның әлем әдебиетіндегі биік орнын айқындап берген болатын. «....қазақ прозасын европалық дәрежеге көтерді» Мұхтар Әуезов – сонау жиырмасыншы жылдары-ақ еуропалық проза бигіне көтерілген жазушы. Әлем әдебиетінің алыптары арасындағы әдеби байланыс, шығармашылық сабақтастық ертеден әдебиет болған кезден бері пайда болып, қалыптасып, дамып келе жатқан үрдіс. Өнер иелерінің, суреткерлердің бір-біріне ықпалы, әсері, көркемдік жаңалықтарды игеруі – дүние жүзіндегі барлық әдебиетке тән заңдылық. Бір халық ашқан көркемдік жаңалық екінші бір халыққа игі ықпалын тигізеді.

Барлық халықтар әдебиетіне тән дәстүр мен жаңашылдық категориясы, әдеби байланыстар мәселесі, ұлылар үндестігі қазақ әдебиетінің алыптарына да қатысы бар. Абай мен Әуезовтің нәр алған қазына көздері мен әлем әдебиетіне қосқан зор байлықтарына үңіліп отырғанда байқағанымыз, алыптар әлемінің рухани іштей сабақтасып, шығармашылықпен тұтасып жатқанына көзіміз жетті. Абайды «ізашар ақын» деп оның дәстүрін дамытып жалғастырған «ізбасар ақындар» шығармашылығы арасындағы байланыстар арнайы аталып зерттеліп келеді. Ал ақын мен жазушы арасындағы дәстүр жалғастығы мәселесі әдебиет тарихында сирек кездесетін құбылыс. Біз зерттеп отырған ғылыми жұмыстың да басты ерекшелігі – ақын мен жазушы арасындағы үндестік пен рухани сабақтастық мәселесі арнайы қарастырылып, кең көлемде алғаш зерттеуді көздеп отырғандығында.

«Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, мысалы, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсек, М. Әуезовті де, кейінгі атақты ақындардың қайсысын болса да алып қарауға мүмкін екені талассыз», - деп академик З. Ахметов Абай дәстүрін М. Әуезовтің кейбір қырынан жалғастырғанын айтып, келешек зерттеушілерге терең ой салатыны бар [14]. Абай дәстүрін Әуезовтің жазушылық шеберлікпен жалғастыруы – олардың туған жер, өскен ортасы, рухани нәр алған қазына көздері, дүниетаным өзектері, өмір сүрген дәуір болмысы, сөйлеу тіліндегі ұқсастықтар және сан сала қырынан келіп шығады. Екі алыптың ойшылдық, гуманистік, ағартушылық, сыршылдық, сыншылдық, суреткерлік қырлары сабақтасқан, тұтасқан дүние деп қараймыз. Ұлылар дүниетанымының өзектері, эстетикалық танымдары, ой тереңдігі, сөйлеу тіліндегі рухани тұтастық – ақын мен жазушының рухани сабақтастығының басты белгісі. М. Әуезовтің ұстазы Абайдың рухани әлеміне өмір бойы тереңдеуі жазушы шығармашылығын тұтас бірлікте алып қарауды қажет етеді. Өйткені, Абай мен Мұхтар әлемі – біртұтас әлем. Абай мен Мұхтар әлеміндегі рухани сабақтастық мәселесі ақын мен жазушының ой санасына, ішкі дүниесіне, сөйлеу тіліне үңілуді көздейді.


ӘДЕБИЕТ

  1. Әбсәмет Марат / Дулатов М. Шығармалары: Мақалалар мен зерттеулер. - Алматы: Ғылым, 1997. - 2 т. - 344 бет.

  2. Жұмабаев М. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. - Алматы: Жазушы, 1989. - 448 б.

  3. Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. - Алматы: Жалын, 1994. - 368 б.

  4. Жетписбаева Б.А. Образные миры Магжана Жумабаева. - Алматы: Нур-пресс, 2008. - 156 б.

  5. Қазақ поэзиясындағы дәстүр ұласуы. - Алматы: Ғылым, 1981. - 62-79 бб.

  6. Мырзахметұлы М. Түркістан Тараз арасы... - Астана: Білге, 2002. - 432 б.

  7. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар / Құраст. Н.Ақбаев. - Алматы: Санат, 1995. - 320 б.

  8. Сабыров С. Қазақстан тарихы. Тарихи оқиғаларды ұлттық дәстүр тұрғысынан бағалау. - Алматы: Ғылым, 2001. - 171 б.

  9. Қазақстан тарихы очерктер. Редакторлар: Алдажұманов Қ.С., Балақаев Т.Б., Қозыбаев М.Қ., Нұрпейісов К.Н. - Алматы: Дәуір, 1994. - 446 б.

  10. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері: Оқу құралы. - Алматы: Санат, 1997. - 448 б.

  11. Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. - Алматы: Арыс, 2001. - 134 б.

  12. Абай. Өлеңдер. - Алматы: Жазушы, 1976. - 240 б.

  13. Абай. Аудармалар мен қара сөздер. - Алматы: Жазушы, 1987. - 2 т. - 200 б.

  14. Әуезов М. Уақыт және әдебиет / Құраст. Ы.Дүйсенбаев. - Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1962. - 428 б.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет