Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,


ЗИЯЛЫЛАРДЫҢ ЗАМАНҒА ӨКПЕЛЕЙТІН



бет25/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   37

ЗИЯЛЫЛАРДЫҢ ЗАМАНҒА ӨКПЕЛЕЙТІН

ЖӨНІ ЖОҚ
- Біздің рухани ұлттық құндылықтарымыз бүгінгі ұрпақ санасына ұрық себетіндей қызмет етіп жатпаған сияқты. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, өткенді көбірек айтып, қазіргі нақты жағдай мен алдағы күндерге көз салар кезде аузымыз ашылмай қалады. Бұл жөнінде сіз қандай пікір білдірер едіңіз?

- Әр адамды ұлттық бағытта тәрбиелеу үшін алдымен орта керек. Қазіргі қазақтың аға буыны, орта буыны негізінен ауылда өсті. Көбі қазақи бесікте жатты, аналары бесік тербетіп отырып, олардың құлағына қазақтың әнін сіңірді. Ұлттық қадір-қасиеттің бастауы ана сүтімен жүрекке дарыды. Бала ес біле бастаған соң шаңыраққа қарады, жұлдызды аспанды көрді, ойнақ салған құлын мен тайды, қозы мен лақты танып өсті. Сондықтан қазақ ауылдарында ұлттық тәрбие табиғи негізде қанға сіңді. Тұсау кесу, тайға міну, бәсіре тай беру сияқты дәстүрлер ауылдағы қарадомалақтардың қалыптасқан тірлігі болды. Олар шілдехананы көрді, тойды көрді, тіпті, өлген кісіні жөнелту рәсімдерінің өзі бала санасына тәрбиелік мәнімен ұялады. Ол ұрпақ өмірде қызық пен қоса қайғының да бар екенін түйсініп ер жетті. Олар үшін аспан астындағы жұлдызды көк астындағы ашық театр – алтыбақан болды. Ән салу, ақсүйек ойнау, атқа шабу, көкпар тарту - осының бәрі қазақтың жаңа буын жас өскініне өзінің қазақ екенін ұқтырған орта. Кейін қалаға келіп, оқу іздеп, қала мәдениетін бойына сіңіргенімен олардың жүрегінде бала кезде көргендері мен түйгендері, ұлттық тәрбие үлгілері бәрібір сақталып қалды. Сондықтан да олар шын мағынасында ұлттық топырақтан өсіп-енген азаматтар.

Қазіргі жағдайға келер болсақ, қоғамның, экономикалық үрдістердің өзгерістерімен бірге қазақи ауылдардың іргесі шайқалды. Бұл ұлттық мәйектің ұйыған тірлігіне өзгеріс әкелді. Неше түрлі жалған реформаторлар бір жағынан жабайылықпен, екінші жағынан зорлықпен ауылдарды таратып жіберді. Тұтас облыстар мен аудандар жойылды, ауылдағы қазақы тірлік қазір жоқ. Бұрынғы дәстүрлер тек белгілі бір мерекелерде театрландырылған көрініс ретінде байқалғаны болмаса, пайдаланыла бермейді. Ауылдағы тойлардың ұлттық реңкі мен рәсімдері бұзылып, қазіргі түсініксіз дискотекалық сипатқа ауа бастады. Соңғы 10-15 жылда қалаға ағылып келе бастаған қазақ жастары не ауылдағы ұлттық тәрбие мектебінен өтпей, қазақи сипатта қалыптаспай, не қала тәрбиесіне түсінбей, көрмей дүбара күй кешіп отыр. Олардың жағалап жүрген жерлері базардың төңірегі, арба сүйреу, одан қала әртүрлі фирмалардағы тиын-тебен аз төленетін, ауыр, қосалқы жұмыстарға жегілу. Бастарында үй жоқ. Сондықтан жұмыстан босаған кездегі негізгі айналысатын шаруалары – жиналып арақ ішу, сенделіп бос жүру. Бұрынғы қазақ жастары қалаға келгенде алдымен театрлар мен мәдениет ошақтарын көріп, біліп, айналасы екі-үш жылдың ішінде қала балаларымен бірдей болып, тіпті, олардан озып ілгері кетуші еді. Қазіргі жастардың басым көпшілігінің бойында ұлттық тәрбие де, интернационалдық тәрбие де аздау, олар қайтсем ақша табамын, қайтсем осы тірлігімді үзіп алмаймын деп жанталасумен жүрген адамдар. Сондықтан бұл салада біздің ұлттық рухани күшімізді жинауымыз керек шығар. Екінші жағынан, бұл мәселеге мемлекет қамқор көзбен қарауы қажет. Дәл сайлаудың алдында көше-көшені аралап, алаң-алаңды қуып, концерттік бригадалар ұйымдастырған байлар мен байшыкештер жай күндерде де халыққа, елге осылай қызмет етсе, онда ұлттық тәрбиенің, мәдениеттің ақсап тұрған бір қабырғасы көтеріліп, жастарымыздың сана өрісі кеңейе түсер еді. Мен бұл жерде бір ғана бағытты айтып тұрмын. Әйтпесе, қолға алынуға тиісті рухани салалар жетіп артылады ғой. Ал, енді мына жастардың кітап оқуы, көркем шығарма тануы бұл да бір қиын шаруа. Өйткені, таңертеңнен кешке дейін басқа тілдерде жасалған, мағынасы саяз, алдамшы қызықпен еліктіріп отыратын кинолар, адамның сезімінен гөрі нәпсісіне әсер ететін әуендер жастарымызды ұлттық топырақтың нәрінен айырып, басқа жаққа тартып барады.

Дегенмен, тұтастай алып қарағанда, қазақтың ұлттық мәдениеті, ұлттық әдебиеті, қазақтың тілі мен ділі мүлде жойылып бара жатыр деген ұшқары пікірге қосылуға болмайды. Мұндай қате пікір біздің халқымызға жамандық ойлайтын адамдардың пиғылы. Бұлардың мәдениеті құрып барады, тілі жойылды, сондықтан басқа мәдениетке көшіп, жаһандану аясында тірлік етуі керек дейтіндер қазақтың қамын жеп жүрген жоқ, үлкен қателікке бастайтын арам ойдың иелері. Қазақ тезірек жойылсын, тезірек құрысын, бет әлпеті қазақи болғанымен ішкі жан дүниесі христиан ба, кришнаит па, будист пе, жәһуди ме, сондай бірдеңе болсын, мұсылмандықтан іргесін аулақ салсын дейтін көзқарастағылардың бізді жырымдап әкетуге бағытталған әрекеті. Жеріміздің астындағы қазба-байлықтарын шетелдік алпауыттар қалай талапайлап жатса, енді ұлтымызды да сондай бөлшектеуге негіз болатын реакциялық зұлым күштердің алыстан аңдыған ісі. Сондықтан рухани ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуіміз керек.



- Осы орайда қазақтың зиялы қауым өкілдері абдырап қалғандай. Олардың қоғам алдындағы жауапкершіліктері тым бәсең тартып, жалпы елдің даму үрдісінен өздерін бөлек сезінетіндей ме, қалай? Қазіргі зиялы қауымның үні естілмейді.

- Зиялы қауымның рухы мүлде өшті деуге келмес. Дегенмен, бұрынғы Алаш қайраткерлері мен бүгінгі зиялы қауымды салыстырып көрелік. Мәселен, 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ зиялыларының үнсіз қалғандығы аз айтылып жүрген жоқ. Түрмеге қамалып, итке таланып таяқ жеген қазақтың ұл-қыздарын қорғаудың орнына бір топ зиялы ағалары бұл не деген бейбастақтық, бұл не деген бұзақылық, қайдан шыққан басбұзарсыңдар деп, баспасөз бетінде хат жазып, қол қойды. Олардың кейбіреулері кейіннен бізді зорлап қол қойдырып еді, коммунистік партияның ызғарымен қойып едік деп ақталған болды. Бірақ ұлтын, халқын сүйетін ер-азамат кімнің ызғары болса да, шыдауы керек қой. Егер Алаш зиялылары Ахметтер, Әлихандар, Мағжандар, Жүсіпбектер тірі тұратын болса, солар үнсіз қалар ма еді? Болмаса, 1933 жылғы ашаршылықта ішінде Ғабит Мүсірепов бар бір топ қазақ зиялыларының үкіметке шындықты айтып хат жазғанын алайық. Біздің зиялы қауым осындай қадамға бара алар ма еді? Күні кеше ғана қазақтың жер мәселесі көтерілді. Жерді сатуға бола ма, болмай ма деген сауал ортаға тасталды. Әртүрлі көзбояушы, бір күндік пайдасын ғана ойлайтын экономистер, заңгерлер пәлен елде жер сатылады екен, түген елде жер сатылады екен деген идеяны тықпалады. Осыған орай Қазақстан Жазушылар Одағында үлкен үн көтерілді, жазушылар жер мәселесіне байланысты комиссия құрды. Жиналыста жерді сатуға қарсылық білдіріп сөз сөйледік, айттық. Бірақ одан нәтиже шыққан жоқ. Біз бұдан арғыға бара алған жоқпыз. Сонымен тоқтап қалдық. Парламентте қазақ депутаттары қазақ тілін білуі тиіс деген жақсы азамат Амангелді Айталының пікіріне қазақ депутаттардың жартысынан көбі қарсы шықты. Осы кезде біздің зиялы қауым баспасөзде, теледидарда пікірлер айтты, бірақ мұның бәрі бір арнаға тоғысып, бүкіл халықтың сесті, кекті ашуына айналған жоқ. Егер мұндай жағдай мына тұрған Өзбекстанда немесе Балтық елдерінде, Кавказда орын алса, олардың зиялылары үйде тыныш жатпас еді. Біздің қазіргі зиялы қауымның кеудесі басылыңқырап қалған. Оның басты себебі, көптеген әлеуметтік жағдайларға байланысты. Бұрын қатардағы ғылым докторының еңбек ақысы обком хатшысының, министрдің еңбекақысымен бірдей болатын. Қазір ғылым докторы, профессордың табатыны көше сыпырушының айлығына тең немесе кем. Профессор, оқытушы мамандардың еңбегі құнсызданды. Оны айтасыз, бұрынғы одақ құрамындағы елдер Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия өздерінің Ұлттық Ғылым Академияларын мемлекеттің қарамағында сақтап қалды. Қазақстанда бірнеше академик хат жазып, біз мемлекеттің қарамағынан шығайық, ана мемлекетте сондай екен, мына мемлекетте мұндай екен деп бастамашыл болды да, ақыры Ғылым Академиясы мемлекеттен кетіп қоғамдық негізге көшті. Бір кезде Одақтағы ең күшті Ғылым Академияларының бірі Сәтбаев, Әуезов, Жұбанов, Марғұлан сияқты ұлы адамдар негіздеген Академияның күйі кетті. Мемлекет тарапынан қамқорлықтың осылай нашарлауы, ғылыми еңбектің құнының жоғалуы, зиялылар рухының түсуі жалпы әлеуетті әлсіретті. Бұрын ғылыммен айналысатын адамдардың біреуі бірер жылда, енді біреулері он жылда соқталы еңбек жазып шықса, ақысын алатын. Еңбек ерекше бағаланды. Қазір ондай жоқ. Қоғамға пайдасы бар дүние жасаушы адамның еңбек өтеуі қайтпағаннан кейін оның еңсесі түспей ме? Мұндай кезде одан үлкен бір қайрат, жігер күту қиын. Дегенмен, заманға өкпелейтін жөніміз жоқ. Бағзы замандарда аш жүріп, жалаңаш жүріп, қиын жағдайларда ел үшін күрескен ерлер болды, сондай ерлік қазіргі қазақ зиялыларынан табылмады деп бір жағынан ренжуге де болады. Екінші жағынан бұлай кесіп айту өте қиын.

- Зиялылар дегенде елге есімі бұрыннан белгілі ағалар еске түседі. Ал, бүгінгі заманның жас зиялылары қайда?

- Жас зиялылар да бар ғой. Мәселен, маған анау физика-математика ғылымының докторы Асқар Жұмаділдаевтің айтып жүрген ойлары мен пікірлері ерлікке пара-пар көрінеді. Анық жасын білмеймін, олар да жігіт ағасы болған шығар. Кейде өзімізді өзіміз сыйламағандықтан, құрметтемегендіктен кездесетін келеңсіз жайттар бар. Иісі түркі халықтарының тұңғыш ғарышкері, одақ кезінде кемеге ұшақ қондырып Батыр атанған, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров күні кешеге дейін жұмыссыз жүріпті. Сол Тоқтар депутаттыққа түскен кезде Қызылорда облысында бір есерсоқ сен неге өз жеріңмен барып дауысқа түспейсің деген ғой. Ол жағдайға орай академик Мырзатай Серғалиев лайықты тойтарыс беріп, мақала жазды. Ал, енді ұлттық деңгейіміз, ұлтымызды сүю, халқымыздан шыққан азаматтарды бағалауымыздың өзі осынша құлдыраған кезде не айтуға болады?

- Тіл туралы бір жиналыста сіз қай елді кезіп жүрсе де, баласына ана тілін ана сүтімен дарытатын сыған әйелдері туралы әдемі мысал келтіріп едіңіз. Соларға қарағанда жеріміз бүтін, Отанымыз орнында, бірақ қазақ тілі неге көркеймейді?

- Қазақтың қаймағы бұзылмай тұтасып отырған кезінде тіл проблемасы болған жоқ. Бұл отаршылдықтың күшеюіне байланысты туған тауқымет. Патша заманында басталып, одақ кезінде сталиндік саясаттың қаһарына ұшыраған шешендерді, қалмақтарды, гагауздарды, ингуштарды, немістерді, гректерді, поляктарды Қазақстанға жер аударды. Ашаршылық кезеңдерінде қырылған халқымыз, тың игеру жылдарында жаппай қоныс аударып келгендер салдарынан тіпті азайып бытырай орналасты. Қазақтан басқалардан саны көбейді. Елді мекендер, жер-су аттары түгел орысшаланды, қазақ мектептері жабылды. Өкіметте орыс тілін насихаттап, көтеру саясаты өрістеді, орыс мектептері ашылды, түптің түбінде бір ғана кеңес халқы болады деген ұғым қалыптасты. Сондықтан тарыдай шашылған халқымыз бірте-бірте балаларын орыс мектептеріне бере бастады. Таза қазақи ауылдар саны азайды. Астана болған Алматыда 1970 жылға дейін бір-ақ қазақ мектебі болды. 50-60 жылдары Алматыға Қазақстанның жер-жерінен келген зиялы қауымның бәрі балаларын еріксіз орыс мектебіне берді. Қазіргі таңдағы айтылатын бір мәселе – біз тәуелсіздік берген біраз мүмкіндікті пайдалана алмай қалдық. 86 жылдан кейін орыстар қазақша білсін, қазақтар орысша білсін деген қозғалыс әжептәуір көтерілді. Жұрт балаларын қазақ сыныптарына бере бастады, орыстар да қазақша оқуға ден қойды. Аз уақыттан кейін мемлекеттік тіл жалғыз бола ма, қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданыла ма деген әңгіме шықты да, арты сиырқұйымшақтанып, іс қағаздары қазақша жүрмеді, мекемелер қазақша жұмыс істемеді, Парламент қазақша сөйлемеді. Сосын халық ойланып қалды, қазақ тілінің қажеті жоқ екен деп, балаларын қайтадан орыс мектебіне апарды. Сөйтіп, кері үрдіс басталды. Егер сол кезде барлық қазақ балаларын қазақ мектептеріне бергенде, 13 жыл ішінде қазақ тілінің проблемасы шешілер еді. Сондықтан бұл мәселені жүзеге асырудың бірден-бір жолы әркім өз шаңырағында қазақша сөйлеу керек. Балаларын қазақ балабақшаларына, қазақ мектептеріне беруі қажет. Қалған тілді бала өзі үйреніп алады. Біздегі ең үлкен қасірет тапқан анасы баласымен өз тілінде сөйлеспейді, қазақша әлдилемейді. Қазақ тілін білмейтін, қазақ дәстүр-мәдениетіне шекесінен қарайтын шоқыншық, мәңгүрттің ұрпағы қалай зорласаң да қазақ болуы қиын.

- Қазақтар әр нәрсеге еліктегіш қой...

- Еліктегіш. Бірақ, бұл қиындықтан туатын жағдай. Мәселен, Қытайға қазақтар қуғын-сүргін көріп, қиындық қашып көріп барды. Егер ол қытайша тіл білмесе, қытайдың тіс-тіс жазуын үйренбесе, күнін көре алмас еді. Түркияға Кашмир асып барған қазақтар да түрік тілін үйренді. Бірақ бұл ұқсас тілдер. Ұқсас тілдер бірін-бірін жұтып қояды. Ондағы қазақтардың аға буыны қазақша біледі, ал бүгінгі жастар түрікше сөйлеп кеткен. Ал енді Түркияға Ауғанстаннан барған қазақтардың тілі тап-таза. Өйткені, олар ауғандардың ортасында болды, ол жерде қазақ тілін не мүлде ұмыту керек, не сақтап қалу керек. Өзге тілдік топта қазақ тілі оқшауланып өмір сүрген. Еуропада, Норвегия, Франция, Германияда жүрген қазақтарды мен көрдім. Түркиядағы қазақтарға қарағанда олардың тілдері таза. Себебі, қазақ тілі өзге тілдік топта тұр. Өзбекстандағы Жоғары Шыршық, Бостандық аудандарындағы қазақтың тілі өзбектеніп кеткен. Орыс ортасындағы Омбы қазақтарының тілі таза. Яғни, басқа тілдік ортада қазақтар өзінің тілінің күші мен қуатын сақтап қалған. Моңғолиядағы қазақтардың жөні басқа. Баян-Өлгий мен Ұлан-Батырдың арасы екі мың шақырым шамасында. Теміржол жоқ, қатынас шамалы. Қобданың бойына біздің қазақтар сынын бұзбай қона қалған. Қазақтың салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын, үлкенді сыйлау, өзгеге кеудесін бастырмау сияқты қазақи қасиеттерді сол жердегі қандастарымыз жақсы сақтаған. Ең рухы жоғары осы Моңғолиядан келген ағайындарымыз деп айтуға болады.

- Шенеуніктер көзімен қарағанда біздің халықтың тірлігі жақсы. Бірақ, елдің пікірі қарама-қарсы ыңғайда. Сіз қалай ойлайсыз, ел-жұртымыздың ахуалы қаншалықты түзелді?

- Халықтың жағдайын білу үшін өзіміз тұратын Астана қаласын жай ғана аралап шықсаңыз болды. Бүкіл елдің тынысы осыдан көрінеді. Оған ешқандай ғылыми социологиялық зерттеудің қажеті жоқ. Бәрі алақандағыдай айқын. Шын мағынасындағы Астана аспанмен таласқан зәулім үйлер, жұтынып тұрған көшелер, хан сарайындай котедждер мен солардың алдына тізілген сан алуан шетелдік қымбат көліктер. Сол машиналарға мініп-түсіп жатқан алтынмен апталған қыз-келіншектер мен тістері жарқыраған еркектер, міне, бұл жаңа қала – Астана. Одан кейін бұрынғы облыс кезінде салынған, қабырғалары жарыла бастаған, есіктерінің алдына асфальт төселмеген сұрғылт үйлерді көресіз. Кеңестік кезеңнен қалған қарапайым автомобильдер мен жай ғана тіршілік кешіп, аса алаңдай қоймай, жайбарақат жүрген қоңыр төбе ел халықтың екінші бір тобы. Бұдан соң белуарынан жерге кіріп кеткен, төбесінде шатыры жоқ жатаған үйлер мен маңайлары батпақ, аулалары қоқысқа толы сұрықсыз баспаналарды, соларда тұрып жатқан қабақтары қату, сұрқай адамдарды кездестіресің. Қазақстанның бар байлығы құйылып, алып құрылыстар жүріп жатқан бас қалада осылай алпауыттар, орташалар және кедейлер тайға таңбас басқандай айқын байқалады. Базарға барсаңыз түп-түгел Қытайдан, Қырғызстаннан әкелінген тауарларды сатып отырған қазақтың қыз-келіншектері, арба сүйреткен қазақтың жігіттері. Күнкөріс қамымен бес-он теңге үшін таңертеңнен қара кешке дейін табанынан таусылып, сауда жасаған жұрт, қаладан сәл ұзап шығып ауылдарға таман барсаңыз, қирап қалған үйлер, марғау тірлік кешкен ел, мыңғырған малдан айырылып жетімсіреп қалған дала көзге түседі. Ал, әлгі бүкіл елдің тіршілігі жақсы деген сөз артық. Біздің алпауыт байлар АҚШ-тың немесе Еуропаның байларындай болғысы келеді, солар сияқты шетелдердегі курортты жерлерден дем алатын үй-жайларын салып алды. Соларға қарап енді бүкіл қазақ халқының жағдайы жақсарды деп қалай айтуға болады? Бір тілім нан мен қара шайға қарап қалған жұртты, үстіндегі бір киер киімді жылдар бойы ауыстыруға шамасы келмейтін қарапайым елді қайтеміз? Рас, Өзбекстанмен салыстырғанда жағдайымыз біршама тәуір, тыныштық орнап тұрғаны да, лаңкестіктен ада екеніміз де, халықтың бірлікте өмір сүріп жатқаны да ақиқат. Бірақ, осынша байлықпен елдің тіршілігін бұдан әлде-қайда арттыруға болатын еді ғой. Билік басында отырған азаматтар мен Парламент мәжілісіне жаңадан сайланған депутаттар алдымен осы жайға назар аударады деп үміттенеміз.

- Сіз көп жылдан бері жоғарғы оқу орындарында дәріс беріп келе жатқан ұстазсыз. Сол тұрғыдан келгенде, Қазақстандағы білім реформаларына деген көзқарасыңыз қандай?

- Бұл дүниедегі ең үлкен ежелгі империялардың бірі Ұлыбритания ғой. Барлық халықтарға тілін мойындатып, оны халықаралық қатынас тіліне айналдырған осы ағылшындар. Күні бүгінге дейін бұл ел сонау Шекспир заманындағы емлені пайдаланады. Соны өзгертуге болады ғой. Бірақ, олар өзгертпейді. Ал, ананы көрсе анаған, мынаны көрсе мынаған жүгіру деген бұл қоғамдық тәжірибеде, әлеуметтік мәселеде ойланып жасалмаса, түбі трагедияға апаратын қадам. Сондықтан біздің елдегі білім реформаларына таң қалмасқа болмайды. Айналып келгенде Қазақстан Ресей үшін, Англия үшін маман даярламайды, өзі үшін маман даярлайды. Ендеше, Қазақстанның мектебін бітіретін қабілеті күшті, қабілеті орташа, қабілеті әлсіз балалардың барлығына сен міндетті түрде ағылшын тілін біл, сен міндетті түрде орыс тілін жоғары дәрежеде меңгер деп айта аламыз ба? Талап қоя аламыз ба? Қоя алмаймыз. Сол себептен де еліміздің мектеп оқушылары ана тілін, ұлттық тілді алдымен игеріп, өзге тілді өз талабы бойынша содан кейін білсе де жетіп жатыр. Мына Германия соғыстың жарасын жазып, экономикасын көтерді, қазір әлемде экономикалық әлеуеті жағынан үшінші орында. Білім беру тегін. Біздің білім ісімен айналысатын мамандарымыз жыл сайын оқу ақысын көтеру мәселесін алға қояды. Ол ақы жоғарғы оқу орындарында сабақ беретін оқытушыларға беріледі деп, студенттер мен оқытушыларды алауыздыққа итермелейді. Негізі, сапалы білім беруді ойлау керек қой. Бұрын Қазақстанда елудей жоғарғы оқу орны болса, қазір мөлшермен екі жүзге жақындап қалған сияқты. Осынша оқу орны бізге қажет пе? Шамадан тыс заңгерлер мен экономистер керек пе? Бізде сол ертең жұмысқа тұруды қамтамасыз ете алмайтын басы артық құжаттарды берумен уақыт өткізу көп. Мәселен, осы Астанада ұлы құрылыс жүріп жатыр, болашақта да жалғаса береді. Оған бірден-бір керекті оқу орны – құрылыс институты немесе құрылыс академиясы дер едім. Ол жоқ. Оның есесіне, ана жерде де заңгер, мына жерде де экономист, халықаралық қатынастар мамандығына даярлайтын оқу орындары. Қазақстан бейне бір дүние жүзіне дипломатиялық кадрлар даярлап беретін ошақ секілді. Сыртқы Істер министрлігінің аппаратына көп болса бір мың адам керек шығар. Ал біз жылда жүздеп, екі жүздеп маман шығарып, жас буынды айдалаға сандалтып жатырмыз. Түркияда жетпіс миллион халық бар, жеке меншік орны жетеу ғана дейді. Бізде сапасы жоқ, кітапханасы жоқ, базасы жоқ, елден келген балалардың бес-он тиынын қағып алып, бизнес жасап байып отырған да топ шықты. Осыларға тыйым салу керек. Экономикада да, әлеуметтік салада да, мәдениетте де шынайы жанашырлық танытпайынша, заңды тәртіп болмайынша жөнге келу қиын. Бұл өмір көрсеткен тәжірибе. Соны ұмытпаған жөн.

- Енді бір сұрақ, сіз үлкен ғалым, әдебиет зерттеушісісіз ғой, қазір немен айналысып жүрсіз?

- Осы сауалға жауап бермей-ақ қояйын. Өйткені, бүйтіп жатырмын, сүйтіп жатырмын деу әдетімде жоқ.

Әңгімелескен Ғабдул-Ғазиз Есембаев,

«Нұр-Астана» газеті, 23 қыркүйек, 2004 ж.

Алтыншы желі. Шартарап

МАЖАРСТАНДАҒЫ ӘУЕЗОВ КҮНДЕРІ

Сапар алдында
Телефон соғылды
Әйел дауысы естілді.

– Жезде, халыңыз қалай?

– Шүкір. (Ішімнен бұл кім екен деп тұрмын).

– Сапарға шығуға қалайсыз?

– Балдыз шақырса, бармай не бопты. (Кім екен, ә?).

– Алысқа.

– Қайда?

– Венгрияға.

– О жақта қайын жұртым жоқ еді ғой.

– Табылып қалар.

– Не шаруамен?

– Мұхтар Әуезов күндері өтеді. Сіз Әуезовті зерттеген жоқсыз ба?

– Ондай еңбегіміз бар сияқты.

– Ендеше жолға дайындалыңыз, жезде. Лекция оқытамыз.

– Тани алмай тұрмын. Қай балдызсың?

– Жібек Әмірханова.

– Ойбай-ау, Жібек, қайдағы балдыз, қарындасым емессің бе?

– Әйеліңіз қазақ па? Сондықтан да жездесіз.

– Жоқ, қарындассың.

– Шын қарындас болсақ, баяғыда депутаттыққа түскенде дауыс беретін едіңіз ғой. Досыңызды қолдап кеттіңіз ғой.

Ауызға сөз түспей, аздап тұрып қалдым.

– Ол өзі бір баянсыз шаруа еді ғой. Сол заңсыз Парламент тарап кетті емес пе? Осы жерде отыра бергенің дұрыс болды.

– Иә, дұрыс болды. Соның арқасында жездемді сапарға шақырып жатырмын.

Сөйтіп, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық тойын Венгрияда бастайтын болдық.


Питер – Батырдың әңгімесінен
Ұзын бойлы, қыр мұрын, басына қазақы тақия киген сары жігіт кісі жатырқауды білмейді екен, самбырлап сөйлеп тұр. Қазақшасы тап-таза. Тіпті кейбір қазіргі қазақтар айта алмайтын қ, ң, ө, ұ, і, ү дыбыстарының өзін шегелеп жеткізеді. Домбыраға қосылып ән салады, күй тартады.

– Алдымен өзімді таныстырып алайын. Атым – Питер, қазақшасы – Батыр, Будапешт университетінің тюркология факультетінің соңғы курсының студентімін. Қазақ тілін марқұм Қоңыр Мандоки ағадан, қазақ қызы, жеңгеміз Айша Мандоки апайдан үйрендім. Қазақстанның дәмі әлі татқан жоқ. Монғолияға бардым, Баян-Өлгейде болдым. Білесіздер ме, қазақша Баян-Өлгей Бай-Бесік деген сөз. Қобда өзенінің суына шомылдым. Бөкен тауға шықтым. Бір ертоқымға көзім түсіп, қатты қызығып, қазақ жігітіне сат деп жатып жабыстым. Ол керемет ашуланды. “Ертоқымды сатпайды, мен саған сыйлаймын” деді.

Мажарстанға алып келдім, қазір сол ертоқыммен атқа мінем. Өзім туралы осымен тоқтатайын да, қысқаша мажар тарихына көшейін.

Ғалымдардың саналуан зерттеулерінің қорытындысы айтады, біздің бабаларымыз қоныс аударып келгенге дейін Карпат аңғарында скифтер, кельттер, фракиялықтар, германдар өмір сүрген. V ғасырда әлемге әйгілі Атилла (Еділ) батыр бастаған түркі тілдес ғұндар Тисса өзенін жайлап, одан өрлеп барып, Рим империясын тас-талқан еткен ғой.

Орал халықтарының фин-угор тобына жататын венгр тайпалары Азиядан батысқа қарай көше-көше, 895 жылы Арпад батырдың басшылығымен Карпат аңғарына келіп құлағанда, жалпы саны жарты миллиондай бар екен. Олар тәңірге сенетін шаман дініндегі адамдар еді. Арпадтың шөбересі князь Геза христиан дінін қабылдаса, шөпшегі Иштван І (997-1038) батыс үлгісіндегі, католиктік сипаттағы христиандықты орнықтырып, 1000 жылы Рим папасының батасын алады. Шолып айтар болсам, 1038-1301 жылдар арасында венгр билігінің басында Арпад батырдың әулеті отырды, еркек кіндікті тұқым біткен соң, ел басына 1307 жылы түбі француздан шыққан Карой І келді. Оның үрім-бұтағы 1490 жылға дейін биледі. Бұдан кейін Венгрияның орталық аудандарын түріктер жаулап алып, олар 150 жылдан астам уақыт үстемдік құрды. Шығыс мәдениетін әкелді, мұсылмандық дәстүрлерді енгізді, мешіттер, қамалдар, моншалар салды. Күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған Будапештегі әйгілі арасан моншаны Мұстафа Патша 1556 жылы салдырған болатын. Сәті түссе, барып шомылыңыздар. Ғажап.

1686 жылы түріктер Будадан кеткеннен кейін Габсургтер әулеті көтеріліп, олар тақта 1790 жылға дейін отырды. 1790-1849 жылдар буржуазиялық мәдениет, реформа және революция жылдары, ал 1849-1914 жылдар абсолютизм, азды-кемді тыныштық жылдары, 1914-1945 жылдар бір соғыстан кейін бір соғыс, 1945-1987 жылдар социализмнің қызығы мен шыжығы, 1987 жылдан бастап, өтпелі дәуір, өзгерулер заманы. Капитализм қайта бас көтерді. Ұмытып кетіппін ғой, ХІІ ғасырдың аяғында Көтен батыр бастаған жарты миллиондай қыпшақтар келіп, Венгрияға кірген. Көп ғасырлар бойы олар тұрмыс-салтын, дәстүр-қалпын, ең бастысы – тілін сақтап келген. Еуропа қазаны қоя ма, ақыры жұтылып кетті. Дегенмен, қазіргі мажар тілінде бір мыңнан астам қыпшақ сөзі бар. Көптеген венгрлер өздерінің түп атасы қыпшақ екенін жақсы біледі, оны мақтаныш етеді. Мәселен, менің ата-бабам қыпшақ, – деп барып, Питер-Батыр бір сәт демалды да, сөзін қайта жалғады.

– Венгрияның жер аумағы 93 мың шаршы шақырым, халқы 10 миллион 245 мың. Халқының 96,6%-і венгр тілінде сөйлейді. Түсінікті болу үшін айтайын, Венгрия жері солтүстіктен оңтүстікке дейін 268 шақырым, шығыстан батысқа дейін 526 шақырым. Дунай Венгрияның 417 шақырым жерінен ағып өтеді. Айтпақшы, 5 миллион венгр шетелдерде тұрады, көбі Румынияда.

Венгрлер әлемдік ғылым-білімге не берді дейсіздер ғой. Білгенімше айтып көрейін. Абсолютті геометрия, карбюратор, трансформатор, электр шамы, атом станциясы, термоядролық реакция, электролокомотив, радар астрономиясы, шар қалам, голография, радио, теледидар, электронды-есептеу машинасы, бірінші компьютер тілі, қорғасынсыз бензин, ойын теориясы, осыларды ашқан не венгерлер, не Венгряда оқығандар, не Венгрияда тұрғандар, 19 венгр Нобель сыйлығын алған.

Мажарстанда шығыстану ерекше дамыған. Тибет тілін, тибет мәдениетін Гималайға барып зерттеген бірінші еуропалық ғалым Шандар Кереши Чома (1784-1842), түрік тілдерін терең білген Армин Вамбери (1832-1913) еңбектері әлем білімпаздарына мәлім. Құдай жазса, он-он бес жылдан кейін қыпшақтану, қазақтануға байланысты менің жазғандарыммен де дүние жүзі ғалымдары таныса бастайтын болады, – деп Питер – Батыр қалжыңмен аяқтады. – Сөзімнің қосағы болсын, Алтай қазақтарының әні “Керейім-мерейім” әнін айтып берейін, кәне, домбыра қайда?
Венгр аспанындағы қазақ әні
Венгр тілін білмесең де, Будапештің сәнді ғимараттарының бірі “Дуна Палата” сарайына 24 наурыз күні ағылған жұрттың аузынан екі сөзді анық естіп, ұғуға болатын еді: Қазақстан, Әуезов.

Күн жылы. Дунай өзенінен, жан-жақтағы жатаған төбелерден қоңыр салқын леп соғып тұрады екен. Екі миллиондай халқы бар ұлы қала өзінің сән-салтанатымен, ыстық құшағымен бауырына тартып, жақындасып бара жатыр.

Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған Венгрияда қазақ мәдениеті күндерін құлақтандырған венгрше, қазақша жазылған жарнамалар әр жерге ілініп қойылған, радиоиелехабарлар беріле бастады. Енді, міне, бүгін ресми ашылу салтанаты болмақ.

Венгрияның мемлекет, қоғам, өнер, ғылым қайраткерлері, суретшілер, артистер жиналып жатыр. Будапештегі қазақтар түгел жиналды десе болады, жүз елудей қызымыз венгрлерге тұрмысқа шыққан екен. Шу-шу етіп, жиендер шауып жүр, нағашыларынан аумай қалғандары да аз емес, қыздар, күйеу балалар Алматыны, Қазақстан жағдайын сұрайды.

Готикалық стильде салынған сарайдың қабырғалары, төбесі христиан мифологиясы сюжетіндегі суреттермен безендірілген. Венгрлердің жүрістері ширақ, киімдері ықшам, үш адамның біреуі қазаққа ұқсайды десе өтірік емес: қаракөз, қарашаш күліп тұрады.

Бұл елдің біз байқаған бір тәртібі: барлық шаруа бағдарламада көрсетілген уақытта өтеді. Сөйлеушілер біздегідей алыстан орағытып, әр шөптің басын бір шалып, ұзақ-сонар шалғайға кетіп қалмайды, дәл қайырады, тоқ етерін айтады.

Сол күткеніміздей болды. Венгрия Ұлттар үйінің президенті Ева Рубовска салтанатты жедел ашты да, Қазақстан Республикасы шетелдермен достық және мәдени байланыстар жасау қоғамының президенті, делегация басшысы Жібек Әмірханова сөз берді.

Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы, әлем әдебиетіне қосқан үлесі, қазіргі Қазақстан жағдайы Венгриямен қарым-қатынас байсалды әңгіме етілді.

Венгрия Мәдениет және Білім министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Петер Медьеш жауап сөзінде венгр-қазақ байланыстарының тарихи тамырларына назар аударды, болашақ дамуға көңіл бөлді.

Сарайдың екінші қабатында қазақ қол өнерінің, кітаптарының, қазіргі суреттің көрмесі ашылды. Венгр көрермендері әсіресе Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының директоры Байтұрсын Омарбеков алып келген алтын, күміс, білезік, сырға, сақиналарға таңғалды, алаша, сырмақ, кілем оюларына тәнті болды. “Абай” энциклопедиясы беттерін қайта-қайта ашып сүйсінді. Әр тілде шыққан М.Әуезов кітаптарын қарады.

Ал суретші Сәлімғали Мырзашев картиналарының қасынан адамдар топырлап кетпей қойды. Реализм мен фантастика, авангард пен абстракционизм, шығыс пен батыс сурет өнерлері тоғысуынан туған картиналарды қарап тұрған венгрлер аузынан “Пикасса, Дали, Клод, Моне, Гутузо” деген сияқты сөздер шығып қалды. Долларын шығарып, қолма-қол суреттерді сатып алмақшылар да табылды. Алматыда көрме жасай алмай жүрген Сәлімғали Мырзашевтің кейбір еңбектері Америка, Францияға сатылып кеткенін бұрын да естуші едік. Оның ашық бояулы, философиялық оқыс идеялы, әдемі картиналары Будапешттің талғампаз қауымын таңғалдырып, қазақ сурет өнерінің даңқын шығарғанға куә болдық.

Бұл кеште Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артистер Қапаш Құлышева, Бағдат Самединова, Серік Оспанов, Рамазан Стамғазиев, әрі дипломат, әрі өнерпаз Қайыр Омаров салған әндер венгр аспанында қазақ рухын мадақтап қалықтап тұрды.

Бұл кеште кинорежиссер Ермек Шынарбаевтың Мұхтар Әуезов әңгімесі желісімен қойылған “Қаралы сұлу” фильмі көрсетілді.

Бұл кеште Шандор Петефи мен Абай туралы, Мұхтар Әуезов туралы. Венгрия мен Қазақстан туралы әңгіменің тиегі ағытылды.


Алма Фаркаштың әңгімесінен
Венгр-қазақ достық қоғамының президенті Алма Фаркаш (күйеуінің фамилиясына көшкен) қол-аяғы жеңіл, киіктің лағы іспеттес сұлу келіншек. Бір көргенде венгр ме, басқа ұлттан ба, ажырату қиын. Жүріс-тұрысы, киім киісі, сөз сөйлесі – бәрі венгрден айнымай қалған. Орысша, венгрше, қазақша, ағылшынша – төрт тілде бірдей сөйлей береді.

– Ақтөбенің қызымын, кіші жүзбін, – деді сөзді өзі бастап.

– Жүз, руды қайдан білесің, шырағым?

– Папам үйреткен. Ол облыстық газеттің редакторы болып істеді.

– Мажарға қалай тұрмысқа шыққаныңды айт десем, ренжімейсің бе?

– Онда тұрған не бар. Жасырын сыр жоқ. Тағдырдың жазуы шығар. Мен Ақтөбедегі мединститутта оқып жүргенде ұшқыштар училищесінде оқитын венгр жігіттері бізге қонаққа келді. Көзі қап-қара, шашы қап-қара қазақтан айнымайтын Иштванмен сол жолы таныстым. Үйлендік. Әрине, қазақтың қызы шетелдікке кетті деп шулап, өсектегендер аз болған жоқ. Біз бақыттымыз. Төрт баламыз бар. Туған-туыстарым, бауырларым жиі келіп тұрады. Біз Ақтөбеге барамыз. Балалар жазда Қазақстанға өздері кете береді.

– Дәрігер болып істейсің бе?

– Венгрияға келін боп түскен соң Будапешттегі пединститутты венгрше оқып бітірдім. Одан кейін заң институтын және бітірдім. Сөйтіп, ақыры бизнесмен болып кеттім. Иштван әлі ұшқыш болып істеп жүр. Оның әке-шешесі де іс адамдары. Шүкір, жағдайымыз жаман емес, нан мен шайға жетеді.

– Оны көріп-біле бастадық. Біздің сапардың барлық шығынын бір өзің төлегенің қалай болады? Бекер шашылып қалмайсың ба?

– Ұлы Әуезовтің 100 жылдық тойына Венгрияға келген он бір қазақтың он бір күнгі шығыны мен жол азығын көтере алмасақ, несіне бизнесмен атанамыз, аға,– деп Алма көзі жарқырап, күліп жіберді. Осы сәтті ортамыздағы жалғыз іс адамы, “Алматықұрылысхолдинг” компаниясының вице-президенті Мекеш Утин:

– Қазақстандағы бай жігіттерімізден Венгриядағы қарындасымыз асып түсті ғой, – деп шындықты мойындағандай болды.
Қарсақ қаласындағы қыпшақтар
Буда, Обуда және Пашет қалаларының біріге қосылуымен 1873 жылы Будапешт болған Венгрия астанасы Дунай өзені бойындағы меруерт іспеттес, тамаша сәулет өнерінің туындылары бар, тамаша шаһар, сондықтан оны туристер мәңгілік мейрам қаласы Парижге ұқсатуы тегін емес. Қаланың Буда жағы Геллерт тауына (235 м) ұласа, Пешт жағы Дунай аңғарын бойлап отырады екен. Ұлы өзенде аң патшасы арыстан күзетіп жатқан көпірлер (барлығы тоғыз) бар.

Корольдер сарайы, Парламент үйі, Венгр Ғылым Академиясының ғимараты, Буда қаласы, Ұлттық галерея, Вайдахуняд қорғаны – мұның бәрі, архитектуралық ғажайып құрылыстар.

Будапешт топырағынан қайнап шығып жатқан сексеннен астам арасанның бәріне дерлік емханалар, моншалар салыған. 1556 жылы жасалған түрік моншасы, 1913 жылы ірге көтерген венгр моншасы – бүкіл Еуропаға әйгілі сауықтыру орындары.

Венгр Жазушылар Одағының төрағасы, әдебиет зерттеуші Помогач Бела алпыстың үстіне шыққан, сарабдал, орнықты кісі екен.

Өз халқының тарихындағы азаттық үшін күресте жазушылар атқарған істерді, әсіресе 1848 жылғы және 1956 жылғы революциялармен сабақтастыра әңгіме етті. Мұхтар Әуезовтың әйгілі романдарын орыс және венгр тілдерінде оқыпты. “Ұлы реалист” деп бағалады. Өтпелі дәуірдегі өнердің жағдайы барлық елде ұқсас екен. Венгр үкіметі Жазушылар Одағына арнайы көмек (дотация) бермейді. Помагач Бела төрағалығын тегін істейді, еңбекақыны Ғылым академиясынан алады. Бұл елде қазір поэзия кітабының тиражы 500, проза – 1000.

Венгрия мен Қазақстан Жазушылар Одағы арасында қарым-қатынас барыс-келіс, кітап аудару туралы келісім-шарт жасауға ұсыныс жасалды. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ғасырлар тоғысында” кітабы венгр тіліне аударылып жатыр. Венгр президенті драматург екен. Оның бір пьесасын қазақ сахнасына шығарыңдар деген тілек айтылды. Біз бұл ұсыныстарды ресми орындардың құлағына жеткізуге уәде бердік.

Қазақстанның қолөнері, сурет өнері, әдебиеті, музыкасымен таныса отырып, венгрлер өздерінің тарихымен, қалаларымен, жалпы мәдениетінен хабардар етуге барлық мүмкіндікті жасады.

Жайлы қонақ үйге жайғастыру, Будапешт салтанатын көрсету, Дунай бойын серуендету, мұражайларды, алаңдарды аралату, Парламент үйі, Ұлттар үйіндегі кездесулер, студенттермен, ғалымдармен, жазушылармен жүздесу үстіне, сыртқа алып шығып Сэнтэнрэ, Эстергом, Солнак қалаларына апарып, халық өнерімен, тұрмыс-салтпен, шаруашылықпен етене таныстырды. Тақтайдай жолдар, жұмыртқадай үйлер, тап-таза қора-қопсы – бәрінен биік мәдениет көрініп тұр. Өздерін 13 ғасырдың басында Венгрияға келіп, бірте-бірте жергілікті халықпен сіңісіп кеткен қыпшақтардың ұрпағы санайтын елдің орталығы Карцаг (Қарсақ) қаласында болу көп әсер берді.

Қалаға таяу жерде Алматы іргесіндегі әйгілі Есік төбелеріне ұқсайтын төбенің басына қыпшақ батырларына ескерткіш орнатылған. Бұлар кәдімгі өзіміздің бала күнімізден көріп-өскен бал-балдардың үлкейтілген, мәнерленген түрі. Түпнұсқа ретінде Санкт-Петербургтағы Эрмитаж қорындағы балбал тастар алыныпты. Қазақстанда осындай бір ескерткіш орната алмадық-ау деген өкініш оты бетіңізді ду еткізеді.

Жалпы Венгряда мүсін өнері дамыған. Көшеде, көпір үстінде, үй қабырғасында, төбе басында шыға келген ескерткіштер тура тірі адам секілді әсер етеді. Дунай жағасындағы Шандор Петефи 1848 жылы революция кезінде өлең оқып тұрғандай. Қарсақ қаласындағы жергілікті мұражайды айнала бергенде алдымыздан тірі Қоңыр Мандоки шыға келді. Биіктігі жарты құлаштай ғана төбешікті сынып түскен жартас бетінде көзілдірікті, мұртты, ернінде кекесін бар кәдімгі Қоңыр, саусақтарын қараңыз, пианистің саусақтары сияқты, буын-буыны сөйлеп кеткендей.

Қарсақ қаласында тұратын ақын Корменди Лайош Абай, Махамбет, Қалижан, Ғали, Сырбай, Жұбан, Ғафу, Әбу, Тұрсынхан, Қадыр, Қабдыкәрім, Хамит, Олжас, Жарасқан өлеңдерін аударып өз қаржысына кітап етіп шығарған.

Сапар соңында
Қалтамызда қалған бес-он тиынға базарлық, сияпат алып жатырмыз. Венгрядағы сегіз күн бір күнгідей болмай өте шықты. Бұл топтағы он бір кісі – дипломат, іс адамы, режиссер, әнші, суретші, әдебиетші, мемлекет қызметкері – бір қонақүйде тұрып, бір көлікке мініп, бірге ас ішіп, бірге серуендеп, бірге жүріп, бірге тұрып әбден үйренсіп алдық, әзіл-қалжың жарасып кетті. Бір сәтте:

– Елші келіп қалды, – деген дауыс естілді.

Орталық Еуропаның алты мемлекетіне қатысты Қазақстан дипломатиясының орталығы Будапеште. Мұнда елшілік бар. Елші – Төлеутай Сүлейменов. Бұл қазақтан шыққан маман дипломаттардың бірі, ағылшын, парсы тілдерінде еркін сөйлейді. Кеңес дәуірінде шетелдерде істеген. Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрі, Америкада елші болған. Алпысыншы жылдар толқынынан, Теміртауда болашақ Қазақстан Президентімен үзеңгілес еңбек еткен екен.

Венгрияда Мұхтар Әуезов күндерін өткізуге көп күш жұмсады. Елшілік қызметкерлері Клара Шериязданова, Болат Ілиясов (Будапешт университетін бітірген, венгр тілін біледі), Қайрат Бибиков (Будапешт университетін бітірген, венгр тілін біледі), Әлия Елікбаева (неміс тілін біледі) күндіз-түні құрақ ұшып жүрді.

Түнделетіп Румынияға барып келген елші Төлеутай Сүлейменов ұшақтан түсе сала бізді шығарып салуға келген екен. Басқа да Будапешттегі қазақтар, қоштасуға келген венгрлер қол бұлғап жатыр! Біз елге бет алдық.
Алматы-Будапешт-Алматы.

1997.

Америкада талқыланған Азия

әдебиеттерінің тағдыры
1. Сөз түрткі

Жасы көп үлкен болғанмен, қалжыңдаса беретін қарт жазушы кездесіп қалып, қағыта сөйледі:

– Ә, әліксәләм. Сендер Америкаға қайыншылап қайтты дей ме?

– Ол рас.

– Қоржындарыңды толтырды ма?

– Бұйырғаны болды ғой.

– Ана жылы баптистер шақырып, бір қора қазақ қонақ болып қайтып еді. Бұл жолы да шақырған шіркеу ме? Тегін жейтін жер болса, сендер жүре бересіңдер ау, ә.

– Азия әдебиеттерінің болашағын сөз еткен халықаралық мәжіліске бардық.

– Қайдан білейін, шырағым. Көп жұрт сендер шіркеуге қонып, торайдың басын мүжіп қайтты деп жүр. Шындығын айтып, жазбайсыңдар ма? Бұрын шетелге бес-он күн барып келген кісі бір кітап жазып тастаушы еді, сендер бес-алты сөз шығындағыларың келмейді. Өзіміз барып жатқан кісі емеспіз, қайдан білейік.

Әлде сол шетелде көзге көрініп, тілге оралатын ешнәрсе жоқ па? Ондай болса, босқа шаршап, шығын шығарып несіне барасыңдар, Алматыда жата бермейсіңдер ме? – деп қарт жазушы бірталай жерге апарып тастады.

Сол қалжың түрткі болмағанда, бұл жолдар жазылар ма еді, жазылмас па еді, кім білсін.
2. Ұшақ үстіндегі сырласу

Сәуірдің 22-күні таңғы сағат 4.30-да Алматы әуежайынан аспанға көтерілген 81 елге қатынайтын халықаралық KLM компаниясының “Боинг” ұшағының бизнес класы өте жайлы болып шықты.

Делегацияның он мүшесінің екеуі – Жазушылар одағының бірінші хатшысы, ақын, драматург Нұрлан Оразалин мен ақын, жеке меншік “Жібек жолы” баспа үйінің директоры Бақытжан Қанапиянов Мұхтар Әуезов күндеріне қатысу үшін Ресейге кетіпті. Олар АҚШ-қа Мәскеу арқылы жетпек.

Шерхан Мұртаза мен Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Мағауин мен Әкім Тарази, Ұлықбек Есдәулетов пен Мереке Құлкенов қатар отырды, билеттер екі-екіден іргелес алынған екен.

Менің көршім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Өзгеміз бір-бір теңкиген жолқоржын асынып, не сықырлаған шабадан сүйреп жүрсек, бұл кісі делдиген тері қапшық арқалап алыпты. Ешкім сұрамаса да “ана жылы Германиядан әкеліп едім” дейді. Жалаңбас, үстінде сулық, галстук тақпайтын әдеті әдет, тамағына дейін түймелейтін жүн көйлек.

Аз уақыттан кейін стюардесса сусын әкеле бастады. Халықаралық этикет бойынша сөздің бәрі ағылшынша. Мен Әбдіжәмілге қараймын, ол маған қарайды.

– Жер жүзін көп араладыңыз емес пе, сөйлесіңізші.

– Бұйырмасын, ағылшынша бір ауыз сөз білмеймін.

– Соғыста үйренген немісше қайда?

– Ол да ұмытылды ғой.

– Қалай сұраймыз енді?

– Профессорсың ғой, бірдеңе қылсаңшы.

Шырын, арасан су іштік, шарап келді. Артынан дәм келді…

Әбдіжәміл тағы бір сөзді сабақтады.

– Сендер менің бас кітабым “Қан мен тер” деп ойлайсыңдар. Саған жаңалық айтайын ба? Олай емес. Бас кітабымды енді аяқтадым деп ойлаймын.

– Қандай кітап?

– Мен жаңа роман бітірдім ғой. Жаңа болғанда бұрынғы “Сең”, “Парыз” деп келген шығарманың екінші кітабы. Жоқ, жалғасы болмайды. Көлемі он баспа табақ шамасында. Қазіргі заманда қалың, ұзақ дүние жазу дұрыс емес. Түп қазық идеям экологияға, тірі табиғат алдында адам баласының парызына, жауапкершілігіне тіреледі. Бірінші кітаптың, екінші кітаптың аттарын Библиядан алып отырмын: “Был день”, “Стала ночь”. Осылардың қазақшасы қалай болар екен? Бұдан кейін көркем шығарма жазбаймын. Бірнеше естелік ойымда жүр. Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Ілияс Омаров, ғұмыр жетсе, осыларды бітірсем деймін. Мұхаң жарықтықпен менің арам қызық еді ғой. Әуелі ол кісі мені Сәбиттің адамы деп ұнатпай жүрді. Мен бейбақ ол кісіні тірі пайғамбар көретінмін. Сырласып сөйлеспек түгіл, қасына барудан жасқанатынмын. Бірнеше рет Мұхаңның өзі шақырса да бармадым. Ол кісінің ұлылығынан қаймығатын едім. Дұшпан не демейді, кезінде кейбіреулер “Әуезов романын Алла Марченкоға жамандатқан Нұрпейісов” деп те шығарды.

Теледидар экранында он төрт, он бес жасар оқушылардың сүйіскенін көрсетіп қалды. Әбдіжәміл осыны көріп, тағы бір әңгімеге ойысты:

– Мектепте комсомолдан қалай шыға жаздағанымды айтайын ба саған. Сегізінші оқып жүргенде біздің мектепке ауылдан керемет бір сұлу қыз келді. Көзі бар ғой, дәл Лев Толстой жазатын, шыққа жуылған қарақат секілді. Шашы, беті-аузы, мүсіні, аяқ-қолы, жүріс-тұрысы – айтып болмайды. Өліп түстім ғой, не істеймін? Қасына баруға, тіл қатуға шама жоқ, жүрексінем. Ақыры, өліп-өшіп хат жаздым. Хатты мұғалімдер ұстап алды. Екеумізді де жиналысқа апарып, жерден алып, жерге салды, комсомолдан шығаруға қаулы алынды. Атымыз ауыл-аймаққа жайылды. Сүйрелей райкомға апарған жерінен жанымыз қалды, сөгіспен тынды. Елу-алпыс жыл өткен соң, елге барсам, сол шіркін қыз бүкірейген кемпір бопты. Өткінші дүние-ай десеңші.

Үздіксіз сегіз сағат ұшып отырып Амстердамға келіп қондық.

Амсердамның әуежайындағы тастан, шыныдан, бетоннан салынған алып ғимарат мың-сан ұшақ пен минут сайын келіп-кетіп жатқан қалың нөпір жолаушыны судай сорып алып, тарам-тарам арналарына, ұзын-ұзын дәліздеріне, қолтық-қолтық бөлмелеріне у-шусыз, дабыра-даңғазасыз, тізбек-тізбек, оп-оңай сіңіріп жатыр.

Тұманбайдың бәйбішесі Күлтай салып берген жол азықты бөліп жеп, жүрек жалғап алған біздің топ тағы да сегіз сағат ұшуға қиналатын түрлерін байқатқан жоқ.

Амстердамда ұшаққа мінген жолаушылардың дені – қара түсті. Бұл жолғы “Боингтің” эконом класына билет алынған екен. Алматыдан шыққандағы қолайлылық жоқ. Көп орын бос. Сондықтан әркім қалаған жеріне жайғасып жатыр.

Қазір Қырғызстан жазушылары үш одаққа бөлініп кетіпті. Сондықтан ба, кім білсін, бұлардың делегациясы, жалпы саны он адам бірнеше жолмен АҚШ-қа жол тартқан. Алматыдан бізбен бірге ұшаққа отырған үш қырғыз жазушы келе жатыр. Бұлардың ішіндегі жасы үлкені – Ерніс Тұрсынов, қырғыз тіліне “Құранды” Крачовскийдің орысша нұсқасынан аударыпты. Бапистер қоғамының тапсырмасымен “Библияны” да қотардым. Көп қаламақы берді. Бірнеше үй, машина алдым” деп мақтанып та қойды. Англия, Ирландия, Гренландияны көктей өтіп, Атлант мұхиты аспанын жарып, Америка құрылығына қарай ұшып келе жатырмыз.


3. Үш күнге созылған мәжіліс
Қанша жайлы дегенмен, он алты сағат ұшудан шаршаған қалыппен әрі аудармашы жоқ, ішімізде тіл білетін кісі және жоқ, енді жағдайымыз не болар деген күдікпен Вашингтон топырағын басқан салбыраңқы қабағымыз бірден жадырап қоя берді.

Америка Құрама Штаттарындағы Қазақстан Республикасының елшісі Болат Нұрғалиевтің өзі тосып тұр екен. Бірден құшақтасу, амандық сұрасу, жылы шырай. Кезекке де тұрған жоқпыз, құжат толтыру да қинамады, – бәрін елші өзі бітіріп жатыр, кеден атаулыдан лезде өте шықтық. Сыртта тағы бір топ қазақ тосып тұр екен – елшілік қызметкерлері, басқа да жігіт-қыздар, шоқ-шоқ гүл.

Қалаға тартып жөнелдік. Вашингтон жап-жасыл ағаштармен, қып-қызыл боп жанған ошақтай гүлді бұталармен, бір-бірінен әсем, жұтынып тұрған екі-үш қабатты жеке үйлермен, кілем бетіндей құлпырған көгалды жайқалған алаңдармен, кез-келген жерден оқыстан шыға келетін тосын ескерткіштермен, шіркеулермен, мешітпен, сәулет, құрылыс өнерінің ғажайып туындыларының қатарына жататын егіз, ұялас, шоғыр ғимараттармен, кең өріс, мол пішінмен, мұнтаздай тазалығымен қарсы алды.

Қазақстан елшілігі Вашингтонның орталығындағы жақсы жердегі қолайлы үйге орналасқан. Айналасында көптеген елдердің елшілігі бар. Болат Нұрғалиев маман дипломат екені жүріс-тұрысынан, қас-қабағынан, сөйлеу мәнерінен айқын көрініп тұр. Сыпайы, артық нәрсе айтпайдды. Елшіліктің жұмысын қысқаша баяндап, қызметкерлермен таныстырды. Бірншеше американдықты қонаққа шақырған екен. Соның ішінде профессор Деп Дэвидсон да бар. Ол славист, Мәскеуде диссертация қорғап, Алматыда бірнеше рет болыпты.

Америкада оқып жатқан қазақ студенттерінің қабілеті күшті екенін айрықша атап айтты. Өзімен бірге істеген, басқа ұлт өкілдеріне арналған көптомдық қазақ тілі оқулығын жасасқан достары, тілші ғалымдар Элеонора Сүлейменова, Қарлығаш Қадашеваларға арнайы сәлем айтты.

Елшілік үйі – Қазақстанның кішігірім бөлшегі іспеттес. Қарагөз жігіттер, қарагөз қыздар, бәрі де қазақша, ағылшынша судай, рульге отырса, бәрі де машинаны айдап жүре береді. Қабырғаларда қазақ суретшілерінің картиналары, таныс тұрмыс-салт, белгілі пейзаж, бір бөлмеде ел Президенті мен оның зайыбының суреті ілулі тұр. Түбінде елшілікке жекеменшік үй сатып алынбақ.

Жұмыр жердің бір бүйірінен екінші бүйіріне бір тәулікте шаршап-шалдығып ұшып жетіп, енді ғана қызылкүрең шай ішіп, шөл қандырып, ет жеп, жүрек жалғап, әңгіме-дүкен құрып, шер тарқатып алған қазақтың бір топ жазушысын тағы да елшінің өзі бастап келіп, Вашингтон OMNІ қонақ үйіне жайғастырды.

Вашингтон – кең тыныстың, тазалықтың, салқын сабырдың, молдықтың қаласы. Ақ үй ғимараттары классикалық үлгідегі сәулет сұлулығымен көз тартады. Әрқашан олардың маңайы толған серуендеушілер, жергілікті жұрт, туристер. Жап-жасыл көгалды ағаш көлеңкесінде отырған жас-кәріні көресің. Аспанға шаншылған ақ найза іспеттес Азаттық мұнарасы, пантеон стильіндегі Линкольн кешені, Ұлттық авиация және космос мұражайы, Корей, Вьетнам соғыстарының белгі-ескерткіштері – қазіргі қалалық архитектура мәнерімен салынған.

Тас атамай таңбалы бір-бірінен айнымайтын мың-сан белгі – Орлингтон зиратының басты көрінісі. Сол жерде қастықпен өлтірілген президент Джон Кеннедидің де сүйегі жатыр.

Мәжілістің негізгі отырысы қонақүйдің өз ішіндегі делегация келген елдер жалауы ілінген үлкен залда өтті.

Конференцияның басты тақырыбы “ХХІ ғасырдағы жаңа дүние мәдениетіне көзқарас: Азия әдебиеттерінің болашақ өрістері” деп аталып, үш сала бойынша бөлек-бөлек мәжілістер өткізілді.

Олар: 1) Классикалық дәстүрлердің жалғасуы және Азия әдебиеттерінің діни негізі: отбасы, Азия әдеби дәстүрлеріндегі тіршілік пен тыныштық; 2) Қазіргі замандағы Азия әдебиеттері: әдебиет және адам құқы; 3) Батыс пен шығыс тіл табыса ала ма?

Бұған салалас классикалық дәстүрлер мен қазіргі заман қайшылықтары, Азия әдебиеттеріндегі жаңа, ең жаңа адамдар, жазушының парызы, міндеті, құқы деген мәселелер де талқыға түсті.

Рухани-адамгершілік өзектері, құндылық негіздері, әдеп, есірткі және жастар, тартыстардың шешімі, тыйымсыз нәпсі, неке мен отбасы, шаңырақ бақыты деген тақырыптарда арнаулы мамандар алдымен дәріс оқып, артынан талдау, сарапқа ұласты. Белгіленген мәжілістер өз алдына, түстік, кешкі дәм кездерінде де микрофонға шығып сөйлеу дағдысы әбес болып көрінбейді екен.

Баяндамашылар қысқа әрі нақты сөйлейді. Біздің әдетіміздегі сағызша созу жоқ. Дәл айтып, дөп түседі. Жарыссөз тіпті қысқа. 1992 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, ақын драматург Дерек Уолкот Батыс пен шығыс арасындағы ежелгі бәсекені әңгімелей отырып, ой құлдығынан, сезім кіріптарлығынан құтылып, адам баласының көркемдік игілік жасау өрістерін мегзеді.

Бангладештен келген профессор Шамсул Нах әдебиеттің азаттық күресіндегі қызметіне тоқталды. Ал профессор С.Кернар (АҚШ) көп жылдар бойы Тайланд жазушыларының шығармаларын ағылшын тіліне аударған. Профессорлар Тонг Шин (Қытай), Парһасарати (Индия), Р.Рубинштейн (АҚШ), С.Машида (Жапония), К.Буйан (Малайзия) және тағы басқалары әдеби дәстүрлердің жалғасуы, батыс әдебиеттеріндегі буддизм идеялары, әлемдік, ғарыштық әуездердің өнердегі жаңғырығы, дін және мораль төңірегінде ой бөлісті.

Ә.Нұрпейісов (Қазақстан) бұрынғы әдебиет пен қазіргі әдебиеттің ара салмағы, Ш.Өмірәлиев (Қырғызстан) тәңіршілдік діні, А.Маниасов (Тәжікстан), С.Мирзоев (Әзірбайжан) өз елдерінің бүгінгі тағдыры туралы сөйледі.

Қызықты баяндаманың бірін профессор Джек Орли жасады. Қазір қызмет бабымен уақытша Мәскеуде тұрады екен. Бұрын Қытайда, Моңғолияда, Әзірбайжанда болып, арнаулы зерттеулер жүргізіп, сол елдердің мектептеріне жаңа тәсілмен тәрбие бағдарламаларын жасап берген. Оның басты идеясы бойынша күллі тәрбиенің кіндігі – отбасында, үй ішінде. Балабақша, мектеп, арнаулы тәрбие орындары білім беріп, кәсіпке үйреткенмен, рухани-адамгершілік сұраныстарды толық қанағаттандыра алмайды. Шығыс елдерін, олардың мыңжылдық дәстүрлерін зерттей келіп жасаған қорытындысы мынау: Шығыс Батыстан өндріс технологиясын алуына болады, ал батыс Шығыстан адам тәрбиелеу дәстүрін қабылдауы керек. Ғылыми зерттеулер дерегіне сүйенгенде, бүгінгі АҚШ-та 12 млн. есірткі қолданатындар, 60 млн. темекі шегетіндер, 43 млн. ішкіштер бар екен. Қазіргі дүниедегі ең қуатты, ең бай, ең өскен елдің сиқы осы. Бәрі бар, бәрі шаш етектен. Жетпейтіні – от басындағы жылылық, адамдар арасындағы ықылас, кісілік, махаббат. Білім берудің, тәрбиенің басты нысанасы – рухани кәмелет, тұлғаның айналасына деген сүйіспеншілігі, сенім, құрмет дегенді шегелей айтқан профессор Джек Орлидің адам мен адам жатсырап, тасбауырланып кеткен Батыстың қателігін бүгін өндірісі қарыштап дамып, экономикасы өрлей бастаған Шығыс қайталамауы керек деген ойы – көпшіліктің көңілінен шығып жатты.

Бүгінгі адам баласының тағдырына кесепатын тигізіп отырған соғыс, қатыгездік, қалмыспен қоса рухани дерттер – нашақорлық, маскүнемдік, зинақорлық, жезөкшелік, отбасының күйреуі, махаббаттың тапталуын бейнелейтін реалистік шығармаларды насихаттау орайындағы пікірлер бір жерден шықты. Кісі өлтіруді, нәсілшілдікті, отаршылықты, зорлықты, нәпсіқорлықты мадақтайтын туындылар мансұқталды.

Әділін айтқанда, үш күнге созылған, отыздан астам елдің өкілі қатысқан, жүздеген адам сөйлеген зор ғылыми-шығармашылық, әдеби-философиялық, саяси-діни, генологиялық, футурологиялық зор мәжілістің бас баяндамасын діни уағызшы, жаңа бір сектаның көсемі, шіріген бай, “Вашингтон таймс” газетінің иесі – Мун бірінші күні жасаған болатын.

Мун 1920 жылы Корей түбегінде дүниеге келген, жіпсік көз сегіз баланың бірі. Он алты жасынан бастап қолынан Библия түспеген. Жапонияда оқып, электрші мамандығын игергенімен, жиырма бес жасынан бастап, христиан дініне әбден беріліп, өзгеше бір секталық уағыздар айта бастағаны үшін қуғындалып, түрмеге қамалады. Көп азап, зорлық-қорлық көріп барып, ақыры, қырық жасқа келгенде ғана үйленеді. Қазір өз кіндігінен он үш баласы, тоғыз немересі бар. АҚШ-тағы мыңғырған байлардың бірі, бірнеше компанияның иесі, өз ақшасына жеке меншік оқу орындарын ашқан, би академиясын құрған. Көп елге тарайтын, беделді басылым “Вашингтон таймс” газеті – Мунның меншігі. Азияның отыздан астам елінен қыруар жазушыны конференцияға шақырып, олардың барған-қайтқан жол шығынын, қонақүйдегі жамбас ақысын, ішіп-жеу пұлын, бүкіл жүріс-тұрыс, қағаз басу, аударма жасау, қызмет ету қаржысын көтеріп алып отырған – осы газеттің қоры, дәлірек айтқанда, Мунның қалтасы.

Сол шіріген бай, белгілі діндар мінберге шықты.

Орта бойлы, дембелше, маңдайы қасқаланғанмен, шашы қара, қалың қасты, қара көзді, биік, дөңес мұрынды, қара костюм, ақ көйлек киген, піл суреттерімен, алты қырлы көп бұрыштармен кестеленген галстук таққан бұл адамды жетпістің жетеуінде деуге аузың бармайды, алпыстың ішіндегі адам секілді.

Сөйлеп кетті. Салған жерден тосын естіледі. Ағылшынша емес. Сатұр-сұтыр дыбыстары көп, үні қарлығыңқы. Мун кәрісше сөйлеп тұр, ағылшынша, қытайшаға, орысшаға дәлме-дәл аудара бастады.

Үш күндік конференциядағы ең ұзақ баяндама осы болды. Өзге сөйлеушілер он минуттан асырған жоқ. Бәрі де айтпақ ойларын белгіленген уақытына сидырды. Мун аудитория ықыласын бірте-бірте бауырына тартып, пікірлерін шын көз жеткізер сеніммен сөйлеп, ой-санасымен әбден берілген күйде жүректен шыққан уағыз-әңгімесін шабытпен айтады.

Сөздің ұзын ырғасы Библиядағы белгілі жәйттерден бастау алып, христиан дінінің отбасы, адамгершілік, махаббат, неке жайлы тұжырымдарын жаңаша пайымдауға ойысты. Балаңа, жарыңа, жақыныңа, адам баласына сүйіспеншілік деген орайда көп толғанды. Сүйіспеншілік жауапкершілігі, отбасы жауапкершілігі, Құдай алдындағы жауапкершілік – осыларды насихаттаудағы жазушы парызы айтылды. Діндар Мун христиандықтың көп фактілерін өзінше саралап, өзінше пікір айтады: Адам ата мен Хауа ана, Каин мен Әбіл, Иса пайғамбар мен Иуда, Зәкәрия мен Мәрия ана тарихтарына тосын баға береді.

Уағызшының еті әбден қызды. Арқасы бар екен, дауысы шаңқылдап барып, аяқ астынан тына қалады. Бір нүктеге қарап, қадалып тұрып-тұрып, қайтадан сөйлеп кетеді. Көп нәрсені қас-қабақпен, ыммен, көзқараспен, саусақ қимылымен, жұдырықпен, қолмен, мінберден шығып кетіп бой көрсетумен – саналуан шешендік, әртістік, бақсылық, жадылау тәсілдерімен адам санасына сіңіріп жіберетін қасиеттерінің арқасында бүгінгі дүниедегі ең үлкен діни уағызшының бірі, христиандықтың жаңа ағымының бастаушысы болғандығын түсінесің.

Азияның отыздан астам елінен келген жазушысы, ғалымы, профессоры бар, дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған басқа да білімпаздар бар қалың зиялы қауымды шақырып, көп қаржы шығарып, шығындалғандағы мақсат – осы бір сағаттық уағызды өз аузынан айту, өзін көрсету, өз идеясын насихаттау мақсаты болғанын ұғасың. Әйтпесе қасиетті Мун (оны өзгелер осылай атайды екен) ойларын жер жүзіне таратушы шәкірттер аз емес, Мун уағыздары жазылған кассеталар, теле-кино кадрлар қаншама.

Аудиторияны әбден ұйытып алған Мун шабытына енді мінді, Иса пайғамбардың өзіне ауыз салды, әкесінің белгісіздігі, некесіз туғандығы, үйленбегендігі, артына ұрпақ қалдырмағандығы сыналды. Мунның ойынша, адам – өткінші, артына нәсіл, ұрпақ қалдырған кісіні ғана қастерлеу керек. Көбею, өсу, жалғасу – өмірге келген адамның негізгі мұраты осы болмақ. Өзге тілектің бәрі – баю, мансапқа жету, билік құру – күллісі жалған. Сондықтан нәсіл, дін өзгелігіне қарамай, ұлысаралық, еларалық, ұлтаралық деп тосқауыл қоймай үйлену керек. Мұрат тұтар нысана – отбасы, шаңырақ, аралас неке, тату-тәтті өмір сүріп, тіршілікке жаңа төл әкеп, жер бетінде жұмақ орнату – Құдай бұйрығы осы деген ойлар айтылды.
4. Нью-Йорктың тас қамалы
Бағдарлама бойынша Вашингтоннан басқа қаланы көрсету жоспарланбаған. Екінші рет АҚШ-қа келу бұйыра ма, бұйырмай ма, бір Алла білсін. Осыны ойлап, екінші жағынан Қазақстан елшісінің жылы қабағын көріп, бір қиялға кеттік: көлік тауып, уақыт тауып Нью-Йоркке барып қайтсақ, деп шештік. Шерхан, Нұрлан, Тұманбай, Бақытжан бұрын көрген екен “бармаймыз” деп шықты.

Елші дәл айтқан уақытында, сенбі күні таңертең жап-жаңа жайлы автобус жіберді. Жол басшыларымыз – елшілік қызметкерлері елудегі сақа жігіт Асқар (белгілі фототілші Сиез Бәсібековтің інісі), қырыққа аяқ басқан Бақытжан мен жөн-жосыққа жүйрік, ағылшынша жақсы білетін Достай.

Вашингтоннан сыртқа тез сытылып шығып кеттік. Көлікте де мін жоқ, жолда да мін жоқ. Стаканға құйылған су шайқалып төгілмейді десе артық емес. Алты қатар, сегіз қатарға дейін егіз өріліп ағыла құйылған машиналар толқыны, жол жиегінде үзілмей ілесіп отыратын жап-жасыл орман-тоғай, үлкен жолдардың үстінен лақтыра салынған айқыш-ұйқыш көпірлер көз алдымыздан көлденең өтіп жатыр. Кей тұста: “мына жер Қапшағай жолына, Мерке маңайына ұқсайды екен” деп те қоямыз. Жол жиегінде елдімекен, шаһар жоққа тән: саналы түрде ойластырылып жасалған нәрсе. Оны айтасыз, көлік шуы естілмесін деп кей тұстарда арнаулы дыбыс өткізбейтін қорған соғып қойған. Аяғымен оттаған мал, бейсауат жүрген адам көрінбейді. Аспанда баяу қалқыған шарбы бұлттарды көріп, шоқ-шоқ орман-тоғай болып төңкеріліп жатқан жап-жасыл дүниені бойлап, терең сулы қаракөк өзен-суларды жарып кең автобанмен ағызып келе жатқан көлік ішінде отырып, бір сәт қазіргі замандағы ең өндірісті ел АҚШ-та емес, баяғы индустар ордасында келе жатқандай сезімге бөленесің. Балтимор, Филадельфия қалаларын басып өттік.

Алыстан Нью-Йорктың сұлбасы қарауыта бастады. Аранын ашқан қабаған иттің тістері секілді ырсиған, бірі ұзын, бірі қысқа үйлер серейіп-серейіп көрінеді. Қалаға кіре берістегі үш жарым километрлік туннелге сүңгідік те кеттік. Теңіз астына салынған ұзын бітеу сақина жолдан ағызып шыға келгенде, Нью-Йорктің кір, лас, қысаң көшелерінің біріне тап болдық. Қаптаған зәңгі. Тротуарда жатқан адамдар да бар. Бірте-бірте қала ажары ашылып, жарқыраған кеңістікке іліндік.

Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты орналасқан аудан нағыз Нью-Йорк кескінін алдымызға жайып салды. Бірі-біріне ұқсамайтын небір салтанатты, әсем, көркем үйлер бой түзеген. Шұбартас, қызыл тас, көк тас, мәрмәр тас, шыны, металдың неше атасы – бәрі кәдеге асқан. Жарқыраған терезелер, әшекейлер, әшекейлі қоршаулар, кіршіксіз қақпалар – барлық пен байлықты паш етеді. Алақандай бос жер қалса, онда гүл бас жарады, ағаш жайқалады. Көлденең жатқан қыл-қыбыр, темекі тұқылы жоқ. Бәрін тазалайды. Бәрін жуады. Сондай бір рахат мекенде әлем халықтары тағдырын шешетін мекеме орналасқан.

Жол бойы Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова туралы сырттай тон пішіп келдік. Қаланың қызы, негізгі мамандығы химик, дипломатиялық жұмысқа қанша ыңғайы бар екен деген күдігіміз бар-ды. Оның бәрі оп-оңай сейілді.

Автобустан түскен бойда алдымыздан Ақмарал Арыстанбекова шығып, ел-жұрттың амандығын сұрасқаннан кейін көп уақыт созбай, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас корпусына алып кірді. Ұйымның құрылу тарихы, жұмыс жасау тәсілдері, Қазақстанның мүше болып кіруі, негізгі істердің қазіргі бағыттары, күнделікті жұмыс тәртібі – осылардың бәрін тиянақты, қызықты етіп баяндап берді. Ең үлкен мәжіліс залын аралатып көрсетті.

Жұмыс күні болмаған кезде, ғимарат іші туристерге, көрем деушілерге ашық. Әр мемлекет берген сый дәліздерге ілінген: Африкадан келген көне мүсін, арабтан жеткен аят жазулы кілем. Қазақстан сыйлаған таулар суреті мен батырлар кескіні бар тері бедерлі кілем Пикассо картинасымен қатар ілулі тұр.

Париждегі Эйфель мұнарасынан бастап, дүниедегі үлкен қалалардың бәрінде бір-бір биік тұғыр не биік құрылыс бар. Оның үстіне шықсаң, бүкіл шаһар аяғыңның астында тұрады, күндіз бәрін көресің, түнде жұлдыз жамырағандай қалың от пен сәуледен жаратылған сұлулықты тамашалайсың. Табиғаттың өзі әдейі жаратып қойғандай, Көктөбені дәл осындай кәдеге дұрыстап пайдаланбай, аяқ астынан, оп-оңай байып кеткен саудагер, малтабарлардың талапайына беріп жібердік.

Қатар тұрған егіз ғимараттың екеуі де жүз он қабат екен, қаладағы ең биік үйлердің ішіне кірдік. Үй деп отырғанымыз үйреншікті ұғым. Әйтпесе, әрқайсысы кіші-гірім орамды алып жатқан, сан-алуан қызмет жүйесі бар, қазіргі замандағы сәулет өнерінің барлық мүмкіндігін пайдаланып, құм, тас, бетон, шыны, мәрмәр, кірпіш, темір, болат дейсіз бе, нешетүрлі құрылыс материалдарын шеберлікпен кәдеге асырып, адам жанына қажеттің барлығын жасап қойған ыңғайлы да әсем, салтанатты да ғажайып орын. Биіктік, кеңдік, тазалық, сұлулық бар. Әр құрылықтан, әр елден келген нәсілдің өкілдері, жүздеген, тіпті мыңдаған адам берекесіз топырлап, қысылып-қымтырылмай тез-тез қозғалып, зәңгі сақшылардың тексеруінен бөгеліссіз өтіп алып, лифтке отырып, лезде үй төбесіне көтеріліп жатыр.

Нью-Йорк аяқ астында жатыр. Аспанда шарбы бұлт бар. қала үстінде ұйысқан қара түтін жоқ, бәрі айқын көрінеді. Кезінде Мұхтар Әуезов айтатын гекзаметр өлшемімен аспанға жазылған тас өлең деген теңеудің тапқырлығы мен дәлдігіне таңғаласың. Расында да, бірі ұзын, бірі қысқа тас үйлер өлең тармақтары іспеттес. Гудзон шығанағы, Азаттық аралы, ондағы әйгілі Азаттық статуясы, одан әрідегі Атлант мұхитына жалғасып кететін дария сулар, шаһардың шоғыр-шоғыр аудандары, үлкен күретамыр көшелер, өзен-көлдер, бау-тоғайлар – бәрі айқын көрініп тұр. Тас қамалдар, найза-сүңгі үйлер.

Нью-Йорк Бродвейінде келе жатырмыз. Оймақтай жер ойма алтыннан қымбат бұл ауданда бетоннан, тастан, темірден, шыныдан жасалған, сәулетші қиялымен небір ғажайып, оқыс пішін тапқан мыңсан кеңсе ғимараттары, ойын-сауық орындары, театрлар, храмдар, дүкендер, салтанат-сәнімен жарқырап, жарнама оттарымен көз тартып, бас айналдырады. Қай елге барсаң, алдыңнан шығатын Сони, Тойота, Самсунг, Кока-кола фирмаларының аттары мұнда да жарқ-жұрқ етеді. Бродвейдегі жарнаманың бір секундтік құны бір кедейдің өмір-бойы табатын ақшасынан қымбат. Аспан зәулім үйлердің қабырғаларына орнатылған алып теледидар экрандарынан атқан-шапқан, кісі өлтірген фильмдердің кадрлары, қарауға адам баласының жүзі шыдамайтын сорақы эротикалық көріністер, түрлі заттарды мадақтаған клиптер бірін-бірі судай сыпырып, ауыстырып өтіп жатыр. Өрт боп лаулап, от боп жанған сәуле түнді күндізге, күндізді түнге айналдырып жіберген. Көзге де тыныштық жоқ, құлаққа да тыныштық жоқ.

Бродвейде не керек, бәрі бар.

Бәрі оңай, керегі доллар ғана.

Жігіттер базарлыққа көйлек-көншек, кілт қыстырғыш, автоқалам саудалап, Американы шауып тастағандай болып, жырғап келе жатқан көңіл кенет су сепкендей басылды.

Дүниедегі қуаттың, байлықтың, биліктің биік қаласы, сол бас қаланың бас көшесі. Бір қарағанда ит басына іркіт төгіліп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатқандай. Бәрі бар, бәрі жеткілікті секілді. Әр нәсілдің кәрі, жас мыңсан өкілі жүздерінде не қайғы, не мұң жоқ, тәкәппар кейіпте тартып барады. Осы қалыпты қиялдан түскендей бір сурет бұзды да кетті.

Аспанға шаншылған үйдің іргетас кенересіне құйрығын қойып, бір адам отыр. Қарғаның қанатындай қап-қара иыққа төгілген шаш, дөңес биік, жал мұрын, өңменіңнен өтердей өткір көз, тіп-тік биік еңсе, құрыштан құйғандай тұлға, алысқа қарап, бір қалыпта қатып қалған секілді. Биік маңдайын орай, қызыл жіңішке шүберекпен басын тас қып байлап алған. Үстінде сұрғылт кенеп кеудеше. Мойнында бетінде жазуы бар салбыраған тақтайша, алдында көлемі кіші-гірім шәугімдей темір қалбыр.

Бәріміз де жалт қарадық: Үндіс.

Жүрек шаншып кетті, бетіміз ду ете қалды.

Темір қалбырға тиын-тебен жаңбырша жауды; ең соңғы ақшаларымызды тастап жатырмыз. Осы жердің, тау-тастың, өзен-көлдің, бар табиғат байлығының мұрагері, шын иесі, кезінде ғажайып мәдениет жасаған тәкаппар да жаужүрек халықтың тұяғына аспаннан алтын жауып тұрғандай байлық ордасы АҚШ-та қара бақыр да бұйырмай, қайыршы қылып қойған қай құдайдың қарғысы екен? Қашып-пысып келген, ұры-қары, қарақшылар айрандай ұйып отырған алып елді қалайша торғайдай тоздырып жібереді? Батыр үндістің бүгінгі төлі – не ішкіш, не қайыршы. Қол-аяғын бұғаулап зорлап алып келіп, құлақ кесті құл еткен зәңгінің ұрпағы бүгін Америкада талтаң-талтаң басады: миллионер де, сенатор да жұмысшы да, полицей де сол. Батыр үндістің бүгінгі төліне не зауал келді? Өздері жолаушы қазақтардан түскен бір қалбыр ақшаны мынау үндіс қай керегіне жаратады? Резервацияға қайта ма, әлде түнімен арақ ішіп, ертең бүгінгі орнына қайтып келе ме? Кез-келген босқын байып кетпесе де Америка жағасына жеткен соң өзегі талмаушы еді ғой. Емен де, семен де тырбанып, еңбегімен бақуатты күн көріп жатқан мынау кең қолтық елде қайыршы болып, үндіс басыңа не күн туған? Бұл сұрақтың жауабын кім бере алар екен? Құдай қарғысы ма, тәңір тәлкегі ме, тағдыр жазуы ма?



5. Ұшаққа мінердегі ой
Бір жұма дәм-тұзымен сыйлап, елін, жерін, қаласын, байлығын көрсетіп, алып Азияның перзенттерін бір-бірімен дидарластырған дарқан АҚШ-та ХХІ ғасырдағы әдебиет тағдырын сараптаған ұлан-асыр зор мәжілістен қазақтың он қаламгері сан-алуан әсер алып, нешетүрлі пікір түйіп, іштей байып, қайтадан ұшаққа қонғанда, “Осының бәрі туған Республика азаттығының арқасында келген мүмкіндік-ау” деген ой әркімнің басында тұрған секілденді.
Алматы-Вашингтон.

мамыр, 1997 ж.

Жетінші желі. Кеңдік пен тереңдік

Эсселер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет