Дәріс № 7. Тыныс алу жүйесі. Құрылысы. Орналасуы
Жоспары:
7.1. Тыныс жүйесі. Құрылысы
7.2. Жоғарғы тыныс жолдарының мүшелері: мұрын, көмекей
7.3. Өкпе, кеңірдек
7.4. Тыныс мүшелерінің дамуы
7.1. Тыныс алу жүйесі. Құрылысы. Организм мен қоршаушы ортаның арасында газдардың үздіксіз алмасуы жүріп тұрады. Газдардың алмасуы қоршаған ортадан атмосфералық оттегін сіңіру мен тотығу процестерінің нәтижесінде организмде пайда болатын көмір қышқылы газын бөлуден тұрады. Тотығу процестерінің кезінде организмнің барлық клеткалары мен ұлпаларына қажет энергия бөлінеді. Қоректенуге қарағанда тыныс алудың қажеттілігі артық. Есеп бойынша адам өзінің 80 жылдық өмірінде 2,5 млн. литр оттегін қабылдап сіңіреді.
Тыныс алу органдары тыныс жолдары мен респираторлық бөлімге бөлінеді (24-сурет).
24-сурет. Тыныс алу жүйесі
7.2. Жоғарғы тыныс жолдарының мүшелері: мұрын, көмекей.
Ауа өткізуші жолдар
Ауа өткізетін немесе тыныс жолдарына мұрын қуысы, көмекей, кеңірдек пен бронхтар бұтақтары жатады. Тыныс жолдарында ауа жылынып, ылғалданып және тозаң мен микроорганизмдерден тазарады. Тыныс жолдарында иіс сезім органдары мен дыбыс аппараты да орналасқан.
Мұрын қуысы
Тыныс алу жолдары мұрын қуысынан басталады. Мұрын қуысында ауаны жылытатын, ылғалдайтын, сүзіп тазартатын тетіктер болады.
Мұрын қуысы сүйек пен шеміршектен түзіліп, сырты терімен жабылып, ішкі беті кілегейлі қабықшамен астарланып жатады. Мұрын қуысының жоғарғы, төменгі және екі бүйір қабырғалары болады. Мұрын қуысының кілегейлі қабаты қан тамырларына өте бай, оның беті көп қатарлы кірпікшелі эпителиймен жабылған. Мұрынға енген шаң тозаңды эпителий кірпікшелері ұстап қалады. Ал бездерден бөлінген сілекей бактерияларды өлтіріп отырады. Мұрынның ортаңғы пердесі мұрынды тең екі бөлікке бөледі. Оның артқы бөлігі сүйектен, алдыңғы бөлігі шеміршектен тұрады. Көз жасы арнайы түтік арқылы мұрын қуысына өтеді, оның кілегейлі қабатын ылғалданып тұрады.
Мұрын қуысының бүйір қабырғасында жоғарғы, ортаңғы және төменгі кеңсірік қалқандары бар. Олардың аралығынан жоғарғы, ортаңғы және төменгі мұрын жолдары өтеді. Осының нәтижесінде ішке сорған ауа тыныстау мүшелеріне тікелей өтпей, ауа жолдары арқылы жылытылып, тазартылып өтеді. Мұрын қуысы тыныс алу және иіс сезу бөлімдеріне бөлінеді. Иіс сезу бөлігі мұрынның жоғарғы бөлігінде орналасқан. Оларға ерекше жасушалар мен иіс сезу рецепторлары жатады. Мұрын қуысы тыныс алу мүшесіне жатады, ол газ алмасу, дыбыс шығару, сөйлеу қызметіне қатысады.
Көмекей
Көмекей (10-бейне). ІУ-УІ мойын омыртқаларының шамасында мойынның алдыңғы жағында орналасқан. Оның ішкі бетін кілегейлі қабықша астарлап жатады. Қабырғасы 3 сыңар, 3 жұп шеміршектен түзілген. Ірі шеміршектеріне: төменгі бөлігіндегі сақина тәрізді, алдыңғы жағы мен бүйіріндегі қалқанша тәрізді, үстіңгі жағындағы көмекей үсті шеміршегі (10-бейне) жатады. Көмекей үсті шеміршек тірек қызметін атқармайды, жұту актісі кезінде көмекейді жабатын қақпашық рөлін атқарады.
Көмекейдің артқы жағында 3 жұп майда шеміршектер болады. Шеміршектер бір-бірімен жартылай қозғалмалы байланысқан. Шеміршектерге бұлшықеттер бекінеді.
Шеміршектердің арасында – 2 дыбыс сіңірлері болады, оларда шеміршекке бекінеді. Дыбыс сіңірлері бір-біріне қатарлас жатқан иілгіш, серпімді талшықтардан түзілген. Дыбыс сіңірлерінің арасындағы кеңістікті дыбыс саңылауы дейді. Адам дем шығарғанда дыбыс саңылауы тарылып дыбыс шығады. Дыбыстың шығуы адам сөйлегенде ауа ағынының дыбыс сіңірлерінің тербелтуіне байланысты. Дыбыс сіңірлері неғұрлым ұзын болса, оның тербелісінен жуан дыбыс шығады. Ер адамдардың көмекейі үлкен, дыбыс сіңірлері ұзын, дауыстары жуан.
Мойынның алдыңғы жағындағы ең ірі қалқанша шеміршегінің үлкен үшкір түйіні – бидайық (кадык) деп аталады. Ол жұтынғанда, сөйлегенде жоғары, төмен қозғалады. Сонымен көмекей дыбыс шығару мүшесінің де қызметін атқарады.
Ер адамда көмекейінің орташа ұзындығы 44 мм. Әйелдердің көмекейі кішілеу, дыбыс сіңірлері қысқа болғандықтан, дауысы жіңішке болады, оның орташа ұзындығы 36 мм. Адам сөйлегенде дыбыс сіңірлерінен басқа тіл, ерін, жақ сүйектері, бөбешік, мұрын және ауыз қуысы қатысады. Әдетте барлық адамның дауысы бірдей емес. Дыбыстың құбылып, түрліше болып шығуы: көмекейдің пішіні мен мөлшеріне, дыбыс маңылауына, мұрын, ауыз қуыстарына, тіл, ерін, тістеріне байланысты. Көмекей – ауаны өткізуге, дыбыс шығаруға көмектеседі. Көмекейдің төменгі бөлімі кеңірдекке жалғасады.
Достарыңызбен бөлісу: |