Қалас жамалов философия



бет8/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.

Материалистік ілімдер. Ежелгі және орта ғасырлық Үнді елінде әртүрлі, көптеген діни философиялық мектептер арасында анық материалистік бағытта дамығандары да бар. Дегенмен, бұл мектептерден осы заманға ешқандай түпнұсқа мәтіндер жетпеген. Олардың көзқарастарын, замандастарының жекелеген азды-көпті еске алуларынан, қарсыластарының өз еңбектерінде келтірген дәйек сөздерінен (цитаттарынан) ғана қалпына келтіруге болады. Сонымен бұл фрагменттердің толық емес және бір жақты келтірілетінін ескереміз.
Үнді философиясының натурфилософиялық көзқарастары дүниені 5 тұрақтыдан құралады деп есептейді. Олар - жер, су, от, ауа, кеңістік. «Осы дүниеде бес тұрақты қосылған, оған джива неге керек (джива - жан-дүние). Егер бес тұрақтының бірі болмаса, бұл қосынды жоқ. Ет, қан, май, сүйек, оларды біріктіретін сіңірден дене құралады. Бірақ дживаны (жанды) ешкім көрген жоқ. Жұрт джива естіледі, деп айтады. Бірақ құлақпен біз естиміз бе?» - деген материалистік көзқарастар кездеседі. «Джива (жан) дегеннің өзі - дене. Ал дененің бәрі жетіледі, өзгереді, қартаяды, жойылады. Ең алдымен ескіріп, тесіліп, содан кейін құлайтын үй тәрізді. Сезім, ақыл (манас), ет пен қан, сүйек те шіріп, әрқайсысы өзін тудырған заттарға айналады».
Мәселені тереңнен қараған материалистердің, дүние алғашқы материядан - пракритиден жаратылғанына меңзейді. Пракритидің: саттва, раджас және тамас аталатын үш гуны (гун - қасиеті) бар.
Саттва - тазалық, оған ешқандай таңба түспеген және ол бізге біліммен бақыт әкеледі. Раджас - құмарту қасиеті, ол іс-әрекетке итереді. Тамас - жайбарақаттық пен жалқаулықты, ұйқы мен миғұлалықты көрсетеді.
Үнді материалистерінің ойынша, пракритидің бұл 3 гуны бір-бірімен күресте болады. Егер раджас пен тамас жеңілсе, онда саттва үлкейеді. Раджас пен саттва жеңілсе, онда тамас ұлғаяды. Тамас пен саттва жеңілсе, раджас күшейеді.
Саттвада жасы ұлғайған адам өмірден озғанда таза әлемге жетеді. Раджаста жасы ұлғайған адам өмірден озғанда, тағы карма шеңберінде өмірге қайта келеді.Тамаста жасы ұлғайған адам өмірден озғанда, адасқандар арасында дүниеге қайта келеді.
Үнді материализмі туралы толық мәліметті орта ғасыр философы Мадхава (XIV ғ.) береді. «Барлық философияның жинағы» еңбегінде ол философияның әр түрлі, он алты бағытын көрсетеді. Осылардың бірі - локаята материалистік ілімі (осы әлемге бағытталған деген мағана беретін ілім). Локаята мектебінің негізін қалаушы Чарвака деп көрсетіледі (кейде бұл материалистік ілім чарвака деп те аталады), дегенмен оның өмір сүрген уақыты туралы ешқандай мәлімет берілмейді.
Ертедегі Үнді материалистерінің ілімдері туралы азды-көпті ескертпелер ең ескі упанишадтардан табылады. Мұнда Уздалака жариялаған көзқарастардан басқа, материализмге әлде қайда жақын, Брихаспати ілімдері туралы ескертпелер де айтылады. Упанишадтарда ол жалған ілім ретінде адамды бастаулардан (тірек) айыратындығы айтылады. Салыстырмалы болса да, кейінгі уақытта бірнеше материалистік бағыт, соның ішінде - брихаспатья (брихаспати ілімі) термині аталады.
Бірінші мыңжылдыктың ортасында ведалық брахман дінінің дәстүрлі идеологиясына қарсы шыққандардың және материалистік көзқарастарды жариялағандардың ортасында бірінші кезекте Аджита тұрды. Сол уакыттың материалистік бағытына Жайнизм ізін қуушыларының еңбектерін де қосуға болады. Бұл шығармалар бізге үзінді түрінде жетсе де, одан, сөздің жоғарғы күштердің өмір сүретіндігін мойындамайтын және адаммен бүкіл әлемнің тек қана материалдық элементтерден тұратындығын қабылдайтын құрылым туралы екенін түсінеміз. Дүниеге келгенде пенденің денесімен бірге пайда болатын, ал өлгеннен кейін қазаға ұшырап, алдағы уақытта ешқашан қайта өмір сүрмейтін жан да осы элементтерден құралады. Мәтіндер сол тарихи дәуірдің тағы бір философы - Паясидің ойлары туралы да деректер береді. Самсара мен адам жанының мәңгілігі жайлы ілімнің жалғандығын дәлелдеу үшін, ол қатал эксперименттер жолын ұстанады. Мысалы, үстем тап өкілі болған, князь Паяси денеден жанның шығатынын және осыдан кейін дененің салмағының кемитінін, болмаса кемімейтінін анықтау үшін, өлтірілетін адамның салмағын дарға асқанға дейін және дарға асқаннан кейін өлшеуге бұйрық берген. Немесе, өлі денеде рухтың бар-жоғын табу үшін оны сойып, жарып қарап, егжей-тегжейлі зерттеп, ол ешқандай мәңгі өмірді дәлелдейтін деректерді таппағанын көрсетті.
Буддалық және жайнистік мәтіндерде дәстүрлі брахман догмаларын теріске шығарған басқа да ойшылдар туралы айтылады. Дегенмен, сол уақыттағы материалистік ілімдерді дәйекті материалистік болады деп қортынды жасау үшін мәліметтер жеткіліксіз. Материалистер көзқарастары басқа бастауларда - эпостарда, веданта философтарының түсініктемелерінде айтылады. Мысалы Шанкара философиясы.
Барлық материалистік бағыттар үшін - о дүниенің бар екенін, карма, самсара заңдарын жоққа шығарушылық ортақ. Осыдан идеалистік ұстаным жақтаушылары оларды настиктер (терістеушілер), немесе жанның, рухани болмыстың өмір сүрмейтінін мақұлдаушылар деп атады. Локоятиктерше - адам төрт түрлі минералдық элементтерден тұрады - жер, су, от, ауа. Олардың пікірлеріне қарағанда сығылу, қысылу арқылы дене, сезім мүшелері және осылардың негізінде рухани бастау пайда болады. Адамның өлгеннен кейін өмір сүретін ешнәрсесі болмайтындықтан, локоятиктер осы ақиқат өмірді пайдалана білу қажеттігін, оның әкелгенінің бәрін қабылдау, өмірдің жағымды жақтарын, жамандық пен қасірет шегуді теңесіретінін мойындау керектігін айтады. Мәтінде, «өмір сүргенде қуанышты өмір сүр, өйткені өлімнен ешкім де қашып құтыла алмайды. Дене отқа жанғанда күлге айналады, одан қайта тіріліп, өмірге келу ешқашан жүзеге аспайды». Бұдан локаятиктер өмірде тек ләззат алу мен рахаттануға ұмтылған деген жаңсақ пікір айтуға болмайды. Олар өздерінің көзқарастарын логикалық ой желілерімен дәлелдеп, дәстүрлі доктриналарға күмән келтіреді. Мысалы, «Егер құрбандыққа шалынған жануар тікелей аспандағы құдайларға баратын болса, онда құрбан шалушы неге өзінің әкесін өлтірмейді, сөйтіп оның тезірек аспанға баруына көмектеспейді?» - деген сұрақ қойылады. Немесе келесі сұрақ: «өлген адамдардың жаны, неге тірілмейді, жаман іс-әрекеттер нәтижесінен сақтандырмайды?». Осымен қатар локаятиктер касталық құрылымға қарсы шығып, абыздардың салт-жорағылар тәжірибесін және қасиетті кітаптардың беделін сынға алды...
Үнді философиясында дүниені екі бастамадан — пракрити (материя) және пурушадан (жан) шығармақ болған ағымдарды да кездестіруге болады. «Білгің келсе, пракрити мен пуруша екеуінің де бастауы жоқ; біл, сананың өзгеруі пракритиден шығады; себеп пен іс-әрекеттің қайнар көзі пракритиде. Пуруша пракритидің тудырған гундарынан (қасиеттерінен) ләззат алады», - дейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет