Жасаусыз аңыраған орданың ішін аралау Шоқанға қызық көрінген жоқ.
Ол тез шықты. Тоқпақбай оған сарайдың қақпасын ашып, ішіндегі
қоймаларды көрсетті. Көп қойма сандықтарда екен, олардың кілтін Зейнеп
тастамайды екен. Көзге көрінетіндері: кілем, киіз жəне солар ұқсастар.
Бұларды қомсынған сияқтанған Шоқанға Тоқпақбай.
– Бұқара-шəріпте орданың мешітіне төсеуге арналып, əдейі тоқылған,
тұлабойы жазылған дұғалық, патшаның баласы Омбыға келгенде Ертіс
жағасына тіккен, керегесі күміс, уығы алтын үйге, хан-əжем осы кілемді
төсеген, оны көріп пе ең төре-ием? – деді.
– Жоқ.
– Ендеше көрсетейін, – деп, Шоқанның «керегі жоқ» деуіне қарамай,
Тоқпақбай үюлі жатқан мүліктердің үстінен кілем сияқты үлкен бірдемені
төмен қарай домалатты. Жерге түсе шетін жазып байқаса, түрлі түспен
құлпырған, ұстап көрсе шым-жібегі опайке-былғарыдай сықырлаған
кілем!..
– Аржағын жазбай-ақ қой, – деді сапасын шетінен-ақ байқаған Шоқан. –
Қымбат мүлік екенін көріп тұрмын.
– Қымбат мүлік бұл үйде көп, төрем, – деді Тоқпақбай,– көктем шыға
кептірмек болып жайғанда, осынау кең алқапқа сыймай кетеді...
Бұл сөзді «немқұрайды» тыңдаған Шоқан, «шаршап келем» деп, бүгін
осы арада тынығарлық көңілін білдірді.
– Қайда, сонда? – деді Сақа.
– Осы ордада.
– Төсек-орын ше?
– Олар табылады, – деді Тоқпақбай. – Əлгі мүліктерден көтеруге келетін,
жұмсақтау бірдемелерін ордаға кіргізіп төсейміз.
– Сол жетеді, – деді Шоқан.
Тоқпақбай сарайдан кілемге теңделген бір буманы көтеріп əкеліп,
арқанын ағытса іші толған көрпе-жастық екен. Шыңғыс пен Зейнеп
жататын бөлмеде, екеуі мол сиятын, орыс шебері тақтайдан жасаған
жалпақ, орындықты ағаш төсек болатын еді. Соның үстіне түкті кілем
жайылып, көрпе-жастық төселіп, тынысқа рахат орын болды.
Тамақ жайы кеңес болғанда, Шоқан саквояжында əскерлік даяр астар
барын айтты.
– Бола берсін, – деді Тоқпақбай, – «қуыс үйден құр шықпа» демей ме,
қазақ, «жыланға да ақ тамызады» демей ме? Біз де бірталай қауым емеспіз
бе, осы маңда. Кедейлігіміз рас. Бірақ табанымызды жалап отырған
жоқпыз...
– Əдемі сөздеріңді қоя тұрып, береріңді айт, əке! – деді Сақа.
– Бергенде, – деді Тоқпақбай қипақтаңқырап, – бұл төренің сыбағасы
құлын мен тай, олар жоқ. Қой да жоқ...
– Қанаш, сен, – деді Шоқанға еркінсіп үлгірген Сақа, əкесін кимелеп,–
бұрын өзге еттен лақ етін жақсы көретін едің ғой, сол əдетіңді қойдың ба?.
– Неге қоям? – деді Шоқан.
– Шикі қаймаққа езген ақ ірімшікті ше?
– Оны да қойған жоқпын.
– Төремнің осы əдеттерін білгендіктен, – деді Тоқпақбай, – бір семіз
тушамды сойып астырып қойдым. Қаймақ та, ақ ірімшік те даяр. Оларды
осында əкелетін шығармыз?
– Енді қайда? – деді Сақа. – Біздің балағандарда Қанаш отырарлық жер
бар ма?
– Неге отырмаймын? – деп Шоқан сыпайысыған болып еді:
– Ондай орын жоқ, – деді Сақа.
– Сен тез қайт та, тағамдарды мұнда жеткіз,– деді ол əкесіне. Бақыр
қазанды ала кел. Жолшыбай тоңазыса, ешкі майы жегізбейді.
– Мақұл, – деп Тоқпақбай есегіне міне берді.
– Ыдыстар да таза болсын, – деді Сақа жөнеле берген əкесіне. – Салақ
қатындарға емес, Айжанға жуғыз! Оның қолы тиген ыдыс, айнадай
жалтырайды.
Сақа соңғы сөздерді Шоқан үшін, оның көңілін Айжанға аудара түсу
үшін айтты. Бұл тақырыптағы сөздер іле жалғасып кетті.
«Сен сол қызға келдің бе?» деуге бата алмаған Сақа, алыстан
орағытқысы кеп, Айжанның мінез-қылығын мақтаумен болды. Неге
мақтауын жорамалдаған Шоқан, кейбір дүдəмал хабарларды анықтап
алғысы кеп:
– Науан хазірет деген Бұхарадан оқыған молда болыпты ғой осы ауылда?
– деп сұрады Сақадан.
– Болды. Талай жыл тұрды.
– «Онық қатыны да оқымысты екен» деген сөз рас па?
– Бір қатесі жоқ. Қарындасың Рақия содан оқыды. Айжан қасында
болып, бірге оқыды.
– «Оқуға Рақия – топас, Айжан зерек болды» деген рас па?
– Солай деседі, – деді Сақа, «рас» деуге, «қарындасын топас деу,
Шоқанның көңіліне келер» деген оймен.
– Сен анығын айт, – деді Шоқан, – «кітаптары көп екен» дейді ғой Науан
мен əйелінің? «Айжан солардың бəрін де оқып тауысыпты» дейді ғой?
– Оншасын білмедім. Кітапты көп қарайтыны рас. Бізге мəлімсіз əлде не
қылмысымен, Имантауда тұратын орəднек Науан мен қатынын Көкшетауға
айдап əкеткенде, медіреседе тұратын кітаптары қалып қойған. Əлиəкбар
молда оларды мешітке апарған. Өзінің тістері ол кітаптарға батпаса керек.
Басқа оқи алатын кісі бұл маңайда жоқ. Тек, Айжан ғана оқи алады деген
соң, мен Əлиəкбардың көмескі көретін көзін алдап, мүкіс құлағына
естіртпей, қайдағы жуан-жуандарын қымқырып əкетем де, Айжанға əкеп
берем, «кісі көзіне түспе» деймін. Ол байғұс балға құмыққан арадай қадала
қалады да, күлкісін, жылауын араластыра отырып, əудемде қалың кітапты
бітіріп тастайды. «Не қызығы бар екен?» десем айтпайды. Мен тағысын
тағы əкелем. Мешіттің бұрышына үйілген кітаптарды Айжанға түгелге
жақын əкелем, əкелгендерімді ол тез тауысады.
Шоқан Сақаға да, Айжанға да риза болған қуанышпен күліп жіберді.
– Неге күлесің?
– Жəй, əншейін...
– Күлме! Рас! Жолықпай кетпейтін шығарсын, Айжанға, сонда өзіңнің
көзің жетеді оқымыстылығына.
Бала жастан сенісіп өскен Сақадан, Айжан жəйлі сырын енді бүгуді
Шоқан лайық көрмеді де, бұл араға неге келу себебін қысқаша баяндап
берді. Сонда баса айтқаны, қайткенмен де Айжанды «Малтабар» атты
қорқаудың құлқынынан құтқару.
– Оның қиындығы жоқ сияқты ғой, – деді Сақа, – хан-ием, бұндай
борышқа сені Омбының көп ұлығын ертіп, əкеледі деген соң бататын
бопты. Бірақ, құдай сақтап, Малтабардан əзірге іштеңе алмапты деседі ғой.
Енді, ұлықтар келмейтін болса, хан-иемнің шығынға батар іштеңесі жоқ.
Ендеше, Малтабарға «жөніңе кет» деп қолын бір-ақ сілтемей ме? Əсіресе,
сен аралассаң? Не істейді Малтабар Хан-иеме? Бармағын тістейді де кете
барады.
Сақаның бұл сөзі Шоқанның көкейіне қонады. Соған көңілі көншиін
десе, қу Сақа құрдас Шоқанға қалжыңдаған болып отырып, тағы бір
салмақты сөзді бықсытып қояды.
– Хош, – дейді ол қылмыңдап. – Айжанның басы босады дейік онда
менің күдігім жоқ. Содан кейін?
Кенет сұрауға, Шоқан кенеттен жауап бере алмауын байқаған Сақа:
– Ошаққа тас болған қызды көрген де, естіген де жоқпыз ғой, Қанаш-ие?
– дейді сөзін жалғастырып.
– Əрине.
– Бұл қыз да бір байға тиюі керек қой?
– Сөз бар ма онда.
– Сонда кімге?
– Қайдам!.. Бұйрықты біреу бар шығар.
– «Бұйрық» деген не ол? Оның тура аты – «Қалың мал». Малды кім көп
берсе, Айжанды да сол əкетеді. «Ақпанның қызы» дегенді қайбір «қас
батыр, қайран жақсы» дейтін аталықтар, күпсіген байлар, немесе терезесі
тең жастар алар дейсің. Менсіне ме олар бұл сияқты сорлының қызын?
Тоқал керек, бала керек кəрі-құртаңның біреуі алып кете барады да!..
Ондайлардың талайын көріп жүрміз.
– Рас! – деді Шоқан ауыр күрсініп.
Айжанда Сақаның өзінің де көңілі болатын. Бірақ, құлағына «Шоқан да
құмартады дейді» деген сөз шалынғандықтан «рас болса ұятқа қалармын»
деп өзін-өзі еріксіз тежей беретін. Тағы бір сезіп жүргені – əмеңгерлік
заңымен мосқал жеңгесі – Салиқаға еріксіз қосылған Жақып та, «Айжанды
тоқалдыққа алмақ» деседі. Ол Айжанға кіжіңдей де бастаған, бірақ, Бүбі
үйінде мазалауға бата алмаған да, одан кейін жайлау жаққа алыстап кеткен.
Төре тұқымынан Айжанға одан басқа да көз алартарлары аз емес. Айжан
Малтабардан босанған хабарын естіді-ақ, олар өлімтікке шапқан
қасқырлардай қаптайды да, өзара таласып қай жеңгені жейді.
Малтабардан басы босана қалған күнде, Айжанның төбесіне төнетін
осындай қара бұлттар барын аңғаратын Сақа, Шоқанның əу-жайын байқау
ниетімен, оның:
– Сонда не істеу керек? – деген сұрауына:
– «Теңі ме» деген біреуге басын байлау керек, – деген жауап берді.
– Кімге, сонда?
– Мысалы, маған!
Бұл сөздер аузынан шыға сала Шоқанның кескініне көзі түскен Сақа
шошып кетті.
Шоқанның көздері шатынап, дірілдеген ұрт еттері түйіле бастаған екен.
Ондайда қаһарын төгер адамы қашып құтылу керек. Сақа да сөйтуге
орнынан қобалжи бастап еді, ашуын ақылына жеңдірген Шоқан:
– Отыр! – деп қойды Сақаға алая қарап.
Шоқанның əлгінде жел үрлеген қызыл шоқтай жайнап кеткен көз
жанары қалпына түсе бастауын көрген Сақа, қобалжуынан орнығуға
айналды.
– Ендігəрі айтасың ба, сондай сөзді? – деді Шоқан.
– Айтсам, аузыма қан толсын.
– Жаңа неге айттың?
– Сені сынайын деп.
– Неге?
«Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ» деген деп бастап, Сақа Айжан мен
Шоқан жайында естігендерінің бəрін айтып берді де:
– Кəне, өтірік деші осыны? – деді.
– Өтірігі де, шыны да бар, – деді Шоқан.
– Қайсысы өтірік, қайсысы шын?
– Шыны: осы қызды кішкене күнінен жақсы көретінім рас, бұл араға сол
қызды басына төнген қатерден арашалауға келуім де рас; ал, өтірігі: осы
қызға мені үйленеді деген жорамалдар...
– Неге өтірік болады ол?
– Мен сияқты оқыған, саналы адамға үйлене қою оңай емес...
– Неге қиын болады ол?
– Үйленетін адаммен əуелі танысу керек, одан кейін сынасу керек.
қылығы, мінезі сыныңа толу керек, оның сынына сенің толуың керек, бір-
біріңе ұнауың керек, біріңді бірің сүюін, керек, содан кейін ғана қосылуға
болады...
– Ойбо-о-ой, – деді Сақа даусын созып, – ертегі ғой, мынауың?! Киіз
туырлықты қазақ арасында көрмек түгіл, естімеген де жұмыс қой бұл!
– Көрмесең көресің. Орыс сияқты мəдениетті елдердің арасында бұл –
дағдыға айналған іс.
– Қазақты сол дағдыға үйретпекпісің?
– Несі бар, үйретсе?
– Əй білмеймін,– деді Сақа басын шайқап,– байларда мыңдаған жылқы
болады, солардан үйретілгендері жүзге жетпейді, өзгелері жүген-құрық
көрмеген асаулар. Қазақ та солар сияқты емес пе? Қалай үйрете аласың
олардың бəрін?
– Ол, рас, бірақ... – деп келе жатты да, бұл тақырыптағы кеңесті Сақамен
соза беруден пайда жоғын абайлаған Шоқан, – əй, – деді тізеге алақанымен
қағып қап, – қысыр сөзді қояйық та, іске кірісейік.
– Қандай?
– Бүркегенмен беті ашылып қалған сөзді қайтеміз, жасырып? Бүгін
менің Айжанға жолығуым керек.
– Е, бəсе, – деді Сақа қуанып кетіп, – мені босқа шыжғырғанша, жөніңе
көшші, солай! Не істеу керек, жолығу үшін?
– Менің балағандарға қайтып баруым ықғайсыз.
– Əрине.
– Сен барасың да, онда?
– Əрине. Сен осы үйде күтесің.
– Өйтуге болмас.
– Неге?
– Мен қала тəртібінде өскен адаммын. Оның тəртібінде – қыз жігітке
емес, жігіт қызға барады.
– Сонда не қыл дейсің?
– Сен кешікпей жөнел де, қыбын тауып қызға тіл қат. Егер келуге көнсе,
мен оны бұл үйде емес, жолда тосайын.
– Қай тұста?
– Мына бір тайыз өзенді кесіп өткен едік қой.
– Иə, аты – Қылшақты.
– Мен оның жағасында тосармын да, сен қызды ертіп келерсің.
– Мақұл. Бірақ, қыз байланған соң.
– Түнде ай жарық қой.
– Ауыл ұйықтады-ау деген шақта. Мен білетін Айжан болса, көзге түсіп,
өлсе келмейді. Жұрт үйықтай келуі мүмкін.
– Егер келсе!..
– Басқа шақырады десе, əрине, келмейді. Сені шақырады» десе,
еншалла, келер деймін.
Ұмытып барады екеміз: Жаман Жалғызтау мен Саумалкөл бекетінің,
орталығы саналатын Сырымбетте жəмшік аты байланбайтын, екі жақта
жүргіншілерді біріне бірі жеткізіп салатын, түйісе қалғанда ғана
аумастыратын. Бүгін, сəті түскенде, Жаман Жалғызтаудан келген ылаушыға
Саумалкөлдікі кезіге кетті де, қонатын Шоқанды ертеңіне алып қайтуға
ризаласты. Жалғызтаудікі сол күні қайтып кетті.
Саумалкөл аттары етті де, тың да екен. Əсіресе, ойнақшыған көкжал
шабдар біреуі шайтанның отын ала қашқандай. Сақа сол атпен
балағандарға күндіз шоқытып барып қайтты да, Шоқанға қуанышты хабар
əкелді:
– Ретін келтіріп тіл қаттым, – деп ол, – «жарайды» дегендей басын изеді.
«Шоқанның асын ішкізіп Жатқызамын да, ауыл ұйықтады-ау деген шақта
осы атпен оралып, міңгестіріп қайтам» дедім. Оған да басын изеді...
– «Бас изеген» бола ма екен, – деді Шоқан кейіп, – аузынан уəде алу
керек еді ғой!..
– Сөзге мылқау сияқты қыз ол. Біреулер бірдемелерді айтса, естімеген
адам сияқтанып, бедірейіп отырады да қояды. Сонда, сөз білмейді емес;
айтқысы келгенде ағып тұрады...
Қызыл іңірде Тоқпақбайдың қонақасысы да келіп қалды. Ыдыс та,
дастарқан да, орамал да тозықтары жеткен» мен таза екен. Ет те, сорпа да
өлердей дəмді. Қаймаққа бұлғаған ақ ірімшік те сондай. Тоқпақбай
қонағына осыларды Айжан даярласқанын айтты. Сақа əкесіне білдірмей,
Шоқанға «көрдің бе?» дегендей көзін қысып қойды.
Ет еңсеріліп желінді. Дегенмен, бүйрек майы қалпақтай тушаның семіз
етін тұтасымен тауыса алмайтын болған соң, Шоқан жарты етін ертеңгі
сəскелікке қалдыртты. Қонақтарын түні бойы күзетіп шыққысы келген
Тоқпақбай, қораға қонып қалды. Бір қаға берісте баласы оған:
– Түнде Шоқан екеуміздің қайда баруымызда жұмысың болмасын, –
дегенді ескертті.
– Болсын, – деді олардың қайда барарын іштей жорамалдаған Тоқпақбай.
Орда мен балағандар арасы үш-төрт шақырымдай жер еді, Қылшақты
қақ ортада. Өзеннің көлге құятын сағасында Айжан мен Сақаны күтіп
тұрмақ болған Шоқан Сақаның «ол тұсқа дейін атқа міңгесіп барайық»
деуіне көнбеді, кешегі жайдақта қажалған тақымы, өйтуге жарамайтынын
жасырды.
Жұрт жатты-ау деген шақта, екеуі балағандарға жаяу бет алды. Шоқан
кешқұрым Тоқбетке:
– Сен астан кейін іңірде жат та, ұйқыңды қандыр, ай жарық, мен осы
маңда Сақамен біраз жүре тұрам, – деген.
Тоқбет ас ішкеннен кейін, ауыз үйдегі əлдене төсенішке қисайған да,
ұйықтаған тəрізді дыбыс білдіріп ояу жатқан. Өзін тəртіпті солдатпын деп
санайтын ол дыңдай офицерге күзетшілікке берілгеннен кейін, сақтық
жасап, қауіп жоғына көз жеткенше қалғымайтын. Оның үстіне, Омбыдағы
полиция басқармасының, «Уəлихановтың басқан ізін түгел бақыла» деген
тапсырмасы да бар.
Осы себептермен, балағанға беттеген Шоқан мен Сақа орда іргесінен
басталатын орманға жасырынғанша тасадан соңдарынан қарап тұрды да,
қараларын үзген шақта берданкасын көлденең ұстап соңдарына түсті.
Айжан мен Шоқан туралы жүріп жататын əңгімелерден оның хабары
жоқ еді, дегенмен, Шоқанның жүріс-тұрысына қарап, бірдемені ол да
жорамалдады, оның арты неге соғарын күтті.
Қылшақтының құйылысына жақын сырғауылдан салған көпірге жете,
бұлар аралап келе жатқан ағада шоқтары таусылып, аржағынан ашық алаң
басталды. Сақа көпір үстінде тоқырады да:
Осы арадан ажырайтын болып ек қой, – деді Шоқанға, – ай жарық, əне,
балағандар ербиіп көрініп те тұр, мен оларға жалғыз баратын болған едім
ғой.
– Сөйдегенсің. Бірақ, мен неге ере бармаймын?
– Уəделескен едік қой ол жайда?
– Бірақ...
Ешбір «бірағы» жоқ, Қанаш. «Уəде құдай аты». «Ердің екі сөйлегені...»
– Сөзді көбейтпей жөніңе тарт! – деді Шоқан. Сақа ентелей басқан
адыммен кете барды.
Осы бір тұстың масасы ерекше қалың болатын еді. Солар Шоқанның
үстіне бұлттай оралып, жан сақтарға жер таппады. Бар айласы, – қайыңның
жапырақты бұтақтарын қапсыра ұстап, денесінің ашық тұстарын қағына
беру. Одан мазасы кетуі кеміген жоқ. Шыбықтан жасқанған қалың маса
өршелене түсіп, үстіне жабыла қонды да, түйе мен жылқының қалың жон
терісінен инедей өтіп кететін тұмсықтарын қадай бастады.
Шоқан өн бойын сипалаумен болды.
Масалармен алысып, көпір маңында ерсілі-қарсылы жүрген Шоқан, бір
мезетте, іші пысқандай, ойға да шомып кетеді. Сондағы бар ойы Айжан
төңірегіне ғана оралады.
Бұл, əрине, мейлінше əдемі қыз. Қала, далада көрген қазақ қыздарынан
əдемілігі буған маңайласатын қызды Шоқан кездестірген емес. Бұл қазақ,
сұлуы. Қазақтан да бұндай сұлу кездесуін Шоқан ұлттық мақтаныш көреді.
Бірақ, сырты сұлудың іші сұлу ма? Яғни қылық, мінезі (ұлу ма? Ажары
меруерттей мөлдіреп туратын талай əйелдің қылықтары мен мінездерінің
түкке тұрмайтынын кездестірген. Ондайлар қазақта да жоқ деймісің? Естуі
мақтаулы болғанмен, Айжанның қылық-мінезінің қаншалық құнды екенін
кім біліпті?..
Сақа Айжанды ертіп əкелуге кетті. Ере ме, жоқ па? Келе ме, жоқ па?
Ермесе не істеу керек? Ере қалса, жолыға қалса, саналы өмірін қалада
өткізіп келе жатқан Шоқан ауыл қызының тілін таба ала ма? Ұғыныса ала
ма?
Оның Айжанды көргенге дейінгі ойы бір басқа еді, көргеннен кейін бір
басқа. Көргенге дейін оның негізгі мақсаты – қазақтың ескі, феодалдық
əдетінің, темір торына шырмалған бір сорлы қызды, қайткенде содан
құтқару еді. «Қыз одан кейін қайту керек?» дегенді ойланбаған, «үйленем»
деу басына да кірмеген, жəй «əдемі» дегенге, бозбалалық қызығу ғана
болатын, «оның арты насырға шабар» деген ой да жоқ-тын.
Айжанды көргеннен кейін бұл ойы түбірімен өзгеріп кетті. Оның
сымбаты мен ажарына көзі түсе, қатты қызықты; алғаш сана емес,
жыныстық сезім билеген Шоқан, оны құшуға құмартты. Кейін, ақылға
келген шағында да, осы құмарлықтан шыға алар халі жоқ сияқты; сонда,
егер Сақаға еріп Айжан келе қалса, құмарлығын оған хайуандық түрде
білдіру керек пе? Адамдық түрде білдіру керек пе? Бастапқы түріне Шоқан,
əрине бара алмайды, ол – европалық, орыстық тəрбие алған, саналы мырза;
«адамдық түр» дегеннің мағынасы – екі жағының да сүйіспендік тіл тауып,
бірін-бірі ұғу; сондай тілді Шоқан да, Айжан да таба ала ма, жоқ па?
Бұл мəселені Айжанмен жалғасқан шаққа қалдырған Шоқан Айжан
тағдырына тағы да толғанып кетті. Европаның, орыстың, орыс тіліне
аударылған басқа елдер көркем шығармаларының бəрін дерлік, судай
сапырып оқыған Шоқан ғашықтық жайларының талай түрімен таныса
жүре, Айжан тағдырына ұқсас тағдырды бір ғана шығармадан кездестірген,
ол петрошевшілдердің көрнекті біреуі – Николай Петрович Григорьевтің
«Солдат əңгімесі» аталатын қысқаша хикаясы. Октябрь революциясына
дейін ешбір баспасөз бетін көрмеген бұл хикая. Омбыдағы кадет
корпусының оқушыларына қолжазба күйінде тараған.
Кейін «петрошевшілдер ісі» аталатын архивтық материалдардың ІІІ-
томына қосылған бұл хикаяның қысқаша мазмұны төмендегідей:
Петербургтағы əскерлік бөлімшелердің біреуіне қайыршы шал келеді,
солдаттар танысса, шал Семенов атындағы лейб-гвардиялық полктың 1812
жылғы Отан соғысында атаққа шыққан солдаты – Михайлов екен. Солдатқа
алыну тарихын ол төмендегідей баяндайды:
Крепостнойлық шаруаның баласы едім. Тұрмысымыз нашар еді. Бірақ,
мен жұмысты қиратып істейтін балуан жігіт болып естім. Бізді
қарамағында ұстайтын помещик қатал, қиянатшыл, бейбастақ неміс
болатын: кім көрінгенді қазықпен сабайтын, өлтіріп тастайтыны да
болатын, себепсіз балағаттайтын, жас қыздарды тіпті бала қыздарды зорлай
беретін... Бір күні жұмыстан келсем кəрі əке-шешем жылап отыр. «Неге?»
десем жанымдай жақсы көретін, сымбатты, сұлу болып өскен қарындасым
Машаны əлгі қожамыз масқаралап кетіпті! Ыза мен намысқа шыдамай
қожаға бардым да сілесін қатыра сабадым. Сол үшін өкімет мені солдатқа
берді. Мен 1812 жылғы Отан соғысына қатынасып, үлкен абыройға іліктім,
наградалар алдым.. Содан үйіме оралсам, əкем де, шешем де өлген, ауруға
шалдыққан қарындасым өлім алдында. Осы күйіктен арақ ішіп кеттім де,
осындай қайыршылық халге жеттім!
Осындай халдерін баяндай келе, Франция халқы қиянатшыл королін
қуғанын айта келе, орыс солдаттарын орыс патшасын да тақтан қууға
шақырады. Ол шет елде, əсіресе Францияда қожалары кедей шаруаларды,
солдаттарды адамша ұстайтының Россия шаруалары мен солдаттарының
халі өте ауырлығын, орыс патшаларының Россияда тізгінді мейірімсіз
немістерге ұстатуын сипаттай келіп, шал əңгімесін:
Француздардан біз – орыстар кембіз бе? Əкелеріміз құдайға илануды
айта жүре, «оған сенбе, өзіңе сен» дейді. Шіркін, маған ерік берсе, орыс
балалайкасына немістерді билетер едім де, «кузькинаның шешесіне
жіберер едім!» Неден қорқамыз, біз – батыр солдаттар? Өлім біреу-ақ!..
Қандас шаруаларды байларға қорлатпаймыз, оларға азаттық əпереміз! – деп
аяқтайды.
«Француздың ұлы революциясы аталатын 1789 жылдан, Европада 1848
жылы болып өткен революциялардан, 1825 жылы болған декабристер
көтерілісінен, 1849 жылы əшкереленген петрошевшілдер оқиғасынан
хабары толық, бірақ, өзі монархиялық пікірдегі Шоқан бұл оқиғалардың
біріне елтімей, үнемі міней қарайтын, сондықтан, Григорьевтің «Солдат
əңгімесін» оқыған шақта, көркем əдебиетке талғамы күшті Шоқанға қара-
дүрсін жазылған қысқа шығарма оншалық əсер ете қоймаған.
Сол əңгіме Айжан тағдырына байланысты есіне түскен шақта, Шоқан
үлкен мəн бере бастады. Машаның да, Айжанның да тағдырлары ұқсас.
Машаның əкесі мен Айжанның əкесінің де тағдырлары, Машаның солдат
ағасымен, Айжанның жетімдікке берілген ағасы – Жайнақтың да
тағдырлары бір-біріне тым ұқсайды. Жайнақтың өлі-тірісін, тірі болса не
халде екенін білер жан естілмейді. Ақпанның халін көзімен көрді. Айжан
сырласуға əзір тұр. Одан не нəтиже шығары белгісіз.
Оны Малтабардан айырып алу оңай сияқты орыс заңына жүгінсе, ешкім
де бөгет бола алмайды. Бұндай күшке əкесінің жығыла кетуіне кім кепіл?
Егер алыса кетсе ше? Əкені жығу оңай боп па? Жыққанда не болмақ? Ел не
демек бұл оқиғаға? Əкесінің мінезі қатал екенін біледі. Сондай əкені
жауықтырып алса, арты неге соқпақ?
Осындай сұраулар басын қатырып жіберген Шоқан, үстіне үймелей
қонған масалардың денесін тітіркендіре ащы шағуын да елеместік халге
жетті.
Шоқан солайша жүре тұрсын, біз Айжан жаққа оралайық.
Шоқан аттанып кеткенде, өз балағанының босағасына сүйеніп тұрған
Айжанның жылап қалғанын білеміз. Тарантастың қарасы үзілген шақта, ол
əкесінің төсегіне келді де, шөке түсіп, ал кеп еңіреді.
«Бұ несі?! – деп ойлады, төсегіне жамбастай қисайған Ақпан, – сағынды
дейтін екі туып, бір қалғаны емес, əлде, жақсылық көргені есіне түсті ме
екен? Оған неге осынша бүлінеді?!.. Сырттай болсын, іштей болсын, алғыс
айтуы жетпей ме?»
«Шоқанның Айжанда көңілі бар» дегенді Ақпан естіген жоқ, сондықтан
«жас шіркін, – деп ойлады ол қызы туралы, – əдемі жігітке көзі түскен соң
қызығып қап, қолы жетпейтін жұлдыз екенін еске түсірді ме екен? Əрине,
ол – аспанда, бұл – жерде. Екеуінің арасы тым алшақ!»
Ойын əр саққа жүгірткенмен тиянақ таба алмаған Ақпан, екеуін үдете
түскен қызына бірер рет «оның не, Айым?! Қойсаңшы, балам!» деп еді,
қою орнына күшейе түсті... Неге бүйту себебіне ақылы жетпеген Ақпан
несі болса да жəй жылау емесін аңдап, қызының қылығына жаны ашыған
жүрекпен, көз жастарын тамшылатып қойды, онысын Айжанға сездірген
жоқ.
Айжан сол қалпында ұзақ жылар ма еді, қайтер еді, – егер күн байыр
шақта балағанына Тоқпақбай кіріп келмесе.
– Айжан үйде ме? – дей кірді ол, іші көлеңкеленуге айналған
балағаннан, Ақпан төсегінің ығында шөкесінен жатқан Айжанды абайлай
алмай:
– Үйде, – деді Ақпан.
Айжан жылауын доғара қойып, ықылығын білдіргісі келмей, даусын
таныған Тоқпақбайдың неге іздеу себебіне құлақ тікті.
– Əлгі Шоқан мырзаға қонақасы берейін деп ем, – деді ол.
– Қайда тоқырады? – деді Ақпан.
– Қысқы ордаға. Бүгін сонда қонатын болды. Қонақасыға қара ала
тушаны сойдырып жатырмын. Біздің үйдегі салақтау екенін білесіңдер.
Орамал, дастарқан, ыдыс-аяқ дегендеріміз кірлеу болады. Асты Шоқанға
олармен апару ұят. Төре тұқымдарының бəрі де кінəмшіл, ақсүйек,
жиіркенімпаз ғой. Даяр асты дəмдендіріп пісіру де біздің қатынның
қолынан келмейді. Қаймаққа бөктірген ақ ірімшік те ала барайын деп ем.
Оны Шоқан өзі жақсы көреді екен. Айжанға осы тамақтарды əзірлес,
ыдыстарды тазалас дегелі келіп ем. Бұл баланың пісірген тамақтары дəмді
болып жүр ғой, – деді Тоқпақбай.
– Қайдам? – деді Ақпан, көп жылаған Айжанның ас əзірлеуге халі бар-
жоғын біле алмай. Өзі қалғып жатыр еді, Айым, əу, Айым! – деді Ақпан
оятқан боп.
– Барам, – деді, Тоқпақбайдың сөздерін түгел естіген Айжан, «əу» деудің
орнына, басын көтеріп.
– Тоқаң саған кепті ғой, Айым.
– Естідім.
– Ұйқылы-ояу жатыр екенсің ғой, «барам» дедің ғой?
– Барам! – деді Айжан, сілкіне түрегеп.
Шақырғанға қуанып кеткен ол, жылау артынан тынысын тарылтып,
жиіленіп кеткен ықылықтың əп-сəтте қайда жоқ болғанын білмей де қалды.
Қалжыраған бойы сергіп кетті. Өйтпегенде ше? Шоқанға қолынан дəм
жасап беру, қандай бақыт! Шапшаң қимылмен дəмді тағам əзірлеуге
кіріскен Айжанның есі-дерті Шоқан: бала шағында көрген сəттері де көз
алдынан қайта-қайта тізбектеліп етіп жатыр. Іңірде жер-ошаққа жағылған
от, ай туғанша түнерген төңіректі тіпті қап-қара ғып жіберді. Айжан «сол
қараңғылыққа бөленіп, бір жағынан Шоқан шыға келе ме» деген сезіммен,
жалт-жұлт айнала қарай берді...
Тағамдар тəтті болып даярланды. Соларды апарыса келген болып, бір
қаға берісте тіл қатқан Сақа, Айжанға астан кейін, ауыл ұйықтай
оралатының көнсе оны ерте кететінің өйтудегі мақсатын айтты. Оның:
– Барасың ғой? – деген сұрауына, Айжан басын изеді.
Сақа ауыл ұйықтай, ай туа келсе. Айжан балағанның көлеңке жағында
күтіп отыр екен.
– Əкең сезді ме, бұныңды? – деген сұрауына:
– Білмедім, – деп жауап берді Айжан.
Əлі көз шырымын алмаған Ақпан қызының кештен бергі жүріс-тұрысын
аңдуда. Түнде бір жаққа барар қалпын да аңғарды. Құлағы сақ ол Сақаның
келген сыбдырын да, Айжанмен арасында болған сұрау-жауапты да естіді.
Олар жөнеле бергенде, есікке еңбектеп кетіп, қаралары үзілгенше қарап
тұрды. Олар орда жаққа беттеген соң, Сақаның Айжанды Шоқанға апара
жатуын да жорамалдады. Қызының адамдық қасиетін білем деп ойлайтын
Ақпан бүгінгі қылықтарына аң-таң. «Шоқан» десе елпілдеді де қалды!
Неге?! Əлде, бейбақ, «алады» деген дəмеде ме? Болмайтын нəрсе ғой ол!
Аспандағы айға қол созу ғой! Босқа əурешілік қой, олай ойлау!.. Ендеше
неге елпілдейді?! Мазақ болуға ма? Ондай бала сияқты емес еді ғой! Неге
сұрамадым? Неге тыймадым? Неге жібердім, қасқырға, бейкүнə лағымды?
Неге арашаламадым, əлім жеткенше? Неге өлмедім жолында?!..
Осы ойдан Ақпан ағыл-тегіл жылады! Өзінің дəрменсіздігіне күйінді.
Сөйтіп ақыры қалжырап, сүйретіле кеп төсегіне қисайған, ұйықтап кетті.
Айжанның келер-келмесіне көзі жетпей тұрған Шоқан олардың көл
жиегіндегі қамыс ішімен қасына таялып қалғаның басқан аяқтарының
сыбдырынан аңғарды. Бірақ, адам я хайуан екенін шамалай алмаған ол
«көлдің қопасында қабандар жүреді» дегенді есіне түсіріп, шалбарының оң
жақ қалтасындағы пистолетін суырды да, хайуан көрсе атуға ыңғайланды.
– Айжан екеуміз, – деді Сақа, құрақ арасынан көріне беріп.
Шоқанға жақын келген Айжан басын иіп сəлем етті. Енді не істеу керек?
Қала қызымен қалай жолығудың не десудің жайын Шоқан жақсы біледі,
ауыл қызының жайын білмейді. Сондықтан, Айжанға не дерін білмей
аңырып қалғанда:
– Масасы көбейіп кетіпті ғой мынау араның, – деді Сақа, – ордаға тез
жетіп, баспана табайық. Ал, кеттік!
Сақа бастай берді.
– Сіз жүріңіз, аға! – деді, еркектің алдына əйел түспейтін ауыл əдетін
сақтаған Айжан Шоқанға.
– Қатар жүрейік, – деді ол.
Қатарласқан Айжанды Шоқан қолтықтауға ыңғайланып еді, олай жүруді
көрмек түгіл естімеген Айжан «бұнысы несі?!» дегендей қымсынып
денесіне Шоқанның, созған қолын жуытпады.
– Қала ғұрпы осылай, – деді Шоқан.
– Мен ауыл баласымын ғой, аға!
«Баласымын ғой» деуін, Шоқан «баламын ғой» деген мағынада ұқты.
– Ордаға беттеген сүрлеу, тау етегіне таяна екіге айрылатын еді: оңға
қарайғысы – ордаға, солға қарайғысы – Сырымбет тауының екі өркешінің
арасындағы Беласуға.
Сақаның еркіне салса, Шоқан мен Айжанды ордадағы Шоқанға төсек
даярлаған бөлмеге кіргізу, «аржағын аллаға тапсырып» жапқан есікті өзі
сыртынан қарауылдау еді. Осы түннің аржағында Шоқан мен Айжанның
арасында қандай қарым-қатынасы болуында Сақаның жұмысы жоқ. Бүгін
екеуін оңаша қамады, Шоқан алдында құрдастық қарызын ақтады, одан
кейін қайтсе де мейілдері!
Сол ойдағы Сақа жолдың айырымына жеткенде, оңға қарай ойыса беріп
еді:
– Айжан екеуміз, – деді манадан үн-түнсіз келе жатқан Шоқан солдаты
орман арасы мен тауға көтерілетін соқпақты қолымен нұсқап, – мынамен
кетеміз.
«Солай ма?» дегендей Айжанға қарап еді:
– Ықтиярыңыз, аға! – деді ол.
– Ойбай-ау салулы төсек, салқын үй барда, маса-сонасы көп ағаш
арасынан не аласыңдар? Жəне «сол саланың ар жақ, бер жағында түп
мезгілдерінде аю жүреді» деген сөз бар, – деді Сақа.
– Мейлі, арыстаны, жолбарысы аралас жүрсе де, – деді Шоқан.
Шоқан мен Айжанның Сырымбет саласына беттеп кетулеріне көзі
жеткен Сақа:
– Мен де ерем, сендерге, – деді.
– Ермейсің! – деді Шоқан бұйрықты үнмен.
Сақа тіл қайыра алмады. Мана балағандар қасында кездескен сəттен
бастап, Сақаның байқағаны: Шоқанның бала күндегі өзімшіл, тəкаппар
мінезінің бірталайы əлі де сақталыпты, əлі де «айтқаным болсын» дейтін
сияқты. Онысына қарсылассаң, аяғы жанжалға соғады.
– Кеттік, Айжан! – деп, Сақаның бетін қайырған Шоқан Беласу
соқпағына түсе берді, Айжан артынан ере берді, Сақа қалшия қалған
қалпынан қозғалмады. Ол Шоқанның неге бүйтуіне түсінбей тұр. Қызды
иемденгісі келсе, есігі жабық, оңаша ағаш үйден қолайлы жер жоқ. Аттың
арқасы қажаған тақымын əрең басып жүріп, сол жайды Шоқан Сақаға
айтқан) өрі бірталай таудың төбесіне қиналып шыққанда не болады?
Айжанға да Сақа аң-таң: бұған дейін кісі-киіктеніп, маңына бозбала
атаулыны жолатпайтын ол «Шоқан» дегенде, неге жұрдай бола қалды
сақтық қылықтарынан?!
Айжанның бүйтуіне Сақа түгіл Шоқанның өзі де аң-таң. «Үн-түнсіз неге
ере береді? – деп ойлайды ол. – Оның тілін менің таба алмауым сияқты,
менің тілімді оның да таба алмауы ма, бұл?! Неге келе жатқаның қайда келе
жатқанын шамалай ма, тегі?!
Осы бір сəтте Шоқанның ойына бала кезіндегі бір оқиға түсе кетті: төрт-
бес жастағы кезінде, əлдекім оған аққудың қауызынан жаңа шыққан сары
үрпік, көгілдірін əкеп сыйлаған; Шоқанның жан-тəні соның үстінде болып,
көз алдында ірі аққу болып өскен, ол өте сұлу жəне өте қылықты құс
болған: қашып, қуып... деген сияқты Шоқанмен ойнайды; итті тістеп алса
қаңсылататын, ешкіні тістеп алса бақыртатын, басқа баланы тістеп алса
жылататын тістері өткір ол ешуақытта Шоқанның жанын ауыртпайды;
өкпелей де, еркелей де біледі; түнде үй қасына қалғитын құс, Шоқан
көбірек ұйықтап қалса, бар даусымен қиқулап оятады; Шоқан оған үнемі ақ
ірімшік береді, кейде ол «өзің де же» дегендей, тұмсығына тістеген
ірімшікті Шоқанның аузына тосады; Шоқан қайда барса да соңына ереді,
кейде адасып қалса, қашан көргенше сұңқылдап мазаны кетіреді... Сол
аққуды бір түнде, ауыл үйықтай ұрланып келген қасқыр ала қашып, зарлана
сұңқылдаған даусынан оянған ауыл да, Шоқан да міне қуатын ат табылмай,
ажалдан айырып ала алмай қалған. Қолында өскен сол дос – аққуы есіне
түссе, зарлы сұңқылы құлағына естіле қалғандай, жүрегі елжіреген
Шоқанның тұлабойы тітіркеніп кететін...
Тауға өрлей соңына еріп келе жатқан Айжан Шоқанға нақ сол аққу
сияқтанып кетті. Бұл да аққудай, үн-түнсіз елпілдеп келеді. Сонда, Шоқан
кім? Жаны сүйер досы ма? Əлде, жегелі келе жатқан қасқыры ма?
Айжан «қасқыр» деп емес, «адам» деп еріп келе жатыр. Баяғы
Құсмұрыннан Омбыға аттанып бара жатып, жолынан əдейі бұрылып кеп,
шешесіне тапсырып кетуі, Айжанның күні бүгінге дейін көз алдында.
Содан бері, Айжанның ұғымында, дүниеде шын адам жалғыз ғана, ол –
Шоқан. Шоқанды көру арманы болып жүрген шақта, құдай айдап келе
қалды, балағандардан кеткенде қайтып оралмас деп қайғырып еді, енді
шақыра қалды; сөзге келмей баруға көне кетудегі мақсаты – оңаша бір жер
тауып, басындағы мұңын түгелімен шағу еді, сол ниетпен келген
Айжанның Қылшақты көпіріне келе, тілі байланды да қалды! Əлі де сөйтіп
келеді, тілі, ол, осы тілі «оңашаланса шешілер» деген үмітте; Шоқан қайда
беттесе де соңынан ере беру себебі осы. Шоқанның да ойы ақылды боп
өсіп келеді «мұсылманша көп оқыпты» деп естіген Айжанмен оңашада
еркін сөйлесіп, ау-жайын байқау, жүрек сырын содан кейін ақтару.....
Тоқырауға келе жатқан тұсы, – Сырымбеттің мана күндіз көрген екі
өркешінің бірі.
Барлық таудың да өркештенген тұсы жалаңаш тастардан құралуы
сияқты, Сырымбеттің де екі өркешінің оң жақтағысы тікшіл, сүйірлеу еді.
Мұқылынан тікшілі біраз биік жəне сырттан сүйір көрініп тұрғанмен,
төбесіне шықса ортасы үлкен кигіз үйдің жұрты тəрізденген дөңгелек,
оның төңірегінде жайылған керегеге ұқсас тас қорған бар; Шоқан өркештің
ондайлық құрылысы барын білмейді, оның ойы – өркештің үстіне шығып
отыру. Соған жеткенше, артынан ерген Айжанға тіл қатпақ емес. Екеуі де
таудың төскейіне үн-түнсіз ентелеуде...
Шоқан «бармайсың» дегенмен, жандай досын белгісіз қауіптен қорғау
үшін, аз уақыт орнынан қозғалмаған Сақа, олардың қарасы үзіле, бой
көрсетпей, соңдарынан еруге ыңғайланып еді, сырт жағынан сыбдыр
естілді. Сақа жалт қараса, мылтығын көлденең ұстаған Тоқбет!
– Сен қайдан? – деді Сақа оған сыбырлап.
– Өзің ше? Қайда барасың?
Шоқанның соңынан.
– Неге?
– Мен оның күзетшісімін.
– Қайда кеткенін білемісің?
– Білем. Мен сендердің соңдарыңнан еріп келем.
– Білемісің, қайда тоқтарын?
– Шамалаймын.
– Жолын таба аламысың?
– Табам. Күндіз көргем. Сен кейін қайт, – деді Тоқбет, мылтығын
көтеріп, – мынау барда оған ешкім тие алмайды. Барған жерінде тасаланып
отырам да, қайтарда арттарынан ерем.
«Қайтайын» деді де, кейін бұрылған боп Тоқбеттен тасаланып тұра
қалды да, ол ұзай соңына ерді.
Тоқбет қайыңы, терегі, қарағайы аралас, арасынан ит мұрны өтпейтін,
ағаштары жуан биік боп өскен қалың орманның арасын кезетін соқпақпен,
Шоқан мен Айжан кеткен жаққа ентелей өрледі. Сол бір тұста таудың
иығынан құлайтын ағысы қатты бұлақ болатын, соқпақ соны жиектейтін.
Алаңқы жерде жарқырап тұратын айдың сəулесі орман жынысының
ішінде қара көлеңкеленіп кетті. Адамның мезгілсіз жүрісінен мазалары
кеткендей, орман арасының құстары у да шу бола қалды. Орман арасының
əлде не аңдары қалғудан шошып оянғандай бұтақтарды сыбдырлатып қаша
жөнелісті...
Шоқан мен Айжан соқпақты бойлай тауға өрлеп барады. Шоқанның
күндіз аяғын əрең бастыратын қажалған тақымы тауға өрлей жазылып
кеткен сияқтанды. Шамалы қарсаң кездескенде алқына бастайтын Шоқан,
тікшіл биікке өрлегенде, жайпақ жермен келе жатқан кісідей ентікпей,
демін еркін алады. Бұндай сергектігі, бойына махаббат сезімі құйған қуат
сияқтанады оған.
Олар сол қалпымен Сырымбет саласының қырқа жонына шықты. Шоқан
солға қарай ойысты.
– Аға, қайда? – деді демін ентіге алған Айжан тоқырап.
– Анау өркештенген тастың төбесіне.
– Осы тұсқа тоқтасақ қайтеді?
– Шаршадың ба, Айым? – деді Шоқан кейін қайрылып. Айжанның
ентігуін көрген ол:
– Қолдасып көтерілейік! – деді де, Айжанның сол жақ алақанынан
ұстады. Нəзік алақанның қылуы оттай жалындап тұр.
Жетектеген Шоқанға Айжан қарсылық білдірген жоқ. Қырынан қаланған
жалпақ тастардың үсті кедір-бұдыр екен, олардың бетіне қалың боп
шыққан қына шыққа малшынып, аяқ басуға тайғақ. Айжан бірер жерде
сүрініп құлай жаздаған соң, Шоқан оның денесін өзіне тартты да, бір
қолын арқасынан, екінші қолын тақымынан ұстай, көтеріп алды. Салмағы
мамық жастықтай-ақ Айжан:
– Аға, қажеті жоқ! – деп бұлқынғанмен, Шоқан оны босатпады, сол
қалпымен қорған тастың ернеуіне жетті.
– Отыруға қолайлы орын бар екен ғой, мұнда, – деп, Шоқан көтерген
Айжанды ернеуге түсірді де, белінен құшақтай, аяқтарын төмен салбырата,
иығын иығына тақай отырды. Айжан бұл қимылдардың біреуіне де
қымсынбай, ырқына көне берді.
Одан əрі сырласу басталып кетуге тиісті ғой. Бірақ, өйте алмады олар.
Қолға – қол, денеге – дене жабысып, басқа – бас тақалғаннан кейін,
олардың, өздеріне тəуелді тілдері күрмеліп, бүкіл табиғаттың, олардың
ішінде адамның жастық шағына байланысты өркендеу тілдері сөйлеп кетті.
Сол тілдер екеуінің де жинақы денесін отқа қақтаған қорғасындай
балқытып жіберіп, не болып, не қойғанын олар сезген де жоқ. Махаббаттың
осы шырмауынан олар ұзақ уақыт шыға алмас па еді, қайтер еді, егер
жақын арадан мылтық даусы гүрс ете түспесе! Түнде, тұнық ауада, тас
арасында, орман ішінде атылған мылтықтың даусы тіпті ащы шықты.
Шошып кеткен Шоқан мен Айжан түрегеп үлгермей, атылған мылтықтың
жан-жаққа дірілдей жайылған жаңғырығы бəсеңдеп үлгермей, екеуінің нақ
қасынан добалдай бірдеме домалана құлады. Таң ағарып қалған екен... Екі
адам тас үстіне жүгіріп шықты: бірі – Сақа, екіншісі – Тоқбет.
– Аю ғой, мынау! – деді Шоқан шошынған дауыспен үңіле беріп,
шегініп. Қорқып кеткен Айжан оның бауырына тығылды.
– Аю! – деді Тоқбет.
– Кім атты? – деді Шоқан.
– Мен! – деді Тоқбет.
– Сен қайдан келіп қалдың?
– Күзетшің емеспін бе, мен сенің?
– Сақа, сен ше?
– Мен де күзетшіңмін. Мана айтқан едім ғой, «осы маңайда аю жүреді
дейді» деп? Рас болды ғой... Қорбаңдаған аю көтеріле бергенде зəремнің
ұшқаны-ай! Өз қолымда қару жоқ! Құр қолмен бассалғанда, немесе, тас
атқанда не істейсің оған!
– Сол кезде мен бір тасты тасалап тұрдым да «талмау жерің осы!» деп,
қос өкпеден тартып кеп қалдым! Аң тоңқалаң аса қулады.
– Жігіт! – деді Шоқан риза боп кетіп.
– Көрейікші өзін, – деді Тоқбет масаттанғандай, тірі ме екен, өлі ме екен.
– Тірі болса ойнап жатыр деймісің, бұлайша сұлап! – деді Сақа.
Аңды қозғап көрсе, өліп қапты. Берданканың өткір оғы бергі өкпенің
сыртынан тиіпті де, төсінің ар жақ шеміршегін ойып өтіпті, Жүндес аюдың,
«үлкендігі құнажын сиырдай» деуге сиярлық. Ұрғашы екен. Желіні сүтке
шертіп тұр.
– Осы маңайда күшігі болу керек, – деді Сақа, – тауып алсақ қайтеді?
– Қой, – деді Шоқан, – күшігін іздейміз деп пəлесіне ұрынармыз.
– Қандай?
– Əкесі жоқ деймісің бұның?
– Болса, күшігін ол да қорғасар еді, көрінбегені – болмағаны ғой.
– Болса, қорғанатын мылтық бар, – деді Тоқбет.
– Іздейік, – деді Сақа.
– Қайдан табасың, қалың ағаш пен кесек тастардың арасынан.
– Ана бір жылы, бір аңшының көргені бар.
– Нені?
– Аюды.
– Қайдан?
– Оның айтуынша осы шоқының арғы құлай берісінде, жуандығына екі-
үш кісінің құшағы əрең жететін, бұлақтарының аумағы кең қораға
сыймастық үйеңкі бар.
– Үйеңкі өсе ме, бұл тауда? – деді Көкшетау жерінің өсімдіктерінен
хабары бар Шоқан.
– Хан атаңның заманында, бір орыс үйеңкінің жас шыбығын Есіл
бойынан əкеліп отырғызса керек, содан еніп кеткен көрінеді. Өзімнің де
көргенім бар, іші кең қуыс, соған аралар бал салады, аю балды алып жейді.
– Ендеше көрейік, – деді Шоқан да қызығып.
– Олар барса, үйеңкінің төңірегіне үйілген, түбімен қопарылған,
жуандығы сырғауылдай қарағайлар, теректер, қайыңдар!
– Бұлары несі? – деген сұрауға.
– Көрмей тұрсыңдар ма? – деп жауап берді Сақа, – үйеңкінің анау
жоғарыда үңірейіп тұрған қуысына, аюдың бойы жетпейді, өрмелеп
шығуға, діңгегі тік, соған сатылап шығуға жасаған айласы ғой.
– Сонда, тамырымен қалай қопарған, бұндай ағаштарды?
– Күшті хайуан ғой ол! Ту қойларды, кішігірім өгізшелерді құшақтай
көтеріп əкете береді.
– Апырай ə?!
– Күшіктері көрінбеді ғой, бұл арадан?
– Əне, тығылып отыр! – деді, Шоқанның артына қорғалаған Айжан,
үйілген ағаштардың астын қолымен нұсқап.
Бəрі үңілсе, үлкендігі қанден иттей ғана екі ақтөс, қоңыр күшік шөке
түсіп отыр. Олардың ығысып бақырғанына қарамай Тоқбет пен Сақа
тасадан суырып алды да, екеуін Тоқбеттің шапанына бөлеп, байлады.
Үйілген ағашты сатылап, балдың бар жоғын білгілері кеп қуысқа үңілмек
оларды ішінен ызыңдай қаптап шыға келген аралар қуып шықты.
Жабылған аралардан бəрі де бастарын қорғап, тырым-тырағай қашты.
Айжанды Шоқан шинелінің етегіне жасырып, денесін бүйіріне қатты
қысып алған еді, сонда байқаса, дірілдеген денесі, от-жалын болып күйіп
барады.
«Бүкіл адамзатта жалғыз жанашырым» деп, азғантай уақытқа болса да
соңынан ере қалған Шоқаны, қатардағы еркектердің біреуі боп, мылқау
нəпсінің соқыр тілегін орындап тынды... Алыстағы арманы болса да,
Айжан үшін қалың қара бұлт басқан аспанынан жылтырады деген жалғыз
жұлдызы – Шоқан еді; əлгі зорлығынан кейін, оны да қара бұлт бүркеп,
əлемді қою қара түн басты да қалды... «Енді, пана тұтарым жоқ, енді
бəрібір өлікпін!» деген ойға бекінді Айжан. Сондықтан Шоқанмен
ажырасқан соң-ақ, бірінші ағашқа, белін тас қып буған қайыс белбеуді
тұзақтап асыла қалмақ...
Айжанның бұл ойын, денесінің дірілі мен қызуынан, Шоқан айтпай-ақ
ұқты... Қорқау нəпсінің құлқынына қалайша тез түсіп қалуына, оның өзі де
айран-асыр!
Енді не істеу керек? Арқалай қашқан қозыны алысқа апарып, азаптап
жеп, тойғаннан кейін өлексесін тастап жортып кететін қасқырдай бет алған
жағына тарта беру керек пе? Онда кім болғаны?
Айжанның өлексе болып қалмауына жалғыз ғана жол бар, ол – кедергі
атаулыны қиратып, жаны сүйіп үлгерген қызды өмірлік жарына айналдыру.
Бірақ, қалай? «Кедергі» дегендерді шамалап көрсе, асуы қиын асқар таулар,
кешуі қиын мұхиттар сияқты... Соларды дүние жүзіндегі ғашықтардан
кейбірі өте алып, көбі өте алмауын, Шоқан ертегілерден де естіген,
кітаптардан да оқыған. Сондай сергелдең жолға Шоқан түсе ала ма, жоқ
па? Көп толғанудан кейін Шоқан ол жолға түсуге бекінді. Бірақ, қалай?
Ол жайда, егер тілін шығара алса, Айжанмен ақылдаспақ та, шығара
алмаса, өз жоспарын айтып, соны орындауға серт бермек. Ол жоспары:
Айжанмен бүгін, қазір қоштасқаннан кейін туған аулына тығыз жүріп кетіп,
əке-шешесінен ұлықсат алмақ та, егер олар ұлықсат бермесе, орыс заңына
жүгініп күш жұмсамақ; бұл бетінде «хандық» «күңдік» деген ұғымдарды
сыпырып тастап, тек, «адамдық» деген сананың ғана еркіне көнбек.
Шоқанның бұл ойларынан хабары жоқ Айжанның басын билеген
жалғыз ой – қайткенде де тез өлу!
Сондай санада олар Қылшақты көпіріне жетті.
Ол маңайдың жазғы таңындағы ауа құбылысы қызық: түнде айы,
жұлдыздары жарқырап тұрады да, таңға жақын, не таң сіберлей көк-
жиектен көтерілген қою бұлт, лезде аспан əлемін бүркеп ап, желкемдене
қалған ауаның екпінімен, сапырыла жөңкіледі кеп, ол кейде төпей құйып
өтеді де, кейде «ақ жаңбыр» аталатын сіркіреумен, күн ұзаққа, кейде
əлденеше күндерге созылып тұрып алады.
Бүгін де таң құлаң-иектене шығыстан торлана қалған бұлт көкті
күтірлете күрілдеп, найзағайын жарқылдата, шүмектей құйып батысқа
беттеді де, содан қайтып оралмады, арт жағы сұйыла, сирей кеп, біздің
геройлар Қылшақты өзеніне тақала, аспанның шығыс жиегі жарқырай
ашылды да, биік аспанды белуардан тармақты нұрына бөлеген күн, көк
төбесінен жайнап көтеріле берді.
«Айжанды түнде осы арада тосып алған Шоқанды серіктері осы арадан
ордаға қайтар» деп ойлаған еді, өйтпеді Шоқан. Көпірге тақала:
– Сендер қайта беріңдер! – деді ол Тоқбет пен Сақаға.
– Сен ше? – деді олар қосынан.
– Мен Айжанды мекеніне апарып салам.
– Біз... – деп келе жатқан екеуіне:
– Тіл қайырудың қажеті жоқ, – деді ол бұйрықты үнмен, – қайтыңдар,
мейлі; тұрыңдар, мейлі! Айым, екеуміз кеттік. Денесін ілгері қарай
икемдеген Шоқанның жүрісіне Айжан қарсылық білдірген жоқ. Іштей
өйтуіне қарсы: біріншіден – үнсіз жүре берудің қажеті қанша? Екіншіден –
маңа, Сақаға еріп балағаннан кеткенде ұйықтаған сияқты болып жатқан
сорлы əкесі не халде? Айжанның ойынша, «ол ұйықтап білмей қалды»;
егер онысы жалған ұйқы болып бəрін де біліп жатса ше? Ондай халде
болса, неге үн шығармады ол?! Жанындай көретін жалғызын Сақаның
ертіп əкетуіне қалай көнді?.. Көне қалғандағы ойы не?.. Айжан қолына
келіп, денесіне аздап əл біткен Ақпанның, ашық күндердегі əдеті, таң
біліне балағаннан тысқа шығып, сəске көтерілгенше, күн сəулесіне
қызынып отыратын; бүгін де солай отырса қайтпек? Оның жүзін ұялмай
қалай көрмек?
Апан бұл кезде дағдылы орнында ояу отырды. Қызында Шоқанның
көңілі барын, қызының Шоқанда көңілі барын Шоқан балағанына бас
сұққанға дейін сезбейтін еді Ақпан. Шоқан көріне байқаса, қызы жылан
арбаған бозторғайдай берекесізденеді де қалды!.. Артынан, Тоқпақбай
Шоқанға арнаған дəмдерін даярласуға шақырғанда, «барам!» деп құрақ
ұшты да кетті!.. Онысы да түсініксіз... Одан кейін Сақа келіп, ертіп
əкеткенде Ақпан ояу жатыр еді. Сыбдырын сездірмеген қимылмен қызы
балағаннан шыға бергенде, «Айжан!.. Қайда?!» деп қала жаздады да, неге
екенін өзі де білмей аузын баса қойды. Ондай дыбыс бермеуіне өкінген
Ақпан неге екенін өзі де білмей, жастық астындағы балтасын ұстай
еңбектеп есікке жетсе, Қылшақтыны беттей қараңдаған екі адам ұзап
қалған екен. Олар Сақа мен Айжан. Енді үн қату тіпті ыңғайсыз, ұйқыдағы
ауыл оянуы мүмкін. Өйткені ұяты тіпті күшті.
Қызын Сақаның қайда алып бара жатқанын енді ғана жорамалдаған
Ақпан егіліп, ал кеп жыла!.. Неге?..
Сақа оны, сөз жоқ, Шоқанға əкетіп барады. Төрелердің əйел құмарлығы,
жеңсікқойлығы Ақпанға мəлім. «Шоқан да солай екен ғой!.. Дұрыс, ол
тұқымдық дағдысымен шақыртқан екен дейік, сонда, балапандай бейкүнə,
періштедей пəк көріп жүрген жап-жас жəне ақылды деп санайтын қызы,
бұйдалы тайлақтай елпілдеп, Сақаға неге ере қалды?!...»
Осы ойлар басын қатырған Ақпан, балтасының басына алақандарын
төсеп, иегін сүйеген түрде, қызын ойлаған сайын жылауын үдете түсті.
Сондай бейнеде ол таңның атқанын да, жаңбырдың құйып өткенін де,
шыққан күннің жылы сəулесін де сезген жоқ. Ол, тек, денелері жабысқан
Шоқан мен Айжанның жақындап қалған сыбдырларынан ғана басын
көтерді. «Түсінікті! – деген ой кеп оған, – бұның арты не болады?!» Қызын
да, Шоқанды да ұялтқысы келмегендей, ол бүкшиген қалпында иегін
балтаға тағы сүйеп, қалғып отырған бола қойды. Олар оны нақ қасына
келгенде ғана байқап, шошынған үнмен «астапыралда!» деп тоқырай
қалысты. Ақпан кенет дауыстан шошып оянған боп:
– Мазағың ба бұл, Қанаш?.. Азабың ба? – деді суық түспен, өткір
көздерін қадай, басын көтеріп.
– Азабым! – деді Шоқанның ұшқыр ойы, жауапты тез тауып.– Неге
ондай сұрау қойдыңыз?
– Жəй, əншейін... Хан тұқымының мазағы да аз болмайтын...
– Мен хан тұқымы ғана емеспін, адамның да тұқымымын...
Ол сөзге сенбеген, жата-жастана сөйлескісі келген Ақпан:
– Айым, қонақ келді ғой, үйге! – деді, ел дағдысы есіне түсіп.
– Барымызды берерміз, əке! – деді Айжан Шоқанға жымиып.
Бұл – Шоқан көргелі Айжанның бірінші жымиюы. Соған риза боп
кеткендей:
– Ал, Айым, сен қаласың да,– деді Шоқан демін соза алып, – мен кетем
де!..
– Мен сізді шығарып салам!
Бұл сөздердің мəнісін жорамалдаған Ақпан Шоқанның «адамның да
тұқымымын» деген сөзіне енді ғана мəн бере бастады. Сондықтан:
– Шығарсаң шығар, балам! – деді Айжанға.
Шоқанның «өзім де барам» деуіне болмай, Айжан оны Қылшақты
көпіріне дейін алып барды. Оның кешеден бері байланып қалған тілі, енді
ғана шешілді. Көпірге дейін Шоқанға ол көп сөздерді айтып үлгерді. Сонда
байқаса, ағып тұрған шешен! Көргеннен бері көркіне ғана қызығып жүрген
Шоқан, оның іші толған арабтық жəне ирандық поэзиялардың қымбат
қазынасы екенін байқады. Оның бұған дейін бұл елдің поэзияларынан
«білем» дейтіндері, көл қасындағы шұқанақ сияқтанды. Рухани
ұстаздарының бірі көретін – Иоганн Гетенің «егер мен, Иранның, атақты
жеті ақынының ең төменгісі қатарлы жаза алсам, өзімді ірі ақынмын деп
есептер едім» – деген сөзінің мағынасын Шоқан енді ғана түсінгендей
болды. Солардан Айжанның көбірек мысал кетіргендері: Хожа-Хафиз бен
Шайх-Сағдидың ғашықтық жəне мінез-құлықтың тақырыптарға арнаған
қысқа бəйіттері. Бұлардың бəрі де Шоқан бұрын естімеген, көрмеген
меруерттер мен маржандар! Міне, саған «бұйығы» дейтін қыз!.. Осындай
болады екен ғой, шығыстың оқыған қыздары!.. Шоқанның бұған дейін
білемін дейтін қыздары – европалықтар, əсіресе – орыстар. Əзірге басынан
өткерген тəжірибелерге қарағанда, ол қыздар сөйлескіш те, сырласқыш та,
сүйіскіш те. Мысалы,– Гасфорттың жиені, Гутковскийдің қызы – Катерина.
Бала жасынан дос болып өскен оны, Шоқанның он бір жасында сүйгені
бар; одан кейін байқағаны – Катеринаның өзінде көңілі бар, Үйленгісі
келсе, жар болуға жарайтын да қыз: сымбатты, сұлу, оқығаны көп, ақылды,
тағайынды... Сондай сипаттарына қызыға тұра, Шоқанды кідіртетін жалғыз
нəрсе – отаршыл чиновниктің тəрбиесінде өскен Катерина «қазақ» атты
адамдарға менсінбей қарайды; ал, халқына қызмет атқару ойындағы
Шоқанға сол халықпен сыйласатын əйел керек. Сондай əйел оған сыр
түйіскен Айжан сияқтанды; оның Айжанға үйленем деп серт беруі де
содан. Əттең, жол қысқа болып аз сырласып, аз сөйлесіп қалды Шоқан.
Көбірек сөйлесейін десе, мүмкіндігі бар: «Ордаға бірге барайық десе,
Айжанның тартынар түрі жоқ; Шоқан ондай ұсыныс жасамады, ол енді
ойын нəпсіге емес, ақылға жеңгізді; «ендігі керегі,– деген ойға келді ол,
балағаннан қайта, уақытша арман емес, өмірлік арман; мықты болсам,
соған жетуім керек!..»
Олар көпірге таянғанда жүрістерін бақылаған Сақа мен Тоқбет ағаш
арасында жасырынып тұрды. Көпірге жете:
– Ал, Айым! – деді Шоқан, – осы жерден кейін орал.
– Айжан үндемеді. Несіне үндесін? Енді қайтып қолы жетуден үміті жоқ
аспандағы жұлдызы–Шоқан əлдеқалай ағып кеп, құшағына қаусырылған
еді, сол құшақтан сол жұлдыз ұшқалы тұр; Шоқан қаншама сендірдім
дегенмен, өз аузынан да «сендім» деген сөз əлденеше рет айтылғанмен,
қайтып оралуына Айжанның күдігі күшті. Бірақ, соған қайғырмайды ол.
«Бақыт атаулының бəрі уақытша» деп түсінетін оған, мына бақытының бір
күндік қана болуына риза. Көп күндігі оралмаса да мейлі. Оралмауына көзі
жеткен күні, баруға бекінген құшағы – қабір...
Сонда да қимастық көңілін құшағына жабысқан қимылынан аңғартқысы
келген Айжан, жасы мөлтілдеген көздерін көтере, Шоқанның бетіне
тіккенде:
– Айым! – деді, Айжанның қызуы дағдылы қалпына келген денесін сол
қолымен бауырына баса, оң қолымен сəскелікке барып қалған жарқын
күнді нұсқап, – сені шын сүюіме жəне берген сертімнің беріктігіне, бүкіл
əлемнің ең қымбаттысы – сонау күн куə!..
Олардың еріндері бір-біріне қатты қадала сүйісті.
Бұл – қожа мен күңнің, қуатты мен дəрменсіздің еріксіз сүйісуі емес,
теңдескен адам мен адамның, біріне бірі құмартқан екі жыныстың
жүректері елжірей сүйісуі еді!..
АҚАН АЯСЫНДА
Енді Шыңғыс жаққа оралайық.
Гасфорттың ауырып қалу себепті Атбасар жəрмеңкесіне келе алмау,
емделуге кету хабарын, оған тілектестердің ішінде Шыңғыстан қатты
қайғырғаны болған жоқ.
Өйтпегенде ше?
Гасфорт үйіне келе қалғанда, ол «өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деген
қуанышқа бөленетін еді.
Өйтпегенде ше?
Батыс Сібірдің генерал-губернаторы, ақ патшаның оң көзінің бірі –
Гасфорт қарамағындағы үлкен ұлықтарының бəрін ертіп, қаптаған пəуеске,
қалың қолмен, екпіндеткен, шаңдатқан шапқынмен ордасына кеп түсе
қалса, солардың бəрін баласы – Шоқан бастап келсе, Шыңғысқа одан артық
абырой бар ма, атақ бар ма?!.. «Досы аз, дұшпаны көп» емес пе оның?..
Дұшпандары жер мен жексен болып қалмай ма? Достарының еңселері
көтерілмей ме?..
Міне, енді абыройын да, даражасын да соншалық биікке көтереді деп
дəмеленген Гасфорттың келмеуі, манағы мақалды керісінше айтқанда,
Шыңғыстың «тірісін өлтірді, жанғанын өшірді»...
Енді оған Шоқанның туған үйіне келуі де бір, келмеуі де бір; келгенде не
бітіреді, келмегенде не бітіреді?..
Шоқан келе қалғанда, Шыңғысқа жалғыз ғана пайдасы бар сияқты.
«Сенімен де, сенімен де құдамын» деп, əр рудың ірі адамдарын
емексіткенмен, Шыңғыстың ішкі қулығы – егер Шоқан біреуін ғана таңдар
болса, не біреуін бəйбішелікке алар болса, бірінші етіп Бағаналы – Найман
руынан шыққан атақты бай жəне батыр, бес болыс Бағаналының
бастаушысы – Сандыбайдың Ерденінің қызына тоқырату. Олай деуіне
себеп Арқадағы Арғын, Найманда Ерденнен беделді қара қазақ жоқ.
Ұлытау өлкесін мекендеген ол ар жағынан Қоқан келсе, – «саған
бағындым» деп, бер жағынан орыс барса – «саған бағындым» деп, екеуіне
де жөнді бағынбай, əредікте жүр; орысқа жағынғысы келсе, қоқандық
қазақтарды шауып, Қоқанға бағынғысы келсе, россиялық қазақтарды
шауып, екі жақты да шошындырып ұстайды. Шыңғыс та одан қорқады.
Соны білетін омбы əкімдері Шыңғысты қорқыта түсу үшін «елді жақсылап
басқара алмасаң, аға сұлтандығыңды Ерденге береміз» деп, қоқан-лоқы
көтеріп қояды...
Ерденнің төрт əйелінен ұл көп еді де, қыз жоқ еді. Ақыры, кіші
тоқалынан қыз туып, таңсық балаға «Ақмаңқа» деген ат қойған. Кейін «ақ»
түсіп қап, «Маңқа» болып кеткен. Ерке қыз ес біле «Маңқа» деген атқа
намыстанып, «Мырза қыз» дегендерді де ұнатпай, Маңғазға тоқыраған.
Ерденнің Маңғазды ерекше жақсы көруіне көп себептің бірі түсінің өзі
тəрізді сарғылттығы. Өзге балаларының бəрі де шешесіне тартқан қоңыр.
Көшпелі ауылда туып-өскен жəне еркек-шора болып өскен Маңғаз ат
жалын тарта сері болғысы келіп, сəнді киінді, жақсы ер-тұрманы бар, əдемі
ат мінді, қасына қалың нөкер ертіп, бəрінің де салтанатын өзіне ұқсатты;
алысқа үдере көшетін ол ауылда Маңғаздың көші өзгелерден салтанатты
да, сауықты да болды; ит жүгіртіп, құс салу сияқты саятпен де əуестенді.
Əнші, күйшілері, балуандары қасынан үнемі қалмады. «Қызсың» деймін
деп, талайлар одан таяқ та жеді.
Сөйтіп жүрген серінің құлағына бір кезде Шоқанға атастыру хабары
шалынды. Еркегімсіп еркінсігенмен, жынысын жəне оның болашағын
жақсы түсінетін Маңғаз, «қарадан шыққан хан – Ерденнің қызымын» деп
қара қазаққа қатын болуды кемшілік көретін еді, сондықтан төре тұқымына
жар болып баруына қуанды. Оның үстіне, Шоқанның атақ-абыройының
өсіп келе жатқан хабары құлағына жыл сайын, ай сайын дүңкілдеп естіліп
жатады. Сондай төресін тез көруге жаны құштар. Біреулер:
– Сен ғана емессің Шоқанға айттырған қыз; сенен басқа да талайлары
бар, – десе, ауылдың атақты адамдарының көп қатын алуына көзі үйренген
Маңғаз:
– Оқасы не, оның?! Өзім бірінші болсам, маған сол жетеді, одан кейін
үйірлеп алса да мейлі! – дейді.
Аз күннен кейін Шоқанның Атбасар жəрмеңкесіне келу хабары дүңк ете
түсті. Бұған Маңғаз ғана емес, Ерден де қатты қуанды, ол да «Шоқан
басыма үйме-жүйме бақ əкеліп орнатады» деп түсінді. Алғаш ол
Гасфортпен келуіне əзірленіп, Атбасар өлкесіне ақ үйлі, жасаулы ауыл
қондырмақ еді; артынан Гасфорттың келе алмау хабарын естіді, бірақ оған
дəл Шыңғыстай қайғыра қойған жоқ. «Малым да, басым да толып тұр» деп
түсінетін ол, шен-шекпенге Шыңғыстай құныға қоймайтын еді.
«Жəрмеңкеге əскер ерткен Шоқан ғана келеді» деп естіген соң, қызы
онымен оңаша сұхбаттассын деген оймен, жəрмеңке жағасында өтетін
«Керегетас» пен «Жабай» өзендерінің түйіскен тұсына жасаулы жалғыз-ақ
отау тіктіретін болды.
Бұл хабарды Шыңғыс естіп жатты.
Соған да шүкіршілік етіп жүрген кезінде, құдай ұрып Жаман
Жалғызтаудан Əбіленің, ыңғайсыз хабар əкеле қалуы бар емес пе?!..
Шыңғыстың кешқұрым, малмен суға түсерде салт мініп көруге
қызғылықты құла қасқа жылқыларын аралап келетін əдеті болушы еді.
Бүгін де сөйтіп, түбі құм-қайраң Ақая көлінің мөлдір, тұщы суына қанған
жылқыларын өріске беттеп келе жатқанда, алдынан тепеңдей жортқан біреу
көріне кетті. «Ыңғайсыз жүрісті бұл кім?!» деп көзін тігіп келе жатқанда,
«танымасы» Əбіле болып шықты. Оның бүкіш, берік белжеміш «көк
шолағының танауы делдиіп, қара терге сабылған. Бұл жүрісі ұнамаған
Шыңғыс, қайдан, неге бұлай келе жатуын тез білгісі келгендей:
– Неге асығыс қайттың? – деді сəлемдескен соң-ақ, – Жуық арада ғана
кетті деп еді ғой, балаңның басын бекітуге?
– Бекіте алмадым.
– Неге?
Əбіле жағымпазданған бейнемен, інісі Қарамұрынның үйінде көрген-
білгенін Шыңғысқа айтып берді.
«Сонда Шоқан мырза келе қалды деген сөз құлағына шалынудан жүрегі
дүрсілдей бастаған Шыңғыс Сырымбетке кетуін естігенде, Шоқанның
Айжанға құмарлығы жайында құлағына шалынған қауесеттердің бəрі
шындыққа айналғандығын көріп, ашудан сұп-сұр боп кетті. Əбіле
жақсылық орнына жамандық жасағандай сезініп шошынды, Шыңғыс одан
əрі үндемей бұрылып жүре берді.
Үйге түсі қаша сұрланып жеткен Шыңғыс еш жанға жауап қатпай жатып
қалған; сонан түн ортасында оянды; бас жағындағы адалбақанға сəулесі
жарық, көресің шамы ілінген, Зейнеп соның қасында үрейлі кескінмен
тізесін құшақтай үрпиіп отыр, басқа адам жоқ.
– Не болды?! – деген əйеліне Шыңғыс Əбіледен естігенін айтып берді.
– Е, тəйірі, сол ма еді?! – деді, естігеніне мəн бермеген Зейнеп, – сонша
қайғырып, соған!..
– Бəйбіше-ау, мəн бермегенде...– деп бастап, Шыңғыс көңіліндегі күдігін
ақтарып берді.
– Сені құдай алмаған екен! – деді Зейнеп, əлі де мəн бермей.
– Неге?!..
– Бала-шағаның сөзіне араласып...
– Қайдағы бала-шаға?
– Қап, енді, айтуға аузым бармай отырған сөзді шығарасың-ау енді!..
– Қандай сөзді?
– Неменеге мылқау бола қалдың, түк білмегенсіп?.. Бозбала болып
көрмедің бе өзің? «Бетінің қаны бар» деген қыздардың қайсысына көз
алартпаған едің сонда?
– Уа, қой!–деп, ескілерді еске түсіруге ұялғансыған еріне:
– Ендеше айтып отырғаның не?– деді Зейнеп өршеленіп,– балаң азар
болса, өзіңе тартқан шығар, көзі қызыққан ұрғашыны көлденең өткізбей,
етегіне жармаса кететін!.. «Пəлен жерде қызыл бет бар» десе, Шыңғыс
басыңмен, күні кешеге дейін ұялмай-қызармай шапқылап келген
жоқпысың?..
– Ұят сөзді айтпасайшы, бəйбіше!..
– Сен неге айтасың?
– Не деп? – деді, əйелімен бұндай сөзге келудің, арты кейде жанжалға
соғуын есіне алған Шыңғыс, не тақырыпта кеңесіп отырғанынан жаңылып
қап.
– Бозбалашылық құрған балаңның жолын аңдып?
– Ол емес, бəйбіше.
– Енді не?
– Бірыңғай бозбалашылық болса, қайғырам ба? Қай жігіттің жолына
тосқауыл болам? Мені мазасыздандыратын басқа нəрсе.
– Не? Малтабар ма? Оның несінен ығысасың, енді? Күткен төрелерің
келмейтін болды. Сондықтан одан алам ба деген ақшаның керегі де болмай
қалды...
– Неге керек болмасын, бəйбіше!.. Ақшаның керексіз болатын, көптік
қылатын кезі жоқ қой. «Қыз» деп қызықты ғой Малтабар ол қалыңдыққа.
Егер болмай шықса...
– Алжудан саумысың, Шыңғыс, өзің көр-жерді кеңес қып, аузыңды
ауыртып? – деді Зейнеп ар жағын айтқызбай, – ондай ой мазаңды алса,
қолыңнан жеңгелет!..
Намысына тиген Шыңғыс əйеліне адырая бір қарады да, аузына келіп
қалған «не оттап отырсың?!» дегенді айта алмады. Жас кезінде бірер қабат
үні де, қолы да тиген Шыңғысты Зейнеп бертінде билеп ап, егесте қолын
түгіл, тілін де тигізе алмайтын; қол қата алмағанмен, жүре келе өткірленген
тілін Зейнеп Шыңғыстың жанына батыра түйреп алатын, Шыңғыс оған ыңқ
дей алмайтын. Сол салтымен, бұл жолы да əйелінің бетіне қаймыға қараған
Шыңғыс кейінгі кездегі ең ауыр сөзі, – «мұндарды» ғана қолданып:
– Айтпайтын сөзді айттың ғой, мұндар-ау! – деді əйеліне, – біраздан
кейін, Малтабары құрысын, мен үшін. Қай бір теңдесіп ілік болған адамым
ол менің? Ақшасы да құрысын, айта берсең! Əзірге оның ақшасынан оң
қолым, оймақтай аузым таза. Тал шайнап, қыл жұтпаған адаммен айрылып
кетуім де оп-оңай. Түптегенде, менің уайымым онда емес, басқада...
– Неде?
– Тіліңді ұзағырақ ұстап жүрсің ғой, бəйбіше, сен маған,– деді Шыңғыс
демін соза алып,– о да бір уақыт шығар!..
– Құлындағы – сақауыңды, құнандағы – тісеуіңді қопармай айтарыңа
келсейші! – деді Зейнеп қабағын шығып.
– Келсем, маған Малтабардан бұрын балаң қиын бола ма деп қорқам.
– Қай балам?
– Қанашты айтам да!
– Оның не қиыны бар?
– Сол қызды соның өзі алам десе қайтеміз?
– Астапыралда! – деді шошып кеткен үнмен, жағасын екі қолымен
қапсыра ұстай алған Зейнеп.
– Неге шошыдың, бəйбіше?
– Айтпайтынды айтқаның, не қылғаның?
– Қандай айтпайтынды? – деді Шыңғыс, əйелін ширата түсіру ниетімен.
– Неменеге білмегенсіп қалдың? «Қанашжан күңін алады» дегенге аузың
қалай барады?!..
– Ылайымда өтірік болсын, бəйбіше! Егер рас болса ше?
– Мүмкін емес! – деді Зейнеп, басын шайқап, – оқу аздырып жібермесе,
Қанашжан өйтуге тиісті емес.
– Əмин, айтқаның келсін! – деп Шыңғыс алақандарын жайды да,
сақалын сипады. Бəйбішесінің аужайын байқаған, іштей риза болған оның
ойы бұл сөзді əрі қарай қоздырмау еді.
– Кімнен естідің бұндай хабарды? – деп сұрады Зейнеп.
– Ел аузына қақпақ боламысың? – деді Шыңғыс, тура жауап бергісі
келмей, егер берсе, айтқан адамға Зейнеп өшігіп кетер деп қорқып. Оның
салтында, өшіккенінің тыйтығына жетпей тынбау бар.
– Кім де болса айт! – деп дікеңдеген əйеліне:
– Мүмкін өтірік болар, түп қазығы дұшпан біреуде болар, жата-жастана,
оны да анықтармыз, əзірге жөнелтіп кетпей, сабыр ете тұр, бəйбіше! – деді.
– Білмей қоймаймыз, – деді Зейнеп нық дауыспен, – жалған сөзді
шығарған кім де болса, түбіне жетеміз!
– Əрине. Тек жалған болсын.
Олар содан кейін Шоқанның тез келуін асыға күтті. Ол да кешікпеді.
Айжанмен Қылшақты көпірінің үстінде жыртылғандай болып айрылған ол
суыт жүріспен Имантауға барса, Шоқанға еруге жоғарыдан бұйрық алған
ондағы əскери бөлімше даяр отыр екен. Екінші бөлімнің командирі – Ақ
жайық сағасын мекендеген Ноғайбақ Беклемишев ясаул екен. Шоқанды
жақсы қабылдаған оның ұсынысы – бұл арадан шеру тартпай, 25 қылышты
бір взвод қана ертіп, қалғанын Атбасарда тұратын жүздікті пайдалану.
Шоқан ол ұсынысты мақұлдады да, еретін взводы Ақанға бірер күн
кешігіп келер деп, Тоқбет екеуі, Ақандағы орда ауылға жүріп кетті.
«Таныған жерге бой сыйлы, танымаған жерге тон сыйлы» деген мақалды
есіне алған Шоқан, алтын түймелері де, погондары да жарқылдақ мундирін
киіп, қару-құралдарын асып алды.
Ол Гасфортқа еріп келе қалғанда, Шыңғыстың қарсы аларлық жоспары
басқаша еді: Бурабай тауынан бастап, арасы жүз шақырымнан астам
Ақанға жеткенге дейін, əрбір тосқауылдайтын тұсқа сəнді ат мінген сері
жігіттер, сұлу қыз, келіншектердің, құсбегілердің, ақындардың, əншілердің
топтарын қойып тосқауылдың біреуінен екіншісіне дейін пəуескелерді
жанамайлаған шабыспен, əнмен, жолшыбайғы көлдер мен бұлақтарда
алғыр құстарға аққу, қаз, үйрек сияқты құстарды ілдіру, қысқасы, сауық-
сайранмен қарсы алып, шығарып салумен жүргізіп отыру еді..
Осылайша əзірленіп қалған тосқауылдағылар, Гасфорт келмеу хабары
естілгеннен кейін, бет-бетіне тараған. «Шоқанның өзі ғана келеді»
дегеннен кейін, «жалғыз кеп түсе қалмасын» деп, «жүрер жолы Гасфорт
белгілеген із болар» деп, Шыңғыс Шоқанды, шамасы, Ақанға отыз-қырық
шақырым боларлық Зеренді тауынан қарсы алуға əзірленген де келе жатқан
хабарын жеткізетін шапқыншыларды Бурабайдан бастап қойған. Хабар
жете салысымен, қасына кіші сұлтандар мен билерден, ақындар мен
құсбегілерден нөкерлер ертіп, Зерендіде өзі қарсы алмақ та, жолшыбай,
Гасфортқа əзірлеген сауықтарының шағын түрін Шоқанға да көрсетпек
болған...
Енді баласының Сырымбеттетіп келе жатқан жайын естіген Шыңғыс,
оны тек, аруақты ордасында жатып, күтіп алатын болды. Онда да, ордаға
тура келтірмей, «тиыш жерде тынықсын» деген сылтаумен, Шоқанға
əзірлеткен ақ отауды айналасына ат шауып жете алмайтын Ақан келінің
ордадан жырақтағы бір бүйіріне тіктірді. «Сағынған балаңның қасында
бол» деген сылтаумен, «сəлемдесем дегендер де сонда болар» деген
сылтаумен, Зейнепке арнап бір ақ киіз үй тұрғызды. Өзі істің беталысына
бақпақ: оңы болса ғана Шоқанды ордасына кіргізбек, онда да, сəлем бере
келсе ғана; егер келмесе, немесе теріс ыңғайы болса, көрмей қаларлық та
ойы бар.
Шоқанның келуін хабарлайтын шапқыншы Ақан тауына жүйрік атты
бусандырып жететін жерге қойылған еді. Сол тұста бекет байланатын.
Шыңғыстың, тапсырмасы, – ар жағынан ылаулатып келген Шоқанды көре
сала, шауып отырып ордаға алдын ала жету; хабар жеткеннен кейін, ағасы
Аппасқа бастатып, қозы көш жерден қарсы алуға он шақты адам шығармақ,
өзі ордада тоспақ, Аппас «алдымен шешеңе сəлемдес» деген сылтаумен
Шоқанды өзіне арнап тігілген отауға апармақ. Сол маңда Шоқанмен
амандасуға жиналғандарды түсіретін, бес-алты ақ үйден құралған ауыл бар.
Оған кім көрінген жортып келе бермейді, шамасы, ауылдан екі-үш
шақырымдай жерге орнатылған, тармақтары көп ашалар бар, қасында
қараша үй; келушілер əуелі соған тоқырайды да, Шоқанға келу үшін
күзетке қойылған адамнан ұлықсат сұрайды, белгілікті адам болса, оның
өзі-ақ жібере береді де, белгіліксіз біреу болса, ақ ауылдағы Аппасқа
хабарлап, ол ұлықсат етсе ғана келіп, етпесе кері қайтады. Ұлықсат
алғандар аттарын қараша үй маңында қалдырып, өздері-ақ ауылға қоянның
жымыңдай жалғыз аяқ жолмен жаяу келеді.
Шоқанға тігілген отауды Байсарының Шөпегі əлде не байдың үйі жаңа
түскен баласынан алып келген. Іші-сырты өте көркем əшекейленген,
жасауы мол отаудың жалғыз жетпейтіні – темір төсек. Ақылшылардың
айтуынша, қалада, орыс арасында өскен Шоқанның, қазақы ағаш-төсекті
менсінбеуі мүмкін; оған «болскей» Достарыңызбен бөлісу: |