Оңтүстік Қазақстан облысы.
Мақтарал ауданы.
«Ж. Сүлейменов атындағы жалпы
орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі Махымова Гульжаухар Бейсембаевна
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сыни тұрғыдан ойлауға үйрету арқылы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру
Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, білім беру мекемелерінің тәжірибесіне енуде. Жаңа технологияларды меңгерту мұғалімнің интелектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Жаңа технологиялар теориялық тұрғыда дәлелденіп, тәжірибеде жақсы нәтижелер беруде.
Жаңа педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін, әр мұғалім алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтік мақсатына, мүддесіне сай, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Бұл жаңа технологиялар - оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, терең ойлай білуін, теориялық негіздерін, эстетикалық көзқарастарын пайымдауын, баға беруін, танымдық белсенділігін дамытуға бағытталған. Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін жаңаша дамыту, яғни оның нәтижесінің жоғарғы деңгейде болуын қадағалау жаңашыл педагогтардың қолында болды. Олар педагогикаға «жаңа технология»терминін енгізді. Бұл жаңашыл педагогтардың мақсаты - оқушылардың алатын білімдерін сапалы ету, оның толыққанды жеке тұлға болып қалыптасуына негіз болу. Осыған орай қазірде педагогикалық технологиялар көптеп саналады.
Мысалы, атап айтар болсақ, Ынтымақтастықта оқыту технологиясы, Ш.А.Амонашвилидің «Білім беруді ізгілендіру технологиясы», П.М.Эрдниевтің»Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы», Л. С. Выготский, Л.В.Эльконин, В.В.Давыдовтің «Дамыта оқыту технологиясы», В.М.Монаховтың «Модульдік оқыту технологиясы», «Проблемалық оқыту технологиясы», В.Ф.Шаталовтың «Тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы», С.Н.Лысенконың «Түсіндіре басқарып оза оқыту технологиясы», «Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы», «Оқытудың компьютерлік технологиясы», Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқыту технологиясы»т. б. көптеген технологиялар енгізілді.
Бұл педагогикалық жаңа технологиялар бастауыш сынып мұғалімдеріне мынадай қағидаларды ұстанады:оқуға шығармашылықтың енуі, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық, өзара әрекеттестік сипатындағы жаңа әлеуметтік қатынастың пайда болуы, жеке тұлғаның дамуына жағдайдың туғызылуы, яғни жеке тұлғаға бағдарланған оқу, тұлға дамуының сыртқы әсермен бірге оқушының ішкі түрткілері негізінде жүргізілуі. Сонымен, педагогикалық технология дегеніміз-тәжірибеде жүзеге асырылып, нәтиже беретін педагогикалық жүйенің жобасы. Жаңа технологиялардың негізгі қағидалары:
- балаға ізгілік тұрғысынан қарау;
- оқу мен тәрбиенің бірлігі;
- баланың танымдық және шығармашылық икемділігін дамыту;
- баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;
- әр оқушының , оның қабілетімен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту;
- барлық оқушының дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу.
Қазіргі кезде мектептерде жиі қолданылып отырған жаңа технологиялардың бірі – оқушылардың жазу мен оқуда сын тұрғысынан ойлау қабілетін қалыптастыруға бағытталған әдіс-тәсілдер. Осындай әдістеме негізінде жасөспірімдерге қазақ тілі мен әдебиетінен терең де тиянақты білім беруді өз тәжірибемде жиі қолданып келемін.
Еліміздің алдағы уақытта көркейіп, дамыған елу елдің қатарына қосылу мақсатында білім сапасын арттыруымыз қажет. Мұғалім өзінің біліктілігін арттырмайынша, оқушының білім сапасын арттыра алмайды. Еліміздің дамыған елге айналуына, көк байрағымызды желбірете жоғары көтеріп, Қазақстан деген елдің бар екендігін әлемге танытатын біздің білімді жастарымыз. Демек, ХХІ ғасырдағы жастарда білім болмай, еліміз ешқашан өркендемейді.
Қазіргі заман талабына сай білім ордаларында оқушыларға тиімді сабақ үдерісін ұйымдастыра білетін, жаңашыл ұстаз болу барша ұстаздың басты мақсаты. Оқушыларға сабақ беруде жаңа технологияларды пайдалану арқылы білімін арттыра аламыз. Сондықтан да олардың білімді терең меңгеруіне, ойлануына,өз бетінше ізденуіне, алған білімін кез келген жерде пайдалана алатындай етіп қалыптасуына қолдау көрсетуіміз қажет.
Сын тұрғысынан ойлау әдісі арқылы оқушылардың өз бетімен ізденіп, өзін-өзі реттей отырып диалогтік қарым-қатынас арқылы білімдерін арттырып, сандық технологияларды пайдалана білетін белсенді, білімді, саналы азаматтарды тәрбиелеу керек екендігін түсіндім.
Оқушылар басқалардың айтқан пікірлеріне күмәнмен қарап, ой електерінен өткізе білу қабілеті болып саналады. Яғни мұғалімнің де, оқушының да сыни тұрғыдан ойлау қабілеті арта түсетіні анық.
Тақырыптың өзектілігі:
Мектептегі дәстүрлі сабақтардың балаларды жалықтыруы;
Оқушылардың тіл байлықтарының төмендігінен ойларын ашық, жеткілікті түрде жеткізе алмауы;
Қазіргі техника заманы дамыған кезеңде, оқушылар интернетті пайдалана білгенімен, сыни тұрғыдан ойлана алмауы;
Жұппен, топпен жұмыс істей алмауы;
Оқушылардың кез-келген туындаған проблемаларды шешімін таба алмауы;
Мақсаты:
А) Оқушыларды сабақта сыни тұрғыдан ойлауға үйрету жолдарын анықтау;
В) Әр түрлі қызықты тапсырмалар беру арқылы оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті сабағына деген қызығушылығын, тіл байлығын, ой өрісін, ынтасын дамыту;
Міндеттері:
А) Сыни тұрғыдан ойлана алатын тұлғаны қалыптастыру;
В) Өз ойын еркін жеткізе алатын және алған білімін кез-келген жерде пайдаланатын ойлы, білімді, парасатты оқушыны тәрбиелеу;
«Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясының басты ерекшеліктері мен қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарындағы қолданылу жолдарына тоқталмақмын.
Алдымен, бұрыннан өткізіп жүрген дәстүрлі сабақтар. Мен қазіргі жаңа оқыту технологиясы негізінде өткізілген сабақтарды салыстыра отырып, төмендегі айырмашылықтарды байқадым.
Дәстүрлі сабақтар үрдісінде:
Мұғалімнің әдістері.
Жаңа тақырыпты түсіндіреді.
Кейіпкерлер туралы немесе қазақ тілі бойынша ережелерді түсіндіреді.
Оқушылармен бірге шығарманың идеясын анықтайды, талдайды.
Шығарма жазуды тапсырады.
Мұғалім көп сөйлеп, оқушы аз сөйлейді.
«Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы бойынша өткізілген сабақтар үрдісіндегі өзгерістер және нәтижесі.
1.Жаңа тақырып бойынша оқушы іздене отырып меңгереді. Мазмұнын айтып береді.
2.Жеке кейіпкерлерді талдайды, олардың іс-әрекетін зерттейді.
3. Кейіпкерлерге мінездеме береді, қазақ тілі бойынша ережені айтады, жаттығу орындайды.
4. Тақырып бойынша мұғалімнің түсіндіргенімен байланыстырып айтады.
5.Тақырып бойынша шығарма жазады.
6.Эссе жазады. Венн диаграмма жасайды.
7. Сыни тұрғысынан ойлана отырып ой қорытып, тұжырымдама жасап,
оны қағаз бетіне түсіреді.
8. Мұғалім аз сөйлеп, оқушы өз ойын еркін жеткізеді.
Осы салыстыру кестелерінен «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасының негізгі қағидаларының шығармашыл тұлға қалыптастыруға бағытталғандығын көреміз. Академик Лернер бойынша білім - мәліметтер мен деректер, икемділіктер мен дағдылар, шығармашылық іс-әрекеттер, көңіл-күй құндылық бағдарларынан тұрады. Осыны ескерсек, сын тұрғысынан ойлау сабақтарында осы аталған бағдарлардың іске асып, нәтижесін беретіндігіне күмән болмайды.
Оқытуды жеке тұлғаға бағыттау арқылы кез келген сабақтың дамытушылық, тәрбиелілік мүмкіндіктерін пайдаланып және осы жүйені қолдану барысында қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушының шығармашылық қабілеттерін дамыту ойдағыдай жүзеге асырылады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» Қазақстан халқына арналған жолдауында: «Біздің жас мемлекетіміз өсіп, жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді.Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өрісі биік, денсаулығы мықты өкілдері болады.Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеріп, бейбіт, абат, жылдам өркендету үстіндегі, күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», - деп көрсетілген. Демек, Елбасының үмітін ақтау әрбір ұстаздың парызы деп білемін.
“Сыни ойлауды дамыту” жобасы авторының бірі Ч.Темпл күтілетін нәтижелерді нақты айқындап, жазба жұмыстарын жиі орындатып, ой-өрісін дамытатын сұрақтар қойып, пәнді әлеммен, күнделікті өмірмен байланыстыру керектігін айтып өткен.
Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Мұғалім оқушыны сыни тұрғыдан ойландырғысы келсе, озі де сыни тұрғыдан ойлана алатындай дәрежеде болуы керек.
Сыни тұрғыдан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді.
Оқушылардың сыни ойлауы:
1. Өзінің және оқушылардың айтқан жауаптарына салыстыра отырып ойлана білу қабілеті
2. Өзінің және басқа оқушылардың идеяларына, берген жауаптарына күмәнмен қарау қабілеті
3.Негізі ойын жинақтау қабілеті
4. Белгілі бір шешім қабылдауға, сыни тұрғысынан ойлану арқылы жүзеге асыру қабілеті деп түсінемін.
Оқушылар нені үйренді?
1.Топпен жұмыс істеуді, жаңаша ойлауды
2. Нақтылық пен жүйелі оқуды, пікірлесуді
3. Өзгенің пікірін тыңдауды
4. Қалай оқу керектігін
5.Ойын еркін жеткізуді, кеңесуді
6.Сыни тұрғыдан ойлауды, елестетуді, қиялдауды, болжам жасауды
Оқушының бойынан нені байқадым?
Сыни тұрғысынан ойлай алатын терең ойлы, зерттеуші
Ақылды, парасатты, ізденімпаз, ұйымдастыру
Тілге шешен, талантты, оқуға қабілетті
Сыни тұрғыдан ойлау ең маңыздысы болғандықтан, ойлай отырып мәселелерді талқылайды. Оқушыларға шығармашылық бағыт-бағдар бере отырып, үздіксіз іс-әрекетке жетеледім. Бұл бағдарламаны оқып , үйреніп оны өз жұмысымда қолданып мұғалімдік кәсіптің қыр-сырына тереңдей түстім. Бағдарлама стратегиялары оқушылардың бірін-бірі тыңдап, құрметтеуіне үйретті. Қуанышпен айта кететін жайт , бұрын үндемей отыратын балалардың сабаққа қызу араласуы. Жай уақытта олар өздерін бұлай көрсетуге бара қоймас еді. Сабақтарды ерекше , жаңа технология жобасымен өтуі оларға еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге, сыншыл көзқарас байқатуларына мүмкіншілік туғызғандай.
Мұғалім оқушыны сыни тұрғыдан ойландырғысы келсе:
1. Жас ерекшеліктеріне сәйкес тапсырмаларды беру
2. Тапсырма берілгеннен соң, белгілі бір уақыт мөлшерін белгілеу
3. Проблемалық мәселелердің дұрыс шешімін табу керектігін түсіндіру
4. Топта бір-бірімен пікір алмасып, диалогтық қарым-қатынасты орнатуды, бірінің пікірін бірі тыңдауды, келесі адамның пікіріне күмәнмен қарауды түсіндіру
5. Өз пікірін дәлелдеуге мүмкіндік туғызу
6. Оқушының берген жауабының мағынасына назар аударып, мұқият тыңдағаннан соң, әділ бағалауы қажет
Сыни тұрғысынан ойлаудың тиімділігі:
1. Оқушының сөздік қоры артады ;
2. Өз бетінше,жұппен ,топпен жұмыс жасайды ;
3. Білім алуға өзі жауапты екенін сезінеді ;
4. Шапшаң, тез ойлау,сөйлеу қабілеттері шыңдалады ;
5. Өз пікірін білдіріп, оны қорғай білуге үйренеді.
6. Ұяң, көп сөйлемейтін оқушылардың сөйлеу қабілеттері ашылады
Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. [Мұғ.арн.нұс. 49 бет]
Сыни тұрғыдан ойлау – қазіргі таңда Қазақстандағы білім алушы жастар үшін ең тиімді тәсіл. Өйткені, оқушы мен мұғалімді сыни тұрғыдан ойлауға итермелейді. Оқушылар өздерінің ақпараттарының шынайылығына және басқалардың айтқан пікірлеріне күмәнмен қарап, ой елегінен өткізе білу қабілеті болып саналады. Ал мұғалімдер өздерінің іс-тәжірибелерінде жаңа тәсілдерді пайдалана отырып, сыни тұрғыдан бағалау болып табылады.
Сабақта сыни тұрғыдан ойлау модулін пайдаланғанымда, оқушының терең білім алып, берілген жауаптарға күмәнмен қарай отырып, өз шешімін қабылдауға, өзін-өзі реттей отырып, тәртіптілікке дағдыланатынын байқадым. Оқушының бойындағы сабаққа деген құлшынысын, қызығушылығын, берілген тапсырмаларға бірлесе жұмыс істей алатынын, іскерлік пен ізденімпаздық қасиеттердің бар екендігін аңғардым. Менің өткізілген сабақтарымда оқушылардың осындай іс-әрекеттерін көре отырып, бұл тәсілдің бізге қажет екендігін түсіндім. Берілген тапсырмаларды оқушылар жұптасып, топтасып, ауызбіршілікпен орындап отырғаны, мені қатты қуантты. Оқушылар сабақ барысында сұрақтарға сыни тұрғыдан ойлана отырып жауап бере алды. Оқушылар әрбір берілген тапсырмаларды шапшаңдықпен, қызығушылықпен, сыни тұрғыдан ойлана отырып орындады. Әсіресе топтың спикерлері постерлерін қорғауға шыққан кезде, мен күтпеген жауаптар мен сөздерді айтқанда, олардың тіл байлығы мен ойлау қабілеті ересектерден кем емес екенін байқадым. Психолог Жан Пиаже когнитивті дамуды зерттеген кезде, бала өз бетінше айналадағы заттарды зерттеу арқылы дамитынын айтқан. Яғни, бала зерттеу жұмыстарын өз бетінше көбірек жүргізсе, өзінің іздеп тапқан материалы есінде мәңгі сақталатынын түсіндім.
Олардың сыни тұрғыдан ойлану қабілетінің қаншалықты дәрежеде екенін байқау үшін, әрбір сабақтарымда оқушыларға тапсырмалар беріп отырдым. «Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының шығармашылығы» атты сабағымда оқушыларға : «ХХІ ғасырдың оқушысы қандай болу керек?» деген сұрақты қоя отырып, топта бірінші жұптасып, кейін топтасып жұмыс істеуін түсіндірдім. Сонда оқушыларды сырттай бақылап отырғанымда, олар бір-бірімен ынтымақтасып, диалогтік қарым-қатынасты жүргізе отырып, жұмыс жасады. «Тұлпар» тобынан постерді жазып біткеннен соң, қорғауға Ақмарал шықты. Олар өз тобымен бірлесе отырып, ынтаның иерархиялық моделін әзірлеген Авраам Маслоу тәрізді, оқушының дамуына байланысты таудың сегіз қыратын көрсеткен. Таудың әрбір қыраттарына кедергілер деп алып, өз ойларын жазған. Және осы сегіз қыраттан тұратын іс-әрекеттер орындалған жағдайда ғана, оқушының дамуы артып, елімізге өз үлесін қосатын оқушы болатынын айтып өткені мені таң қалдырды. «Жас қыран» тобынан Гүлнұр постерді қорғауға тақтаға шықты. ХХІ ғасырдағы оқушының бойында бірнеше қасиеттер болу керектігін айтып өтті. Оқушыда алдағы уақытта кездескен қандай қиыншылық болсын, сол қиыншылықты жеңе білетін ақылды, білімді, дарынды, болу керектігін айтты. Және де оқушы білім шыңына шығу үшін, алты сатыдан тұратын пирамиданы салып, көрсеткен. Мектеп қабырғасында жоғары дәрежеде білім алып, жақсы дайындықпен жоғары оқу орнына түсіп, алдынан шыққан кедергілерден сүрінбей өтіп, мамандығы бойынша жұмыс істеп, өз еліне қызмет көрсету керектігін түсіндірді. Флипчартқа салынған күн, шаңырақ, көгершін, гүл мен компьютердің салу себептерін түсіндіріп өтті. Гүлнұрдың бойындағы тілге шешен екендігі, өзін-өзі реттеп, ұстай білуі, флипчартқа салынған суреттер мен жазбаларын айтып жеткізуде, метатанымдық қабілеттің барын білдім. Сын тұрғысынан ойлау - оқушы мен мұғалімнің ойлау қабілеттерінің дамуы мен сөз шеберлігінің артуына үлкен септігін тигізетінін түсіндім. Оқушылардың өз бетімен ізденіп, зерттеген жұмыстарының мағынасын түсініп, ой елегінен өткізіп, білім алуға талпынып, Флейвелл айтқандай метатанымдық қабілетті меңгерген оқушы, мұғаліммен тең дәрежеде қызмет ете алатындығын байқадым. Сын тұрғысынан ойлана отырып, берілген тапсырмаларды топтасып орындауда және диалогтық қарым-қатынас арқылы білімді тез меңгеретіндігін білдім. Оқушыны бақылағанымда, Чиксентмихаи айтқандай өзінің алдына мақсат қою және Райан мен Деки айтқандай ішкі уәж болғанда ғана оқушының ынтасы мен қызығушылығы артатынын, мақсатына жету үшін талпынып, бір-бірлерімен диалогтік қарым-қатынасты жүргізе алатынын түсіндім. Берілген тапсырмаларға сын тұрғысынан ойлана отырып, жауап беруге дағдыланады. Тізбектелген төрт сабағымдағы топтастыру әдісі бойынша, «ХІХ-ХХ ғасыр аралығында өмір сүрген қандай әнші- ақындарды білесіңдер?», «Жаяу Мұса кім?», «Жаяу Мұсаның қандай шығармаларын білесің?», «Үкілі Ыбырай кім?», «Үкілі Ыбырайдың қандай шығармаларын білесіңдер?», «ХХІ ғасырдың оқушысы қандай болу керек?» , «Ақынның орнында сен болсаң, не істер едің?», «Сал-серілер мен қарапайым адамдардың бір-бірінен қандай ерекшеліктері бар деп ойлайсыңдар?», «Ақындар қандай кезеңде өмір сүрді?», «Үкілі Ыбырай кімдер үшін күресті деп ойлайсыңдар?» деген сұрақтар қойылғанда , венн диаграммамен, сөзжұмбақпен жұмыс жасаған кезде, слайдтан зерттеушілер мен әншілердің суреттерін жасыру барысында, сыни тұрғыдан ойлана отырып, оқушылар дұрыс жауап бергендігі мені қатты қуантты. Оқушыларға: «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың аралығында өмір сүрген қандай әнші-ақындарды білесіңдер?» деп сұрағанымда, Ә.Найманбаев, Біржан сал Қожағұлұлы, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса Байжанұлы, Балуан Шолақ сияқты әнші-ақындарымыз бар екендігін сыни тұрғыдан ойлана отырып, жауап берді. Сыни тұрғыда ойлау тәсілі арқылы оқушылар сұраққа жауап бергенде, өздерін еркін ұстауға, ойлаған ойын толық жеткізуге дағдыланады .
Выготский айтқандай Жада арқылы бір-бірлеріне көмек бергенде, көпіршелер құрылғанда, оқушының білімі артады. Оқушылар алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін қолдап, бағыт-бағдар беріп, мадақтап отыру керек. Диалогтік оқыту арқылы оқушының сыни тұрғыдан ойлау қабілеті дамып, сабаққа деген ынтасы артатды. Бахтин, Мерсер, Велс, Вуд, Александер сияқты зерттеушілер айтқандай, сабақта оқушылар берілген сұрақтарға, тапсырмаларға диалогтік қарым-қатынас орнату арқылы жауап бере алады. Александердің зерттеуі бойынша, сыныптағы оқушылардың сыни тұрғысынан ойлау қабілеті артуы үшін, диалогтік қарым-қатынас орнату керек екендігін айтқан. Александер өзінің зерттеу жұмысында: диалогтің механикалық есте сақтау, декламация, нұсқаулық, талқылау сияқты бес түрін атап өткен. Ал Мерсер сыныптағы талқылауда диалогтік әңгіменің үш түрін зерттеген. Мысалы: пікірталастық әңгіме, топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме.
Оқушының сыни тұрғысынан ойлануына оң ықпалын тигізетін әңгіме түрі зерттеушілік әңгімесі болып саналады. Осы зерттеушілік әңгімені өз сабақтарымда жиі қолданамын. Сабақтарымда зерттеушілік әңгімені құру мақсатында, үй тапсырмасы ретінде Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармаларын зерттеп келуді оқушыларға түсіндірдім. Тапсырмаларға сәйкес қосымша материалдарды интернет желісінен ала алатынын айттым. Оқушыларға зерттеу жұмысын бергендегі мақсатым, сыни көзқарасын қалыптастырып, олардың зерттеушілік қабілеттерін анықтау болатын. Келесі сабағымда үй тапсырмасын сұрағанымда, оқушылар зерттеу барысында көптеген материалдар тауып келгенін айтты. Ізденіп келген жұмыстарын алдымен топта жұптасып , кейін топтасып талқылап, топтың спикері айтты. Жазира сегіз жасында ақын түс көріп, түсінде ақ сақалды қария кісі өзінің домбырасын ұсынғанын, Шөже, Орынбай, Арыстанбай, Тезекбай, Біржан, Ақан, Балуан Шолақ сияқты ақындардан үлгі-өнеге алып, шығармашылық қабілетін арттырғанын зерттеп келген. Ал «Жасқыран» тобы ақынның «Гәкку» әні 1934 жылы Бурсиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің ариясы ретінде орындалғанын, 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің 10 күндігінде Күләш Бәйсейітова орындап шыққанын, «Гәкку» әнінің 4 түрі бар екенін, ақын Кәкима атты сұлу қызға ғашық болып, қызды аққу мен қазға теңеп, осы әнді шығарғанын, «мүмкін, ақын бұл қызға ғашық болмағанда, әнді парақ бетіне түсірмес пе еді?» деп, өзінің пікірін білдіріп, ақын сондықтан да әнді айтудан жалықпағаны туралы зерттеп келсе, «Тұлпар» тобы ақынның «Жиырма бес» атты әнін зерттеп, қанша рет талпынсаң да, жиырма бес жас қайта оралмайтынын айтып өтті. Ақмарал «Қыз Жібек» көркем фильмінде Төлеген рөлін сомдаған Құрманбек Тастанбеков осы - «Жиырма бес» әнін кереметтей етіп орындағанын, басқа да ақын-жазушылар «Жиырма бес» әнін өздерінше толғағанын айтып өтті. А.Шерниязов өзінің «Жиырма бес » әнін ерекше толғап, жиырма бес, отыз, қырық жастың ерекшеліктерін жырлағанын айтты. Ақмарал екі ақынның өлеңін салыстыра отырып, А.Шерниязов өзінің өлеңінде, жастық шақты жарқылдаған найзағайға теңегенін, ал Үкілі Ыбырай «Жиырма бес» өлеңінде жастықты күнге, кәрілікті түнге теңегенін түсіндірді. Сондықтан «Жиырма бес» әнінің мазұнын тереңінен түсініп, біліп жүрсек, нұр үстіне нұр болатынын жасырмады. Аяжан Үкілі Ыбырайдың ұрпағын зерттеп келгенін айтты. Сәбденнен –Деріпсал тарайды. Сәбден Абылай ханның әрі досы, әрі даңқты батыры болған. Деріпсалдан-Сандыбай, Маңдай, Әбіле атты үш ұлынан әулет тарайды. Маңдайдан-Қосшығұл, Асайын. Үсейін. Сандыбайдан-Бөпіш, Шалғымбай, Ыбырай. Әбіледен-Ілияс, Кенжеғали, Молдағали атты ұлдары дүниеге келгенін айтып өтті. Сыныпта оқушылар зерттеушілік әңгіме құрғанда, оның сабаққа қызығушылығы, ынтасы мен оқу қабілеті артатынын сабақ барысында анықтай алдым. Оқушының бойында жаңа сабақты түсініп білуі, рефлексия жасай алуы сияқты қабілеттері болса, сонда оқушылар білімді тереңінен меңгеретіндігін түсіндім.
Оқушылар өздерінің зерттеу жұмыстарында талқылау жүргізгенде «мүмкін», «егер», «бәлкім», «сондықтан» деген сөздерді пайдалана отырып талдады. Топтағы оқушыларды сырттай бақылағанымда, олардың бірлесе жұмыс жасай алатынын, топта бір-бірінің пікірін тыңдап, бір шешімге келе алатынын білдім.Оқушылардың сыни тұрғысынан ойлау қабілетін арттыру мақсатында, электрондық оқулықтан «Қиянат пен әділетсіздік өріс алған тар заман» және «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жетеді» атты бейне таспаны көрсетіп, осы бейне таспалардан нені түсінгені жайлы эссе жазу керек екендігін түсіндіргенімде, оқушылар сыни тұрғыдан ойлана отырып, жеке жұмыс жасауға кірісті. Нәтижесінде эссені оқығанымда, оқушылардың ойлау қабілеті қаншалықты дамығандығын, өмірге деген көзқарасы қалыптасып, тіл байлығының мол екенін байқадым. «Эссе» стратегиясы бойынша өз ойынан әр түрлі пікірлер құрастырып, оны дәлелдеуге үйренеді.
«Сауалнама-интервью» стратегиясы да жаңа білімді меңгертуге үлкен септігін тигізеді. «Сауалнама-интервью» стратегиясы бойынша өтілген тақырыпқа талдау, салыстыру, зерттеу жұмыстары бойынша оқушы білімін жинақы түрде қорытыныдылауға болады.
Пиаже айтқандай олардың ойлау қабілеті ересектерден кем емес екенін байқадым. Және де бес жолды өлең құрастыруда оқушылардың ойлау қабілеті мен шығармашылық қабілеті қалыптасты.
Дәстүрлі сабақта ұстаз көбірек сөйлеп, кейбір оқушының бойында сабаққа қызығушылығы төмен болып, оқушылар сабақта түгел қамтылмай қалатын еді. Ал сындарлы оқытуда оқушының барлығы топпен ұйымдасып жұмыс жасағанда, берілген тапсырмаларға сыни тұрғыдан ойлана отырып, барлығы сабаққа түгелдей қамтылатынын байқадым. Сабақта қамтылмаған оқушы қалмайды. Сабаққа ынтасы мен қызығушылығы төмен оқушылардың өзі,тапсырмалар берілгенде, топтағы оқушыларға қарап, әрекет жасап, білім алуға талпынатынын, яғни үлгермеуші оқушының топта өзінің пікірін білдіруге ұмтылатынын байқадым. Оқушылардың білімінің ілгерлеуіне мұғалім қолдау көрсетсе, сонда білімі шыңдала түседі.
Заман талабына сай ұстаз болу кез келген мұғалімнің арманы деп ойлаймын. Мұғалім сабақ барысында көшбасшы және негізгі тұлға болып саналады. Ал оқушы білім алушы екені белгілі. Демек, мұғалім мен оқушы бір -бірімен тығыз байланыс орнатып қолдау көрсетсе, сындарлы оқыту тәсілі жүзеге асады деген пікірдемін. Мұғалім де, оқушы да іздену үстінде жүрсе, білім деңгейі артады. Алдағы уақытта Кембридж бағдарламасындағы әдістерді өзімнің іс-тәжірибесінде қолдана отырып, жеті модульді тиімдә қолданып, оқушылардың білім алуына бағыт-бағдар беріп, олардың сыни тұрғысынан ойлауына қолдау көрсетемін.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйтеруден балаға» деп, бекерге айтылмаса керек. «Білім инемен құдық қазғандай» деп, оқушы өзінің білімі үшін жауапты екенін сезінген жағдайда білім сапасы артып, білімнің көшбасышысы болуына жол ашылады. Алғашқы сабағымда қызығушылығы, белсенділігі мен зерттеушілік қабілеті төмен оқушылар болды.
Сабақта қызығушылығы төмен оқушыларға сыни көзқарасын қалыптастыру үшін түрткі сұрақтарды беріп отырдым. Оларға: «Алдыңа қандай мақсат қойдың?», «Сол мақсатқа қалай жете аласың?», «Ол үшін не істеуің керек?», «Өз біліміңді қалай арттырасың?», «Жаңа әдістер арқылы жұмыс жасай алғаныңда ғана үлкен жетістікке жете аласың» деп, алға жетелеп отырдым. Оқушылар өздерінің ілгерлеуіне мақсат керек екендігін Ройс Сэдлер атап өткендей, сол алға қойған мақсатқа жету үшін, іс-әрекет жасау керек екенін түсіндірдім. Оқушылар сабақ барысында жұптасып, топтасып жұмыс істегенде бір-бірінің білмегенін үйреніп, зерттеу жұмыстарын талдап, өз ойларын ортаға салғанда тыңдап, әр қайсысының пікірін талқылай отырып, ой елегінен өткізгенде ғана білім шыңына жете алатынын байқады. «Сыни тұрғысыдан ойлауға оқыту» модулін пайдалана отырып, оқушылардың сын тұрғысынан ойлай алатын терең ойлы, зерттеуші, өз ойын жинақтап рефлексия жасай алатынын, тілге шешен, талантты екенін білдім.
Білім саласында білімді, білікті, мәдениетті ұрпақты тәрбиелеп өсіруде маңызды рөль атқаратындардың бірі болып мұғалім есептелінеді. Ол үшін мұғалімнің өзі де жан-жақты дамыған, сауатты, ұшқыр ойлы болу шарт. Шәкірт ұстаздан үлгі-өнеге алады. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, шәкірт ұстазға қарап өседі. Құзырлы мұғалімнің бойында ағылшынның педагог-психологы, әрі зерттеушісі Шульман айтып өткендей бас, қол, жүрек сияқты үш көмекшілер болған жағдайда ғана, оқушыларға білім беру сапасы артатынын және құзырлы мұғалімге айнала алатынын айтып өткен. Дамыған елу елдің қатарына қосылуы мен еліміздің болашағы жарқын болу үшін сапалы білім керектігін білдім. Ол үшін мектеп қабырғасында білім беретін білікті маман иелері қажет деп түсіндім. Сондықтан осы «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулін тереңінен меңгеріп, алдағы уақытта болашақтың есігін айқара ашып, еліне адал қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеймін. Пажарес оқушының сыни тұрғыдан ойлап, шешім қабылдай алатын тұлғаны қалыптастырғысы келсе, онда мұғалімнің өзі де сыни тұрғыдан ойлай білетін, бойында жаңашылдыққа жаны құмар болуды айтқан.
Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарын «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы стратегиялары негізінде құрып оқыту, яғни сыни тұрғыдан ойлау тәсілін іс-тәжірибеме енгізу нәтижесі жеткіншектер бойында мынадай іскерліктер мен дағдыларды қалыптастыруға болатынын байқатты.
Оқушыларды жеке тұлға ретінде ала отырып, олардың іс-әрекет түрлерін мақсатты қалыптастыру, өздік, дербес ізденуге баулимыз. әрбір оқушыны өз беттерімен көркем туындыны оқуға, талдауға, бағалауға жетелейміз. «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы дайын білімді қайталап айту емес, оны өз белсенділіктері бойынша алуға тәрбиеленеді. Оқушылардың өзіндік жұмысына мақсатты бағдарлар, айқын міндеттер қойғыза білуге үйретеміз.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында проблемалық сабақтарды бөліп алу, әзірлеу, соны талқылау, өзіндік қорытынды жасау, өз беттерімен анализ, синтезге, бағаға жету, өзін-өзі бақылау, жұмыстары балаларды шығармашылыққа, жүйелі білімге жетелейді.
Сонымен, қазақ тілі мен әдебиеті сабағында сын тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша үйрету барысында мынадай қорытыныдыға келдім:
1. Оқушы өмірге деген өз ойын білдіретін жазу стилін тапты.
2. Жаңа білім бойынша өз жобалары, модельдері, болжамдарын тыңдап, талқылау (өздері талдайды, бір-бірін тыңдайды)
3. Өзіндік қорытыныдылары, оның қаншалықты ғылыми, шындыққа жақын екенін саралайды.
4. Білімді өз бетімен алуға деген ынтасын, шығармашылық жұмыстарға қабілетін, танымпаздық белсенділіктерін арттырамыз.
5. Білім дәрежесі деңгейін саралау /өзіндік анализ, синтез, бағалауының деңгейі қалыптасады/
6. Бір-бірімен ынтымақтастығы, пікірлерін айта білуі, қорғай білуі, айтыса білуге дағдыланады.
7. Оқушыларда жазу кезінде ғажайып ойлар пайда болады, онымен қатар өзінің және өзгеледің пікірі мен тәжірибесіне құрметпен қарауға үйренеді.
8. Оқушы әрекеті адамның ойлау қабілетін дамытады және ол кітап оқыған кезде өз ойын тұжырымдайды.
9. Оқушылар өз ойымен, іс-тәжірибесімен, пікірлермен бөлісуге үйренеді, бұл бағыт топпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
10. Жұмыс барыстарын алмасу арқылы оқушының өз ойын ашық, жасқандай айтуға, басқа адамның ойын дұрыс қабылдауға үйренеді.
Сын тұрғысынан ойлауға арналған әртүрлі қызықты тапсырмалар беру, топтық жұмыста белсенділігін арттыру мақсатында постерлер жасату арқылы баланың қызығушылығы артады. Әрбір сабақ соңында оқушылармен кеңесу барысында оларға зерттеушілік қабілетті арттыру үшін интернет желісіне кіріп, іздену керектігін және кітапханаларға барып тіл байлықтарын арттыру үшін әдеби оқулықтар алып оқуды түсіндіремін. Сонда ғана оқушы білімді, саналы, ойлау қабілеті мен сөйлеу шеберлігі дамитындығын, өмірге көзқарасы қалыптасып, белгілі бір шешімді қабылдай алатынын, есте сақтау қабілеті дамитындығын, алған білімін кез-келген жерді пайдалана алатын тұлға қалыптасатынына сенемін. А.Байтұрсынов «Білім-біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыру дағдысы» деп бағалаған. Сол себепті мұғалім ХХІ ғасырдың жаңа идеяшыл ұстазына айналу үшін, үнемі іздену үстінде жүріп, жаңа технологияларды тереңінен меңгерген жағдайда, өзінің білімі мен біліктілігін арттырған кезде ғана нағыз ұстаз болады деп ойлаймын. Мен алдағы өзімнің іс-тәжірибемде осы бағдарламаны пайдалан отырып, сабағымда әр түрлі жаңа әдіс-тәсілдермен ойындарды пайдалана отырып, оқушының бойындағы білімділігі мен талпынысын, қызығушылығы мен сыни тұрғысынан ойлау қабілетін арттырамын деген ниеттемін.
11. Қорытынды.
Міне, бұл технологияда оқушы өз топшылауын , өз пайымын еркін білдіреді, өзіндік дәлелдер келтіреді, басқалардың ой түйіндерін сынайды, өз пікірін , өз тоқтамын жасайды. Бұл әдіс шәкірттерге де, оқытушыларға да үлкен жауапкершілікті жүктейді. Оқыту әдістерін жетілдіруге, дамытуға олардың тиімділігін арттыруға көмектеседі. Шәкірттердің сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға арналған оқытудың әдіс-тәсілдері білім алушыға құбылыстардың себептерін толық ұғынуға, ережелер мен заңдылықтардың сырларын терең түсінуге , олардың ғылыми білімдегі орнын аңғаруға қолайлы жағдаяттар жасайды . Мұндай әдістер табиғатынан тұйық, өз ойын тәптіштеп түсіндіруге шалағай, өздеріне сенімсіздеу, түйін жасауда жасқаншақтық байқататын оқушыларға пайдасы ұшан теңіз екеніне көзім жетті.
Сын тұрғысынан ойлау - бұл кез-келген мазмұнды сынау емес, оны зерттеу, бақылау, талдау, әртүрлі стратегиялар арқылы өзінің ойлау негіздерін сыни тұрғыда дамыту. Жаңа технологияның арқасында оқушының белсенділігі артып, жан-жақты талдауға, ойын ашық айтуға, оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауға үйренеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күн талабына сай сауатты, білімді оқушылар тәрбиелеуге болады. Ол үшін мұғалім көп ізденіп, көп оқып, ізденіс үстінде болу керек.
Қорыта айтқанда, педагогикалық жаңа технологиялардың барлығы жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, өздігінен шығармашылықпен жұмыс істей білу қабілетін және біліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін, нәтижелілігін қамтамасыз етуді көздейтін, берілген материалды жедел, әрі сапалы меңгертуге бағытталған.
Пайдаланылған дерек көздер.
Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. 2012ж
«Қазақ әдебиеті» газеті. №16 19-25 сәуір, 2013ж
Достарыңызбен бөлісу: |