Аристотель (384-322 жж) ертедегі грек елінің ұлы ойшылдарының бірі, Платон шәкірттері ішіндегі үздігі. Платон Академиясында оқып, кейін сонда сабақ береді. Оқытушысын жоғары бағалаған Аристотель Академияда жүріп-ақ, оның кейбір идеалистік пайымдауларымен ой-пікір таластырады. «Платон маған дос, бірақ ақиқат қымбатырақ» - деген қанатты сөзді айтқан ол, Платон ілімін байыпты сынға алады. Негізгі еңбектері «Метафизика», «Органон», «Категориялар», «Никомахтың этикасы», «Үлкен этика», «Саясат», «Экономика», «Афинаның саяси өмірі», «Риторика өнері», «Өлең сөз туралы» және т.б.
Өзіне дейінгі философиялық көзқарастарды сыни ой-елегінен өткізіп, болмыс туралы өз түсінігін тұжырымдайды. Болмыс түйсік арқылы қабылданатын заттар әлемінің өмір сүруі. Осы заттар, сезімдік әлеммен анықталмайтын алғашқы нақтылық, табиғат болады. Басқаша айтқанда табиғат қайшылықсыз және өзгеріссіз алғашқы нақтылық. Табиғат – қандай заттардың да құралатын, әлде пайда болатын материалы.
Аристотель материя жалпыға ортақ себеп, өйткені онсыз болмыс та жоқ, деп есептеді. Ол енжар, түрсіз демек қандай да бір түрге ену үшін керекті бастау. Қозғаушы себеп (қозғалыс) жалпы материядан нақты материяға баратын жолдан өтеді. Адам әр уақытта заттың, материяның нақты көрінісімен қатынаста болады. Басқаша айтқанда заттар бұл нақты болмыс, ал олардың неден құрастырылатыны (материя) - бұл мүмкшіншілік, болмыс қабілеттілігі.
Түр белгінің ролін атқарады. Соның арасында материя жүзеге асады, нақты зат пайда болады. Басқаша айтқанда, түр қасиеттердің жиынтығы есебінде, бір заттың екінші заттан айырмашылығы және заттар мен бүтін болмыстың мәні болады. Заттың шын мәнінде қандай болатыны оның түріне байланысты. Демек Аристотель Платоннан айырмашылығында – мән мен заттың бір-бірінен бөлек өмір сүрмейтінін, түр болса, заттың да өмір сүретінін көрсетуінде. Сонымен қатар Аристотель қандай да бір маңыздылық есебінде «жалпы материяның» өмір сүретіндігін болжайды. Егер оған (жалпы материяға) түр берілетін болса, нақты заттар пайда болады. Осыған қоса ол «жалпы түрдің» де өмір сүретінін, яғни бұл «түрдің түрі», немесе құдайды мойындау.
Болмыс туралы көзқарасын дамыта отырып, Аристотель Платонның табиғатқа дейінгі мәнділігі бар, өз бетінше шексіз өмір сүретін идея туралы ілімін қатаң сынға алады. Оның ойынша Платон дәріптейтін идеялар, материалдық әлемді бейнелейтін түсініктер ғана, яғни заттардың көшірмесі болады. Платонның ұстанған пікірі заттардың ақиқат мәніне қол жеткізуді қиындатады және сезімдік қабылданатын әлем табиғатының өзгеріштігін түсінуге мүмкіндік бермейді, - деп есептеді. Аристотель ақиқат өмір сүретін әлем біздің сезім мүшелерімізбен жарым-жартылай анғарылады, өйткені жоғарыда айтылғаннан басқа тағы ақыл-ой танымымен түсінерлік жоғарғы сезімдік мәнділіктер әлемі болатынын дәріптеді.
Адамның жаны оның мәні тәріздес немесе денесінің түрі есебінде өмірдің мағынасы мен бағыттылығын көрсетеді. «Жан тірі дененің бастауы мен себебі болады. Расында жан қозғалыстың себебі мен бастауындай, мақсатындай, жанды дененің мәніндей». Түр материяға үстемдігін жүргізгендей, жан денеге, ақыл-ой сезімге де үстемдіктерін жүргізеді.
Барлық тірілердің жаны болатынын меңзеген Аристотель оның үш түрін ажыратады:
Біріншісі - көбейе алатын қабілеті бар және зат алмасуды жүзеге асыратын өсімдіктер иеленген жан.
Екіншісі - жануарлардың үлесіне тиетін сезімдік жан, өсімдіктен айырмашылығында түрді түйсіктің көмегімен қабылдау қабілетіне ие болған.
Жанның үшінші түрі - адамға тиесілі ақыл, мұның алғашқы екеуден аырмашылығы «таниды және ойлайды».
Аристотель философиясында адам және қоғам өмірі мәселелері айтарлықтай орын алған. Адамды саяси (қоғамдық) жануар деген сөзі кең таралып кетті. Оларға «бірлескен бірге тұрушылыққа» ырықсыз сезіммен ұмтылу, «ортақ пайданы саналы ойлау» тән. Мемлекетті қоғаммен теңестірген Аристотель, оған өсіп кеткен, үлкен жанұя деп қарайды.
Мемлекеттің белгісі барлық азаматтардың бақытын қамтамасыз етуден тұрады. Ал азаматтардың қатарына тек жеке меншігі бар және қоғамды басқаруға қатысатын билік иелері ғана жатады. Аристотель бақытты «жақсы өмірмен» теңестіреді. «Кім риза болса, сол бақытты» - дейді ол. Мемлекет адам болмысының табиғи амалы, «мүмкіндігінше жақсы өмір сүру мақсатында өзі тәріздес адамдардың бір-бірімен қатынаста болуы». Бұл жерде философ тек қоғамның бостандықтағы мүшелері, яғни құл иеленушілер туралы айтып тұр. Құлдар «өз табиғатымен» бой ұсынуға жаралған дей отырып, ол құлдық құрылымды әділетті деп есептейді.
Аристотель алты түрлі мемлекеттік жүйені айырады. Олардың үшеуін: монархияны (жеке абсолютті билік), аристократияны (таңдаулы топ билігі), политияны дұрыс деп, ал енді үшеуін: тиранияны (зорлық, рақымсыздық), олигархия (шағын топтың саяси, экономикалық үстемдігі) мен демократияны (халық билігі) дұрыс емес деп есептеді.
Полития – мемлекеттік құрылымдар ішіндегі ең жоғарғысы, дұрысы. Өйткені ол демократияның орынды касиеттері мен жоғарғы мәртебелі адамдарға тиесілі олигархияның өзіндік құндылықтарын ұштастырады.
Этика мәселелері Аристотель философиясында мәнді орын алды. Атап айтқанда, оның этикалық еңбектері жарық көргеннен кейін ол дербес философиялық пән ретінде қалыптасты. Сонымен, Сократ өнегеліліктің негізгі қағидасын адам жанынан, Платон құдайлық идея әлемінен іздесе, Аристотель моральдық қатынастардың әлеуметтік құрылымын тұрғызды және өнегеліліктің негізгі қағидасын қоғамдық қатынастардан іздеді. Ол жеке, қоғамнан бөлектенген, аластанған адамдарда өнегелілік пайда болмайды, тек қана қоғамда мінез-құлық рақымшыл, рақымсыз болуы мүмкін, - деп есептеді. Рақымшыл мінез-құлық өзінің саналығымен, жақсы ниеті, мақсатты әрекетімен, бәрінен бұрын әділеттілікке жетуге талпынысымен ерекшеленеді. Әділеттілік деп Аристотель тек заңға сәйкес келетінді ғана түсінеді. Сондықтан кез-келген заңды бұзушы - әділетсіз.
Аристотельмен Антика, көне дәуір философиясының осы кезге дейін өз маңыздылығын жоймай келе жатқан, жан-жақты бай философиялық ойының гректік кезеңі аяқталады.