Үнділік жаратылыс жыры (Ману заңдары)
5. Бұл ғалам қараңғылық ретінде тірлік еткен, ешкімге танылмаған, үздік белгілерден ада, ұғыну мүмкін емес, ешкімге белгісіз, ежелгі күндердегідей терең ұйқыға бойлаған.
6. Сосын тәңір текті өз-өзінен тірлік етуші, көзге көрінбейтін, бірақ барлық ұлы бөлшектерді және өзгені көрінетін қылған, қараңғылықты ыдырата, бір дүлей күш ретінде пайда болады.
7. Тек қана ішкі мүшемен ұғынылушы, ұсталмайтын, көрінбейтін, барлық жаралған тірі жанды мәңгі өзінде сақтаушы және ұғымға сыймайтын, өз еркімен жарқырай шықты.
8. Ол, өз денесінен түрлі жәндіктерді жаратуды армандады, алдымен ойша сулар жасап, оған тұқымын орналастырды.
9. Бұл тұқым жарқылы Күнге тең алтын жұмыртқаға айналып, осы жұмыртқада өзі, бүкіл әлемнің атасы Брахман ретінде дүниеге келді.
...
11. Міне, осы ажыратусыз, мәңгі және бір уақытта шынайы һәм шынайы емес (алғашқы) себеп арқылы бұл әлемде Брахман атымен даңқты осы еркек (Purusha) (10) туған.
12. Тәңіртекті бір жыл бойы жұмыртқада тұрған, сонан соң ол өзі-өзінің ойымен оны екі жартыға бөлген.
13. Осы екі жартыдан Көк пен Жерді жаратып, олардың арасында ортаншы әлемді, көкжиектің сегіз нүктесін және судың мәңгі мекенін орналастырған...[5].
ЕЖЕЛГІ ҚЫТАЙ ФИЛОСОФИЯСЫ. Юань Кэ жинақтаған Қытай халқының аңыздары ішінде алғашқы философиялық ой, пікірлерді білдіретіндері де бар. Бұл аңыздарда әлемнің алғашқы жағдайы - алғашқы болмыстық ретсіздік, түсініксіз ұйқы-тұйқылық және осы ретсіздіктердің қарама-қарсы бөлшектерінің жеңілінен – аспанды (Ян), ал ауырынан жерді (Инь) ұйымдастырушы ғарыштық күштер туралы түсініктер кездеседі.
Тағы бір аңызда ұйқы-тұйқы ретсіздікті реттеу, ғаламды ұйымдастыру- ғарыштық жұмыртқаның ішінде дүниеге келген Пань-гу есімді жаратылыстан тыс адамның қызметімен байланыстырылады. Алғашкы болмыстық қараңғылықта дүниеге келген Пань-гу оны екіге – жер мен аспанға бөліп, екіншісін біріншісінің үстіне көтереді. Ғаламның бөліктері өлген Пань-гудің дене мүшелерінен, яғни жел мен бұлт – оның демінен, күннің күркіреуі – даусынан, күн – сол жақ көзінен, ай – оң жақ көзінен, әлемнің төрт бөлігі – оның аяқ, қолы мен денесінен, өзендер – қанынан, жолдар – сіңірлерінен, топырақ – тәнінен, жұлдыздар әлемі – басындағы шашы мен мұртынан, шөптер, гүлдер, ағаштар – тері мен ондағы кылшықтардан, металдар мен тастар – тістері мен сүйектерінен, жауын мен шық – терлеуінен, найзағай – көзінің жарқылынан пайда болатыны көрсетіледі. Ал Пань-гудің денесінен қоректеніп жүрген зиянкестерден адамдар пайда болып «жел оларды жан-жаққа таратты» [8.43 б.].
Қытай философиясы ежелгі заманда жарық көрген кітаптармен тікелей байланысты. Бұлар: «Өлеңдер кітабы» (Ши-цзин), «Тарих кітабы» (Шу-цзин), «Өзгерістер кітабы» (И-цзин), «Әдет-ғұрып кітабы» (Ли-цзи) және шежіре «Чунь-шо» мен бірге, сауатты қытайлыктың дүниетанымдық көзқарасының негізін құрайтын «Бес кітаптан» (У-цзин) тұрады.
Дәстүрлі діни - аңыздық дүниетанымдық көзқарасқа қайшы пікірлер оған күмән келтіруден басталады. Осыдан ертедегі қытайлықты, оған әрбір сәт сайын кездесетін жауыздық мәселесінің толғандырғаны айтылады. Оған кім кінәлі? Құдай ма, әлде адам ба? Қастандыққа көп жағдайларда неге кінәсіздер тап болады? «Ши-цзин» кітабына кірген поэтикалық шығарманың авторы: «Кім қастандық жасаса, өзінің қастандығы үшін жауап берсін. Бірақ ешқандай кінәсіздер не үшін тұңғиық пәлекет, бақытсыздықта?»- деп тәңірден сұрайды. Аспан құдіретті, адам оған толық кіріптар, тәуелді. Адамзатты дүниеге алып келген Аспан барлық адамға өмір ережесін де береді. Бұл жағдайда қастандық бастауы – аспан десек, бірақ құдайдың қастандық бастауы бола алмайтыны белгілі. Демек, қастандық – адамнан, қырғи-қабақ қатынас тек адамға тәуелді. Егер бұл осылай болса, онда тек жаратушының еркіне сенуге болмайды. Осындай оймен әрі қарай дамыған ежелгі Қытайдағы дүниетанымдық сана – бәрі де адамға тәуелді, құдай қастандық бастауы бола алмайды деген қортындыға келеді.
«Ши-цзин» кітабында әлемнің бес бастауы туралы мәселе көтеріледі. Бірінші бастауы – су, екіншісі – от, үшіншісі – ағаш, төртінші – металл, бесіншісі – жер. Осымен қатар, табиғаттың бес құбылысы туралы да айтылады. Бұлар: жауын, күн сәулесі, ыстық, суық және жел. Олардың өз уакытында болуы мен қалыптылығына халықтың жақсы тұрмысының тәуелділігі көрсетіліп, табиғат құбылыстарының қолайлы, қолайсыздығын әкелетін себепті табуға талпыныс жасалады. Мысалы, өз уақытында болған жауын, күннің нұр шашуы, ыстық, суық, жел әкімнің адамгершілік мінез-құлқына, елдегі тәртіп, басшының көрегендігіне, ақылгөйлігіне тәуелді деп қарастырылады. Сонымен қатар, әркімнің бейбастақ іс-әрекеті - үздіксіз тынбай жауған жауынның, жалқаулығы–ұзаққа созылған ыстықтың, абайсыз, асығыс іс-әрекеті ұзаққа созылған суықтың, ақымақтығы тоқтамай соғатын желдің нышаны болады.
Ертедегі Қытайда қайшылық қатынастағы, сонымен бірге ынтымақтас екі күш: ян мен иньнің дамуы туралы түсінік қалыптасқан. Бастапқыда бұл жарық пен қараңғылықты, таудың күнгейі мен көлеңке жағын, жылу мен суықты, қажыр–қайраттылық пен икемге келгіштікті, еркек пен әйелдік бастауды бейнеледі. Кейін бұл жағдай «ци» – өз түсінігіндегі алғашқы материямен ауысады. «Изо-чжуань» кітабында «ци»-дің алты жағдайы айтылады. Оның мәні: инь, ян, жел, жауын, қараңғылық, жарық. «Янци» және «иньци»- жеңіл– аспандық және ауыр – жерлік материялар.
Ежелгі Қытай елінде еркін шығармашылыкпен дамыған алты түрлі философиялық мектептер болды: 1) Конфуцийлік, 2) Моистік, 3) Заң мектебі (фа-цзя) еуропалық ұғымда Легизм, 4) Дао мектебі, 5) «Инь-ян» (табиғат философиясы), 6) Аттар (мин цзя) мектебі. Бұлардың басым бөлігінде өмір даналығы мәселелерімен қатар құлықтылық проблемалары, ел басқарумен байланысты өмірлік тәжірибе философиясы басым болды.
Ежелгі Қытайда Конфуций мектебінің негізін - Кун Фу-цзы қалап, оның ілімін жалғастырушылар ретінде Мэн-цзы, Сюнь-цзы есімдері аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |