137
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ҚАҺАРМАН ҰЛЫ
Куйкалакова Б.К., қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
ЖББ №77 мектеп-балабақша кешені,
Абильгазин С.И., қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,
№68 мектеп-интернат
Тарихымызды саралайтын болсақ, батыр да, қолбасшы да аз болған
жоқ. Осы орайда Отан үшін от кешіп, ерлік ісі ерекше, қаймықпас
қайсарлығы өз алдына, қолбасшылық қабілетімен
өзге ұлтты тәнті еткен
қаһарман атамыз – Бауыржан Момышұлының шоқтығы биік. Көзінің
тірісінде Бауыржан Момышұлы қарағайға қарсы біткен бұтақтай алабөтен
мінезі, өрескел тұлғасы мен сирек кездесетін озық ақыл-ойы арқылы
жұрттың бәрін тәнті етті, төрткүл дүние халқына танылды. Баукең қару
мен қаламды қатар ұстаған жан еді. Бауыржандай от тілді, орақ ауызды
батырымыздың қаймықпай ұлт мүддесін қорғауына қарап, оны біздер үшін
отансүйгіштіктің үлгісі деп еш күмәнсіз айта аламыз. Жазып қалдырған
туындыларының өзі еліне деген сүйіспеншілік пен махаббаттың, ерлік пен
елдіктің үлгісі болып қала бермек.
Қазақ халқы батырын дәріптеп ұрпаққа үлгі,
келешекке өнеге ете
білетін халық. ”Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас”-демекші,
Бауыржан Момышұлы жайында жазылған еңбектер аз емес. Сол
жазбаларға жүгінсек, намысты, рухты Баукеңнің бойындағы қазақылық,
ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік бала кезінен қалыптасты. Сәбидің
жұдырықтай жүрегі әділдікке ұмтылды. Ең басты қасиет – адамды алға
сүйрейтін де, көп нәрсеге жетелейтін де – адамдық, ұлттық намыс,
жалындаған жігер мен рухани құндылық оның бойында жастайынан
тұрақтаған.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы дүниеге келді. Ол өмір сүрген
жылдар қазақ үшін ең ауыр да алапат, зұлмат кезеңдер еді. Ашаршылық,
репрессия, одан кейін Ұлы Отан соғысы… Осы ретте майдан даласында
Баукең мықты қолбасшы, ержүрек ер екенін көрсете білді. Ол әкери өнерге
жаңалық енгізді десе де болады. Тарихты терең білетін, көп нәрсеге өзіндік
көзқарасымен қарайтын.
Сондай мінезінің, білімінің, біліктілігінің
арқасында кескілескен майданда тарихта болмаған түрлі айла-тәсілдерді
пайдаланған. Соғысқа өлім үшін емес, өмір үшін бару керек екенін әр
сарбаздың құлағына құйып санасына сіңірді. Әрдайым өз жасаған ісіне
адал, жауапкершілікпен қарап, ылғи да дұрыс шешім қабылдай білген.
Ерлігі үшін тірі кезінде Кеңес Одағының Батыры атағы берілген, бірақ бұл
атақты ол алмаған, кейін қайтыс болғаннан кейін ғана берілді.
Бұл оның
қарапайымдылығын, басқаларға жол беруін, өзін басқалардан жоғары
санамайтындығын көрсетеді. Бауыржан Момышұлы ұлттың мүддесін, ел
арманын, мақсатын бәрінен бұрын жоғары қойған деседі.Өзін барлық
уақытта еркін сезінген, тәуелсіз адам болған, байлыққа да, атаққа да,
мансапқа да бас имегені тәнті етеді.
138
Соғыстан кейін Бауыржан атамыз
толықтай шығармашылықпен
айналысты. Өз білген, көргенін шығармаларына арқау етті. Оның
қаламынан туындаған әңгіме, повесть, романдар оқырмандарды
қызықтырып, көзқарастарын өзгерте алған. Ой өрісі кең, ойшыл, терең
ойлы қабілетімен «Ұшқан ұя», «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің
тұлғасы», «Майдан», «Куба әскерлері» атты әдеби шығармаларымен
танылды. Мысалы, «Ұшқан ұя» кітабында Бауыржанның балалық шағы,
әкесімен өткізген оқиғалары баяндалады. Қазақ ауылы, халықтың жағдайы
шынайы суреттер арқылы жасалған. Ал «Мәскеу үшін шайқас»
кітабы
Бауыржанның соғыс кезіндегі бастан кешкен оқиғалары туралы. Ол кісі бір
ғана өнерімен шектеліп қалған жоқ, Баукең өте жан-жақты адам болған.
Бұл жайында, жауынгер-жазушы Дмитрий Снегин: «Мен қазақтың
арасынан Бауыржанмен салыстыруға келетін жан таппай жүрмін. Бәлкім,
таппайтын да шығармын» деп пікірін білдірген.
Бауыржан атамыздың әр
жазған туындысының мәні терең, бір ойға қалдыратын, өзіндік ерекшелігі
бар екендігін көруге болады. «Мен профессионал жазушы емеспін. Мен
әскери мемуар жазушы ғана кісімін» - деп Б. Момышұлы өзі жайлы
айтатын, ешқашан өзін мақтап жазушымын деп айтпаған. Дегенмен,
жазған шығармалары барлық жазушылардан ерекшеленетін. Сонымен қоса
Бауыржанның тілге шешен болғандығы, оның нақыл сөздері қалдырғаны
да – бір тарихи мұра. Мысалы, «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу
- сатқындықтың белгісі», «Елсіз ер
болмайды, жұртсыз жігіт болмайды»,
«Опасызда Отан болмайды». Міне, байқағанымыздай, Баукеңнің әр
жазбасы ерлік, батырлық, елге деген сүйіспеншілік, патриоттық рух
жайында.
”Отан
–
отбасынан
басталады”-дегендей,
Бауыржан
Момышұлының «Ұшқан ұя» атты шығармасында: «Келген қонақ ең
алдымен менің атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі
білімімді тексеретін. Елтанудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол
кезде кім білген» деп жазылған. Қазақта «ұяда не көрсе,
ұшқанда соны
аласың» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Батырдың бойындағы
адамгершілік қасиет, ең бірінші – анасының ақ сүтімен дарыған болса,
екіншіден, қоршаған ортасының, әкесінің тәрбиесімен берілді.
Бауыржан Момышұлы жайында бірталай көркем шығармалар
жазылған. Мысалы: А. Бектің «Арпалыс», Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен
аңыз», келіні З. Ахметованың «Шуақты күндер», ұлы Бақытжанның
«Жанымның жарық жұлдызы» атты туындылар қаһарман батыр
жазушының болмысын ашып, тарихи келбетін айшықтай түсті. Қазақ елі
қаһарман-қолбасшы батыр ұлы – Баукеңді
сан қырына танып білді десе
болады. Оның салған ізі ұрпақтар санасында сан жылдар бойы сайрай
береді. Бауыржан Момышұлы туралы жазылған кітаптар, пікірлер,
шығармалар, түсірілген фильмдер, жүргізілген зерттеулер өте көп. Ер
есімі – мәңгілік ел есінде! Ұлтың сүйген ұлы тұлғаны дәріптеп, ерлік,
кемеңгерлік істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу қашан да маңызды.