Мәшһүр-Жүсіптің өмірбаяны
Зәруқажан деген қызы Қозы керейге ұзатылып, онан Мұхамедсалықтың зираты Қараөткелден Қызылжарға баратұғын керуен қара жолының үстінде Ақжігіт абыздың өзін түс көрген жеріне апарып қойыпты.келер жылы ел жазда барғанда моласына үйрек жұмыртқалаған екен. Заманындағы қариялар «бұд жақсы ырым.жақсы болады екен» десіпті.
Әзден дос заманында бір түрлі жақсы болыпты. Керей Имансыманның асында Әзден абыздың Тұрлыбек жеке дара қылып күткен екен. Соғымын бөлек сойдырып, үйін аулаққа тігіпті. Осы күнде сол Әзде абыздың тұқым -жұрағатын таратсақ, Ақжіг абыздан туған төрт Мұхамедтің біреуі Сермұхамед . Сол Сермұхамед туған бес ұл. Сол бесұлдың бірі біздің өз әкеміз Көпей марқұм. Ең үлкені Шаншар, онан соңғы Мыңжасар, онан соңғы Жүзжасар, онан. соңғы Көпжасар.ең кенжесі Мағырып.кішкене қораш болып туған соң, Көпжасар аты қалып, Көпей атанған себебі солай болыпты.
Қазақта баланың үлкені қадірлі болады, кенжесі қадірлі болады, «ортаншыға оқ тимес, оқ тисе де боқ тимес» деп қадірсіз, құнсыз ұстайды. Ата мұрасы жер ең үлкені мен кенжесіне тиеді, ортаншыға қаңғырып қайда кетсең, сонда кет дегендей қылады.
Мұны айтып жатқан себебім, өзі қораш туған соң өзі баланың не үлкені, не кенжесі болмаған соң, әр сыбағадан кемшілік көрген соң атамыз марқұм он сегіз жасында «оқу оқимын» деп Қызылжарға жаяу қашады. Барып медресеге кірісімен ауырып қалыпты. Үш - төрт ай ауырып жатқан соң, ауырғандағы қалған қаражатын төлеп құтылу үшін Ахметжаудыр деген ноғайға қарамалайлыққа тұрыпты. Фамилияларын Фатихалла Бикташов дейді екен. Сол қарамалайлыққа тұрғаннан ноғайлары рұқсат бермей, босатпай, Түркістан, Ташкен, Бұқараға алып кетіпті. Сол жақта жүргенде көп малмен Арқаға шығарып, Қарсұн - Керней, Әлтеке –Сарым, Тама, Өр атанып көп жүріпті.
Тоқаға Телқұозы, Байқозы, Қарақозы үш қозы да жатады екен. Нұра бойында Еңлік аулы да, төре Қоңырқұлжа, Әлтеке -Сарым, Жанғұтты да, Тама да, Қаңлы да жатады екен.
Өзіміз ат арқасына мінген соң, жүрген - тұрған жерінің бәрін аралап көрдік. Қырық жастан асқан соң, рұқсат беріп, «өз қолыңдағы өтпей қалған тауар еншің»,-деп сонымен жолда Қоңырқұлжа төренің аулында жатып, Алтай, Мұрат, Танаш, Қапайдың қызын алып, өзі қырықтан асқаң кезінде Танаш қызы Ұлбала марқұм анамыздың он сегізінде қой жылы ережеп айында жұма күні жалған дүниенің жарық жүзіне келген екенбіз. Қырық екі жасында біз туған қой жылы болған. Анамыз марқұмның жылы қоян еді, он жетіден он сегізге аяқ басқан-да ең тұңғышы көрген перзенті біз болыппыз. Бес жаста Баянаулда Бұқарадан оқып қайтқан Нәжімеден хазірет сол зат шәріптің ғұзырына келіп, алты жаста мағынасымен «Шар кітап» оқып, сегіз жаста және Баянаулда молда Хамыралдин ахұнның алдына отырып, тоғыз жаста Мұхтасарды білген. Жиырма тоғыз жаста Бұқараға барып медресе мырза Ұлықбекте Хамзе қожадан, ноғай медрессесі Сыражалдин муфтиден дөріс еқып, Миракөнде Сахыпзәде немересі хазрет ишан менен Мәлік тәрбиесінде болып, отыз жеті жаста' Тәшкент шаһарында «Бесағаш мақаласында Әбілқасым хан, ишан қасында тұрып, немерелері Әкірам хан төреден тағылым алып жортуы көп болып, оқып білуі аз болған.Үйлі - баранды, қатынды -балалы болған соң атамыз марқұм «бай жігіт болдым» деп қаракесек, сүйіндіктердің аралығынан қоныс қылып, отырықшы жай қылмақшы болып, Желтау Шоқпардың қасында Күйеушоқы деген жерден екі ағасы, бір інісі ағайынды төр-теуі болып бір жаз жатып үй салдырып.арық ағызып,егін - жай, пішен - шабындық жер қылмақшы болған. Саудадан жиылған өгіз, ту сиыры аралас жүз сиыр, төрт жүз қойды күзгі ақ сабан кезінде Қараөткелге айдап, арзан сатпаймын деп қайта айдап келіп.қарға салып, сол тауықтың жұты деген жұт соғып, барлық малды қырып алып, Күйеу-шоқының түбінде күйеу болып шоқиып отырып қалыпты. Сонан соң «дүние - мал жолдас емес екен ғылым жолдас екен» деп жаз шыққан соң, мына үш жасар баламды оқуға беремін деп Баянаул қаласына көшіпті. Қалалы жер мешітсіз болмас, мешіт болса, молдасыз болмас деп. Ол күнде Баянаулға мешіт салынған жоқ екен. Орнын белгілеп салуға жаңа даярланып жатқан кезі екен. Қаланың күнбатысынан бір қазақ - орыстың шатырсыз үш бөлмелі үйін сатып алып, мешіт орны деген жердің көк желкесінен үй салдыра бастайды.
Ит жылы қалаға бес шақырым жер Ысмайыл Қызылағаш деген жерде Сатылған, Садыр, Асубай, Жұмабай деген жатақтармен бірге қыстап, ағаш үй салынып бітпеген. Бірнеше жыл сол Қызылағашта тұрып қалған. Біздің бес жасқа аяқ басқанымызда Павлодарда неше жыл тұрып марқұм болған Нәжімеден хазірет Арқаға алғаш келгенде, Мұсаның қожасы Сәт қожа марқұм қолында ұстап бала оқытқан молдасы екен. Өз үйлері күйіп кеткен себепті Баянаулда пәтерде түрып, қолындағы молдасы Байжан хазірет салдырған ескі медреседе бала оқытып, бес жасар бізді бес шақырым жерден алып келіп, «ағузу, бисмілләні» сол кісі үйреткен екен. «Балаң Бұқара балаларындай зерек екен. Мұны Әптиек Құранмен алдандырмайын, оны өз үйімде жатса, естумен үйретейін деп «Шар кітапты» оқысаң.әр кітапты оқисың деген, ата - бабаңның мақалы бар еді ғой. Соған салып жіберейін» депті. Құр қарасы емес, мағынасы мен екі қыста «Шар кітапты» түгелімен жаттатыпты. Содансоң құлаққа естілгеннің бәрі жат жат бола бастап, естілген сөздің ұғылмай қалғаны жоқ болса керек? Ол күнде ескі закон, Мұса дуанбасы, Секербайқазы Баянаулға Мұса мырзакеліп: «Сопы, балаңды алып кел, көремін, деп алдына алдырып сөйлетіп, мынау жұртқа Мәшһүр болып, жұрт қулағын шулатайын деп тұр екен. Болсын пақыр - ай, көп жасағыр екен, сопы, бұл балаңа үкі тағып қой, бұдан былай үкісіз жүргіз бе», - депті. Сонан Мұса мырзаның алдына шыққан соң, үйге жеткенше тоңып қалар деп жолда Хамар хазіреттің үйіне келіп мырза-ның жақсылығын айтқан соң, Хамар хазіреттің бибісі Бибімариям Ғабдолла Хәлпе қызы өзінің жалғыз қызының басындағы үкісін жұлып алып өз қолымен бөркіме қадады. Содан соңғысын сендер сұрамаңдар, мен мылжындамайын. Ауыздан шыққан лебіз бәрі менікі болды.
Қазақ ішінде айтылған елеңнің құлақтан құлаққа естілгені жетпей қалғаны жоқ. Он бес жаста ұйықтап жатқанымда өзіме танымал ақындардың бірі қыздарға жазатын сөзден үш ауыз өлең үйретті. Үйге келсем, есімде даяр тұр, қағазға жаздым, содан соң-ақ еркіме қоймады, өлең жазуға түсіп кеттім. Ал енді Мәшһүр болмасқа немене?
Жабысты маған өлең он бес жаста,
Жұрт айтты не қыласың, -деді, -таста.
Сөйткенмен қоя алмадым бір білген соң,
Мінім жоқ журтқа қылған онан басқа.
Бір мектепте қанша бала біздікі болды. Үйге қақсап айтып келетұғын болдым. Пәлен баланың сабағы мынау, түген баланың сабағы анау деп. Сондай болған соң, атамыз марқұм үйге отырғызбады, қай жерде оқу бар десе, апарып тастайтын болды. Біздің сегіз жасқа анық толған кезімізде, қоян жылы Қамардин хазірет Омбыдан көшіп Баянаулға келді. Баяғы шатырсыз ағаш үй түгел баспана болуға жарап, атамыз марқұм да қаланда қыстайды.
Біз алып барып ол кісіге берген соң: «Бұл балаңды оқуға басы бүтін бересің бе, жоқ.бүгін оқытып.ертең қойдырасың ба»,- дейді. «Өзінің емірі бойынша оқудан айырмайын деген ниетім бар, тақсыр», -дейді.
«Шар кітапты» танымал болған сөз одан іркіліп тұрып қалайын ба, ол кісінің аузынан шыққан сөзді екінші ойлануына келтірмей, сұраса қайта өзіне айтып бере берген соң, қызығып үйрете берді де жазған зар жақ тарсылдатып жатқа соға берді. Жалаң сабақ оқумен тұрған жоқ, «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Төрт жігіттің өлеңін» жазып алып жатқа соғып, көрінгеннің алдында самарадай қақсайтұғын болған соң, көзге түсіп, жұрт аузына іліне бастадым.
Бозбала, менің атым Мәшһүр -Жүсіп,
Кетемін сөз сөйлесем желдей есіп.
Бәйгеден келіп жүрген келмей қалып,
Тұғырдан шабатуғын кеттім түсіп.
Әуел бастағанда қыздарға өлең жазып.қыздарды мақтауды өнер көріп.сонымен желігіп кеттім. Сонан соң парсы хикаяларын өлеңмен қисса қылуға құмарланып, онымен біраз алдандым. Онан бері келген соң «Пайғамбар миғражын»,«Дүниеден өткенін», заманындағы атағы шығып, ауызға ілінгендерді. Бұрынғы - соңғысын түгел өлеңмен сөйлеп кеттім...
Достарыңызбен бөлісу: |