6.3. Бауыр және өт қабы. Бауыр (9-бейне) он екі елі ішектің қабырғасының өсіндісі түрінде пайда болатын организмдегі ең ірі без.
Омыртқалы жануарлар мен адамда бауыр - күрделі орган, ол организмдегі зат алмасу процесіне қатысады әрі онда ас қорыту сөлдерінің бірі - өт түзіледі. Оның ересек адамдардағы орташа салмағы 1,5 - 2 кг. Бауыр іш қуысының оң жақ жоғарғы бөлігіне орналасқан. Бауырдың көк етке жанасып жататын жоғарғы дөңес, төменгі ішкі (висцеральдық) беттері бар. Бұлар бауырды оң(үлкен) және сол(кіші) бөліктерге бөледі. Бауырдың бетінің ортасында бауыр қақпасы деп аталатын көлденең ойық болады. Ол арқылы бауырға артерия, қақпалық вена тамырлары, жүйке талшықтары өтеді де, одан лимфа тамырлары мен өт түтігі шығады. Бауыр қақпасының алдыңғы жағында өт қуығы жатады. Бауыр қорғаныш қызметін де атқарады, яғни тамақ құрамында болып, ішекте сіңірілген зиянды заттар мен белок алмасуының нәтижесінде түзілетін қанның құрамындағы улы өнімдер Бауырда зарарсыздандырылады.
Бауыр клеткаларының арасында еңбек бөлінісу болмайды. Экзокриндік және эндокриндік бездердің қызметін бірдей атқарады, гепатоциттері секреттік өнімдердің екі түрін де бөледі. Бауырдың экзокриндік секреті – өт. Өттің түзілу процесі нервтік және гуморальдық механизмдермен реттелінеді. Ересек адам тәулігіне 500-1200 мл өт бөледі. Өт өт қышқылдары тұздарының қоспасынан – натрийдың гликохолаттары мен таурохолаттардан тұрады. Өттің сапалық ерекшелігін анықтайтын негізгі бөліктері өт қышқылдары мен пигменттер мен холестерин. Өт асқазан ферменттерінің әрекетін шектеп, ұйқы безі ферменттерінің белсенділігінің артуына жағдай туғызады, май қышқылдарының, каротиннің, Д, Е, К витаминдерінің, амин қышқылдарының, холестериннің, кальций тұздарының сіңу процесінде маңызды рөл атқарады.
Ұйқы безі
Ұйқы безі асқазанның астында, көк бауыр мен он екі елі ішектің арасында, ІІ бел омыртқаның шамасында жатады. Алдыңғы жағынан құрсақтың серозалық қабаты жауып тұрады. Ұйқы безі аралас бездер типіне жатады, экзокриндік және эндокриндік бөліктерден тұрады.
Ұйқы безінің салмағы 70 – 80г, ұзындығы – 20 см, ол бас (caput) дене (corpus) және құйрық (cauda) бөліктерінен тұрады. Ұйқыбезінің бас бөлігі ұлтабардың иініне кіргізіп, кең де жуан болып орналасады. Оның денесі І бел омыртқаға көлденең келіп, асқазанның арты қабырғасына жанасып жатады, ал құйрық бөлігі сол жақтағы бүйрек пен толаққа жетеді.
Ішкі секреция қызметін Ленгерганс аралшықтары атқарады. Ең алғаш аралшық клеткаларды дербес 1869 жылы Лангерганс ашқан, сондықтан оның құрметіне осы клеткалар тобын Лангерганс аралшықтары деп атаған. Лангерланс аралшықтарының жұмысы бұзылса қант диабеті деген ауру пайда болады. Ұйқы безі панкреатин сөлін бөледі. Ол ішекке бөлінетін сөлдердің ішіндегі ең белсендісі. Адамда тәулігіне 500-800 см3 панкреатиндік сөл бөлінеді, салмағы 500 кг бұқа бес-алты литр сөл бөледі, ал 150-200 г ұйқы безі бар салмағы 100 кг-ға жуық шошқа тәулігіне 10 литрге дейін, яғни өз салмағынан 50-60 есе артық сөл бөледі (23-сурет).